Сейсенғазы ЧУКАЕВ: КҮРШІМНІҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР

- Сейсенғазы Жұмағалиұлы, бүгінгі Күршім - бұрынғы Марқакөл және Күршім аудандарынан біріктірілген облысымыздағы үлкен аудандардың бірі. Сұхбатты ауданның бүгінгі тыныс - тіршілігінен бастасақ...

- Біздің Күршім ауданы - тамылжыған табиғатымен, сұлулығымен талайды тамсандырған  Алтайдың ең ірі көлі Марқакөлімен, батыр бабаларымен, өнерлі ұрпақтарымен танымал өңір. XVIII ғасырда өмір сүрген Көкжал Барақ, Танаш, Күркебай сияқты ел қорғаған батыр бабаларымыздың осы Күршім топырағында дүниеге келгені тарихтан белгілі.

Күршім - жерінің астында минералды шикізат қоры, үстінде орман және энергетикалық ресурстары бар бай өлке. Күршімдіктер де ұлт намысын жоғары қоятын ұл мен қыз тәрбиелеп, ұлттық кәсіппен ырыздығын еселеп, ата - бабадан бүгінге жеткен салт - дәстүріміздің озығын сақтап, тозығын тастап, тәуелсіз қазақ елінің өркендеуіне өз үлестерін қосып жатыр. 

Республика бойынша 1997 жылғы оңтайландыру тұсында, бұрынғы Марқакөл және Күршім аудандарының біріктірілгенін, әкімшілік орталығы болып Күршім ауылы бекітілгенін білесіздер. Бүгінгі таңда ауданның әкімшілік құрамында 12 ауылдық округ және 53 елді мекен бар.  Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік саласы халықтың жұмыспен қамтылуына елеулі ықпал етіп қана қоймай, бюджетке түсетін салық көлемін еселеуге де үлес қосып отыр. Халықты азық - түлікпен қамтамасыз етуде біздің ауданның қосып отырған үлесі айтарлықтай. Күршім ауданы  бақша және көкөніс өнімдерін өндіру көрсеткіштерімен облыс бойынша алдыңғы қатардан көрініп жүр. Ауданда өндірілетін қызанақ, қияр, қарбыз, қауын өнімдері аймақтағы тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие. Соның ішінде біздің ауданда өсірілген қарбыз республика көлемінде брендке айналып отырғанын мақтанышпен айта аламыз.

Ұлттық кәсібіміз мал өсіру Күршімде жақсы жолға қойылған. Аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлы Ахметовтің тапсырмасына сәйкес,  биылғы жылы ауданда 860 жеке қосалқы шаруашылықты біріктіріп, 38 ауылшаруашылық кооперативін құру тапсырылған болатын. Бүгінгі таңда аталған тапсырмаға сәйкес 678 жеке қосалқы шаруашылық пен шаруа қожалықтары біріктіріліп, 32 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды. Ауданымыз, негізінен, ет бағытындағы мал өсіруге басымдық береді. 9 шаруа  қожалығы асыл тұқымды мал өсірумен, 11 шаруа қожалығы асыл тұқымды ара өсірумен айналысады. Ауданда балық аулау және балықты қайта өңдеу, экспортқа шығарумен «Төре-Тоғам» ЖШС айналысады. Бүгінгі күні кәсіпорын өз өнімдерін Еуропа мен Қытайға экспорттауда. 

- Аудандағы орта және шағын бизнеске кеңірек тоқтала кетсеңіз?

- Бүгінгі күні аймақтағы шағын және орта кәсіпкерлік қалыптасқан экономикалық сала ретінде баға-ланады. Шағын және орта бизнес халықтың жұмыспен қамтылуының    елеулі пайызын, тауарлар мен қыз-меттердің кең саласын құрап, бюджетке түсетін салық түсімдерінің көп үлесін  қамтамасыз етіп отыр. Аудан бойынша шағын және орта бизнес субъектілердің саны - 1927. Оның ішінде заңды тұлғалар – 72, шаруа қожалықтары – 931, жеке кәсіпкерлер 924-ті құрады.

2014 – 2016 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту картасы жасалып, осы жылдар арасында аудандағы кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары белгіленген жоспар негізінде іске асырылуда. Кәсіпкерлікті дамыту картасына кірген 141 жоба иесіне 359 млн. 600 мың теңгенің несиесі беріліп, 170 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Жалпы, Күршімде өз кәсібін ашып, тұрмысын жақсартуға талпынушылардың аз еместігін байқаймыз. 

- Күршім ауданы халқының негізгі бөлігі ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және өңдеумен айналысатынын білеміз. Осы ретте шаруа қожалықтарының жағдайлары қалай?

- Ауыл - қазақтың ұлттық бесігі. Етсіз өмір сүре алатын қазақ бар ма? Ендеше, азық–түлік өндіру - біздің де негізгі кәсібіміз. Бұл орайда да қол жеткізген табыстарымыз аз емес. Агроөнеркәсіп кешені субъектілері үшін тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру мақсатында аудандағы шаруа қожалықтарына 2015 – 2017 жылдар аралығында 785,458 млн. теңге субсидия төленді.  Жыл аяғына дейін қосымша 80-90 млн. теңге субсидия игеріледі деп күтілуде. Биылғы жылы шаруа қожалықтары өз қаражаттарына және лизингке 16 дана техника сатып алды. Бүгінгі күнге шаруа қожалықтарының жағдайлары жақсы деп айтуға толық негіз бар. Себебі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, өнімдерін аудан және облыс нарығына еркін шығаруда. Еңбектің өнімді болуы үшін, жұмысшыларға қолайлы жағдай жасау керек екені белгілі. Шаруа қожалықтарындағы еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайы заман талабына сай деп айта аламыз.

- Сейсенғазы Жұмағалиұлы, осы жерде бір сауал туындап тұрғаны. Өңдеу кәсіпорындары бар ма?

- Әрине, бар. Ондай кәсіпорындардың бірі - балық өңдеумен айналысатын жоғарыда айтып кеткен «Төре Тоғам» ЖШС. 2010 жылы еуростандартқа сәйкес құны 60 млн. теңге тұратын заманауи өңдеу цехы салынды. Өнім қуаттылығын арттыру үшін құны 2 млн. теңге тұратын мұздатқыш орнатылған. «Төре Тоғам» және «Дигам»  жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері 22 жеке кәсіпкермен келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Оның ішінде 16 жеке кәсіпкер «Төре Тоғам» ЖШС-нің құрылтайшысы болып саналады. Жеке кәсіпкерлердің қарамағында барлығы 200 балықшы жұмыс атқарады. Ауданда шабақтар өсірумен «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру» ЖШС айналысады. Кәсіпорын алдағы уақытта уылдырықтан бағалы балықтардың шабақтарын өсіру және тауарлы балықтар шығарып сату жұмыстарымен айналысатын болады. Кәсіпорында инкубация бойынша жұмыстар басталып, карптың дернәсілдерін алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күз айларында 9 млн. дана биылғы жылғы шабақтарды өсіріп, аудан, облыс және республика көлемінде табиғат пайдаланушыларға сатамыз деп жоспарлауда. Қорыта айтқанда, бүгінгі күні аудан бойынша балық шаруашылығында балық өсіру, балық аулау және балық өнімдерін шығару ісі дұрыс жолға қойылған деп айтуға толық негіз бар.

Аудандағы 25 наубайхана күніне 7,45 тонна нан өндіреді. Аудан тұрғындарына жылына 2,7 мың тонна нан қажет десек, ас атасына деген сұранысты  жергілікті өнім өндірушілер толық қамтамасыз етеді. Аудан кәсіпкерлері тек азық–түлік өндірумен ғана айналысып қоймайды, басқа да халыққа қажетті тауар өндірумен шұғылданады. Бүгінгі таңда халықтың жағдайы жақсарған. Үй салып, құрылыс жұмысын бастауға ниетті күршімдіктердің қажетті бұйымдарды алыстан тасымалдамай, өз ауданымыздан алуға мүмкіндіктері бар. Бүгін ауданда құрылыс материалдарын дайындаумен айналысатын 10 кәсіпкер тіркелген. Аталған жеке кәсіпкерлер аудан тұрғындарын құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ тоқыма бұйымдарды өндірумен, жиһаз құрастырумен айналысатын жеке кәсіпкерлер де бар. Алғабас ауылында «Дастан» шаруа қожалығы қымыз өндіру және пластик шөлмектерді шығару кәсібімен айналысады.

Бал өнімдерін өндірумен айналысатындар да бар. Байқап отырған шығарсыздар, біздің ауданда кәсіпкерлік жақсы жолға қойылған және кәсіп түрі сан алуан. Бұл жалпы аудан халқының бүгінгі әлеуметтік жағдайынан хабар берсе керек.

- Сейсенғазы Жұмағалиұлы, мені алаңдататын бір мәселе бар. Қалаға көшу үрдісі бүгін ұлттық бесі-гіміз ауылдың болашағына қауіп төндіріп тұрғандай көрінеді. Аудандағы халық санында азаю бар ма?

- Иә, урбанизация бүгін баршамызды ойландырып отырған мәселе. Жасыратыны жоқ, еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары ауылдан қалаға үдере қоныс аударған көшті тоқтату қиын болды. Ол кездегі жағдай түсінікті еді: күнкөрістің қамы. Жекешелендіру тұсында жаппай жұмыссыздық жайлаған қиын уақыт болды. Сондай-ақ екі аудан қосылған соң қаланы бетке алғандардың көп болғанын ресми деректерден байқаймыз. Қазір жағдай өзгеше. Ауылда да ауқатты өмір сүруге, бала оқытуға болатынын түсінген көпшілік кәсіппен айналыса бастады.

Күршім ауданы бойынша 2017 жылы халық саны 27 026 адам, 2016 жылы 27 104 адам болған. Байқап отырған боларсыздар, тұрғындар саны биылдың өзінде 78 адамға азайды. Алайда бұл бұрынғы жылдармен салыстырғанда көп емес. Халықтың ауданнан көшіп кету себептері әр алуан. Оның бір себебі - Күршім ауданында облыс орталығына қатынайтын жолаушыларды тасымалдайтын паромдық өткел бар, бұл өткелдің жұмыс уақыты жыл мезгіліне, күн райына және уақытқа байланысты шектеулі (түнгі уақытта өткел жұмыс істемейді). Мұндай қиындықтар ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуына, атап айтқанда үздіксіз жолау-шы, жүк тасымалдауға кедергісін келтіреді. Ауданның географиялық орналасуына байланысты, негізгі экономикалық қарым - қатынас тек паром арқылы жүзеге асырылады (өзенде мұз қатқанда, айналмалы жолмен қатынауға тура келеді). Бұл өз кезегінде тауарлардың өзіндік бағасының артуына және қосымша шығындарға әкеп соқтырады.

Сондай-ақ аудан халқының тұрмыстық әл-ауқатына кері әсерін тигізеді. Сол сияқты, аудан халқының негізгі кәсібі ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан, жастардың меңгерген мамандықтары бойынша еңбек нарығында сұраныстың болмауы да оларды қаланы жағалауға мәжбүр етіп отырған себептердің бірі. Аудандағы Марқакөл өңіріндегі елді мекендердің шалғайлығы және ауа райының қолайсыздығы, қыс мезгілінің өте суық және алты айға дейін созылуы да халықты туған жерді тастап, жайлы жер іздеуге мәжбүр етіп отыр.

- Жастар, кадр мәселесі қалай жолға қойылуда? «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы негізінде жас мамандардың елге оралуы қандай деңгейде?

- Жас мамандарды ауылға тарту, олардың әлеуметтік жағдайын, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту арқасында соңғы жылдар аралығында Күршім ауданындағы мектептерге  «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша 45 жас маман жұмысқа келді. Бұл бағдарламаға сәйкес,  2017 жылдың 9 айында ауданға білім беру, спорт, денсаулық сақтау салаларына жұмысқа келген 16 жас маманға 2 млн. теңгенің үстінде көтерме жәрдемақы және 11 жас маманға 33 млн. 602,0 мың теңгеге тұрғын үй несиесі берілді. Өз басым «Дипломмен - ауылға» бағдарламасын мемлекет тарапынан ауылда тұруға ынталы жастарға жасалып отырған үлкен қамқорлық дер едім.

- Ауданда кадр тапшылығы бар ма?

- Кадр тапшылығы бар. Ағымдағы жылдың тамыз айында аудан әкімі аппаратының, халықты жұмыспен қамту орталығы, мекеме басшыларының, жеке кәсіпкерлердің, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалдары өкілдерінің, Жастар орталығының қатысуымен «Бос орын жәрмеңкесі» өтті. Күршім ауданындағы бос лауазымдармен таныстырылып, мемлекеттік, азаматтық қызметке түсу, бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасу тәртібі түсіндірілді. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауаптар берілді. Сонымен қатар білім бөлімімен жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітірген түлектерге сараптама жасалып, бос орындар бойынша біліктілік талаптарына сәйкес келетін адамдар анықталып, конкурсқа қатысып, мемлекеттік қызметке түсу мүмкіндіктері туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Дегенмен бүгінгі таңда физика, математика, ағылшын тілі пәні мамандарына сұраныс бар. Ал денсаулық сақтау саласында кадр мәселесі толық шешілген. Аудандық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдарда 17 бос лауазымдық орын тіркелген. Кадр тапшылығы мәселесін шешу бағытында Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Серпін-2050», «Мәңгілік Ел жастары - индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2018 жылы оқу бітіретін педагог мамандарды аудан мектептеріне шақыру жұмыстары жүргізілуде.

- Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына орай атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.

- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған әр сөздің астарында терең мағына, парасатты пікір жатыр. Мақалада білімге басымдық берілген. Білім – бүгінгінің басты қажеттілігі. Елбасы: «Біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз»,- деді. «Туған жер» бағдарламасының «Жомарт жүрек» арнайы жобасына сәйкес, демеушілер көмегімен 45 жоба жоспарланып, оған 185 млн. теңге қаражат керек болса, бүгінгі күнге 33 жоба жүзеге асырылып, ауданға 157 млн. теңге инвестиция тартылды. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы бірінші бағыт  «бәсекеге қабілеттілік» деп аталады. Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтастай халық өзінің бәсекелік қабілетін арттырса  ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. ШҚО әкімдігінің 2016 жылғы 8 шілдедегі үш тілді білім беруді дамытудың  кешенді жоспарына сәйкес, ауданда іс-шаралар атқарылуда.

Елбасы өз мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып отыр. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды қолдау керек. Осы жұмыс та ауданда мықтап қолға алынды. Қайыңды ауылының тумасы А.Рахимбаев мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 3 млн. теңгеге спорттық құрылғылар, цифрлық техника сатып әперсе, Бурабай ауылының тұрғындары Алибаевтар отбасы 300 мың  теңгеге спорт киімдерін, ал Е.Аймұхамбетов 400 мың теңгеге жиһаздар мен доп сыйлады. Үшбұлақ ауылының тұрғыны Ж.Ахметов 945 мың теңгеге мектепке музыкалық орталық, шаңғы тарту етті. № 4 Күршім орта мектебінде 500 мың теңгеге ардагер ұстаз Қ.Сембаев, Қаратоғай орта мектебінде 1 млн. теңгеге соғыс ардагері М.Слямов атындағы кабинет жабдықталды. Қалжыр ауылының тумасы С.Байшолақов 3 млн. теңгеге спорттық құрылғылар мен спорттық киімдер тарту етті.

Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Туған мектеп» жобасы бойынша 6 мектепті «Роботты техника»  кабинетіне қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау жоспарланып, қазіргі уақытта осы бағытта кәсіпкерлермен, меценаттармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта да өзі оқыған мектебіне көмек көрсетуге қатысты қаржылық мүмкіндігі бар түлектерімізбен әңгіме жүргізу үстіндеміз. Жақсы бастама жалғасын табады деген үміттеміз.

- Аудан халқының әлеуметтік  жағдайына тоқталсақ. Баспананың, балалар бақшасының кезегінде тұрғандар саны қанша?

- Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Жолдауында білім саласындағы  ауқымды проблемалар көтеріліп, сол проблемаларды шешу жолдарын анықтау жөнінде тапсырма беріледі. Тапсырмаларды орындау мақсатында білім саласында кешенді бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі облыстық және республикалық бюджет есебінен жаңа мектеп ғимаратын салу арқылы өз шешімін тауып отыр. 2016 жылы Үшбұлақ аулында апатты жағдайдағы мектептің орнына жаңа мектеп ғимараты қолданысқа берілді. Ауданда соңғы 10 жыл ішінде 10 жаңа мектеп ғимараты салынып, қолданысқа берілді. Қазіргі уақытта Жолнұсқау және Ұрынхай ауылдарындағы апатты жағдайдағы мектептердің орнына жаңа мектеп ғимаратын салу жоспарда. Ауданда барлығы 53 елді мекен бар болса, оның ішінде 22 елді мекен орталықтандырылған таза сумен қамтылған. Күршім ауданында 224 адам баспана кезегінде тұр.

- Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жұмыссыздар саны қанша? Егер болса, шешу жолында әкімдік тарапынан қандай іс-шаралар атқарылуда?

- Осы жылдың 8 айында жұмыспен қамту орталығында 384 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Олардың ішінен Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жастар тәжірибесі бойынша 30 жас, мамандықтарына сәйкес, мекемелерге жолдама алды. Соның ішінде 4 жас тұрақты жұмысқа орналасты. Халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен жыл басынан бері бірнеше рет жұмыссыздар арасында бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Нәтижесінде әлеуметтік және тұрақты жұмыс орындарына бірнеше адам орналас-ты. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 57 отбасына - 289 адамға шартты ақшалай көмек тағайындалды. 

- Сейсенғазы Жұмағалиұлы, соңғы сауалым. Сіздің ойыңызша, бүгінгі ауылдардың болашағы бар ма?

- Ауылдардың болашағы өте зор. Өйткені халықты азық-түлікпен қамтамасыз ететін - ауыл. Тамақ өнімдеріне сұраныс әр уақытта болады және азаймайды. Құлшынып тұрған жастарға ауылдан да жұмыс табылады. Атам заманнан келе жатқан  халқымыздың кәсібі төрт түлік малды өсіріп, бос жатқан жерлерді игеріп, ел экономикасын тамақ өнімімен қамтамасыз етуге мүмкіндік мол.

Суға, құнарлы жерге бай өлкеге келушілерге  жағдай жасауға біздің тарапымыздан да барлық шаралар қарастырылуда. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің көмегімен ауданның негізгі өзекті мәселесінің бірі - Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу жұмысы жоспарлану үстінде. Егер сол жоспар іске асса, ауданға оралуға ниеттілер аз емес. 

- Салиқалы сұхбатыңызға рақмет! Жұмысыңызға сәттілік тілеймін. Күршім ауданы көркейе берсін!

- Рақмет! Ғасырлық тарихы бар «Семей таңы» газетінің оқырманы көп болғай!

Сұхбаттасқан Риза МОЛДАШЕВА.

Ермак Сәлімов: ТАРИХТЫ ТАРАЗЫЛАУДЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЕНШІСІНЕ ҚАЛДЫРҒАН ЖӨН БОЛАР

Соңғы кездері Семейдің  300 жылдығын тойлау жайлы ұсыныс айтушылар мен «қаланың 1000 жылдық тарихы бар» деп аталған бастамаға  қарсылық білдірушілер арасында  қызу пікірталас жүріп жатқандығы көпшіліктің назарынан тыс қалып отырған жоқ деп ойлаймыз.

«Семей таңы»  газеті де аталған тақырыптан шет қалмай, «Тарих қателікті кешірмейді» айдарымен ғалым Асан Омаровтың «Семей - 1000 жылдық қала» атты ғылыми еңбегін және осы жолдарды жазып отырған  автордың «Семейдің 300 жылдығын тойлау - қазақ даласын отарлау саясатының 300 жылдығын тойлау» атты мақаласын оқырмандар назарына ұсынған болатын. Редакция поштасына жарық көрген мақалаларға үн қосқан оқырман хаттары көп келді.

Таяуда Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовке жолығып, атқарушы биліктің  газет бетінде көтерілген қос тақырып - Семейдің тарихы мен Алашорданың 100 жылдығын атап өту жайлы жоспарымен бөлісуді сұраған едік: 

- Биыл Семей қаласының 300 жылдығын тойлау жайлы атқарушы билікке ұсыныстар түскендігін жасырудың қажеті болмас. Осы дерекке қарсы «1000 жылдық тарихы бар шаһар» деп қарсылық білдіріп жатқандардың да қарасы аз емес екендігінен хабардармын. Атамекеннің тарихын, бабаларымыздың жүріп өткен жолдарын қастерлеу, туған ел мен жерге деген сүйіспеншілікті, ана тілімізді, ұлттық әдет-ғұрыпты өскелең ұрпақтың санасына сіңіру - біздің парызымыз. Аталған мәселеге байланысты өз ойым - тарихты таразылауды ғалымдардың еншісіне қалдырған жөн болар. Қаламыз қанша жаста, іргетасы қай жылы қаланды деген сауалға байланысты әр алуан пікір бар. Ғалымдардың, археологтердің деректерінде 9-11 ғасырлардағы Қимақ дәуірінде Семиярка ауылы жанынан көне қала орны табылғаны жазылған. Қала іргесіндегі Озерки ауылынан осы Қимақия дәуіріне жататын қорымның да табылуы шаһардың тарихы әріде жатқанын айғақтап тұрғандай. Сондықтан дәл қазіргі сәтте «Қала күні» деп өткізген дұрыс және пікір таластырып, сыңаржақтылыққа ұрынбаған жөн деп ойлаймын. Егер аталған мәселе бойынша әлі де тың деректер табылып, тиянақты ұсыныстар жасалып жатса, қаланың тарихы атаусыз қалмайды. Әзірше бұл мәселені алдағы  уақыттың еншісіне қалдыра тұрған дұрыс болар. Қала күні аясында Семейді көркейту, көгалдандыру  жұмысына  назар аудару - басты мақсатымыз. Осы  орайда шаһардың  әр тұрғыны абаттандыру мен тазалық жұмыстарына үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді.  

Ермак Сәлімов  сондай-ақ Алашорданың 100 жылдығын атап өту мәселесі бойынша да өзінің пікірін білдіріп өтті:

- Семей мен Алаш - егіз ұғым. Семей – азаттықты арман еткен ұлт зиялыларының басын қосқан бесігі. Қазақ елінің ұлттық саяси элитасы Семейде қалыптасты. Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Халел Ғаббасұлы сияқты Алаштың азат ойлы азаматтарының бостандыққа шақырған үні Семейден бүкіл  қазақ даласына  тарады. Ендеше, Алашорданың 100 жылдығын атап өту, Алаш арыстарына құрмет көрсету  -  біздің борышымыз. Бұл орайда атқарылатын іс-шаралардың жоспары жасалған. Алаштың соңғы тұяғы Қайым Мұхамедхановқа берілген көше Алашқа жасалған құрметтің басы деп ойлаймын. Сондай-ақ Әлихан Бөкейха-новқа  ескерткіш қою жұмысы қолға алынып жатыр. Қала бюджетінен тиісті қаржы қарастырылды. Басқа да іс-шаралар жоспарланған. Ал Алаш арыстарының үні болған «Сарыарқаның» бүгінге жеткен сарқыты «Семей таңы» газетінің 100 жылдығын оқырмандарымен бірге атап өтуді ұйымдастыру жағы да назарымызда. 

Сонымен, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовпен болған қысқа сұхбатта көңілді күпті етіп жүрген екі сауалға жауап алдық. Жоспар жаман емес. Тек тарихты таразыға салар салтанаттар сәтімен болсын деп тілейік.

Риза МОЛДАШЕВА.

ТЫНЫШБАЙ ӘН АРНАҒАН АЛТАЙДЫҢ АРҒЫ ЖАҒЫНДАҒЫ АРУ

 

 

 

Тоқсаныншы жылдардың басында «Алтайдың ар жағынан келген ару» халықтың сүйікті әніне айналған еді. Барлық телерадиоарналар жаппай осы әнді эфирден қайталай беріп, қанша орындалса да тыңдарманды әлі күнге дейін жалықтырмаған әннің шығу тарихы жайлы да халық арасында әртүрлі әңгіме айтылады. 1999 жылы дүниеден өткен талантты ақын, сазгер Тынышбай Рахимов ән арнаған ару кім? Осыдан бірнеше жыл бұрын Қытай елінде болған сапарымызда осы әннің шығуына  себепкер болған арумен кездесіп, танысқан болатынбыз. Таяуда, Жаңа жыл қарсаңында, WeChat байланысының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Қытайдағы Әмина Еркешпен тағы бір сұхбаттасудың сәті түсті.

Қытай еліне барған сапарларымыз кезінде ол жақтағы қазақтардың өз ұлтының әндеріне  ерекше құрметпен қарайтындығын байқап жүрмін. Аспан асты еліндегі қандастардың  автокөлігінен немесе қалта телефонынан қазақ әндерін естігенде, бойымызды бір жылу сезім билеп, алыста жүрген бауырларымыздың туған жерге деген сағыныш сазы  құлағымызға жеткендей болады. Бірнеше жыл бұрын Үрімшіге барған сапарымызда да бізге аудармашы болып жүрген қазақ жігітінің автокөлігінен өзіміз сүйіп тыңдайтын  Тынышбай Рахимовтың «Алтайдың ар жағынан келген ару» әуенін естігенде, осы әннің  шығу тарихы жайлы әңгіме басталып кетті. Бұл ән жайлы ел аузында алуан түрлі  әңгіме айтылады. Мен жанымдағы жігіттерге бұл әнді Тынышбай Рахимовтың осы Қытайда тұратын қазақ қызына арнағаны жайлы айтқанда, олар әнге арқау болған арудың Шыңжаң телевидениесінің қазақ бағдарламасындағы Әмина Еркеш атты диктор екендігін айтып әңгімені  іліп әкетті. Журналистік әуесқойлығымызбен дереу Әминаның телефон нөмірін тауып беруді өтінген едік. Көп кешікпей іздеген кейіпкерімізбен телефон арқылы байланысып, кездесу уақытын белгіледік, сөйтіп қазақ ақынына:

Алтайдың ар жағынан келген ару,

Жалт етіп қарағаны - емге дәру,

Мөп-мөлдір жанарың-ай, жаз дидар қабағың-ай,

Көргенде тіл қата алмай қарадым-ай,

Қасыңа бара алмадым,

Сездің бе жан арманын,

Еріксіз қалқам саған ән арнадым,-

деп ән жаздырған, жыр жаздырған арумен алғышқыда, бұдан бірнеше жыл бұрын  Үрімшідегі «Шопан жігіт» атты қазақтың ұлттық тағамдарын даярлайтын мейрамханада кездескен едік. Жасыратыны жоқ, жыр арнаған ақынды ғана емес, әнді тыңдаған барша қазақты ынтықтырған жұмбақ жан қандай екен деген ой көкейде болған еді. Орта бойлы, қою қара шашы иығына төгілген бидай өңді  әдемі келіншектің үлкен бота көздерінен өжет әрі өзіне сенімді жанның келбетін  көргендей болдық. Артық еті жоқ дене бітімі де өзіне жарасымды. Сырт келбеті мен киген киіміне қарап өзін өзі күтетін ұқыпты жан  деп ойладық. Тәкаппарлық та Алтайдың ар жағындағы арудың бойына жат емес сияқты. Дегенмен әңгімеміз бірден жарасып жүре берді:

- Әмина, «Алтайдың ар жағынан келген ару» қазақ әндерінің ішінде сәтті  шыққан туынды деп есептейміз, барша қазақстандықтардың осы сүйікті әні өзіңе арналғанынан да хабардармыз...

 - 1991 жылы Қазақстанда бір топ Қытай делегациясы іссапарда болып, мен осы топты аудармашы болып бастап барған едім. Ол кезде Іле телевидениесінде қызмет істеймін, әлі тұрмысқа да шықпағанмын, жасым жиырмадан енді асқан кезім.Осы сапарда Қазақ телевидениесінің «Кеш жарық» бағдарламасына қатысуға  шақырылдық. Тынышбай Рахым осы хабардың режиссері болып қызмет істейді екен. Алайда мен сол сапарда ол кісімен кездесіп, танысқан да жоқ болатынмын, тіпті атын да естімеген едім. Хабарды дайындау кезінде, алыстан келген қазақ қызы қандай екен деген ой болды ма, сырттан бақылап отырғанға ұқсайды. Ол  Қазақстан мен Қытай арасындағы барыс-келіс қазіргідей өркендей қоймаған кез. Сондықтан да шетелден келген қазақ қызы қандай деп сынай  қараған кездерді аңғармау мүмкін емес еді. Елге оралған соң, магнит таспаға жазылған Нұрғали Нүсіпжановтың орындауындағы әннің алғашқы нұсқасы маған келіп жеткен.  Жасыратыны жоқ, алғаш әнді естігенде абдырап қалдым. Қазақ телевидениесінде  көрген адамдарымды шетінен көз алдыма елестетіп, әнді жазған ақынды оймен іздей бастадым.  Ән өзіме қатты ұнады. Кейіннен бұл әнді Мақпал Жүнісова да орындады. Нұрғали Нүсіпжанов та, Мақпал Жүнісова да қазақтың халық мойындаған талантты әншілері ғой.  Дегенмен әр әннің өз орындаушысы болады. Сәкен Қалымов орындағанда, ән өз орындаушысын тапты деп ойладым. Әннің бағын ашқан Сәкен болса, әншінің бағын ашқан да «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні болғанына  ешкім де қарсы дау айта алмас. Осы әннен кейін Сәкенді халық таныды.

- Әмина, сонымен әннің жолы болды. Ал өзіңе арнап ән жазған ақынмен кездесудің сәті түсті ме?

 - 1996 жылы Синьцзян Ұйғыр автономиясына қарасты  Іле облысының бір топ өнерпаздары Алматыдағы Республика сарайында «Алтайдың ар жағынан келген ару»  атты концерт берді, бағдарламаны өзім жүргіздім. Сол кеште Тынышбай аға сахнаға шығып, менің бетімнен сүйіп, залға жиналған қалың көрермен алдында гүл берді. Осы кеште маған ән арнаған ақын ағаның үйінде қонақта болып, өзімен, жанұясымен таныстым.

 - Айтпақшы, осы «Алтайдың ар жағынан келген ару» әніне өзіңнің әнмен қайтарған  жауабың да бар деп естіп едім...

 - Сөзімнің басында айтып кеттім ғой, әннің үнтаспаға жазылған алғашқы нұсқасын алған соң, авторға хат жазып алғыс айтқан болатынмын. Сол хат негізінде ақын қыз жауабын да әнге айналдырған екен.

Ақиық қыран аға,

Ақ маржан жыр арнаған,

Өзіңді ел мақтамай тұра ала ма,-

деген өлең жолдары сол хаттың негізінде жазылған...

- Бұл ән жазылған кезде, өзің жиырмадан жаңа асқан бойжеткенсің, ал Тынышбай  Рахымның қырықтың қырқасына шыққан шағы ғой деп шамалаймын. Әннің сөзіне қарағанда, ақын өзіңе ғашық  болған сияқты... Әнді алғаш естігенде қандай әсерде болдың?

 - Әрине, ата жұртта бейтаныс ақын аға ән арнап жатқанда толқымадым десем, сенбейсіңдер. Дегенмен өзім бұл әнді жырақта жүрген қарындасына елдегі ағаның сағыныш сәлемі деп қабылдадым. Тынышбай аға қайтыс болғанын естігеннен кейін ақын ағаның зайыбы Қарашаш апаймен сөйлесіп, көңіл айттым, қонаққа шақырдым, өткен жазда Қарашаш апай кіші қызымен келіп қонақ болып кетті. Осы сапарында Қарашаш апаймен көп сырластық. Өзіме ән арнаған ақын ағаның жұбайы іздеп келгенде, туған жеңгем келгендей қуандым. Қарашаш апайдан: «Әнді естігенде жолдасыңызды қызғанбадыңыз ба?»- деп сұрадым. Ол кісі ақылды адам екен: «Ақынға әйел болу - әрі бақыт, әрі сор, біреудің көзі, біреудің сөзі, бір қыздың қылығы, бір қыздьң бұрымы ұнайды, өлең жазуға себеп болады, оның бәрін көңілге ала берсем, ақынмен бірге ғұмыр кеше алар ма едім. Бір күні жұмыстан бір түрлі толқып келді: «Қытайдан келген делегацияның ішінде бір қазақ қызы келді бізге, өзі өте әдемі екен, қарашы, өлең жаздым, сол қызға арнап»,- деді. Өлеңді оқып шықтым. Ақын болмасам да ақынға жақын болдым ғой, өлеңнің кей жерлеріне өзгеріс енгізуге де кеңес бердім. Әннің халықтың көңілінен шыққанына Тынышбаймен бірге мен де қуандым»,- деді Қарашаш апай.

- Әмина, енді өзің туралы айтып берсең...

- Өзім осы Қытайдағы Сауан ауданында дүниеге келгенмін. Руым - Найман, оның ішінде Қыржымын. Ата-анамның бес баласының ең үлкені болғандықтан, ата-әжемнің бауырында, атам Еркештің кенжесі болып өстім. Ата-әжемнің тәрбиесінің арқасында қазақтың салт-дәстүріне қанып өстім. Өзімнің жолдасым Мұрат - қазақ азаматы. Бір қызымыз бар, 18 жаста, аты  Әльфира. Қазір университетте оқиды. Қытай мектебінде оқып білім алғанымен,  қызымызға Қазақстан туралы жиі айтып, ата-әжемнің өзіме үйреткеніндей,  ұлттық тәрбиені құлағына сіңіріп отырамын. Үйде қазақ тілінде сөйлесеміз. Өзім Пекин университетінің жанындағы телевидение, радио мамандарын дайындайтын курсты тамамдаған соң еңбек жолымды Іле телевидениесінде дикторлықтан бастадым. Қазір Үрімшідегі Шынжаң телеарнасында қызмет атқарамын. Біздің редакцияда екі жүзден артық адам жұмыс істейді, екі телеарнада хабар таратады. Еңбегім елеусіз де емес, Қытай еліндегі «Ең үздік диктор» атағын алған жалғыз қазақ қызымын.

- Қазір жасың нешеде?

Бөгеліп барып күліп жібергенінен «қыздың жасын сұрамайды» деген қағиданы білмейсіз бе деген ойды аңғардым. Дегенмен:

- 51 жастамын,- деген жауап алдым.

-Қытайда әйел адамдар зейнет демалысына қай жаста шығады?

- 55 жаста шығады.

- Елге, ата жұртқа оралу жоспарларыңда бар ма?

- Шетелде жүрген қандастардың ішінде ата жұртқа оралуды армандамайтыны жоқ шығар деп ойлаймын. Дегенмен елге оралсақ болды деп шаба жөнелгенді өз басым құптамаймын. Өйткені, қайда жүрсек те, жүрегіміздің түбінде жатқан, ата-бабамыз армандап кеткен ата жұртқа оралған соң, масыл болмай, оның керегіне жарай білу қажет деген ой менің елге оралсам деген ниетіме әзірге тоқтау салатындай... Қазақстанға барғанда қандай тірлік жасаймыз, біздің бұл жақта алған біліміміз бен жинақтаған тәжірибеміз туған жердің керегіне жарай ма деген ой көкейде тұрады. Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан бергі экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан дамуына үнемі құлақ түріп отырамыз, әсіресе елдегі ұлтаралық татулық, тұрақтылық бізді қуантады. Н.Назарбаевтың Тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында жүргізіп жатқан саясатын бұл жақтағы қазақтар қолдайды.

- Қазақстанға соңғы рет қашан келдің?

- Өткен жылы Алматыға барып қайттым. Астанаға барудың әлі сәті түспей жүр. Бірақ суреттен көріп әсем қала екенін байқап жүрмін. Шалғайда жүрсем де, тарихи Отанымның алдыңғы дамыған мемлекеттер қатарында болуына әр уақытта тілектеспін.

Қиыр жайлап, шет  жүрсе де ата жұртының амандығын тілеген Алтайдың ар жағындағы аруға мен де амандық тіледім

Риза МОЛДАШЕВА.

 

 

 

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57