НҰРЛАН СЫДЫҚОВ: ИНВЕСТОРЛАРДЫ ҚЫЗЫҚТЫРА БІЛУІМІЗ КЕРЕК

Бүгінде Жарма ауданы облысымыздағы жаңашыл қадамдарымен, жасампаз істерімен ерекшеленген. Әлеуметтік - экономикалық даму көрсеткіштері бойынша аймақта көш бастап тұр. Өнеркәсібі өрге басқан, ауыл шаруашылығы өркендеген өңірдің бүгіні һәм болашағымен танысу мақсатында аудан әкімі Нұрлан Бәтташұлы Сыдықовпен сұхбаттастық. Айта кетерлігі, Нұрлан Бәтташұлының Жарма ауданына басшылыққа келгеніне тура екі жыл болыпты. Жасыратыны жоқ, жаңа басшыдан жармалықтар тың идея, жаңа бағыт күткен еді. Осы уақыт ішінде аудан әкіміне артылған сенім мен халықтың үміті ақталып, Жарма жаңалықтың жаршысына айналып үлгерді.

- Нұрлан Бәтташұлы, Шығыс Қазақстан облысында ұзақ жыл басшылық қызметтер атқарып келесіз. Әкімдік тәжірибеңізді Бесқарағай ауданынан кейін Жармада жалғастырып жатырсыз. Экономикалық тұрғыдан екі ауданның мүмкіндіктерінде айырмашылық бар ма?

- Шығыс Қазақстанның әр өңірінің табиғи-географиялық, тарихи-мәдени, демографиялық, сондай-ақ экономикалық өзгешеліктері бар.

Бесқарағай ең алдымен көк желекті орманымен ерекшеленеді. Аудан аумағының 50 пайызын орман алқабы алып жатыр, тиісінше, тұрғындардың басым бөлігі осы салада еңбек етеді. Жер көлемінің 120 шақырымы Ресеймен шектеседі. Көптеген жергілікті тұрғындар шекаралық мекемелерде жұмыс істейді.

«Балапан» даласындағы 100 мың гектарға жуық егістік алқабы, Ертіс өзенінің аудан ішімен 170 шақырым аумақтан өтуі астық, картоп пен көкөніс өсіруге қолайлы жағдай туғызады. Сондай-ақ қалаға жақын орналасуы аудан шаруаларының өнім өткізуіне, кәсіпкерлікті дамытуына оң ықпалын тигізеді. Бірде «Если есть на земле рай – это наш Бескарагай» деп айтқаным бар. Осы сөз бүгінде бесқарағайлықтардың ұранына айналған. Олай деуімнің түпкі мәні 28 ұлттың өкілдері өмір сүретін ауданда халықтың береке-бірлігі мен достығы берік, татулық пен жарастықта тіршілік етуде.

Жарма ауданы болса тоғыз жолдың торабында орналасқан, өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған аймақ. Жарма өңірінде пайдалы қазбалардың қоры мол, өндірістік әлеуеті жеткілікті. Сонымен қатар бүгінгі таңда шикізат қорының көптігі емес, оны игере білу, инновацияны, жаңа технологияларды қолдану ерекше маңызға ие. Яғни, экономикалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы қай өңірде де табысқа қол жеткізуге болады. Бұған, табиғи байлықтары мүлде аз болса да, экономикада қомақты жетістіктерге қол жеткізіп отырған елдердің тәжірибесі дәлел. Яғни, қай аймақта қызмет етсек те, ілгері басудың кепілі істің көзін табу деп білемін.

- Шынымен де, Жарма ежелден жер асты байлығы мол өңірлердің қатарында саналады. Табиғаттың осы сыйының аудан бюджетіне қосар үлесі көп пе?

- Жоғарыда айтқанымдай, табиғат байлығы оны тиімді игере білгенде ғана қайтарым береді. Бүгінгі таңда 20-ға тарта кен орындарында геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде.

«Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС тарапынан құрамына «Бақыршық» және «Большевик» кен орындары енетін «Қызыл» жобасы бойынша өнімділігі жылына 1,8 млн. тонна кенді өңдеуге есептелген кен байыту кешенінің құрылысын салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 2018 жылдың ІІ жарты жылдығынан бастап оның алғашқы кезеңі іске қосылмақ.

«ГМК Васильевское» ЖШС Бөке ауылында «Васильевское» кен орнынан алтын өңдеу зауытын салу» жобасын аяқтап, алғашқы өнімдерін шығарды. «Шұғыла Голд» ЖШС биылғы жылы кенді шаю арқылы алтын өндіруді қолға алса, келесі жылы фабрика құрылысын салуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ «Қазақцемент» серіктестігі, «Асар Инвест», «АС Инком», «Семей жолдары» серіктестіктерінің бөлімшелері өнім өндіру деңгейін арттыруда. 

2020 жылға дейін ауданда 4 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 29 млрд. теңгенің инвестициясын тарту жоспарлануда. Барлық жобалар ауданның Үдемелі индустриялы-инновациялық даму бағдарламасы бойынша үйлестіру кеңесінде қаралып, екі жоба облысты Индустриялық картасына енгізілді. Олар «Артель Старателей Горняк» ЖШС-нің Ақжал ауылында «Жылына 250 мың тонна руда өндіретін зауыт салу» жобасы және «Жангиз Солар» ЖШС-нің Жаңғызтөбе кентінде қуаттылығы жылына 30 МВт-тық күн электр станциясын салу жобасы.

Аудан бюджетінің меншікті түсімдерінің негізгі бөлігі «Бақыршық тау-кен кәсіпорны», «Казахцемент», «Казинтерэтнос» сияқты өндірістік кәсіпорындарға тиесілі.

- Нұрлан Бәтташұлы, ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қандай деңгейде?

- Мемлекеттік қолдау нәтижесінде кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Ауданда 2123 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Оның ішінде 121 шағын және орта кәсіпорын, патент негізінде жұмыс істейтін 693 кәсіпкер, оңайлатылған декларация арқылы 749 кәсіпкер, жалпы режімде жұмыс істейтін 80 кәсіпкер және 480 шаруа қожалығы бар. Бұл салада 4092 адам жұмыспен қамтылған, немесе экономикалық белсенді тұрғындардың 17 пайызы. 

287 дүкен, 13 дәріхана, 9 жанар-жағармай құю станциясы, 8 мейрамхана, 71 кафе және асхана, 12 техникалық қызмет көрсету станциясы, 18 наубайхана, 12 қонақ үй, 1 сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Нарық ырығына қарай кәсіпкерлермен жұмыстарын дамыту және жетілдіру істері жақсы жанданып келеді.

Ағымдағы жылы сауда үйі, бизнес орталығы, дизельдік техникаларға қызмет көрсету орталығы, 4 дүкен сияқты кәсіпкерлік нысандары ашылды. Аудан бюджетінің кіріс бөлігінде шағын және орта кәсіпкерліктің үлес салмағы ағымдағы жылдың 6 айында 80 486,6 млн. теңгені, немесе 10%-ды құрады.

Бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 8 айда 6 774,4 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 857,9. Теңгеге, немесе 14,9 пайызға артты.

2017-2021 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту картасы бекітілген. Оған 786,8 млн. теңгенің 172 жобасы енгізілді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017– 2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында облыстық «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на 46 өтінім және 5 жоба «Аграрлық несиелік корпорациясы» АҚ-на жолданды. Бүгінгі күнге 100,2 млн. теңгенің 35 жобасы қаржыландырылды. Басым бағыт - қызмет көрсету, шағын мал бордақылау алаңын ашу, ірі қара мал басын сатып алу жұмыстары. 

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде екінші деңгейлі банктер арқылы барлығы 696,3 млн. теңгеге 11 жобаның пайыздық мөлшері субсидияланды.

Туристік аймақ саналмағанмен, ауданның географиялық орналасуы туризмді дамытуға біршама қолайлы.

Ауданда біржолғы сыйымдылығы 362 орынды құрайтын 13 қонақ үйі бар. Келушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 12 есеге артып отыр. Ішкі туризм бойынша келушiлердiң саны өткен жылмен салыстырғанда 26%-ға өсіп, 13 019 адамды құрады. Сәйкесінше, олардың қызмет көлемі де едәуір артып отыр.

- Сіз басқаратын ауданның кәсібі көп салалы екенін білеміз. Шаруашылықтың қай саласына басымдық беріледі?

- Әлеуметтік-экономикалық дамуда тиісті көрсеткіштерге қол жеткізу үшін, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті қатар дамытуымыз қажет. Себебі бұл екі саланың да экономиканың өсіміне, бюджет түсіміне, тұрғындарды жұмыспен қамтуға қосар үлесі аз емес. Осы салаларға инвестиция тартып, ауқымды жобаларды жүзеге асыру ілгері дамудың бірден-бір тетігі болып табылады.

- Нұрлан Бәтташұлы, аудан-дағы ауыл шаруашылығы бағытындағы жұмыс, мал өсірумен айналысатын шаруа қожалық-тарының жай-күйі қалай? Қанша шаруа қожалықтары бар? Қожа-лықтарды кооперативтерге біріктіріп, ірілендіру жағына тоқталып өтсеңіз.

- Ауданның агроөнеркәсіп секторында мал шаруашылығы басымдыққа ие. Бұл салада асылдандыру, өнімділікті арттыру жұмыстарына үлкен көңіл бөлінуде.

«КазАгро» ұлттық холдингінің көмегімен ауданда жалпы құны 654,0 млн. теңгенің 2 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Оның ішінде «Сембелл» серіктестігі тарапынан құны 580,0 млн. теңгені құрайтын 3 000 бас ірі қара малға арналған мал бордақылау алаңының құрылысы аяқталып, 1350 бас ірі қара мал бордақылануда.

«Сүлеймен» шаруа қожалығымен құны 74,0 млн. теңгені құрайтын 100 басқа арналған сүт-тауарлы фермасының құрылысы жүргізілуде. Оны іске асыруға 44 млн. теңге меншікті қаражаттан және 30 млн. теңге қаржы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы тартылған. Қажетті құрал-жабдықтар толығымен сатылып алынып, енді оларды орнату жұмыстары жүргізілмек.

11 елді мекенді қамтитын 4 сүт қабылдау пункті іске қосылды (Қалбатау, Қаратөбе, Салқынтөбе және Сұлусары ауылдарында). «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша ірі қара, жылқы, қой басын сатып алу, асылдандыру жұмыстары жүргізілуде.

Аудан бойынша жалпы 549 ауыл шаруашылығы құрылымдары тіркелген болса, оның 173-і ірі қара, жылқы және қой малдарының тұқымдық түрлену бағдарламасына қатысып отыр. Бұл барлық шаруашылықтардың 31,8%-ын  құрайды. Ірі қара малы бойынша 152 шаруашылық 12667 бас және қой малынан 34 шаруашылық 32586 бас аналық малмен бағдарламаға қатысуда.

2017 жылы 103 шаруашылықта 420 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатылып алынып, субсидиялау қағидасының талаптары негізінде әр басқа 150 мың теңге төленуіне байланысты, 73,6 млн.теңгеге субсидия алуға өтінімдер тапсырылды. Тұқымдық түрлену бағдарламасына қатысып отырған 152 шаруашылық 126,7 млн. теңгеге және 99 шаруашылық, 6518 бас бұзау алғаны үшін 69,5 млн.теңгеге субсидиялау үшін құжаттар тапсырды.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша биыл ауданда 34 ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері құрылып, жоспар толығымен орындалды. Кооперативтер құра-мында 949 мүше бар. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығына бағытталған.

- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы бүгінгі таңда еліміздің болашағына арналған басты құжаттың біріне айналып отыр. Жарма ауданында да бұл орайда атқарылып жатқан игі істердің аз емес екенін жақсы білеміз. Осы бағыттағы жұмыстарға өзіңіз тоқталып өтсеңіз.

- Егемен еліміздің әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылуы үшін, экономикалық, саяси реформалармен қоса, рухани жаңғыру аса қажет. Сондықтан Елбасы бұл мәселені дер кезінде алға тартып отыр. Ұлттық бітім-болмысымыз, мәдениетіміз, дәстүріміз, төл тарихымыз, атадан жалғасқан ұрпақтар сабақтастығы сақталмаса, тәуелсіз ел ретінде ілгері басуымыз, бәсекелестікке төтеп беруіміз қиынға соғады.

Жарма ауданы - таланттарға бай өңірдің бірі. Ақын-жазушылар, ғылым, өнер, спорт қайраткерлері, әр салада табысқа жеткен танымал жандар – кейінгі буын үшін үлкен мақтаныш.

Аудан көлемінде рухани құндылықтарды, тарихи орындар мен танымал тұлғаларды дәріптеу, жас ұрпаққа барынша жақынырақ таныс-тыру мақсатында бірқатар шараларды қолға алудамыз. Былтырғы жылы Қалбатау ауылында Зере апамызға ескерткіш орнаттық. Бұл, бір жағынан, ұлы Абайдың әдебиетке құштарлығын оятқан, Құнанбайдай сұңғыла қайраткерге ақылшы болған ел анасының есімін ардақтау болса, екіншіден, Зере Бектемірқызының Жарма өңірінің тумасы екенін көпшілікке таныту болып табылады. 

Шар қаласында ұлы Абайдың бюсті ашылды. Бұл орайда ұлы Абайдың ізі қалған өлкедегі қасиетті мекеннің бірі Қарамола Шар қаласы мен Семей қаласының арасында, Суықбұлақ кентіне жақын жерде орналасқанын айта кеткім келеді. Дәл осы орында ертеде аймақтағы ірі жәрмеңкелердің бірі өтсе, 1885 жылы, бес дуанның билерінің басы қосылған төтенше съезде Абай төбе би болып сайланып, ол дайындаған Билер ережесі осы алқалы басқосуда қабылданған.

Сонымен қатар осы жердегі қорымда Батыс Түрік қағанатын VII ғасырда басқарған қаған Байдұлы баба (Бахадыр Дулу хан) жерленген. Келешекте бұл жерде қасиетті мекен ретінде  абаттандыру шараларын жүргізу ойымызда бар.

Өз туындыларына махаббатты, ерлікті, достық пен бауырмалдықты өзек еткен Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасына арналып, аудан орталығында Махаббат аллеясы ашылды.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі партизан жазушы, әдебиеттанушы Әди Шәріповтің есімі өзі дүниеге келген Былқылдақ (бұрынғы Мариновка) ауылына берілген. Биылғы жылы, жазушының туғанына 105 жыл толуына орай, «Қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция болып өтті.

Жарма ауданының әкімдігі, Қазақстан Жазушылар одағы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті бірлесіп ұйымдастырған бұл шараға Ә.Шәріпұлының жұбайы филология ғылымдарының кандидаты Клара Жағыпарқызы Мыңжасарова және Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, драматург, көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Мырқасымұлы Оразалин, бірқатар әдебиетші ғалымдар қатысты.

Айтыстың ақиығы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қалихан Алтынбаевтың 90 жылдығына орай ескерткіш ашылып, Айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерманның қатысуымен  республикалық ақындар айтысы өткізіліп, бұрын жыр додасын теледидардан ғана тамашалап жүрген аудан жұртшылығы әр өңірден келген жүйріктердің өнеріне куә болып, сөз маржанынан сусындады.

Таяуда ғана Әуезов кентінде, ұлы жазушының 120 жылдығына орай, әлем әдебиеті классигіне ескерткіш орнатылды. Оның ашылу рәсіміне жазушының ұлы, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, абайтанушы ғалымдар Ғарифолла Есім, Арап Еспенбетов, басқа да мәдениет, өнер қайраткерлері қатысты. «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде бой көтерген бұл нысанның демеушісі – Бақыршық орта мектебінің түлегі, Ресейдің Ханты-Мансы автономиялық округіндегі «ЮганСтройТранс» жауапкершілігі шектеулі қоғамының бас директоры Оразхан Аманханұлы Қалиев. Бұрын да ізгі істерімен танылып жүрген жомарт жүрек азаматқа Жарма ауданының Құрметті азаматы атағын табыс еттік.

Әуезов кентінде О.Қалиевтың демеушілігімен ашылған мешіт ғимараты 10 жыл бойы тұрғындарға рухани қызмет көрсетіп келеді. Мешіт аумағын абаттандыру жұмыстарымен таныстыру, имандылыққа баулу мәселелерін ортаға салып, пікір алмасу мақсатында кентте «Рухани - адамгершілік құндылықтардың бүгінгі қоғамдағы орны» тақырыбында аудандық семинар ұйымдастырылды.

Аудан көлемінде рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған басқа да мәдени-көпшілік шаралар өткізілуде. Мамыр айында ардагерлердің Ырғызбай әулие басына сапары ұйымдастырылса, маусым айында ардагерлер арасында «Шебердің қолы ортақ» сайысы  өткізілді. Тамыз айында жаңадан ашылған субұрқақ жанында «Рухани жаңғыру» тақырыбымен ауыл көркемөнерпаздарының байқауы болып өтті.

Жастарды отансүйгіштікке баулу – бағдарламаның басты бағыттарының бірі. Бұл ретте соғыс жылдарында ерлікпен шайқасқан ата-бабаларға құрмет таныту – кейінгі толқын үшін асыл парыз. Сұрапыл соғыстың аяқталғанына 70 жылдан аса уақыт өтсе де, оның беймәлім тұстары әлі де анықталуда. Тамыз айында Қарасу ауылында осы елді мекеннің тумасы Мұсабай Толымғожиновтң сүйегін қайта жерлеу рәсімі өтті. Жауынгердің мүрдесін Ресейдің Смоленск облысы Угри ауданындағы «Набат» ізшілер отряды тапқан болатын.

Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының шежіресінен өз орнын алған әйгілі мерген, жаудың 397 әскерін жойған Төлеуғали Әбдібековтің біздің ауданның тумасы екенін көпшілік біле бермейді. Қалбатау ауылында батыр туралы «Сұрмерген» деректі фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылып, фильмнің авторы, қоюшы-режиссері, республикаға еңбек сіңірген өнер қайраткері Ғазизхан Әділхановпен кездесу өтті. Мұндай шаралардың тәрбиелік-танымдық мәні зор деп білеміз.

- Адам басты құндылық дейміз. «Атқарылатын жұмыстар-дың барлығы адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін жасалуы керек» деген  - Мемлекет басшысы тарапынан жиі айтылатын қағида. Аудан басшысы ретінде жармалықтардың ұсыныс-тілектерін, мәселелерін шешу жайын қалай бағалайсыз?

- Тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының деңгейі әлеуметтік мәселелердің шешілуіне байланысты. Бұл орайда аудан әкімдігі халықпен кездесулерде, есепті жиындарда, жеке қабылдаулар кезінде айтылған ұсыныс-тілектерді бақылауға алып, шаралар белгілеп, жоспарлы жұмыстар жүргізіп отырады. Яғни өмір сапасын жақсартуға ықпал ететін сан салалы мәселелер басты назарымызда. Биылғы жылы халықтың бірнеше жыл көтеріп жүрген мәселесі бойынша республикалық бюджет есебінен Бірлік - Қалбатау арасындағы автокөлік жолын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы жылы Қалбатау - Өскемен бағытындағы жолдың қайта жарақталуы жоспарланған.

Аудан орталығын абаттандыру жайы да жиындарда басым көтеріліп, осының негізінде субұрқақ іске қосылып, жаяу жүргіншілер жолы салынды. Жастардың демалысына, спортпен айналысуына қолайлы жағдайлар туғызу мақсатында Қызылағаш ауылы мен Жарма кентінде футбол алаңдары салынды. Бұл жұмыстар да көпшілік тарапынан көтерілген мәселе болатын.

Жаз уақытында жастарды жұмыспен қамту ісі - көпті толғандыратын мәселе. Осы негізде биыл екінші жыл «Жасыл ел» еңбек жасақтары жұмыс істеп, әр жылы 150 адамнан қамтылды. 

Бір сөзбен айтқанда, айтылған ұсыныстар мен пікірлер ескерусіз қалмайды.

- Нұрлан Бәтташұлы, аудандағы ірі елді мекеннің бірі Шар қаласының дамуы бойынша қандай шаралар атқарылуда?

- Шар қаласының дамуы, абаттандырылуы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Былтырғы жылы орталық алаңға субұрқақ, екі бағдаршам, қалаға кіреберісте арка орнатылды. Мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсету бөлімшесі кең әрі қолайлы жаңа қонысқа көшірілді. Вокзал айналасын асфальттау, басқа да жұмыстар атқарылды.

Биылғы жылы бұл жұмыстар жалғасын тауып, қаланың 5,5 шақырымды құрайтын көшелері асфальтталды. Коммуналдық шаруа-шылықтың материалдық базасын нығайту мақсатында қаладағы «Горводхоз» мекемесіне қар тазалайтын арнаулы қондырғысы бар МТЗ-82 тракторы сатылып алынды.

Тұрсынов атындағы мектеп жанындағы интернат ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілуде.

Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша 17 көшені асфальттау жұмыстары жоспарланып отыр.

- Атқарылуға тиісті, ойға алған, бірақ шешімін таппай келе жатқан мәселелер көп пе?

- Атқарушы органдардың басты міндеті – экономиканы дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту. Бұл тұрғыда тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытында атқарар істер аз емес деп білемін. Уақыт ағымына қарай сұраныстың да артуы заңдылық. Әрине, жоспарланған шаруаның бәрі бірден іске аса қоймайды. Мысалы, қандай да бір жобаны жүзеге асыру үшін оның алдымен құжаттамасы әзірленіп, келісілуі, сараптамадан өтуі керек. Тұрғын үй құрылысы, ауыз сумен қамту, коммуналдық шаруашылық, жол жөндеу мәселелерінде кезегін күтіп тұрған жұмыстар жетерлік. Күрмеуі қиын келелі мәселелерді кезеңімен жүзеге асыру жоспары бекітіліп, тиісті шаралар қолға алынып жатыр.

- Рақмет! Жармадағы жарқын істер жалғасын тапсын! 

Сұхбаттасқан Риза МОЛДАШЕВА.

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57