ТЕМІРБЕК ҚАСЫМЖАНОВ: ЗАЙСАН ӨҢІРІ ҚАРЫШТЫ ДАМУ КЕЗЕҢІНДЕ

Жер-су атаулары қашанда сол жердің тарихына, табиғи ерекшелігіне, сол аймақта болып өткен тарихи оқиғаларға байланысты қойылып жататыны анық. Белгілі топонимист ғалым Ғ.Қоңқашбаев қалың қар мен үскірік аязы қатар келген «жұт жылы тігерге тұяқтары қалмаған қалмақтар көлдің мұзын ойып балығын жеп, аштықтан қырылудан аман қалуларына «мейірімділік» танытқан көлдің атын «Зайсан нор» атапты» деген пікір айтады. Осы пікір шындыққа жанасатындай. Зайсандағы Шілікті жазығынан көне сақ дәуірінің көзі «Алтын адамның» табылуының өзі бұл топырақтың тектілігін аңғартса керек.

Қазақстанның қиыр шығысындағы бүгінгі Зайсан  - экономикасы жыл өткен сайын өркендеп, дамудың даңғыл жолына түсіп келе жатқан аудан.  Зайсан ауданына бүгін осы өңірдің өз тумасы Темірбек Жұмақұлұлы Қасымжанов басшылық жасап отыр.

Зайсан – өркендеген өңір. Экономикалық өсімі артып, халқының әл–ауқаты жақсарған аудан шығыста даму қарқыны бойынша алдыңғы лекте. Оған ауданның жағрапиялық жағдайы да септігін тигізуде. Жер қойнауы қара алтынға толы өңір көгілдір отынның да қызығын көре бастады. Бүгінгі заман талабына сай кәсіптің барлық түрлерін тең алып жүріп, атадан мұра болған мал шаруашылығын да дөңгелетіп отыр. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың алға қойған міндеттері мен  тапсырмаларын мүлтіксіз орындап отырған зайсандықтар өңірлік даму бағдарламаларының орындалуында да көш бастап тұр. Өткен 9 айды толайым табыстармен аяқтаған ауданның бүгінгі тыныс – тіршілігін білу үшін Зайсан ауданына жасаған сапарымызда аудан әкімі Темірбек Қасымжановпен сұхбаттасқан едік.  

- Темірбек Жұмақұлұлы, кейінгі ақпараттарға сүйенсек, өңірдегі басты жаңалықтардың бірі - үстіміздегі жылы көне шаһар – Зайсан қаласын газдандыру ісі қарқынды жүргізіліп келеді екен. Аудан орталығын газдандыру ісі қашан толығымен аяқталады?

- Шынымен де, соңғы екі жылдың ішінде Зайсан қаласын жергілікті көгілдір отынмен қамту ісі кезең-кезеңге бөлініп, жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Нәтижесі жаман емес. Көше бойларына газ құбырларын тарту жұмыстарын аудандағы танымал кәсіпкер Қуат Абжанов басқаратын «СМУ-Шығыс» компаниясы» ЖШС-нің арнайы бригадалары атқарды. Жобаның жалпы құны 1 067 706, 041 теңге болатын болса, қазан айына дейін  соның 985 339,0 мың теңгесі игерілді. Биылғы жылы қаланы толығымен газдандыру мәселесі түбегейлі шешімін табуға тиіс. Осы уақытқа дейін қаланың «Мөлтек аудан», «Маңғыстау» деп аталатын бөліктерінде орналасқан көп қабатты үйлер, сауда нысандары, бюджеттік мекемелер толығымен газға қосылды. Бұған дейін көп қабатты үйлердің тұрғындары пәтерлерін жеке пештермен қатты отынды пайдалану арқылы жылытып келсе, енді орталықтандырылған газ арқылы көгілдір отынға қол жеткізді. Ең бастысы, екінші, үшінші қабаттарға көмір тасып, күл шығару секілді ауыр жұмыстардан қолдары босады. Маңғыстау мөлтек ауданын газдандыру ісі толығымен  аяқталды. Ендігі жұмыстар қаланың Сауыр және Заречный мөлтек аудандарында жалғасады.

2014 жылы Зайсан өңіріндегі тоғыз елді мекенге газ құбырларының кентішілік, орамшілік желілерін салу бойынша жұмыстар басталған. Атап айтқанда, бұл ауылдардың қатарына Қарабұлақ, Кеңсай, Қайнар, Айнабұлақ, Жамбыл, Көгедай, Шалқар, Қаратал, Үлкен Қаратал ауылдары кіреді. Мердігер мекеме - «Строитель» ЖШС. Жобаның жалпы құны – 1224 467979 мың теңге. Қазан айына дейін игерілген қаражат - 986 762,0 мың теңге. Осы уақытқа дейін аудандағы тоғыз елді мекен бойынша тұрғын үйлерді газға қосу үшін жер құбырлары жүргізіліп, жоғары қысымды тексеру жұмыстары аяқталды.

- Ауданда ауыл шаруашылығы саласы  экономиканың негізгі драйверіне айналған екен. Сол туралы нақтырақ тоқталып өтсеңіз. 

- Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы оң көрсеткіштерге ие. Аудан экономикасының негізгі саласын ауыл шаруашылығы құрайды. Өткен сегіз айдың қорытындысына тоқталар болсам, жалпы өнімнің көлемі 9405, 5 млн. теңгені құрап, өндірілген өнім көлемі 113,2 пайызға орындалды. Бұл көрсеткіш өткен 2016 жылы 8311,9 теңге болған. Ет, сүт өнімдерін өндіру 101,1 пайызға орындалған. Өткен сегіз айдың ішінде тірі салмақта 6960,2  тонна ет, 30778,7 тонна сүт өндірілді. Жыл сайын асыл тұқымды малдың саны артып келеді. Жыл басынан бергі уақытта асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар 350-ге тарта асыл тұқымды ірі қара сатып әкелді. Өңірде 29 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, өз тіршіліктерін жалғастыруда. Солардың 28-і мал және егін шаруашылығымен айналысса, 1-уі тек егін саласын дамытуға ынталы. Пилоттық жоба талғамына сай «Аю» кооперативі сүт өнімдерін өндіру бағытында жұмыс істеуге кіріскен. Аудандағы кооперативтердің меншігінде  2223 бас ірі қара, 21 әртүрлі ауыл шаруашылығы техникасы бар. Солардың ішінде 13 кооператив субсидияға өтінім беріп, Дайырда - 2, Кеңсайда - 2, Қарабұлақта - 4 , Шіліктіде - 1, Зайсан қала округі бойынша 2 кооператив құрылып, мақсатты жұмыстарын жүргізуде. Солардың ішінен «Жәнібек», «Аю» кооперативтері сүт қабылдау модульдерін жабдықтауды, сүт таситын автокөлік алуды, мал соятын нысан құрылыстарын салуды жоспарлауда.

2015-2019 жылдарға арналған индустриялық –инновациялық даму бағдарламасы аясында  аймақтық Индустрияландыру картасына жалпы құны 150 млн. теңгені құрайтын «Нұр» шаруа қожалығының ет комбинаты жобасын іске асырудың алғашқы кезеңі өткен жылы басталған. Ол толық іске қосылғанда, жылына 2200 басқа дейін ірі қара сойылып, 330 тоннаға дейінгі еттен шұжық, консерві өнімдерін әзірлеуге мүмкіндік туады.

Биылғы жылы ауданда егістік көлемі 17940 гектарды құрады. Соның ішінде 7,0145 гектар жерге дәнді дақылдар өсірілді. Бүгінгі күнге дейін дәнді дақылдың орташа түсімі гектарынан 20,9 центнерден, шабылған 120 гектар жүгерінің орташа өнімі 30 центнерден айналды.

- Темірбек Жұмақұлұлы, өзіңіздің туған жеріңіз құт дарыған Зайсан өңірінің сан қырлы саласының бірі құрылыста атқарылып жатқан қыруар шаруаны көргенде көңілге ерекше бір жылылық орнады. Сіздердегі жас мамандарды баспанамен қамту ісі өзгелерге үлгі боларлықтай екен.

- Өткен жылғы желтоқсан айында, дәлірек айтсам, Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығы мерекесі қарсаңында Зайсан қаласындағы Боқажанов көшесінің бойында салынған көп қабатты алпыс пәтерлі жаңадан пайдалануға берілген екі үйдің барлық пәтерлері 29 жасқа дейінгі жас мамандарға, жас отбасыларға берілді. Сөйтіп, жастардың баспана мәселесі біртіндеп шешімін табуда. Ол аумақ қазір «Жастар қалашығы» деген атауға ие болды. Баспаналы болған жастардың басым бөлігі білім, денсаулық саласында, мемлекеттік қызметте істейді.

2017-2031 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасының негізгі мақсаты - тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін тұрғын үй құрылысын  дамыту мәселелерін кешенді шешу. Ауданда жыл сайын құрылыс салу ісі қарқынды дамып келеді. Үстіміздегі жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қаладағы Кондюрин көшесінің бойынан жалпы аумағы 7,5 мың шаршы метрді құрайтын алпыс пәтерлі екі үйдің құрылысы басталған. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарының шамамен 60-70 пайызы атқарылды. №1 коммуналдық тұрғын үй құрылысын мердігер мекеме «Buildup Gompanу», №2 үйдің құрылысын «СМУ-Шығыс» ЖШС атқаруда. Бұл жобаның жалпы құны - 473  878, 219 мың теңге. Бұл үйлер пайдалануға берілгенде, 120 отбасы қоныс тойын тойлайды. Сонымен бірге биылғы жылы 70 пәтерлік жатақхана құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар да құрылыс саласын дамытуға өз үлестерін қосуда. Биылғы жылы пайдалануға берілген жаңа құрылыстың көлемі 1324 шаршы метрді құрады. Соңғы жылдары аудан орталығында, ауылдық округтерде сәулетті, өзіндік ерекшелікпен салынған жаңа ғимараттар қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Жыл соңына дейін инвестициялық жобалар мен жекеменшік негізде құрылыс жұмысының көлемін межеленген деңгейге жеткізу жоспарлануда. Көптеген құрылысқа қажетті материалдар «СМУ-Шығыс» ЖШС–нің италиялық технологиямен жабдықталған зауытында өндіріледі.

- «Жол қадірін жолаушы біледі» деген сөз бар. Тоғыз жолдың торабында орналасқан  Зайсан өңірінде жол жөндеу мәселесінде қандай жаңалықтар бар? Сыртқы сауда қатынасы бойынша қандай игілікті істер атқарылуда?

 - Ағымдағы жылы аудандық маңыздағы Омбы – Майқапшағай – Жамбыл – Дайыр - Көкжыра автомобиль жолының 4,6 шақырымының орташа жөндеу жұмыстарына  облыстық бюджеттен 85 352,958 мың теңге бөлінді. Оған аудандағы «Зайсан құрылыс компаниясы» ЖШС мердігер болып танылды. Жоспарға сәйкес бұл жұмыстар биылғы жылы аяқталады.

Аудан экономикасының дамуына, көршілес Қытай мемлекетімен сыртқы сауда қарым-қатынасы көлемінің артуына негіз болатын ең қомақты инвестициялық жобаның бірі - «Майқапшағай» кеден бекетінің аумағында салынатын транспорттық логистикалық орталықтың құрылысы. Оның жалпы құны - 6 млрд. 888 млн. теңге.

- Қазақ «Кәсіптің көзін тапқан байлықтың өзін табады» дейді. Өңірде  кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Бұл бағытта атқарылған істерге тоқталсаңыз?

- Өңірде 101 шағын бизнес субъектілері жұмыс атқарса, жаңадан ашылған жұмыс орны  - 330. Кәсіпкерлердің үлесімен есепті мерзімде 1 млрд. 936 млн–нан астам теңгенің өнім түрлері өндіріліп, қызмет көрсетілді. Ауданда «Рахат», «Марал» секілді кондитерлік цехтар, көптеген қала және ауылдық округтердің аумағындағы наубайханалар нан өнімдерінің түр - түрін пісіріп, аудан тұрғындарын қамтамасыз етіп келеді.

Облыстық мәслихаттың депутаты Болат Нұрасыл басқаратын «Зайсан құрылыс компаниясы» ЖШС-не қарасты егін шаруашылығымен шұғылданатын «Икеп» шаруа қожалығы бидайдың сапалы сортын өсіріп, ұн кластерімен айналысып келеді. Ондағы ұн зауытында өндірілген өнімге сұраныс жоғары. Аудан кәсіпкерлері арасында сауда саласында өнімді еңбек етіп жүрген жерлестеріміздің еңбегін де атап айтқан жөн. Ауданда жүздеген дүкен, сауда орталықтары, бірнеше базар, шаштараздар, тігін цехтары, жөндеу шеберханалары, қоғамдық тамақтандыру орындары  зайсандықтарға мінсіз қызмет көрсетіп келеді. Бірнеше мейрамхана мен дәмханалар бар.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен сегіз айдың қорытындысы бойынша 6164,1 млн. теңге болып, 117,4 пайызға орындалды. 

- Темірбек Жұмақұлұлы, аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мәселесі түбегейлі шешімін табуда. Осыған байланысты өңірде нақты атқарылып жатқан  жұмыстарды шолып өтелік.

- Зайсан қаласын таза ауыз сумен қамтамасыз ету желілерінің бірінші кезеңі бойынша құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылы басталған. Мердігер мекеме - «НұрСтройТас» ЖШС. Жобаның жалпы құны - 2848131,154 мың теңге. Нысанға республикалық бюджеттен қосымша 620 000,0 мың теңге бөлінген. Осы уақытқа дейін 5,7 шақырым  су құбыры тартылып, 67 құбыр монтаждалды. Қазан айына дейін 100 000,0 мың теңге қаражат игерілді. Кесте бойынша, құрылыс жұмыстары 2019 жылы аяқталады. Сол секілді көп жылдардан бері осындағы халықтың өзекті мәселесінің бірі болған ауыз су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары биылғы көктем айында басталған болатын. Жобаның жалпы құны - 418246,108 мың теңге. Мердігер мекеме - «СМУ - Шығыс» ЖШС.  Сондай-ақ ағымдағы жылы Шілікті ауылдық округіне қарасты Шілікті ауылын сапалы ауыз сумен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді.

Ал аудан аумағындағы Көкжыра, Жамбыл, Қуаныш, Көгедай, Сарши секілді шағын ауылдардағы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ауыз су құбырларын жөндеу жұмыстарына аудандық бюджет есебінен 22,0 млн. теңге қаражат қарастырылып, жоспар бойынша жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде елді мекендердегі таза ауыз сумен қамтылған халық саны 31502, немесе бұл көрсеткіш 100,6 пайызды құрайды.

Зайсан қаласы бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өткен жылдың шілде айынан бастап тұрғын үй ғимараттарын және әлеуметтік маңызы бар нысандарды қалалық кәріз коллекторына қосу үшін  кәріз желілері нысанының құрылыс жұмыстары басталған. Бұл шаруа бойынша мердігер мекеме - «Востоквзрывпром» ЖШС. Жобаның жалпы құны - 1332698,0 мың теңге. Кәріз желісінің жалпы ұзындығы - 435 шақырым. Осы уақытқа дейін 40,9 шақырым кәріз желісінің құрылыс жұмыстары атқарылды. 1170 дана кәріз құдықтары монтаждалды. Бұл жоба биылғы қазан айының соңына дейін толығымен аяқталады.

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан  Назар-баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң-ғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылғандай, рухани жаңғыру мен заманауи ілгерілеудің шылбырын ұстап, жүгін көтеретін азаматты қалыптастыру мектеп партасынан басталады ғой...

- Биылғы жаңа оқу жылын аудан мектептері жан-жақты дайындықпен, ерекше әзірлікпен бастады. Өңірдегі он мектепке облыстық және жергілікті бюджеттен жиыны 104 млн. 800 мың теңге бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, ал білім ордаларының материалдық-техникалық базаларын нығайту үшін 76 млн. 803 мың теңге, оқушыларды жаңа оқулықтармен қамтуға 80 млн. 481 мың теңге бөлінді.

Жас жеткіншектерге жан-жақты білім беруді дамытудың бір саласы - қосымша білім беру мекемелері. Біздің өңірде қазіргі ақпарат бойынша 3000-нан астам бала қосымша білім алуға тартылған. Қалада музыкалық дәріс беретін арнайы мектептер жұмыс істесе, Дайыр, Қаратал ауылдық округтерінің орталығында арнайы филиалдар ұйымдастырылып, бірнеше жылдан бері балғындарды өнерге баулып келеді. Спорт мектебінде жүздеген шәкірттер әртүрлі спорт түрлерімен шұғылданса, аудан мектептерінде 70-тен астам спорт секциялары мен үйірмелер жас жеткіншектерді салауатты өмір салтына тәрбиелеуде. Қаладағы Жекпе-жек сарайында, суға жүзу бассейні мен спорт модулінде жас жеткіншектер өздерінің қалауы бойынша спорт түрлерімен шұғылданып, денсаулықтарын нығайтуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Соның нәтижесінде спортта республика мен облыс деңгейінде биік шыңдарды бағындырған жеткіншектер қатары жыл санап артып келеді. Олар біздің мақтанышымыз.

Тәрбие алдымен отбасынан басталады десек, одан кейін балабақшада жалғасатыны ақиқат. Зайсан өңірінде мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді қамтыған балабақшалар саны жекеменшік балабақшалар есебінен көбейіп, бұл тұрғыда мәселе шешімін тапқан. Мәселен, биылға дейін қалада екі жекеменшік балабақша болса, өткен қыркүйек айында аудан орталығының Заречный мөлтек ауданында жас кәсіпкер Қайсар Жұманов «HAPPY BABY» атты балабақша ашып, кезек күтіп жүрген отбасылардың мәселесін шешіп берді. Ауданымызға іссапармен келген аймақ басшысы Даниал Ахметов бұл балабақшада болып, ондағы жарқын бастамаға өзінің оң бағасын бергені жас кәсіпкерді жігерлендіре түскенін атап айтқанды жөн санаймын. Сол секілді Зайсан қаласында, Дайыр ауылында жекеменшік балабақша ашқан өзге кәсіпкерлердің де басты мақсаты - бүлдіршіндерге мінсіз қызмет көрсету арқылы жан-жақты, заманауи талғамға сай тәрбие үрдісін қалыптастыру.

- Әңгімеңізге рақмет! Зайсан өңірі өсіп–өркендей берсін, еңбегіңізге табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан Риза МОЛДАШЕВА.

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57