СЕМЕЙ - МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ҚАЛА!

Аңдатпа сөз

Төмендегі мақала, рас, осыдан 20 жылдай бұрын - 1998 жылы жазылған. Оның жазылуына «Семейдің 280 жылдық мерекесі таяп қалды, оны анау 250 жылдық сияқты дүркіретіп тойласақ» деген әңгіменің қызу талқыға түсуі себепкер болған-ды. Тойлауға бейілді қала тұрғындар қарасы көп еді. Не істеу керек? «Семей – көне қала», «Жеті сарайлы көне шаһар» деген тақырыпта мақалалар дүниеге келіп, қазақ басылымдары жаппай жария етті. Құдай сәтін салып, оның орысшасы «Семьпалат – древний град» деген атпен қалалық «Наше дело», «Голос народа» және облыстық «Рудный Алтай» газетінде жарық көрді. Осынау күшті ақпарат ағысы әсер етсе керек, сол кездегі қала әкімі, есімін ұмыттым, Бутин деген азамат: «280 жыл дегенді қойыңдар, тек «Қала күні» деп мерекелесек жеткілікті»,- деген үзілді-кесілді пәтуаға келіп, сенсеңіз, өрекпіген топ екпінін су сепкендей басты. Содан беріде ерке Ертістен қаншама су ақты десеңізші! Дүние жаңғырды, ең бастысы, артқы толқын ұрпақ өсіп-жетілді. Мақаланы назарларыңызға қайтадан ұсынып отырған жайымыз сол.   

Жеті тас ғимараттың қилы тарихы

Ертістің оң қабағында орналасқан ғажайып жеті тас ғимарат туралы мағлұмат патшалық Ресей әкімшілігіне де жеткен. Оған дәлел - белгілі орыс ғалымы Г.Миллердің Түмен (Тюмень) қаласы архивінен тапқан құжаты. 1616 жылдың 25 сәуіріндегі орыс патшасы Михаил Грамотасында бұл сарайлар «тас мешіт» деп аталған екен (ҚСЭ. 10-том, 114-бет).

1718 жылы осы тас мешіттерден 15 шақырым төмен, Петр Бірінші патшаның жарлығына сәйкес, зеңбірегін сүйреткен әскери экспедиция қамал салған ғой. Осы қамалдың орнындағы елді мекен қазір де «Ескі қамал» деп аталады. Ол күнде жеті тас ғимаратты қалаға жоңғар билік етті. Тарихтан аян, 1643 жылы Жоңғар ханы Батыр қонтайшы 50 мыңдық жасақпен келіп, Ертістің орта ағысын жаулап алған. Археолог Н.Абрамовтың жазбалары ғимараттар будда дінінің салт-ғұрыптарына сәйкес безендіріліп, 1670 жылдары қайта жөндеуден өткізілгенін жеткізеді.

Міне, орыс офицерлері (Бухгольц, Чередов) осы ғимараттарды көріп таң-тамаша қалады. Олар Петерборға жолданған рапортта ғибадатханалар әу баста бұхарлық, яғни түркілік үлгіде салынған деп көрсетеді және өздері жаңадан соғып жатқан қамалға «Семьпалат» деп ат беруді өтінеді. Кешегі «Семипалатинск» атауының пайда болу тарихы, міне, осы.

Жеті тас ғимараттың иесі кім және қашан тұрғызылған?

Ертістің орта ағысында Қаған ордасы - Қимақ мемлекетінің бас қаласы болған. Жеті тас мешітті шамасы 9 ғасырдың соңында сол қағанат билігі салдырған. Қимақ астанасы туралы деректер араб географтары Әбу ибн Хордадбехтің «Мемлекеттер мен жолдар туралы» (846 ж.) және Әбубәкір әл-Хаманидің «Қалалар туралы» (903 ж.) атты еңбектерінде бар. Қазіргі Семейдің орнында орналасқан «қағанның астанасы өте үлкен, жан-жағы темір есіктері бар дуалмен қоршалған» (ҚСЭ. 6-том, 557- б).

Өстіп, қазір көзі жоқ, археологиялық ғылыми мұраға айналған айтулы жеті тас ғимарат - Семей  қаласы тарихының айшықты белгісі. Оны танып-білудің кілті есепті. «Семей» атауының шығу төркіні осы «тас мешіттерге» қатысты дегенді қала орнын алғаш зерттеуші Г. Миллер 18 ғасырдың 30-шы  жылдары-ақ айтқан.  Ғалым былайша атап көрсеткен: «Бұл атау көне тас ғимараттар үйіндісінің жанынан бой көтерген тас мешіттерге қатысты» («История Сибири» кітабы,  Москва - Ленинград.  1937).

«Көне тас ғимараттар үйіндісінің жанынан»! Бұл, біле білсек, ондаған ғасырлар қойнауына сілтейтін дерек.

Қорыта айтқанда, осы қатарлы дерек-дәйектерге қол арта отырып, жеті тас мешітті қаланың мың жылдық тарихы бар деген тұжырымға келеміз.

300 жыл Семейге ме, әлде Ескі қамалға ма?

Жоғарыда орыс әскері 1718 жылы алғаш Ертіс жағасына қамал соқты, қазір тап сол жерде «Ескі қамал» атты елді мекен орналасқан дедік. Ал Семей (ол күнде Доржинкит аталған) қаласы орнына орыс қамалы тек 1778 жылы ғана көшірілді. Көрдіңіз бе, екі дата арасын бураның қара санындай 60 жыл бөліп жатыр. Принциптік айырма осы арада.

Ресми дерекке жүгінейік: «В 1760 г. встал вопрос о перенесении крепости на новое место. ...В новую крепость стали переселяться жители старой крепости, военнослужащие, а также часть торговых людей. 18 мая 1778 г. во вновь построенную крепость переехал назначенный комендантом полковник И.Т.Титов со штабом, поручив заведование старой крепостью майору Соколову».

Көріп отырсыздар, архивте сақталған рапортта көші-қон қашан, қалай өткені күніне шейін көрсетілген. Сөйтіп, келер жылы Семейге емес, «Ескі қамал» деген поселкеге 300 жыл толмақ. Осы жайттың ақ-қарасын айырып, ажыратып алмай тұрып, дөңгелек датаны мерекелеу - исі қазақ жұрты алдында ұятқа қалу болмай ма? Жалпы, бөгде елдің әскері ту тіккен уақытты тойлау ақылға сыйымды ма, өзі? 

«Семьпалат» қамалының тұрғындары қала тұрған дөңеске тек 1778 жылы көшірілгені несі? Себебі оған шекті мүмкіндік болмаған, көшу туралы мәселенің Жоңғар мемлекеті күйреген 1760 жылдан бастап қана қойылғаны сол.

Бүгінгі ұрпақ мұны білгені жөн, Семей жері көне археологиялық мұраларға аса бай болған. Мұны 18 ғасырда Г.Ф.Миллер, П.С.Паллас, И.П.Фальк сияқты атақты ғалымдар алғаш паш етті. Ал 19-ғасырдың екінші жарымында Г.И.Спасский, Н.А.Абрамов, И.А.Армстронг, Ф.Н.Педащенко, В.В.Радлов, Н.Я.Коншин, ағайынды Белослюдовтар, кейінірек С.С.Черников сияқты зерттеуші ғалымдар археологиялық жұмыстар жүргізіп, көптеген құнды деректер қалдырды.

«Семей» атауы қайдан?

Атақты түрколог С.Е. Малов: «Сарыұйғырлар тілінде «Семей» сөзі көне түрік қауымы құлшылық ететін орын - ғибадатхана мағынасын білдіреді»,- дейді («Язык желтых уйгуров, словарь и грамматика». - А. 1957).

Моңғол-тибет диалектісінде де ғибадатхана ұғымы осы төркіндес. Осы деректерге сүйене отырып, Әбілхан Әбіласан  деген автор былай пайымдайды: «Семей» атауын  көне сақ, ғұн тілдерінің сарқыты деп болжауға бейілміз. Ежелгі қауым сарыұйғырлардың сөздік қорында бұзылмай, өзгермей, сол күйі аман сақталып, бүгінгі ұрпаққа жеткен бұл тұмар сөз, қасиетті атауды бөтен тіл, бөгде ұғымға телімей, төл  болмысында түсіндіріп қолданғанымыз абзал». («Ана тілі» газеті, 5-ші қазан, 1995 ж.).  Біз осы пікірді толығымен қуаттаймыз.

Негізі, «Семей» топонимі жалғыз қала атауында ғана емес,  қаладан  батысқа  қарай 40-50 шақырым жерде Семейтау  атты тау  тұрғанын да  ұмытпайық.  Ал  тау  аты  «Семьпалаттан» шықты деу қисынсыздық. «Семей» мен «Семипалатинск»  атауларының  дыбыстық  үндестігі - өкінішті кездейсоқтық. Әсілі, екі сөзден тұратын орыс атауларын дыбыстауда қазақ тілінің тәжірибесі атаудың екі жартысы да сақталатындығын көрсетеді. Мәселен, Петербург - Петербор, Оренбург - Орынбор, Новосибирск  - Ноғайсібір. 

Демек, қазақ халқы қаланы «Семей» деп «Семьпалат» деуге тілі келмегендіктен емес, қаланың көне тарихи-топонимикалық атауы жадында жүздеген жылдар бойы сақталып қалғандықтан атап келген деп түйеміз.

Семейдің мың жылдық тарихына шолуымыз осымен тамам.   

Түйін сөз

Қоғамдық санада екі ұдай пікір неге болмасқа? Байқап отырсақ, сүйікті қаламыздың 300 жылдық мерейтойын тойласақ дейтіндер баршылық, оған қарсы уәж айтатындар да аз емес. Тойлауға қарсы емес азаматтар осы дөңгелек дата аясында қомақты қаржы бөлініп, қаламыз бір көркейіп қалса, оның несі жаман дейді, білем. Бұл - атүсті қарағандық, жеңіл-желпі пікір. Ал тарихи тұрғыдан алғанда, ағаттық дүр. Тереңге үңілсек, күллі Ертістің ұзына бойының тарихы мен тағдыры таразы басына түскелі тұр емес пе! Кәні, қайырмасы «Таласқа түссе жан мен ту, жан емес маған керегі...» деп келетін ән неліктен халық сүйетін әнге айналды? Өйткені одан тәуелсіздік рухы еседі. Қарапайым көпшілік соның әлсіремегені керектігін сезінеді және өзгеден гөрі соны қымбат көреді деген ойдамын.

Асан  ОМАРОВ, 

зерттеуші,  публицист.

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57