ШАТТАНАТЫН КҮН БҮГІН, ШАТТАН ҚАЗАҚ! ТІК КӨТЕРІП ЕҢСЕҢДІ, МАҚТАН ҚАЗАҚ!

 

Бодандықтың қамытын киіп, бұратана атанған ұлттың санасына «бостандық» сәулесін құйған қозғалысқа биыл - 100 жыл. Кең өріс қазақ сахарасында өз алдына ел болуды көздеген арда Алаш ұлдарының жанкешті қарекеті тарихтан кеш те болса өз бағасын алып жатыр. Есіл ерлердің еңбектері еленіп, туған халқымен қайтадан қауышты. Бостандық алу арқылы тілі мен ділін, жері мен елін, рухани байлығын сақтап қалуды көздеген оғландардың басында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов тұрды.

Күндердің қасиеттісі жұма, яғни, 22 қыркүйек күні Семейдің төрінде ұлы тұлғаға ескерткіш орнатылды. Осылайша, азаттық идеясы туған шаһарға азатшыл арыс рухы қайта оралды. Ескерткіштің ашылуына Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаттары, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов, алыс –жақыннан келген ғалымдар, зиялы қауым және қала жұртшылығы қатысты.

Жалпы, Алаш қозғалысының 100 жылдығын атап өтуге дайындық осыдан екі жыл бұрын басталып кеткен. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов 2015 жылы 30 наурызда Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай Семей қаласында Әлихан Бөкейхановқа ескерткіш орнату жөнінде тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында республикалық деңгейде Әлихан Бөкейхановтың болашақ ескерткішінің  жобасына ашық конкурс жарияланды. Ал 2016 жылдың 6 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Алаштың 100 жылдығына арналған жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес, Семей қаласында Әлихан Бөкейханов ескерткішінің ашылуы, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік  университетінің базасында ғылыми - танымдық конференция өткізу және тезистер жинағын шығару, «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайының жаңа экспозициясының ашылуы сынды ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылу көзделген. Міне, осы игілікті істерді жүзеге асырудың сәті де жетіп, қала халқы, жалпы Қазақ елі үшін мән –мағынасы зор шара өтті. Алдымен Әлиханға арналған ескерткіштің ашылуын асыға күткендер Ленин көшесі бойындағы жергілікті халық аузында «Арбат» аталып кеткен алаңға жиналды. Ескерткіш басында алғашқылар қатарында сөз алған Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, қала тұрғындары мен қонақтарын бүгінгі айтулы күнмен облыс әкімі Даниал Ахметовтің атынан құттықтай келіп, Әлихан ескерткішінің өскелең ұрпақ үшін ерекше маңызға ие екеніне тоқталды.

- Бұл ескерткіш Тәуелсіздіктің қандай ұғым, қандай байлық екенін дұрыс түсінетін әрбір азамат тағзым ететін киелі орынға айналары сөзсіз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес, Алаш қозғалысының 100 жылдығына орайластырылған іс –шаралар өткізілуде. Соның бірі –осы ескерткіштің ашылуы. Тиісті іс –шаралар қабылданып, республикалық комиссия жұмыс жасады. Бүгін тарихи әділдіктің жеңіске жеткен күні. Барлықтарыңызды бабамыз Әлиханның өз тұғырына қонған күнімен құттықтаймын. Мереке құтты болсын, - деді Нұрымбет Аманұлы.

 Ізгі тілек Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтің құттықтауымен жалғасты.

- Бүгінгі күн - ұлттың рухын асқақтатуда аса маңызды. Бүгінгі күн - арман ақиқатқа айналған күн. Бүгінгі күн - Алаштың қыраны тұғырына қонған күн. Кемел басшы Н.Ә.Назарбаевтың арқасында шекараны шегендеп, тарихымызды түгендеп жатқан жайымыз бар. Ұрпағымыз қатарынан қалмай, бақытты ғұмыр кешуде. Ұлтты ұйыстырған ұлы идея елімізді кемел келешекке жетелеп келеді. Мақсат - айқын, мұрат - асқақ, міндет - зор. Ғылым мен білімнің, ептілік пен тектіліктің қара шаңырағы болған қарт Семей қашан да елмен бірге жасай бермек. Барды бағалап, жоқтың орнын толтырып, ұрпақ алдында ұялмастай еңбек етелік. Ұлы даланың ұл – қыздары аман болсын,- деді шаһар басшысы.

Ал ескерткіштің ашылуына Астанадан арнайы келген қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты, «Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев бүгінгі шарамен тек семейліктерді ғана емес, барша қазақстандықтарды құттықтады.

- Осыдан тура бір ғасыр бұрын Әлихан Бөкейханов басқарған Алаш қозғалысы алғаш рет Тәуелсіздік, бостандық жайлы сөз етіп, соның жолында бар күштерін сарп етті. Бірақ қолға алынған іс соңына жетпей, жол ортадан сап тыйылды. Оның қандай тарихи себебі бар екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Солай бола тұрса да, бабаларымыздың сол кездегі ұлттық мүдде, саяси ұстанымдары текке кеткен жоқ. Бастарын бәйгеге тігіп, өздері сол жолда құрбан болса да, алаш ардақтылары қолға алған бастамалардың өміршең екеніне бүгінгі ұрпақтың көзі жетті. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында өткен тарихымызды ұмытпау, керісінше ұлықтау жайлы жақсы айтылған. Ендеше, рухани жаңғыру дегеніміз - осы. Бүгінгі шара сол сөзіміздің дәлелі, - деді халық қалаулысы.

Ал «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов Алаш қозғалысының 100 жылдығы мен Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойларын атап өту тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 25 жылда жеткен жарқын жеңістерінің бірі деп атап өтті. Сонымен қатар, Алаш арыстарының 20-шы ғасырда армандап кеткен ұлы істері бүгін жүзеге асып, есімдері жаңғырып жатуы ұлыларға жасалған үлкен құрмет екенін де айтып  өтті.

Әлихан ескерткіші басында Алаш арысы, Алаш партиясы, Алашорда үкіметі жайлы сан түрлі тағылымды, мәнді–мағыналы ойлар айтылды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов:

- Осыдан 100 жыл бұрын қасиетті Семей жерінде «Алаш» дейтін қала пайда болып,  «Алаш» партиясы құрылып, Алаш үкіметі қанат қаққан болатын. Одан кейін Алаш жайлы аузымызға алуға мүмкіндік болмады. Тоталитарлық жүйедегі «қатаң тәртіп» ол сөзді айтқызбады. Егемендікке қол жеткен бүгінгі күні Алаш тарихы қазақ тарихы деген мәселені қайта көтеріп отырмыз. Әлиханды 20-шы ғасырда өмір сүрген қазақ зиялылары өздеріне «Көсем» деп таныған болатын. Қоғам қайраткері өз бағасын 1917 жылы алған. Бүгінгі « Семей таңы» газетінің негізі болған сол кездегі «Сарыарқа» газетінде Әлиханның орнын белгілеген Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мақаласы шықты. Осы мақалада Әлекеңнің қазақ қоғамы үшін жасаған істері мен орны ашып көрсетілген. Ендеше, Алаш көсемінің елім, жерім деп еткен еңбегі, төккен тері текке кеткен жоқ. Бүгінгі ұрпақ Алаш қайраткерлерін жадында сақтап, еңбегін оқып, жас ұрпаққа үлгі етуі тиіс, - деді ғалым.

Өз заманында халқының қошеметіне бөленіп, лайықты бағасына ие болған арыстың тау тұлғалы мүсіні өзінің лайықты орнын тапты деп білеміз. Десек те, ескерткішті қояр қарсаңында Алаш арысына Алаш қаласынан лайықты орын табылмай, «сергелдеңге» түскенін қалай жасырамыз. Ел арасында ескерткіштің «белгісіз орыны» жайлы алып –қашпа әңгімелер де тарағаны рас. Дегенмен, ағымдағы жылдың 31 мамыры күні қаламыздағы мәдениет және өнер ардагерлері мен өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өтіп, талқылау барысында Ленин көшесіндегі Арбаттан ұсынылған орын бірауыз-дан мақұлданды. Сан миллион алаштың арманын аяқасты еткен кеңестік «күн көсемнің» көшесінде енді Алаш көсемінің тас тұлғасы «мен мұндалап» тұрмақ. Ескерткішке назар аударғандар қабағы қатулы, алысқа ойлана көз тастап, қолына асық ұстаған бейнені көреді. Ұлы тұлғаның осы тұрысының өзі туған халқына тізесі әбден батқан Ленинге сес көрсетіп тұрғандай ма, қалай?! Ендеше, көше атауын ауыстыру да уақыт оздырмайтын бүгінгі күннің талабы. Тиісті орындар осыны да ескерер деген ойдамыз.

Енді елді елең еткізген ескерт-кішке кеңірек тоқталсақ. Астына қойылған тасымен қоса есептегенде мүсіннің биіктігі 5 метрден асады. Ескерткіштің композициясын ә дегенде түсіну оңайға соқпайды. Онда Әлихан оң қолына асық ұстап, сол қолын қалтаға салып асқақ тұр. Ал артындағы орындықта бірнеше кітаптар қойылған. Осы жиынтық арқылы Алашорда басшысын қалай әспеттемек болғанын білу үшін мүсін авторы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Бахытбек Мұхаметжановпен кездесіп, тілдестік. Жалпы, Бахытбек Ақажанұлы Алаш қайраткерінің мүсініне дейін Алматы қаласы шетіндегі репрессия құрбандарына арналған монумент пен Астанадағы Л.Н.Гумилев, Сағат Әшімбаев сынды тұлғалардың ескерт-кішін жасаған.

- Мүсінді жасауға толықтай бір жылдай уақыт кетті. Оған дейін Әлихан жайлы естеліктерді оқып, оны зерттеу-шілермен сөйлесіп, ақылдастым. Бір ғана Әлекеңнің ескерткіші арқылы мен дүйім қазақтың болмысын көрсеткім келді. Оның қолына асықты бекерден –бекер ұстатпадым. Қазақ мал баққан, малынан береке тапқан халық. Асықты ойнамаған бала кемде – кем. Оның сыртында үлкендерімізден «асығың алшысынан түссін» деген баталы сөзді де естіп өстік. Ендеше, Әлихан қолына асық иіру арқылы туған халқына жарқын болашақ тілеп тұр деп түсінген дұрыс. Ал артындағы орындыққа қойылған кітаптар оның жан-жақты, ұшқыр ойлы, қазақ зиялысы болғанын нақтылай түседі. Бабамыздың қазақ ұлтына қатысы бар әр саладан хабардар болып, тыңғылықты зерттегенін екінің бірі біледі деп ойлаймын, - дейді Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры.

Мәдени шара Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театрында Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен өткен Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған «Алаш және Рухани жаңғыру: идеялар жалғастығы» атты тақырыбындағы халықаралық ғылыми - танымдық конференциямен жалғасты. Конференцияда Алаш қозғалысының тарихи даму жолдары, ұстанымдары, деректанулық және методологиялық негіздері талқыланды.

Нақты фактілер мен тарихи деректерге сүйене отырып, конференцияға қатысушыларды тың жаңалықтардан құлағдар еткен баяндамашылар қатарында Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдиновтің «Алаш идеясы және қазіргі рухани жаңғыру мәселелері», академик Ғарифолла Есім, «Қазақ-қырғыз Алаш ордасы» тақырыбында жазылған, қырғыз тарих ғылымдарының докторы Байболат Абытовтың дайындап әкелген материалдары көптің қызығушылығын тудырды.

Мәселен, академик Ғарифолла Есім сан жылдар бойы санаға сіңісті болып кеткен құлдық ойдан арылуда, ұлттық болмысымызды сақтап қалуда Алаш қайраткерлерінің көп еңбек сіңіргенін айта келіп, Әлихан Бөкейхановтың көп еңбектерінің біріне ерекше тоқталды.

- Аталарымызға бодандықтың тырнағын батыра түскісі келген сол кездегі үкімет қазақ үшін «теріс» оқуды шығарды. Яғни, солдан оңға қарай. Ал, біздің қазақта «оң» ұғымы ерекше маңызға ие екенін айтпасақ та түсінікті. Міне, осы сәтте, Әлихан елге екі алфавит үлгісін ұсынды. Ол тегін емес. Оның біріншісі –латын. Екіншісі – төте жазу. Ол дегеніңіз араб жазуы. Осы еңбегінің өзінен –ақ біз қайраткердің тіл мәселесіне ерекше алаңдаушылық білдіргенін көреміз, - деген жерлес ғалым Алаш пен Абай әлемін бөліп қарауға болмайтынын, олардың бір-бірімен біте –қайнасқан біртұтас әлем екенін айрықша атап өтті. 

Өз алдына Тәуелсіз ел болуды көксеген ұлы дала ұландарының бағыт–бағдары қоныстас қырғыз еліне де үлгі болса керек. Бұған Семей жерінде дүниеге келген Алаш партиясының айыр қалпақты ағайынның арасында да үлкен беделге ие болып, соның нәтижесінде «Алаш қырғыз» бөлімшесі құрылғандығы сөзсіз дәлел бола алады. Азаттықты қазақтай аңсаған қырғыздың ұлтжанды көзі ашық азаматтары да өз ұлтын қанды шеңгелден қалай құтқарудың жолдарын алаштықтардан үйренген. Бұл жайында конференцияға Қырғызстаннан арнайы қатысуға келген тарихшы, ғалым Байболат Абытов әсерлеп айтып берді.

- Аумалы–төкпелі аласапыранға толы ХХ  ғасырдың басында Ресей империясынан шет жатқан Орта Азия елдері ішінен өз келешегіне алаңдаған тек қазақ пен қырғыз ғана еді. Олар заман беталысын бірден байқап, қайтсек елді аман алып қаламыз, тәуелсіздікке қалай қол жеткіземіз деп жанталасты. Біздің сол кездегі ұлттық элита, инттелегенциямыз осы тұста Алаш идеясымен үндесіп, оны тең бөлісіп, Алатаудың арғы бетіне кең таратуға күш салды. Өткен ғасырдың басында қырғыз жерінде де большевиктер, меньшевиктер, эсерлер топтасқан түрлі партиялар болды. Солардың қатарында абыройы мен беделі жоғары Алаш партиясының қырғыз филиалы да жұмыс жасады. Қырғыз филиалын құрушы - Әбдікерім Сыздықов. Ол өзімен үзеңгілес серіктерімен 1916-1917 жылдары Алаш партиясының қазақ даласында өткен кеңестеріне, сьездеріне қатысқан. Осы қатардан Ишеналы Арабаев сияқты қырғыз ұлдары да табылды. Бұлар      кейіннен репрессияға ұшырады, - дейді қырғыз ғалымы.

Міне, осы сияқты түрлі қызықты баяндамаларға толы конференция жоғары деңгейде өтті. Конференция әсіресе оған қатысушы жастар үшін аса маңызды. Тарихы тасқа басылған халықтың өткен бір кезеңі әлі де зерт-теуді қажет етеді. Бүгінгі жиында осы мәселе де назардан тыс қалмады.

Алаш қозғалысының ғасырлық тойының аясында меймандар қала-мыздағы «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайының жаңа экспозияциясының ашылуына да қатысты. Аталмыш мұражай Хакім Абайдың шәкірті, Алаш қозғалысына белсене қатысушы Әнияр Молдабаевтың үйінде орналасқанын көпшілік жақсы біледі. Бұл үйге заманында Абайдың өзінен бастап, ұрпақтары, ақынның айналасы жиі түсетін болған. Тіптен, тарихи құжаттар бұл шаңырақта Ахмет Байтұрсынұлы өзінің әйелі Бадрисафамен тұрғандығын да айғақтайды. Демек, Алаш арыстарының да ел ертеңі жайлы келелі кездесулері осы үйде өткеніне күмән жоқ. Облыс, қала басшылығы мен қала қонақтары аралап көрген мұражай өзінің жаңашылдығымен көз тартады.

Жыл басында ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен ке-йін мұражай залдарына реэкспозиция жасалды. Жаңа экспозицияда Алаш қозғалысы тарихының 6 кезеңі тың құжаттар мен деректер негізінде өзгеше қырынан көрсетілді. Ғимараттың бұрын бос тұрған бірінші қабатына 20 ғасыр басындағы үй интерьері жасалды. Екінші қабаттағы экспозиция арнайы тапсырыспен жасалған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезовтің мүсіндерімен толықтырылды. Осылайша, Алаштың астанасы болған Семейде тағы бір тарихи мереке өз дәрежесінде өтті. Берері мол, салмағы ауыр шаралар желісі жыл соңына дейін жалғаса бермек. Ал осы атқарылған шаруалардың барлығын кәнігі жұрт Алаш арыстары рухына тағзым деп түсінді.

Сонымен, Ұлы даланың ұлтын шексіз сүйіп, сол жолда жанын құрбан еткен ардақты ұлына құрмет көрсетілді. Бұл күні тек семейліктер ғана емес, бүкіл қазақ даласының дүр сілкінгенін айтып жату артық та болар. Көптен күткен күн! Орындалған арман! Оң қолына асық ұстаған Әлихан «Қазағымның асығы әр қашан алшысынан түссе екен» деп алысқа ойлана көз тігіп тұр.

Ескерткіштің бүгін естіген көпшіліктің құлағына түрпідей болып тиетін Ленин көшесінде тұрғаны да көңілді әр түрлі ойларға жетелейді. Бір қарағанда Ұлы тұлға Ленинге жоғарыдан паңдана қарап, «мен жеңдім» деп сес көрсетіп тұрғандай да көрінеді... Семейдің атқарушы және өкілетті билігі, қала белсенділері тарапынан  осы көшенің атауын «Мәңгілік Ел» деп өзгертуге талпыныс жасалып, тиісті орындарға ұсыныс жіберіліп қойғанын да білеміз. Ол күнге де жетерміз. Күтейік. Ең бастысы Әлихан халқымен қауышты.

Ермек ИСАБАЕВ

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57