ОҚЫРМАН САУАЛЫНА ОРАЙ

Құрметті оқырман қауым, өздеріңізді мазалап, толғандырған, шешімін таба алмай жүрген сұрақтарыңыз болса, кез келген уақытта электронды пошта немесе sms, WhatsApp арқылы хабарлама жіберулеріңізге болады. Айта кетейік, авторсыз сұрақтарға жауап берілмейді. Міндетті түрде өзіңізді таныстырып, толық аты-жөніңізді жазуыңыз қажет. «Оқырман сауалына орай» айдарын тілші Жібек Серғазы жүргізеді. Электронды пошта: Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.

- Мен Семей қаласындағы бір дүкеннің жанында шекілдеуік шағып тұрған едім. Алайда өзім Аягөз ауданындағы Ақтоғай стансасына қарасты Қопа ауылынан келгендіктен, бұл жердің қоғамдық орын екенін және қоғамдық орында шекілдеуік шағуға болмайтынын білмеген едім. Мені қаладағы тәртіп сақшылары учаскелік пунктке алып келіп, хаттама толтырып, айыппұл салды. Мұндай жағдайға бірінші рет тап болып тұрмын. Айыппұл салу қаншалықты заңды және бұл жолы ескертумен шектелуге болмас па еді?

Арман Қасқабаев,

Аягөз ауданы

Сауалға Семей ҚІІБ Әуезов полиция бөлімі ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы,  полиция капитаны Еркебұлан Абдыкешов жауап берді:

- Қоғамдық орында шекілдеуік шағу ұсақ құқық бұзушылыққа жатады. Кез келген тәртіп сақшысы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің ұсақ бұзақылыққа қатысты 434-ші бабында көрсетілген қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларды қорлау, тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау, ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттерді байқаған болса, құқық бұзған азаматқа он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға құқылы. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде бұл әрекет қайта қайталанса, он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік жауапқа тартылады. Ал 14-тен 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адам ұсақ құқық бұзушылық жасаған болса, Кодекстің кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылыққа қатысты 435-ші бабына сәйкес, баланың ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ұсақ құқық бұзушылық жасаған 13 жасқа дейінгі жасөспірімдерге ғана айыппұл салынбайды, тек ескерту жасалып, әңгімелесу шаралары жүргізіледі.

 

- Алиментті қалай өндіруге болады және алиментті өндіру үшін қандай құжаттар қажет?

Жанна Алдоңғарқызы,

Семей қаласы

Сұраққа «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің сот актілерін орындау бойынша Семей аумақтық Сот орындаушылар бөлімі» филиалының басшысы,  аға сот орындаушы Арман Токаров жауап берді:

- Сіз кәмелеттік жасқа толмаған балаңыздың пайдасы үшін алимент өндіріп алу бойынша талап ету арқылы сотқа шағымдана аласыз. Алайда сотқа шағымданбас бұрын алимент жөніндегі мәселенің төлем мөлшері мен мерзімін белгілеп, сотқа дейінгі тәртіппен реттеп алуыңыз керек. Алимент төлеу туралы келісім жазбаша жасалады және ол нотариатта куәландырылуға тиіс. Алимент сотқа өтініш жасалған кезден бастап тағайындалады. Егер келісімге келу мүмкін болмаса немесе тараптардың бірі алимент төлеуден бас тартса, онда сотқа өтініш беріп, алименттерді мәжбүрлі төлеткізуге болады. Ол үшін жауапкер ері немесе зайыбының тіркелу орны бойынша міндетті түрде сотқа талап арызбен жүгінуі қажет.

Сотқа алименттерді төлетуге өтініш беру үшін мынадай құжаттар қажет:  алименттерді төлеу туралы талап өтініш, сондай-ақ жауапкер үшін оның көшірмесі, жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі мен түпнұсқасы, мемлекеттік баж алымды төлеуді растайтын құжат, талаптар негізделетін жағдайларды растайтын құжаттар, жауапкер және үшінші адамдар үшін, егер оларда мыналар болмаса, келесі құжаттардың көшірмелері: неке туралы куәлік, некені бұзу туралы куәлік, баланың туу туралы куәлігі, әкелікті анықтау туралы куәлік және нақты жағдайға байланысты басқа да құжаттар.

Кодекстің 75-ші бабына сәйкес, егер ата-анасы ата-аналық міндеттерін орындаудан бас тартса, соның ішінде алименттерді төлеуден қасақана бас тартса, онда олар ата-ана құқығынан айырылады.

 

- Онкологиялық ауруларды бір анализ тапсыру арқылы анықтауға болады ма? Сүт безінде қандай да бір патологиялық өзгерістер анықталған жағдайда емделу курсы тегін жүргізіле ме?

Айнұр Жантөрина,

Семей қаласы

Сауалға Семей өңірлік онкологиялық диспансер директорының емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Баян Бекетова жауап берді:

-  Обыр дертінің түрлері көп. Әрқайсысына өзіне тән белгілі тексерілу түрі тағы бар. Мысалы, асқазан обыры ФГДС, өкпе обыры компьютерлік томография, сүт безі обыры маммография немесе ультрадыбыстық зерттеулер арқылы анықталады. Қазіргі кезде онкомаркер анализін тапсыру сәнге айналып барады. Онкомаркерлер тек диагностикалық зерттеу жасауға көмектеседі, бірақ обырды ерте анықтай алмайды. Онкомаркерлердің нәтижесі тек ағзадағы обырдың күші артқан кезде ғана белгілі болады. Яғни обырды анықтау жолында бір ғана анализбен шектелмейсіз.

Екінші сұраққа келер болсақ, қала маммологтері учаскелік дәрігердің жіберген қағазымен тегін қабылдайды. Жалпы, республикадағы 50-ден 60 жасқа дейінгі әйелдер, қандай да бір патологияның белгілері жоқ болған күннің өзінде, профилактикалық тексерілуден ақысыз негізде өтеді. Олар тұрғылықты жері бойынша алғашқы медициналық жедел жәрдем мекемесіне келіп, маммографиялық тексеруден өтеді. Скрининг шеңберінде оларға биопсия тегін жасалады. Егер емделушінің бойынан қатерлі онкологиялық ауру анықталған болса, оның ем-домы мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Ал ағзасында қатерсіз обыр болса, емделуші емделу курсына өз қалтасынан қаржы жұмсайды.  

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57