ЫРЫМДАР МЕН ТЫЙЫМДАРҒА СЕНЕСІЗ БЕ?

Қазақта ырым мен тыйым көп. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, ырымның да жақсысы бар, жаманы бар. Мәселен, халқымыздың «үлкенге қарап керілме», «кісіге қарап есінеме», «үйге қарай жүгірме», «жатқан кісіні аттама», «ер адамның киімін баспа», «үйге оң аяқпен кіріп, сол аяқпен шық», тағы сол секілді наным-сенімдерінің астарына үңілсек, тәлім-тәрбие үлгісін көреміз.

«Жақсы сөз - жарым ырыс» демекші, позитивті ырымдарға сеніп, жақсы істен үміттенсек айып емес қой. Мәселен, «оң көзің тартса, қуанасың», «оң құлағың шуылдаса, біреу мақтап жатыр», «оң алақаның қышыса – амандасасың, сол алақаның қышыса – ақша аласың», «нәресте жол қараса – үйге қонақ келеді» деген секілді толып жатқан жақсы хабарды, сүйіншіні шақыратын ырымдарды қате деп жорамалдау дұрыс емес болар. 

«Қара мысық жүгіріп өтсе, жолың болмайды» деген ырым өзге халықтарда да ең көп таралған наным шығар. Егер мысыққа тіл бітсе, сіздің істеп тұрған қылығыңызға күлер еді. 

Бала кезімізде «үстіңнен құс ұшса, бойың өспей қалады» дегенді естіп, кешке жақын төбемізден бір топ құс ұшса, жерге отыра қалатынбыз. Құдды бір бойдың өсуі құстардың ұшқанына байланысты секілді. Немесе «есікті керме», «тізеңді құшақтама» дегенді де көп естіген шығарсыз. «Тізеңді құшақтасаң - жалғыз қаласың, есікті керсең - жаман болады»,-деп түсіндіретін үлкендер. Ал қазір балаларға: «Нанның қоқымын жесең, бай боласың»,- деп айтсаңыз, сене қоймайтын шығар. Бұрындары, әйтеуір, бай боламын деп туралған наннан түскен қоқымды қалдырмай барлығымыз да жеп өстік. Енді ойлап қарасақ, нан ысырап болмасын, жерге шашылып обал болмасын дегеннен туған екен ғой. 

Ал Батыс елдерінде 13 саны қатерлі сан болып табылады. Олар 13-үйді, 13-пәтерді сатып алмайды екен. Ал Германия, Швейцария, Скандинавия мен Австрияда көп үйлер мен пәтерлерде бұл сан жазылмай, бірден 14-ші нөмір көрсетіледі екен. Тіпті ұшақ салондары мен жолаушылар автобусында да, кинотеатрлар мен пойыз вагондарында да, ауруханаларда да 13 деген орын болмайтын көрінеді. Ал айдың он үшіне жұма күнінің сәйкес келуі  еуропалықтар үшін өте жаман болып есептелінеді. Себебі жұманың он үшіне тап келген күні тарихта көптеген жамандықтар мен келеңсіздіктер орын алған екен. Ал Британияда айдың он үші күні, жедел болмаса, дәрігерлер ота жасамайды деседі.

Қазақтың тағы бір ырымы - көз тиюден сақтанып көзмоншақ тағуы. Жалпы, көптеген халықтарда көз тиюге қатысты наным-сенімдер бар. Соның ішінде біздің халық жақсы адамға, сұлу қызға, жас нәрестеге, жүйрік атқа, тіпті өзінің атақ-абыройы мен байлығына да көз тиеді деп біледі. Көз тиюдің рас екені ақиқат. Дегенмен одан әркім өзінше сақтанады. Сондықтан біздің халық сұқ көзден сақтанып, жас нәрестенің маңдайына күйе жағып немесе кеудесіне көзмоншақ қадап қоятын болған. Бұл көзмоншақ тіл-көзден сақтайды деген сөз емес. Бірақ адамның көзі, энергиясы алдымен сол моншаққа түсіп, көңілі басқа жаққа аударылады. Біздің халық сұқ көзден осылай сақтанады.

«Ырым мен тыйымға сенесіз бе?» деген сауалға бірнеше қала тұрғындарының пікірін ұсынып отырмыз:  

Балжан, 22 жаста:

- Мен барлық ырымдарға сене бермеймін. Бірақ кейбір ырым, тыйымдарды отбасымызбен орындаймыз, сенеміз. Қой сойып, жиі ет асып жейтін халықпыз ғой, сондықтан қызым мен ұлыма ет асқан сайын таңдайды әдейі беремін. Таңдай жесе, тілі тақылдаған шешен болады дейді ғой. Соған сенемін. Сол секілді қызымның шашы ұзын болсын деп, желке беремін. Ал әкесі тірі ұл бас ұстамайды деп жатады. Бұл жаманшылықты шақырады деп жорамалдайды. Бұған да мән берем. Ал бас киіміңді біреу кисе, бағыңды алып қояды деген ырымдарға сенбеймін.

Сақыпжамал апа, зейнеткер:   

- Қазақ - ырымшыл халық. Алайда ырымның бәріне бірдей сене бермеймін. Көпшілік ырымды тыйыммен шатастырып жатады. Мәселен, түнде тырнақ алуға болмайды дейді. Бұл бір кездегі ата-бабамыздың жарық жоқ кездегі тазалықты сақтауынан туындаған деп ойлаймын. Сосын үйдегілер жас балаларға «сыпыртқыны жоғары көтерме» деп айтып жатады. Бұл да сол гигиенаны сақтаудың бір түрі деп білемін. Ал тізеңді құшақтама, жалғыз қаласың, ішегіңді тартпа, жамандық шақырасың деген ырымдарды шындық деп ойламаймын.

Айнұр, 25 жаста:

- Мен, негізі, көп ырымдарға сенемін. Кішкентай бала жол қараса  немесе жерге қасық түссе, қонақ келеді деп жатамыз. Қызу әңгіме болып жатқанда біреу түшкірсе, «рас екен» деп айтамыз. Меніңше, көптеген ырымдар шындыққа сай келеді. Алдымнан қара мысық өтсе, басқа жермен айналып жүруге тырысамын.

Әлия, 45 жаста, қала тұрғыны:

- Бала кезімізден  ырым мен тыйымды көп естіп өстік. Әжеміз, ата-анамыз, әпкелеріміз жаман болады деп көп нәрседен тыйып өсірді. Сондықтан балаларымды да  кейбір нәрселерден ырымдап тыйып отырамын. Мәселен, келін атасы мен енесінің төсегіне отырмайды. Ана мен ене келіннің төсегіне отырмайды. Бұл – тыйым. Сол секілді балаларыма үйдің ішінде ысқырма, түнде жылама, тырнақ алма деп айтып отырамын. Себебі өзіміз осындай тыйымдарды естіп өстік.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

ҚАУҚАРСЫЗ БӨЛІМ, ТАЗАЛАНБАҒАН КӨШЕ

18 қаңтар күні Абай атындағы облыстық кітапханада бірқатар коммуналдық шаруашылыққа жауапты мекеме басшылары мен мамандарының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Жарық пен жылудың қымбатшылығы, қала көшелерінің қардан тазартылуы және алдағы жылы шаһарды абаттандыру сияқты күн тақырыбындағы басты мәселелер баспасөз мәслихатында қаузалды. 

Баспасөз мәслихатына қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Аленов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Юрий Пазына, Семей қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Светлана Заурбекова, «Шығысэнерготрейд» АҚ-ның Семей қаласы бойынша директоры Светлана Винтер, Семей қаласы бойынша «ШҚ АЭК» директоры Бауыржан Смағұлов қатысты.

Ең алдымен тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Болатұлы жергілікті бюджеттен қаланы көркейту мақсатында 762 млн. теңге бөлінгендігін атап өтті. Ол қаражатқа қала келбетін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілмек, яғни орталық көшелер абаттандырылып, өткен жылы басталған Ертіс жағалауын көркейту жұмыстары жалғасып, 13 балалар алаңқайы салынады екен. Сондай-ақ, өткен жылдардағыдай, саябақтардың күтіліп-бапталатынын, түнгі уақытта тұрғындардың және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көшелердегі жарық таңға дейін жанып тұратынын да бөлім басшысы айтып өтті. 

Сонымен қатар облыстық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен 2017 жылы  үш жоба жүзеге асырылады. Әуезов алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, Ленин көшесіне жаңа өң беру де жоспарда бар екен. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатқан көрінеді. Сондай-ақ темір жол вокзалындағы алаң, Қабанбай батыр ескерткішінің аумағы ретке келтіріледі.  Оған 73 млн.теңге қарастырылыпты, бұл жұмыс мамыр айының ортасында басталады деп жоспарлануда.

Келесі ретте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Юрий Пазына атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Қала жолдарын күту, ағымдағы, орта және күрделі жөндеу жұмыстары биыл да жүргізіледі. Бөлім басшысының айтуынша, сәуір айында жұмыстар басталады, қалалық маңызы бар көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 200 млн.теңге қарастырылған. Жол жөндеу жұмыстарын жүргізу ісінде, асфальт төсеуде тұңғыш рет жаңа технология енгізіліпті, Юрий Пазынаның айтуынша, ол технологияның берері мол. 

Жыл сайын қар еріп, көктем болса болды, немесе жаздыгүні жауын-шашын мол жауса, бірқатар көшелерді су басады. Осы жағдайдың алдын алу мақсатында Қабанбай батыр, Байсейітов, Найманбай көшелеріне дренаджы суағарлар жүргізу көзделіп отыр. Ол үшін 37 млн.теңге бөлінген.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жұмыстары жүйелі деген пікірді алға тартқан Юрий Сергеевич жоспар бар, ол жүзеге асырылады деген ойын білдірді. Десе де баспасөз мәслихатына жиналған қалам ұстаған қауым бөлім басшысына бүгінгі көшелердің көркі, ондағы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сауалдарды қарша боратты.

Қардан тазартылмай жатқан жаяу жүргіншілердің жолдары, көшелердің дер кезінде тазартылмағандығынан қатып қалған мұздар, жол жиегінде үйілген қарлар қазір семейліктер арасында қызу талқылануда. 

Естеріңізде болса, қазан айының аяғында, қараша басталар тұста, Семей қаласы әкімінің орынбасары Николай Ушаковтың БАҚ өкілдеріне қысқа сақадай саймыз дегені бар еді.   Шынтуайтына келгенде, олай болмай шықты. Қардан тазартылмаған көшелердің көрінісі көпшіліктің наразылығын тудырып–ақ тұр. Ал оны тазартатын техника жетіспейді екен.

- Соңғы 5 жылда техника мүлдем алынған жоқ десем болады. Сол себепті бүгінде қар шығаратын техника тығырыққа тіреліп отыр. Мен қала әкімінің атына қызметтік хат жолдадым. Келесі жылы бұл қиындықтан шығу үшін бізге жоқ дегенде 300 млн.теңге қажет, тіпті 500 млн. теңгеге техника алу керек. Сол кезде ғана бізде жыл бойы ешқандай мәселе болмайды,- деді Юрий Пазына.

«Техникаларымыз түні бойы тыным таппай жұмыс істегенімен, үлгермейді, жылдағыдан қар биыл көп түсті»,- деген Юрий Сергеевич тілшілердің: «Қай көше мінсіз тазартылған, жоқ дегенде бір көшені атаңызшы»,- деген сауалдарына жауап бергісі келмеді ме, әлде жауап беруге тұрарлық көше болмағандықтан ба, әйтеуір, кемшілігімізді бетке басты деп ашуға булықты.

- Журналистер тырнақ астынан кір іздемей, жүргізіліп жатқан жұмыстарды жарқыратып көрсетулері керек,- деген ақылын да айтып өтті бөлім басшысы. Сонымен қоса, №№54, 24, 17 маршруттарға қатысты келісімшарт талаптары толықтай орындалмағандықтан, жолаушыларды тасымалдаушылармен арадағы келісім бұзылатынын, қажетті шаралар қолданылатынын да айтып өтті.

Сонымен, аталған салаға жауапты бөлімді қауқарсыз демеске амалымыз жоқ. Ал көктемдегі жағдай не болады деген сауал әр семейліктің көкейінде.

Әйгерім СӘРСЕНҒАЛИ

БИЛІК НЕГЕ ҚАУҚАРСЫЗ? СЕМЕЙДЕ №17 БАҒЫТТАҒЫ АВТОБУС ҚОЗҒАЛЫСЫН ТОҚТАТТЫ

Саяжай алаптарында шешімін таба алмай отырған мәселелер жетіп артылады. Бүгін сол күрмеуі көп күрделі мәселелердің бірі болған қоғамдық көлік пен оның «тізгінін» ұстаған тасымалдаушылар жайын сөз етпекпіз. Уақытында келіп болмайтын, тар көліктің ішінде иін тіресе тұратын, адамды лықа толтырып, бір-бірімен жарысатын, адам саны жеткіліксіз болса, «жатып алатын», күн ұя­сына батса, жүрмей қалатын қоғамдық көліктер тұрғындардың көңілінен қайдан шықсын! Әңгіменің тоқетеріне келер болсақ, қаламыздың Шығыс кентіне қатынайтын №17 бағыттағы автобустар жаңа жылдан бастап аталған бағытта қызмет көрсетуді өз беттерімен тоқтатқан. Бұл онсыз да қоғамдық көлікке көңілдері толмай жүрген тұрғындардың наразылығын тудыруда. Қарапайым халықтың жайын түсінуге болады, әрине. Өйткені бұл тұрғындардың ертелі-кеш жұмыстарына барып қайтуы мен балаларының сабаққа қатынауын қиындатып отыр.

Жалпы, аталған аудан (бүгінде саяжай алаптары бір-бір аудан дәрежесіне жетті деп айтуға болады) тұрғындарына «Семавтопарк» ЖШС-не тиесілі №17 бағыттағы жалғыз маршрут қысы-жазы қызмет көрсететін. Ал жаз маусымында бұл бағытқа басқа да қоғамдық көліктер қосылатын. Тұрғындардың қиналатын тұсы да осы қосымша бағыттар қысқартылған күз бен қыс мезгілі. Сондықтан да қала билігі өткен жылы тұрғындар өтінішін ескеріп, аталған саяжай массивіне тек жаз мезгілінде қатынайтын №52 бағыттағы шағын автобустықалдырған болатын.

Алайда қуаныш ұзаққа бармады. Араға біраз уақыт салып, онсыз да жолаушыларын сағаттап күттіретін №17 бағыттағы бірлі-жарым автобустар жаңа жылдан бастап мүлдем жүрмей, қатынасты қиындатты. Қыс бойы қоғамдық көлікпен арпалысып шығатын халық мәселені билік құлағына жеткізе алмай отыр. Сөздің реті келгенде айта кетейік, Семейге Ермак Сәлімов әкім болып алғаш тағайындалған тұста қаладағы қоғамдық көлік мәселесін талай мәрте көтерген еді. Тіпті шаһар басшысы бір сәт аялдамада тұрып, жолаушы кейпіне еніп бақылап та көрді. Бірақ сол баяғы кемшілік кері кеткен күйінде қалуда. Жалпы, бұған дейін де билік пен тасымалдаушылар арасынан «қара мысық» өтіп, даулы жағдай да туындаған болатын. Бүгінгі күні әкімнің қоғамдық көлікке мінбейтінін білетін жұрт мұның бір жақты шешілетініне сенуден қалған.  

- Шығыс кентінің оң жағалауына қатынайтын №17 бағыттағы маршрут жаңа жылдан кейін мүлде жүрмейтін болды. Оған дейін де дұрыс жүргені шамалы. Қазір бұл бағытта тек №52 шағын маршрут қатынап жүр. Бұл не деген сұмдық! Балаларымыз сабаққа, өзіміз жұмысқа қалай барарымызды білмейміз. «Газельдерге» оқушылар сыймайды. Қыс болса болды қоғамдық көлікпен арпалысамыз да жатамыз. Тасымалдаушылар ойларына келгенін істейді,- дейді саяжай тұрғындарының бірі.

Ал Сәуле есімді тағы бір тұрғын тасымалдаушылардың әрекетінен халықтың әбден мезі болғанын айтады.  

- Міне, қар түскелі, осы №17 маршрутпен алысып біттік. Уақтылы жүрсе, жарайды дерсің. Біресе жолдың тазаланбауын, біресе адамның  аздығын сылтауратады. Жергілікті билікте де қауқар жоқ. Әйтпесе осы бір бағытты реттеулеріне болады ғой. Жылда қайталанатын жағдай. Күн аязда автобусты сағаттап күтетін балаларға қиын. Ақыры жұмысын тоқтатқан екен, орнына жауаптысын жіберсін,- дейді.  

Ал немерелерін күн сайын сабаққа апаратын Асқар ақсақал болса:

- №17 маршруттың қылтың-сылтыңы өткен жылдан басталды. Сол уақыттан бері тиісті шара қолданылуы керек еді. Енді мүлде жүрмей қалды. Бұл - барып тұрған жауапсыздық. Жергілікті билік те «сен тимесең, мен тиме» деп, тасымалдаушыны жөнге келтірудің орнына, арқаны кеңге салып отыр. Ал оған не дейсіз енді? - дейді зейнеткер.

Аталған мәселе бойынша Семей қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарласып, мәселенің мән-жайын түсіндіруді өтіндік. Аталған бөлімнің сектор меңгерушісі Назым Жамболатованың ақпаратынша, Шығыс кентіне қатынайтын №17 бағыттағы автобустар 6 қаңтардан бастап желіге шықпаған. Оның айтуынша, «Семавтопарк» ЖШС-не тиесілі көліктер желіге өзге тасымалдаушы жіберілгеннен кейін «өкпелеп» жұмыстарын тоқтатыпты.

- Саяжай алабына №52 бағыттағы қоғамдық көлік жаз мезгілінде жүріп, қазан айының 15-нен бастап бағытын өзгертетін. Халық көп тұратындықтан, тұрғындар мен аталған ауданнан сайланған қалалық мәслихат депутаты Айнұр Арғынбекова аталған маршрутты қалдыруды өтінген болатын. №17 автобусқа халық сыймайды дегеннен кейін рұқсат бергенбіз. Шыны керек, олар қыстыгүні жүргілері келмеді, дегенмен біз көндірдік,- дейді Назым Жамболатова.

Міне, тасымалдаушы «Семавтопарктің» бар уәжі осында жатыр. Жолаушыларымыздан айырылдық деп жауапсыздық танытып отыр. Ал тұрғындар сол баяғы шешімі табылар түрі жоқ өткір мәселесімен қалды. Тасымалдаушылар неліктен осындай әрекетке барады, не себепті олар ойларына келгенді жасайды және неліктен қызмет алушылардың, яғни жолаушылардың құқығын аяққа таптайды деген заңды сауалдар туындайды. Оған жергілікті биліктің жауабы дайын. Айтуларына қарағанда, оларда тасымалдаушыларды заң шеңберінде тәртіпке салатын тетік болмай тұр екен. Жолаушылар тасымалы мәселесінің айта-айта жауыр болғаны рас. Бейберекетке биліктегілер де шарасыздық танытып отырған сияқты. Бір ғана мысал, айтып отырған нақ осы №17 бағыттағы автобустар өткен жылдан бері талапты бұзыпкелген. Бұдан атқарушы билік те хабардар. Назым Жамболатованың сөзіне сүйенсек, әкімдік бұған дейін де келісімшартты бұзатындығы жөнінде ескерткен. Алайда «Семавтопарк» бір жақты келісімшартты бұзуға қарсы болған. Сонда жергілікті билік тендер талаптарының бұзылғанын біле тұра, неліктен шара қолданбайды екен?

Тұрғындардың айтуынша, «Семавтопарк» ЖШС-не қарасты №17 бағытқа желтоқсан айының өзінде екі-ақ автобусты шығарып отырған. Ал келісімшарт бойынша, егер де бір айдың ішінде желіге 70 пайыздан кем автобус шыққан болса, тасымалдаушыға келісімшарттың бұзылатыны жөнінде он күн бұрын ескерту жасалуы керек. Ал аталған бағытта талап бойынша 8 бірлік автобус қатынауы тиіс екен. Айналып келгенде, бұдан қарапайым халық зардап шегіп отыр.  

Осы орайда қаланың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жұмысында да салғырттық байқалады. Әйтпесе өткен жылдан «жыры» көбейіп, жауапсыздық танытып отырған тасымалдаушыны тәртіпке шақыруға болар еді. Бейқамдық соңы бейберекетке алып келді. Біз сөзбен айтқанда, қаладағы қоғамдық көліктерді ұйымдастыру мен бақылауында ұстайтын бөлім «ұйқысынан» енді оянған секілді. Немесе оянғысы келмеді. Оларға,  редакциямызға хабарласқан тұрғындар өтінішіне орай, аталған мәселенің  жайын түсіндіруді өтінгенімізде, «Семавтопарк» ЖШС-не хабарлама жіберілетінін, осылай жалғаса беретін болса, келісімшарттың бұзылатынын айтты. Сонда өткен жылдан бері жүгенсіз кеткентасымалдаушыға қайта-қайта ескерту беріп еліртпей, неліктен осы уақытқа дейін келісімшартты бұзбағаны қайран қалдырды.

- Келісімшарт бұзылғаннан кейін, бізге қайтадан конкурс өткізуге 60 күн беріледі. Оған дейін біз ол бағытқа уақытша қызмет көрсететін тасымалдаушыны анықтайтын боламыз. Ал мына тасымалдаушымен келісімшартты бұзамыз. Заң бойынша айыппұл салатын, келісімшартты бұзудан басқа, тағы да өзге амалдар болса, біз баяғыдан қолданар едік.  Тасымалдаушы шартты бұзған жағдайда қолданылатын шара көрсетілмеген. Желтоқсан айында бірнеше ескерту болған. Олар бір жақты келісімшартты бұзуға келіспей отыр. Ескерту жібереміз. Одан кейін сертификаттарын қайтып аламыз,- дейді бұл ретте Назым Әлмисақызы.

Хош делік. Бір қозғалыс бар сияқты. Көп ұзамай оның да нәтижесін  көрерміз. Осы ретте халық қалаулысы, аталған ауданнан сайланған Семей қалалық мәслихатының депутаты Айнұр Арғынбековаға қоңырау шалдық. Депутат бірден аталған мәселеден құлағдар екенін, тұрғындар жақында ғана осы мәселе бойынша хабарласқанын, жақын күндері қала әкімі мен қалалық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөліміне жүгінетінін айтты.

- Кеше «Восточный правый» саяжай массивінің тұрғындары қолдары қойылған хаттарын әкеліп тапсырды. Бүгін мен Семей қаласы әкімі мен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне аталған мәселені анықтау жөнінде хат әзірлеп отырмын. Бұл бағыттағы қоғамдық көліктер бұрын да дұрыс жүрмей, мәселе тудырған еді. Қолданылған шаралар нәтижесінде қалыпты жүре бастаған. Қазір жағдай қайталанып отыр. Тасымалдаушылар біресе жолды айтып, біресе тиімсіз дегенді алға тартып келеді. Жолдың барлығы тазартылған. Аталған саяжай алабында халық көп тұрады,- дейді халық қалаулысы.

Шыны керек, Семейдегі қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасы сын көтермейді. Кемшіліктерін тізіп айтып тауыса алмайсың. Бұл жағдай талай мәрте айтылды, талқыланды, баспасөзде жарияланып та жүр. Ал біздің мақсат - онсыз да тынымсыз тірліктің соңында жүрген жолаушылардың жанайқайын жеткізу.

Басты сауал: ТАПСЫРЫС АЛҒАН  ЖОЛАУШЫ ТАСЫМАЛДАЙТЫН  КӘСІПОРЫН АЛДЫНДА БИЛІК НЕГЕ ҚАУҚАРСЫЗ ?

Асан МЫРЗАХАН

КӨШЕ АТАУЛАРЫ ҚАШАН БІР ЖҮЙЕГЕ ТҮСЕДІ?

Бүгінде жер-су, елді мекен атауларының төңірегінде қордаланып қалған мәселе жетерлік. Ауыл, қала атаулары былай тұрсын, көше атаулары да ала-құла жазылып, бір қалыпқа түспегені жасырын емес. Оның үстіне кейінгі кездері көшелерге елге еңбегі сіңбеген, беймәлім адамдардың аттарының берілуі жайлы да баспасөзде жиі айтылып жүр. Жалпы, көшелерге ат беру қоғамның әр саласын дамытуға сүбелі үлес қосқан, елін-жерін жаудан қорғауда еңбегі сіңген бабалар мен отаншыл, елжанды азаматтарды ел есінде мәңгі сақтау мақсатын көздейді. Бүгінгі мақаламыз көше атаулары мен олардың жазылу реті жайлы болмақ.

Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр толса да, Алаштың рухани астанасы саналатын Семей шаһарында көше атаулары ретке келтірілмеген. Көше атауларын жазудағы ала-құлалықты тақтайшаны жасаған адамның қиялына қарай бір жерде үлкен, бір жерде кішкентай әріптермен жазылып жүргенін көріп жүрміз. Тіпті түрлі түсті боялып, сан алуан оюмен өрнектелгендері де аз емес. Бір қарағанда, бұлай жазылғаннан еш өрескелдік байқалмағанымен, әр үйдегі көше атаулары тасқа жазылғандай анық болғаны жөн-ақ. Айталық, көшенің атауынан кейін жазылатын «көшесі» сөзі «көш.», «к.», тіпті «к-сі» деп жазылып жүргенін көзіміз көрді. Бір сөзбен айтқанда, бірізділік жоқ. Осыдан-ақ жалпы еліміз бойынша көше атауларын жазудың бірыңғай үлгісін енгізу қажет екенін түсіну қиын емес. Барлық көшелердің аттарының жазылу үлгісі, түсі, өлшемі бірдей болса, көлік жүргізушілеріне де, сырттан келген қонаққа да анық, түсінікті болып, қарапайым халықтың да көзінде жатталар еді. Оның үстіне бұл мемлекеттік тілге деген құрметтің белгісі болар ма еді. 

Бұл айтылғандарға орай қосар ойымыз - көше атаулары жазылған аншлагтар алдын ала қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен келісіліп ілінсе, жергілікті билік тарапынан арнайы қаржы бөлініп, аншлагтар дұрысталып, жаңадан жасалса деген тілегіміз бар. Бұған қоса бұрын  аты-жөндері қысқартылып, атаулары түрлі нұсқада жазылғандары дұрыс жүйеге түсірілуі керек. Сондай-ақ  орысша, қазақша атаулары және ескі, жаңа атаулары қатар ілінген аншлагтар да бар. Айта кету керек, мұндай қателіктерді, негізінен,  жекелеген тұрғындардың жеке иеліктегі үйлеріне өздері жасап іліп қойған тақтайшалардағы көше атауынан ұшырастыруға болады.

Ескі, жаңа атау демекші, Семей шаһарында көше атаулары жазылған тақтайшалардың жанында ескі атаулардың да сақталып қалуы көңілге кірбің ұялатады. Айталық, қаламыздағы Абай көшесінің атауымен қатар тұрған «Советская» деген ескі атауын да көрсетіп қойған. Сол сияқты Айткеш Ибраев көшесінің бойында да ескінің қалдығы «ул. Карла Маркса» деген атауды сақтап қойғандар бар. Бұл аз десеңіз, «Семей таңы» газетінің алғашқы редакторларының бірі болған Мәннан Тұрғанбаев атындағы көшеде де бұрынғы «ул. Борцов революции» атауы тайға таңба басқандай көрсетілген. Бұл - біз айтып отырған ескі атаулардың қатар жазылып жүрген бірлі - жарымы ғана. Шын мәнінде, мұндай жайттар қалада жетіп артылады.

Иә, тілдің қолданысын толық қадағалау кезек күттірмейтін мәселе екені айдан анық. Елімізде есімдері елеусіз қалып бара жатқан көптеген тұлғалардың атына көше беру мәселесі де өзекті. Мәселен, облыс орталығын айтпағанның өзінде, Семей қаласында жалпы саны 1042 көше болса, оның 280-і ғана мемлекеттік тілде екен. Бұл қаладағы барлық көшенің 37 пайыз ғана қазақ тіліндегі атауға ие. Бұл - кеңес дәуірінің құшағынан шыққаннан бергі тәуелсіз елімізде атқарылған жұмыстар реті. Біздіңше, қордаланған көшелер атауын реттеуде бұл көрсеткіш тым аз. Әрине, еш нәрсенің де бірден жүйеленіп кетпейтінін түсінуге болады. Дегенмен барлығын уақыт реттейді деп қарап отыра берсек, алысқа шаппасымыз анық.

Жалпы, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің деректерінше, Семей қаласы аумағында барлығы 1270 геонимдер (көшелер, тұйық көшелер, кварталдар, шағын аудандар) тіркелген екен. Оның ішінде 357-сі мемлекеттік тілде болса (29,8 %), 584-і қайта атауға жатады. Яғни, қала бойынша геонимдердің 46,0%-ы қайта атауға жатады деген сөз. Бұл дегеніңіз қала аумағындағы барлық геонимдерді мейлінше жүйелеп, біріздендіру қажеттігін көрсетеді. Сөзіміздің түйіні ретінде айтарымыз: ономастика саясаты ең алдымен мемлекет тәуелсіздігіне, ел мен жерді ұлықтау идеясына қызмет етуі тиіс.

Асан МЫРЗАХАН,

«Семей таңы»

ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ ШЕТЕЛДІКТЕР ҮШІН НЕГЕ ҚОЛЖЕТІМДІ?

 

 

 

Бір елді жаулау үшін алдымен сол елге тыңшылардың бас сауғалайтын әдеті емес пе? Тарихтан белгілі, небір мықты елдерді сол елдің әйелдерін азғындау арқылы жаулаған. Себебі ұлттың тәрбиешісі – ана. Ұрпақтың текті болуы, тәрбиелі болуы тікелей анаға байланысты. Ата-бабаларымыздың қыздың түрі мен сымбатына емес, әуелі тектілігіне мән беруі көп нәрсені аңғартса керек.

Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің «Алаңға мен Қонаевты да, басқаны да қорғауға емес, қазақ қыздарын шашынан сүйреп ұрып жатыр деген соң бардым» деген сөздері кімнің де болса жүрегін дір еткізбей қоймас. Қазақ танымы мен көшпенділер ұғымында кек алудың үлкені қызды күң етіп алып кету, қорлау болатын.

Қазір сылқым сұлуларымыздың шетел асып, өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуы көптеп орын алуда. Оларды қызықтыратын шетел ме, байлық па, әлде бір сәттік сезім бе - бізге ол жағы беймәлім. Діні мен ділі бөлек орыс, нәзік жанды кәріс пен қытай, дүниетанымы мен дәстүрі бөлек араб пен түрік жігіттерін қазақ жігіттерінен артық көру қай қызға абырой әперсін.

Өткенге көз жүгіртсек, әртүрлі этнос өкілдері қатар өмір сүрген Қазақстанда аралас неке болмады деп айта алмаймыз. Ғаламтор деректеріне сүйенсек, соғыс жылдарында және одан кейінгі жылдары қазақ жігіттері орыс қыздарына үйлену жағынан Латвиядан кейін екінші орын алыпты. Кейінірек, 1950-54 жылдардағы солтүстік өңірлерде «тың және тыңайған жерлерді игеру» саясаты кезінде, бұл көрсеткіш тіпті арта түскен. 40 жылдары аралас неке көрсеткіші 15 пайызды құраса, 50 жылдары 33 пайызға жеткен екен. Тағы да сол ғаламторға жүгінейік, елімізде жылына 100 мыңға жуық шаңырақ көтерілсе, соның 20 пайызы аралас неке екен. Ал өзге ұлттың етегін ұстаған, бұл тізімге енбеген қаракөз қыздарымыз қаншама. Тек қана Қытай ұлтынан 25 мыңнан астам жігіт қазақ қыздарына үйленіп, Қазақстанда тұрып жатыр. Әсіресе ШҚО-да Қытайға тұрмысқа шыққан қазақ қыздары көп тіркелген. Сондай-ақ Астана, Павлодар, Петропавл  қалаларында орыстармен некелесу басым болса, мұнайдың отаны батыста араб жігіттеріне тұрмысқа шыққан қазақ қыздары көп екен. Еліміздің статистика агенттігінің мәліметінше,  шетелдіктермен некеге тұрған отандастарымыздың 50 пайызы Ресей азаматтарымен некелеседі екен. Одан кейінгі орында - оңтүстік өңірлерге жұмыс іздеп келетін өзбек және қырғыз жігіттері. Соңғы кездері араб, үнді және қара нәсілді жігіттерден шыққан жаңа күйеу балаларға да етіміз үйреніп қалды. Қазақ қыздарының жүрегін Қытай және Түркия елдерінің азаматтары көбірек жаулап алады екен.

«Аралас неке қауіпті ме?» мақаласында Кәрібай Мұсырман атты журналист былай деп жазады: «Осы мәселе жөніндегі жұртшылық пікіріне құлақ түрсеңіз, аралас некеден денсаулығы мықты, денесі ірі әрі қабілеті күшті балалар туады деген түсінік қалыптасқандығы аңғарылады. Өйткені аралас некеден туған балалардың бойындағы жарқ еткен жақсы қасиеттер кейін олардан өрбитін ұрпаққа дарымайтын көрінеді. Тіпті ондай қасиеттер мүлдем жоғалып қана қоймай, аралас некенің түпкі ауыр зардабы жүйке ауруына шалдыққан, ақыл-есі кем немере-шөберелердің дүниеге келуіне әкеліп соқтыруы да ықтимал деп танылған. Бұған қоса, дана халқымыздың жеті атаға дейінгі туыстардың бір-бірімен қосылуын тектілікті сақтау тұрғысынан құптамайтыны тәрізді, генетикалық жағынан тым алыс адамдардың некеге тұруы да ұрпақ болашағы үшін қауіпті жайт болып саналады екен».

Хош. ҚР «Неке және отбасы туралы» Заңында Қазақстан азаматтарының шетел азаматтарымен некелесуіне ешқандай шектеу қойылмаған. Тек шетелдік азаматтар өз елінен «некелеспеген» деген анықтама әкелсе жетіп жатыр.  ҚР «Неке және отбасы туралы» Заңының 2-бабының 4-тармағында: «Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) кезінде және отбасылық қатынастарда шығу тегi, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайы, нәсiлі, ұлты, тiлі немесе діни көзқарасы, немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша азаматтардың құқықтарын шектеудің кез келген нысандарына тыйым салынады»,- деп жазылған.

Ал көрші Түрікменстанда түрікмен қызына үйлену үшін әуелі сол елдің азаматтығын қабылдап, содан кейін Үкіметке 150 мың АҚШ доллары көлемінде салық төлеу қажет. Ал Түркияда шетел азаматтарының түрік қыздарымен танысуына рұқсат берілмейді екен. Ал арабтар болса өзге ұлт өкілдеріне қыздарын бермейді.

Шетел асқан аруларымыздың тағдыры қалай екен деген сауалға келсек, бәрінің тағдыры керемет, бәрі бірдей бақытты деп айтуға келмейді. Ғаламтор беттерінде қателіктеріне өкініп, көрген қорлықтарын жиі жазатын қыздарымыз кездесіп жатады.

Біздің Семейде де үнді жігіттерімен қолтықтасып бара жатқан қазақ қыздарын көрсек таң қалмайтын болдық. Себебі қаламыздың ЖОО-да шетелден келіп білім алатын азаматтар баршылық. Бір ғана Семей мемлекеттік медицина университетінде Үндістан, Пәкістан, Бангладеш, Судан және басқа да елдерден  350-ден аса студент білім алуда. Семей қалалық  АХАЖ бөлімінің бас маманы Райгүл Құсманқызы Қонғанбаеваның айтуынша, 2016 жылы өзге ұлтқа тұрмысқа шығу туралы 43 өтініш қабылданып, 4 жерлесіміздің өзге ұлт өкілдерімен некесі қиылыпты. Оның екеуі өзбек ұлтына болса, біреуі украин жігітіне, біреуі көрші Ресейге ұзатылған екен. Райгүл Құсманқызының айтуынша, 40 жастағы украин жігіті: «Өз елімнен махаббатымды таппай, Қазақстанға келіп жүрегімнің жартысын жолықтырдым»,- деп ағынан жарылыпты.

Мінсіз адам болмайды. Қазақ жігіттеріне мін тақпас бұрын олардың жақсы жағынан өзгеруіне әсер етіңіз. «Еркектің басын төрге де, көрге де сүйрейтін – әйел» деген нақыл сөзді есімізден шығармайық. «Қазақ қызы» деген абыройлы атаққа дақ түсірмейік!

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

Семей қаласы.

 

 

 

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57