КӨК ТУ және «КҮН КӨСЕМ»

Зырян ауданының әкімі НҰРЖАН ТОҚСЕЙІТОВТІҢ назарына

Ұлт Көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көргеннен бері елімізде бір «қызық» науқан басталып кетті. Ескерткіш қойсақ та, концерт берсек те, айтыс өткізсек те, ауылымызға барып бір түп тал ексек те, тіпті ата – бабамызға Құран оқытып, ас берсек те «Рухани жаңғыру» аясында» деген сөзді ілестіріп жүретін сорақылыққа жол берудеміз. Қысқасын айтқанда, «Рухани жаңғыру» деген кез келген жерге тықпалай беретін көп салалы бағдарлама болды. Сол іс-шараларды ұйымдастырушы «дөкейлердің» Елбасының мақсаты жай сөз қылып, мәдени іс - шаралар өткізу емес, санаға сілкініс жасап, рухани ізгілікке жол ашу екенін түсінбейтіндеріне таң қаламыз.

Қиыннан қиыстырып уәж айтып, өзімізді-өзіміз алдаудың қажеті қанша. Мемлекет басшысы аталған бағдарламаны жариялап, бағыт бермесе, әлі де ұйықтап жата берер ме едік... Оянғанның да ой түйіп жатқаны шамалы. Дүрмекке еріп, күрмекті суарып, дарақылыққа бой алдырып жатқан тұстарымыз көп... Үлкен әкімнен тапсырма болмаса, жан-жағына жалтақтап, өздігінен батыл қадамға бара алмайтын аудандардағы кей басшылардың ісіне қарап атқарушы биліктің бүгінгі буынының әлі де әлсіз екенін байқауға болады.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өткен аптада Зыряндағы Ленин, Киров, Орджоникидзе, Дзержинский сияқты көшелердің орнына Абай, Шәкәрім, Мұхтар, жыр алыбы Жамбыл сияқты ардақтыларымыздың есімдерін беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге шақырды. Аталған өңірде дүниеге келіп, өлкенің дамуына үлес қосқан батыр ұл-қыздар мен еңбек майталмандарының да аз емес екенін, солардың рухына құрмет көрсетіліп, есте сақтау қажеттігін де айтты.

Аймақ басшысы «қызылдармен» күресті бастады... Естеріңізде болса, өткен жылы біздің газетте «Зырянды коммунизм елесі әлі кезіп жүр» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Өкінішке орай, Зырян ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов мақалада көтерілген мәселені шыбын шаққандай да көрмеді. Газет көтерген тақырып тағдыры тақыр жерге шыға алмайтын шөп сияқты болды да қалды...

Даниал Кенжетайұлы әккі саясаткер ғой. Күте-күте төзімі таусылған болуы керек, аймаққа басшылыққа келгелі ашық айтпаса да, жергілікті жерде ел басқарып отырған азаматтар әлдеқашан қолға алуға тиісті болған олқылықтарды осы жолы ашып айтты, басып айтты. Жасыратыны жоқ, тәуелсіз қазақ елін кезіп жүрген кеңестің қалдықтарын тазарту жұмысын облыс әкімінің өзі мықтап қолға алғаны көпшілікті қуантты.

Сонымен, аймақ басшысының тапсырмасымен облысты коммунизм елесінен арылту науқаны басталды. Бұл орайда Даниал Кенжетайұлы Зырянды ерекше назарда ұстап отырғандай... Аталған аудан орталығындағы Совет көшесіне - Тәуелсіздік, Ленин көшесіне - Астана, Комсомол көшесіне Кеңес Одағының Батыры Павел Кольцов есімін беру жайлы ұсыныс жасалып, кеншілер қаласының атын Алтай деп ауыстыру жұмысы қолға алынып жатыр. Аманшылық болса, Зыряндағы кеңестің «керемет адамдарының» құрметіне аталып келген 28 көше атауы таяу уақытта ауысады деп жоспарлануда. Та-ма-ша!!! Толғағы жеткен шаруа.

Облыс әкімі тапсырмаса, Зырян әлі де отаршылдықтың ойранын еске салатын есімдерге оранып, «қып–қызыл» түске боянып тұра берер ме еді..? Жасыратыны жоқ, ұлттық мүддеге қатысты мәселеде шідерлеулі аттай алға жылжый алмай кібіртіктеп отырған жеріміз жалғыз бұл емес... Аудан басқарып отырған азаматтардың идеологиялық пәрменінің әлсіздігі жиі сыр беріп қалады. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Бәйтерек» қоюдан бәйгеге түскен аудан әкімдері қазір ел ішін жарыса фонтан орнату арқылы «рухани жаңғыртып» жатыр...

Зыряндағы рухани жаңғыруды орталықта қолын көкке сермеп, әлі де коммунизмнен үмітін үзбей қасқайып тұрған Ильичті күлтөкпеге апарып тастаудан бастау керек. Нұржан Тілеужанұлы, ол үшін Сіз және өзіңіз сияқты әкімдердің «басқа ұлт не дейді» деген үрей билеген құлдық санадан тазарып, жалтақтықтан арылулары қажет. Әдемі сөйлеп, жылмия күліп орысқа да, шүршітке де жақсы болып көрінгісі келетін басшылармен елімізде рухани серпіліс жасай алмаймыз. Жалтақ әкімдер басшылық жасаған өңірлерде Ресейдің тілі Отанымыздағы заңсыз үстемдігін тоқтатпай, «қызыл көсемдер» салтанат құруын жалғастыра береді.

Ардақты оқырман, босағада телміріп тұрған тілінің тағдырын, елінің намысын ер намысы деп түсінген, осы жолда мансабын құрбан етуге дайын болып: «Осындай масқараны көргенше қызметтен кетейін»,- деген әкімді көргендеріңіз бар ма? Өз басым ұлттың уызына қанып өскен ұлдың аузынан шығатын осындай сөзді айтқан әкімді көрмеппін..

Нұреке, бүгін Зырян ауданын Сіз емес, көк тудың көлеңкесін паналап тұрған Ленин басқарып тұрған сияқты. ӨЗІҢІЗ ше? Күн сайын жұмысқа келе жатып КӨК ТУМЕН ЖАҒАЛАСЫП ТҰРҒАН «күн көсеммен» бетпе-бет келгенде қандай әсерде боласыз?

Риза МОЛДАШЕВА

ПАТША ТӘЖІН ШЕШПЕГЕН «СЕМИПАЛАТИНСК»

немесе отаршылық таңбасынан  қалай құтыламыз?

Көзің соқыр болса, дәрігерге барып, дертке шипа іздеуге болар-ау, ал көкірегі соқырларды кім емдейді? Соңғы кездері ұлт мүддесіне қатысты мәселелерде осы сауалды өзімізге-өзіміз жиі қоятын болдық. Санадағы сан түрлі ойларға қозғау салатын себеп-тер де аз емес... Немересін орыс мектебіне жетектеп апарған ата, бесік жырын білмей өскен ана, жат жерден жұмақ іздеген жас.

Семей қазақтың рухани – мәдени астанасы деп мақтан етіп, көкірек керетіндердің біріміз. Осы қаламыздың қақ ортасындағы 1967 жылдан бері «Семей» аталып келген қонақ үй 2014 жылы ғайыптан өзгеріп, «Семипалатинск» болып шыға келді. Келмеске кеткен кеңес дәуірінде де емес, тәуелсіздік алғаннан кейін. Оның үстіне бұрын Семипалатинск - Семей аталып келген алаштың отаны 2007 жылғы 21 маусымдағы Елбасының Жарлығымен бір ғана тілде, яғни Семей болып өзгергенін қонақ үй қожайындарының білмеуі мүмкін емес. Ол аз десеңіз, бұрын кірпіштің күлгін түсінде болған мейманхана сырты біраз жыл бұрын қып-қызыл реңге боялып шыға келді. Кәдімгі кеңестің қызыл туының түсі... (Итшілеген идеологиямыздың шамасы жетпей қызартып жүрген тұстары онсыз да аз емес еді...) Егемендігімізді алғалы біраз жоғалтқанымызды қайтарып алдық десек те, рухани дүниемізді төрт аяғынан тік тұрғызуға намысы жоқ ұлтсыз қандастарымыз кедергі болып–ақ келеді... Ал ең сорақысы - қонақ үйдің маңдайшасындағы патшаның тәжін киіп қасқайып тұрған таңба... Семейдегі ежелден келе жатқан қонақжай осы безендірілуімен жол бойынан өткен-кеткен қандастарымызға қарап сақ-сақ күліп, мазақ етіп тұрғандай...

Жарты жылдай уақыт бұрын қонақ үйдің иелерін осы мәселе бойынша іздеген болатынбыз. Жасыратыны жоқ, өзге ұлттың меншігіндегі нысан болар деген ой басым болды. Өкінішке орай, қонақ үйдің иесі бұл күндері Алматыны мекен етіп кеткен Семейдің ежелгі тумасы, кезінде партия, кеңес қызметінде болған біз де танитын азамат болып шықты.

Сонымен не керек, басқару тізгіні сеніп тапсырылған атқарушы директорын тауып алып, сөйлестік. Бұл сауалды қойып отырған жалғыз біз емес сияқтымыз. Әңгіменің ауанын сезгеннен-ақ бізге ауыз ашуға мүмкіндік бермеген азаматтың айтқан тоқсан ауыз сөзінің тобықтай түйіні: «Меншік иесі біз. Ендеше, қонақ үйдің сыртын қалай безендіру өз еркімізде»,- деген наразылықпен аяқталды. Әрине, меншік иесінің жеке шаруасына қол сұғуға ешкімнің құқы жоқ шығар.                                                    

  Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттің туын балконға іліп қойған астаналық азаматқа 396 400 теңге айыппұл салынғанын естіп, әлеуметтік желіні қолданушылардың бір ду ете қалғанын көпшілік ұмыта қойған жоқ деп ойлаймын. Еліне деген патриоттық сезімі үшін айыпты болған азаматтың ісіне көпшілік сүйсінген еді. Ал Ресей патшалығының билігі салтанат құрып тұрған кезде қолданыста болған отарлау саясатының белгісін, яғни 1778 жылғы Семипалатинскінің патша тәжін киген таңбасын қонақ үй маңдайшасына іліп қойғандардың мақсаты түсініксіз. «Тауарлық белгі» деп тиісті орындарда заңдастырып алған көрінеді. Жарайды. Бұл іске жай тауарлық белгі деп қарайық. Алайда ұлтына адал әр азаматтың жүрегінде болуға тиісті «мен қазақпын» деп қанмен жазылған белгі қайда кеткен?

Сауал қойғанымызбен, оны еститін құлақтың жоқтығын сезіп отырмыз. «Қайран сөзім қор болған...» деп Абай атамызша күрсінуден басқа амал жоқ. Қолдан келер бір-ақ амал бар, ол - «қазақпын» деген азаматтарды патша тәжін киіп тұрған «Семипалатинск» қонақ үйіне тоқтамауға шақыру ғана...

Риза МОЛДАШЕВА

АУДАНЫҢЫЗДЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫН ТОЙЛАЙСЫЗ БА?

Биыл аудандардың барлығы дерлік құрылғандарына 90 жыл толуын атап өтуге дайындық жасап жатқанын естіп жатырмыз. Тоқсан жыл, бұрынғы ел тарихына бойлар болсақ, бұл той жасайтын жыл, мерекелейтін күн емес екендігіне көпшілігіміздің мән бермей отырғанымыз өкінішті...

   1928 жыл - қазақ деген халықтың  басына қара бұлт ұялаған, ұлан-байтақ даласынан пана болар көлеңке таппай шекара асып, тұрақ іздеген, қазақ ұлтының ауқаттыларының табаны тасқа тілініп, көзінен аққан жасы көлге айналған жыл. Сол тұста қазақтың іскер тобы Қытай, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Ресей, Иран сияқты мемлекеттерді паналауға мәжбүр болды. Бүгін тарихи отанын аңсап елге қайтып жатқан, өзіміз «оралман» деп атап жүрген қандастарымыз - сол кездегі қазақтың қоныс аударуға мәжбүр болған кәсіпкерлерінің ұрпақтары.

 Биыл бүтіндей бір ұлтты қырып, жоюға бағытталған  «Голощекиннің геноциді» атты саясаттың басталғанына 90 жыл. Қазақ деген ұлтты жойып жіберу мақсатында «колхоздастыру» деген атпен қасақана науқан ұйымдастырылғанына 90 жыл.

Өткен ғасырдың біздің халық үшін үлкен қасіретке толы болған кезеңі 1927 жылы, Коммунистік партияның коллективтендіру қажеттігі жайлы шешімінен кейін басталған болатын. Осы шешім негізінде 1928 жылы Қазақ Халық комиссарлар Кеңесінің «Бай шаруашылықтарын тәркілеу» туралы қаулысы шықты. Ауқаттылардың малын тартып алу науқанын Сталиннің өзі «ұлы бетбұрыс» деп атады. Асыра сілтеудің негізінде бай қазақтардың малдары тәркіленіп, өздері кедейді қанаушы үстем таптың өкілі ретінде атылды, жер аударылды...  Қазақстанда байлардың малын кәмпескелеу жұмысы өте белсенді жүргізілді. Халқымыздың ежелден қалыптасқан көшпелі тұрмысын, салт-дәстүрін ескермей, керісінше, ескіліктің қалдығы деп санап, ұлттың әдет-ғұрпының тамырын балталау науқаны да осы жылдары ерекше белсенді болды. Көшпелі қазақтарды отырықшылыққа зорлап көндірді. Бұл нәубет малдың азаюына ғана емес, халықты ашаршылыққа ұрындырып, ұлттың қырылуына әкеліп соққаны белгілі.

Нақты деректерге сүйенсек, 1928 жылға дейін Қазақстанда 40 миллион мал болса, 1933 жылы 5 миллионға жуық қана мал қалған екен... Тарихта бүгін «асыра сілтеу» жылдары деп аталып жүрген сол қасіреттің салдарынан 2 миллион 200 мың адам қазаға ұшыраған. Бұл - сол жылдардағы халық санына шаққанда қазақ ұлтының 49 пайызы. Елдегі қудалаудан құтылу жолын іздеген 1 миллионға жуық қазақ шетел асуға мәжбүр болған.

Ұлт басына төнген сол қасіреттің ұйымдастырушысы Қазақстан аймақтық Коммунистік партиясының бірінші хатшысы болған Голощекин еді. Голощекиннің жүргізген саяси науқаны кезінде мешіттер жабылып, мұсылман халықтарының діни сенімдеріне, әдет-ғұрыптарына да тыйым салынған. Халқының басына түскен ауыртпалықты көріп, араша түскен ұлтымыздың ұлылары «халық жауы» деген атпен жазаланғаны да осы кезеңде емес пе? Жиырма сегіздің жылымығы мен отыз жетінің ойранына ұрынбағанда, қазақтардың саны бүгін 30 миллионнан асады екен. Бұл біздің ойымыздан шығарған жорамалымыз емес, белгілі демограф Мақаш Тәтімовтің пайымдауымен айтылған дерек. Қазақ ұлтын жойып, ал жерін басып алу пиғылы  сол кездің өзінде белсенді түрде қолға алынғанын байқап отырған боларсыздар...

Қырдағы қазақтың алдындағы өріс толы малын тартып алып, аштыққа ұшыратып, баудай қырған, өзі жаратып мінген асауын астынан аударып алып, «ортақ өгізге» айналдырған, аналарымыздың қымызға толы күбісін бос қалдырған, достықты сақтай білген қазақты бір-біріне айдап салып жау еткен, халқының жанына жалау, жүрегіне алау болуға ұмтылған ұлт зиялыларын  жазықсыз жазалаған  жылдардың 90 жылдығын тойламақсыздар ма? Ойланыңыздар!!!

Риза МОЛДАШЕВА

ТҰМАБАЕВТЫҢ «МАҢЫЗДЫ МӘЛІМДЕМЕСІ»...

Осыдан екі күн бұрын «Instagram» әлеуметтік желісінде Өскемен қаласы әкімінің суреті және «Қуат Тұмабаев ашық баспасөз конференциясында маңызды мәлімдеме жасайды» деген ақпарат көпшілікке тараған болатын.

Әдетте, «Елбасы маңызды мәлімдеме жасайды» дегенге құлағы үйреніп қалған халық жоғарыдағы хабарды «біртүрлі» қабылдады. Айтпақшы, Қуат Тұмабаев туралы жұрттың әр алуан жорамал жасап жүргені кеше, не бүгін ғана емес. Өндірісті шаһар Өскемен қаласының әкімі қызметіне тағайындалғанына бір жыл толуына бір ай жетпей басы дауға қалған Қуат Мұхитұлы Тұмабаевты қызметінен «әне кетеді, міне кетеді, орнына анау келеді, мынау келеді» деп көпшіліктің айтып жүргеніне де бірталай уақыт болған еді.
Оқырмандарға түсінікті болу үшін еске сала кетейік, сәуір айының 15 күні Риддерде мас күйінде BMW Х5 автокөлігін тізгіндеген аталған қала әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев жол жиегінде кетіп бара жатқан 19 жастағы Евгений Смольник атты жігітті қағып кеткен. Евгений Смольник жедел жәрдем жеткенше оқиға орнында жан тапсырады. Бауыржан Құрманбаевтың жанында Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевтың болғаны жайлы ақпарат екі айдан кейін ғана жарыққа шыққан еді.
Сонымен, кеше жас шенеуніктің «маңызды мәлімдемесі» жасалды. Ішімдікке тойып алып автокөлік тізгініне отырған, мас күйінде адам қағып өлтірген әріптесінің көлігінде болған Қуат Тұмабаев, тергеу аяқталғанша, еңбекақысыз демалысқа кететінін хабарлады. Біраз ақпарат құралдары «тосын мәлімдеме» деп атап жатқанын да байқап қалдық. Ал ҚР ІІМ-нің ресми өкілінің бұған дейін: «Тұмабаев расымен оқиға орнынан Құрманбаевтың автокөлігімен кетіп қалған. Бұл, 612-бап бойынша, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада тіркелді. Қылмыстық заңнамаға сәйкес, Тұмабаев жол-көлік оқиғасының орнынан кеткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Себебі бұл әрекет үшін жауапкершілік оқиғаға себепкер болған жүргізушіге қатысты ғана қарастырылған»,- дегенін де әлеуметтік желіден оқыдық...
Болған оқиғадан кейін арада екі айға жуық уақыттан соң ғана бой көрсеткен қала басшысы бүгін БАҚ өкілдерін жинап, тергеудің әділ жүргізілгеніне ынталы екенін, жұрт арасында алып - қашпа әңгіме тарамас үшін осындай қадамға барғанын, жол апатының қалай болғанын тәптіштеп баяндай отырып, қылмысты ашу жұмысының құпиясын сақтау үшін көпшілік көкейінде жүрген сауалдарға сот отырысынан кейін жауап беруге уәде берді.
Ал Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев қазір қамауда отыр.
Қуат Тұмабаев баспасөз конференциясында:
- Өз әрекетім арқылы куәгер ретінде қатысатын сот алдында қоғам тарапынан сын туғызғым келмейді. Сондықтан осы аралықта жалақысыз еңбек демалысын алу туралы шешім қабылдадым. Тергеу аяқталғанша қызметте болмаймын. Мен де шындықтың ашылуына мүдделімін,- деді.
Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарған бір жыл уақыт ішінде Қуат Тұмабаев мырзаның қылықтарына таң қалмайтын болдық. Велосипедпен серуендегенін де, мотоциклге әуестігін де, грейдермен қар тазалап жүрген суретін де желіге салып жаһанға жария еткен Қуат Мұхитұлының ОРВИ-ге қарсы екпе жасатып отырған жартылай жалаңаш бейнесін де көпшілік көрді. Супермаркетке барып азық - түлік алып жүрген сәтімен де таныстық. Хоккей ойнайтынын да байқадық. Балалар үйіне барып футбол ойнағаны да көпшілік назарынан тыс қалған жоқ. Жалпы, жылт еткен жаңалық болса, жария етуге асығып тұратынын аңғарған едік... Тек Риддерде болған қайғылы оқиға ғана екі ай өткен соң жарыққа шықты. Онда да, баласынан айырылып қан жұтып қалған әкенің шындықты іздеп шырылдаған дауысы болмаса, жабулы қазан жабулы күйінде қалар ма еді... Қыршынынан қиылған жас боздақтың өліміне себепші болған көліктің ішінде отырған шенеуніктің «ақысыз еңбек демалысына кетемін» деп жасаған мәлімдемесіне көпшілік қанағаттанды деп айтуға болар ма екен? Ендеше, Қуат мырза, өзіңізге қояр сауал көп...
Біріншіден, адам өліміне себепкер автокөлік ішінде болғаныңыз неге екі айдан кейін ғана жарыққа шықты? Екіншіден, автокөлік тізгінінде ішімдік ішкен әріптесіңіздің отыруына жол бергеніңіз және оқиға болған жерден қашып кеткеніңіз үшін қылмыстық жауапқа тартылмасаңыз да, ар сотының алдында өзіңізді адалмын деп айта аласыз ба?
Тұмабаев мырза, екі ай бұрын болған қайғылы оқиға жайлы «маңызды мәлімдемені» кеше БАҚ өкілдеріне емес, қылмыс жасалған күні құқық қорғау орындарына барып, өз аузыңыздан баяндап, ертесінде өтініш беріп қызметтен біржола кетуіңіз керек болатын. Көпшілік Сізден «қызметтен өз еркіммен кетемін» деген мәлімдеме күткен еді...

Риза МОЛДАШЕВА

 

 

ҚОШ БОЛ, ИЛЬИЧ!

Ардақты оқырман, айтыла –айтыла жауыр болған, жазыла-жазыла тілімізді жараға айналдырған тағы бір ауқымды мәселеге нүкте қойылған сияқты...

Ұлттың зиялыларын дүниеге әкелген қазақтың рухани-мәдени астанасы Семейдің орталығындағы Ленин көшесі мен қарт Ертісті қақ жарып жатқан Полковничий аралының атаулары талай әріптестеріміздің тақырыбына тұздық қана болып қоймай, сырттан сынай келгендердің елдігімізге таққан елеулі мініне де айналып жүргені баршаға белгілі... Талай қала қонақтары Алаш ардақтыларының асқақ армандарына қанат бітірген қаланың қақ ортасын қақ жарып өтетін «Ленин көшесі» деген атауды естігенде құбыжық көргендей селк ете қалады... Өйткені бұл - Павл... мен Петр...дан қалған қала емес, ұлттың ұлыларын бесігінде әлдилеген қарт СЕМЕЙ, қасиетті СЕМЕЙ, қасіреті бір басына жеткілікті СЕМЕЙ! Владимир Ильичтің Семейдегі «ғұмыры» ұзақтау болды десек те, абыройымызға дақ салып тұрған бұл қателік түзетілді. «Ештен кеш жақсы» дегендей, ұзақ күттірсе де республикада дұрыс шешім қабылданыпты.
Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина, атау берудің жаңа тәртібіне сәйкес, қала тұрғындарының қоғамдық тыңдауынан кейін облыстық ономастикалық комиссияның Семейдегі Ленин көшесін Мәңгілік ел, ал Полковничий аралын Бейбітшілік аралы етіп өзгерту жайлы берген ұсынысы республикалық комиссияның кезекті отырысында қаралып, мақұлданғаны жайлы хабарды біздің редакцияға қуанышты көңілмен жеткізді. Таяу уақытта, ШҚО әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімі шыққан соң, бұл атаулар заңды күшіне енеді.
Кеше, 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінің таңы қаламызға қатысты осындай жақсы жаңалықпен атты.
Назерке Аққожинаның айтуынша, биылғы жыл соңына дейін Семейде тағы 20 көшенің атын ауыстыру жоспарда бар екен. Жақсы жаңалық. Халқы үшін жанын беріп, қазақ үшін қанын төккенімен, есімі әлі күнге елеусіз жатқан, әрқайсысы бір-бір көшеге ат болуға сұранып тұрған қанша тұлға бар... Өткен жылдары біздің газеттің беттерінде бұл тақырып аз көтерілген жоқ. Қиын кезде талайға пана болған қазақтың нанын жеп, суын ішіп, жерін басып адам болған «талайдың» тәуелсіздік алған соң тарихи отанына «тәйт» деп тайып тұрған өкілдерінің бірі, өзін адам қылған ұлтқа қарсы сөз айтып, кітап жазған Николай Морозов пен 1986 жылдың Желтоқсанында тәуелсіздікті аңсаған жалынды жастарымыздың жазықсыз жазалануына ұйытқы болған Ғылым Елемесов көшелері көрген көзге күйік болып әлі тұр... Дегенмен сең қозғалды. Ендеше, жоғарыдағы екеудің де келмеске кетер күні алыс емес шығар.
P.S Айпақшы, Владимир Ильичтің қаламыздың бір көшесінде сап түзеп тізіліп тұрған мүсіндер қатарын қоқысқа апарып тастайтын «қайраткер» де табылып қалар деп үміттенеміз.

Риза МОЛДАШЕВА

 

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57