ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАПТЫ

Семей қаласының іргесіндегі зираттардың санитарлық жағдайымен «Семей» абаттандыру мен көгалдандыру» мемлекеттік мекемесі айналысады. Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтің тапсырмасына байланысты ұзақ жылдардан бері жиналып қалған тұрмыстық қалдықтар қорымдар мен барша зираттар аумағынан толықтай шығарылатын болады. Ата - аналар күні қарсаңында коммуналдық қызмет жұмысшылары Павлодар бағытындағы күре жолдан 18 шақырымдағы зиратты және Семей қаласынан 3 шақырым жердегі қорымды тұрмыстық қалдықтардан толықтай тазартты.

«Семей» абаттандыру мен көгалдандыру мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Ержан Шайжүнісовтің айтуынша, бұған дейін зираттар мен қорымдардың тазалығымен айналысқандар ондағы санитарлық жағдайға бейжай қараған. Соның салдарынан атқарушы билік пен ТҮКШ тарапына туғандары жерленген тұрғындардан зираттар мен қорымдарда қоқыстан аяқ алып жүре алмайтыны туралы көптеген арыз - шығымдар түскен. Керек десеңіз, туыстарының қабірінің жанын тазарту кезінде жиналып қалған тұрмыстық қалдықтар жол бойына лақтырылған жағдайлар да орын алыпты. Кейбіреулер тіпті көне қабірлердің үстіне қалдықтарды үйе салатын жағдай да кездеседі екен.
- Біз 18 шақырымдағы зираттың аумағын бүгінгі күні толық тазарттық. 20 КамАЗ тұрмыстық және кездейсоқ қалдықтар шығарылды. Қазір біз қарағай ішіндегі ескі зират қорымы аумағында жарты күн бойы жұмыс істеп жатырмыз. Дәл қазір сегіз КамАЗ қалдық тасымалданды. Зираттарды тазартуға 35 жұмысшы мен 20 бірлік техника жұмылдырылды. Қосымша еңбек күшін тартып, жұмысшы санын 60 адамға жеткізетін боламыз. Ұзақ жылдардан бері жиналып қалған қалдықты шығарып болғанша бел шеше еңбек етеміз,- дейді Ержан Шайжүнісов.
Зираттар мен қорымдарды тұрмыстық қалдықтардан тазартып қана қоймай, қоқыс тастауға арналған арнайы орын салу жұмысы да қоса жүргізілуде. Кейін осы жиналған қалдықтар белгілі бір күні аумақтан шығарылып отырады. Мұны туғандарының басына келушілер білуі үшін, арнайы белгі де орнатылатын болады. Сонымен қатар таяу арада су жеткізіліп, 5 қоғамдық әжетхана орнатылады.
Ержан Шайжүнісов қорымдар мен зираттар қоқыс пен қалдықтан толық тазартылғанша жұмыс тоқтамайтынын айтады. Енді қаланың коммуналдық қызметінің келесі қолға алатыны - ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде Семей қаласында эвакогоспитальдарда емделіп, алған жарақатынан қаза тапқан майдангерлердің Силикат зауыты маңындағы қорымы. Осы орайда бір айта кететін жайт, жабылған қорым аймағына тіркеумен өтетіні, туғандарының басына барудың тауқыметі жайында қаладағы қоғам белсенділері тарапынан мәселе көтеріліп, БАҚ беттерінде жарияланып, теледидардан көрсетілген болатын. Енді бұл мәселе өз шешімін тауып, бұрынғы орманшылардың зиратқа келушілерді тіркеуге алып отырған үйшігі алынып тасталды.
Бұдан былай «Семей» абаттандыру мен көгалдандыру» мемлекеттік мекемесі зираттарды санитарлық қалыпқа сай ұстап отыруды да жоспарлап отыр. Ол үшін мекеме мамандары Өскемен қаласындағы зираттарда болып, жергілікті әріптестерімен тәжірибе алмасып қайтты.
– Біздің алдымызда тұрған ең басты міндет - Семей қаласы маңындағы барша зираттар мен қорымдарды қоршау,– дейді Ержан Шайжүнісов. – Қала бюджетінен осы жобаларды қаржыландыру үшін өтінім жасаймыз. Өйткені, қоршалмағандықтан, заңсыз жерлеулер орын алып, қаңғыбас иттер мен қараусыз малдар кіріп кетіп, құлпытастарға зақым келтіреді. Ең бастысы - бәрін жөнге келтіріп қана қою емес, жұмысты жолға қойып, оны тұрақтандыру.

Флора ЛЕВИНА,
Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ

 

ШЫҒЫНДАР ӨТЕЛУДЕ

Өткенде, Ертіс ернеуінен асып, жағалауындағы тұрғын үйлерге қауіп төндіргенде, мұз жару жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде өзенге жақын орналасқан бірнеше көп қабатты үйлердің терезелеріне зақым келгенін білеміз. Келтірілген шығындардың өтелуі туралы ақпарат алу мақсатында сәрсенбі, 18 сәуір күні Сәтбаев көшесіндегі тұрғындармен тілдесіп қайтқан едік.

Мұз жару жұмыстарына байланысты Сәтбаев көшесіндегі 85, 87, 89, 91-ші он қабатты үйлердің терезелері сынған. Қазіргі уақытта, балкон әйнектерінен басқа, барлық пәтерлерде ішкі терезелер бүтінделіпті. 

- Мен Сәтбаев көшесіндегі 85-ші үйде тұрамын. Терезелеріміз аман, тек балкон әйнектері қирады. Қазіргі уақытта, балконнан басқа, барлық пәтерлерде әйнектер салынған. «Комфорт» фирмасының техника мамандары келіп, он күннің ішінде бәрін қалпына келтіріп берді. Мұз жару барысында әсіресе ағаш жақтаулары бар терезе әйнектері ұшты. Пластик терезелері сынғандары аз. Ал балкон терезелері, әрине, көпшілігінде қирады. Шығынды өтеу туралы өтініш жазып қойдық. Бағалаушылар келіп, жағдаймен танысты. Енді материалдық көмектің келуін күтіп отырмыз,- деді Светлана Медведева есімді тұрғын.
Сәтбаев көшесіндегі 87-үйдің Пәтер иелері кооперативі басшысы Тамара Масленникованың айтуынша, аталмыш көше бойында 211 пәтер зардап шексе, оның 178-нің ішкі терезелері толықтай жөнделген. Ал қалған 54 пәтерге балкон жақтауларын салу үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр.
- Ішкі терезелердің барлығы апаттан кейін он күн ішінде жаңадан салынды. Жөндеу жұмыстарына байланысты көңілі толмағандар болған жоқ. 124 пәтердің иесі құжаттарын тапсырды. Қазір балкондарда терезе жақтауларын салуға байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр, 511 терезе жақтауын «Комфорт» фирмасы қызметкерлері салды. Кейбір тұрғындар ағаш жақтауларды пластикке ауыстырып жатыр. Ал жақтаулары бүлінбеген балкондарда барлық әйнектер бүтінделген. Әсіресе Сәтбаев көшесіндегі 85, 87-ші үйлер қатты зардап шекті. Мұз жару жұмыстары басталмас бұрын, әрбір үйдің есігін қағып, ескерткен болатынбыз. Ал балкон жақтаулары қираған пәтер иелері сол күні үйде болмаған,- деді Т.Масленникова.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

ЕРМАК СӘЛІМОВ:ҚОЛЫМЫЗДАН КЕЛГЕНШЕ КӨМЕК КӨРСЕТЕМІЗ

18 сәуір, сәрсенбі күні Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов қызыл судан зардап шеккен Бобровка кентіндегі тұрғындармен кездесті. № 44 мектеп ғимаратында өткен жүздесу барысында айтылғандай, бүлінген үйлер бір ай көлемінде қалпына келтіріледі. Әкіммен сұрақ - жауап түрінде өткен кездесуде тұрғындар сауалының дені жөндеу жұмыстарын бастау мерзімі, өтемақы беру, тұрмыстық техниканың ақысын өндіріп алу туралы болды.

Өкінішке орай, саяжай үйлері тұрғын үйлердің қатарына жатпайтындықтан, республикалық комиссия шешіміне сәйкес, өтемақы берілмейтіні мәлім болды. 

- Бұған дейін шығындарды есептеу жөніндегі 5 экспертші компания тексеріп үлгерген 54 үйдің құжатын Астана қаласындағы республикалық комиссияның қарауына жіберген болатын. Бірақ, саяжай үйлері тұрғын үйлер санатына жатпайтындықтан, бюджет есебінен қаржы қарастырылмайды. Соған қарамастан, бұған дейін де мен қазақша, орысша - екі тілде айтқанмын, қазір де айтамын: қызыл судан зардап шеккен тұрғындар қолдаусыз, назардан тыс қалмайды. Облыс әкімдігінің, «Парыз» сынды қорлардың, кәсіпкерлердің көмегімен шығындарыңызды мейлінше өтеп, үйлеріңізді қалпына келтіруге көмектесеміз,- деді Ермак Бидахметұлы.
Яғни қажетті қаржы қарастырылып жатыр. «Жөндеуге жұмсалатын қаржыны қолыма беріңіздер, құрылыс жұмыстарымен өзіміз айналысамыз»,- деген саяжайлықтардың қолдарына ақша берілмейтінін, жөндеу жұмыстарын құрылыс компаниялары жүргізетінін қала әкімі нақты кесіп айтты.
- Тұрғын үйлерді жөндеумен айналысатын екі мердігер компания анықталды. Олар «ГорДорСтрой» ЖШС мен «Сәт-Транс» ЖШС. Жоспар бойынша, 19 сәуір күні құрылысшылар үйлеріңізге барып, жөндеуге кіріседі. Сіздер жұмыстардың сапасын қадағалайсыздар,- деді Ермак Бидахметұлы.
Жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес кезекпен жүргізіліп, бір айдың көлемінде аяқталады деп жоспарланып отыр. Тұрғындардың арасында әлі күнге дейін үйлеріне от жағып, қабырғаларды кептірмегендері бар. Үйлерді кептіру аса қажет екені, себебі дымқыл қабырғаларға құрылыс жұмыстары жүргізілмейтіні бұл кездесуде баса айтылды.
Маңызды мәселелердің бірі судың салдарынан істен шыққан тұрмыстық техника болып тұр. Жұрт несиеге алған тұрмыстық техникаларына алаңдаулы. Бұл ретте шаһар басшысы зардап шегушілерге шекті деңгейде, техникасының жағдайына сәйкес, қалалық комиссияның шешіміне орай өтемақы берілетінін атап өтті.
Қарғын су тұрғын үйлерді ғана емес, көшелерді де шайып, қозғалысқа айтарлықтай кері әсерін тигізгені белгілі. Саяжай тұрғындарының жол жөнделсе деген өтініштеріне орай, Ермак Бидахметұлы бұған дейін бірнеше көлік тас төгілгенін, кенттің депутаты Сергей Покатиловтың басшылығымен жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасатынын тілге тиек етті.
- Менің үйім кішірек. Өзім осы кезеңде оны кеңейтіп салмақ болып отырған едім. Сіздер құрылысшы жіберсеңіздер, олар бұрынғыны қалпына келтіреді де, мен үйімді кеңейте алмай қаламын ғой...- деген саяжай тұрғынына қала әкімі:
- Сіз үйіңізді кеңейтіп, бөлме қосқыңыз келсе, құрылысшыларға ақы төлей отырып, олармен келісіңіз,- деп, жиыннан кейін мәселені қарастыруға кеңес берді.
Саяжайлықтардың арасында экспертші комиссия үйдің өзін ғана қарап, қора - қопсы, қосалқы сарайларды есепке алмады деп наразылық танытқандар да болды.
- Заң бойынша, зардап шегушілерге шектік деңгейде көмек көрсетілуі керек. Оған қора - қопсы енбейді,- деген жауап айтты Ермак Бидахметұлы.
Үйлері толық кеуіп үлгермеген тұрғындар, комиссия есебі бойынша тиесілі құрылыс материалдары берілсе, жазда құрылысты өздері жүргізіп алуға мүмкіндіктері барын айтып, осы жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл жол да қарастырылмақ.
Материалдық шығынмен қоса, моральдық көмекке де зәруміз деген жандарға қала басшысы:
- Қылмыстық іс қозғалған. Сот шешімі шыққан соң, кінәліні сотқа беру арқылы сіздер моральдық шығынды талап ете аласыздар. Біз әртүрлі қорлардың, жомарт жандардың, семейліктердің қолдауымен тек материалдық шығындарыңызды ғана өтеп бере аламыз,- деп анығын айтты.
Қазіргі таңда қызыл су кірген үйлердің басым көпшілігінің жағдайымен комиссия танысып, шығындарды есептеген. Зардап шеккендіктері туралы өтініш білдірмеген тұрғындарға комиссия бара алмайтыны белгілі. Сондықтан әлі күнге дейін шаңырағына комиссия келмесе, тұрғындар өтініш жазған - жазбағандарына көз жеткізуі керектігін шаһар басшысы атап өтті.

Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ

СӘУЛЕТТІ ҮЙЛЕР БОЙ КӨТЕРЕДІ

Семейдегі Ақсай жаңа ықшам ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасының «Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту» бағыты аясында алғашқы тұрғын үйлердің іргетасы қаланды. Сейсенбі, 16 сәуір күні қала әкімі Ермак Сәлімовтің қатысуымен аталған ауданда көшпелі жиын өтіп, онда бір ай ішінде бой көтерген баспаналар мен Ақсай кенті жайында жан-жақты мағлұмат берілді. Көшпелі мәжіліске жиналған көпшілік үлгі ретінде таныстырылған үй ішін аралап, құрылысқа қолданылған материалдардың сапасын, мердігер компаниялардың жұмысын бағалады.

Ақсай кенті қаланың оң жақ жағалауында, РСУ-1 ауданынан ары қарай орналасқан. Қаладан едәуір шалғай орналасқаны болмаса, ауасы саф, табиғаты көрікті. Көп ұзамай сыртқы пішіні, сәулеті біркелкі жеке тұрғын үйлер салына бастайды. Қазір мұнда электр желілері тартылған. Су желісінің құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайын, осы жылдың күзінде су жүйесі орнатылады. Оқырмандардың есіне сала кетейік, өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде Ақсай, Ұшақтар және Комсомол кенттерінде жеке тұрғын үйлерді салу мақсатында 3900 жер телімі берілген-ді. Соның ішінде 1700-і Ақсай ауданына бөлінсе, бүгінде оның 1200-і үлестірілді. 

- Басты мақсат – халық игілігі үшін сапалы, қолайлы баспана салу. Егер құрылыс салуға ниетті азаматтың қалтасы көтерсе, үйді өзі салуға толық құқығы бар. Тек қалалық сәулет бөлімімен жоба жөнінде келісуі керек. Мұнда саман кірпіштен, шлакоблоктан үйлер салынбайды, тек әдемі әрі бірдей ғимараттар болады,- деді қала басшысы Ермак Сәлімов.
Айту керек, архитектуралық жобалар тұрғындарға тегін беріледі. Әрбір салымшы жоба эскизін сызу барысында қанша бөлме болады, қандай құрылыс материалдарын қолдану керек, өздері таңдайды.
Банк салымшылары назарына көрсетілген бірінші үй сырт көзге қарапайым көрінгенмен, іші жайлы әрі кең. Жалпы аумағы 90 шаршы метрді құрайтын баспананың іргетасын құю, кірпішін қалау, тақта-жабындарын орнату жұмыстары сапалы жасалған. Үй қабырғалары газоблокпен, силикат кір-піштермен қапталса, төбесі 15 сантиметр қалыңдықтағы ағаш және жылу ұстап тұратын арнайы жабындымен жабылған. Үйлер электр қуатымен немесе пешпен жылытылатын болады.
- Бұл үйдің құрылысын ағымдағы жылдың 27 ақпанында бастап, наурыз айында аяқтадық. Бір айда тұрғызылған үйді салуға 15 адам жұмылдырылды. Қолданылған құрылыс материалдарының барлығы өзіміздің қаламызда өндірілген,- дейді «Өкен» ЖШС прорабы Талғатбек Торғаев.
Ал «Сәт-Транс» серіктестігі мердігерлік ететін келесі үйдің жобасы еуропалық үлгіде салынған екен. Залы, жатын, жуыну бөлмелері ерекше кең.
- Мысалы, аумағы 100 шаршы метр болатын үйдің орташа бағасы 12 млн. теңге деп белгіленіп отыр. 1 шаршы метрі 120 мың теңгеден аспайды. Бұл сомаға үй тұрғызылады, жылу желісі тартылады, қоршауы салынады. Қалған ұсақ-түйек жұмыстарды сатып алушы өзі атқарады. Жер телімдерін алу үшін бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасына қатысу қажет. Ол үшін міндетті түрде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның салымшысы атанып, депозиттегі есепшот 2 млн. теңге көлемінде болуы шарт. Алғашқы жарнасы тұрғын үйдің жалпы сомасының 30%-ын құрайды. Несие 5 пайыздық жылдық өсіммен 15 жылға беріледі. Ауданда салынатын үйлер 80-140 шаршы метрге тең болады,-деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Семей филиалының директоры Равиль Сәбитов. – Жер телімін алуға кезекте тұрғандар қалалық әкімшіліктің жер қатынастары бөліміне барып, жолдама алып, үйдің жобасын таңдауы керек. Содан кейін, үйдің бағасы белгілі болған бойда, тұтынушы біздің банкке келіп, өзінің төлем қабілеттілігін растайтын құжатты өткізеді. Үйдің алғашқы жарнасын банкке салғаннан соң, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жергілікті атқарушы орган өкілдеріне хабарлама жібереді. Сөйтіп, жеке тұрғын үйдің құрылысы басталады,- деді ол.
Үй салынбас бұрын, қала әкімдігі, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Семей филиалы, құрылыс компаниясы мен салымшы арасында төрт жақты келісімшартқа қол қойылады. Бүгінде Ақсайдан 10 сотық жер алуға 24 мыңнан астам тұрғын кезекте тұр. Оның 2600-і - банк тұтынушылары. Қазірде 644 жер телімі рәсімделіп жатыр. Келешекте жаңа ауданда 1200 орынға арналған мектеп және 320 бүлдіршінге шақталған балалар бақшасы салынады деген жоспар бар.

Жібек СЕРҒАЗЫ

ЖИЫНҒА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР АРҚАУ БОЛДЫ

12 сәуір күні Абай атындағы кітапханада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің арнайы мониторингтік тобы және қалалық Қоғамдық кеңестің кезектен тыс бірлескен отырысы өтті. Аталған басқосуда ірі сауда нысандарындағы өрт қауіпсіздігін тексеру нәтижесі, көше аттарын өзгерту, мектепке дейінгі білім саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету, шаһарды абаттандыру сияқты өзекті мәселелер қаралды.

Келелі жиын Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Жанна Жибраеваның төрағалық етуімен өткізіліп, жоғарыда аталған мәселелер жан - жақты қаралып, шешу жолдары талқыланды.
Семейдегі аумағы 1500 шаршы метр болатын 43 ойын - сауық кешендері мен сауда үйлерін тексерудің барысы арнайы жұмыс тобының мүшесі Екатерина Гуляеваның баяндамасында сөз болды. Баяндамашы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің арнайы мониторингтік тобы, қалалық кәсіпкерлер палатасы, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының өрт сөндіру бөлімімен бірге өздері тексерген нысандарға қатысты орын алған кемшіліктерді ортаға салды. Орын алып отырған кемшіліктерді жою жолдары қарастырылды. Өрт қауіпсіздігіне қатысты ең көп сынға «Барыс», «Арка» сауда үйлері сынды нысандар ұшырады. Тексерушілер «Барыс» сауда үйіне бас сұққан кездерінде өрескел заң бұзушылыққа жолығыпты.
- Ғимаратта орналасқан дәмхананың тағам әзірлейтін бөлмесінде мүлдем өрт қауіпсіздік шаралары сақталмайды. Газ балонының жанында аузы ашық ұн қаптары тұрғанын немен түсіндіреміз? Әрі жертөледегі төменгі қабатта орналасқан би залындағылар, өрт шыға қалған жағдайда, сыртқа шыға да алмайды. Өйткені ол жақтағы шығар есік мүлдем жабық. Дабыл қағушы құрал мүлдем жұмыс істемейтіні белгілі болды. «Арка» сауда үйінде де осындай жағдай қайталанды. Осы кемшіліктерден халық көп баратын өзге де ірі сауда орындары сабақ алса жақсы болар еді. Аталған жерлерде орын алған кемшіліктер меншік иелері тарапынан жуық арада түзелетін болады,- деді Е.Владимировна.
Қала әкімі жанындағы онамастикалық жұмыс тобының көше атауларын өзгертуге қатысты жұмысы жайында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Маржан Бахатова баяндады. Таяу уақытта Парковая көшесіне армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетовтің, Строительная көшесіне атақты сазгер Тұрсынғазы Рахимовтың, Н.Крупская көшесіне халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың, ал Краснознаменная көшесіне Баян Байғожинаның есімдерін беру туралы ұсыныс жасалыпты.
Сонымен қатар қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко жекеменшік балабақшалар мен шағын орталықтарда ата - аналарымен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері мен шығармашылық формаларын енгізу туралы баяндады.

Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57