Жарқынбек БАЙСАБЫРОВ:ТОЙДЫҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ - ҰЛЫ АБАЙДЫҢ АСЫЛ МҰРАСЫ

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Қазақ халқының атын әлемге танытқан ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту шаралары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен республика көлемінде өткен жылы жоспарланып, арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын да бастап кетті. Бұл мерейтой аясында тек Қазақстан көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де үлкен рухани - мәдени іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда. Біз таяуда Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыровпен кездесіп, ақынның туған жеріндегі мерейтойға дайындық жұмыстары жайлы сұхбаттасқан едік.

- Жарқынбек Борашұлы, әңгімені “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!…” – деп күңірене толғап кеткен ақын тойына артындағы елі қалай дайындалып жатыр деген сауалдан бастасақ...
- Әңгімені осы үлкен, ауқымды шараны кім үшін және не үшін тойлаймыз деген сауалдан бастаған жөн болар. Абайдың 175 жылдығы той тойлау үшін, ақынның ұлылығына ғана бас ұру үшін емес, әлемге қазақ халқының ақыл-парасатын таныту, елдің елдігін әйгілеу, бүгінгі ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуына ықпал ету мақсатында өткізілетінін естен шығармағанымыз абзал.
Бұл күндері ақынның туған елі мерейтойды жоғары деңгейде өткізу мақсатында жасалған жоспар мен мемлекеттік бағдарламаларды орындау үшін жұдырықтай жұмыла еңбек етуде. Өткен жылы Абай тойына байланысты мерейтойлық комиссияның ұйғарымымен Абай туған Сырт Қасқабұлақ пен Ақшоқы елді мекеніндегі Құнанбай қорымын жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бұл екі тарихи орын да бұрын ешкімнің теңгерімінде болмаған, өткен жылы осы тарихи орындар Абай ауданының мәдениет үйінің теңгеріміне алынды. Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан өңіріне келген сапарында Абайдай дананы дүниеге әкелген дала данышпаны Құнанбай Өскенбайұлының тарихи бейнесін ашу және оны өскелең ұрпаққа насихаттау қажеттігін айтып, тапсырмалар берген болатын.
2019 жылдың қыркүйек айының 16-сы күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыс басшысы Даниал Ахметовтің қатысуымен Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізуге байланысты комиссия отырысы өтті. Облыс әкімі осы сапарында Абай туған Сырт Қасқабұлақ пен Ақшоқыдағы Құнанбай қорымында болып, онда жүзеге асырылатын жобалармен танысты, өз ойын ортаға салып, атқарылатын жұмыстар белгіленді.
Бүгінгі күні ұлы Абайдың туған жері Сырт Қасқабұлаққа абаттандыру және құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. 70 түп шырша, 116 түп терек отырғызылды. 600 метр қоршау орнатылды. Сондай-ақ Сырт Қасқабұлаққа кіреберіс 1,7 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселді.
Ақшоқыдағы Құнанбай қорымын қоршау, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына тиісті қаражат бөлінді. Қорымдағы тозығы жеткен ескі белгі тастар ауыстырылып, заман талабына сай, Құнанбай Өскенбайұлына 2 метрлік гранит белгі тас пен сол жерде жатқан барлық аруақтарға граниттен белгі тастар қойылды. Бүгінгі таңда қоршау, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары аяқталды. Құнанбай рухына тәу етіп келушілерге толық мүмкіндік жасалды. Қазір музей үйінің іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары одан әрі жалғасуда.
Қазіргі уақытта Бөрілі елді мекені мен оған барар жолдың бұрылысындағы стелланы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Елді мекенге кіреберіс қақпа жаңадан қойылып, мұражай алаңына тақтатас төселеді, келуші қонақтарға, туристерге тыныстап, демалуға арналған орын (беседка) жасалып, су құбыры тартылады. Сондай-ақ балаларға, тұрғындарға арналып StreetWorkout спорттық алаңы салынуда.
«Жидебай» мемориалдық кешеніне бұрылыстағы стелла алаңы абаттандырылуда. Абай Құнанбайұлының 125 жылдығында қойылған бұрылыстағы белгінің орнына жаңадан биіктігі 9 метрлік стелла орнатылады. Стелланың ұшар басы күн батареясы арқылы күндіз қуат алып, түнгі мезгілде жарық шашып тұрады. Кітап бейнесінде жасалған стеллада Абай мен Шәкәрімнің тағылымдық шумақтары жазылады. Сол бұрылысқа 800 шаршы метр асфальт төселіп, 4х6 метр көлемдегі демалыс орны орнатылды.
Аудан орталығы Қарауыл ауылының кіреберісінде орналасқан Семей - Қарауыл бағытындағы қақпа заман талабына сай безендіріліп, ұлы Абайдың бейнесі кескінделеді. Қақпа заман талабына сай оюлармен әшекейленіп, көркемделді. Ары қарай Қарауыл ауылына кіреберістегі айналма жолдың бойындағы қарсы бетте өз қонағын қарсы алатын данышпан Абайдың туған халқына қалдырған «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өсиет сөзі үлкен көлемдегі жарықтандырғыштары бар әріптермен орналастырылды.
- Той да өтер, артында қандай ой, қандай белгі, қандай тағылым, үлгі қалады?
- Әрине, тойдың ең басты құндылығы – Ұлы Абайдың бүгінгі ұрпаққа қалдырып кеткен теңдесі жоқ асыл мұрасы. Барлық іс осы ұлы мұрадан бастау алуы керек. Бұл орайда тек ақынның туған жері ғана емес, бүкіл қазақ елі, тіпті әлем халықтары Абай мұрасын насихаттауда белсенділік танытуда. Өздеріңіз де білесіздер, Абай өлеңдерін жаппай оқу науқанын өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаевтың өзі бастап беріп, желі қолданушылары арасында ерекше қолдауға ие болды.
Іс - шараның негізгі мақсаты ақын мұрасын қастерлеп, тағылымын бүгінгі ұрпақтың терең түсінуіне мүмкіндік жасау, қазақ деген халықтың ірілігін әлемге әйгілеу, Абайы бар елдің болашағы жарқын екенін байқату деп есептеймін. Бұл - рухани жағы.
Сөз астарынан ақын туған елде тойдан кейін қандай белгі қалады деген сауалды түсініп отырмын. Ел аузынан «Мынау Абайдың 125 жылдық тойы кезінде жасалған», «Мынау Абайдың 150 жылдығында жөнделген» дегенді жиі естиміз. Ендеше, келер ұрпаққа «Абайдың туғанына 175 жыл толуы кезінде жасалған» деген сөз де қалу керек шығар... Бұл орайда Қарауыл ауылында 300 орындық жаңа мектеп құрылысы бой көтеруде. Мектеп оқушыларына, ауыл тұрғындарына қолайлы жағдайлар жасау мақсатында жаңа мектепке апаратын С.Бекбосынов, Әйгерім көшелеріне асфальт төселіп, жарық шамдар орнатылуда. Сонымен қатар Қ.Мұхамедханов, Мамай, Ұлжан көшелеріне де асфальт төсеу жұмыстары жалғасын табуда. Екі ауысымда оқып жатқан оқушылар жаңа мектеп құрылысы аяқталғаннан кейін бір ауысымда оқиды деген жоспар да бар. Білім ошағының ғимараты заман талабына сай IT-технология құралдарымен жабдықталатын болады.
Аудандағы үлкен көшелердің бірі С.Бекбосынов көшесіндегі гүлзарлар мен ағаштар қоршалып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Кіші архитектуралық бейнелер орнатылып, шынар ағаштары отырғызылып, абаттандырылатын шағын алаң қоршалып, жаңа мектепке көрік беретін болады.
Ұзындығы 600 метр, ені 250 метр, жалпы аумағы 15 гектар болатын Абай саябағы салынуда. Абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл саябақ Абай тойының ең негізгі іс-шаралары өтетін орын болмақ. Саябаққа облысымыздың қала, аудандары кәсіпорындарының жалпы жиыны 240 киіз үйлері тігілетін болады. Ұлы ақын есімімен аталатын бұл демалыс орны аумағы бойынша аудандағы ең ірі саябақ болады. Бұл саябақта ұлылар еліне тәу етіп келушілерге, туристерге қолайлы жағдайлар жасалады. Атап айтсақ, орындықтар орнатылып, асфальт төселеді, ойын алаңдары жасалып, тал егіліп, абаттандырылады. Мерейтой өткеннен кейін келешекте бұл жер халықтың, жастардың демалатын орны болып қалуын жан-жақты ойластырудамыз.
Қарауыл ауылына 1972 жылы су жүйесі тартылған. Бүгінгі күні тозығы жеткен су құбыры қайта жаңғыртылуда. Аудан орталығындағы барлық тұрғын үйлер таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
Қарауыл ауылындағы Қарауыл төбедегі дала сахнасына және ипподромға ағымдағы жөндеу, сондай-ақ Қарауыл төбеге кірме жолға ағымдағы жөндеу және жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.
Қарауыл ауылындағы 1995 жылы салынған мешіт ғимараты бүгінгі күні ескірген. Абай ауданының тумасы Думан Амантайұлы бастаған Зекеновтер әулетінің демеушілігімен Абай тойы, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 300 кісілік жаңа мешіттің іргетасы құйылып, құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде қажетті құрылыс материалдары жеткізілуде. Нысан ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда.
Аудан азаматтары - Бөкенші баба ұрпақтарының бастамасымен ескі мешіттің ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, діни рәсімдер шариғат талаптарына сай жүргізілуі үшін 400 адамға арналған қатымхана есебінде халыққа пайдалануға берілмек. Ауданда осы уақытқа дейін арнайы қатымхана болмаған.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Кенжетайұлының тапсырма- сына сәйкес, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға көмек көрсету мақсатында қаражат бөлініп, Қарауыл ауылының Мамай атындағы көшесіндегі иесіз қалған екі көп пәтерлі тұрғын үйге жөндеу жұмыстары басталды. Мерейтой аясында көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету жоспарда бар.
Ауыл орталығындағы Құнанбай көшесінің бойына биіктігі 8 метрлік сағат формасындағы стелла орнатылып, маңайы абаттандырылуда. Алдағы уақытта халықтың демалыс орнына айналатын болады. Қарауыл төбедегі үлкен көлемдегі жарықтандырғыш әріптермен жазылған «Абай 175» жазуы мен биіктігі 11 метрлік Ту және ауылдың көше бойларында безендірілген жарықтандырғыш элементтер келген қонақтар мен туристерге алыстан менмұндалап тұрады. Сонымен қатар Streert Workout спорттық алаңы орнатылады.
- Жасыратыны жоқ, бүгін әлеуметтік желіде шу болып жатқан «домбыра тақырыбын» алғашқылардың қатарында көтергендердің бірі мен едім... Осы мәселеге орай өз ойыңызды айта кетсеңіз...
- Хакім Абайдың 175 жылдығына орай, аудандағы ел ағаларының ұсынысымен ақынның туған жерінде рухани-танымдық сипаты ерекше ескерткіш белгі жасау мақсатында эскиз әзірленді. Эскиз дом-быра пішінді. Домбыра пішінінің келтірілу себебі – Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең...» деген өлең жолы негізге алынды. «Осы жерге поэзияның құты қонған» деген ұғымда оған қойылған қауырсын-қалам пішіні келтірілді. Сондай-ақ оның бергі жағына жартылай орала ашылған параққа «Туғанда дүние есігін ашады өлең...» деген Абайдың өлең жолы жазылды. 45 гранит тасқа қашала өрнектелген ақынның ғибратты нақыл сөздері келушілерге даналық тағылымын сезінуге толық мүмкіндік береді.
Аталған домбыраның эскиз пішініне көркемдік, әдемі дизайнды сәулет өнері ретінде қарауымыз керек. Уағдаласқан ісіңді «домбыраның» таза алаңында шеш. Нағыз қазақпын десең, «домбыра» үстінде абыз даланың күйін шерт. Бұл – символ! Көк аспан мен қара жердің қасиеті бірдей. Заман талабына сай өнер туындысы кез келген форматта бейнеленіп, насихатталуы заңды құбылыс. Ендеше, үлкен дауға себеп болатындай негіз көріп отырған жоқпын. Ұлы ақын туған өңірде ұлттық кешенді өнер композицияларының жандануы - Тәуелсіздік талабы. Бұл – қашанда мақтаныш. Мысалы, «Жұлдыздар аллеясына» тоқталсақ. Аяқ астындағы ондай аллеялар алыс-жақын шетелдерде (Ресей Федерациясы, АҚШ) жасалған. Сонымен қатар Страдивари скрипкасы және рояль пішініндегі бассейн өркениетті АҚШ елінде де бар. Қалыптасып қалған стереотиптік ұғымды қойып, бұл тас бейнеге сәулет өнері тұрғысынан кеңінен қарауымыз керек.
Біткен іске сыншының көп болатынын білеміз. Өмір сүрген заманы үшін ғана емес, бүгінгі ұрпақтары үшін де, «Мен бір жұмбақ адаммын...» - деп өзі айтып кеткендей, құпиясы әлі толық ашылмаған ерекше құбылыс - хакім Абайдың “Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос!” деген даналығын әр кез есте ұстап, ұсақ-түйекті термелеп, істен кемшілік іздегеннен гөрі, ақын тойының ұлтымыздың ұлылығын шетелдіктерге мойындататындай, келер ұрпаққа өнеге ретінде қалатындай өтуі жағын көп болып ойластыруымыз керек қой.
- Әңгімеңізге рақмет! Істеріңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Риза МОЛДАШЕВА

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57