ДІЛДАБЕК ОРАЗБАЕВ:БЕС ЖЫЛҒЫ ТАБЫС ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ЖАРАДЫ

Ділдабек Тәжібайұлы Оразбаев осыдан бес жыл уақыт бұрын «А» корпусының алғашқы аламанынан сүрінбей өтіп, аймағымыздағы үлкен аудандардың бірі Тарбағатайға әкім болып тағайындалды. Аталған уақыт ішінде аудан әкімдері арасында ауыс -түйістер де аз болған жоқ. Алайда Ділдабек Тәжібайұлы - бес жыл уақыт бойы табан аудармай бір ауданға басшылық жасап келе жатқан санаулы әкімдердің бірі. Халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан азаматтың еңбегі елеусіз де емес. Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденін омырауына тақ-ты. 

Бес жыл бұрынғы ТАРБАҒАТАЙ және бүгінгі ТАРБАҒАТАЙ. Адам танымастай болып өзгерген, гүлденген өңір. Алға қойған айқын мақсаттарды жүйелі жүзеге асыру жолында ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар да аз емес. Көрген адамның көзі сүйсінетін көрікті мекенге айналған Барқытбел баурайындағы бұл өңірдің бүгінгі жетістіктері қай салада болса да ауыз толтырып айтарлықтай.
Біздің Тарбағатай ауданындағы меншікті тілшіміз Хамза Сәтиев Ділдабек Оразбаевпен бірге өткен бес жылға оймен саяхат жасап қайтқан еді.

- Ділдабек Тәжібайұлы, Елбасының алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға белсене кіріскен жаңа тұрпаттағы мемлекеттік қызметкерлер корпусы өкілінің бірі өзіңізсіз. Әкімдік қызметте тәжірибе жинақтап, оң мен солды танитын дәрежеге жеткен басшысыз. Елбасы өз сөзінде «А» корпусы элита емес, олар халық арасынан алынған» дегенді ашық айтып отыр. Жалпы, осы топты іріктеу бізге не берді?

- Бұл іріктеу біздерге, мемлекеттік қызметкерлерге, зор жауапкершілік пен сенім жүгін артты. Бұрынғыдан да жақсырақ, нәтижелі қызмет істеуге ынталандырды. Мемлекеттік қызмет саласын жетілдіруге қатысты қолға алынған жаңа реформа өміршеңдігімен ерекшеленіп отыр. Елбасының тікелей бастамасымен мемлекеттік қызмет сапасын жаңғыртуда кейінгі жылдары нақты шаралардың қолға алынып, жүзеге асырылуы дамуымыздың маңызды қадамы болды. Соның ең бастыларының бірі, елдегі әкімшілік реформалар талаптарына орай, мемлекеттік қызметкерлердің «А» корпусының құрылуы деуге болады. Мұның өзі кадр резервін қадағалау мен конкурстық іріктеудің ерекше тәртібі. Мемлекеттік қызметтегі тұлғаларға қойылатын талап та жоғары. Мемлекеттік қызметке неғұрлым лайықты адамдар келcе, қарапайым халықтың оларға деген сенімі де арта түсетінін күнделікті өмірден көріп те жүрміз.
Мемлекеттік қызметші өзінің жоғары мәртебесіне сай болып, кәсіби тұрғыда қалыптасуы, өз қызметін жақсарту жолдарын табуы үшін ұдайы ізденуі қажет екені айтпаса да түсінікті. Ол өз ісіне жауаптылықпен қарап, өзіне де, қызметтес әріптестеріне де талап қоя білуі қажет. Тәртіптілік және адамгершілік асыл қасиеттер - бірінші орында тұратын мәселелер. Мемлекеттік қызметшіге ең қажет мінез сыпайылық, көптің тілін таба білу деп ойлаймын. Өйткені ол қызмет барысында азаматтармен, әріптестерімен үнемі қарым-қатынаста болады, халықпен араласады. Мен де осындай жоғары талаптарды күнделікті қызметімде бұлжытпай орындап отыруға тырысамын. Осы «А» корпусы сапында қызмет еткеніме де бес жыл мерзім өте шығыпты. Өткен уақытты сарапқа салып қарасам, еңбегім зая кетпегендей. Ауданды дамытудағы бес жылғы жетістігіміз ел игілігіне жарады деп сеніммен айтуға болады.

- Мемлекет басшысы басқарудың «А» корпусына өткендерге меритократия, яғни лауазымды қызметті адамдардың әлеуметтік шығу тегіне немесе қаржылық ауқаттылығына қарап емес, қабілетіне қарап иеленуіне мүмкіндік беретін басқару қағидасын басшылыққа алу, мемлекеттік қызметті ашықтық қағидаттары бойынша жаңғырту қажеттігін жиі қайталайды. Өзіңіз кадр таңдау кезінде қандай ұстанымды басшылыққа аласыз? Елімізде талапты, білімді жастарға барлық жағдай жасалған деген сөз жиі айтылады. Осы сөз қаншалықты шындыққа жақын?

- «А» басқарушылық корпусында қызмет істеу, өзге әріптестерім сияқты, маған да көп нәрсені үйретті. Мысалы, лауазымдарға іріктеудің ерекше өлшемдерін қолдану - әлемдегі дамыған елдердің тәжірибесі. Демек, бұл - халықаралық тәжірибе. Іріктеудің ерекше өлшемдері азаматтардың, мамандардың біліміне, іскерлік қабілет-қарымына, қолынан қандай іс келетініне байланысты болады. Елбасының алға қойған міндеттерінің ең негізгісі – мемлекеттік қызметкерлердің іскерлік қабілетінің жоғары болуы. Қабілетіне қарай жауапты жұмыс тапсыру - бұрыннан қалыптасқан қағида. Әркім өзінің қолынан келетін шаруаны істеуі қажет. «Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл» деген Абай данамыздың сөзінде терең мән бар. Мысалы, ерекше қабілеті, жаңашылдық қасиеті байқалып тұрса, ондай азаматтарға қай жерде де жол ашық. Өткен бес жылда біздің ауданымызда бірнеше мемлекеттік қызметкердің лауазымы жоғарылады.
Кадр таңдау да жауапты кезең. Азаматтың да азаматы бар. Лайықты орынға таңдаулысын тауып қоюға жеңіл-желпі қарауға болмайды. Тағы да хакім Абайдың айтқаны ойға оралады. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген қағида әр азаматтың өмірлік ұстанымы болуға тиіс. Кадр таңдауда әр азаматтың шыққан тегі ескерілуге тиіс. Өйткені «Тектіден текті туады» деген даналық бар. Әлеуметтік шығу тегі де, қарым-қабілеті де үйлесім тауып тұрса, ондай жастарды қолдаудан ешкім ұтылмайды деп түсінемін.

- Ділдабек Тәжібайұлы, «Бір кісі хан сайланса, қырық кісі атқа қонады» деген сөз бар ғой. Этнопсихология деген біздің халықтың табиғатына ерекше жақын. Қазақ үшін туыстықтың мәні өте жоғары. Жоғары лауазымдық қызметке туысқандық байланыссыз және жора - жолдастардың көмегінсіз қол жеткізуге бола ма? Өзіңіздің тарапыңыздан қызметке телефон соғып, өтініш жасаған адамдардың сөзін жерге тастай алмай, қабылдаған мамандар бар ма?

- Рақмет. Орынды сауал. Қоғам дамуында өмірлік, елдік мүдде тұрғысында аса маңызды мәселелерді шешуде мемлекеттік қызметкердің алатын орны ерекше. Алда тұрған міндеттерді жүзеге асыруда мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігі мен білімі, кәсіби шеберлігі, өмір тәжірибесінің мол болуы өзекті мәселе болып қала бермек. Сондықтан мемлекеттік қызметшінің мансап жолындағы өсуі оның талантымен, кәсіби дайындығымен тікелей байланысты. Басқадай болуы мүмкін емес. Қазіргі таңда жоғары лауазымдық қызметке туысқандық байланыссыз және жора-жолдастардың көмегінсіз қол жеткізуге болады деп есептейін. «Сөзіне қарай кісі ал, кісіге қарап сөз алма» деген бар ғой. Бұл жерде адамның сөзінің ақылдылығына мән беру қажеттігі айтылған. Демек, сөзінің мәні бар адамды таңда деп тұр. Кадр таңдау кезінде бұл ғибратты сөздің дұрыстығын ескерген жөн ғой деп ойлаймын. Ал телефон шалу арқылы өтініш жасап, қызметке «үлкеннің беделімен» жұмысқа қабылдауды сұраудан ештеңе өнбейтінін қазір көзі қарақты азаматтардың бәрі түсінеді.

- Осыдан біраз жыл бұрын марқұм, жазушы Сәкен Жүнісовтің: «Бір жерге әкім - қара сайланса, топырлатып өз адамдарын алып келеді. Оны «командам» дейді. Сол команда біртіндеп отряд болып шығады»,– дегенін естіген едім. Елбасы командамен қызметке келетін шенеуніктерге тосқауыл қойылды деді. «Командалық көшулер» шынымен тоқтады ма?

- Басқа жақты білмеймін, «командалық көшулер» біздің өңірде тоқтады. Мемлекеттік органдардың басшысы жаңа қызметке тағайындалғанда өзімен бірге мекеменің өзге қызметкерлерін ауыстырып алатын «командалық ауысу» тәжірибесі болғаны белгілі. Елбасының тапсырмасына байланысты заңнамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін, жаңа тағайындаулар кезінде мемлекеттік органдарда «командалық ауысуға» тосқауыл қойылды. Мысалы, осыдан бес жыл бұрын Тарбағатай ауданына әкім болып тағайындалғанда мен өзіммен бірге ешкімді қызметке ертіп келген жоқпын. Осы ауданда бұрын қызмет атқарған азаматтармен ұғысып, тіл табысып, жоспарлы жұмыстарымызды жалғастырып әкеттік.
Бір қуаныштысы - тарбағатайлық мемлекеттік қызметкерлер де білімді десе білімді, іскер десе іскер азаматтар болып шықты. Әрине, алғашқы кезде жылдар бойы қордаланып қалған проблемаларды шешу үшін жатпай-тұрмай жұмыс істеуімізге тура келді. Тарбағатайлық азаматтар мені түсінді, мен оларды түсіндім, қайткен күнде де елдің еңсесін көтеріп, еңбек және тұрмыс жағдайын жақсартып, ауылдарды дамытсақ деген мақсат-мұратымыз бір жерден шықты. Барлық кадрлар бұрын мен келгенге дейін қай орында жұмыс істесе, сол қызметін жалғастырды. Жергілікті жағдайдың ерекшеліктерін мен солардан үйрендім, кейбір жұмыс тәсілдерін, жаңашылдық талаптарды олар менен үйренді десем, артық айтқандық болмайды. Өзіме қойған талапты барлық қызметкерлеріме де қойдым. Нәтиже жаман болмады. Көріп отырсыздар, ауданымыз әлеуметтік-экономикалық дамудың қай саласынан болмасын облысымызда алдыңғы орында келеді.

- Абылай хан Төле, Қазыбек, Әйтеке билерден төмен отырған, «төр Сіздердікі» деп, үш бидің алдында хан басын иген ғой. Кейде ұлтымыздың осы әдемі дәстүрі бұзылып кеткен сияқты көрінеді... Жиын-тойларда 80 - 90 жастағы ақсақал тұрып, бірінші әкімге сөз беріліп жатады. Батаны жасы үлкен қарияға емес, әкімге бергізгендерді де байқап жүрміз. Төрде отырған ақсақалдың кешігіп келген әкімге орнын беріп, төмен ығысқанын көргенде, қазақтың үлкенді сыйлау дейтін ұлы қасиеті қайда кеткен деген сұрақ ойға жиі оралатынын да жасырмаймын. Өзіңіз осындай жағдайда не істейсіз?

- Мына сұрағыңыз Асан қайғының: «Әй, хан, мен айтпасам, білмейсің»,- деп бастап Жәнібек ханға айтқаны деген сөздерді еске түсіреді. Шындығында, дана билердің сөзін тыңдау ханның да, қараның да міндеті болған. Біздің қазіргі билеріміз – жасы жетпіс-сексенді еңсеріп қалған, өмір көрген, кезінде елі мен жерін гүлдендіруге, халық шаруашылығын дамытуға өлшеусіз үлестерін қосқан, кейінгіге үлгі болған ақ сақалды аталарымыз бен ақ самайлы аналарымыз, аға ұрпақ өкілдері. Қарияларды құрметтеу - басты парыз. Мен осы ауданға қызметке келіп кіріскен алғашқы күндерден бастап үлкен кісілерді, қарияларды іздестіре бастадым. Кімдер бар, олардың ел мен жерге сіңірген қандай істері, өнегелері бар, бәрін кеңірек білуге тырыстым. Өнегелі қариялар әр ауылда бар екен. Барлығымен кездесіп, жағдайларын сұрап, әңгімелесіп шықтым. Бастарын қосып, пікір алмасып, әңгіме-дүкен құрған сәттеріміз де аз болған жоқ. Үлкендермен сөйлескен жақсы. Ел мен жердің тарихын қозғайды. Жер, су, мал шаруашылығы мәселелерінің кейбір сырларын сол кісілерден естіп білдім. Тарбағатай өңірі жайлы түсінігім молайды, ақыл-кеңес алдым. Елдің береке-бірлігі, ынтымақты тірлігі сол қазыналы қарттардың жастарға дұрыс жол көрсетіп, жөн сілтеп отыратын қасиеттерінің арқасы деп түсінемін.

- Ділдабек Тәжібайұлы, зиялылық өз бастауын адамның тамыры тереңнен тартатын тегі мен туған жерінен, өскен ортасынан алатыны сөзсіз. Өзіңіздің туған жеріңіз, өскен ортаңыз жайлы айта отырсаңыз. Елге жиі барып тұрасыз ба?

- Шыққан тегі, туған жері туралы айту - кімге болмасын үлкен мақтаныш. Мен оңтүстіктің тумасы екенімді мақтан етемін. Өйткені ол өңірден талай-талай ел ардақтылары шыққан. Ата-баба өнегесі деген - үлкен тәрбие мектебі. Өз әкем Тәжібай көп жыл партия, кеңес органдарында қызмет істеген, бас бухгалтер, экономист, тоқсан пайыз орыс ұлтының өкілдері тұратын колхозда партия ұйымының хатшысы болды. Анам да текті жердің қызы еді. Мамандық таңдауыма ата-анамның ықпалы болғаны шындық. Алғашқы еңбек жолымды өндірісте еңбек етуден бастадым. Қарапайым шаруалардың арасында жүріп, қай тірліктің қалай атқарылатынын, қандай кемшіліктердің қандай зардаптары болатынын көзбен көріп, қолмен ұстап дегендей, өмір тәжірибесінен үйреніп өсу мен үшін ең маңызды, тағылымы мол өмір мектебі болды. Ауылда жүріп үйренген өмір тәжірибелерім бүгінгі күнде атқарып жүрген қызметімнің табысты болуына жәрдемдесті десем болады. Әкем мені еңбекке баулып, келешегімнен үлкен үміт күтті. Колхоз, тіпті аудан басқарса деп армандайтын. Мен әке арманын орындадым ғой деп ойлаймын.
Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы институтын ғалым - агроном және Алматы экономикалық университетін қаржы мамандықтары бойынша бітірдім, экономика ғылымдарының кандидатымын, «Құрмет» орденінің иегері болдым. Еңбек жолымды колхозда механизатор болып бастадым. Әртүрлі жылдарда колхозда бас агроном, колхоз бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы бойынша салық комитетінде әртүрлі қызметтер атқардым. Бизнес саласында басшылық қызметте болдым. Оңтүстік Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары, департамент директорының орынбасары, басқарма бастығы сынды лауазымдарда еңбек еттім. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің «Шығыссушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры қызметтерін атқардым. Тарбағатай ауданының әкімі қызметіне тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Шығыс Қазақстан филиалының директоры, Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаты болдым. 2013 жылдың 28 маусымында Тарбағатай ауданының әкімі болып тағайындалдым.
Әрине, туған жер, өскен орта кімге болса да ыстық, жүрекке жақын. Ауылға жиі барып тұрамын. Жай бармаймын, Тарбағатай өңірін жайлаған еңбекші елдің сәлемін ала барамын. Орынбасарларымды, ауыл әкімдерін, белгілі кәсіпкерлерді туған жеріме ерте барамын. Ондағы мақсатым – Шымкентте, оның төңірегіндегі ауылдарда болып жатқан жетістіктерді, тың тірліктерді бұл жақтың азаматтары да көрсін, үлгі алатын тұстары болса, үйренсін деген ниет.
Тарбағатайлық азаматтарға бір таңғалатыным - шеттерінен алғыр, жан-жақты білімді, жаңалыққа, жақсылыққа жаны құштар, еңбекқор, адами қасиеттері өте жоғары келеді. «Оңтүстікте осылай екен» деп, өз ауылдарында жұртты жақсы жетістіктерге бастап жүрген азаматтар көбейді. Бір мысал айтайын. Оңтүстікте мал бордақылау ісі қатты дамыған. Бұл шаруамен екінің бірі шұғылданады. Осы мәселені Тарбағатайға келгеннен бері насихаттап жүрмін. Айту бар да, сол айтқаныңа көптің көзін жеткізу, көрсету бар. Жігіттерді ертіп жүріп айтып жүрген сөзімнің шындығына олардың көзін жеткіздім. Қарапайым ғана нәрсе. Барды, көрді, ауылға келіп сол көргендерін өндірісте жүзеге асырды, жұртты еңбек етуге жұмылдырды. Мен алғаш келгенде бұл жердегі мал бордақылау орындарының саны саусақпен санарлықтай ғана еді. Қазіргі таңда бес-он өгізшені үй ауласындағы қорада семіртуден бастап бірнеше жүз мал басы тұратын бордақы алаңдарының қатары көбейді. Бұл жетістік пе? Жетістік. Демек, ізденісті істеріміздің нәтижелі болғаны.

- Ділдабек Тәжібайұлы, соңғы сауалым. «А» корпусына 5 жыл деп отырмыз. Әрине, осы уақыт ішінде Сіздің тарапыңыздан атқарылған істердің аз емес екенін білеміз. Дегенмен бес жылдың белесіне оймен тағы бір барлау жасап, өзіңіздің тарапыңыздан атқарылған істердің ішінен көңіліңізге қонымды «5» деген баға қоюға лайықты–ау деген ерекше бесеуін атап айтсаңыз.

- Тарбағатай – жанға да, малға да жайлы қасиетті өлке. Осы өлкені мекендеген еңбекшіл халықтың өткен бес жыл ішінде қол жеткізген табыстары ұшан-теңіз. Тарбағатай ауданының алпыс ауылы да бір-бірінен қалмай даму үстінде, гүлденіп, көркейіп келеді. Барлық ауылға баратын жақсы жол бар. Бәрінде жарық пен су, әлеуметтік қызмет орындары бар. Бұл аймақ қарапайым адамдардың көз алдында дамып, өркендеп келеді. Әрине, атқарылған істің шынайы бағасын беріп, төрелігін айтатын - қарапайым халық. «5» деген бағаға лайық бес түрлі жұмысты атап көрсет деп отырсыз. Халықтың көңілінен шыққан жетістіктерді тізбелеп айтып көрейін.
Біріншіден, қарапайым халықтың еңбегі – экономикалық жетістіктерді айтуға болады. Мысалы, өткен бір жылдың ішінде Тарбағатай ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 30 млрд. теңгеден асты. Жер мен суды тиімді пайдалануға ұмтылу өз нәтижесін беріп келеді.
Елбасы халыққа арнаған Жолдауында суармалы жерді тиімді пайдалануды маңызды міндеттердің бірі етіп алға қойды. Ауданда Тебіске, Базар өзендеріне су тоспаларын орнатып қойдық. Енді Қарғыба өзенінің тоспасын жөндеп жатырмыз. Осылар арқылы суарылатын егістік көлемін 12 мың гектарға жеткізе аламыз. Мысалы, биыл Тебіске өзенінің бойынан екі мың гектар суармалы жерді игеріп, іске қосудамыз. Мұнда игеріліп жатқан жердің жетпіс пайызын іске жаратып отырған - оңтүстіктен келген азаматтар. Ал жергілікті азаматтар енді-енді жер өңдеуге, жоңышқа егуге кірісе бастады. Өйткені мал бордақылау көбейген сайын, мал азығының қорын жасаудың маңызы артты. Ал жоңышқа - мал семіртуге мүмкіндік беретін құнарлы азық. Осы орайда айта кетуге тура келетін тағы бір маңызды мәселе - бізде суармалы егіске жарамды жер жеткілікті. Сол жерге қызығушылар да көп. Астана мен Алматы жақтың іскер азаматтары да хабарласады, жер алайық, егін салайық деп. Бір қазақ жігіті келді қасына Қытай азаматын ертіп. Бес мың гектар жер сұрады. «Өңдейміз, егін егеміз, жерді менің атыма рәсімдеңіз»,- дейді. Түпкі ойы белгілі. Жер бермедім. Жерді алыстан келген кім көрінгенге беріп жіберсем, жергілікті халықтың жағдайы қалай болады? Мені осы мәселе ойландырды. Тағы бір айта кететін жағдай - біздегі өзендердің суы жаз бойы тұрақты ақпайды. Мысалы, Қарғыба өзенінен мамыр айының бас кезінен егіске су аламыз. Секундына он текше метр су ағады. Шілде айының жиырмасына таман әлгі су үш текше метрге дейін азайып қалады. Ал тамызда су мөлшері бір-ақ текше метр болып қалады. Бұл өсімдік дәнін жетілдіруге судың ең көп керек кезі. Енді не істеу керек? Енді менің жоспарым - су қоймаларын салу керек. Республикалық Су ресурстары комитетінде И.Әбішев мырзамен келісіп отырмын, Қарғыба өзенінің бойынан су қоймасын салу жөнінде техникалық-экономикалық негіздемеге қаражат бөлінді. Қазір ол жұмыс зерттеліп жатыр. 2020 жылы құрылысы басталуы керек. Егер Қарғыбада су қоймасы салынатын болса, 10-15 миллион текше метр су болады. Онда суармалы егіс көлемін сенімді түрде арттыруға мүмкіндік молаяды.
«5» деген баға қоюға лайықты екінші мәселе ретінде ауданда халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды айту орынды шығар. Биыл 11 ауылға таза су береміз деп жоспарлаудамыз. Осыны қоса есептегенде, соңғы төрт жылда 39 ауылға су кіргізіппіз. Сонда халықты таза сумен қамту аудан бойынша 95 пайызға орындалып отыр. Бұл көрсеткішті ауыл санына шаққанда - 65 пайыз. Сол сияқты ауылдарға жол салу мәселесі де ауданда толық шешімін тапты, барлық ауылға жол салынды, ауыл ішіндегі жолдар да жөнделді.
Үшіншіден, біздің ауданда білім беру, мәдениет, спорт саласы жақсы дамып отыр. Мектептеріміздің материалдық-техникалық жағдайы жақсарып, мұғалімдеріміздің кәсіби шеберлік дәрежесі артты. Соңғы жылдары 28 мектеп жөндеуден өтіп, 500 миллион теңге қаржы игерілді. Осыдан 4 жыл бұрын 2 бала мектепті «Алтын белгімен» тамамдаса, өткен оқу жылында «Алтын белгі» алғандардың қатары 57-ге жетті. Биылғы оқу жылында 59 мектеп бітіруші түлек осындай жоғары көрсеткішке қол жеткізуге талпынып отыр. Мұғалімдеріміздің сапалық құрамы осыдан төрт жыл бұрынғы 37 пайыздан қазіргі таңда 67 пайызға артты. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде былтыр 85,5 балл алсақ, биыл бұл көрсеткіш 90 балл болады деп күтілуде. Әр ауылда балалар бақшасы жұмыс істейді.
Төртіншіден, бізде қалыптасқан жақсы жұмыс ретінде мал шаруашылығын, оның ішінде мал семірту ісін айтуға болады. Мысалы, біз егін шаруашылығымен төрт ай ғана айналысамыз, қалған сегіз айда мал шаруашылығымен шұғылданамыз. Төрт-бес ай егін егіп, жинап, мал азығын дайындасақ, қазан айынан бастап мал бордақылай бастауымыз керек. Біздің ауданымызда мыңнан астам үй бар болса, соның төрт мыңында тұрғындардың мал семірту кәсібімен шұғылдануына мүмкіндік бар деп есептеймін. Әрбір үйдің тұрғыны ауласында шағын ғана, бес-он бастан мал бордақыласа, нұр үстіне нұр. Қазірдің өзінде 600-ден астам аудан тұрғыны мал бордақылауға кірісті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш мыңға жуықтайды деп болжап отырмыз. Өйткені аудан халқының мал бордақылау кәсібінің тиімді екеніне көзі әбден жетті. Енді мынадай жоба қарастырылып отыр. Мысалы, жеке азамат өз үйінің ауласында мал семіртіп, оның салмағын 200 келіге жеткізіп, оны ірі мал семірту орталығына сата алатын болады. Мемлекет оған сол үшін 40 мың теңге субсидия (әр бас малға) төлейді. Демек, мал семіртуде жем-шөп шығынын мемлекет өтейді. Ірі мал семірту орталықтары (3000 бастық) аудан бойынша алты жерде болмақ. Мысалы, Көкжырада Нұрлан Садықов осындай ірі мал семірту кешенін салып жатыр. Міне, халықты жұмыспен қамту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі осы болмақ.
Бесіншіден айтарым - кезінде ел игілігі үшін қажымай-талмай еңбек етіп, қазірде жасы келген зейнеткер еңбек ардагерлеріне құрмет көрсету бірінші кезектегі міндет болып табылады. Аудан орталығында, әр ауылда қарттар бас қосып, әңгіме-дүкен құратын, кездесулер өткізетін арнайы бөлмелер белгіленіп, жабдықталды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға, күнкөрісі төмен отбасыларға қамқорлық жасау ісі де үнемі ескеріледі. Ақжар мен Ақсуатта Оңалту орталықтары жұмыс істейді.

-Ділдабек Тәжібайұлы, шынайы көңілмен айтқан ашық әңгімеңізге рақмет. Еңбегіңіз жана берсін!

Сұхбаттасқан Хамза СӘТИЕВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57