Бүгінгі Қайым Мұхамедханов көшесі

«...Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық...»

Қасым-Жомарт Тоқаевтың
«Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласынан

Бұл көшеде байырғы Семей шаһарындағы ең биік бақылау нүктесі саналған өрт мұнарасы орын тепкен. Аталмыш ғимарат ХІХ ғасырдың соңында бұрынғы татар слободкасы аталған ауданда шыққан алапат өрттен кейін тұрғызылған. 

Алғашында екі мұнарасы қатар бой көтерген ғимарат 1927 жылы ресми түрде ашылған өрт сөндіру депосының қосалқы бөлімі ретінде күрделі жөндеуден өтіп, жаңартылған.
Тарихи маңыздылығы жоғары аталмыш ғимарат тек телефон байланысы қала бойынша толықтай күшіне енген 1950 жылдары ғана жұмысын тоқтатты.
Бұл көше бұрынғы Семей шаһарындағы орталық көше болған. 1878 – 1932 жылдар аралығында Колыванская деп аталған. Ал 1932 жылдан бастап В.Молотов аталса, 1957 жылы А.Ждановтың есімі берілді. 1989 жылы Интернационал деп аталып, 2017 жылы абайтанушы ғылым Қайым Мұхамедхановтың есімі берілді.

СЕМЕЙ: АБАЙ ЖҮРГЕН ІЗБЕНЕН

«...Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық...»

Қасым-Жомарт Тоқаевтың
«Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласынан

 

Семей жәрмеңкесі жанындағы ат байлайтын тұрақ

Қазіргі Б.Момышұлы мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысы, Қалалық Мәдениет сарайының аумағы. XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Семей жәрмеңкесі осы маңда орналасқан болатын. Төмендегі суретте жәрмеңкеге келген жұртшылықтың ат байлайтын орны көрсетілген.
Ал осы суреттегі бүгінгі күнге дейін сақталған қос қабатты ғимарат жайында және оның кімге тиесілі болғаны туралы деректер сақталмапты. Қалалық Мәдениет сарайының қарсы бетінде тұрған ғимараттың бірінші қабатында сантехника дүкені, ал екінші қабатында пәтерлер орналасқан.

Қабанбай батыр көшесі:

Бұл көше 1898 жылдан 1935 жылдың қаңтарына дейін Хлебная, кеңес дәуірі тұсында Куйбышев деп аталса, 1992 жылдың желтоқсан айында Қабанбай батырдың есімі берілді.

ТАРИХТЫҢ ЖАҢА ПАРАҒЫ ТАРБАҒАТАЙДА АШЫЛДЫ

Алтай мен Алатауды жалғастырған бабамыздың барқыт белі - таңғажайып Тарбағатай. Алтайдың шалғынды, орманды саялы белдері солтүстігін алып жатса, оңтүстігі - Алатаудың миуалы бақтарындай алмасы төгіліп, жеміс-жидектері үзіліп жататын өнімді өлке. Зайсан көлі қазан шұңқырынан аса алмай, сабынды толқындарын сапырып, Тарбағатайдың қарлы шыңдарына сәлем жолдап жатқандай. Осындай өлкеде өскен өрендердің шығайын десе белі бар, түсейін десе көлі бар, бұл - ауданның әр азаматының мақтанышы. Паналы таудың қорғанды қойнауы неше жұртқа мекен болды. Жартастарындағы таңбалы тастар, алқабындағы қорғандар мен обалар құпиялы сырын бүгіп, шерлі шежіресін жасырып, терең тарихын сақтап тұр емес пе?!

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ерекше атап өтілген Ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, «Алтын адам» секілді ұлы даланың үш қыры біздің тарихы тереңнен тамыр алатын Тарбағатай ауданына тікелей қатысты деуге болады. Бұлайша мақтанышпен айтуымыздың себебі - биыл жазда қазба жұмыстары кезінде ауданымыздың Елеке сазы жайлауынан «Алтын адам» табылды. Археологтер құнды жәдігерге: «1969 жылы археолог Кемел Ақышев тапқан Алматы облысындағы Есіктегі «Алтын адамнан» кейінгі тоналмай, бүтін күйінде сақталған екінші «Алтын адам». Ер кісі, оның жасы шамамен 17-18-дерде, өмір сүрген кезеңі - біздің заманымызға дейінгі 7-8 ғасыр. Құнды жәдігер бұған дейін жұмбақ күйінде қалып келген қаншама тылсым сырды ашуға мүмкіндік береді. Біріншіден, сол заманда материалды өңдеу технологиясы өте жоғары болған. Алтыннан көзге әрең көрінетін бұйымдар жасау оңай шаруа емес. Мұның артында үлкен өндіріс жатыр. Екіншіден, 7-8 мың жыл бұрын өмір сүрген халықтардың тұрмысы, діни нанымы, жерлеу рәсімі, немен қоректенгені, ауа райы қалай болғаны туралы құнды мағлұматтарға қол жеткіземіз»,- деп жоғары баға берген болатын. Бір ғажабы, Президент Н.Назарбаев өз мақаласында жазғандай, Тарбағатайдан табылған «Алтын адамның» өн бойы - бас киімі, оның құлақшыны, үстіндегі киімнің өңірі, оң жақ беліндегі қанжарының қабы, сол жақ беліндегі қорамсағы - түгелдей бұғы, барыс, қабылан, яғни аң стиліндегі алтын әшекейлермен безендірілген.
«Бойыңды мақтаныш сезімі кернейді. Біздің бабаларымыз қандай болған? Олар ұшы-қиырсыз кең далада көшіп қана жүрмеген, үлкен білім, парасат иесі болған. Мал бағуға емес, ең әуелі білімге, ғылымға ерекше мән берген. Сол замандағы жоғары технологияны меңгерген. Тоналмай, бүтін күйінде бізге жеткен «Алтын адам» - соның айқын айғағы. Тарихтың жаңа парағы ашылды деуге болады»,- деп тебірене сөйлеген еді облыс әкімі Даниал Ахметов Өскемендегі тарихи-өлкетану музейінде өткен «Алтын адамның» таныстырылымында. Мемлекет басшысы атап өткен «Ұлы даладағы ежелгі металлургияға» бұдан артық қандай дәлел керек?! Қазір аймақ басшысының тапсырмасымен «Алтын адам» табылған Елеке сазы жайлауына тәулік бойы күзет қойылды. Жалпы, бұл жерде 7 қорым, 300-ден аса обалардың бар екендігін, олардың ерте сақ және сақ, үйсін, көне түркі кезеңдеріне жататындығын 2011 жылы осында археологиялық барлау жұмыстарын жүргізген тарбағатайлық археолог Ерден Оралбай анықтап, ғылыми айналымға енгізген болатын. Бұл алқапта бір жарым мың жылдық мерзімді қамтитын әр дәуірдің элиталық, ақсүйектік ескерткіштері топтасқанын, сондықтан Елеке сазы жайлауын, Берел мен Шілікті жазығы іспетті, «Патшалар алқабы» деп айтуға толық негіз барын айтқан еді.
Шығыс Қазақстанда археологияны дамытудың өңірлік бағдарламасы аясында келесі жылы да Елеке сазында қазба жұмыстары жалғасады. Археологтер осы жерден әлі де ғажап, құнды жәдігерлер табылады деп болжап отыр. Сондықтан бұл мекен алдағы уақытта туристер көптеп келетін тарихи орынға айналуы бек мүмкін.
Елбасы өз мақаласында атақты тарихи тұлғаларымызды насихаттау керектігіне де айрықша тоқталып, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуды және «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығаруды тапсырған-ды. Еліне пана болған атақты тарихи тұлғалар біздің Тарбағатай ауданында да аз емес. Солардың бірі де бірегейі – әулие Ырғызбай Досханаұлы. Ел аузында Ырғызбай әулие атанған бабамыз 1787 жылы дүниеге келіп, 1850 жылы 63 жасында қайтыс болған екен. Қайтыс боларының алдында: «Мені осы құба белге жерлеңдер, зиратымды көтермеңдер, ұрпақтарым көтереді»,- деп өсиет қалдырыпты. Ұлы Абайдың әкесі Құнанбайды ауыр дерттен жазып алған атақты тәуіп туралы халық жадында жатталған жақсы лебіз, тылсымға толы әңгіме мол.
Ырғызбай өзі молда, өзі тәуіп һәм әулие кісі болған. Дала зертханасында дәрілерін сайлап, алдын ала өзіне келе жатқан адамды, жанына батқан ауруы мен оның емін біліп отырған. Тарбағатай тауларында өсетін алтынтамыр, ермен, жалбыз, бірсалар іспетті елу түрлі шөптен дәрілер жасаған. Қытай емшілерімен байланыста болып, тәжірибе алмасқан. Бір ерекшелігі - ем-домына ақы алмаған. Аурухана жоқ, ешкім ота жасамайтын заманда адамдарға көп шипасы тиген. Өзі өсиет етіп қалдырғанындай, әулие 1920-шы жылдары Шыныбай есімді ақсақалдың түсіне кіреді. «Ей, Шыныбай, менің басымда қозы-лақ ойнап жүр, зиратымды көтер, саған Алла Тағала береді»,- дейді. Шыныбайдың сол кезде малын барымталап кетіп, қиналып жүрген кезі екен. Ол қара сиырының күшімен сүйреткімен тас тасып, әулиенің жатқан жерінің алғашқы сандықшасын қойыпты. Шыныбайдан кейін 1956 жылы Кіндікті ауылының ақсақалдары мен ұрпақтары әулиенің мазарын көтерсе, он жыл өткен соң мазардың жанынан зиярат етуге келушілер қонатын тас үй салыныпты.
Соңғы жылдары Ырғызбай ата кесенесі Бәделхан Камалханұлы есімді тарбағатайлық меценат азаматтың әулетінің көмегімен Баянауылдың қызыл гранитінен қайта өріліп, кешен аумағында жалғыз мазар ғана емес, кітапхана, мұражай, қонақ үй орын тепті. Жыл сайын Ақсуат ауылында әр елдің палуандарының қатысуымен қазақ күресінен Ы.Досханаұлы атындағы халықаралық турнир өткізу дәстүрге айналды.
Жалпы, адамдар әулиенің басына 1903 жылдан келе бастаған екен. Бір қуанарлығы, әулие кесенесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шығыс өңірінің киелі жерлер картасына еніп, мемлекет қарамағына алынып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімінің көмегімен 35 шақырым жерге электр жарығы тартылды. Мұның бір игілікті тұсы - шалғайдағы бірнеше шаруа қожалықтарының да жарыққа қол жеткізуіне септігін тигізбек. Бұл мекен қазір туристік орынға айналған. Кесенеге тәу етіп келетін жұрт қатары аз емес. Біз өз тарапымыздан ауданымыздағы Елеке сазы, Ырғызбай Досханаұлы кесенесі, Бөрітастаған секілді киелі орындарды үнемі назарда ұстап, жұртшылыққа насихаттау, туристерді тарту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізетін боламыз.

Ділдабек ОРАЗБАЕВ,
Тарбағатай ауданының әкімі.

Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында шығарылған кітаптарды таныстыру рәсіміне қатысты

 

Іс-шарада Мемлекет басшысына рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру аясында аударылып, басып шығарылған 18 оқулық таныстырылды.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақала қазақстандықтар тарапынан кең қолдауға ие болғанын айтып, оның жекелеген бағыттары бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды.

– Барлық өңір «Туған жер», «Киелі жерлердің географиясы» және «100 жаңа есім» жобаларына атсалысып жатыр. Бір жыл ішінде меценаттар қаражаты есебінен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ондаған миллиард теңге бөлінді. 700-ден астам мәдениет ескерткіштері жөнделіп, қайта қалпына келтірілді. Жүздеген ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің жаңа әліпбиін талқылау үдерісі біртұтас қоғамымыздың кемелденгенін танытатын тарихи қадамға айналғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы рухани жаңғыру аясындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, «100 жаңа оқулық» жобасының жас ұрпаққа білім беру ісіндегі рөлі зор екенін айтты.

– Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуға тиіс. Сондықтан біз 800 кітаптан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Ұлттық аударма бюросы құрылып, жұмысына кірісті. Біз бүгін алғашқы 18 кітаптың таныстырылымына жиналып отырмыз, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті бұл шараның бүкіл әлеуметтік-гуманитарлық сала үшін маңызды екенін айтып, оның бірқатар ерекшеліктерін атап өтті.

– Бүгінгі алғашқы зияткерлік транш АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің ең үздік ғылыми еңбектерін қамтиды. Бұл кітаптармен танысуға мүмкіндік алған жастарымыз көп емес, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы ұсынылған кітаптар қазақ тіліне түпнұсқадан аударылғанын айтты.

Елбасы бүгінгі іс-шара рухани жаңғыру бағдарламасының жаңа кезеңін бастайтынын атап өтті.

– Бұл – ауқымды энциклопедиялық ізденіс арқылы адамзат дамуының көкжиегіне жол ашатын кезең. Бүгінде зияткерлік даму үдерісінен туындаған тың серпіннің арқасында рухани революция бастау алып келеді, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жағдайда әлемнің дамуы көбіне инженерлік ғылымның әлеуетімен анықталатынына назар аударып, озық технологияларды пайдаланудың мақсаттарын ұғыну маңызды екенін айтты.

– Ғылыми таным – заманауи ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Жаңа оқулықтар білімнің нағыз энциклопедиясы болып саналады. Бүгінде оқу әдісі ғана емес, сондай-ақ оның мазмұны да маңызды. Осыған орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бес жылға арналған жалпыұлттық білім беру ісін жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.Елбасы әлемдік тәжірибеде мұндай кешенді бағдарламаның іске асырылуы сирек кездесетінін атап өтті.– Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электрондық онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қол жетімді болмақ. Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алатын болады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жобаны іске асырудың арқасында Қазақстанда аударма ісінің жаңа мәдениеті қалыптасқанын атап өтті. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті еліміз бен қоғамымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторының маңыздылығы жөнінде айтты.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жастарымыздың болашағы үшін іске асырылуда. Осы орайда, өскелең ұрпақтың оны жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысқаны аса маңызды. Біз бүгін тәуелсіздік жылдары қалыптасқан ғылыми-кадрлық әлеуметіміздің зор екеніне тағы да көз жеткіздік, – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы үштілділік қағидатын сақтаудың маңыздылығына тоқталып, биыл бірнеше шетелдік оқулықты орыс тіліне де аудару мәселесін қарастыруды тапсырды.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық аударма бюросына бірқатар нақты тапсырма берді.

– Біріншіден, 2018 жылға жоспарланған 30 кітаптың әрі қарай сапалы аударылуын және басылып шығуын қамтамасыз ету керек. Қаржыландыру уақтылы әрі толық бөлінуге тиіс. Келесі жылы аударылады деп жоспарланған оқулықтар өз уақытында іріктеліп, талдаудан өткізілуі керек. Екіншіден, бұл оқулықтарды білім беру үдерісіне тиімді түрде енгізу – маңызды міндеттердің бірі. Осы оқулықтар бойынша оқытылатын пәндер жаңа оқу жылының білім беру бағдарламаларына енгізілуі қажет. Үшіншіден, ғылыми тәжірибеде қолданылатын барлық терминдерді жүйелендіріп, гуманитарлық және экономикалық лексиканың жаңа түсіндірме сөздігін шығаруды тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті уәкілетті мемлекеттік орган мен Қазақстан Үкіметі тарапынан жобаның сапалы жүзеге асырылуына тиісті бақылау жасауды тапсырды.

– Төртіншіден, оқулықтар кәдімгі кітаптар сияқты басылып шығуы керек. Сонымен қатар онлайн білім беру ісін дамыту қажет. Қазір дамыған елдерде виртуалды университеттер бар. «Қазақстанның ашық университеті» жан-жақты қолдау табуы керек. Ашық лекциялар видеотекаларының және солардың негізінде дайындалатын оқулықтардың сапасын қадағалауға ерекше назар аудару қажет. Бесіншіден, «100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми аударма мектептерін дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан аударма саласында тәжірибенің, білімнің және кәсіби дағдының жүйелі дамуын қамтамасыз ету керек, – деді Мемлекет басшысы.

 www.akorda.kz

 

 

 

ТАРИХЫН ҰМЫТПАҒАН, ӨТКЕНІН ҰЛЫҚТАҒАН

Бесқарағай ауданында халық ақыны Нұрлыбек Баймұратовтың 130 жылдығы тойланды

Өткен жұма, сенбі күндері бесқарағайлықтар үшін есте қаларлық күндер орын алды. Тәңірі тамаша табиғат сыйлаған Бесқарағай ауданының халқы Қазақ СССР еңбек сіңірген өнер қайраткері, СССР Жазушылар одағының мүшесі, танымал суырыпсалма ақын Нұрлыбек Баймұратовтың 130 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтті. Дүбірлі тойға алыс-жақыннан ат арытып келген қонақтардың қарасы да аз болған жоқ. Көрнекті тарихшылар мен алаштанушылар, өнер мен мәдениет қайраткерлері мерейтойға арнап жырдан шашу шашып, ізгі тілектерін білдіріп, ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында тереңнен ой қозғады. Алдымен ақындар айтысынан басталған шара екінші күнге созылып, ғылыми конференция мен спорттық ойындарға ұласты. Ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, аста та төк дастарқан жайылды. Қазақ күресі, аламан бәйге сынды ұлттық ойын түрлері той көрігін одан әрі қыздыра түсті.

Ертіс пен қалың жасыл орманды бойлай орналасқан шырайлы Шығыстың іргелі аудандарының бірі – Бесқарағай өңірінде туып өскен талантты тұлғалар аз емес. Шұрайлы өлке топырағы дүниеге әкелген сондай дарынды ұлдардың бірі - аузы дуалы айтыс ақыны Нұрлыбек Баймұратұлы. Нұрлыбек Баймұратов өз заманында М.Әуезов, Ж. Аймауытов, Ә. Қашаубаев сынды қазақтың біртуар марқасқа ұлдарымен қоян-қолтық араласып, әйгілі Иса Байзақовтың өзін кезекті жыр додаларының бірінде сөзден тайдырған екен...

Хош. Берекелі Бесқарағай төріндегі дүрмек 22 қыркүйек күні аламан айтыспен бастау алды. Жыр бәйгесінде шашасына шаң жұқтырмайтын жас таланттар қатысты. Арысы Астана мен Алматы, берісі Семей, Өскемен қалалары, Аягөз, Үржар, Тарбағатай аудандарынан келген жас таланттар айтыстың көрігін қыздырды. Бұл айтыстың жөні бөлек деуге негіз бар. Қытай Халық Республикасынан келген қандас қызымыз да жыр додасының ортасынан табылды. Тарихымыздан сыр шертер, ұлылығымызды ұлықтайтын айтулы мерейтой аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Рахметуллиннің алғы сөзімен бастау алды. Ақынды көзі көрген аға буынның естеліктері топтастырылған деректі фильм де көрермен назарына ұсынылды. Шағын фильмде Нұрлыбек ақынның туған ауылы, өскен ортасы, шығармалары, ақынның құрметіне ашылған мұражай мен ол жердегі құнды жәдігерлер, ақынның аты берілген білім ордасы жайлы мәлімет берілді. «Наркескен» ақындар мектебінің жетекшісі, айтыстың жүргізушісі Сиязбек Сүлейменов өнер көрсетуге келген ақындарды және осы ақындардың өнеріне әділ бағаларын беретін қазылар алқасымен таныстырды. Бұл жолы ортаға салар ойы көп, өрісі кең, толғауы терең, бүгінгі жас ұрпаққа берері мол жыр сайысына республикалық, халықаралық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпаздары, ойы жүйрік зерделі сөздерімен, мәнерлі мақамы, суырып–салма ақындығымен танылып жүрген бес жұп, яғни он үздік ақын бақ сынасты. Екі айналымнан құралған ақындар айтысын бастаған алғашқы жұп Астана қаласынан Әсем Ережеқызы мен аягөздік Қазыбек Байжұманов болды. Қыз бен жігіттің әдемі айтысын көрсете алған бұл жұп әп-сәтте көрермен көзайымына айнала алды. Бұдан кейін жұп болып сахна төріне шыққан Үржар ауданынан Нұрлан Бектібаев пен Алматы қаласынан Аяулым Жұмабекқызының, Өскемен қаласынан Нұржан Жолбарыс және Семей қаласынан Фархат Маратұлының, Аягөз ауданынан келген Әлішер Қыдырбек пен Тарбағатай ауданынан келген Ерасыл Сәрсенбайдың, Семей қаласынан Манарбек Сатыбалды және Қытай Халық Республикасынан келген Саягүл Бірлесбектің айтысымен жыр додасы қыза түсті. Сүйікті ақындарын ерекше қошеметпен, ыстық ықыласпен қарсы алған бесқарағайлықтар сөз тартысын қолдап, қолпаштап отырды. Тілдеріне түйткіл мәселелерді тиек еткен ақындар Нұрлыбек Баймұратовтың 130 жылдығын сөзге қоса отырып, оның шығармаларына арқау болған – ұлттық құндылық, ұрпақ тәрбиесі, адамгершілік пен азаматтық, әділдік пен адалдық, имандылық пен парасаттылық, достық пен махаббат тақырыптарын өлең-жырларына қоса білді. Айтыста ақындар арасында жарасымды әзіл-қалжың, қағытпалар мен орамды ой, толғақты түйіндерімен айтыс десе ішкен асын жерге қоятын қауымды бір серпілтіп тастады. Нұрлыбек Баймұратұлының құрметіне ұйымдастырылған ақындар айтысында шабыты шарықтаған сөз сардарлары ойнақы орам, суырып-салма өнерлерімен айтысты думанды кешке айналдырды десек те артық айтқандық бола қоймас. Бесқарағай жерінде осымен үшінші мәрте өткізілген ақындар айтысы бұл жолы да өз тыңдармандарының жүректеріне жол тауып, ұлттық өнердің ерекшелігін айшықтай алды. Айтыс сүйер ағайынның ұлттық өнерімізге шөліркегені байқалды.

Кім кімге болсын туған жері қашанда ыстық, қашанда қымбат. Айтыскерлер сөз арасында Бесқарағайдың берекелі бастамаларын, астықты алқабын, қалың қарағайын, танымал тұлғаларын, ұлттық өнер жанашырларын жырға қосып, көрерменін бірден баурап, қарсылас сөзіне тура жауап қайтарып, айтыстың мәртебесін асыра алды. Бұл жерде топты жарып шыққан, елі мен жерінің тарихын терең ұғынып, жүрегіне тоқыған талантты, дарынды жастарды танып, тауып тәрбиелеу ісі де өте маңызды. Осы бағытта талантты шәкірт тәрбиелеп, ұлттық өнеріміздің асқақтап, алға қадам басуына өзіндік үлес қосып жүрген С.Сүлейменовтің еңбегі де ескерусіз қалмады. Сонымен қатар алыста жүргенімен жүрегі туған жерге бұрып, осынау жыр додасының Бесқарағай жерінде өтуіне демеушілік танытқан жерлесіміз «Жаннұр - Астана» компаниясының президенті, бас қаланың бетке ұстар кәсіпкері Болат Кеңесбекұлы Садықтың аты аталып, жерлестерінің атынан алғыс та айтылды.

Осылайша ақтық сынға мықты деп танылған үш жұп Аяулым Жұмабекқызы мен Қазыбек Байжұманов, семейлік Манарбек Сатыбалды және Нұржан Жолбарыс, Фархат Маратұлы мен Саягүл Бірлесбек шығып, айтыс өнерінің әдемі үлгісін көрсете алды. Нәтижесінде әділқазылардың шешімімен жүлделі ІІІ орынды аягөздік Қазыбек Байжұманов, ІІ орынды Фархат Маратұлы, І орынды Манарбек Сатыбалды иеленсе, бас жүлдені қандасымыз Саягүл Бірлесбек қанжығасына байлады. Айтыс соңында ақындардың барлығы аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Рахметуллиннің алғыс хатымен әрі жүлделі орындарына сай қаржылай сыйақымен марапатталды.

Ал екінші күні дүбірлі той  ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Өз дәуірінің үні болған ақын» атты ғылыми – тәжірибелік конференциямен басталды. Ғылыми басқосуда «Нұр Отан» партиясы Бесқарағай филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Уәлиев, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі және сыйлығының лауреаты, Бесқарағай ауданының Құрметті азаматы Асылбек Қожахметов, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, абайтанушы, Абай мұражайының қоғамдық кеңесшісі Асан Омаров, Мәдениет саласының үздігі, Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищенің оқытушысы, режиссер Болат Хамзин, Бөдене аулының тумасы, Қауіпсіздік басқармасының басшысы, «Отты жылдар» кітабының авторы Жұмағазы Оразов, Қарағайлы ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Бексұлтан Жексенаев және Нұрлыбек Баймұратов шығармаларын зерттеуге сүбелі үлес қосқан Уәлихан Түкісовтың жары Күлзия Түкісова әжей қатысып, өрелі ойлары мен естеліктерін ортаға салды. Алғы сөзді аудандық мәслихат хатшысы Қайырбек Садықов сөй-леді.                       

- Дауылпаз ақын Нұрлыбек Баймұратовтың торқалы тойына дайындықты осыдан бір жыл бұрын бастап едік. Бесқарағай жұртшылығы жұдырықтай жұмылып, осы тойдың дайындығына бір кісідей ат салысты. Міне, бүгін көптен күткен межелі күн де келіп жетті. Арқалы ақынымызды төбемізге көтеріп, рухын асқақтату үшін осында көзкөргендер де, көрмегендер де жиылып отырмыз. Кеше Бесқарағай ауданында республикалық деңгейдегі ақындар айтысын өткіздік. От тілді, орақ ауызды жыр шеберлерінің сайысы өз деңгейінде өтті. Еліміздің әр түкпірінен келген дуалы сөз иелері халықтың айызын қандырарлық аталы сөздер айтып, кестелі ойлар өрді. Жас болса да Нұрлыбек Баймұратовтың бай мұрасымен, өлең сөздерімен, шығармашылығымен жақсы таныс екендіктерін байқатты. Нұрлыбек Баймұратов – тек Бесқарағайда емес, ел көлемінде абыройы асқақ болған ақындардың бірі. Ақынның Мұхтар Әуезовтің назарында болғанын да жұртшылық жақсы біледі. Осы уақытқа дейін ел аузынан түспеген шалқар шабыт иесінің есімі алдағы уақытта да ұмытылмайтынына сенеміз. Нұрлыбек Баймұратовтың өр рухы мен биік тұлғасын, құнды мұрасын ұрпақтан - ұрпаққа қалдырып, дәріптеу – біздің міндетіміз, - деді өз сөзінде Қайырбек Қажыбайұлы.

Осы орайда ақын туралы оқырманға аз-кем айтып өтейік. 130 жылдық торқалы тойдың иесі Нұрлыбек Баймұратұлы 1887 жылдың 6 желтоқсанында Бесқарағай ауданының астықты өңірі - Балапан жонында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ол кездегі Балапан жері Ертіс бойының бай орыстары Василий Путинцев пен Ушаровтардың егін салатын жері болған екен. Жасынан жалшылықта жүрген әкесі Баймұрат ұзақ жылдар бойы осы егінді алқаптың қарауылшысы болыпты. Еңбек бейнетін ерте тартқан ақынның анасы Сапар бір өзі екі-үш адамға тең келетіндей кесек, аса еңбекқор, қайратты болған. Анасына ұқсаған Нұрлыбек ақын да ірі денелі, бұла күші буырқанған еңбекқор болып өседі. Ақын орта жүздің белді руы - Найман ішіндегі Кенжалы бұтағынан тарайды. Арғы атасы Еділбай Павлодар облысының Май ауданына қарасты Бозарал-Жалаңаш деген Ертіс бойындағы шағын қазақ ауылдарын мекендеген, мал өсіріп, айран ұрттап, қойын құрттаған еті тірі, өзі батыр адам болыпты.  Елін, жерін басқыншы жауға басындырмай бес қаруын сайлап ұстаған, өзіне серік Тайлақ деген інісі де болған. Осы Елдібайдың ел сыйлайтын Келді деген сүйікті ұлынан Сазанбай тарайды. Сазанбай да алты алашқа әйгілі батыр болған деседі. Сазанбайдан Самұрат, Баймұрат туады. Самұраттан Сыздық пен Әбен атты ұрпақ тараса, Баймұраттан Нұрлыбек туады.  Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл кісілердің ежелгі мекені, ұрпақ таратқан ата қонысы – Май ауданының Бозарал, Жалаңаш деген ауылдары. Нұрлыбек Баймұратовтың өмірі мен шығармашылығын зерттеуге сүбелі үлес қосқан нұрлыбектанушы, Қазақ ССР-нің ағарту ісінің үздігі, Бесқарағай ауданының Құрметті азаматы, зерттеуші-журналист Уәлихан Түкісов былай деп жазады: «Еділбай ұрпақтарынан Баймұраттан басқаларының немере-шөберелері күні бүгінге шейін Ертіс бойындағы Семьяр, Май, Бозарал-Жалаңашта тұрып жатыр. Мәселен, жоғарыдағы Самұраттың балаларынан тараған Омар, Әубәкір, Оспан дейтін ұрпақтары сол ата қоныстарында тұрып қалған. Омар да батыр, айтулы сайыскер, қамшыгер болыпты. Әбубәкірдің баласы Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлікпен қаза тауыпты. Оның аты Ертай екен. Оспанның екі ер баласы болыпты. Үлкенінің аты Мұқан, кішісінің аты Бекен. Қазір Мұқанның ұлы Мұрат Павлодар қаласында тұрады. Бекеннің үш ұлы болған. Олар қазір Семьяр ауылында тұрады».

Бертін келе аумалы-төкпелі заман туған шақта Еділбай ұрпақтары күнкөріс ауқымымен әр жерге көшіп, кәсіп іздейді. Баймұрат ақынның Бесқарағай өңіріне, Балапан жонына келіп қоныстануына да осы жағдайлар себеп болған екен. Бұл туралы ақынның өзі былай дейді:

Баймұрат – әкем аты, елім – Найман,

Дауысым айғайласам шығар қайдан.

Ішінде қалың найман Кенжалысы, тараған біз бір ұрпақ Еділбайдан.

Туғанмын Балапанда – орыс жері,

Жасымнан ақын болып, болдым шері,

Баймұрат – әкем аты, шешем – Сапар.

Сүйегі қалмақылау арғы тегі.

Балапан орыс жері ел жайлаған,

Қу жетім кедейлікпен қол байлаған.

Он жасымда келгенімде өлең қонып,

Он бесте жиын топта айғайлағам.

Міне, өзі туралы осылай жырлаған қазақтың дарынды ұлдарының бірі – Нұрлыбекке өлең он бір жасында дарыпты. Ескіше де, жаңаша да сауатты болған ақын Абай, Әріп, Әсет шығармаларынан тәлім алған. Ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, халық арасында насихаттаумен шұғылданған. Иса, Нартай, Маясар Жапақов, Төлеу Көбдіков сынды ақындармен айтысқа түскен төкпе ақын «Ер Төлеген», «Қанды жорық» сынды дастандар да жазып қалдырған. Азамат соғысының оқиғаларын суреттеген «Қанды жорық» дастаны 1962 жылы жеке кітап болып жарық көрді. Ал ақынның баспасөзде жарияланған тұңғыш шығармасы- 1925 жылы Семейдегі «Таң» журналында жарық көрген «Қала сұлуы» атты поэмасы.

Әр ақынның есімін дүйім жұртқа паш ететін бір кезең болады. Нұрлыбек ақынның есімін елге танытқан сондай оқиғаның бірі 1922 жылы Семей қаласында өтеді. Бұл – ақынның әйгілі Иса Байзақовпен сөз таластыруы еді. Кейіннен Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов екі азулы ақын арасындағы осы жыр додасын жоғары бағалаған екен. Ақын өміріндегі осындай елеулі сәттер мен маңызды көріністер Асылбек Қожахметовтің әсерлі әңгімесіне арқау болды:

- Балалық, жастық шағы өзі айтқандай жетімдік пен жоқшылық құрсауында өтсе де, тағдырына мойымаған Нұрлыбек ақын домбыраны өзіне жан серік етіп, еліне еркелей жыр арнайды. Ақынның әкесі Баймұрат ен даладағы жалғыз үйде өмір бойы бай-көпестерге қарауыл болып өмір сүрді. Араласатын тірі жан болмағандықтан Баймұрат ақын дүниеге келгенде өзі кіндік әке болған. Тіпті, анасы Сапарға қалжа беру үшін біреуден ешкі сұрап әкелуге мәжбүр болады. Міне, Нұрлыбек ақын осындай қиыншылықта тірлік кешті. Жастайынан жалшы болып, қара жұмысқа жегілді, қар күреп, мая үйді. Сондай күндердің бірінде түсіне ақсақал еніп, «Сен ақын боласың», - дегенде орнынан ұшып тұрып, домбыраның орнына оқтауды алып, әндете бастаған дейді. Балам науқастанып қалды деп қорыққан әке ұлын қалаға дәрігерге апармақ болып, жолға шығады. Жолай Абайдың хатшысы болған ақын Ахметшәріп Молдажанов деген азамат кездесіп, баланың бойында булығып шыға алмай тұрған өнердің бар екенін бірден байқайды. Баланы бір айдай қасына ертіп, білгенін үйретеді, ақындық жолға баулиды. Ол алдымен Абайдың өлеңдері мен әндерін үйретіп, Абайды танып-білуге жол көрсете бастаған. Бұл жайт Ұлы ақынның 100 жылдық мерейтойына арнап шығарған «Абайға», «Бейіт басында» деген өлеңдерінде де айтылады. Алғашқы ұстазынан осындай тәлім алған Нұрлыбек 15 жасынан ақындыққа анық бет бұрған екен. Нұрлыбекті көзі көрген ақындардың айтуынша, ақын отырған жерінде Абайды аузынан тастамайтын көрінеді. Үнемі әңгіме қылып отырады екен. Бұл - жастайынан ұлы ақынның өсиет, жырларын бойына сіңіріп өскендігін көрсетсе керек. Нұрлыбектің арнайы білімі болмаған. Әліпті таяқ деп білмейтін молдалардың таяғын көріп, жас кезінде соны да өлеңге қосқан. Тағдырдың басқа салған осы бір ауыртпашылықтарынан құтылу үшін анасын ата-әкесінің туған жері Май ауданына қалдырып, өзі Павлодар облысында су жолында, пароходта жұмыс істейді. Ол кезде Бесқарағай ауданы Павлодар облысының құрамында болды. Жұмыс істей жүріп Сапарғали деген азаматпен танысады. Кейіннен екеуінің таныстықтары айырылмас достыққа ұласады. Сөйтіп жүріп, Балқия деген арумен отау құрады. Балқия он үш құрсақ көтергенімен, перзенттері шетінеп кете берген екен. Оның себебі, Балқияға ата-анасы ақ батасын бермеген көрінеді. Кейінен Қытайға барып ата-анасының ақ батасын алғаннан кейін ғана, екеуінің Мансұр атты жалғыз ұлы болған екен. Мансұр - Зейнолла Қабдолов сынды белгілі ғалымдармен бірге Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін тамамдапты. Демек, Мансұр да әдебиеттен алыс болған жоқ деуге негіз бар.

Нұрлыбек Баймұратұлы 1922-1923 жылдары білімін көтеру үшін сол кездегі Қазақстанның орталығы - Орынбор  қаласына барады. Орынборда жүріп Мұхтар Әуезовпен танысқан. Мұхтар Әуезов Нұрлыбектен он жас кіші болса да, екеуі әзіл-қалжыңы жарасқан замандастар секілді болыпты. Ақынның шығармашылық өсуіне де Мұхтар Әуезовтің ықпалы аз болмаған. Бұл туралы ақынның өзі «Қамар сұлу» поэмасын жазуға Мұхтардың көп ықпалы тиді», - деп айтады. 1950 жылы Павлодар облысындағы  қонақ үйлердің бірінде демалып жатқанда Нұрлыбек ақын Мұхтардың келгенін естіп, іздеп барады. Барса, ине шаншар жер жоқ екен, иін тірескен халықты көреді. Сол кезде төрде отырған Мұхтар Әуезов Нұрлыбекті көрісімен халықтың арасымен жүріп отырып,  қарт досымен құшақтай амандасып, қасынан орын беріпті. Жиылған халық болса: «Кемеңгер жазушы құрақ ұшып сыйлайтындай, мына шал кім болды екен?», -  деп таңданған екен.

Нұрлыбек Баймұратұлы 1939 жылы ел көлемінде ұйымдастырылған үлкен айтыста жыр алыбы Жамбылдың батасын алады. Сол тұста өзі қарсылас шақ келтірмей, есімі дүркіреп тұрған Нұрлыбек ақынды Шашубай деген әйгілі қарт айтыскер додаға шақырған екен. Дереу орнынан көтеріліп, қарт ақыннан кешірім сұраған Нұрлыбек Баймұратұлының адамгершілік асыл қасиетіне дән риза болған Шашубай ақынды құшақтап тұрып, көзіне жас алған деседі. Міне, шашасына шаң жұқтырмаған Нұрлыбек Баймұратұлы тума талант болса да, адамгершілік өлшемінен асып кетпеген, қарсыласын сыйлай білген, сөзге тоқтай білген.

Нұрғали Тұңғатаров деген азамат 1950 жылы Семейде тұңғыш рет кең көлемде ақындар айтысын ұйымдастырғанда Нұрлыбек ақынға мынандай баға беріпті:

«Нұрлыбек ақын едің Екпінің мол,

Сөзден нөсер құюшы ең оң менен сол.

Қой бастаған серкедей басқарушы ең,

Топты жарып, толқытып, көрсетіп жол.

Ақындармен Нұрлыбек қарысатын,

Аяғы жеткен жерге барысатын.

Долданса тұлпар еді тоқтамайтын,

Күш бермей ауыздықпен қарысатын».

Осы өлең жолдары-ақ Нұрлыбектің өз заманында дауылпаз, дүлдүл, сөз тапқыш ақын болғанын дәлелдеп тұр. Кеңес үкіметі кезінде де айтысқа қатысып, халықты күнделікті жаңалықтардан, саяси оқиғалардан құлағдар етіп тұрған. Зайсанға Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Кузнецов сияқты әдебиеттің тарландары  келгенде, солармен бірге Жармаға барып, «Шыңғыс сақинасы» деген өлең жазады. Бұл туындысы қазіргі «Семей таңы», сол кездегі «Екпінді» газетінің бетінде 1939 жылы жарық көреді.

«Нұрлыбек ақын Иса Байзақовпен сағаттап отырып үш рет айтысқан. Сонда Иса Байзақов домбырасын шекесінен асыра көтеріп, шертіп жыр төгіп отырып:

- Қарашы Қарағайдың еркесіне,

Исаның кетті шығып желкесіне.

Найманның қаңғып жүрген Нұрлыбегі

Арғынның кездесті ғой серкесіне, - деп толғаған екен.

Иса кезінде Нұрлыбекке «Мен саған құдаймын»,- деп мақтанса керек. Исаның ол кезде басы таз, киімі жүдеу екен. Нұрлыбек оның «Құдаймын» деген сөзін ұстап алып:    

- Өз жерім, мұнда қаңғып келгенім жоқ,

Аз болса кеудемді бергенім жоқ.

Жаратушы - бір Құдай деуші еді,

Бөрік киген таз құдай көргенім жоқ. – деп жауап қайтарыпты. Тыңдаушылар қыран күлкіге батып, Иса бұған өткір жауап қайтара алмай отырып қалыпты»,-  деп халық ақыны Қалихан Алтынбаев жазады. Орнында бар оңалар демекші, артында іздеушісі, жоқтаушысы бірлі-жарым емес, қалың көпшілік, бүкіл бұқара халық болса, адамның мәңгі жасайтыны күмәнсіз. Айтыс дүлдүлі, төкпе ақын Нұрлыбек Баймұратовты бесқарағайлықтар еш ұмытпайды, - деп сөзін түйіндеді Асылбек Қожахметұлы.

Бесқарағай ауданының Құрметті азаматы, Қазақ ССР-нің оқу-ағарту ісінің үздігі, зерттеуші-журналист, нұрлыбектанушы - Уәлихан Түкісовке арналған кестелі сөзді шәкірті, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищенің оқытушысы, режиссер  Болат Хамзин айтты.

- Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезов болса, Нұрлыбек Баймұратовты күллі қазақ жұртшылығына танытқан Уәлихан Түкісов еді. Мен сонымен мақтанамын. Өмірінің соңына дейін Уәлихан ағаның қасында жүріп, тәлімін алдым. Уәлихан атамыз Нұрлыбек Баймұратовты ең бірінші рет тоғыз жасында көріпті. Ақынның таланты мен түр-тұлғасы, келбеті сол кезде-ақ жүрегінде сақталып қалған екен. Сол тоғыз жасында түскен шоқ өмірінің соңына дейін лаулап жанды. Екінші рет – жолда көріпті. «Семеновка деген елді мекеннен бір кісі түсіп қалды. Қасымдағылардан бұл кісі кім деп сұрап едім, Нұрлыбек Баймұратов деп жауап берді. Екінші және соңғы рет көруім – сол болды » дейтін Уәлихан атамыз.

Уәлихан Түкісов - Нұрлыбек Баймұратов шығармаларын насихаттап қана қойған жоқ, өмірінің түп тамырына дейін зерттеп, ер есімін халық санасында қайта жаңғыртуға сүбелі үлес қосты, айлап, жылдап сапар соңында жүрді. Ақынның 130 жылдық мерейтойына  екі жыл қалғанда басылым беттеріне мақала жариялап, торқалы тойдың жақындап қалғанын тізгін ұстар азаматтардың есіне салды. Амал не, бүгінгі тойды көре алмай өзі де дүниеден өтіп кетті. Арамызда болса тойдың көрігін қыздырып отыратыны сөзсіз еді. «Нұрлыбек – ақиық ақын» деген пьесамды жазу үшін, алдымен, ағадан рұқсат сұрадым. «Осы пьесаны Бесқарағай ауданының 80 жылдық тойына арнасам» деген ойымды білдіргенімде, «Нұрлыбектің менен басқа да іздеушісі бар екен ғой. Тек әсерлеме, тым асырып сілтеме», - деп ризашылығын білдіріп, ақ батасын беріп еді. Сол сөздерді басшылыққа ала отырып, кітапты да жарыққа шығардық. Кітап күллі Қазақстанға танымал болмаса да, Шығыс өңіріне, Семейге танылып жатыр. Ақынның «Қанды жорық» поэмасын да пьесаға айналдырып, әзірлеп  қойдым, - деді Болат Хамзин.

Осыдан соң Уәлихан Түкісовтің және ұзақ жылдар Нұрлыбек Баймұратов атындағы орта мектепте директор қызметін атқарған ұстаз Тоқтаған Кәкенұлының туған-туыстарына аудан әкімінің міндетін атқарушы  Ерболат Рахметтулин атынан сый-сияпат жасалып, ерен еңбегі мен қарымды қуаты үшін қос қайраткердің ұрпақтарына құрмет көрсетілді.

Ақын есімі республика жұртшылығына танылып, тасы өрге домалаған екінші кезең - 1939 жыл. Осы жылдың 21-27 маусым күндері Қазақстан жазушыларының Алматыда өткен 11-ші сьезінде делегат ақын суырып салма шумақтарымен ұлы жиынды құттықтап, сол сьезд үстінде СССР Жазушылар одағына мүшелікке қабылданады. Сол жылы оған «Қазақ ССР-ның енбек сіңірген өнер қайраткері» атағы да беріледі. Өлеңмен өмірін өрнектеген ақын өмірінде жазықсыз жала жабылып, тар қапасқа қамалған, азап тартқан күндері де аз болмаған. Айтыс дүлділі 1962 жылы 8 қарашада 82 жасында дүниеден озады. Ақынның бірінші жары Балқиядан Мансұр атты ұлы және Гүлжаһан атты немересі, екінші жары Ұрқиядан Асылбек, Нәсілбек, Гүлбағиша атты ұрпақтары қалған.

- Әр нәрсенің тамыры болатыны секілді, жаңа замандағы қазақтың түп-тамыры Абайда жатыр. Сондықтан Нұрлыбек Баймұратовты да ұлы ақыннан тәлім алған Абайдың шәкірті деуіміз керек. Ақынның әділдік пен ақиқатты жырлауы, халықты білім мен өнерге шақыруы – соның бір дәлелі. Нұрлыбек ақынның өз заманында арқалы ақын болғанын тарихтың өзі көрсетіп келеді. Ол тек өзінен мүшел жас үлкен Иса Байзақовтан ғана жеңілген екен. Ол заманда теледидар, радио сынды байланыс құралдары болмады, халық тек айтысты тыңдады, қоғамдағы күллі жетістік пен кемшілікті сол арқылы білді. 1930-1950 жылдар арасындағы 20 жыл бойы айтыс қазақ даласындағы негізгі өнер түріне айналды. Әбден кедейленіп, шаршаған халықтың рухын көтеретін бірден-бір рухани қозғаушы күш - айтыс болды. Айтыс қазақ пен қырғызға ғана дарыған - асыл өнер.  Сол себепті, осы айтыс өнерінің биігінде тұрған Нұрлыбек атамызды өз заманының ақыны болды деуге әбден негіз бар. 1949 жылы халық көліктің не екенін білмеген заманда, Алматыдан «Победа» көлігін қанжығасына байлап келді. Бірақ Нұрлыбек Баймұратов тағдырдың еркесі болды деп айтуға келмейді. Ол тағдырдың тауқыметін, ашаршылықты, халықтың қиыншылығын, кедейлікті көп көрген адам. Алғашында Ораз Исаевтің көмегімен темір тордан құтылғанымен, 1950 жылдары ілмекке ілініп, түрмеге тоғытылды. Бостандыққа шыққаннан кейін бұрынғы қарқынынан айырылды. Сол тұста айтыс ақындары негізінен социализмді, Ленин мен Сталинді жырлаған еді. Естеріңізде болса, 1950 жылға дейінгі социализм тарихта «Сталиндік социализм» деп аталды. Бұл жылдар халықтың басына қара бұлт үйірілген сондай бір қиын уақыт болғанын барлығыңыз білесіздер. Нағыз социализм орнаған жылдар 1950 жылдардан кейін ғана басталды.

«Жас алпыстан асқан соң

Өлімге аяқ басқан соң,

Тіршіліктен оянып,

Көзіңді ала қашқан соң,

- деп Шәкәрім атамыз айтқандай, Нұрлыбек атамыз да жасы 60-тан асып, 70-ті алқымдаған тұста тіршіліктен оянғандай болды. Социализмнің жағымсыз тұстарын танып-біліп, ақындық ортадан алыстай бастады. Иса Байзақов Алматыға шақырғанда, одан да бас тартты. Бір жағынан сол тұста халық ақындарының төрағасы ретінде Нұрлыбек Баймұратовтан күнде жауап алынып отырды. Алашордашы ретінде қуғындауда жүрді. Өмірдің ащы-тұщысын көп көрген әке ұлына арнап «Мансұрға» деген өсиет өлең жазып қалдырды. Осы өсиетінде жастарға ақылын, өнегесін айтты. Он шақты шумақта қарым-қатынас өнегесі тұнып тұр. Бұл жай айтыс ақынының сөзі емес, ақынның кемеліне келіп, даналыққа аяқ басқан тұсында айтқан жан сөзі. Кеңес үкіметі кезінде халық ішінен шығып, халықтың рухын көтеретін, мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын ақындарға «Халық ақыны» деген атақ берілді. Нұрлыбек Баймұратов сол атаққа лайық жан болды. Өмірінің соңына дейін туған топырағынан алыстамай, қалың қарағайдың ішінде өмірін өткізді, - деп сөзін түйіндеді абайтанушы Асан Омаров.

Алқалы жиынның нүктесін қояр келелі сөздерді аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Рахметуллин айтып, лебізін көпшілікке арнады. 

- Нұрлыбек Баймұратовтың ұлы мерекесіне жиналған қауым, ардақты ағайын! Бүгін Бесқарағай ауданы үшін үлкен торқалы той. Осы жерде кіндік қаны тамып, осы жерден өрбіген халқымыздың біртуар азаматының, халық ақыны Нұрлыбек Баймұратовтың туғанына биыл 130 жыл толып отыр. 1 қаңтардан бастап аудан тұрғындары осы торқалы тойға арналған ауқымды шараларды «2017 жыл - Нұрлыбектану» жылы деген айдармен өткізіп келеді. Солардың ішіндегі ең салмақтысы қыркүйек айына келіп тоқтады. Кеше де жер-жерден келген ақындарымыз өрелі ойларын ортаға салып, Бесқарағайды Бурабайға теңеді, ауданда зиялы қауым мен биязы халық тұратынын тілге тиек етті. Қай кезде де сүйектен өтетін өткір сөздер тек ақындардың тілімен айтылған. Одан қорытынды шығару – біздің міндетіміз.

Нұрлыбек ақынның 1922 жылы Иса Байзақовпен айтысуы – қазақ тарихында қалған айтулы оқиғалардың бірі. Шындығын айту керек, жастығына қарамай Нұрлыбек ақын Исамен айтысуға бел байлап, белді ақынды сөзден тайдырған. Оның өзге ақындармен айтыстары – өз алдына бір әңгіме. Ал ақынның есімі ел есінен ұмытылып, тіпті 90-100 жылдық мерекелі күндері атаусыз қалған кезде Ново-Николаевка орта мектебінің директоры, марқұм Тоқтаған Кәкенов пен Уәлихан Түкісовтың бастауымен 1997 жылы ақынның 110 жылдығы жоғары деңгейде атап өтілді. Осы жылы ақынның есімімен орта мектеп аталды. Бұл - да бір тарих, зор еңбек. Уақыт деген ағып жатқан сумен тең. Енді міне, 130 жылдық торқалы тойына да аман-есен жетіп отырмыз.

Дауылға тиген өрттей өр мінезді Нұрлыбек Баймұратов қатал тағдырмен талай рет бетпе-бет келіп, қарсыласа, қасарыса өмір сүрді. Жазықсыз жазамен Колымаға жер аударылса да, өзіне біткен суырып салма талантымен өз заманының жырлаушысы бола білді. Оның есімі қазақ айтыскерлері арасында ұмытылмақ емес, - деді Ерболат Еренұлы.

Осыдан соң Нұрлыбек Баймұратов атындағы орта мектепте ескерткіш – мүсін ашылып, ақынның шығармалары мен өмір деректері, публицистикалық мақалалар жарық көрген «Нұрлыбек Баймұратов» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Келген қонақтарға 1992 жылы Қарағайлы ауылында ашылған ақын мұражайы таныстырылды.

Торқалы тойдың жалғасы түстен кейін да толастаған жоқ. Ақынын әспеттеген халық кең даланы әсем әнмен көмкеріп, киіз үйлер жарысын ұйымдастырды. Шашасына шаң жұқпас тұлпарлар аламан бәйгеде бақ сынаса, тағы бір тұста жауырыны жерге тимеген балуандар анықталды. Ауылдың алты ауызы да айтылып, құлақ бұрауы келтірілген күйлер орындалды, ақынның жауһар жырлары оқырманымен табысты. Осылайша дауылпаз ақынның есімі халқымен қайта қауышып, шоқтығы тағы бір биіктей түсті.

3 шақырымдық тай жарысында Әбдінұр Әмірғалиев, Темірлан Оралбаев, Әділет Алтынбаевтың тайлары жүлделі орындарды бөліске салды. 3,2 шақырымды қамтитын «Ұшқыр» жарысында Салия Белый атты азаматтың «Хорьковский» тұлпары топ жарса, Тілеуғали Епош атты азаматтың «Бөртесі» екінші, Әділет Алтынбековтің «Сұңқары» үшінші болып көмбеге жетті. 15 шақырымдық «Топ» жарысында Ілияс Қапанов,  Тілеуғали Епош, Рахат Есенгелдиновтердің тұлпарлары жүлделі болды. Ал ел құлағын елеңдеткен 25 шақырымды қамтитын аламан бәйгеде Сұлтан Хабдуллаев атты азаматтың тұлпары алдына қара салмады. Ұлан Нұрымжанов, Төлеуғали Еркебұлан сынды азаматтардың бәйге аттары да осы сайыстан олжалы қайтты.

Жырдың туын тіккен жан-жақты талант иесі – Нұрлыбек Баймұратовтың мерейтойын Бесқарағай жұрты осылайша өз деңгейінде атап өтті. Елдігіміз бен бірлігімізді көрсететін осы бір айтулы шара ел есінде қалатыны анық. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын. Өткенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғыртуға баса көңіл бөліп жатқан осы бір  шақта, Нұрлыбек Баймұратовтай жауһар жыр иелерінің есімдері халық санасынан көмескіленбек емес.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57