БАРЫМЫЗ БАРИ ҒАНА МА?

Шар - Қазақстанның шығысындағы Жарма ауданының орталығы Қалбатаудан 50 шақырымдай қашықтықта, Түрксіб темір жолының  бойында орналасқан шағын қала.

Шар өңірінде  даналығымен ел есінде сақталған, шешендігімен, тапқырлығымен  көзге түскен тұлғалар  аз болмаған. Танымал  суырыпсалма ақын Төлеу Көбдіков, белгілі  ғалым Қ.Керейбаев, геология–минерология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты С.Жаппарханов, Абай атындағы опера және балет театрының әншісі Нүкеш Әубәкірова, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі, профессор Ляйля Кенбаева осы Шар топырағында дүниеге келген. Дегенмен осы өңірдің бүгінгі ұрпағынан Шардың мақтанышы жайлы сұрай қалсаң, жоғарыда аттары аталған  адамдардан гөрі,  «На-на» тобын ұйымдастырушы Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, әйгілі продюсер Бари Кәрімұлы Әлібасовты бірінші атайды. Тіпті қайсыбіреулері Бариден басқаның есімдерін білмейтін де секілді. Бари Кәрімұлы Әлібасов  1947 жылы 6 маусымда    Қазақстандағы бұрынғы Семей облысына қарасты Шар қаласында туған. Азан шақырып қойған аты Бауыржан деген де сөз бар. Кім білсін? 1965 жылы Шардағы  №62 орта мектепті бітірген  соң Өскемендегі құрылыс-жол институтына оқуға түседі. Аталған оқу орнының қабырғасында «Интеграл» атты ансамбль құрып, өнер жолындағы алғашқы қадамын бастаған соң көп кешікпей Ресейге кетеді. 1999 жылы Ресейдің еңбек сіңірген әртісі атағын алған.

 Бүгінгі таңда шағын ғана Шар қаласында  30-дан астам көше бар. Осыдан біраз жыл бұрын туған жері Бари Әлібасовты әспеттеп, қаланың орталығындағы бұрын Мир деп аталып келген көшені ресейлік болып кеткен ұлдарының құрметіне атаған көрінеді. Бари Әлібасовтың әкесі  Кәрім кезінде  Түрксіб темір жолында  еңбек еткен  екен. Әкесі қазақ, анасы татар ұлтының қызы дейді жергілікті халық. Бірақ ресейлік анықтамалардағы өмірбаян деректерінде әншінің ұлты «татар» деп жазылып жүр. Әрине, Ресей секілді өнердің қайнаған базарында өзіңді  мойындату оңай іс емес екендігі белгілі. Алайда  анасының көзі тірісінде темір жол бойындағы туған жеріне бірді-екілі соғып кететін ресейлік сазгерді шарлықтар құдадай құрметтеп төбеге көтеретіндей, көше беріп, Жарма ауданының Құрметті азаматы атайтындай,  Бари туған, өскен жеріне қандай жақсылық жасады деген сауал көпшілік көңілінде бар екендігі де белгілі... Оқыған мектебінде Бариге арналып мұражай ашылып, тіпті бір кабинеттің есігіне «Бұл сыныпта Бари Әлібасов оқыған» деген тақта да ілінген көрінеді. Еліне келген сапарында ақ боз үй тігіп, қой сойып, нан - тұзбен алдынан шығып қарсы алған ауылдастары үшін халық қаһарманынан бірде-бір кем емес.

Біздің елімізде «Қазақстан Республикасы мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжырымдамасының» 3,2-ші тармақшасында «елді мекендер мен көшелерге, қандай еңбек сіңіргеніне қарамастан, тірі кісінің аты берілмейді» деген сөз анық жазылған. Сондай-ақ еліміздің өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан, көше атын беруге лайықтылар  есімі дүниеден өткен соң ең аз дегенде бес жыл уақыт өткеннен кейін ғана ұсыныла алады.  Ендеше, көше аттарын беру жұмысы елімізде ҚР Заңымен белгіленген талаптармен жүргізілетіндігін көпшілік біледі.

Тым болмаса Шардың  көркеюіне аз да болса үлес қосса, көзі тірісінде көше беріп жүрген халық бақилық болған күннің ертесінде-ақ ескерткіш қояр еді-ау... Бірақ ресейлік телеарналарда әр жерде қалдырған балалары мен әйелдері жайлы әңгімесінен басқа үлгі аларлық ештеңесі жоқ Әлібасов несімен ауданның Құрметті азаматы атанып жүргені таң қалдырады.

Ал  еліміздің болашағы үшін терін төккен, жанын қиған талай ерлеріміздің есімі әлі күнге дейін ескерусіз қалып келеді.

БҮРКІТ.КЗ

ЕР ТӨСТІКТІ БІЛМЕЙ ӨСКЕН БАЛАНЫҢ ЕРТЕҢІ ҚАНДАЙ?

 Балаңыз қандай ойын ойнайды? Қандай ойыншықты ұнатады? Жалпы, бүгінгі сәбидің толыққанды азамат болып өсуі үшін ойыншықтардың тәрбиелік маңызына мән береміз бе? Осы сауалдарға жауап іздеген біздің тілшіміз Әйгерім Сәрсенғалиқызы бір жұмыс күнін «Балалар әлемі» дүкеніндегі сатушының орнына алмастырған еді.

Дүкен сөресіндегі көздің жауын алатын түрлі түсті ойыншықтарды көргенде қызыққаннан бір сәт өзіңнің де бала болып кеткің келеді екен. Ойыншықпен ойнамай өсетін сәби жоқ шығар. Бәріміз де бала болдық. Кезеңіне қарай сәбилердің ойнайтын ойыншықтары да әр алуан. Біздің  ата-аналарымыз  ойыншықтың қат кезінде шыбықты ат қылып мініп, асық атып, «ләңгі» теуіп, секірмемен секіргенді қанағат еткендерін балалық шақтың базарлы күндерінің естелігінде айтып отырады. Ал өзім  жаңа ойыншық көрсем, оны ата-анам алып бермесе, дүкеннен шықпайтын  әдетім  болған. Қазір де солай. Тек біз емес, біздің кішкентайларымыз...

«Балам - бауыр етім, өмірімнің гүлі» деп білетін ата-ана да балдан тәттісінен еш нәрсені аямайды. Әкеміз бен анамыз бетімізден қақпай, біздің ермегіміз, серігіміз болған ойын құралдарын үнемі жаңалап отыруға тырысатын. Өзіміз де балапанымызды қуанту үшін түрлі түсті, жарқ-жұрқ еткен ойыншықтарды сатып алудан жалықпайтындығымыз жасырын емес. Жалғыз өзгешелік – біз ойнаған ойыншықтармен қазіргі балғындардың ойын құралдары мүлдем ұқсамайды. Ойыншық - баланың тек ермегі ғана емес, оны қоршаған ортамен таныстыратын, тәрбиелейтін бірден-бір тәрбие құралы. Бірақ дәл осы тәрбие құралы сіздің бүлдіршініңізді қалай тәрбиелеп жатыр? Біздің бөбектер қандай ойыншықтармен ойнайды? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік...

Ең алдымен «Балалар әлемі» сауда орталығында болып,  балғындар ойыншықты қалай таңдайтындығын байқадық.  

   Жаңа жыл қарсаңында, оқушылардың қысқы демалысы басталған алғашқы күні, біз де журналистік барлау жасау мақсатында Семейдегі «Балалар әлемі» дүкеніне барған едік. Сауда орталығында ата-анасымен ойыншық іздеп жүрген баланың қарасы қалың болмаса да, бар. Бірі жұмсақ ойыншықты таңдаса, екінші бірінің таңдауы үстел үсті ойындарына түсті. Сатушының айтуынша, балаларға ойыншықты жас ерекшеліктеріне қарай таңдау керек.  

 - Жаңа туған сәбилерден бастап 16 жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтар бар. Қазіргі балалар көбінесе құрастыру ойындарын алады, кейбіреулері мультфильм кейіпкерлерімен ойнағанды ұнатады. Таңдау бар, кішкентайлар қалағандарын алып жатады. Тауарларымыз –түпнұсқа, заттаңбасымен, сапалы,- дейді ол (түпнұсқа екендігі шындықпен қаншалықты жанасатындығын кім білсін).

   Расында да, ойыншық таңдауда сәбидің жас ерекшелігі маңызды рөл атқаратыны белгілі. Жас  ерекшеліктеріне,  таным-түсінігіне, зердесіне сәйкес, ойындар мен ойыншықтар 5 топқа бөлінеді. Бір жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтар олардың көру, есту қабілеттерін дамытып, дене тұлғасын өзгертуге, қимыл-қозғалыстарын  жетілдіруге арналады. Одан кейінгі жастарда бала айналасын тереңірек танып біледі, қимыл-қозғалыстары реттеліп, тілі дами бастайды. Сондықтан бұл жастарда біраз күрделірек, түсіну үшін ойлануды қажет ететін әртүрлі мозаикалар, таяқшалар мен кубиктер, құрастыру,  дамыту ойыншықтары қолданылады. Мектепке дейінгі жастағылар келе-келе  ана-әке, дәрігер, мұғалім сияқты өмірде өздері көріп жүрген кейіпкерлерін ойыншықтардан іздей  бастайды, бұл жастарда көбінесе ұжымдық ойындарға арналған ойыншықтар пайдаланылады. Яғни, жас ерекшелігіне қарай балалардың қызығушылығы да әртүрлі болады.  Мысалы, «Балалар әлемі» сауда үйінде әкелерімен жүрген ағайынды 7-8 жасар Денис пен Саша стол теннисін іздеген екен. Ал атасымен келген кішкентай Мансұрдың таңдауы өзгеше. Ол сөреге жақындап, мақсатты түрде қажет ойыншығын іздей бастады. «Мына ойыншықты ал, ана ойын құралын ал»,- деп бағыт беріп тұрған атасының ұсынысын елемей, «өз ойыншығым бар» деген кейіпте  қос жанары дүкен сөрелерін ұзақ шолды. «Қазақтың кішкентай қара домалағы қандай ойыншықты таңдайды екен?» деген сауал мені де бір сәт қызықтырғанын жасырмаймын. Ақыры, тапты. Атасына бір қарап, сатушыға бір қарап, кішкентай сұқ саусағымен нұсқап,  резеңкеден жасалған 4 «батырдан» жинақталған ойыншықты көрсетті. Бұл ойыншықтың құны 3200 теңге екен. Шынымды айтуым керек, балаға дүкен сөресінен алып беріп тұрып ойыншыққа өзім де көз салдым,  қазақ батырларына ұқсамайды да. Қалағанын алып  көңілі орнына түскен Мансұр мәз. Баланың таңдауына таңырқаған біз:

 - Бұл ойыншық қалай аталады? Не себепті дәл осыны қаладың?- деп сұрадық Мансұрдан. Қуаныштан жүзі бал-бұл жанып тұрған ол мақтанышпен:

 - Бұл мультиктегі Бен Тен ғой! Ол жақсы төбелеседі,- деді. «Соны да білмейсіз бе?!» дегендей, қап-қара мойылдай көздері таңырқай қарап тұр.

 - Бен Тенді алғанша, неге Алпамысты, неге Ер Төстікті алмадың? - деп сұрадым мен (Алпамыс пен Ер Төстіктің ойыншығы жоқ екенін білсек те, бала қазақтың батырлар жырынан, ертегілерінен хабардар ма екен деген оймен). Мансұр жұмған аузын ашпады. Сәлден соң ақырын ғана:

 - Мен оларды танымаймын,- деді.

Немересінің қазақ батырын танымағанына намыстанғандықтан болар: «Маған жиі келіп тұр. Мен саған Алпамыстың, Ер Төстіктің, басқа да қазақ батырларының кім екенін айтып беремін»,- деді ауылынан қалаға келіп немересін қуантпақ болған Ғазым ақсақал.  

   Міне, осыдан-ақ қазақ баласының таңдауын байқай беріңіз. Қазақ ертегілерін, батырлар жырының не екендігін білмейтін балалар көк жәшіктен көрген мультсериалдарындағы кейіпкерлерді «батыр» деп біледі, еліктейді. Солардың бейнесімен ойнағанды  ұнатады. Тәрбие құралы болып табылатын ойыншықтарымыз балаларды қалай тәрбиелеп жатқандығын топшылау қиын емес. Санасы таза, жақсы мен жаманды әлі де болса айыра қоймаған балғындарымыз атыс-шабысқа толы, қанішерлерді насихаттап, қатыгездікке үйрететін мультсериалдарды көріп, кейіпкерлерін пір тұтады. Тілдері толық шыға қоймаған бөбектеріміздің «Атып тастайын ба, жарып жіберейін бе?» деп ойнайтындығы, кешегі күні 9 жасар ойын баласының өз жейдесімен құрбысын өлім құштыруы шетелдің мультсериалдарынан алған үлгінің көрінісі іспетті. 

Балалар дүкенінде сатушының орнында бір күн тұрғанда  байқағаным - сәбилердің сұрайтын ойыншықтары, негізінен, Спандж боб, Том мен Джерри, Маша мен аю,  Росомаха,  Өрмекші адам, Кунг Фу Панда, Тасбақа Ниндзя,  Шрек, Бэтман, Тор, тағы да басқа  кейіпкерлер екен. Сауал: Осы ойыншықтардың  ерекшелігі, танымалдылығы неде? Олар біздің сәбилеріміздің санасын несімен жаулап алды? Қыздарымыз неге Қыз Жібек, Құртқаны емес,  Барби, Братц (Bratz), Винкс (Winx), Мокси (Moxie), Бэби Борн атты қуыршақтарды іздейді?

  Бұл орайда ұлттық идеологиямызды насихаттап, балғындарымыздың бойына ұлттық болмыстысіңіру қажет, алайда қазақтың ертегілері мен батырлар жырының кейіпкерлерін бейнелейтін отандық ойыншықтар шығару өндірісін қолға алуға  асығар емеспіз. Дүкенде еліміздің ертеңі болар бөбектеріміздің таңдауын көріп  қапа болдық.   

 Ойыншық баланың ой көкжиегін дамытуымен қоса, оның сапасы балғын денсаулығына айтарлықтай әсер ететінін де назардан тыс қалдырып жататын сияқтымыз. Мақаламызды дайындау барысында қаламызда саудаланып жатқан ойыншықтар және олардың сапасы тұрғысынан ақпарат алу үшін бірнеше сауалымызды Семей қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасына жолдаған болатынбыз. Жауап хатта: «Заттаңбасында  ойыншықтың аты және түрі, дайындалған елі (мекенжайы), баланың жас ерекшелігі, нарықтағы бірыңғай белгісі, шығарылған күні, жарамдылық мерзімі көрсетіледі. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырмасы бойынша, әр тоқсан сайын сауда орындарынан өнімдер сынамалары алынып, оларға зертханалық тексерулер  жүргізіледі. 2015-2016 жылдар аралығында  балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің 21 сынамасы зертханалық тексеруге алынып, сараптау нәтижелері бойынша, Кедендік Одақтың «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» және «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі» техникалық регламенттерінің  талаптарына сәйкестігі  анықталды»,- деп жазылған. Техникалық регламент талаптарына сәйкес болуына қарағанда, тексеріс дүкендерде арнайы заттаңбасы бар ойыншықтарға жүргізілген болу керек. Ал біз көрген қара базардағы ойыншықтарда  заттаңба деген атымен жоқтығын да байқадық. Дүкендегі ойыншықтың бағасын қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейтіндіктен, базардағы арзан ойыншыққа деген сұраныс  көп.  

  Қыстың аязды күні болса да, «Смокк» базарына бардық.

 Саршұнақ аязға қарамастан, ойыншық таңдап тұрған кішкентай тұрғындар қатары қалың. Сол арада біраз сауда жасап, көңілі көтерілген сатушыны сөзге тарттық. Ең алдымен тауарларының заттаңбасын сұрағанымызда, сатушы таңырқап қалды. Ол кісі бұл базарда ойыншық сатқан 3 жылдық тәжірибесінде тауардың сапасы жайлы ақпаратты сұраған адамды жолықтырмапты. Алғашында: «Алсаң ал, алмасаң қой! Сапалы ойыншық іздесең, арнайы сауда үйлеріне бар! Базарға келіп алып...» - деп ашуға мінген ол артынша былай деп пікір білдірді:

 - Бұл - базар. Тауардың бағасы да қолжетімді. Ойыншық бағасы 100 теңгеден басталады. Таңдау жеткілікті. Өндіруші ел - Қытай және Ресей. Ресейдің ойыншығынан гөрі қытайлық тауар 20-30 пайызға арзанырақ болғандықтан болар,  халықтың көпшілігі қолжетімді бағадағы өнімдерді қалайды.  Біз де сұранысқа қарай ұсыныс жасаймыз.

Яғни, бұл жерде алушы да, сатушы да сапаға аса қатты мән беріп отырған жоқ. Есімізде, екі жылдан астам уақыт бұрын дәл осы «СМОКК» базарында орналасқан ойыншық саудалайтын дүңгіршектердегі 5 жеке кәсіпкер  жоспардан тыс тексеріліп, тексеріс барысында 41 түрлі ойыншық зертханаға жіберілген. Нәтижесінде оның 14-і Кеден Одағы комитетінің «Ойыншықтардың қауіпсіздігі» техникалық талабына органолептикалық сыртқы түрі, дәмі, иісі, тотығу көрсеткіші және кадмий элементі бойынша сәйкес келмейтіні анықталған болатын.  Ойыншықтары техникалық талапқа сай келмеген кәсіпкерлерге  айыппұл салынып, жаңағы 14 түрлі 1715 дана тауардың сатылуына шектеу қойылып, сатып алынған жерлеріне қайтарылған. Тасымалдаушылар кері алмаған  қауіпті 849 ойыншық қаламыздағы «Теплокоммунэнерго» МКК-нің жылу қазандығында өртелген екен.

Зиянды ойыншықтың арасында пластмассадан дайындалған қарулар, су шашатын, резеңкеден жасалған дыбыс шығаратын, тістеуге ыңғайлы ойыншықтар; теріден, матадан дайындалған жұмсақ ойыншықтар, металдан әзірленген машина сынды ойыншықтар  да болған. Яғни, олардың құрамында зиянды элементтер  артық мөлшерде қолданылған.

Бірер жыл бұрын Америкалық «Mattel» компаниясы өздерінің Қытайда жасатқан 18 миллионға жуық ойыншығын дүкен сөрелерінен сыпырып алып тастағандығы жайлы әлемді дүр сілкіндірген ақпарат көптің есінде болар. Америкалық кәсіпорынның тапсырысын орындаған қытайлық «Dong Lian» және «Yip Sing» компаниялары ойыншықтар өндірісінде құрамында белгіленген мөлшерден бірнеше есе көп мырыш бар бояуларды пайдаланғаны анықталған. Ағзаға түскен мырыш миды зақымдап, сәбиді мүгедек қылып тынады екен. Ал кішкентай бүлдіршіндердің кез келген затты ауызға салуға, иіскеуге құштар екендігін ескерсек, мұндай зиянды, улы заттар бала ағзасына түсіп, түрлі ауруға ұшыратады. Қытайдан келген ойыншықтар құрамында формальдегид әдеттегіден 10-15 есе көп, сонымен қатар аса зиянды улы зат — фенолдың көрсеткіші де бірнеше есе артық болатыны, шығатын дыбыстардың талаптан асып түсетіні де белгілі. Тіпті нәрестелерге арналған сылдырмақтардың да сапасы төмендерінің келешекте баланы керең, саңырау қылатыны  анықталып отыр. Қытайдың жұмсақ резеңке ойыншықтарында бояйтын заттар құрамындағы кадмий мен қорғасын мөлшері де қалыпты деңгейден әлдеқайда асып түскен. Мұндай улы ойыншықтар баланы аллергиялық ауруға ұшыратқанымен қоймай, онымен қоса асқазан, ішек дерттеріне де шалдықтырады екен.

Соған қарамастан, қай-қайсысымыз болмасын баламызға түрлі түсті бояумен көмкеріліп әдеміленген ойыншықтарды алып беруге құштармыз. Бірақ сол қызылды-жасылды ойыншықтар баланың көзін ауыртып, кері әсер беретінін ескере бермейміз. Бұған музыкалық бағыттағы кейбір ойыншықтарды қосыңыз, олар жағымсыз дыбыс шығарғанда, бала түгілі өзіңіздің денеңіз түршігіп кетеді. Ал түрлі түсті бояумен боялғандары суға тисе, бояуы ағатыны тағы бар. Мамандардың айтуынша,  бұл ойыншықтардың кесірінен бала иммунитеті әлсіреп, ауруға бейімділігі артады екен. Бірақ, соны біз біле тұра, ескермейміз.

Елімізде балаларымызды қуантатын  ойыншық  өндіретін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Тек Қыдырәлі Болманов 2010 жылы ұлттық нақыштағы «Бал-бала» ойыншықтарын шығаруды қолға алып, бір игілікті істі бастаған еді... Өкінішке орай, оның өзі шетелдік зауыттарда дайындалатындықтан,  тауардың  өзіндік құны шарықтап шыға келді. Қолы жеткен ғана ала алатын ойыншық түріне айналды. Балаларымызды ұйқыға «Мақта қыз бен мысықты», Аяз бидің әділдігі, Алпамыстың батырлығы, Тазша баланың тапқырлығы жайлы ертегілерді айтып жатқызғанда, қолында осы кейіпкерлер бейнеленген ойыншықтары болса, қандай керемет болар еді!  Ұрпағымыздың  шетелдік  мультфильм кейіпкерлеріне еліктеп өсіп келе жатқандығы сізді алаңдата ма, ата-ана?

Атом сынағының құрбаны қайыр сұрап күнелтіп жүр

Қайыр сұрауды  күнкөріс  еткендер  халық түсінігінде  өмірде  өз жолын таба алмай,  негізінен, ішімдікті серік еткендер  болып келеді. Сондықтан мешіттің алдында отырғандардан басқаларға  садақа беру кезінде жиіркенішті сезімнің пайда болатындығы да  құпия емес.  Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де   адам үзілмейтін орталық базарға таяу орналасқан  жер асты жолында алақанын жайып отырады. Қайыршыға  рухани  тозудың бір белгісі деп қарасақ та,  заман басқа салған қасіретке  тап болған  Беріктің тағдырынан хабардар халық жанынан   аялдамай өтпейді. 

 Тәуелсіздігіміздің теңдесі жоқ жеңісі осыдан 25 жыл бұрын, 1991 жылы 29 тамызда,  Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 40 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп, қазаққа зор қасірет төндірген Семей полигонының жабылуы екендігі белгілі. Әлемдік қарулану бәсекесінің салдарынан  біздің елімізге әкелінген атом айдаһары - Семей сынақ полигоны жабылғанымен, оның қасіреті әлі қанша ұрпаққа азабын арқалатары белгісіз... Солардың бірі - Берік Сыздықов. Туған жері - сынақ полигонына ең жақын орналасқан бұрынғы Жаңасемей ауданына қарасты Знаменка ауылы.

 - Соңғы  жылдары осылай жер асты өткелінде отырамын. Знаменкада пәтеріміз болған. Денсаулық жағдайым жиі мазалайды. Ауылдан қалаға келіп дәрігерге  қаралу қиын болғандықтан, Семейге көшіп келдік. Мұнда пәтер жалдап тұратындықтан, алатын жәрдемақым жетпейді. Күнделікті азығыма, дәрі-дәрмегіме қажетті  қаржы табу мақсатында осында келемін. Дені сау адам баласы, жағдайы болса, осылай алақан жайып әдейі отырмайды ғой... Қатарға қосылып кетермін деген үмітпен 6 рет ота жасаттым. Отадан кейін де мына жарық дүниені көремін деген үмітім орындалған жоқ. Дегенмен маңдайымнан басталатын ісік бұрын көзімді жауып, бетіме дейін түсіп тұрған. Соның көлемі аздап кішірейді,- дейді Беріктің өзі.                               

Ал анасы Зейнелхан Сыздықова:

Алғашқы атом сынағы үшін әскери құрылысшылар көлемі 300 шаршы шақырым «тәжірибе алаңын» дайындады. Алаңның қақ ортасындағы 30 метрлік темір мұнараның төбесіне қуаты 20 килотонн ядролық заряд орнатылды. Орталықтан әр түрлі қашықтықта әскери техника, артиллерия қаруы, танктер, ұшақтар, автомобильдер, бронемашиналар орналастырылды. Салынған пана-жайлардың көпшілігіне тәжірибе жасалатын хайуанаттар – қойлар, шошқалар, иттер кіргізілді. Одан сәл қашықтау тұтас бір қалашық – үш қабатты тұрғын үйлер, өнеркәсіп орындары, жер асты жолы, теміржол және автомобиль көпірлері салынып, оларда жанармай құйылған вагондар мен цистерналар тұрды. Мұның бәрі ядролық жарылыстың алапат күшінің, қуатын зерттеу үшін дайындалды.

:

  - Қайыр сұрап  шықпа десем, 1-2 сағатқа барып келемін деп болмайды. Қайбір жетіскеннен шығып жүр дейсің... Азын-аулақ болсын, күнделікті нан-шайымызды айыратын  тиын-тебен алып келеді. Ең маңыздысы баспана ғой, баспанамыз жоқ. Нақты ұмытып тұрмын, 2006-2008 жылдары шамасында бізге  Италиядан келген дәрігерлер екі бөлмелі пәтер сыйлаған. Ол пәтерді Берікке дәрі-дәмек алу мақсатында амалсыздан саттық. Содан бері жалдамалы пәтерді паналауға мәжбүрміз. Қала басшылығы тарапынан бір қолдау болып қалар деген үміттің жетегінде күн кешіп келеміз... Полигонның жабылуының 25 жылдығында әкімдік қолдауымен  баспаналы болып қалармыз деген үмітіміз болған. Амал қанша, ол арманымыз орындалмады. Бірнеше рет қала әкімдігіне бардым, облыс әкіміне де хат жаздым. Кезектеріңді күтіңдер деген жауап та келді. Соңғы жылдары үмітіміз  үзілді де. Берік Семей қаласы әкімдігінің тұрғын үй кезегінде  2500-ші болып тұр. Ал өзім кезекте тұрғалы 8 жыл болды. 800-ші болып тұрмын. Алайда сол кезекпен пәтер ала қоятынымызға сеніңкіремеймін.  Анамын ғой, баламның көз алдымда қиналғанын көріп, әлем аждаһасына айналған полигонға лағынет айтамын. 38 жасқа келсе де кішкентай бала сияқты. Өзім күтіп, ас-суын даярлаймын. Дәретханаға бару жағын да өзім қадағалаймын.  Жасым болса 75-ке келді. Өлмейтін ғұмыр бұйырған пенде жоқ, мен де мәңгі жасамаймын ғой. Көзімнің тірісінде балама сәл де болса жағдай жасауға тырысамын да... Ал күтуші ретінде мемлекеттен ақы алып көрген жоқпын, арнайы медбикелердің көмегіне де жүгінген емеспін. Әлеуметтік жәрдемақы және зейнетақы тағайындау орталығына барып едім, арнайы бөлінетін маман жоқ деген жауап алдым.

  Мына пәтерді 35 мың теңгеге жалдап тұрып жатырмыз. Оның үстіне коммуналдық төлемдер бар. Ал Беріктің мүгедек ретінде алатын жәрдемақысы - 30 мың теңге. Не пәтерге төлеуге,  не дәрі-дәрмекке жетпейді, темекісі бар. Соны өзі де біліп отырғандықтан болар: «Мама, мен базар жаққа барып келейінші, дәрі-дәрмегіме ақша болады»,- дейді. Бір жағынан, араласатын орта жоқ болғандықтан,  ермек қылсын деп мен үнсіз келісемін.

Берік жиі-жиі ауырып қалатындықтан, дәрі-дәрмек үнемі керек. Емханадан шықпаймыз. Биыл ерекше көп ауырды. Баламның жағдайын көріп бірге қиналамын. Өмір сүруге деген құлшынысы бар, домбыра шертеді, пианинода ойнайды. Бірақ жарық дүниені көре алмайтыны қиын-ақ. Полигонның ең ауыр  азабын арқалаған  жандардың  бірі осы менің балам шығар. Ауруын жеңілдетіп, дертіне шипа табылар деп бармаған жеріміз жоқ. 6 рет ота жасаттық. Алғашқысы Семей қаласында болды. Нәтиже болмаған соң,  Щвейцарияға бардық. Араға екі жыл салып, Италияға бардық. Содан соң Германияға бардық. 5-ші отаны қайта Италияда, соңғы отаны екі жыл бұрын Испанияның Мадрид қаласында жасаттық. Барлық шығынды  әртүрлі демеушілер көтеріп алды.

 

  Беріктің әкесі о дүниелік болған. Өзге бауырлары бар, олар өз алдына жанұя болып кеткен. Менімен бірге Берік және кенже ұлым тұрады. Кенже ұлымды машина қағып, жол апатына ұшырады. Жарты жыл болды, жұмысқа жарамсыз, ол да менің күтімімде.

 

  Арман Асқаров, көршісі (Есімін басылым бетіне жазбауды сұрағандықтан, аты өзгертілді):

 - Беріктің бүгінгі тағдыры - қоғамның қасіреті. Қол жайып отыратын адамдарға тыйым салып, тәртіпке келтіру керек десек те, атом сынағы құрбанының қайыр тілеп отырғандығы тиісті орындардың назарынан тыс қалмауға тиіс деп есептеймін. Сондай-ақ бұл азаматқа психологиялық тұрғыдан қолдау да керек. Арнайы орта керек. Ол көпшілікпен әңгімелескісі келеді. Үйде жалғызсырайды, сондықтан базар маңына асығады.   Бұлай пікір білдіруіме басты себеп - мен әжемнің үйіне барғанда, сыртқы есік - дәліз ашылғанын біліп, подъезге шығады. Амандасып, жөн сұрасып, тілдескісі келетінінен-ақ араласатын орта іздейтінін  түсінуге болады. Арнайы үйірмелер ұйымдастырылса, сондай орындарға барса, уақытын тиімді өткізу жағы қарастырылса деген пікірім бар. Домбырада ойнайтын өнері де бар. Сол мүмкіндіктерін дамытса да, Беріктің басына түскен қасіреті жеңілдер ме еді...

 Міне, 40 жыл қырғыннан кейін үні өшкен атом аждаһасы  жарылыстарының жаңғырығы  мыңдаған адамның тағдырында ұмытылмастай қасіретін арқалатып кетті. Солардың бірі   жанары жарық дүниені көре алмай отырған  семейлік Берік  Сыздықовқа мемлекет тарапынан  көмек қажет.

Риза   МОЛДАШЕВА 

BURKIT.KZ

ТӘН КҮЙДІРГЕН АЛАҚАН ТАБЫ

Ол оянғанда, таң құлан иектеніп келеді екен. Қасында жатқан әйелін оятып алмауға тырысып, төсектен сырғи тұрды да, түзге шықты. Қарағайлы орман арасында орналасқан ауыл әлі тұра қоймапты. Ауыл әтештері енді ғана әндете бастады. Түнгі салқыннан шөп басына түскен мөлдір шық атар  таңның бозғылт шапағымен шағылыса  әр алуан  түске енген. Көрші ауылдан  саудалап,  түнде сойып кілетке іліп қойған ірі қараның етін  жеңіл көлігіне салды да, оразасын ашпастан қалаға бет алды. Ойы - етін елдің алды болып базар маңында әлекедей жалаңдап жүрген алыпсатарларға жақсы бағада  өткізу. Ол көлігінің терезесін сәл ашып,  музыка қосты. Таңғы таза ауамен ілесе мұрнына жусан иісі келді. Жол шетінде көлігімен жарыса жер бауырлай шымшықтар ұшып жүр. Радиоқабылдағышынан әуезді әуен төгілуде. Таңғы сергектік пен табиғат және әуен үндестігіне елтіп отырып ол қалаға келгенін де сезбей қалды. Жақын маңдағы қолы қысқа ағайындардың малдарын қолжетімді бағаға сатып алып, қалаға базарлауды кәсіп етіп  жүргеніне  біршама уақыт болған. Қанат үйреншікті әдетімен базарға келіп ет сатуға дағдыланған саудагерлердің біріне келісімді бағамен тауарын өткерген  соң сол маңдағы  дәмханаға  бас сұқты. Мақсаты - өзек жалғап алмақ. Саудасының сәтті болғанына разы ол  машинасын от алдырды да, ауылға шығар қаланың негізгі даңғылдарының біріне түсті. Салон ішіндегі айнаға назар салғанда  шашының өскенін байқап, шаш алу керек екен деп ойлап үлгергенше, көзінің  қиығы жол шетінде орналасқан «шаштараз» деген жазуға түскен. Көлігін жол шетіне тізгіндеп,  шаштаразға бас сұқты. Абырой болғанда, шірет жоқ екен. Өзін  қарсы алған талдырмаш, аққұба келген  қайқы кірпік, тұнық бота көзді келіншек қолына сүлгі ұстап ,бөксесінен баса оны бас жуатын бөлмеге жетектеді.  Басына жуып жатқан келіншекке :

 - Қарындас, қолыңыз қандай жұмсақ, осы қол ұдайы басымды жуып беріп отырса, армансыз болар едім,- деп қалжыңдап қойды. Келіншек жауап қатпады.

Ашық тұрған есіктен ескен самал лебімен келіншектің жағымды әтір иісі танауды қытықтап, еңкейген сайын кофта өңірінен ыдыстан асқан ашыған нандай төңкеріле төгілердей болған қос анар өзегі көзінің жауын алып барады. Креслоға отырған соң қолы қолына жұқпай басындағы бес тал шашын қидалай жөнелген келіншекке қайыра көз қиығын салып еді, ол да  жылы жымиды. Жымиған сәтте екі бетінің ұшында секіріп ойнаған майда толқын өзіне сондай жарасады екен.                 

 - Осындай арудың атын білмеу айып болар, есіміңіз кім?

 - Қарлығаш.

 - Атыңызға затыңыз сай қиылып тұр екенсіз.

  - Қойыңызшы! Қозғалмай отырыңыз, құлағыңызды кесіп алып жүрермін.

  - Тәйірі, осындай қолдан кесілген құлақта арман болмас.

Келіншек мырс етіп күліп жіберді. Бас та аман, құлақ та аман, аз уақытта жігіт шашын жәукемдеген шаштараз қыз:

- Келіп тұрыңыз... - деді.

Жігіт үшін бұл келіншектің  күнделікті клиент көңілі үшін айтылар кезекші сөзі   емес, өзін ғана арналған ,асқан бір жылылықпен, ынтызарлықпен айтылғандай естілді.

- Міндетті түрде, қарындас!- деп далаға шыққан оның жан дүниесіне желік пайда болды.  Жол бойы жаңағы келіншек ойынан шықсашы... Көз алдында миығынан күлген кезіндегі оймақтай шұңқырлы жымиысты келбеті.    

- Мені оятпай кетіп қапсың ғой,- деп наздана қарсы алған келіншегіне алғаш рет:

- Оятқым келмеді,- деп танауының астынан  бір күңк етті.

– Неге көңілсізсің?- деген сұрағын да жауапсыз қалдырып, көлігінің капотын ашып шұқылай бастады.

Келіншегі де ары қарай мазаламай, түскі ас әзірлеуге жазғы үйге қарай  бет алды.

 Қалада қалған бейтаныс ару Қарлығаш та,  манағы  азамат кетісімен, бір қимасын жоғалтқандай сезімде күні бойы өзінің өткен өміріне ойша саяхат жасаумен болған.Семейдің оңтүстік-шығысын ала орналасқан ауданның  шалғай ауылында мектеп бітірген  соң үміт жетегімен  қалаға келіп колледждердің біріне оқуға түседі.  Арыны басылмас асау өмір өткел берместен арынды ағыспен оқуын бітірместен бір жігіттің етегінен ұстатады. Балалы болады. Жастық, мастық демекші, жанұялық тірлік түйткілдері екеуін, өзеннің  екі айырығындай  бөлді. Ол Алматы асып, бұл болса сәкісін Семейден сайлаған-ды. Кейіннен аузы күйген үрлеп ішедінің керімен еркек кіндіктілерге аса сақтықпен қарайтын болды. Қырық қадам ұзаса болды, бойдақтық бойларын буатындарды бірден байқайтын әдет пайда болды.  Талайларын тайраңдатпай тезге сала білетін мінезді келіншек дәл  бүгін  өзіне не болғанына байыпты болжам жасай алар емес. Манағы жігіттің  басының бос емес екенін түйсікпен сезінсе де,  көңіл көкжиегіне құмарлық көбелегі қонып, ұшырып жіберуге дәрменсіз сияқты...Таң атар атпаста келген еңселі азаматты көрген соң, бойын таныс та бейтаныс сезім бойын баурап алды. Ұялы телефонын шұқылап, өз ойымен өзі болып отырған оның назарын әріптесінің:

- Неғып ұнжырғаң түсіп қалды? Сүйгенін майданға шығарып салған арудай!?

- Қайдағыны айтады екенсің... Көп клиенттердің бірі де,- деп, ішкі сезімін бүркемелей құрбысына күле жауап берді.

«Екі дүниеде әйелден артық қызықтыра алатын, әйелден артық сиқырлап тартып кете алатын күш жоқ және болмақ емес. Байлық, бақ, мансап,  жоғары дәреже  дегендердің бірде-бірінде ондай күш жоқ. Бәрі бірге қосақталып келіп мойныма асыла кетсе, мен бәрін сілкіп тастап, сезімімді сиқырлаған, сәмбі талдай сұлудың соңынан кете берер едім»,- деген екен бір әпенде. Қанат та  шаштараздағы келісті келіншекті кездестіргелі, неге екені белгісіз, қалаға аңсары ауады да тұрады. Ертесінде қақпаны ашып шығарып салып тұрған келіншегіне:

- Кешке кешіксем, тоспай-ақ қой. Мүмкін, қалаға қонып қалам. Ет сатқан соң қала маңындағы ауылдардан сатып алуға қолайлы мал қарастырам,- деген...

Негізгі есебі басқа... Бір күнге өгіз өлмейді, екі күнге иесі бермейді. Несі кетіп барады. Өткендегі шаштараз келіншектің тамырын басып көрмек. Қызға кім қызықпайды, қымызды кім ішпейді деген бар емес пе деген ой да алшақ емес.  Көлігіне отырып жүріп кеткен Қанат арт жақты көрсететін айнаға көз қиығын салғанда,  қимастықпен үй алдында қалған келіншегі бұрылыс айлана бере көзден тасалана бастады. Көңілден де...  

Келе көлігін ақылы тұрақтардың біріне қойған Қанат гүл сататын дүңгіршектен гүл, бір қорап кәмпит пен шампан сатып алып, шаштаразға бас сұқты. Шаштараздардың бәрі бос емес. Кезек тосқандар да бар көрінеді. Бас сұққан бұған бұрылып қараған келіншек тағы жылы жымиды. Жымиыс жанына жағып,  алып келгендерін сәкі үстіне қойып, келіншектің қолының босауын күтті. Алдындағы адамның шашын жөнге келтірген келіншек қасындағы әріптесінің құлағына сыбырлады да, тосып отырған азаматқа:

- Сіздің шашыңызды ана кісі алады,- деді де, мұны демалатын бөлмеге бастады.            

Ұсынған гүлін құшырлана иіскеген келіншек рақметін айта, орындық ұсынды.

- Несіне әуре болдыңыз?

- Кешке қолың босаған соң, бір жерге барып отырайық. Келіншек келісімін берді.  

Сөйтіп,

Ерінге ерін тиеді,

Еріннен ерін сүйеді,

Сол кезде ұшып түседі

Төзімнің соңғы тиегі,-

деп ақын жырлағандай, бірнеше кездесудің ақыры оларды қаладағы  тәулікке жалға беретін пәтерлердің бірінде жолықтырады. Өздерімен ала келген бір бөтелке шарапты орталаған сәтте, жігіт келіншекті қапсыра құшақтап, төсекке қарай икемдеді. Көптен бері қайратты жігіт құшағын аңсаған келіншек те  бейімделе жігіт бауырына кіре берді. Бақыттан бастары айналған екеуі себезгілеп атқан таңды да сезбестен  дүниенің ешбір қызығына айырбастамас  тамаша сәттерді бірнеше рет бастарынан өткеріп  тарасты. «Қанағаттан қанағат қашқалы қашан»,- деп Мархабат Байғұт айтпақшы, Қанат та  осыдан  кейін қанағатты ұмыта бастады. Қалаға келсе жиі қонып қалуды шығарды.

Ал Қарлығаш болса осы азаматқа өзінің  жіпсіз байланып,  ессіз ғашық болып қалғанын сезді. Кеткен соң, келуін аңсайды. Бір-ақ бөгет - Қанаттың жанұясы барлығы.  Есіл-дерті -Қанатты қасынан босатпау, мәңгі бірге болу. Жұмыста да, үйде де  ойлайтыны Қанат. Көбінесе кездесуге өзі қадам жасап,  жігіттің ұялы телефонына  хабарласып, СМС жазып  шақырады.

Осылай сынаптай сырғыған уақыт жыл еңсереді. Өліп-өшіп сүю бір қажет еді, есеңгіреп жатқанға не жетедінің керімен олар  ұдайы кездесіп  жүрді. Кейіннен:

Бір шетте көрпем қалды түрілмеген,

Өйткені сені ойладым түніменен,-

дегендей,  Қанат екі баласының анасы,  сүйіп қосылған жан жарына да суықтық сездіре бастағанын, жарының да өз босағасынан тыс түнемелікке қалуынан күдіктене бастағанын байқап,  кездесуді сирете бастады. Қарлығаш та  шығармайтын қылық танытып, өзін өзіне меншіктей, «екеуіміз мәңгі бірге болсақ қой, сенсіз мен үшін өмірдің мәні жоқ» тәрізді әңгіменің қоламтасын қопсытатынды шығарды. О баста жігіттіктің желімен әуей болғандығы болмаса, өз отауының шаңырағын шайқалту туралы ой Қанатта  болмаған.  Шабан атымен аты жүйрік қарияның тымағын ала қашқан ұрының ұсталған сәтте  «ойнасақ та біраз жерге шаптық» деп   ақталғанындай,   кездесулердің бірінде   жігіт   араларындағы қарым-қатынасты құрықтамақ ниетін емеурінмен білдірген-ді.   Келіншек болса:

- Сен не, тоят алған бүркіттей тойып алып, тастай салмақсың ба? Менің жанымды, саған деген сезімімді неге түсінбейсің!?.- деді.

  Олар түсініспей тарасты...

 Сол мезеттен бастап Қарлығаш үшін  сұрғылт, сәнсіз күндер басталды. Ойлайтыны Қанат. Жан дүниесі ынтыға соны аңсайды. Бірде өзін шайнап-шайнап күресінге түкіріп тастаған сағыздай сезініп, ашуға ерік береді. Қарадай Қанатқа кектенеді. Үмітсіз шайтан, мүмкін, жігіт райынан қайтар деп,  қайыра телефон шалып, хат жазады. Жігіттен жауап жоқ. Ыза кернеген Қарлығаштың ойына нелер келіп, нелер кетпеуде. «Болды, ұмыт, біреудің айрандай ұйыған отбасын ойрандағаннан не пайда табасың?»- деген құрбы ақылы да құлағына кірмейді. Есіл-дерті - қалайда Қанатты өзіне қайтару. Болмаса...

Тамылжыған тамыз айының ортасына таяу полиция аға лейтенанты Анжан Айқынбеков  Семей қалалық ІІБ арнайы тергеу тобы құрамында кезекші тергеуші болып кезекшілікке түсті. Басқарма бастығы полиция полковнигі Жұмабек Исадиловтың қабылдауынан соң бесінші қабаттағы кабинетіне көтерілді.  Өндірісіндегі қылмыстық іс материалдарын қарай бастағаны сол еді,  шұғыл басқару орталығының кезекшісі полиция майоры  Бимурзин Ерлан: 

- Анжан, тез жинал!  Түйемойнақ аралынан қалалық орталық  ауруханаға күйікке шалынған азамат жеткізіліпті.  Жедел тергеу тобымен бірге істің мән-жайын анықтап қайт,- деп тапсырды.  Құрамында   криминалдық полицияның жедел уәкілі, кезекші криминалист бар тергеу тобы ауруханаға келіп қабылдау бөлімінен күйген адамның қай бөлімде жатқанын анықтаған соң палатасына көтерілді. Төсекте жатқан,  денесінің бәрі дәкемен таңылған адам назарын есік жаққа бұрды. Қалалық Ішкі істер басқармасының тергеушісі екенін таныстырған соң:

-Аға, не болып қалды?- деп сұрады.

- Бір таныс келіншек мені қасақана өртемек болды...

 Жанын қоярға жер таппай бебеулеп жатқан жігіт жарақаты кездейсоқ болмағанын, қып-қызыл криминал екенін түсінген ол дереу  кезекші экспертке бейнекамераны дайындауды тапсырып, күйген жігітке бұрылып:

 - Аға, қазір маған  болған оқиғаны ештеңені жасырмай бүге-шігесіне дейін айтып беріңіз.  Байқаймын, қазір сіздің қағазға қол қоюға шамаңыз жоқ, сондықтан, ҚР Қылмыстық істі жүргізу кодексінің талаптары негізінде, сіздің жауабыңызды бейнекамераға жазамыз. Жауап алу хаттамасын артынан толтырам.  ҚР Қылмыстық кодексі бойынша, жалған жауап беретін болсаңыз, жазаға тартылатыныңызды да ескертем,-деді .

-Мен 2014 жылдың күзінде осы қалада бір келіншекпен таныстым. Жылға жуық кездесіп жүрдік. 2015 жылдың сәуірінде мен оған  кездесуімізді тоқтату туралы ұсыныс жасадым. Келіншек болса  қалта телефоныма қайта-қайта  қоңырау шалып, СМС жазып мазалап қоймады. 2015 жылдың 12 тамызы күні тағы хабарласып, өзінің маған айтар маңызды әңгімесі бар екенін айтып соңғы рет жолығуға ұсыныс жасаған соң, істің соңғы нүктесін қою үшін  қалаға келдім. Келіншек жұмысында екен.  Қасыма отырған соң, қайда барамыз деген сұрағыма  қала шетіне, жұрт көзінен таса бір жерге барып әңгімелесуді ұсынды.  Қаланың Красный Кордон аумағындағы қарағайлы орман жаққа бет алғанымызда: «Ой, Қанат, үйге соғып бір зат ала салайыншы, қайтар жолда бір құрбыма беруім керек»,- деген соң,  Аймауытов көшесінің бойында орналасқан жатақханасына соқтық. Жүгіре басып бөлмесіне кеткен ол көп кешікпей бір пакетпен шықты да, машинаның артқы орындығына жайғасты. «Неге алдыға отырмадың?»- деген маған: «Келіншегің көріп қояр»,- деп күле жауап берді.  Қарағайлы орман ішінен қолайлы, жұрт аяғы жоқ жер таппаған соң келіншек Түйемойнақ аралына баруды ұсынды. Аралдағы ескі понтон  көпірі  аумағындағы  қалтарыс талды мүйіске көлігімді сұғындыра тоқтадым. Маңайда ешкім байқалмайды. Айнала тым-тырыс. Тек толықси аққан ерке Ертістің су сыбдыры ғана естіледі. Келіншек:

- Жаным! Сені қатты сағындым, соңғы рет өзіңмен мауқымды басайыншы,- деп құшағыма құлады. Алдыңғы екі орындықтың тетігін басып шалқайта «қызықты ғұмыр қас қағым, бағасы бөлек басқаның» деп  шаруамды тындырып болып беймарал сезімде жатқан кезде, ол маған:

- Арқаңды берші,  массаж жасап  берейін,- деді де, қолына медициналық жұқа қолғап киіп арқа жағыма   бір сұйық зат жаға бастады.

 - Не жағып жатырсың?- дегенде:

 - Крем,- деп жауап берді.

Сол сәтте машинаның іші бензин сасып кетті.  Артыма қарап үлгермедім.  Жауырын жағымды жалын жалмай жөнелді.

 - Есің дұрыс па!? Не істедің!?- деп,  жанталасып сыртқа шығып, жерге аунай бердім. Шашылған бензин   жалыны талай жерімді шарпыпты. Ет қызуымен  келіншекті  қолынан жетектей шамамен 100-150 метрдей өзен жағасында тұрғандарға жүгірдім. Машина болса лапылдап жанып жатыр. Келе:

- Жігіттер, тез ауруханаға жеткізіңдерші!- деп жан ұшыра айқайладым.

Олар сөзге келген жоқ. Бізді отырғызып алып құйындай ұшып қалалық ауруханаға әкелді. Жол бойы келіншектің қолынан қатты қысып ұстап алдым да, есікті ашылмайтындай етіп басып тастадым...

 Жәбірленушіден жауап алып болған соң   қабылдау бөліміне түсіп, кезекші дәрігерден  күйген азаматтың қасында болған келіншектің қайда екенін сұрады. Кезекші дәрігер әлгінде алғашқы медициналық көмекті ауыр халде жеткізілген азаматқа көрсетіп әлек болып жатқанда, келіншектің кетіп қалып киім ауыстырып келгенін, қазір көрші палатада ем қабылдап жатқанын айтты. Анжан  әзірше оны мазаламай,   дереу  кезекші жедел уәкілге келіншектің тұрғылықты жеріне тінту жүргізіп, қылмыс жасалған сәтте үстінде болған  киім, басқа да айғақтар, тез тұтанғыш зат болса тауып,  тәркілеуді тапсырды да, өзі басқармаға оралды.  Араға біраз уақыт салып,  қолдарында  күдікті әйелдің  шешіп тастаған күйік шалған шалбар, кофтасы,  ішінде жарты литрдей бензин құйылған  құтысы бар тінтуге кеткендер де оралды.  Ертесінде кезекшілік туралы есеп беруге Ішкі істер  басқармасы  бастығының тергеу істері  жөніндегі  орынбасары Искаков Ерболанға кіріп, күдікті келіншекті арнайы палатаға орналастырып, арнайы жасақ қызметкерлерінен күзет қою қажеттілігін баяндады. Ол өз тарапынан кезекшілігін тапсырып болған соң жәбірленушіден қайыра  жауап алу керектігін,  ет қызуымен болмаса күйзеліс кезінде бір нәрсені дұрыс айтпауы, есінен шығаруы мүмкін екендігін есіне салды.  Жігіттің   қайтара берген жауабы да алдыңғы жауабынан алшақ кетпеді. Жәбірленушінің анығын баяндап тұрғанына көзі жеткен соң, келіншектен жауап алу үшін көрші палатаға кірді. Келіншек болса  көлікте отырғанда аяқ астынан өрт шыққанын, өзінің де әрең  аман қалғанынайтып, бет бақтырмай отырып алды. Алайда  ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша, яғни  аса қатыгездікпен адамды қасақана қазаға ұшырату және ҚР ҚК 202-бабының 2-бөлігі 1 және 5-тармақтарында көрсетілген, яғни өрт қою арқылы бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру қылмыстары бойынша қозғалған  істі тергеу барысында тағайындалған сот-медициналық, сот-биологиялық, сот-техникалық,  өрт-техникалық сараптау қорытындылары нәтижесінде оттың қасақана ұйымдастырылғанын,  ешқандай жалын, машинаның алдыңғы мотор, панел тұсынан болмаса,  артқы бак жақтан шықпағанын тайға таңба басқандай көрсетіп береді.

   Қаладағы жанармай құю орталығының бірінен Қарлығаштың қолындағы құтыға бензин құйып жатқан бейнежазбасы да  табылып,  айғақ зат ретінде іске тіркелді. Үйінен тәркіленген бензинді өзімнің тұрмыстық қажеттілік үшін сақтағаным деп жалтарып бақса да,  өртенген машина жанынан табылған шөлмектегі қалдық  бензинмен құрамының бірдей екендігін, бір жерден алынғандығын да сараптама айқындап берді.  Қылмыстық істі тергеу барысында Анжан    келіншектің сол күні  арнайы дайындалып, қасақана қатыгездікпен, Қанаттың қиналып, жан күйзелісіне түсетінін біле тұра, өзімен бірге медициналық қолғап, «Кувшин» сусынының бос бөтелкесіне  жеңіл тұтанғыш зат бензин құйып алып, аралға алдап апарып, жәбірленушінің ұрымтал сәтін ұтымды пайдаланып, арқасына бензин жағып, арнайы өзімен алып келген шақпақпен  қасақана өлтіру мақсатында от қойғанын  толық дәлелдеді. Сонымен қатар  келіншектің жігітті жағып жібермек ниетте болғанын, алайда  өзінің еркінен тыс жағдайлардың кесірінен, от қойған соң есіктің бәрін ашылмайтындай етіп жауып, жігітті ішінде қалдырып, өзі сытылып шықпақ болған қылмыстық ойын толық аяқтап үлгермегендігін  де процессуалды түрде толық дәлелдеді.

   Белгілі болғаны, жан беру оңай  ма,  шалт қимылдаған жігіт келіншектің қолын қағып жіберіп, сыртқа шығып үлгереді. Қолын қаққан сәтте құйылған бензинге ол өзінің де екі алақанын күйдіреді. Шын махаббаттың оты өшпейді, бірақ басылады дейді білгіштер. Ал мына жағдайда,  керісінше, арам пиғылдың, ашудың  оты тұтанып, алаулай жанып,  бірнеше күннен кейін атпал азамат, екі баланың әкесі аурухана төсегінде көз жұмды. 

   Қанша жалтармақ болса да, қорғаушылары да кездейсоқ болған жағдай деп жанталасса да,  жас та болса келешегінен зор үміт күттіретін тергеуші  Анжан Айқынбековтің тыңғылықты жүргізген тергеу амалдары арқасында күдіктінің кінәсі толық дәлелденіп, 11  жылға сотталып, әділ жазасын алады. Сот оның жәбірленуші жақтың  1850 000 теңге тұратын «Лада Ларгус» автокөлігін және өзімен бірге алып жүрген 480 000 теңге ақшасын өртеп, аса ірі көлемде материалдық шығын келтіргенін де мойнына қойды.

 Жүрек неге жақсылыққа жолбасшы болмады? Ақылға бой бермеген соқыр сезім сойылы Қарлығашты осындай әрекетке жетелеп, ми қабылдамас, жүрек сезбес аса ауыр қылмыс жасауға ұрындырды.

Елубек ОСПАНОВ,

Семей қаласы.

ҚАРТТАР ҮЙІ ҚАРА ШАҢЫРАҚҚА АЙНАЛЫП БАРАДЫ

- Ақсақал, қаласаңыз, есіміңізді өзгертіп берейін,- дедім екі қолын айқастыра кеуде тұсына қойып төмен қарап отырған қамкөңіл қарияға сұраулы жүзбен.  

- Жоқ,- деді қатқылдана. Дауысында діріл бар. - Білсін. Олар ұялмаса, мен несіне қымсынамын. Қарттар үйінде күн кешіп жатқаным үшін бе?– деп өзіме қайыра сауал тастады.

Айтарға сөз таппай, айыпты адамдай қолымдағы қаламсаппен әр нәрсені түртіп отырған  блокнотымның бір бұрышын шимайлай бердім...

«Балаларыңызбен келіспедіңіз бе, әлде келін сыйғызбады ма, тағдыр сізге неге мұндай тауқымет тарту етті?» деген көп сауал көмейге тіреліп тұрғанымен, жарымжан көңілді жаралап алардай күй кешіп отырмын. Үнсіздік ұзаққа созылмай маған бұрыла:                                                                                                 

- Балам, бері қара,- деді қария оң шынтағын орындықтың арқалығына сүйеп жатып, - көңіліме жалтақтама. Біз көнгенбіз бұл тағдырға. Балаңды үмітпен сарғая күту азабының жанында, сенің сауалыңа жауап беру жүрекке жара сала қоймас.

...Кейіпкеріміздің есімі - Жұмекен Қасенов. Сексен жасқа бір жылы кем. Қазақы қаймағы бұзылмаған Ақсуаттың тумасы. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере мен шөберенің қасында «бақытты күндерім басталады» деген шағында бағы тайып, қарттар үйінен пана тапқан пенде. Қарттар үйі тұрақты мекеніне айналғанына да тоғыз жыл болыпты.  Жұмекен ата шопанның таяғын қолына отыз жыл  ұстаған. Еңбек кітапшасында аттай жиырма жыл «тракторшы» болғаны да жазылған. Қысқасы, еңбектің адамы.  Құдай қосқан қосағынан ерте айырылды, 1985 жылы ақтық сапарға өз қолымен шығарып салып, қара жердің қойнына тапсырды. Екі ұл, екі қызбен қосағының артында аңырап қала берді. Тағдырдың сынағы мұнымен де тоқтамады. Бір ұлдың ғұмыры ұзын жолдың бойында қиылса, бір қызы да өмір есігін ерте жапты. «Екі баласы бардың болар – болмас халі бар» деген қазақтың сөзінің жаны бар сияқты. Қыз байғұс әкеге қамқор бола алмады. Өйткені оты да, ошағы да бөлек. Ал шаңырақтың кенже ұлы әкенің қадірін әлі жете түсінбеген сияқты.

- Ұл келіннен аса алмады. Қарағым, олардың үйі осы қарттар үйіне жақын, екі аялдамадай жерде. Бірақ бір келіп: «Әке, қалыңыз қалай?»- деген жоқ қой. Мен өзім барсам, жақтырмайды. Кенже ұлдың жалғыз қызы бар. Қазір Алматыда тұрады. Хабарласып, халімді біліп тұратын сол ғана. Ол да кірбің ұялаған көңілге демеу екен,- деп ауыр күрсінген қария жасаураған көзін қол орамалмен сүртіп жатты...   

Төле бидің: «Өзіңнен туған ұл мен қыз сыйламаса, сол қайғы»,- дегені Жұмекен қарттың тірлігінің тұрпатын тура айқындап тұрғандай.

Ежірей деген ұлың болады,

Ақыл айтсаң, ауырып қалатын,

Бедірей деген қызың болады

Алдыңнан кес-кестеп өтетін,

Кекірей деген келінің болады, - деп, Мөңке бидің заманында айтып кеткені - бүгінгі қоғамның бет-бейнесі. Бұл енді шындық. Тастанды қарттардың көбеюі - Ежірей, Бедірей, Кекірейдің кінәсі. Жұмекен қарт та осы Кекірей келіннің қас-қабағынан қарттар үйінен тұрақ тапты емес пе? Бұл - осы жерді мекен етіп жатқан бір ғана тағдырдың көрінісі.  

Ол мұнда амалсыздан келді. Жалғыздық оның таңдауы емес, тағдырдың маңдайына жазып бергені еді. Қазақта «Орта жолда атың өлмесін, орта жаста жарың өлмесін» деген сөз бар. Отағасы, екі баласы қайтпас сапарға аттанған. Бар туысы да бақилық болған. Барар жер, басар тауы жоқ Төлеуғайша Салқынбаева (есімі өзгертіліп берілді) қарттар үйінің табалдырығын аттады. Кейуана есімін өзгертіп беруді өтінді. «Осында жүргеніме арланамын»,- дейді қарт ана.  

«Амалсыздан келдім. Бір туысым болса, босағасында күн кешсем де келмес едім. Үйге қайтқым келеді»,- дейді қолындағы таяғымен есік жақты нұсқаған ақ жаулықты ана...

Қазақ үшін қарттар үйі деген жат ұғым еді. Қазір ше? Төрінде отырып, ұл мен қызына ақылын айтатын қариялардың қадірі кетіп-ақ тұр. Шындық қой. Кімге барып шағым айтамыз, кімнен көреміз? «Заман солай, қоғамның келбеті» деген өтіріктің балын жалап жүрміз бәріміз. Шындықтың уы ащы. Оны мойындауға дәрмен жоқ. Мұның барлығы, айналып келгенде, ұлттық тәрбиенің кемшін тұсы екені даусыз.

Қарттар үйі деп отырғанымыз - Семей қаласындағы №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Мекеме басшысы Гүлмира Сексеналиновамен аз-кем тілдестік. Қазақ қарияларының қаншасы мекемені «қара шаңырағына» айналдырғанын сұрадық. Бұл күнде мұнда 170-ке тарта қарт болса, соның отыздан астамы қандасымыз екен. Жоғарыда айтқан Ежірей, Бедірей, Кекірейдің кесірінен пана іздеп келген бейбақтар барлығы. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?». Ұл мен қыздың шапағатына бөленіп, немерелердің қызығына кенеліп отырса, бақыттан қашып ешкімнің қарттар үйіне келмейті ақиқат. Қартайғанында жанында тыныштық болса, қарттар үйі тұрмақ, отырған үйінен тапжылмайтын, «қара шаңырағым» деп қоныс аудармайтын қазақ емеспіз бе?.

Ата-ананы құрметтеу жайлы Құран Кәрімде Ісра сүресінің 23-ші аяттарында: «Раббың, Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, ата-анаға жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе, (ол екеуіне) «түһ» деме (кейіс білдірме)»,- деп жазылған. Шариғатта ата-анадан бас тартпақ түгілі, қатты сөйлеген пенденің жазасы ауыр.

Атам қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаса керек. Әке – шешеңізді қарттар үйіне апарғаныңызды көрген балаңыз бір күні сізді де жетелеп апара жатса қайтпексіз?..

Қанаттыға қақтырмай өсірген қарғаларына қажет болмай қалған қамкөңіл қара шал мен қара кемпірдің қарттар үйінен пана тауып жатқанын немерелері көріп отыр... Қатыгездікті көріп өсіп келе жатқан қара баланың ертеңі не болады?

Ерзат ЖАНАТҰЛЫ, «Семей таңы»

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57