ҰЛТЫНЫҢ ҰРАНЫ БОЛҒАН ДАРАБОЗ

 

 

 

 

Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурызды үржарлықтар биылғы жылы да ерекше мәнерде атап өтті. Олай дейтініміз - екі күн қатарынан тойланған ұлық мереке алдымен қазақтың хас батыры Қабанбай бабамыздың 325 жылдығына арналған ескерткіш мүсіннің ашылуы сынды маңызды оқиғалармен тұспа-тұс келді. Қазақ халқының тарихын парақтап, қай батырын алып қарасақ та, бар өмірін елдің қонысын кеңейту, халықты жаудан қорғау жолындағы жорықтарға арнаған. Ата-бабаларымыз аңсап өткен теңдессіз байлығымыз егемендік пен жарқын болашағымыз үшін күрескен хас батырға аудан орталығынан гранит тастан қашалып жасалған, биіктігі 10 метр болатын ескерткіш салтанатты түрде ашылды.

«Жақсыны көрмекке» дейміз ғой. Батыр баба ескерткішінің ашылуына Үржар ауданы әкімі Серік Зайнулдин, мәслихат хатшысы Қаленбек Қарашев, аудан әкімінің орынбасарлары, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, алыстан шақырылған қонақтар, аудандық ардагерлер кеңесі, зиялы қауым, кәсіпкерлер, ауданның қоғамдық пікір белсенділері, еңбек ардагерлері, ауылдық округ әкімдері, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары, қоғамдық кеңесшілер, аудан жастары қатысты.

Халқының қамын жеп, елінің ертеңін ойлаған, сол жолда басын бәйгеге тіккен ірі тұлға – қазақ халқының ұлы қолбасшысы, Хан батыр Қабанбай бабамыздың ескерткішінің ашылу салтанатында аудан әкімі Серік Зайнулдин, ескерткіштің бой көтеруіне демеушілік жасаған белгілі меценат, жерлесіміз Құсман Шалабаев, Алматы облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, Алматы облысының Құрметті азаматы Оралбек Жақияновтар сөз алып, үржарлықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады. Батыр баба құрметіне тұрғызылған тас мүсін салтанатты рәсіммен ашылған соң,  Жабайыл Бейсеновтің сөзіне жазылған «Батыр баба» әнін аудандық Мәдениет үйінің жезтаңдай әншілерінен құралған  «Ақберлі» ансамблі әуелете шырқады. Мерекелік шара негізгі бөлімге ойысып, аудандық Мәдениет үйінде байтақ жерімізді Жоңғар шапқыншылығынан қайыспай қорғап, қазақ халқының айбыны бола білген Қабанбай батырдың ерлігін, өмір жолын ұлықтау мақсатында ғылыми-танымдық конференция өтті. Ғылыми конференцияда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Кәкен Қамзин «Қабанбай батыр және қазақ халқының Тәуелсіздік аңсарлары», Алматы облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, Алматы облысының Құрметті азаматы Оралбек Жақиянов «Қабанбай батырдың ерліктері жайлы», М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, жазушы, филология ғылымдарының докторы Ақыш Нұрдәулет «Дарабоз» роман дилогиясындағы Қаракерей Қабанбай батырдың образының сомдалуы», Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры Мұхтарбек Кәрімов «Қабанбай батыр тұлғасы ауызша және жазбаша деректерде», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов «Аңыз әңгімелер мен тарихи жырлардағы Қабанбай батыр бейнесі», М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Әлімжан Хамраев «Қабанбай батыр заманындағы саяси-тарихи оқиғалар», Философия, саясаттану және дінтану институтының бөлім меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Бақытжан Сатершинов «Қабанбай батыр дәуіріндегі қазақи ойлау жүйесі және оның бүгінгі заманмен үндестігі», «Отүкен» журналының бас редакторы Нұржан Қуантайұлы «Қабанбай батыр - өз дәуірінің саяси қайраткері» атты баяндамаларында Қабанбай батырдың ерлігі мен өмірі туралы көптеген тарихи деректер келтірді.

Сондай-ақ жиын барысында аудан әкімі Серік Зайнулдин Қабанбай батыр ескерткішінің авторы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, елімізге белгілі мүсінші Болат Құсайыновқа Үржар ауданының Құрметті азаматы атағы берілгенін жеткізіп, салтанатты түрде куәлігін тапсырды.   

Ұлыстың Ұлы күні Барқытбел баурайындағы дүбірлі тойдың мәні мен мағынасы батыр бабаға арналған ескерткіштің ашылуымен тереңдей түсті.

Бауыржан ЖАҚЫП,

«Семей таңы»

 

 

 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57