РАҚЫМШЫЛЫҚҚА КІМДЕР ІЛІГЕДІ?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, рақымшылық жасау туралы заң жобасына жария түрде қол қойды. Тәуелсіздік алғалы осымен тоғызыншы рет жасалған рақымшылыққа кімдер ілігеді деген сауалдың туындауы заңдылық. Аталмыш құжатқа сәйкес, еліміздегі түзеу мекемелерінен мың жарым адам босатылады. Алайда оның 80%-ы пробация қызметінің бақылауында болады. Жалпы, жаңылып, жаза басқан отыз мыңға жуық адамға кешірім жасалады деп күтілуде.

Семей қалалық №2 сотының судьясы Төлеген Сұлтанов рақымшылық жасаудың басты мақсаты заңды аттаған азаматтарға адамгершілік, рақымшылық таныту, сенім білдіру екенін айтады. Сонымен қатар судья заң азаматтардың әлеуметтік әлсіз санаттарына қолданылып, оларды қылмыстық жазадан босатуды көздейтінін, қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар бойынша барлық қылмыстық істер және соттар қарамаған істер бойынша іс жүргізуді тоқтату негіз болатынын жеткізді. Атап айтқанда, ұсақ бұзақылық жасап, абайсызда көлікпен адам қағып кеткендер, заңсыз аң аулағандар сынды қоғамға зиян әкелмейтін қылмысқа ұрынғандар жазадан біржола құтылады. Темір тордан шығатындар қатарында жүкті, жас және мүгедек балалары бар, жасы 50-дегі және одан асқан әйелдер, кәмелеттік жастағы балалар, қарттар сынды әлеуметтік әлжуаз топқа жататын жандар бар.

Төлеген Қайыркенұлының айтуынша, амнистияның көздегені бұрынғыдай темір торда отырғандарды босатып, олардың санын азайту емес. Жылпы, 25 жылдың ішінде түрмедегілердің саны үш есе азайған.  Тек соңғы төрт жылдың ішінде бірде-бір амнистия жасалмай, 30 пайызға кеміпті. Қазір, әрбір сотталған түзелгенін дәлелдесе, зиянды өтесе, түрмеден шыға алады.

Тағы бір топ –  ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін сотталғандар. Олар үшін өтелмеген мерзімін жартылай немесе төрттен, не бестен бір бөлігін қысқарту ұсынылды. Егер әлеуметтік әлжуаз, қылмысы ауыр болса, жартысын, егер ерекше болса, бестен бірі кесілмек. Бұл ретте әлеуметтік әлжуаздар ретінде кәмелеттік жасқа толмағандар, жүкті әйелдер, жас немесе мүгедек балалары бар әйелдер, барлық топтағы мүгедектер, 50 жастағы немесе одан үлкен әйелдер, 60 жастағы, одан үлкен ер адамдар, соғысқа қатысушылар және тағы басқалар санатқа алынып отыр. Егер ауыр қылмыс жасап, зардабын өтеген болса, оның өтелмеген мерзімінің төрттен бір бөлігі қысқартылмақ. Тағы бір топ - істері тергеуде не сотта жатқандарды қамтиды. Егер олардың әрекеті қылмыстық қылықтар немесе ауырлығы онша емес қылмыс болса, амнистияға ілігеді. Олармен қатар ауырлығы онша емес әлеуметтік әлжуаздар да бар.

Бүгінгі күні Семей қалалық №2 сотында осы топқа жататын 13 іс қысқарған. Тарқатып айтар болсақ, жол көлік оқиғасына қатысты 1 іс, билік өкіліне қатысты күш қолдану бойынша 3 іс, алаяқтық бойынша 1 іс, жеңіл жарақат келтірген 2 іс, нашақорлыққа қатысты 5 іс және денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтірген 1 іс қаралып, заң бұзғандар рақымшылыққа ілінген.

Судья сонымен қатар кімдердің бұл рақымшылықтан сырт қалатындығына да тоқталды. Оның сөзінен түйгеніміз:  бұл рақымшылықтан лаңкестер, экстремистер, педофилдер, кісі өлтірушілер, есірткі тасымалдаушылар, жыныстық зорлық жасағандар, азаптаушылар, рецидивистер, өмірлік бас бостандығынан айырылғандар, топтасып қылмыс жасағандар еш үміт күте алмайды.

Жоғарыда атап өткеніміздей,  бұл амнис­тияның идеясы тек жазадан босату немесе қысқарту емес, босағандардың қайтадан қылмыс жасауын болдырмау болып отыр. Осы мақсатта бостандыққа шыққандарға әлеуметтік қолдау көрсетілмек. Олардың қатарында жұмысқа тұрғызу, жеке құжаттарды рәсімдеу, үйсіздерді оңалту орталығына, қарттар үйіне орналастыру сынды шаралар бар.

Сөздің түйіні ретінде айтпағымыз, аталмыш шараның дер кезінде қолданылып отырған дұрыс шешім екендігін атап өтпеске болмас. Әсіресе аналар мен балалар үшін жасалып отырған жеңілдіктің үлкен әлеуметтік маңызы бар.

Жалпы, жадыңызда жүрсін, қылмыстың өтеуі - жаза!

Асан МЫРЗАХАН.

 

 

 

ӘСКЕРИЛЕР ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ҚАЛАЙ ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ?

Еліміздің тыныштығын қорғайтын әскери қызметкерлерді баспанамен қамту басты назарда. Негізі, баспана мәселесі әскери қызмет кезегінде қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету кемінде он жыл болған келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге қолданылады. Сондай-ақ, тұрғын үйді жалдағаны үшін де өтемақы төлеу келісімшарттағы әскери қызметшілерге жүргізіледі.

Арнайы баспана заңдарына сәйкес, тұрғын үймен қамтамасыз етілетін әскерилер үшін заң қатаң. Өйткені, оларға қойылатын талапта жоғары. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері жиырма үш жасқа толмаған күндізгі оқу нысаны бойынша білім беру ұйымдарында оқитын балалары немесе мүгедек баласы болған жағдайда жүзеге асырылады. Сонымен бірге, әскери қызметшінің асырауындағы ата-аналары болған жағдайда әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Әскери қызметші мен оның отбасы мүшелері есепке алынады. Әйтсе де, қызметтік тұрғын үй әр адамға кемiнде он бес шаршы метр және көп дегенде он сегiз шаршы метрден беріледі. Бiрақ, кемiнде бiр бөлмелi пәтер мөлшерiнде немесе жатақханадан бөлме ғана берілуі мүмкін. Баспана кезегіне тіркеуге алынған әскери қызметшіге оның баянаты бойынша Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету қағидалары шеңберінде, тұрғын үйді жалға алғаны үшін мақсатты өтемақы төленеді.

Мұқтаж қызметкерді баспанаға есепке қою туралы баянатты тұрғын үй комиссиясы төрағасының атына береді. Ол қызмет өткеріп жүрген құрылымдық бөлімшеде тіркеледі. Тіркелген күнінен бастап он жұмыс күні ішінде құрылымдық бөлімше ұсынылған құжаттарды тексеруді жүзеге асырады. Ұсынылған құжаттар сәйкес келмеген кезде құрылымдық бөлімше оларды әскери қызметшіге толық пысықтау үшін қайтарады. Мұтаж қызыметкер 10 жұмыс күні ішінде құрылымдық бөлімшеге қайта өтініш жасайды. Бұл ретте баянат оны құрылымдық бөлімшеде алғаш тіркелген күн берілген болып саналады. Алайда, баспанамен қамтылу мәселесін тұрғын үй қатынастары саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті орган айқындайды. Арнайы құрылған топ оның тұрғын үймен қамтамасыз етілуін немесе баспана берілмеуін қадағалайды.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген үй заңнамасында көзделген шарттар аясында оны тәртіппен жекешелендіруге құқылы. Егер қызметтік үй жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және комендатураларда орналасқан болса,тұрғын үйлерді жекешелендірудің орнына тұрғын үйдің құнын ақшалай өтем ақысын өндіре алады.

А. ЖҮНІСБЕКОВ, Семей гарнизоны әскери соты төрағасы.

«МАҒАН ЫНТЫҚ ЖІГІТТЕР КӨП, БІРАҚ КӨҢІЛІМНІҢ ҚАЛАУЫ ТАБЫЛМАЙ ТҰР», - дейді қызтеке

Соңғы  жылдары  неше түрлі сұмдықты еститін болдық. Бірнеше жыл  бұрын  алыс шетел емес, ТМД-да, Латвияда болған бір жыныстылардың  шеруі естігеннің денесін түршіктірген еді.  Осы шеруде сап түзегендер  өздерінің туған елдерінің   мемлекеттік туларын ұстап шыққан көрінеді. Рас-өтірігін кім білсін, естуімізше, арасында  біздің көк байрағымыз да жалт ете қалған сияқты. Қасиетті көк туымыздың  қызтекелер мен еркекшоралардың ойыншығына айналғанын естігенде, көңіліміз құлазып қалғанын жасырмаймыз.  Осыдан бір-екі жылдай уақыт бұрын  Қарағандыда Каролина мен Кристина есімді екі қыздың некелерін қиюы да көпшілік есінде болар.  

... Атын атамай-ақ қоялық, әлеуметтік желіден ғана естіп жүрген «көгілдір» түсті жігіттің бірі анасымен біздің редакцияға келді. Бір қарағанда, ер бала деп еш ойламайсың. Аяқта өкшесі өте  биік етік. Үстінде  етегі ұзын  қымбат құндыз тон. Бетіне талғаммен жаққан бояуы  «қыздың» өңіне жарасып–ақ тұр. Сөзге тарттық. Алыс емес, өзіміздің Абыралы өңірінің тумасы екен. Біраз жыл бұрын қалаға қоныс аударған. Әкесі мен анасы  кішкентай кезінде ажырасып кеткен. «Сол кеткеннен баласымен ешқандай байланыс жоқ»,- дейді анасы. Алғашқыда ер балаларға  арналған ойыншықтар әперсе, ойнамай, қуыршаққа ерекше қызығатынына аса мән бермеген ана  ұлына қыздың көйлегін, өзінің әшекей бұйымдарын тағып қызықтаған сәттерін бүгін егіле еске алады. Қуыршақ ұстаған ұлдың, әрине, ананың ролін ойнайтыны белгілі. Мектепке барғанда ұл балалардан гөрі қыз балаларға жақын жүретінін аңғарса да мән бермеген ана қол-аяғы балғадай, он екі мүшесі сау   баласының өмірлік қасірет жүктеріне ол кезде мән бермеген сыңайлы. Кейіннен мектептен келе сала анасының киімдерін киіп алып қыз бейнесіне енетінін көргенде ғана ойлана бастаған. Баласы мектепті аяқтаған соң қалаға қоныс аударған. Олай етпеске амал жоқ. Ұлы соңғы жылдары  қыз кейпінде  ауыл ішінде жасырмай ашық жүретін болған. Семейге келген соң жатақхананың бір бөлмесін жалға алып тұрған ана мен баланың өмірінде нағыз қасірет басталған. Ұзын дәліздің бойындағы  жуынатын, басқа да қажеттілік үшін ортақ орындарда, қыздарға арналған жағына кірсе, әйел адамдар, ал ер адамдар жағына кірсе, олар ренжіп, тіпті қуып шығатын күйге жеткен. Ұлы қалаға келген соң біржола әйел киіміне ауысыпты. «Әйелдердің косметикалық бұйымдарын  сататын  бөлімнің жанынан көлденең өтіп кете алмайды»,- дейді анасы. Жатақхана тұрғындарының наразылығынан кейін пәтер жалдап, көшуге мәжбүр болған. Осыдан бірнеше жыл бұрын қала әкіміне барып жағдайды айтып, жалға берілетін пәтерден бір бөлмеге қол жеткізген екен.

– Қыздарға қызыға қарап, ғашық болған сәттерің болды ма?

– Жоқ.

– Сен қазақтың азаматысың. Ер адамның әйелге ұқсағаны жақсы емес екенін білесің бе?

 - Сіз өзіңізді  ер-азаматтардан кем санайсыз ба? - сұраққа сұрақпен  жауап қайтарды...

-  Табиғаттың туғаннан өзіңнің маңдайыңа жазған отбасын құру, дүниеге  ұрпақ әкелу, әке болу міндетін орындау жайлы ойландың ба?

 - Жоқ... Менімен көңіл қосуға ынталы әдемі жігіттер жетерлік ... Бірақ өзімнің көңілімнің қалауы табылмай тұр.

 - Ол жігіттерді қайдан кездестіресің?

 - Әлеуметтік желіде өзіміз секілді  адамдардың танысатын  сайты бар. 

... Денем түршікті.  Манадан бері қанша жиіркенішті болса да шыдамдылық танытуға тырысып баққан едім:

 - Апай,  сеуіп алғаныңыз қандай әтір, маған сыйлаңызшы, сіз берді деп айта жүрейін,-дегенде, менің де шыдамым таусылып, талағым тарс айырылды.

Орнымнан ұшып тұрып жұмыс бөлмемнің есігін аштым да:

- Шық!- дедім.

Бала кезімде ауылда қызға ұлдың киімін кигізіп еркелеткенді көргенмін. Бір жақсысы,  сол ұл киімін киген қыздың тұрмысқа шығып, бірнеше баланың анасы атанып отырғанын көргенде,  «тәубе» деген сөзді  іштен қайталаумен боламыз. Олай демеске амал жоқ, бір жыныстылардың бір-біріне ынтық болуы бүгін онсыз да ауыртпалығы аз емес заманның ауыр дерті болып отыр. Тіпті қызыл түсті киім кисе, «қыздыкі» деп ат-тонын ала қашатын ұрпақтарымыз неге бүлінді?  Ұлдың  қыз болуға  аңсары  ауатын  күйге қандай  себеп бар? Осы сауалды Семей психоневрологиялық ауруханасының тәжірибелі психиаторы Михаил Викторович Кохқа қойған едік:                                                                                                                     - Қыздардың ұл болуға, ал ұл балалардың қыз болуға ынталануы психологиялық ауытқулардың белгісі екендігі сөзсіз. Оның түрлі себебі бар. Кішкене кезінде ата-аналарының ұлға  қыздың, қызға ұлдың киімін киіндіруінің әсері болуы сөзсіз. Сондай-ақ әкесіз өскен жалғыз басты аналардың балаларында да әке тәрбиесі жетіспеушілігі себепті осындай жағдай байқалып жатады. Көбінесе туғаннан сана-сезіміне әсер еткен жанұядағы тәрбиеде жіберілген қателік салдарынан жүйкенің психологиялық  тұрғыдан ауытқуы гормондық өзгерістерге ұшыруға себеп болатыны аз емес. Әрине, шизофрения белгілері  бар екендігі анық,– дейді маман.

Бүгінгі таңда   мектеп­терде білім беретін ұстаздардың  90 пайызы әйел адамдар  екен. Балаларына әке орнына әке болып анасы жалғыз тәрбиелеп отырған  жанұялар да аз емес. Ендеше, ұрпақ тәрбиесінде әйелдердің үлес салмағы басым... Жанұяда ана, мектепте «апайдың» тәрбиесін көріп өскен ұл баланың мінезі ғана жібектей болып қоймай, Төлегеннен гөрі Жібек болуға аңсары ауатын күйге жеттік. Әкенің айбарынан сескенетін    халықтың ел қорғаны болады деп үміт күткен ұл баласы тауқыметтің бәрін арқалап отырған анасына еліктейтін  жағдайдың ақыры қасіретке ұрындырып жүргенінің бір себебі осында жатыр ма екен, кім білсін?

Әрине, анасын жақсы көрген балалардың барлығы қызтеке болады деп отырған жоқпыз. Тек мектепте де, жанұяда да әйелдердің ортасында  өскен ұл баланың кейбіреуі қыз мінезді   ғана емес, кәдімгі қыз болуға ынтығатын сияқты.

Рас-өтірігін кім білсін, бейресми деректер біздің елімізде бір-біріне ынтық болған, яғни  қызтекелер мен бір жынысты «махаббат» иелерінің саны жалпы жер бетіндегілердің жеті пайызын құрайтындығын айтады. Республикадағы  бас қалалар – Алматы мен  Астанада   лесбиянкалар, гейлер, бисексуалдар, трансгендерлердің арнайы клубтары, арнайы ұйымдары жиі тіркеледі екен. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің Өскеменде гейклуб бар деп естиміз. Елімізде бүгінгі таңда қанша  бар екені жайлы нақты деректі білмейміз... Бірақ көшеден жиі кездестіріп қалып жүргендігімізге қарағанда  қаулап өскен қоғадай қаптап бара жатқан сыңайлы. Осы сұмдықтың ұлт қасіретіне айналып, мемлекеттік деңгейдегі моральдық құлдырауға әкелмеуі үшін Қазақстанға гомосексуализмге  тыйым салатын заң қажет деп ойлаймыз. Мұндай заң Украинада, Ресейде, Молдовада қабылданған. Психолог мамандардың айтуынша, ұл бала әкесіне  іштегі сырын ақтарса, дұрыс кеңес беру керек. Аналар, өз араларыңызда қандай келеңсіздік болып жатса да, бала мен әкені бір-біріне қарсы қою орны толмас қателікке ұрындыруы мүмкін. Асқар тауын қадір тұтпаған  ұл өсе келе анасын да, болашақ жарын да сыйламай өтеді. «Баланың  жүрегіндегіні жүрекпен сезіне білу керек»,- дейді мамандар.

Burkit.kz

СӘБИНА АЛТЫНБЕКОВА: ТЕК ҚАЗАҚ ЖІГІТІНЕ ТҰРМЫСҚА ШЫҒАМЫН

Ақтөбеден шыққан сүйкімді волейболшы қыз негізгі мақсаты спортшы болу екенін айтты. Олимпиада ойындары кезінде ерекше сұлулығымен шетелді шулатқан Сәбина Алтынбекқызына шетелдіктердің тарапынан тұрмысқа шығу туралы ұсыныстар жиі жасалады екен деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.

qazaquni.kz хабарлағандай, Сәбина Алтынбекова: Тек қазақ жігітіне тұрмысқа шығамын«Шынымды айтсам, менің жігіт туралы ойлайтын уақытым жоқ. Ұсыныс жасап жүрген жігіттер бар. Бірақ, олар күтеді деп ойлаймын. Жігіттерге қатысты сұрақ маған ыңғайсыздау. Себебі, менде ондай ой жоқ. Маған көбіне спортшылар үйленуге ұсыныс жасайды. Өзге ұлт өкілдерінен де көңіл білдіретіндер болады. Бірақ, мен тек қазақ жігітіне тұрмысқа шығамын. Спортқа көңіл бөліп, уақытымның көп бөлігін жаттығу залында өткіземін. Мен спортты тастамаймын, сән агенттері мені еш қызықтырған емес. Менің мақсаттарым тек спортқа байланысты»,- дейді волейболшы қыз Сәбина Алтынбекова.

Ақтөбеде өткен спортшылармен кездесуге жергілікті билік Сәбинаны арнайы шақырған, спортшының ұшақпен жүру шығынын да көтерген. Бұл туралы спортшының анасы айтып берді.

«Сәбинаны қазір қытайлықтар тәжірибеден өтуге шақырып жатыр. Жаттықтырушылары оны әзірге жіберіп жатқан жоқ. Ұсынысты жазға таман көреміз. Мүмкін 4-5 айға барып қайтатын шығармыз. Ақтөбенің әкімдігі шақырып, қолдап жатыр. «Біздің қызымыз» деп ұсыныс тастаған соң біз келдік. Біздің ұшақпен осында келіп-кету жол шығынымызды көтерді», – дейді Сәбинаның анасы Нұрипа Алтынбекова.

Сәбина қазір Алматы қаласында жаттығуда, оның ата-анасы Астана қаласында тұрады. Ол Бердібек Сапарбаевқа Ақтөбеден волейбол орталығын ашуға ұсыныс жасаған. Әкім қолдау білдіретінін айтты.

«Егер жақсы ұсыныстар болса, жергілікті билік спорттың барлық түрін де қолдауға дайын. Бүгінгі кездесуге арнайы жерлесіміз Сәбинаны шақырдық. Жастар арасындағы волейболды дамытуға қатысты ойын біз қолдаймыз. Қала әкіміне тапсырма бердім, әрі қарай шешімді қабылдайтын боламыз. Сәбинаның әлеуметтік желіде 300 мың қолдаушысы бар. Бұл Ақтөбеге жақсы имидж болады деп ойлаймын. Ақтөбенің өз бренді болу керек. Мәселен, музыкадан– Димаш Құдайбергенов. Қазақстанда ондай үздік әнші жоқ. Спорттан Сәбинаны, болашақта шығатын спортшыларды қолдауымыз керек. Ақтөбеде бірдебір олимпиада чемпионы жоқ. Бұл ұят», – деді Бердібек Сапарбаев ақтөбелік спортшылармен өткізген кездесуде.

jasqazaq.kz

ЭЛЕКТР ЖАРЫҒЫ ҚЫМБАТТАЙДЫ

 

 

 

Жаңа жылдан бастап электр жарығының бағасы қымбаттайды. Бұл жайында Семей қаласында электр энергиясын сату тарифтеріне арналған қоғамдық тыңдауда мәлім болды. Облыс жұртшылығын жарықпен қамтыйтын «Шығысэнерготрейд» мекемесі енді бұл қызметтің құнын 5,51 пайызға арттырмақ.

Ағымдағы жылы жетінші рет өткізіліп отырған қоғамдық тыңдау отырысына «Шығысэнерготрейд» ЖШС директорының орынбасары Мстислав Мартемьянов, үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғам белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында сөз алған «Шығысэнерготрейд» ЖШС директорының орынбасары Мстислав Мартемьянов электр жарығын тасымалдаушы компанияның 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап тарифті өсіруді көздеп отырғанын атап өтті.

- Электр қуатының тарифін мәжбүрлі түрде көтеріп отырмыз. Кәсіпорынның тұрақты жұмыс жасап, әрбір тұрғынға электр қуатын жеткізуі үшін жарық құнын көтеруге мәжбүрміз. Басты себеп «КЕGОК» АҚ сынды элетр қуатын жеткізуші компаниялар тарифті өсіріп отыр, - деген компания өкілі бұл жолғы қоғамдық тыңдаудың өткен жиындарға қарағанда өзгергенін, атап айтқанда еліміздегі жаңа Кәсіпкерлік кодексіне байланысты тарифті белгілеп, бекіту кәсіпкерлердің өз еркіне берілгенін атап өтті. Яғни, ендігі уақытта тасымалдаушы компания Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің бекітуінсіз-ақ тарифті белгілей алады екен. Ал өкілетті орган (Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті) тариф бекітілгеннен кейін қажет деп тапса тексеріс жүргізіп, заңсыздық орын алған жағдайда ғана айыппұл сала алмақ.  

Сонымен 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр энергиясының алдағы уақыттағы орташа тарифі 1 кВт электр қуаты үшін 11,106 теңгені құрамақ. Яғни, бұл 5,51 пайыз өсімді құрап отыр.

Айта кетуіміз керек, ағымдағы жылы электр тасымалдаушы мекеме электр қуатын қымбаттатуды сұрап, шаһарымызда алты рет қоғамдық тыңдау өткізген. Бұл жиындарда электр энергиясын жеткізуші компания жұмысына бірқатар сын пікірлер де айтылған болатын. Бұл жолғы жетінші қоғамдық тыңдау да сын-ескертпелерсіз өткен жоқ.   

Әсіресе қоғам белсенділері электр жарығын тасымлдаушы компанияның ресми сайтында қоғамдық тыңдау өткізілместен тарифтің өсетіні туралы ақпараттың жарияланғанын жеткізді. Ал энергетиктер жаңа Кәсіпкерлер кодексіне сай компания тарифті көтеру өз еркіне берілгенін жеткізді.

Қоғамдық тыңдауда мінбеге көтерілген «Шығысэнерготрейд» ЖШС директорының орынбасары Мстислав Мартемьянов жарықтың көтерілуінің басты себебін электр энергиясын жеткізуші компаниялармен байланыстырды.

Айталық, электр қуатының қымбаттауын «КЕGОК» АҚ, ШҚ АЭК және «Казцинк Энерго» ЖШС сынды ірі мекемелермен байланыстырған энергетиктер аталған мекемелердің қазірден электр энергиясын көтергенін атап өтті. Мәселен, «КЕGОК» АҚ тарифті өсіруді алдағы бес жылға бекітіп қойған екен. Осы жайт қоғамдық тыңдауға қатысқандардың ашуын туғызды. Белсенділер, егер «КЕGОК» АҚ тарифті көтеруді заңды түрде бекітіп алған болса, «Шығысэнерготрейд» ЖШС тарапынан өткізіліп отырған қоғамдық тыңдаудың бос әурешілік екенін айтты. Осы ретте жиналғандар халық қалаулыларына сауал жолдап, мәселені заң жүзінде ретке келтіру керектігін атап өтті.

Осылайша жыл бойы сергелдеңге салынып, талай қоғамдық тыңдауларда талқыға салынған электр энергиясының тарифі нақтыланды. Оның үстіне монополистер құзырлы органның шешімінсіз-ақ тариф құнын өз беттерінше белгілей алатын болып отыр.

Электр жарығы үшін бағаны көтермек болып отырған энергетиктер алдағы уақытта да тарифті өзгертулері мүмкін.

Асан МЫРЗАХАН

BURKIT.KZ

 

 

 

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57