СЫН ТҮЗЕЛМЕЙ...

 

 

 

 

«Семей таңы» газетінің 14 наурыз күнгі № 21 санында «Дәулеттіні дәріптеу дертке айналып барады» атты сын мақала жарық көргеннен кейін, редакция поштасына газет оқырмандарынан ағылған хаттар легінде толас жоқ. Әрине, пікір әр алуан. Дегенмен, барлық хаттарға газет бетінен орын беруге редакцияның мүмкіндігі жоқ болғандықтан, пікір білдірген оқырмандарымызға алғыс айта отырып, Тарбағатай ауданынан келген төмендегі хатты назарларыңызға ұсынуды қажет деп таптық.

Шығыс Қазақстан облыс-тық мәслихатының депутаты Риза Молдашеваның «Семей таңы» газетінің 14 наурыздағы №21 санындағы «Дәулеттіні дәріптеу дертке айналып барады» деп аталатын сын мақаласы аудан жұртшылығын ұйқыларынан оятып жібергендей әсерде қалдырып, сол тақырыпты шұғыл талқылауға кірісіп кетті.

Баспасөздің құдіреттілігін де ел осындай бір оқта-текте болсын бой көрсететін дүниелерден сезініп қалатыны шындық.

«Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, бұл сынды жалғыз аудан әкімі Ділдабек Тәжібайұлының иығына арта салып, түк көрмегендей бола қалуымыз мен сияқты «атқамінерлер» үшін азаматтық деп ойламаймын.

Өз басым сынды дұрыс қабылдай отырып, іштей ұялғанымды несін жасырайын.

«Сонда әкім бұл мәселеде біраз дүниені ескермей, мүлт кеткенін көре тұра, біз қайда қарап қалдық?»- деп өзімді де кінәлі сезіне отырып, ақталарға сөз таппадым.

Әкімнің жанында «көпті көрген» қоғамдық кеңесшілері мен әншейінде өздерін «абыз» санайтын ақсақалдар мен апаларымыз қайда қалды?

«Сіз келгелі күніміз жарқырап атып, алаулай бататын болды» дегенді жарыса айтатын жағымпаздар қарасының көбейіп бара жатқандығы қоғамның ең үлкен (жемқорлықтан кейінгі) қасіреті екендігін және де ол  тек тарбағатайлықтарға ғана тән емес, исі қазақ қоғамына таралып бара жатқан кесапат екендігін неге мойындамасқа?

Тағы бір ескерер жай - ауданның әлеуеті мен экономикасына көп жылдар бойы еңбегі сіңсе де елеусіз келген жандарды марапаттауда біршама жұмыстар жасалды. Алайда сол  тірліктегі қынжылыс танытар оғаш істерге жол беріп қойып, кейбір лайықсыз пенделерді марапаттауға ұсыныс жасап отырған ауыл әкімдері мен кез келген ұсынысқа көз жұма қол қоя салатын “жәдігөй белсенділердің” қылықтарын аңғара беру аудан әкіміне мүмкін де емес екендігі анық.

«Халық қаласа, хан түйесін сояды» дегенді ұқсақ, басшылардың да кем-кетігін түзеп, тәрбиелеу, қажет болса, тезге салу елдігіміздің бір белгісі деп білемін.

Бір әкім келіп, екіншісі кетер, ал салыстырмалылық тұрғысынан алғанда, Ділдабек Тәжібайұлының ізгі істерінің қомақты бөлігін өзі кеткен соң айтсам нанымды болар...

Төлеген ҚАЛИМАЖАН,

аудандық мәслихаттың

депутаты.

 

 

 

 

АЙТА-АЙТА АЛТАЙДЫ...

Өткен сенбі күні Семейде тағы бір отбасы қара жамылды. Интернационал көшесінің бойында жаяу жүргіншілер жолағында «Hyundai Accent» автокөлігі №37 мектеп – гимназиясының 5 сынып оқушысын қағып кетті.Семей қаласы ІІБ-ның баспасөз қызметінің жетекшісі Елубек Оспановтың айтуынша, оқиға салдарынан қаршадай қыз жедел жәрдем жеткенше көз жұмған. Жол – көлік оқиғасы сотқа дейінгі бірыңғай тіркеудің тізіліміне тіркелді. ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-тармағы бойынша (Адам өліміне ұласқан жолда жүру ережесін бұзғаны үшін) қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 

Осы жерде «Қалада қашан балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі?» деген сауал туындайы. Оқушылардың қатысуымен орын алатын қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін үш жыл бұрын Семейде жол үсті өткелін салу қарастырылған-ды. Мұндай жол үсті өткелін салу Интернационал көшесінде, №6 мектеп – гимназиясының алдынан, «Орталық алаң» аялдамасы жанынан басталып еді. Иә, басталып еді... Тоқтап тұр. Қазір темір қаңқасы ғана қалқайып тұр. Жоба бойынша, жол үсті өткелі шыныдан салынып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеделсатысы да болады дегенде қуанып қалып едік. Қайдам, қолданысқа беру мерзімі бірнеше мәрте кейінге шегерілді. Өткен жылы жобаны аяқтау басы ашық мәселе күйінде қалды. Семей қаласының жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің ақпаратына сүйенсек, өткен жылы жобаны аяқтауға қаржы бөлінбеген. Жоба құны 69 млн. теңге. Мердігер мекеме «ИнтерМастер» ЖШС бөлінген 27 млн. теңгенің жұмысын атқарып, қаржы түгесілгеннен кейін, жұмысты тоқтатқан. Шыны керек, қазір темір қаңқа шаһар орталығының сәнін кетіріп-ақ тұр. Былтырғы жылдың шілде айында өткен кезекті баспасөз мәслихатында тұрғын – үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы қызметкер жол үсті өткелі жобасының құны тым қымбат екенін айтып, қаржысын қайта қарау жағына тоқталған еді. Биыл қала бюджетінен жобаны аяқтауға 37 млн. теңге бөлініпті... Енді қалғаны уақыт еншісінде.

Мұндай жол үсті өткелін медицина университеті мен № 37 мектеп – гимназиясы аумағында тұрғызу жайлы да ұсыныс көптен бері айтылып келеді. Әй, бірақ бір жобаны 3 жылға созып, аяқтай алмай жүрген жергілікті биліктен қалғанын сұрағаннан не қайыр... 

Е. ЖАНАТҰЛЫ. 

«АМАНАТ» ҚОҒАМДЫҚ СЫЙАҚЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени әрі қоғамдық өмірге елеулі үлес қосқан және қызметі жасампаз еңбекке, игілік пен ақыл-парасатқа негізделген жалпы адамзат құндылықтарын нығайтуға көмектесетін адамдарды көтермелеуге арналған «Аманат» қоғамдық сыйақысы тағайындалды, - деп хабарлайды Орталық коммуникациялар қызметі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Адамдардың елеулі жетістіктері» Қоғамдық қорының президенті Зауре Беисова мәлім етті. Оның айтуынша, қор өз жұмысын жүйелендіру үшін тұрақты даму қағидаларын ілгерілету бойынша «Аманат» бағдарламасын әзірлеу туралы бастама көтеріп, «Аманат» қоғамдық сыйақысын ұйымдастырды.

«Сыйақыны алуға үміткерлерді үкіметтік емес ұйымдар ұсынады. Сыйақы «Бабалар аманаты», «Шынар», «Бекзат», «Арыс», «Қайнар», «Дегдар», «Жігер» номинациялары бойынша беріледі», – деп атап өтті З.Беисова. 

Сондай ақ ол қоғамдық сыйақыны тағайындау бойынша байқау бүгіннен басталғанын жария етті.

«Байқау басталды. Ал ақпан-маусым аралығында байқаудың өңірлік кезеңдерін әлеуметтік марафон түрінде өткізуді ұсынамыз. Биылғы жылдың 1 мамырына дейін өтінімдер қабылданады. 

Өтінімдер облыстар, республикалық маңызы бар Астана және Алматы қалаларындағы қоғамдық кеңестер негізінде құрылған ұйымдастырушы комитетіне беріледі», – деді Қоғамдық қор президенті.

Орталық коммуникациялар қызметі.

ҚҰМАЛАҚ ҚҰТ АЛЫП КЕЛЕ МЕ?

Балгерлер бүй дейді, экстрасенстер елеңдетіп, құмалақшылар сөйлейді... Қазір  «жолым болмай қалды» дегендер дұға оқытып, дем салғызып, «бағым жанбады-ау» дейтіндер бал ашқызған заман. Соңғы уақыттарда болашақты болжау сәнге айналып бара жатқандай... Бір ғана мысал, еліміздің 2017 жылғы жағдайын «тап басқылары келіп»  әлек болғандар аз емес. Медицинадан күдер үзіп, емшілердің табалдырығын тоздырған жандар қаншама?! Балгер үшін бизнеске, барған жан үшін болжамды болашаққа айналған бұл іске біз де зер салып көрдік...

Ең алдымен, тақырып төңірегінде мақала әзірлеу мақсатында емші іздестіруіме тура келді.  Мақсатым – күн санап медицина саласы қарқынды дамып жатқанда, ақ халаттылардан алыстап, емші іздеп кезіп жүрген жандардың жан дүниесіне үңілу еді. Осы ретте көпшілікке есімі танымал Сабыр емшімен тілдесуге келістім. Емшінің қаланың шеткі аймағында орналасқан емдеу орнына барғанымда кезек күткен халықты көріп таңғалдым. Мұнда күніне кем дегенде жүзге жуық адам келеді екен. Алыс ауыл-аймақтан, өзге өңірлерден жеткендер апталап жатып дертіне дауа іздеуде. Ретсіз қабылдауға кіргенімде, наразы болған ұзын-сонар кезектегілердің: «Біздің алтын уақытымызды аласың-ау, тезірек кіруміз керек!»- деп ренжігендерінен-ақ халықтың қандай сеніммен, қандай ықыласпен келгендігін байқадым.

Сабыр Сыбанжанов Шығыс медицинасымен - инемен және шөп дәрілер арқылы емдейді. Тамыр ұстау арқылы диагноз қояды.

- Медицинаның атасы  халық емі болып есептеледі. Мен елімізде медицина саласында білім алып, әрі қарай аспан асты елінде білімімді жетілдірдім. 1995 жылы жол апатына түскен соң, қасиет қонып, тамырын ұстау арқылы алдыма келген жанның дертін дөп басып айтып, оны емдеу жолдарын білетін халге жеттім. Дарынымды дамыту үшін  халық емшілері орталығында танымал емшілерден тәжірибе алып, біліктілігімді арттырдым. Қолға алған ісімнің медицинадан ауылы алыс деп айта алмаймын. Себебі  емделушілеріме қаладағы медициналық орталықтардағы ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінуге кеңес берген кездерім де болған. Халық емін қолданғанға дейін және кейін заманауи медицинада сараптама жасап, салыстырамыз,- деген Сабыр Сейітханұлы заманауи медицинада созылмалы аурулар дәрі-дәрмек, екпе арқылы уақытша тоқтатылса, халық емінде толықтай емделетіндігін айтады.

Сабыр емшіге көбінесе буын ауруларымен ауырғандар, жүрек-қан тамыры дертіне шалдыққандар, шешек ауруына дауа іздеген науқастар келеді екен. Дертке байланысты емдеу мерзімі белгіленіп, емдеу құны да анықталады. Емші мен емделушілердің айтуынша, құнын халықтың қалтасы көтереді. Бәлкім, науқас сеніміне байланысты болар, сал болып келіп, бұл жерден қадам басып қайтқан адамдар да болған екен. 

Хош, қалай болғанда да халық емшінің алдына баруға әуес. Сабыр Сыбанжанов сынды медицинамен байланыса отырып қадам жасайтындар бар да, қасиеттен ада, емшілікті кәсіп көретін алдамшылар да толып жүр. Жаны қиналып, ауру меңдеген адамдар арбаушының сөзіне сеніп, «өзім әзірледім» деген «шипа» болатын жасанды дәрмектерін қабылдап, алданып қалмаса болғаны.

Жалпы, болашағын болжағысы келетіндер көп-ақ. Қазақ халқы ғана емес, күллі ғалам Ванга бұлай депті, Нострадамус осылай топшылаған деген жорамалдарға жүгінеді. Естеріңізде болса, 2012 жылы әлемді қара түнек басады, күн шықпай, түн болады деп, майшам алып жұрт сабылған еді. Биылғы жылы да ғаламторды сан түрлі ақпараттар «кезіп жүр». Сол «сәуегейлердің» сандырағына сенетіндер де бар... 

Біраз уақыт бұрын құрбым мұңын шаққан-ды. «Балгердің айтуы бойынша, саудаға шығып, ісімді дөңгелетіп, өткен жылы ақылына көркі сай жігітке тұрмысқа шығып алуым керек болатын. Бірақ соның бірі де жоқ. Жиған-тергенімді салып саудаға шықтым. Тауарыма тұтынушы табылмай, ақыры, құрдымға кетті. Жеке өмірімде де жоспарларым орындалмады. Жолым болмай-ақ қойды. Әй, мен ставкасы төмен балшыға бал ашқыздым емес пе?! Енді қаржы жиыстырып Алматыға Түймекүл апайға (Түймекүл деген - «Ақ босаға» газеті үнемі жарнамалайтын емші апа) бармасам ба, тұмар оқытып алғандар бақыттан бастары айналады дейді ғой. Әлде тым құрығанда жақын жердегі Алтынай апаның көмегіне жүгінемін бе, басым қатты...» - деген ол кеңес сұрады. Бір түсінгенім - құрбым  өз болашағын біліп алып, сол бойынша әрекет етпек. Пешенесіне жазылғанды анықтап алу керек. Аллаға аян ақпаратты баян ететін балгер деп біледі...

Тас атсаң, бақсы мен балгерге тиеді. Құмалақшылар да аз емес. Олардың көп болғанына орай, «клиенттері» де жетерлік.

Есімде, бала күнімізде қазіргідей ұялы телефон жоқ, байланыс орнату қиынырақ. Сондай сәттерде нағашы атам ақ орамалына құмалағын жайып жіберіп, оң босаға берік, маңдайы ашық деген тіркесті сөздерін айтып, балаларының хал-ахуалын біліп отыратын. Тіпті нағашылап жүрген маған: «Қазір сенің әке-шешең келеді, үйіңе қайтасың»,- деп тура айтқаны әлі санамнан өше қойған жоқ. Бір білетінім - атамның құмалағы түске дейін ғана «сөйлейтін». Түстен кейін күн ауысып кетті, сандырақ болады, таңда ғана ашқан дұрыс деп, кеш қарая құмалағын қолға алмайтын. Ол кісі үнемі көз, құлақ, рух, жан және тән тазалығы туралы айтып отырушы еді, тазалық бұзылғанда құмалақты қолға алу күнә дейтұғын.

Ал қазіргі күні базар айналасын торуылдаған балгерлерді көргенде, кешегі атам айтқан тазалық пен түстен кейінгі сандырақ ойыма келеді де тұрады...

Тілшілік тіршілігімді жасырып, кеш қарая құмалақшыға бардым. Қаланың орталық бөлігінде орналасқан балгердің үйіне келгендердің қарасы қалың. Ол жерден қазақты ғана емес, өзге ұлт өкілдерін де көргенде біраз таңырқағаным да рас. Кезекте тұрған сәтте Ольга есімді орта жастағы әйел затын сөзге тартқанымда, оның бұл жердің тұрақты «клиенті» екенін білдім. Өзін бақталастары дұғалап тастады деп сенетін ол бұл жолы (дұға жайлы осы балгер айтқан екен) дұғаны кері қайтармаққа келіпті. Байқағаным - мұнда келгендердің дені отбасылық қиыншылықтарға тап болғандар, кәсібі жүрмей жатқан жандар, тұрмысқа шықпай жүрген қыз-келіншектер мен жоғын жоқтағандар. Олар үшін кез келген ақпарат шынайылықпен пара-пар болатындығы да сөзсіз.

Менің де кезегім келіп, ішке енген сәтте құмалақшының маған айтқаны: «Ставканы білесің ғой, мына орамалдың астына қой, мен құмалақ ашамын! Күн сайын азық-түлік қымбаттап барады. Маған да отбасымды асырау керек. Бұрын халықтың бергенін алатынмын. Қазір кезекті көріп тұрсың (Тегін құмалақ ашып танылып алдым деген мағынада айтты-ау дедім ішімнен). Босқа отыра берсем, клиенттерімнен айырыламын»,- деді.

Әрі қарай не айтар екен деген оймен үнсіз тыңдап отырдым. Сіріңкенің үш талын жағып, басымнан айналдырып, аластады да, құмалақтарын жайып:

- Айналайын, маңдайың ашық екен, бақытты боласың. Бірақ нәзіксің, белің ауырады, асқазаның ба, бүйрегің бе, қан айналым жүйесі бұзылған ба, аурушаңдық байқалады. Айналайын, емдел. Саған көз тиген екен. Міндетті түрде үшкіруім керек. Ол үшін ертеңнен бастап 3 күн қатарынан келесің. Әр сеанс сайын 2 литр су мен 3 жұмыртқа алып кел. Екінші күннен бастап 10 пайыз скидка. Ал емделетін болсаң, жеңілдік көлемі артады,- дегенде, не ойларымды білмей қалдым. Тіпті денсаулығым сыр бермеуші еді, бір ай бұрын ғана әзірленген медициналық сараптамалардың қорытындысы өтірік болғаны ма, сау мүшем жоқ-ау деп ойлап қалғаным да жасырын емес. Қайта дұғаланбағаныма, менің басымды ешкім айналдырып алмағанына қуандым.  (Жұртқа айтылатын жаттанды сөздің жартысы маған айтылмаған сияқты, уақыт тапшы болды ма...) Ал менің орнымда өзге адам болса, жұмыртқасы мен суын алып ертеңінде жүгіріп келетіндігіне сенімдімін. Себебі балгердің тілі майда, сендіре біледі, түр-әлпетіңді сипаттап, «ниетің таза, бауырмал адамсың» деп мақтай жөнелгенде,  жаныңа майдай жағады. Құдды бір психолог дерсің. Осы ретте денсаулық жайлы жалған ақпарат жетегінде медицинадан қол үзіп, ақ халаттыларға деген сенімдерін жоғалтқандар қаншама! Жалған ақпаратқа алданып, өмірін өзгертпек болғандар да аз емес қой. Жаттанды дегенім - бұл балгердің мекенжайын алған танысым да дәл осылай айтатынын баяндап берген болатын. Құрбым оған 4 жыл бұрын барған. Біраз жыл өтсе де жаттанды ақпарат өзгермепті.

 «Құмалақшыға барған соң бірер ай уайым құшағында жүрдім. Балгер: «Жігітіңмен келер аптада қош айтысасың, ол сенің бақытың емес»,- деген болатын. Сол сөзінен кейін өзім бірінші болып қоштаспақ та болдым. Қалай қиналғанымды білсең ғой. Бірақ сол жігітпен тағдырымды байланыстырып, екі перзенттің анасы атанып отырмын. Мен енді бақсы, балгер атаулыға сенбеймін. Оларға барып, күнәға батқаным үшін өкінемін»,- деді танысым.

Көпке топырақ шашпаймын, аталарымыз ашқан құмалақтың қасиетін сезініп жүрген жандар да бар шығар. Десе де базар маңында арнайы баға қойып, ақша үшін жұртты алдап, қала берді жағымсыз ақпарат таратып отыратындарды көргенде, олардан  халықты арашалап алғың-ақ келеді. Алайда адам баласы «қадамым қате» деп оңайшылықпен райынан қайтпайды, оның үстіне күнкөріс көзіне айналған кәсіпті нәсіп етіп отырғандар да бұл істен бас тартпақ емес.

Болашақты болжау Аллаға серік қосумен тең. Тақырыпқа түйін жасау үшін Орталық мешіттің наиб имамы Делбек Қожамұратовпен де тілдестім. 

- Болашақ деген ғайып. Ғайып Аллаға ғана аян. Ал бақсы, балгерлер болжам ғана жасайды. Шариғатта болашақты болжауға тыйым салынады. Болашақпен алысқан адамға да, оған жалған ақпарат берген балшыға да күнә артылады,- деген имам біліп істеген күнә екі есе ауыр болатындығын айтады. Бірақ мейірімді Жаратушымыз шын ниетімен дұға еткен құлына әрдайым кеңпейілділік танытады екен.

Ғайып дегенде ойыма оралды, баяғыда Әз Жәнібек халықты жиып:

- Үш арсыз, үш ғайып, үш жетім болады, соны кім табады? – депті, жиылған халық көп дағдарып:

 - Үш арсыз: ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз. Үш ғайып: қонақ ғайып, несібе ғайып, ажал ғайып, – депті. Бірақ үш жетімді таба алмапты.

Сонда Әз Жәнібек хан:

 - Елде келмеген кім қалды? – деп сұрапты.

 - Келмеген Қарабас шешен қалды, – депті халық.

Әз Жәнібек Қарабасты шақыртып алып, әлгі сөздің шешуін сұрапты.

Сонда Қарабас:

 - Жетім үшеу емес, бесеу еді ғой!

Оты жоқ жер жетім,

Басшысы жоқ ел жетім,

Елінен ауған ер жетім,

Тыңдаушысы жоқ сөз жетім,

Жоқтаушысыз қыз жетім, – дейді.

Сонда Әз Жәнібек:

 - Сенің атыңды қоюшы адам ақылсыз екен, «Қарабас» дегенше, «Алтынбас» десе болмай ма! – деген екен.

«Неке ғайып» дейтін сөз де бар. Байқасаңыздар, үш ғайып та алдағы уақытта болатын нәрселерге байланысты. Қонақтың қашан келетінін, несібең қандай болатынын, ажалдың қашан, қай жерде келетінін білмейсің. Яғни, болашақ та ғайып. Кез келген ертеңгі күнің ғайыпқа жатады. Біз өзімізді «әлімсақтан мұсылманбыз» дейтін халық едік. Ғайыпқа иман келтіру - мұсылмандық. Біле тұра білместік жасап, күнә арқалап алмайық, ағайын!

Әйгерім СӘРCЕНҒАЛИ

ЫРЫМДАР МЕН ТЫЙЫМДАРҒА СЕНЕСІЗ БЕ?

Қазақта ырым мен тыйым көп. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, ырымның да жақсысы бар, жаманы бар. Мәселен, халқымыздың «үлкенге қарап керілме», «кісіге қарап есінеме», «үйге қарай жүгірме», «жатқан кісіні аттама», «ер адамның киімін баспа», «үйге оң аяқпен кіріп, сол аяқпен шық», тағы сол секілді наным-сенімдерінің астарына үңілсек, тәлім-тәрбие үлгісін көреміз.

«Жақсы сөз - жарым ырыс» демекші, позитивті ырымдарға сеніп, жақсы істен үміттенсек айып емес қой. Мәселен, «оң көзің тартса, қуанасың», «оң құлағың шуылдаса, біреу мақтап жатыр», «оң алақаның қышыса – амандасасың, сол алақаның қышыса – ақша аласың», «нәресте жол қараса – үйге қонақ келеді» деген секілді толып жатқан жақсы хабарды, сүйіншіні шақыратын ырымдарды қате деп жорамалдау дұрыс емес болар. 

«Қара мысық жүгіріп өтсе, жолың болмайды» деген ырым өзге халықтарда да ең көп таралған наным шығар. Егер мысыққа тіл бітсе, сіздің істеп тұрған қылығыңызға күлер еді. 

Бала кезімізде «үстіңнен құс ұшса, бойың өспей қалады» дегенді естіп, кешке жақын төбемізден бір топ құс ұшса, жерге отыра қалатынбыз. Құдды бір бойдың өсуі құстардың ұшқанына байланысты секілді. Немесе «есікті керме», «тізеңді құшақтама» дегенді де көп естіген шығарсыз. «Тізеңді құшақтасаң - жалғыз қаласың, есікті керсең - жаман болады»,-деп түсіндіретін үлкендер. Ал қазір балаларға: «Нанның қоқымын жесең, бай боласың»,- деп айтсаңыз, сене қоймайтын шығар. Бұрындары, әйтеуір, бай боламын деп туралған наннан түскен қоқымды қалдырмай барлығымыз да жеп өстік. Енді ойлап қарасақ, нан ысырап болмасын, жерге шашылып обал болмасын дегеннен туған екен ғой. 

Ал Батыс елдерінде 13 саны қатерлі сан болып табылады. Олар 13-үйді, 13-пәтерді сатып алмайды екен. Ал Германия, Швейцария, Скандинавия мен Австрияда көп үйлер мен пәтерлерде бұл сан жазылмай, бірден 14-ші нөмір көрсетіледі екен. Тіпті ұшақ салондары мен жолаушылар автобусында да, кинотеатрлар мен пойыз вагондарында да, ауруханаларда да 13 деген орын болмайтын көрінеді. Ал айдың он үшіне жұма күнінің сәйкес келуі  еуропалықтар үшін өте жаман болып есептелінеді. Себебі жұманың он үшіне тап келген күні тарихта көптеген жамандықтар мен келеңсіздіктер орын алған екен. Ал Британияда айдың он үші күні, жедел болмаса, дәрігерлер ота жасамайды деседі.

Қазақтың тағы бір ырымы - көз тиюден сақтанып көзмоншақ тағуы. Жалпы, көптеген халықтарда көз тиюге қатысты наным-сенімдер бар. Соның ішінде біздің халық жақсы адамға, сұлу қызға, жас нәрестеге, жүйрік атқа, тіпті өзінің атақ-абыройы мен байлығына да көз тиеді деп біледі. Көз тиюдің рас екені ақиқат. Дегенмен одан әркім өзінше сақтанады. Сондықтан біздің халық сұқ көзден сақтанып, жас нәрестенің маңдайына күйе жағып немесе кеудесіне көзмоншақ қадап қоятын болған. Бұл көзмоншақ тіл-көзден сақтайды деген сөз емес. Бірақ адамның көзі, энергиясы алдымен сол моншаққа түсіп, көңілі басқа жаққа аударылады. Біздің халық сұқ көзден осылай сақтанады.

«Ырым мен тыйымға сенесіз бе?» деген сауалға бірнеше қала тұрғындарының пікірін ұсынып отырмыз:  

Балжан, 22 жаста:

- Мен барлық ырымдарға сене бермеймін. Бірақ кейбір ырым, тыйымдарды отбасымызбен орындаймыз, сенеміз. Қой сойып, жиі ет асып жейтін халықпыз ғой, сондықтан қызым мен ұлыма ет асқан сайын таңдайды әдейі беремін. Таңдай жесе, тілі тақылдаған шешен болады дейді ғой. Соған сенемін. Сол секілді қызымның шашы ұзын болсын деп, желке беремін. Ал әкесі тірі ұл бас ұстамайды деп жатады. Бұл жаманшылықты шақырады деп жорамалдайды. Бұған да мән берем. Ал бас киіміңді біреу кисе, бағыңды алып қояды деген ырымдарға сенбеймін.

Сақыпжамал апа, зейнеткер:   

- Қазақ - ырымшыл халық. Алайда ырымның бәріне бірдей сене бермеймін. Көпшілік ырымды тыйыммен шатастырып жатады. Мәселен, түнде тырнақ алуға болмайды дейді. Бұл бір кездегі ата-бабамыздың жарық жоқ кездегі тазалықты сақтауынан туындаған деп ойлаймын. Сосын үйдегілер жас балаларға «сыпыртқыны жоғары көтерме» деп айтып жатады. Бұл да сол гигиенаны сақтаудың бір түрі деп білемін. Ал тізеңді құшақтама, жалғыз қаласың, ішегіңді тартпа, жамандық шақырасың деген ырымдарды шындық деп ойламаймын.

Айнұр, 25 жаста:

- Мен, негізі, көп ырымдарға сенемін. Кішкентай бала жол қараса  немесе жерге қасық түссе, қонақ келеді деп жатамыз. Қызу әңгіме болып жатқанда біреу түшкірсе, «рас екен» деп айтамыз. Меніңше, көптеген ырымдар шындыққа сай келеді. Алдымнан қара мысық өтсе, басқа жермен айналып жүруге тырысамын.

Әлия, 45 жаста, қала тұрғыны:

- Бала кезімізден  ырым мен тыйымды көп естіп өстік. Әжеміз, ата-анамыз, әпкелеріміз жаман болады деп көп нәрседен тыйып өсірді. Сондықтан балаларымды да  кейбір нәрселерден ырымдап тыйып отырамын. Мәселен, келін атасы мен енесінің төсегіне отырмайды. Ана мен ене келіннің төсегіне отырмайды. Бұл – тыйым. Сол секілді балаларыма үйдің ішінде ысқырма, түнде жылама, тырнақ алма деп айтып отырамын. Себебі өзіміз осындай тыйымдарды естіп өстік.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57