СЕРІК ЗАЙНУЛДИН: ҮРЖАР - БАҚ ҚОНҒАН МЕКЕН

Үржар – Шығыс Қазақстан облысындағы ірі аудандардың бірі һәм бірегейі. Әлеуметтік - экономикалық дамуы да көңіл қуантады. Таңдай қағатын, таңырқай қарайтын тұмса табиғатымен, айдынды Алакөлімен, Барлық Арасанымен мақтанса, апорт алмасы мен балы брендке айналғалы қашан. Жуырда Алакөл көліне «Үздік туристік нысан - 2017» аталымы берілді. Осыдан – ақ Үржарда туризмнің дамып келе жатқанын анық аңғарамыз. Биыл Үржарда өткен ауқымды шаралардың бірі - Әсет Найманбайұлының 150 жылдығы, ел көлемінде өткен Әсет тойының дүбірі әлі де ел есінде.
Үкілі Үржардың биылғы жетістігімен бөлісу мақсатында аудан әкімі Серік Зинабекұлы Зайнулдинмен сұхбаттасқан едік.

- Серік Зинабекұлы, Шығыс Қазақстан облысындағы тәжірибесі ең көп әкімдердің бірісіз. Әкімдік қызметіңіздің соңғы 5 жылға жуық уақытын аймағымыздағы ең үлкен өңір Үржар ауданында жалғастырып жатырсыз. Бүгінгі Үржардың хал-ахуалы қалай?

- Сауалыңызға рақмет. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жылдан-жылға қарқынды түрде дамып келе жатқанын негізге ала отырып, ауданның бүгінгі жағдайы жақсы деп айтуға болады. Өздеріңіз білетіндей, Үржар – ауыл шаруашылығы саласына басымдық беретін аудан. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, 29516 млн. теңге көлемінде ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, 2016 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда өндіріс көлемі артып, 103,7 %-ды құрады. Облыс көлемінде өндірілген ауылшаруашылық өнімдерінің 9 пайызы Үржар ауданының үлесінде.
Ауылдағы ағайынның ата кәсібі төрт түлік қой. Мал шаруашылығы саласындағы көрсеткіштер де көңіл қуантады. Мысалы, сойылып сатылған ет көлемі – 9 401 тонна, сүт – 54 803 тонна. Қазір аудан бойынша ірі қара мал саны - 104 480 бас. Жыл санап мал басы да артып, асылдандыру жұмыстары кеңінен жүргізілуде.
Ал өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі - 2787 млн. теңге. Ауданы-мыздағы ірі кәсіпорындардың бірі «Мадина» серіктестігі есептік кезеңде 86,8 мың тонна тас көмір өндірді. «Швабские колбаски» ЖШС есепті кезеңде 197 тонна шұжық өнімдерін дайындап, 2016 жылдың тиісті кезеңіндегі өндіріс деңгейі сақталды.
Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінде де алға басушылық бар. 1298 тонна өсімдік майы, 65 тонна сүт өнімдері, 157 тонна нан және 45 тонна кондитерлік өнімдер өндірілді. Капиталға жұмсалған инвестиция көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 56,2 пайызға артты. Бұл - жақсы көрсеткіш.
Құрылыс саласында да қарқын бар. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, ауданда жүргізілген құрылыс жұмыстарының көлемі 3685 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 29,2 пайызға артты.
Шағын бизнес те дамудың оң көрсеткішіне ие. Биыл 190 шағын және орта бизнес кәсіпорны тіркелсе, ол өткен жылмен салыстырғанда 50 кәсіпорынға артық.
Бюджет жайлы айтар болсақ, осы жылдың бірінші қазанына аудан бюджетінің ішкі табысы 906 млн. теңгені құрап, есептік кезеңдегі жоспар 100,1 %-ға орындалды. Қазіргі таңда бөлінген қаржының 99,9 пайызы игерілді.
Аудан халқын әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту мәселесі өзіндік маңызға ие. 2017 жылдың 1 қазанындағы дерек бойынша, 173 адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркеліп, жаңадан 806 жұмыс орны құрылып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар 23,1 %-ға азайды.

- Үржар жері құнарлы, экономикасы табысты өңірлердің қатарында саналады. Ауданда кәсіпкерліктің дамуы қандай деңгейде?

- Дұрыс айтасыз. Жер құнарын біздің диқаншылар қауымы жақсы біледі. Сондықтан Жер – Ананың берген ризығын пайдалану жағы дұрыс жолға қойылған. Ал кәсіпкерліктің дамуы ойдағыдай. Әсіресе шағын бизнес қарқынды түрде даму үстінде. Мемлекет басшысының шағын және орта бизнесті ата кәсіпке айналдыру керек деген тапсырмасы бар ғой. Аудан тұрғындарының төрттен бірі шағын бизнеске бет бұрған деп айтуға болады. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, 4946 шағын кәсіпкерлік тіркелген. Ауданның ішкі табысының 24,7 пайызын шағын кәсіпкерлік құрайды.
Үржар ауданында бір ет комбинаты, үш диірмен, 28 наубайхана, екі сүт қабылдау және оны өңдеу цехы, 548 сауда дүкені, 30 дәріхана, 3 кондитерлік, 1 қымыз өндіру цехы, 11 қонақ үй, 2 базар, 10 қоғамдық монша, 32 техникалық қызмет көрсету станциясы, 18 жанар-жағармай станциясы, 77 қоғамдық тамақтандыру орны және 110-ға жуық кәсіпкерлік нысан тұрғындар игілігіне қызмет етуде.
Аудандағы шағын бизнестің қарқынды дамып келе жатқанын жаңадан іске қосылған кәсіпкерлік нысандары санының жылдан-жылға артып отырғанынан-ақ байқауға болады. Мысалы, жыл басынан бері екі қонақ үй, тоғыз сауда дүкені, екі дәріхана, бес дәмхана, бір наубайхана, екі тігін цехы, бір автобекет іске қосылып, 55 адамға жаңа жұмыс орындары ашылды.
Сонымен бірге Үржар ауданы бойынша Индустрияландыру картасына «AK-Минералс» ЖШС-нің 2017-2020 жылдарға арналған құны 8 млн. 200 мың теңге болатын катодты мыс өндіру гидрометаллургиялық зауытының құрылысын салу инвестициялық жобасы енгізілді. Жобаның қуаттылығы жылына орта есеппен 5000 тонна мыс өндіруге және 350 адамға жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда зауытқа қажетті инфрақұрылым жүйесін тарту мақсатында құжаттар әзірленуде. Сондай-ақ «Eurotransit Terminal» ЖШС-нің (иесі - Е.Диханбаев) «Бахты» кедені өткелінде көлік-логистикалық орталық салу жөніндегі инвестициялық жоба да Индустрияландыру картасына енгізілді. 2017 - 2022 жылдар аралығында жүзеге асырылады деп жоспарланған жобаның жалпы құны 10 308,7 млн. теңге. Бүгінгі күні жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде субсидияландыру құжаттары облыстық үйлестіру кеңесіне жолданған. Айта кетейін, осы бағдарлама бойынша кәсіпкерлікті өркендету, Алакөлдің жағалауында туризмді дамыту бағытында жыл басынан бүгінгі күнге дейін 305,5 млн. теңгені құрайтын 10 жоба субсидияландырылды. Ол да аталмыш саланың дамуына сеп болары сөзсіз.

- Серік Зинабекұлы, Сіз басқаратын ауданның кәсібі көп салалы екенін білеміз. Шаруашылықтың қай саласына басымдық беріледі?

- Үржар ауданының экономикасын дамытуда агроөнеркәсіп кешені маңызды рөл атқарады. Ауданның ауыл шаруашылығы саласы өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығына негізделген.
Мал шаруашылығы, оның ішінде сүт бағытындағы шаруашылықты дамытуға, өсімдік шаруашылығында сапалы сортты тұқымдарды, минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтерді пайдалануға және ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің техникаларын жаңартуға көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, осы жылы шаруа қожалықтары 4650 тонна минералдық тыңайтқыш пайдаланды. Ол өткен жылмен салыстырғанда 3,4 есеге артық. Сол секілді пайдаланылған гербицидтердің көлемі 18151 тоннаға жетіп, 2,2 есеге көбейді.
Шаруа қожалықтары жаңа техникалар алуда белсенді. Бүгінгі күнге дейін ауданның 44 ауылшаруашылық құрылымдары 531,3 млн. теңгеге 111 бірлік жаңа ауылшаруашылық техникаларын сатып алды. Соның ішінде «КазАгроФинанс» АҚ арқылы лизингке 25 шаруашылық 46 бірлік, өз қаражаттарына 19 шаруашылық 65 бірлік жаңа техникаға қол жеткізді.

- Осы ретте ауданда ауыл шаруашылығы бағытындағы жұмыстарға, мал өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарының жай-күйіне тоқталсаңыз. Қожалықтарды кооперативтерге біріктіріп, ірілендіру жағы қалай жүзеге асып жатыр?

- Үржар ауданы бойынша өсімдік және мал шаруашылығымен айналысатын 2184 шаруа қожалығы тіркелген. Президент тапсырмасына сәйкес, аудан бойынша жеке және қосалқы шаруашылықпен айналысушыларды, ұсақ шаруа қожалықтар мен жеке кәсіпкерлерді ауыл шаруашылығы кооперативтері құрамына тартып, ірілендіру бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда 51 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, олардың құрамына 1710 адам тартылды. Ашылған ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдау мақсатында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жеңілдетілген пайызбен несиелендіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні аталған мекемеге үржарлық еңбеккерлер тарапынан 46 өтінім берілді.

- Енді туризм жағына ойыссақ. Серік Зинабекұлы, Үржардың ғана емес, еліміздің мақтанышына айналған айдынды Алакөл жайлы жиі жазылып жүр. Биылғы жылы Алакөлге ерекше көңіл бөлініп, жағалауды жақсарту бағытында көп істер атқарылды. Басталған жұмыс әлі де жалғасын табатын болар?

- Әрине. Ішкі туризмді дамыту үшін Алакөлдің жағасын абаттандыру жұмысы жыл сайын жалғаса береді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Алакөл отандық туризмнің алдыңғы легінде болуы керектігін үнемі айтып, қолдау танытып, тың тапсырмалар жүктеп отырады. Осы мақсатта аймақ басшысы 2016 жылы Алакөлді абаттандырудың жоспарын жасатты. Облыстық бюджеттен 500 млн. 580 мың теңге қаражат бөлінді. Оған біз ең бірінші жол мәселесін шештік. 4,7 шақырым жолға құмтастар төктік, асфальттап, жарықтандырдық. Арбат жасалып, 8 мың шаршы метр жерге тас төсеніштер төселді. Киіз үй, жүйесіз дүңгіршектер алынып, 10 жылға жерді жалға беру арқылы 22 заманауи шағын дүкен салғыздық. Жағалау абаттандырылып, жарықтандырылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 80 бейнебақылау камерасы, 4 полиция бекеті орналастырылды. Екі медициналық пункт ашылды. Балалар ойнайтын алаңқай, субұрқағы бар саябақ ашылып, автобекет пен автотұрақ салынды. 760 метр аумақтағы гүлзарларға гүлдер, бірінші рет көлдің басына 3000 түп ағаш көшеттері егіліп, тамшылатып суару мәселесі шешілді. 147 демалыс орнының 123-і талапқа сай қызмет көрсетті. Биыл қосымша 15 нысанның құрылысы жүргізілуде. Осы жұмыстарға облыс басшысы жоғары баға берді.
Алакөлді абаттандыруға облыс әкімінің қолдауымен келесі жылы қосымша 800 млн. теңге қаражат бөлінбек. Жоғарыда атап өткенімдей, абаттандыру жұмыстары жалғасын табады. Арбат 410 метрге ұзарып, ені 50 метрге кеңейтіледі, жарықтандырылып, субұрқақ орнатылады. Сонымен қатар мерекелік шаралар өтетін арнайы орын жасау да жоспарда бар. Қосымша 5 шақырым айналмалы жол салынады. Балалар жағажайы дайындалып, «Үржарайым» балалар лагері абаттандырылады. Қайықтар үшін төрт айлақ та жасалынады.

- Серік Зинабекұлы, осы жерде көкейде жүрген сауалдарды қойсақ. Алакөл демалыс аймағының аудан бюджетіне қосып отырған үлесі қанша? Жағалауды кәсіптің көзіне айналдырған кәсіпкерлік нысандардың иелері ауданның салық төлеушілері есебіне тіркелген бе?

- Ағымдағы жылы Алакөл көлі жазғы демалыс аймағында барлығы 226 кәсіпкерлік нысан демалушыларға қызмет көрсетті. Биылғы қаңтар - шілде айларында Алакөл көлі жағалауындағы кәсіпкерлік нысандардан түскен инвестиция көлемі 1 млрд. 549 теңгені, немесе ауданның негізгі капиталға жұмсалған инвестиция көлемінің 46,2 пайызын құрады.

- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы бүгінгі таңда еліміздің жарқын болашағына бағытталған басты құжаттың біріне айналып отыр. Үржар ауданында да бұл орайда атқарылып жатқан игі істердің аз емес екенін білеміз. Осы жұмыстарға өзіңіз тоқталып өтсеңіз.

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өткен болатын. Ол - бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы. Сонымен қатар таяу жылдардағы міндеттерімізге де тоқталған.
Бағдарламалық мақала аясында ауданымызда бірқатар игілікті істер қолға алынуда. Атап айтсам, тамыз - қыркүйек айларында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы шеңберінде аудан кәсіпкерлері, мекеме мен ұйым ұжымдары тарапынан 3 млн. 794 мың теңге көлемінде жетім, жартылай жетім, көп балалы және аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан 714 балаға көмек көрсетілді. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан бойынша мектептердің материалдық-техникалық базалары нығайтылуда. Жергілікті бюджеттен үш мектепке (Б.Момышұлы, Көкөзек, Абылайхан орта мектептеріне) компьютерлік техника алуға және «Үржарайым» лагеріне, 18 шағын жинақталған мектепке интерактивті жабдықтар алуға, 3 мектепке (Төлеубеков, Тұрлыханов, Әуезов атындағы мектептер) балаларды тасымалдауға автобус алынды. Биылғы жылы аталған бағдарлама аясында оқушыларды тегін оқулықпен және 2, 5, 7 сынып оқушыларын жаңартылған оқулықтармен қамтамасыз ету үшін тиісті қаражат бөлініп, 103599 дана оқулық сатылып алынды.
Латын әліпбиіне көшу, ұлттық кодты сақтау мәселелері талқыланып, «Туған жер» тұжырымдамасын жүзеге асыру қолға алынуда. «Туған жер» тұжырымдамасы аясында ауданнан шыққан азаматтар туған өлкелерінің өркендеуіне үлес қосуда. Науалы ауылында спорт мектебі күрделі жөндеуден өтіп, жақында пайдалануға берілді. Сол сияқты Қызылту ауылында мешіт салынды.
Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Ұлттық бірегейлікті сақтау» тарауы бойынша да жұмыстар жалғасын табуда. Ағымдағы жылы ақын, әнші-сазгер Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойы ел көлемінде ұйымдастырылды. Республикалық деңгейдегі ғылыми конференция, ақындар айтысы, аламан бәйге, қазақ күресі сияқты кешенді іс-шаралар өтіп, аталған шараға еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жатқан белгілі жерлестеріміз шақырылды.
Мемлекет басшысының мақаласынан туындаған негізгі міндеттерді орындау мақсатында мемлекеттік мерекелер мен халықтық мейрамдарға арналған мәдени көпшілік іс-шаралар, мәдени бағдарламалар кешенді түрде жүргізіле беретін болады.

- Адам басты құндылық дейміз. «Атқарылатын жұмыстардың барлығы адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін жасалуы керек»,- деп Елбасымыздың тарапынан жиі айтылады. Аудан басшысы ретінде тұрғындардың бүгінгі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына өзіңіз қандай баға берер едіңіз? Аудан бойынша орташа еңбекақы көлемі қанша?

- Аудан тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін еңбек етіп жатырмыз. Еңбекке қабілетті халықтың жұмыс істеуіне мейлінше жағдай жасалуда.
Әлеуметтік - еңбек саласын дамытудағы негізгі бағыттардың бірі мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына сапалы әлеуметтік көмек көрсету, өмір сүру сапасын жақсарту және әлеуметтік қолдаудың түрлері мен әдістерін жетілдіру болып табылады. Өткен жылмен салыстырғанда әлеуметтік көмек алушылар санының 23 пайызға азаюы халықтың әл-ауқатының артқанын аңғартады. Кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары тарапынан жыл басынан бері көмекке мұқтаж 2259 адамға қаржылай және азық-түлікпен қолдау көрсетілді. Жұмыссыздыққа келсек, ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша, 173 адам рес-ми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген. Жыл басынан бері 2189 адам жұмыспен қамтылса, соның 11-і мемлекеттен шағын несие алған.

- Серік Зинабекұлы, соңғы са-уалым. Атқаруға тиісті, ойға алған, бірақ шешімін таппай келе жатқан шаруалар көп пе?

- Әрине, көп. Біріншіден, жол мәселесі. Аудан мен ауылдар арасындағы жолдарды асфальттауға 677 млн. теңгеге жобалық – сметалық құжат жасалып, тиісті мекемелерге жіберілді. Екіншіден, таза ауыз сумен халықты қамтамасыз ету. Бұл көрсеткіш Үржар ауданы бойынша 48 пайызды құрайды. Ақшоқы, Көкөзек, Мақаншы, Қаратұма ауылдарына осы мақсатқа қаржы бөлінді. Қалған ауылдар үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Бұл мәселе 2018-2020 жылдарға дейін шешіледі деп есептеймін. Үшіншіден, тұрғын үй салу мәселесі толық шешілген жоқ. Бұл мәселе 2018 жылы шешімін табады деп күтілуде. Төртіншіден, Үржар ауылында кәріз суын шығаруға жоба жасалуда, алдағы жылдары шешілетін болады. Бесіншіден, 30 мың тонна құс етін өндіретін фабрика салу жоспарда бар. Оған инвестор іздестірілуде. Алтыншы, суармалы жерлерді игеру мақсатында Қарабұта, Көктерек, Қарақол су қоймаларын салу жобалары бар. Оған қажетті қаражат 2018 жылы республикалық бюджеттен бөлінеді деп отырмыз.

- Сұхбатыңызға рақмет. Үржар ауданы көркейе берсін!

Сұхбаттасқан
Әйгерім СӘРСЕНҒАЛИ.

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57