Шалқар БАЙБЕКОВ:АУДАНЫМЫЗДЫҢ ДАМУЫНДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР ҚУАНТАДЫ

Шалқар Байбеков 1967 жылы 6 ақпанда бұрынғы Семей облысы Абай ауданында дүниеге келген.
Қызмет жолын 1988 жылы Семей облысы Жаңасемей аудандық инспекциясының мемлекеттік сақтандырудың аға инспекторы болып бастады. 1990 жылдың шілде айынан бастап Семей облысының салық инспекциясы саласында қызмет етті. 1999 - 2014 жылдары Павлодар, Астана қалаларында, Қарағанды облысында Салық комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді.
2014 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болды.
2017 жылдың тамыз айында ШҚО әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. 2019 жылдың қараша айынан Бесқарағай ауданының әкімі.
Облыс әкімінің орынбасары қызметінде Шалқар Заманбекұлы ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар, жер қатынастары мен ветеринария салаларына жетекшілік етті. Бесқарағай ауданына басшылыққа тағайындау кезінде аудан активіне жаңа әкімді өзі әкеліп таныстырғанда Даниал Ахметовтің: «Шалқар Байбеков - өте тәжірибелі басқарушы. Ол өзінің тәжірибесін Бесқарағай ауданын дамыту жолындағы маңызды мәселелерді шешуде қолданатынына сенімдімін», - дегені есімізде.
Одан бері 7 айдай уақыт өтті. Шалқар Заман-бекұлымен біздің бүгінгі сұхбатымыз Бесқарағай ауданына басшылыққа келгеннен бергі осы 7 ай уақытта атқарылған істер мен алдағы жоспар жайлы болмақ.

- Шалқар Заманбекұлы, облыс басшысы Даниал Кенжетайұлы Сізді ауданға әкеліп таныстырып, тағайындады. Тағайындау барысында аудандағы түйткілді мәселелерді айтып, нақты тапсырмалар жүктегенін де білеміз. 7 ай көп уақыт емес десек те, айтуға тұрарлық істер бар сияқты ғой...
- Иә, облыс басшысы осы қызметке тағайындалғанда маған да барлық аудан әкімдеріне қоятын талап пен міндеттерді қойды. Ол міндеттердің ең маңыздысы - ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру, халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту. Кез келген ауданның даму деңгейі индикаторлық көрсеткіштерімен анықталады. Қызметке кіріскен бетте аудандағы елді мекендердің барлығын аралап, қанша мектеп, қанша балабақша бар, жұмыспен қамту қандай деңгейде, кәсіпкерлік қалай жолға қойылған, олардың жағдайлары қалай, қанша жерге жол керек, қанша ауылға су тарту керек деген мәселелерді зерделеп шықтым. Халықпен кездестім. Жеке қабылдауыма келген тұрғындардың өтініш-тілектеріне құлақ түрдім. Ауданда қордаланып қалған мәселелердің ішіндегі кезек күтпейді дегендерін ерекше бақылауыма алдым.
Аудан орталығы Бесқарағай ауылдық округінде көктемгі қар еру кезінде үйлерді су басып қалу мәселесі бірнеше жыл бойы шешімін таппай келе жатқан проблемалардың бірі болатын. Нақты айтқанда, 2017 жылдан бері Бесқарағай ауданының орталығында жер асты және Куликово, Камышановка, Даманск сияқты көлдердің суларының көтерілуі сол маңдағы тұрғын үйлерге залалын тигізіп, халықтың мазасын кетіріп жүргені көпшілікке белгілі. 2019 жылы көктемде суға батқан үйлердің мәселесі биыл шешілді. Басшылыққа тағайындалған алғашқы күннен бастап-ақ Бесқарағай ауылының маңын түгел аралап көріп, көлге жақын орналасқан аумақтағы су басу қаупіне бейім жерлерді ерекше бақылауға алдым. Осы мәселені шешу шаралары қызметке кіріскен бетте қолға алған шаруаларымның бірі болды. Су басу қаупінің алдын алу жұмысы Бесқарағай ауылдық округінде 2019 жылдың күзінде, қараша айында басталды деуге болады. Апаттың алдын алу мақсатында жасалған арнайы жоспарға сәйкес жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп отырды.
Бесқарағай ауылындағы Куликово көлінің маңындағы 2 400 метрдей жерге топырақ жайылды. Үстіміздегі жылдың ақпан айында Камышановка көлінің маңындағы қауіптің алдын алу шаралары қолға алынды. Көлге жақын орналасқан 1 шақырым 100 метр жерге топырақ төселсе, Сограда 700 метр қашықтықта апаттың алдын алу шаралары жүргізілді. Ал наурыз айында Даманск көлінің маңындағы 675 метр жерде қауіпсіздік шаралары жүргізіліп, топырақ қабаттары төселді. Ауа райының қолайлы болуы бұл жұмыстарды мезгілінде және сапалы орындауға мүкіндік берді. Инертті және құрылыс материалдары қолданылды. Қауіпті жерлер 1,5-2 метрге дейін биіктетілді.
Тапсырысты орындаушы мердігерлердің жұмысының сапасын ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Қайырханов, аудандық мәслихаттың хатшысы Қ.Садықов, азаматтық қорғаныс қызметінің подполковнигі К.Саметаев сияқты жауапты сала жетекшілерімен бірге өзім бірнеше мәрте тексердім. ҚР ІІМ ТЖК төрағасының бірінші орынбасары М.М.Кулдиков ауданымызда болып, көктемгі су тасқынының алдын алу шараларымен танысып қайтты.
Өткен қыс бүкіл республика, облыс, соның ішінде біздің аудан үшін де өте қиын болды. Көптен бері мұндай қалың қарлы болмаған қыс жеке шаруашылығы бар, жер үйде тұратын халықты есеңгіретіп тастады. Ауа райының тосын мінезі салдарынан елді мекендерге қатынауда да қиындықтар көп кездесті. Бұл орайда ауылдық округ әкімдерінің алдына қойылған негізгі міндет қарды мезгілінде тазалап, шығарып отыру болды. Үстіміздегі жылдың ақпан айының 3 күні басталған қар шығару жұмысы екі айға созылды. Екі айда шығарылған қар көлемі 54,03 мың текше метр. 12 арық (9,88 км), 22 су өтетін құбырлар тазаланып, бұл жұмысқа 25 техника бірлігі, 50 адам жұмылдырылды.
Қар суы жиналып қалатын жерлерде суды сорып алу жұмысы күн сайын жүргізіліп отырды. 35-өрт сөндіру бөлімі қызметінің күш құралдары және жергілікті атқарушы органның техникасының көмегімен 71251,47 мың текше метр қар суы сорылып алынып, 3000 текше метр көлеміндегісі тасылып әкетілді. Бұл жұмысқа арнаулы техникалар - 6 мотопомп, автоцистерна және ассенизатор қондырғылары бар 2 КамАЗ жүк автокөлігі қамтылды.
Біздің ауданның 9 елді мекені (Глуховка, Бірлік, Белокаменка, Стеклянка, Долонь, Черемушки, Грачи, Жетіжар, Кривинка) Ертіс өзеніне жақын жағалауда орналасқан ғой. Жетіжар ауылындағы «Казгидромед» РММ қарасты гидропост мамандары күн сайын Ертіс өзенінің су деңгейіне мониторинг жасап отырды.
Наурыз айында Кривинка ауылынан 5 шақырым қашықтықта, Ертіс өзенінде мұз жару профилактикалық шарасы жүргізілді. Жарылыс аумағы 24 000 шаршы метрді қамтыды, бұл жұмысқа 10 адам, 6 техника бірлігі, 1 тонна жарғыш зат әрқайсының арасы 1 200 метр қашықтыққа бөлінген 400 ұяшықтарға орналастырылды. Кривинка ауылының маңындағы жағалауға жақын 2,5 км жерге топырақ себіліп, тасқынның алдын алу шаралары жасалды. Осы жұмыстар нәтижесінде су басу қаупінен аман шықтық.
Тасқын су қаупі бола қалған жағдайда халықты аман алып қалу шаралары жасалды. 18 ауылдық округте 600 адамға шақталған арнаулы қабылдау пункттері дайындалды. Қауіпті жағдайдың алдын алу барысында сақтық шаралары да қарастырылып, «Елім-ай» демалыс базасының қожайыны, жеке кәсіпкер «Каверинамен» осы мерзімге келісімшарт та жасалды. Айтып келмейтін апаттың алын алу шаралары жоспарланды. Бұл орайда 13 мотопомп, 26 бірлік техника дайындалып, ауылдық округ әкімдері тарапынан шаруа қожалықтарының жетекшілері және жергілікті кәсіпкерлермен төтенше жағдай бола қалғанда бірлесе қимылдау үшін келісімшарттар жасалды. Су тасқынына қарсы жұмыстар кезінде материалдық-техникалық мақсаттарға пайдаланатын АИ-92 жанар-жағармай қоры дайындалды. Ауылдық округтерде тасқынға бөгет жасауға 13110 қап дайындалып, оның 9880 данасы толтырылды. Азаматтық қорғаныс қызметі де төтенше жағдайға әзір болды. Медициналық қызмет тарапынан 11 жедел топ жасақталып, дәрігерлік пункттерде қажет жағдайда жедел көмек көрсету үшін дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры дайындалды.
Сауда және тамақтандыру қызметімен төтенше жағдайға дайындық барысында алдын ала 39 ниет келісімшарттары жасалып, азық-түліктің жеткілікті қоры дайындалды. Сондай-ақ Бесқарағай ауылдық округінде тасқынның алдын алу кезінде болуы мүмкін төтенше жағдайларда жедел қимылдау мақсатында мекеме мен ұйым қызметкерлерінен жасақталған 4 жедел топ құрылып, бұл іске 40 ерікті қамтылды. Басқа да елді мекендерде су басу, тасқын су қаупінің алдын алу шаралары жасалып, еріктілер әр өңірде өз үлестерін қосты. Тасқын су қаупі кезінде ауылдық округтерде тәулік бойына кезекшілік қойылды. Бесқарағай ауылдық округінің әкімі Ю.А.Слоницкийдің тарапынан күн сайын мониторинг жасалып, қауіпті жерлердегі кемшіліктер анықталып отырды. Әлеуметтік желідегі менің жеке парақшама жазба қалдырып, немесе «Nur Оtan» партиясының аудандық филиалындағы жеке қабылдауыма келген Бесқарағай ауылының тұрғындарынан қар шығару, еріген қар суын сорып алу, қауіпті аймаққа топырақ төсеу, көлге жақын орналасқан үйлерді су басып қалмауын қадағалау барысында түскен өтініштер көп болды.
Аудан тұрғындарының әр өтініші менің ерекше назарымда, ауыл әкімдері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын өзім тікелей бақылап отырамын. Тасқынның алдын алу шараларына ерте бастан қамданғандықтан, биыл аудан көлемінде орналасқан елді мекендерді су басу фактілері болған жоқ.

- Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін бесқарағайлықтар қалай сезінуде? Нақты жобалар ұсыну мен жаңа істер бастау жұмысы қандай деңгейде?
- Мемлекеттік бағдарламалардың қайсысын алсақ та ел игілігін еселеуде ерекше маңызды. Солардың қатарында «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бар. Бұл - дағдарысқа қарсы кешенді әрі ұзақ мерзімді бағдарлама. Оның басты мақсаты – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, әсіресе ауылдық жердегі және еліміздегі жұмыс күштерін ұтымды орналастыру. Биылғы жылы біздің ауданға «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жөндеу-құрылыс жұмыстарына арналған 27 жобаға 531,2 млн теңге қаржы бөлінді: олардың ішінде бір жоба су құбырларын жөндеуге, 6 жоба білім нысандарына ағымдағы жөндеу жүргізуге, 2 жоба мәдениет ошақтарына жөндеу жүргізуге, 7 жоба ауыл ішіндегі жолды орташа жөндеуге, 3 жоба футбол алаңын жасанды желекпен көмкеруге, 8 жоба көшені жарықтандыруға арналған болатын. Бүгінгі таңда бұл жобаларды жүзеге асыратын мердігерлер анықталып, жұмыс басталып кетті. Мемлекет тарапынан бөлінген осы қаржыға қыруар шаруа атқарылады деген үмітіміз бар.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы үшін маңызды мақсат - жаңа жұмыс орындарын ашу. Бұл орайда 154 адам жұмыспен қамтылса, олардың 84-і - аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жолдамамен келгендер. Жобалар іске асырылған соң 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Сондай-ақ ауданның әлеуметтік - экономикалық жағдайын дамыту мақсатында 28 жобаны жүзеге асыру үшін 1 341, 9 млн теңге қаражат бөлінді: 4 жоба сумен қамтамасыз ету қондырғыларының құрылысына, 5 жоба шағын модульді станциялар орнатуға, 1 жоба білім беру мекемелерінің ағымдағы жөндеуіне, 2 жоба абаттандыруға, 4 жоба көшені орташа жөндеуден өткізуге, ал 3 жоба Өндіріс, Қарағайлы, Беген ауылдарының кіреберісіне орташа жөндеу жүргізуге, 1 жоба жасанды көгал жабындысымен футбол алаңын жасақтауға, 1 жоба «Саттаров» шаруа қожалығын электр жүйесімен қамтуға арналса, тағы бір жоба жағалауға бекініс – дамба жасауға арналды. Сондай-ақ Бесқарағай ауылдық округіндегі 30 пәтерлі тұрғын үй құрылысының жобасы дайындалып, 2021 жылы іске асырылуы жоспарланған Жетіжар, Мостик, Ерназар, Бөдене ауылдарында су құбырын тартуға арналған құрылыс жұмысының да жобасы дайындалды.
Бұл орайда облыс әкімі Даниал Ахметовтің Бесқарағай ауданына ерекше көңіл бөліп отырғанын айта кетуіміз керек. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2016 - 2019 жылдары облыстан ауданның бюджетін дамытуға небары 354, 5 млн теңге бөлінсе, 2020 жылы Даниал Кенжетайұлының тікелей тапсырмасымен жоғарыда айтып өткен жобаларды жүзеге асыруға 1 873, 1 млн теңге қаржы бөлініп отыр.
Жалпы алғанда, аудандағы инженерлік инфрақұрылымдарды жөндеп, нығайту жоспарда. Бесқарағай ауылындағы Борас мектеп-балалар бақшасы мен Өндіріс орта мектебінің жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмысы басталды. Долон орта мектебінің жылу қазандығы жөнделеді. Қара Мырза, Лесной, Старая крепость, Стеклянка, Черемушки сияқты ауылдарда, Беген орман шаруашылығында тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы қолға алынуда. Сонымен қатар Долон, Қарағайлы, Қарабас, Бірлік ауылдарында сумен қамту құрылғыларының құрылысы басталады деп жоспарлап отырмыз.
Жоғарыда айтып кеткен жұмыстардың барлығы аудан тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді. Егер ойға алған жоспар толық орындалатын болса, 2022 жылы бұл іс 100 пайыз жүзеге асуы керек.
Бесқарағай, Глуховка, Мостик, Қара Мырза ауылдарындағы мектептерде ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ Бесқарағай ауылындағы Үлкен Владимировка орта мектебінде, Глуховка, Қара Мырза ауылдарында жасанды көгал жабындысымен футбол алаңын салу жоспарлануда. Бұл игілікті іс бұқаралық спортты дамытуға және жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалануларына елеулі үлес қосады деп ойлаймыз.
Ауыл тұрғындарына мәдени қызмет көрсетудің маңызды екенін бәріміз де жақсы түсінеміз. Бұл орайда да қолға алынған істер аз емес. Бесқарағай, Канонерка ауылдарындағы клуб ғимаратына ағымдағы жөндеу жүргізу - осы мақсатта жоспарланған істердің бірі. Бесқарағай, Кривинка, Жетіжар, Глуховка, Старая крепость, Беген ауылдарында инженерлік қондырғылар жасау жұмысы қолға алына бастады. Осы аталған ауылдардағы 13 көшеге электр жарығы тартылатын болады.
Су құбырын тарту жұмыстары жүргізілген кезде аудан орталығындағы көше жолдарына зақым келген болатын. Сол 8 көше жөнделеді. Канонерка және Глуховкада ауыл ішіндегі 4 жол орташа жөндеуден өткізілмек. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 19,5 шақырым қашықтықтағы Қарағайлы және Өндіріс, Беген ауылдарына кіреберіс жолдар жөнделеді.
Жаңа жобалар іске асырылғанда аудандағы мектептер жөнделіп, оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасалады, халықтың мәдени демалуына, жастардың спортпен айналысуына мүмкіндік көбейеді, ауыл халқының ауыз су мәселесі шешіледі. Ол күн де алыс емес. Ауданды өркендету мақсатында инвестиция тарту жұмыстары әлі де жалғасады.
Аудан орталығындағы Сейфуллин көшесінде жаяу жүргіншілерге арналған жол салынып, орталық алаң да Бесқарағай ауылы тұрғындарының бос уақытта бас қосатын көрікті орнына айналады деген үміттемін.
Жалпы, бүгінгі таңда ауданымызда оң динамика қалыптасып қалды деп айтуымызға болады. Жоспарланған жұмыстар өз мерзімінде орындалуда. Әр ауылдық округ әкімінің өзіне тапсырылған міндеттеріне жауапкершілігі мен бюджеттен бөлінген әр тиынның мақсатты жұмсалуы қатаң бақылауда.
- Ауданда тұрғын үй кезегінде тұрғандар көп пе? Тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы қалай?
- Бүгінгі таңда үй кезегінде тұрғандардың саны 198 адам. Біз тұрғындардың қолдауды қажет ететін әртүрлі тобын (көп балалы, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, жетім балалар...) баспанамен қамтамасыз етуі-міз керек.
Жыл басында «Besqaraǵaı Invest - 2020» форумында «Исабаев» ЖШС директоры Виктор Серікқалиұлы Исабаевпен меморандумға қол қойылып, сәуір айында аталған фирма аудан орталығында 10 тұрғын үй салу жұмысын бастап кетті. Келесі жылы 24 үй салу жоспарда бар. Жыл сайын осы бастама жалғасын тапса, аудандағы баспана мәселесі толық шешіліп қалар деген үміттеміз...
- Осыдан бірнеше жыл бұрын аймағымызда «Туған жерге тағзым» атты әдемі бастама қолға алынып, бүкіл республика көлемінде қолдау тапқан еді. Бесқарағайдың туған жеріне қолдау көрсетуге ниетті перзенттері бар ма?
- Биыл жыл басында ауданымызда «Besqaraǵaı Invest - 2020» форумын өткізіп, Бесқарағай өңірінде туып, Қазақстанның түкпір-түкпірін мекендеп жатқан жерлестеріміздің басын қостық. Бұл форумда ауданның болашағы жайлы кеңесіп, көмектесуге мүмкіндігі бар азаматтарға әр елді мекеннің не нәрсеге зәру екендігі жайлы ақпарат берілді. Осы форум аясында меморандумға қол қойған Итемгеновтер жанұясы Бесқарағай ауылында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арнап сквер жасап жатыр.
2020 жыл бүкіл адамзат баласы үшін ауыр болып отырғаны баршаңызға белгілі. Халықты тығырықтан аман алып шығу жолындағы қысылтаяң шақта үстіміздегі жылдың қаңтар айында өткізілген инвестициялық форумның нәтижесін сезіндік. Қауіпті індетпен күресте өңірдегі бизнес өкілдері өз үлестерін қосты. Аудандағы шаруа қожалықтарымен бірге, еліміздің басқа аймақтарын мекен етіп жатқан кәсіпкер жерлестеріміз де туған жер үшін, елдің амандығы үшін аянып қалған жоқ. Мысалы, ауданымыздың шаруа қожалықтарының басшылары Х. Мукинов, О.Токашев, Н. Балықбаев, М.Қаликов, Қ.Саттаров, Ж.Жұмағазы тағы да басқа ел азаматтары жерлестеріне көмек көрсетуде ерекше белсенділік танытты. Төтенше жағдай жарияланған уақыт ішінде ауданымыздың жырақта жүрген перзенттері де туған елге адалдықтарын істерімен байқатты. Атап айтар болсақ, «Жаннұр-Астана» ЖШС президенті Болат Кеңесбекұлы Садық, «Нұр-Астық kz» компаниясының бас директоры Балтабек Нұрғалиұлы Наурызбаев, «Спутник» ЖШС басқармасының төрағасы Қайрат Қайрғалиұлы Мирашев, «Нұрлы жер» шаруа қожалығының басшысы Талғат Қалымұлы Уайханов, Павлодар облысы Екібастұз қаласының кәсіпкері Асқар Қайырбайұлы Махамбетов, тағы да басқа азаматтарға сын сағатта жерлестеріне көмек қолдарын созғандары үшін алғыс айта кеткім келеді.
Қиын кезде бесқарағайлықтар өздерінің береке-бірлікте тербеліп өскен ұрпақ екендіктерін істерімен дәлелдеді.
- Шалқар Заманбекұлы, өзіңіз жоғарыда айтып кеткендей, бір елдің емес, бүкіл адамзат баласының үрейін алған індет халық үшін үлкен сынақ болды... Бірлік пен берекенің қандай деңгейде екендігін сынап, төзімділікті тексерді, адамдардың өмірге көзқарасын өзгертті деп жатырмыз. Өзіңіз осы шектеу уақытында қандай ой түйдіңіз?
- Шын мәнінде, бұл сынақ адамзат баласына өмірдің қаншалықты қымбат екендігін түсінуге, жақын жандардың бір-бірін алыстан сағынуына, күнделікті күйкі тірліктің ұсақ-түйек мәселелеріне басқаша қарай білуге, жалпы, адамдардың философиялық тұрғыдан ойлануына мүмкіндік берген кезең дер едім.
Бүкіл әлемдегідей, Қазақстанның барлық аймақтарында пандемияға қарсы күрес белсенді жүргізілді. Мемлекет басшысы тарапынан да бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданды. Ауданда коронавирус-тың таралуына қарсы жедел штаб құрылып, төтенше жағдайлар кезінде барлық сала қызметіне қатысты жүйелі жоспар жасалды. Жоспарға сәйкес, халық көп шоғырланатын орындарда инфекциялық аурулардың қоздырғыштарын жою мақсатында залалсыздандыру шаралары тұрақты жүргізілді.
Әлеуметтік желідегі менің жеке парақшамда аудан тұрғындары тарапынан дәріханаларда сатылымда бетперденің жоқтығын айтып, мәселе көтергендер көп болды. Халықтан түскен осы өтінішерден кейін аудандағы дәріханалар мен дүкендерге бетперде сатып алу жұмысы ұйымдастырылды. Біздің аудан республикалық Омбы - Майқапшағай тас жолының бойында орналасқан, екі облыс аралығындағы транзиттік дәліз болғандықтан, көрші Павлодар облысынан біздің ауданға кіреберіске блокпост қойылды. Шектеу еліміздегі төтенше жағдайға орай жасалды. Бұл жерде тәртіп сақшылары, санитарлық эпидемиология қызметкерлері, медицина қызметкерлері кезекпен ауысып жұмыс істейді. Медицина қызметкерлері арнаулы ыстық өлшейтін құралмен 2-3 секунд ішінде жолаушылардың дене қызуын тексеріп, қанды анықтауға арналған экспресс-тест алынуда. Құқық қорғау қызметкерлері автобустар мен жеңіл және жүк көліктерін тексеріп, құжаттық бақылау жасайды. Осындай жедел алдын алу шараларының нәтижесі де болар, аудан халқы қауіпті індеттен аман шықты... Дегенмен, босаңсуға болмайтындықтан, сақтық шаралары әлі де жүргізіле береді, бұл біздің ұдайы бақылауымызда.
- Шектеу, оқшаулану кезінде жер - жерлерде еріктілердің еңбегі көп болғандығы ерекше айтылуда. Аудан жастары, еріктілер жайлы айта кетсеңіз...
- Біз еріктілердің еңбегін ұмытпауымыз керек. Ел басына қиындық туған шақта аудан жастары, еріктілер ерекше белсенділік танытты. Әсіресе ерікті түрде бетперделерді, ақпараттық кітапшаларды, арнаулы газеттерді таратып, көмек көрсеткен белсенділерді нағыз ел жанашырлары дер едім. Еріктілер сонымен қатар әлеуметтік желі арқылы халықты ақпараттандырып, пандемияға қарсы сақтық шараларын да жүргізіп отырды. Біздің аудан жастарының алдыңғы толқын аға-апаларына қамқорлық жасауға деген ниеттері қуантты. Олар карантин жарияланып, шектеу қойылғанда көмекті қажет еткен адамдарға азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізіп беруге де атсалысты. Бесқарағай аудандық колледжі де өз бастамаларымен бетперделер тігіп, осы ортақ іске өз үлестерін қосты.
- Ауданда атқарылған істер аз емес екен, шешімін күткен мәселелер де көп сияқты. Сұхбатымыздың басында айтып өткенімдей, жеті ай әкім жұмысына баға беруге аздық ететіні белгілі. Алдағы жоспарларыңыз ойдағыдай жүзе-ге ассын! Қызметіңізге сәттілік тілейміз!
- Рақмет! Еліміз аман болсын!

Сұхбатты жүргізген
Риза АСАНҚЫЗЫ

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57