БАЛАҢЫЗ ҚАЗАҚ МЕКТЕБІНДЕ ОҚИ МА?

Бала қай тілде білім алса, сол ұлтқа, сол мемлекетке қызмет етеді.      

Мұстафа ШОҚАЙ

Мектептерде жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер ғана қалды. Бұл күні мыңдаған бала білім ордаларының табалдырығын аттайды. Сол оқушылардың қаншасы өз тілінде білім алып, ұлтына қызмет ететін азамат болып шығады?

Жылдан - жылға балаларын қазақ мектебіне берушілер саны көбейіп келе жатыр десек те, орыс тіліне басымдық беретіндер қарасы да азаймай тұр. Өзіміздің қаракөздеріміздің бірқатарының қазақ емес, орыс мектебінің табалдырығын аттайтындары, алғашқы әріпті «Әліппе» емес, «Букварь» арқылы танитындары - алаңдарлық жағдай. Бұл қазақ тілінің болашағына әлі де күмәнмен қарайтындардың бар екенін білдіреді.

Қазақ мектебінде білім алған оқушының болашағы бар ма? Осы сұраққа жауап беру үшін  өткенге бір шегініс жасап көрейік. Бұрынғы Семей облысында білім беру сапасы жағынан атағы жер жарған С.Сейфуллин атындағы № 1 мектеп-интернатта оқыдым. Осы мектеп-интернатта жазушы Медеу Сәрсекенің, абайтанушы – қайраткер ағамыз Төкен Ибрагимовтің, марқұм Ырысхан Мусиннің, ана тілінің айбары болған Бәтташ Сыдықовтың, журналист Ілияс Исхановтың балаларымен қатар оқыдық. Ол уақыт пен бұл уақыт мүлде бөлек. Хрущевтің «жылымығынан» кейін «Брежневтің тоқырауы» деп аталған заманның салқынына ұрынған тіліміздің қолданыс аясы тар кез. Қызмет баспалдағында көтерілу үшін орыс тілін білу міндетті. Дегенмен жоғарыда аттары аталған ағаларымыз сол заманның өзінде-ақ Одақтың ойраны шығар күннің алыс еместігіне, қазақ тілінің түбінде тұғырына қонатындығына, болашағына сенген ғой. Аталған мектепте білім алған азаматтардың барлығы өмірден жолдарын тауып, бұл күндері нұрлы болашақтың кірпішін қаласып жүр.

Бүгін ел басқарып отырған азаматтарымыздың барлығы дерлік ана тілінде білім нәрімен сусындап өскен ұрпақтар. Басқа ел танитын қайраткер дәрежесіне жеткен тұлғаларды айтпағанның өзінде, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті де Шамалған ауылындағы қазақ мектебінде оқыды емес пе? Одақтың озбыр саясаты тұсында да болашағына сенген кешегі аға буынның бүгінгі ұрпағы Тәуелсіздігін алған елдің мемлекеттік тілінің болашағына неге күмәнданады?                              

Өткен оқу жылында Семей қаласы бойынша 7153 қазақ баласы орыс мектебінде білім алған екен. Бұған аралас, яғни көпшілік бүгін қойыртпақ, немесе алапес мектеп атап жүрген білім ордасында оқитын оқушыларды қоссаңыз, жоғарыдағы көрсеткіштің бірнеше есеге өсіп шығатыны сөзсіз. Ал өткен оқу жылында қазақ мектебінде оқыған өзге ұлт (өзге  ұлт! татары бар, ұйғыры бар...) өкілдерінің саны небары 45 оқушы болыпты. Балаларын орыс мектебіне берушілер мемлекетке атын беріп отырған халықтың тілінің болашағына күмән келтірушілер екені белгілі. Осыдан кейін тәуелсіз елдің тәуелсіз тілі төрге қалай шықсын? Бүгінгі таңда аралас мектептерге байланысты сын пікірлер көптеп айтылып жатыр. Аралас мектептерден космополит ұрпақ өсіп шығатынына, ұлттың мерейін өсіруден гөрі қазақтың қанын сұйылтатын іс екеніне мән бермей келе жатқанымыз да өкінішті...                                                                                                                                          Қазақ халқының даналығын мойындап, салт-дәстүріне бас иіп өткен ұлты неміс, рухы қазақ болған Герольд Бельгердің «Плетенье чепухи» атты еңбегіндегі мына бір жолдар оқыған адамды немқұрайды қалдыра алмасы анық: «Бывший замминистра времен Кунаева рассказывает. У него девять внуков. Один учился в казахской школе, остальные – в русской. Того, кто учился в казахской школе, он отправлял на время каникул в аул, и там он овладел свободно казахским языком, проникся казахской ментальностью, пас ягнят, косил сено, совершал со сверстниками набеги на колхозную бахчу, играл, озоровал. Сейчас он, Даурен, уже взрослый, часто навещает овдовевшего деда, тщательно следит за содержимым холодильника, выбрасывает старые продукты, забивает свежими.

Однажды дед тащил с базара две огромные сумки. На остановку на своей машине подъезжает какой-то парень и говорит: «Ата, садитесь. Подвезу». Дед насторожился: с какой стати он сядет в незнакомую машину.  «Рахмет, айналайын! На трамвае доберусь». Незнакомец говорит: «Вы, ата, наверное, меня не узнали. Я ведь друг вашего Даурена». Довез старика с сумками домой. Потом доложил другу: «Я сегодня встретил на остановке твоего ата с сумками, довез до дому». Немного погодя звонит внук: «Ата, что вы делаете?! Вы же позорите весь наш род. Завтра ведь по всему городу пойдут разговоры: дескать, бывший замминистра, как бишара-сирота с сумками тащится с базара. Будто нет у него ни детей, ни внуков. Срам-то какой! Если тебе что надо, говори мне, я сам все привезу».

А остальные восемь внуков, воспитавшиеся в русских школах, о таком и не помышляют, и все это им невдомек. При встрече говорят: «Салют, аташка!» или бросают мимоходом: «Чао, аташка!». А о семейном достоинстве, о чести и гордости рода и понятия не имеют... Подобных примеров разной ментальности и я встречал немало. Есть большая разница в разном национальном воспитании...».

Қарапайым ғана мысал. Алайда қазақы тәрбиенің қасиетін, ана тілінде білім алудың  ұрпақ тәрбиесіндегі артықшылығын жеріне жеткізе айтып кеткен Герағамыздың осы сөзіне бірдеңе алып-қосу да артық болар... Елбасымыз бүгін ерекше көңіл бөліп отырған рухани жаңғыру жолындағы басты құрал да қазақы тәрбие мен ана тіліміз екенін назардан тыс қалдырмаған жөн ғой.                                                                                                                     

Мектеп – тек білім беру мекемесі емес, тұлғаны қалыптастыратын, ұрпақтың отансүйгіштік, ұлттық сана-сезімін оятатын алтын ұя. Қазақ тілді мектептердің орыс мектептеріне қарағанда артықшылығы көп екеніне көпшілік әлі де мән бермей келеді.  Қазақ мектебін бітірген оқушылар өз ана тілін де, орыс тілін де жетік меңгергенін байқап жүрміз. Өкінішке орай,  орыс  мектептерінде білім алған  балалар туралы олай айта алмаймыз... Көпшілік әлі де орыс тілділердің қазақ мектебінде білім алушылардың деңгейіне жете алмайтынынан бейхабар сияқты. Жалпы, орыс тілін мектеп бағдарламасында міндетті пәндердің қатарында оқытудың  да қажеті жоқ сияқты. Орыс тілін балалар көшеде жүріп-ақ үйренеді. ҰБТ деректеріне көз жіберсек, жоғары балл алғандардың басым көпшілігі - қазақ мектебінің түлектері. Бүгін ел басқарып отырған азаматтардың ішінде мемлекеттік тілді білмеуден қиындық көріп жүргендер аз емес. Қазақстанда тұратын әрбір азамат, елімізді мекендеп жатқан барлық ұлт пен ұлыстың өкілдері мемлекеттік тілде сөйлей алуы керектігі - бүгін дәлелдеп жатуды қажет етпейтін аксиома. Кезінде қазақ мектебінде білім алғандар, ауылдан келген ұрпақ орыс тілін білмегені үшін ұялатын. Бүгін қазақ тілін білмейтіндердің ұялғандары жөн. Отанды сүю, Ата Заңымызды, Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, мемлекеттік тілді меңгеріп, оны қастерлеу әрбір азаматтың борышы  десек, ол мектеп қабырғасынан басталады.

Ал екінші бақытым - тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім!-

деп ақын Мұқағали Мақатаев үш бақытының біріне бағалаған қасиетті қазақ тілінің бүгінгі тағдыры қалай, тілімізді жоғалтпау мақсатында не істеуіміз керек?                                       

Ата мен әже немересімен орысша сөйлесіп, әке мен ана баласының қолынан жетектеп, үйінің жанындағы қазақ мектебін айналып өтіп, орыс мектебіне апарады. Бұдан өткен сорақылық бола ма?                                                                                                                             

Жаңа оқу жылы басталуға бір аптадай ғана уақыт қалды. «Тарыдай болып» мектеп табалдырығын аттайтын ұрпағыңыз «таудай болып» қай тілде білім алып шығады?

Ардақты ата-ана! Ойланыңыз! Балаңыз елін сүйетін, ұлтына адал айтулы азамат болсын десеңіз, қазақ мектебіне беріңіз!

Риза Молдашева

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57