ШЫРАЙЛЫ ШЫҒЫСЫМНЫҢ ЖЕР ЖАННАТЫ

 

«Өскеменнің ар жағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, күр-күр еткен Күршім бар. Алтай Күршім - не заманнан қалың Найман мекені. Сол Алтаймен сол Күршімнің қысы қыспақ, жазы самал, күн жылт етсе төрт түлік мал қарағайлы Қарт Алтайдың, Алтай сынды анасының көкірегін аймаласып, тыраңдасып, мәйек басып, мамырласып жатқаны. Қарт Алтайдың қақ басында, алақанның аясында, бал татыған айна сулы, түрі де аспан, сыры да аспан, шарап сулы Марқакөлі. Марқакөлді алқалаған — ақ ауылды Алтай елі. Алтай елі — алты ай жазы тау еркесі — киік болып, өзге елдерден биік болып, Марқакөлдің самалында сайран етіп жатқаны. Марқакөлдің суы балдай. Марқакөлдің суын ішіп, отын жеген сары қарын, тұтам емшек жануардың бауырынан сүт сорғалап, сүт емес-ау, құт сорғалап, көнек-көнек лықылдайды; қара саба емізіктеп, қою, салқын сары қымыз, быжылдаған дәрі қымыз шара-шара шыпылдайды. Бір шарасын ішкен адам дәл қор қызын құшқандай боп, беті шиқан дуылдайды, аузы қобыз гуілдейді, мас болады, жас болады: жел жетпеске мініп алып, Алтай тауын дүсірлетіп, таудың тасын күтірлетіп, көкпар, жарыс, алыс-жұлыс, асыр салып жатқаны…» - деп басталатын көркем шығарма естеріңізде болар?

Қырағы көздің нысанасынан қалыс қалмаған қарт Алтай, айдынды Марқакөл мен көгерім Күршімнің тұмса табиғаты Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романында осылай суреттелген. Алаш арысының өзін таңғалдырған өлке сұлулығы романды оқыған адамды селт еткізбей қоймайды.

Көптен көкейде жүрген үлкен қызығушылықтың бірі Күршімді көру еді. Жуырда дәм–тұз тартып, ол өңірге де ат ізін салдық. Күршім ауданының әкімі Сейсенғазы Жұмағалиұлы Чукаевтың арнайы шақыруымен жолға шыққан редакция ұжымын «Семей таңы  - Вести Семей газеттері» ЖШС директоры, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Риза Асанқызы Молдашева өзі бастап барды. Байқасаңыздар, соңғы жарты жылдан бері осы өңірде атқарылып жатқан игі істер біздің газет арқылы оқырманға таныс.

Сонымен, Күршімнің бүгінгі тыныс - тіршілігімен таныс болыңыздар.

Күршім жеріне табанымыз тие салысымен, бізді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арайлым Қасымбаева, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бақытхан Өлмесеков қозыкөш жерден қарсы алды. Бақытхан Фазылұлы ә дегеннен тарихқа терең бойлай, шежірені  шебер тарқата алатын, әдебиеттен хабары бар азамат екенін бірден көрсетті. Аз–кем аман - саулықтан кейін өңір тарихымен қысқаша таныстырып, «ой–шұңқыры көп» көрмеген ел жайлы ақпарат берді. Ашылған құшақ пен жадыраңқы жылы қабақты көрген біздер де бұрынғы көне таныстардай бірден шүйіркелесіп кеттік.

 Хош, сонымен, сапар аясында аудандағы бірнеше әлеуметтік–экономикалық, мәдени маңызы бар мекемелер мен шаруа қожалықтарында болып, олардың бүгінгі аяқ алысымен танысудың реті келді. Бұдан бөлек аудан басшысы Сейсенғазы Жұмағалиұлы Чукаевпен сұхбаттасып, өңірдің қазіргі тыныс - тіршілігі мен болашағы жайлы емен –жарқын ашық әңгімелестік. Тіптен аудан көлемінде өткен әкімдік мәжілісіне  қатысуға да мүмкіндік туды.

Біздің газет оқырмандары арасында Күршімнің атын естігендері болмаса, көргендері некен - саяқ болуы мүмкін. Күршім – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылдың 23 мамырындағы Жарлығымен Марқакөл ауданымен біріктірілген болатын. Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті, Катонқарағай аудандарымен және Қытай Халық Республикасымен шекараласатын. Күршім өңірі бағзы заманнан бері өмір сүрген көшпелі қауымның атамекені болды. Археологиялық зерттеулер барысында ауданда 183 жәдігер анықталды. Мысалы, Бурабай маңындағы жәдігерлер 54 қорғаннан тұратын ұзыннан-ұзақ созылған қорғандар тобын құрайды, ал Түлкіне шоқысының петроглифтері немесе Нарбота шатқалының, Қалжыр өзені аңғарының, Қарасеңгір тауының петроглифтері тәрізді жартасқа салынған бейнелер бір жарым – екі шақырым жерге дейін созылып жатқан бұл жердің көне ата - бабаларымыздың тұрағы екенін дәлелдейді. XVIII ғасырда өмір сүрген  Қабанбай, Бөгенбай сияқты батырлардың үзеңгілес досы Көкжарлы, Көкжал Барақ, Танаш, Күркебай сияқты ел қорғаған батырлар - осы өңірдің тумалары. Күршім, Марқа өңірі таланттарға бай. Жергілікті халық Досхан Жолжақсынов, Марат Сақатов, Тоқтаубек Әлдиев, Уәйіс Сұлтанғазин, Келденбай Өлмесеков, Дауыл Хайруллин, Сәбетқазы Ақатай, Асқар Егеубаев, Асқар Алтай, Тұрысбек Сәукетаев және КСРО халық мұғалімі Қ.Нұрғалиев сияқты жерлестерін мақтан тұтады.

«Айтқожаның» алар асуы алда

Біз көрген Күршім бүгінгі заман көшіне ілесіп, дамудың даңғыл жолына түскен өңір екен. Жеріне байлық, еліне құт қонған ауданның азаматтары мыңғыртып мал өсіріп, көкөніс, бау - бақша өнімдерін өндіруде де өзгелермен терезесі тең дәрежеде бәсекеге түсе алады. Мәселен, аудандағы белді шаруа қожалықтарының бірі саналатын «Айтқожа», асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытумен қатар, күршімдіктерді көкөніс, бақша, дәнді  дақылдармен қамтамасыз етіп отыр.

- Қожалығымыз 1999 жылы құрылған. Негізгі бағытымыз - ата кәсібіміз мал өсіру. Сонымен бірге өсімдік шаруашылығына ден қойғалы көп болды. Иелігімізде 2000 бас қой, 500 бас «Жабе» тұқымды жылқымыз, 180 бас ірі қарамыз бар. Сиырдың 50 басы асыл тұқымды сүт бағытында. 1500 гектар жеріміздің 1000 гектары жайылым, 90 гектары егістік, 410 гектары шабындық алқаптар. Мал бағу мен дала жұмыстарының барлығы заманауи техниканың және 25 тұрақты жұмысшының күшімен атқарылады,- дейді шаруашылық басшысы Бақытхан Жұрағатов.

Қазір мал санын жай ғана өсіру тиімсіз екенін мал баққан шаруа жақсы түсінеді. Саннан гөрі сапаға ерек-ше көңіл бөлгендердің бірі де осы қожалық. Үйірлі 500 бас асыл тұқымды Қамбар ата түлігінің 47–сі желіге байланып, «Күршімдік қымыз» деген ерекше брендке ие болып отыр. Ірі қараны ет бағытында өсірумен қатар, табиғи таза сүт өндіруді де бір жақты жолға қойған.

- Өзіміздегі сүт көлемін арттырып, оны өңдеуді қолға алу - біздің алға қойып отырған негізгі мақсаттарымыздың бірі. Осыған орай, 2015 жылы 50 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын, автокөлік тұрағы мен мал сою алаңын салып бітірдік. Оған өз қаржымыздан 90 млн. теңге жұмсадық. Енді фермаға қажетті заманауи құрылғыларды әкеліп орнатуға тапсырыс берілді. Жалпы, бұл жобаның құны 105 млн. теңгені құрап отыр. Жоба сәтімен іске асқанда, асыл тұқымды сүтті сиырдың санын 100–ге дейін жеткізіп, жылына 10 тоннаға дейін сүт өндірсек дейміз. Бұл 5 жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді. Осы шаруаларға қосымша «Аққайнар» ЖК–нің сүт қабылдау бекетін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Жобаның толыққанды іске асуы 2016 - 2018 жылдардың аралығын қамтиды,- дейді Бақытхан Қамалханұлы.

Жүйелі жоспармен жұмыс істеуге әбден дағдыланған қожалық құнарлы жердің жемісін де көріп отыр. Ағымдағы жылдың күзгі жиын - терінінде картоп, көкөніс, астықтан жалпы көлемі 580 тонна өнім алыпты. Отандық өнімді қолдауға бет бұрған шаруашылық табиғи таза өніммен Күршім өңірін ғана емес, көрші аудандарды да қамтамасыз етуге қауқары жететініне көз жеткіздік.

Қырдағы қала өмірі немесе бүгінгі малшы - олигарх

Бала күнімізде «қойшы» болмаса «қойшының баласы», «қырдағы қойшының үйі» дегенді жиі естуші едік. Құлаққа сіңісті болған сөздердің де келмеске кеткеніне көп болды. Өйткені таяқ ұстаған шопан мен бақташыны, құрық ұстаған жылқышыны қазір дәл осал дей  алмайсыз. Айтуға ауыз да бармайды. Малшылық ата кәсібіміз болса да оны дөңгелетіп, игеріп әкеткен де бар, жиған–тергенін ысырап етіп шашып алған да жоқ емес. Аталарымыз «Отынның жайын жаққан білер, малдың жайын баққан білер» деп тегін айтпаса керек. Күршімнен 35 шақырым жердегі айналасын аласа жоталар қоршаған «Ұлан» шаруа қожалығына барудың сәті түсті. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының орта тұсында Кеңес Одағының жұрнағы болған совхоздан өз алдына бөлініп шығып, тиесілі пай есебінен 560 гектар жер, 1 ЮМЗ тракторын, 1 мініс ат пен 80 қойды жекешелендіріп алған қожалықтың бүгінгі ахуалы әлдеқайда жақсы.

- Өзгелердегідей қиындық алғашқыда бізде де болды. Дегенмен, қолды сілтеп, тастап кетпедік. Соның арқасында мал саны артып, 2011 жылы асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырын өсіретін шаруашылық деген мәртебе алдық. Алғашында 70 бас сиырымыз болды. Бүгінде 400 бастан артық ірі қарамыз бар. Соның 300-і - аналық мал. Бұқаларды Семей, Павлодар өңірлеріндегі асыл тұқымды фермалардан сатып аламыз. Қан тазалығына ерекше мән бергендіктен, ол жыл сайын ауыстырылып отырады. Өзімізде өскен бұзауларды, 1 жарым жасқа толысымен, облысымыздағы шаруа қожалықтарына саудалаймыз. Мемлекет сол шаруалардың бізден сатып алған малы үшін 50 пайызбен субсидия береді. Өзіміз де осы субсидияның көмегін айқын сезініп отырмыз. Қазір бізге әр асыл тұқымды ірі қара үшін 30 мың теңгеден төленеді. Қолда бар техниканы да 50 пайыздық субсидиямен алып отырмыз. Үкімет қазір ауыл шаруашылығына ерекше қамқорлық жасауда. Тек оны тиімді пайдалана білу керек,- дейді шаруашылық басшысы Арғынбек Қабдуллин.

Қожалыққа келгенде бірден көзге түскені – ен далада салынған баспана, малшылар үйі, қора – жайлардың барлығының жаңадан тұрғызылғаны. Арғынбек Ахманұлының айтуынша, аудан басшылығымен ақылдаса келе бұл жерге қоныс тепкеніне 1 жыл енді ғана болса керек. 90 шаршы метр үйдің іші кірсе шыққысыз. Жарығы тартылған, кабельді теледидар орнатылған. Үйге кіргізілген су, кәріз жүйесі қаланың талаптарына сай. Үйіне еурожөндеуді жүргізуге ерінбеген қожалық иесі алдағы күндері тау ішіне ұялы байланыс антеннасын орнатуды көздеп отыр. Есігінің алды қора–жайдан бөлек қоршалып, малшылар үйі, 2 түрлі монша, қойма, жазғы ас үй, көлікке арналған тұрақ, отын қора - барлығын асқан ұқыптылықпен, ойластырып салып тастапты.

- Далада болсақ та қаладағыдай күй кешейік деген оймен салынған дүниелер. Бір жағынан, қаладан шаршап келгенде осы жерден артық демалысты таппайсыз. Барлық қажеттілікті ескере отырып, биыл салып бітірдік. Қолдағы малымыз үшін 2 бордақылау алаңы бар. Оның ішін механикаландыруға көштік. Бұл жұмыс күшін жеңілдетеді. 10 адам тұрақты еңбек етеді. Ендігі мақсатымыз – бордақы малдың санын 400–ге жеткізіп, мал соятын алаң, 5 және 10 тонналық екі мұздатқыш орнату. Асыл тұқымды зауыт атағын алып, шетелге ет тасымалдау жоспарымызда бар. Қазірдің өзінде саннан гөрі сапаға ерекше мән беріп келеміз. Алматыдағы «Асыл түлік» фирмасымен ортақ келісімшартқа қол қойдық. Сол арқылы келер жылдан бастап өзіміз де қолдан ұрықтандыруды жолға қойсақ деп отырмыз. Кәсібімізді 80 қоймен бастағанымызбен, қазір ұсақ мал өсірмейміз. Есесіне, асыл тұқымды ірі қарамыздан бөлек, 300 бас жылқымыз бар. 150 гектар шабындық жерден 500 тонна қыстық шөп жинап алдық. Биылғы қысқа жету керек. Таулы аймақ болғасын, түз тағысы да қалың. Малымызды солардан қорып келеміз,- дейді шаруашылық басшысы. Осы арада әңгімемізге аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Серікқан Ашманов араласып, Күршімдегі асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтардың бүгінгі аяқ алысынан ақпар берді.

- Жалпы алғанда, аудан бойынша ірілі – ұсақты 931 шаруа қожалығы бар. Солардың ішінде 9–ы асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысады.  3 жылқы, 3 сиыр, 3 қой шаруашылығы бар. Оның сыртында асыл тұқымды ара шаруашылығымен айналысып отырған 11 кәсіпкер тағы бар. Қазір Үкіметтің ауыл шаруашылығына, соның ішінде асыл тұқымды шаруашылықтарға ерекше назар аударып отырғанын Арғынбек Ахманұлының өз аузынан естідіңіз. Оған қосымша айтарым, егер Үкімет өткен жылы асыл тұқымды әрбір мал басына 20 мың теңгеден субсидия берсе, биыл ол 30 мың теңгеге дейін жетті. Ал жай шаруа қожалықтары әр басқа 18 мың теңгеден субсидия алды. Бұл - үлкен көмек. Малшы еңбегінің еленгені осы деп білеміз. Бізде жылына 65 - 70 бас асыл тұқымды бұқалар дәл осы «Ұлан» шаруа қожалығынан сатылады,- дейді Серікқан Тоқанұлы.

«Төре Тоғамның» балығын Еуропа мен Қытай тұтынады

Күршімнің өзге өңірлерге қарағанда тағы бір ерек-шелігі - балық шаруашылығымен айналысатыны. Ау құрып, қармақ тастамайтын азаматтар аз десек, артық айтқандық болмас. Олар үшін балық аулау - бала күннен бойға сіңген кәсіптің бірі. Аудандағы ірі кәсіпорынның бірі – «Төре Тоғам» ЖШС. 16 құрылтайшысы бар кәсіпорын 2013 жылы құрылған. Негізгі саласы – балық аулау, оны импорттау, экспорттау. Жылдық жоспар бойынша 2 мың тонна балықты өңдеуді өз міндетіне алған зауыт шығыс өңіріндегі еуростандартқа жауап беретін жалғыз мекеме болып табылады. Осы дәрежеге жету үшін 3 жылдай үлкен дайындықтан өткен. Соңынан Испания, Польша, Германия елдерінен арнайы комиссарлар келіп тексеріп, зауыттың еуропалық талапқа толықтай жауап бере алатынына көз жеткізген.

- Балықты су жағасындағы ауданға қарасты Ақсуат, Жолнұсқау, Аманат ауылдарындағы, сонымен бірге Тарбағатайдың Тұғыл елді мекеніндегі бір учаскемізден аулаймыз. Бұл жерлерді тендер арқылы 2024 жылға дейін ұтып алдық. Құзырлы органдардың бөліп берген лимиті бойынша, көксерке, табан, шортан, алабұға, сазан балықтарының 7 - 8 түрін аулауға рұқсатымыз бар. Осылардың ішінде көксеркенің жон етін кесеміз де, Еуропаға жөнелтеміз, ал шортан, алабұға, табан балықтарын көршілес Қытай алады. Зауыттың атап өтерлік бір ерекшелігі – балықтың бас, сүйек, ішек–қарынынан өзімізде ұн тартамыз. Балық ұны ерекше сұранысқа ие. Зауытта 90 адам жұмыс істейді. Жалақылары да жоғары,- дейді «Төре Тоғам» ЖШС атқарушы директоры Асылбек Әділбеков.

Асылбек ағамыздың бастауымен кәсіпорын ішіндегі балық дайындау цехын аралап көрдік. Естуімізше, талаптың қатаңдығынан зауытқа кіру оңай болмаса керек. Іші мұнтаздай таза цехтар аурухана бөлмелерін еске салады. Сырттан кірерде әр адамның басынан аяғына дейін арнайы киім үлгілері ұсынылады. Бұл да тазалықтың қарекеті. Түрлі сүзгіден өтіп, әбден тазаланған балық мұздатылып, Күршімнен Еуропаға 1 аптада, Қытайға 1 күнде жетеді екен.

- Осы кәсіпорында істегеніме 3 жыл болды. Жұмысымыз жақсы. Тәулігіне екі ауысыммен еңбек етеміз. Әр ауысымда 15 адам бар. Жалақымыз тұрақты, уақытында беріледі. Әлеуметтік пакет төленеді, кезекті еңбек демалысы бар. Өз басым өте ризамын,- дейді бізбен тілдескен технолог - шебер Альмира Төлебаева.

Бұл да бір үлкен қуаныш. Кәсіпорын тірлігі қайнап тұрса, жергілікті қазынаға салық түсуден бөлек, халық жұмыспен қамтылады.

Күршімдіктер - кітапқа ғашық, газетке асық оқырмандар

Қазір ақпараттық технология дамып, әлеуметтік желілердің саңырауқұлақтай қаптап, жарысқа түскен заманы десек те, қалыптасқан дәстүр бойынша кітап оқып, газет қарайтын көзі қарақты оқырмандарымыз жоқ емес.

Солардың үлкен бір шоғыры біз сапарлаған ауданда екен. 2 мыңнан аса халқы бар Күршімнің аудандық кітапханасында 11 627 тұрақты оқырман бар екен. Бұл - үлкен көрсеткіш. Тіптен басқа өңірлерге үлгі болуы да ғажап емес. Аудандық кітапханаға бас сұққан біздер осы санды естігенімізде таңғалғанымызды қалай жасырайық.

181 мыңнан астам кітап қоры бар кітапхана 1-ші сынып оқушысынан бастап 70-80 жас аралығындағы оқырманға тұрақты қызмет көрсетіп тұрады. Кітапхана меңгерушісі Гүлмайра Смайлованың сөзіне сүйенсек, аудан көлеміндегі өлкетану, тарихи, әдеби кештер мен кездесулердің барлығы осы жерде өтеді екен. Жыл сайын кітап қоры 3 мың жаңа кітаппен толығып отырады. Осы арада газетіміздің директоры Риза Асанқызы кітапхана сөресіне қоюға «Семей таңы» газетінің тарихынан сыр шертетін кітапты тарту етті. Оқырмандар үшін ағылшын тілі, кітапхана үйірмесі жұмыс істеп, ғаламтор желісін тегін пайдалануға мүмкіндік бар. Күршімді мекен еткен өзге ұлттың өкілдері кітапханадағы ғаламтор арқылы шетелдегі туыстарымен дидарласып, сөйлесіп отыратынын да білдік.

Аудандық Мәдениет үйі де түрлі мерекелік шараларды өз дәрежесінде өткізуге атсалысып жүрген бірден–бір мекеме екені сөзсіз. Өткен 9 айдың ішінде мыңнан аса мәдени шараны өткеруінің өзі осы сөзіміздің дәлелі. Жыл сайын ауылдық округтер, мектеп ұжымдары арасында көркемөнерпаздар байқауы ұйымдастырылады. Сахналық киімдер жаңартылып, өнер ұжымдарының репертуарлары тың дүниелермен толығып келеді. Аудан бойынша 12 өнер ұжымы бар болса, оның 2–уі халықтық атаққа лайық деп танылған. Мәдениет үйі шаңырағы астында «Сарын» фольклорлық ансамблі, эстрадалық ансамбль, «Мұрагер» халықтық ансамблі, домбыра, эстрада, оркестр, би, шоу–балет үйірмелері жұмыс істейді.

«Семей таңы» газеті оқырмандар арасында

Редакция ұжымы Күршім ауданына алғаш рет барып отырғандықтан, оқырмандармен жүздесіп, жақынырақ танысты. Осы мақсатта аудандық әкімдікте өткен әкімдік мәжілісіне қатысып, аудандық ауруханада дәрігерлермен, №3 Күршім гимназиясында мектеп ұстаздарымен, «Болашақ» балалар бақшасында тәрбиешілермен кездесу өткіздік.

Кездесу барысында «Семей таңы - Вести Семей газеттері» ЖШС директоры Риза Асанқызы Молдашева газет тарихынан сыр шертіп, басылымның бүгінгі беталысы, көтеріп отырған мәселелеріне ерекше тоқталды. Газеттің облыстың бірнеше ауданына еркін тарайтынын айта келіп, Күршім ауданында да өз оқырмандарымызды табатынымызға сенім білдірді. Басылым қашанда «халықтың көзі һәм құлағы» екенін еске салған басшы аудан тұрғындары тарапынан қандай ұсыныстар, өтініш - сұрақтар болса, тыңдауға, қажет болса, газет беті арқылы сауал жолдап, тиісті орындар арқылы жауап беруге уәде берді.

Ашық–жарқын, әсерлі кездесуден қанаттанған күршімдіктер өз ойларын ортаға салып, алдағы уақытта газетпен қоян–қолтық әріптестік байланыс орнатуға мүдделі екенін жеткізді.

- «Семей таңы» газеті біздің аудан көлемінде кең тарамаса да, күні бүгінге дейін біздің Күршім жайлы көптеген ақпараттар беріп келді. Ол осы газетті алып оқитын аудандарға жетіп жатыр. Бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдары - жер-жердегі тың идеялар мен жағымды жаңалықтардың жаршысы. Біз солар арқылы өзімізбен қанаттас, көршілес аудандардағы хабарларды естіп отырамыз. Жасыратыны жоқ, Марқакөлді, Қиын Керішті білмейтін отандастарымыз аз емес. Оны өзгелерге таныстыруда, Елбасымыздың түрлі бағдарламаларының, өңірлік бағдарламалардың біздің өңірде қалай жүзеге асып жатқанын өзгелерге паш етуде «Семей таңының» бізге берер пайдасы мол болады деп ойлаймыз. Бұл біздің бірлесе атқарып отырған жұмыстарымыздың жемісін өзгелермен бөлісуге мүмкіндік береді. Сондықтан, менің ойымша, алдағы уақытта газет ұжымы мен аудан арасында тығыз қарым - қатынас орнап, ел дамуы жолында бірлесе жұмыс атқарамыз деген үміттеміз. Егер байқаған болсаңыздар, бұл газетте барлық жайт ашық түрде, еш бүкпесіз жазылады,- деді аудан әкімі Сейсенғазы Чукаев.

Расында да, шалғайда жатса да «Семей таңы» газетін іздеп жүріп оқығысы келетіндер аз болмай шықты. Өзін Шолпан Құрманғалиева деп таныстырған ақ халатты абзал жан газетті мектеп жасынан оқып өскенмін деп атап өтті. Жан жадыратар жақсы сөздер мен тілектерді мектеп ұстаздары да айтты. Әсіресе Алаш арыстары қолының табы қалған басылымның бүгінгі беттерінде әр алуан тақырыпты қозғаған материалдар мен арнаулы беттер ұрпақ тәрбиесінде жүрген ауыл зиялыларының назарынан тыс қалмады.

- Мектеп ұстазы үшін мерзімді басылымдармен жұмыс істеу өте тиімді. Дегенмен, көп жағдайда жіберген материалдарымыздың шықпай жататыны жасырын емес. Сіздердің газеттеріңізде мұғалімдерге арналған «Ұстаз таңы», жастарға, дарынды балаларға арналған «Ел ертеңі», әдебиетті сүйетіндер үшін «Әдебиет әлемі» беттері жарық көретінін естіп қуанып отырмын. Біздің шәкірттердің барлығы өнерлі. Өз еңбектерімізден бөлек, солардың да жетістіктері жарыққа шықса дейміз. Осы тұрғыдан келгенде, сіздер біздің сұранысымызды қанағаттандырады деп ойлаймын. Болашақта сіздермен байланысты үзбеуге тырысамын,- дейді жоғары санатты ұстаз Жайлаубек Оқасов.

Осылайша, Күршім ауданына жасаған екі күндік сапарымыз сәтті аяқталды. Бейтаныс өңірмен жақынырақ танысып қайттық. Ендеше, ниеті түзу елдің жақсы жаңалықтарын «Семей таңы» газетінен алдағы уақытта оқып тұрарсыздар деген сенімдеміз.

Ермек ИСАБАЕВ

ЗЕЙНЕТІҢЕ ҚОР ЖИНА, ҚОР ЖИНАСАҢ МОЛ ЖИНА!

Адам баласы жоспарсыз өмір сүре алмайды ғой. Күнделікті өмірде әр түрлі жағдайға байланысты жоспарлар құратынымыз рас. Мысалы, білім алуды, еңбек етуді, той жасауды, балалардың дүниеге келуін, еңбек демалысын, үй немесе көлік сатып алуды жоспарлаймыз. Әрине, олардың бірі жүзеге асса, бірі аспай жатады.   

Ал зейнетақы туралы ойдан (ол қарттық шақты көз алдымызға елестетеді) бір түрлі аулақ болуға тырысамыз. Бірақ қанша жаста болсаңыз да бәрібір ойлау керек. Егер зейнет жасыңызда лайықты өмір сүруді, сапалы емделуді, жақсы демалуды жоспарлаған болсаңыз ойланбасқа болмайды.     

«Азын-аулақ зейнетақымды қайда жұмсасам екен, коммуналдық төлемдерді төлейін бе әлде дәрі-дәрмек сатып алайын ба? Мүмкін балаларыма азық-түлік сатып алғаным дұрыс шығар?» - деп, тиын санап қалудан құтылуға болады ма?

Болашақта осындай дилеммаға тап болмас үшін, зейнетақы қорының мамандары зейнет жасыңыздағы өміріңіздің қалай болатынын 50 немесе 40 жаста емес, одан да ерте кезде ойлануға кеңес береді. 

Ұрпақтар ынтымақтастығы бойынша қалыптасқан, мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақыны 1998 жылға дейін еңбек еткен жандар ғана ала алатынын ескере кеткен жөн.    

Мұндай ортақ жүйе жұмыс істеп, салық төлейтін тұрғындардың саны зейнеткерлердің санынан кемінде 4 есе артық болған жағдайда ғана өз жемісін береді екен. Бірақ Қазақстанда мұндай ара-қатынас өткен ғасырдың 90-шы жылдары бұзылған. 

Егер қазіргі таңда кез келген адамнан: «Бүгінгі зейнеткерлер үшін көп салық төлеуге дайынсың ба?» деп сұрасаң, «иә, дайынмын», - деп жауап беруі неғайбыл. Бұл түсінікті де. Өйткені ол неге өзі үшін емес, өзге үшін төлеуі керек? Мүмкін, бүгінгі зейнеткер жас кезінде жарытып жұмыс істемеген шығар. Ал бүгін басқа – кезінде жұмыс істеген зейнеткерлер секілді лайықты зейнетақы алғысы келеді. Бұл әділдікке жата ма? Жоқ!

Мінеки, осыдан барып зейнетақы Қорындағы жеке зейнетақы шотына өзіңнің зейнетақы жинақтарыңды жинау қажеттілігі туындайды. 

Отандық зейнетақы жүйесінің жинақтаушы құрамдаушы міндетті және ерікті деп аталатын екі бөлімнен тұрады.

2017 жылдың басына қарай зейнетақы жүйесінің міндетті бөлігі (10% міндетті зейнетақы жарналары және жұмыс берушілердің зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлері үшін өз қаражаты есебінен төлейтін 5%-дық міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары) зейнетақы жинақтарында 99,97 пайызды құрады. Ал ерікті зейнетақы жарналарын аударатындардың саны өкінішке қарай өте аз. Бұл салымшылардың бар-жоғы - 0,04 пайызын құрайды.  

Егер медицинаның дамуы арқасында зейнеткерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы ұлғайып жатқанын ескерер болсақ, әрине кімнің де болса ауырмай-сырқамай, тоқшылықта ұзақ өмір сүргісі келетіні анық.   

Қазіргі таңда көп адам Еуропа елдерінің зейнеткерлеріне қызыға қарайды. Өйткені олардың зейнет жасындағы өмірі лайықты қамтамасыз етілген. Олар қаржылық жағынан ешкімге тәуелді емес. Ал бұған, оларға мемлекет мол көлемде зейнетақы тағайындағаннан емес, зейнетақы қорына аударылған қаражаттың көлемді болғаны арқасында қол жеткізіп отыр. Оның үстіне батыс елдерінің зейнеткерлері өздерінің қарттық өмірін алдын ала ойластырады. Дамыған елдерде адамдар зейнетақылық жоспарын сонау студенттік кезеңнен бастап құрып, қарттық шаққа арнап өз еріктерімен саналы түрде қор жинай бастайды.  

Мемлекет бұл мәселеде оларға көмектеседі. Қалайша? Зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі жинақталған шақта, адамдарға зейнетақы жинақтарына қосымша ретінде мемлекеттен зейнетақы жәрдемақысы төленіп отырады.   

Ал бізге не кедергі? Зейнет жасына қор жинауда ең үлкен кедергілердің бірі – ол біздің өзіміз. «Уақыт бар ғой, әлі-ақ үлгеремін», - деп жүргеніміз... 

Ол аздай, қолбайлау болатын басқа да маңызды қажеттіліктер туындап жатады. Біресе тұрмыстық техниканы жаңалау керек болып қалады, біресе қарызды қайтару керек немесе көлік сатып алғың келеді. Осылайша қолда бар ақша жұмсала береді...

Тағы бір айта кететін жайт, осы біз неге жалақыны конвертпен алуға келісеміз? Кейде тіпті жұмыс істеуге ерінеміз немесе табыс алсақ та зейнетақы қорына жарна аударғымыз келмейді немесе аударуды ұмытамыз. 

Қанша жерден мықты маман болсаңыз да, айына қанша табыс тапсаңыз да, ерте ме, кеш пе зейнет жасына шығып, белсенді жұмысты тоқтатқан шақта, зейнетақыға деп жинаған ақшаға немесе мемлекеттен төленетін базалық зейнетақыға ғана өмір сүруге тура келеді. Бірақ, оның да мөлшері жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне тікелей байланысты!

Халықаралық Еңбек Ұйымының стандарттарына сәйкес, зейнетақының мөлшері орташа жалақының 40 пайызынан кем болмауы тиіс. Бұл дегеніңіз, зейнет жасына шыққан азаматтың табысы орташа жалақыдан екі еседен артық азайып кетуі мүмкін. Егер зейнеткер орташа жалақының 40 пайызын алатын болса, әрине оған күнделікті шығындарын азайтуға, өзінің өмір сүру салтын өзгертуге тура келеді. Ал жақсы коэффициент дегеніміз, ол – жалақының 80 және одан жоғары пайызы...

Кімде-кім зейнет жасында лайықты өмір сүргісі келсе, 63 жасқа дейін қанша қаржы жинауы керектігін, жарналардың мөлшерін қаншалықты  ұлғайтып, олардың қаншалықты жиі аударылуы керектігін бүгіннен бастап білуі керек. 

Ал бұл тұрғыда зейнетақы калькуляторының көмегі зор. Оны зейнетақы жүйесінің қатысушысы БЖЗҚ сайтынан көре алады.     

Егер сізде қосымша табыс көзі бар болса, онда олардан зейнетақы қорына аударымдар жасап тұру қажет. Сол табыстарыңыздың ең болмаса 5 пайызын ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударуға тырысыңыз.

Зейнетақы капиталын жасау үшін оған соншалықты бір арнайы білім немесе ептілік қажет емес. Алыс жолдың кішкентай қадамнан басталатынындай, зейнетақы капиталыңыз да зейнет жасыңыздағы өміріңізге арнап жинаған алғашқы теңгеден басталады.   

Зейнетақы жинақтарыңыздың сомасы жарналардың сомасына ғана емес, олардың зейнетақы қорына тұрақты түсіп тұруына да байланысты. Өкінішке қарай, зейнетақы жарналарын салымшылардың барлығы бірдей уақтылы аудара бермейді.  

Статистикалық көрсеткіштерге көз жүгір-телік. 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша белсенді салымшылардың жалпы санының 20 пайызы жылына 1 жарнадан 3 жарнаға дейін, 29 пайызы – жылына 4 жарнадан 9 жарнаға дейін, ал 51 пайызы – жылына 10 және одан да көп жарна аударады.

2017 жылдың алғашқы жартысында белсенді салымшылардың 20 пайызы  - 1 жарнадан 2 жарнаға дейін, 38 пайызы – 3 жарнадан 5 жарнаға дейін, ал 42 пайызы – жарналарды ай сайын аударып тұрған.  

Иә, лайықты соманы жинақтау үшін барлық табыс көзінен тұрақты түрде жарналар аударып тұру қажет.

Бұл ретте мемлекеттің өз жауапкершілігінен бас тартпайтынын айта кеткен жөн. Яғни, мемлекет зейнетақының базалық деңгейін (2018 жылдан бастап ол еңбек өтілі мен жинақтақаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай өсетін болады) және зейнетақы жинақтарының сақталу кепілдігін қамтамасыз етеді.  

Тек есіңізде болсын, меншікті зейнетақы капиталыңыздың жиналуына тек өзіңіз ғана жауаптысыз!

Тимур РАЕВ.

«АТЫҢ ШЫҚПАСА ЖЕР ӨРТЕ» НЕМЕСЕ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯНЫҢ СОЙЫЛЫН КІМ СОҒЫП ЖҮР?

Семейдегі Паровозная көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолын жөндеу мәселесі үш жылдан бері шешімін таппай келеді. Аталған көшеде орналасқан көзі нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернатының ата-аналар комитетінің төрайымы Зүлфия Беркеева бұл мәселені 2013 жылдан бастап қозғап жүр. Бұған қатысты жазылған ресми хаттар тиісті мекемелерге жіберілгенімен, еш нәтиже жоқ. Бұл туралы 13 қыркүйек күні Абай атындағы кітапханада өткен қоғамдық кеңестің кезектен тыс кеңейтілген отырысында айтылды.

Қоғам өміріне бей-жай қарамайтын қала тұрғынының сөзінше, Паровозная мен Сеченов көшелері қиылысындағы тозығы жеткен жаяу жүргіншілер жолы көру қабілеттері бұзылған балаларға қиындық туғызып отыр. Ол жерде тіпті жылдамдықты тежеуге және  мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы жол белгілері де орнатылмаған көрінеді.

- Бұл мәселе бойынша сан мәрте өтініш хаттар жібердім. Құзырлы органдар жаңа оқу жылында балалар асфальт төселген жолмен жүреді деп сендірген болатын. Жол белгілерін де орнатуға уәде берген еді. Ал көлік жүргізушілерінің басым көпшілігі жылдамдықты арттырып, бұл жермен көзі нашар көретін, зағип жандар өтетінін ескере бермейді, - дейді Зүлфия Беркеева.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серікқали Жұманов өз кезегінде жоғарыда аталған көшені күрделі жөндеуден өткізуге байланысты жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатқанын айтады. Ал жылдамдықты тежеу белгілері алдағы екі аптаның ішінде орнатылатынын жеткізді. 

Қоғамдық кеңесте қаралған келесі мәселе де қызу талқыға түсті. Семейлік Архат Қойшынов есімді тұрғынның қоғамдық кеңес атанын ҚР премьер – министрінің кеңсесіне және бірқатар министрдің жеке блогына жазған хаты қызу талқыланды. Өзін қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде таныстырып, хат жіберген тұрғынның ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті мен «Шығыс Қазақстан өңірлік энергетикалық компаниясы» АҚ (ары қарай «ШҚ ӨЭК» АҚ) арасындағы өзара дау-дамайды арқау етіп жазған хаты кеңес мүшелерінің наразылығын тудырды.

Қазіргі таңда облыста «ШҚ ӨЭК» АҚ мен ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің ШҚО бойынша департаменті арасында бір келіспеушілік бар. Нақтылай түссек, электр жарығына берешегі бар тұрғындарды электр жүйесінен ажыратуға ШҚ ӨЭК-ның құқығы бар. Бірақ келісімшарт бойынша тоқ көзінен ажыратылғанда электр жарығын қайта қосу бірінші ретте тегін болуы тиіс. Мысалы, 2013-2017 жылдар аралығында ақысыз түрде көрсетілетін қызмет үшін Өскемен және Семей қалаларының тұтынушыларынан барлығы 40 млн. теңге көлемінде қаржы жиналған екен. Осы ретте Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің ШҚО бойынша департаменті мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін тексеру жұмыстарын жүргізіп, ақыры бұл істі сотқа жіберді.

Ал хатқа келер болсақ, автор түрлі нормативтік-құқықтық актілерге, заңна-маларға, энергетика саласын реттеуші құжаттарға сүйене отырып, «ШҚ ӨЭК» АҚ пен аймақтағы  табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитеттің ШҚО бойынша департаментінің позициясын көрсетіп жазған. Мәселен, оның сөзінше «Комитеттің ШҚ ӨЭК-ын сотқа беретіндей еш айғағы жоқ әрі бұл Заң талаптарына сәйкес келмейді» делінген хатта. Алайда мұндай ұстанымға қоғамдық кеңес мүшелері еш келіспейді. «ШҚО әкімдігінің бұйрығымен қабылданған коммуналдық қызметтерді ұсынудың ережелері бар»,- дейді олар. Заң аясында жасалған ереженің 16 пунктінің 4-ші бөлімінде электр жарығы қиылғаннан кейін ажыратылған жарықты қайта қосу үшін энергетиктер ақша алмауы керек. 

- Қоғамдық кеңес атын жамылып, энергетикалық компанияның сойылын соғып министрлікке хат жолдаған Архат Қойшынов есімді қала тұрғыны барша қоғамдық кеңестің абыройына нұқсан келтірді. Бір қызығы, қоғамдық кеңеске оның еш қатысы жоқ және қайда жұмыс істейтінінен де бейхабармыз. Хаттың кәсіби тұрғыда өте сауатты жазылғанына қарағанда, бұл энергетикалық компанияның адамы болуы мүмкін. Осы орайда біз үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын «қоғамдық кеңес мүшесін» қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін прокуратураға арыз жаздық. Ал екі тарап арасындағы іске келер болсақ, кеңес мүшелері қарапайым халық мүддесін қорғап жүрген комитетті бір кісідей қолдайды. Десек те, мәселені егжей-тегжейлі сараптамадан өткізетін сот мамандары қара қылды қақ жаратын әділ шешім шығарады деген сенімдеміз,- деп түйіндеді қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Жанна Жыбраева.

Кеңес отырысында психикалық ауыт-қушылығы бар балаларды мектепке дейінгі білім беру орындарына орналастыру, Семей қаласының дамуына елеулі үлес қосқан әскери инженер, топограф, құрылысшы Иван Андреевке мемориалдық тақта орнату сияқты мәселелер де қаралды.

Жібек СЕРҒАЗЫ

ОТАНДЫҚ ТУРИЗМ ОҢАЛЫП КЕЛЕДІ

 

Сонымен, жаздың екінші айын да артқа салдық. Жыл  бойы  асыға күтетін жазғы демалысын әркім әртүрлі жоспарлайды.  Әрине, көрпеге қарай көсілмеске тағы амал жоқ. Жағдайы көтерген отандастарымыз туристік фирмалардың жарнамаларының жетегімен шетелге бет алады. Түркияға барып, Жерорта теңізінің жағасында немесе БАӘ Парсы шығанағы жағалауында, Қара теңізде, Испанияда Канар аралдарында демалған жақсы–ау, жағдай келсе. Дегенмен биыл жаһандық туризмнің жұмысына әлемді жайлаған лаңкестік оқиғалар да көлеңкесін түсірмей қалмағандай ма, қалай?..

Отандық демалыс орындары санатындағы айдынды Алакөл,  буырқанған Бурабайды  таңдағандар саны жылдағыдан көбейе түсіпті. «Мойылды», «Жаңақорған», «Сарыағаш» сынды шипажайлар да  дертке дауа іздегендердің көңілінен шыққан сияқты. «Минералды ресурстарға бай болғандықтан, Алакөл тері ауруларынан айықтыратын таптырмас қасиетке ие»,- деседі барып жүргендер.

Алакөлде демалу үшін  бір күнде кем дегенде 5000 теңге ақша қалтада болу керек болса, көрші Керекудегі «Мойылды» шипажайында демалудың бір күні 9000 – 28000 аралығында екен. Ал Бурабайда  демалу Біріккен Араб Әмірліктері мен Грузиядан да қымбатқа түсетін көрінеді. Биылғы жыл еліміз үшін  халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесімен де елеулі жыл болып тұр. Жазғы демалысын ала сала бас қала Астанаға бет алып, ЭКСПО-ны тамашалаушылар саны да аз емес. Бұл орайда да қиындықтар жетерлік. Ұшақтың бағасы ұшып тұр. Ал пойызға жаз маусымында билет алу да оңай емес. Айтпақшы, Семей - Үржар   бағытында самолет ұша бастағаны көпшілікті қуантып тастаған еді. Өкінішке орай, Алакөлде демалуды жоспарлағандар ұшаққа билетті алдын ала алып қоймаса болмайтын көрінеді.

Алакөлдің инфрақұрылымын жақсарту жолында бірқатар игі істер атқарылғандығынан хабардармыз.  Жергілікті атқарушы билік тарапынан келешекте Алакөлдегі демалыс Анталиядан кем болмайды дегенді де естіп жатырмыз. Отандық туризмді дамыту арқылы  шетелдің бюджетіне құйылатын қаржыны елімізде қалдыру өте маңызды мәселе екендігі белгілі. Шетелдіктер ат арытып Анталияға емес, Алакөлге ағылса, қазақ жері мен елінің бай тарихымен танысса, мерейіміз үстем болмай ма? Балаларымызды мұхиттың арғы бетіне сүйремей, қолда бар дүниемізді ұлықтап, отандық туризмді дамыту арқылы жас ұрпаққа өз жерінде демалу мүмкіндігін жасай отырып, отансүйгіштік рухта тәрбиелеудің маңызды екенін де естен шығармаған дұрыс болар.

Сонымен, жазғы демалысын кім қайда өткізді деген сауал төңірегінде бірқатар адамдарға сұрақ тастаған едік. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Семей филиалының директоры, Семей қалалық мәслихатының депутаты Дариға Даирова жазғы демалысын ала сала Алакөлге бет алған екен.

- Өзім Үржар ауданының тумасы болғандықтан болар, Алакөл жаныма ерекше жақын. Жаз бастала туған жерімді, Алакөлді сағынып жетемін. Атамекеннің тамылжыған табиғатының аясында демалу мен үшін ғажайып көңіл-күй сыйлайды. Биыл Алакөл жағалауының  жаңаша түрлене бастағанын көріп қуанып қайттым,- дейді Дариға Абайқызы.

Семей қалалық Мәдениет сарайының директоры Нүриден Иманбаев жазғы еңбек демалысында «Мойылды» шипажайында ем қабылдауды жөн көріпті:

- Жұбайым Бақыт екеуіміз биылғы жазғы демалысымызды өткізуге «Мойылды» шипажайын таңдадық. Демалып келгендерден сұрап, ғаламтордағы халықтың жағымды пікірлерін естіген соң ойланбастан көрші облысқа тартып кеттік. Шипажай көңілімізден шықты. Ас мәзірі, емі, қызметкерлердің ілтипаттылығы тұрғысынан да жақсы әсер қалдырды,- дейді Нүриден Құсманұлы.

Ал Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Садырбаев жазғы еңбек демалысын тәуелсіз қазақ елінің тарихындағы елеулі оқиға «ЭКСПО - 2017» көрмесін тамашалаудан бастапты:

- Бас қаламыз Астананың  осындай көрмені өткізген әлемдегі 35 қаланың қатарына қосылғаны барша қазақстандықтар үшін мақтаныш емес пе!? Астана үш ай бойы бүкіл әлемнің жетістіктерін әйгілі ететін басты алаңға айналды.  Қазақ елінің әлемді мекендеген барша халыққа жаңа қырынан танылып жатқандығын ойлағанда, кеудемізді  өз елімізге деген мақтаныш сезімі кернейді. Көрмені тамашалауға ұжымымызбен барып қайттық. Осы жағымды оқиғадан басталған жазғы демалысымды пайдаланып, Астанадан әрі - жер шоқтығы Көкшетауға сапарлап қайттым. Көкше төріндегі Бурабайдың, Жұмбақтас пен Оқжетпестің көз тартар сұлулығын:

Жер шоқтығы – Көкшетау,

Бауыры толған бақша-бау.

Төңірегің сексен көл,

Иісің жұпар аңқиды-ау!– деп Біржан салға жыр жаздырған  Қазақстанның ең бір әдемі  жерінің табиғатын тамашалап қайту ғажап әсер қалдырды,- дейді Айдар Серікқазыұлы.

Ерзат ЖАНАТҰЛЫ

МЕДЕУ СӘРСЕКЕ ЖАҢА КІТАБЫМЕН «ЭКСПО-2017-ГЕ» ҚАТЫСАДЫ

 

 

 

 

 

Өткен аптада жерлес жазушымыздың Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспасы жарыққа шығарған «СӘТБАЕВ ҰЛАҒАТЫ» немесе «УРОКИ САТПАЕВА» деп аталған жаңа кітабының сүйінші данасы Семейге келді. Медеу Сәрсеке сол кітабымен 9 маусымда ашылған «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатыспақ. Бұл енді күллі семейліктер үшін тосын жаңалық! Сол себептен біздің тілші жазушының үйіне барып, көкейкесті бірнеше сауал қойған еді.

– Медеу аға, жаңа кітабыңыз құтты болсын! Көріп отырмыз, мұқабасы да, тыстығы да, көлемі де айтарлықтай мол (үлкен форматпен басылған, көлемі 460 бет, 70 шамалы беті түрлі - түсті суреттермен безендірілгенген). Сіздің академик Қ.И. Сәтбаев туралы соңғы қырық жылда Мәскеу, Алматы және Астанадан жарық көрген деректі шығармаларыңыз  халыққа мәлім. Ал мына туындыңыздың жөні солардың бірде-біріне ұқсамайды. Ерекше көркемделген, ішіндегі мәтін де өзгеше. Сонда бұл ұлы ғалым туралы жаңа кітап па? Оған қоса «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу мәселесі қалайша шешілді?

– Ақпан айының аяқ шенінде мен Алматыда болдым, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, жерлесіміз Ғалымқайыр Мұтанов өздерінде шығатын «Өнегелі өмір» топтамасы үшін бұрынғы кітабымның қолжазбасын сұрады. Және айтқаны: «Кітабыңызды көркемдеп басамыз, тек біз қаламақы төлемейміз. Соның орнына өзіңізге қажетінше кітап сыйлаймыз...»– деді. Университет баспасының техникалық мүмкіндігі жоғары екенін білетінмін, екі жыл бұрын тарихшы Е.Бекмаханов туралы кітабымды екі тілде бірдей аса көркемдеп шығарған-ды. Қысқасы, келістім. Тек Қаныш ағайдың дүйім жұртқа мәлім өмірлік деректерін қайталамай, «Сәтбаев ұлағаты» деген атауды таңдап, соған орай ішкі мәні мен мазмұны ерекше, әрине, қауымдық мәні зор жайттарды сөз ететін, өзімнің қолымдағы түрліше материалдарды (кейбірі мерзімді баспасөзде жарияланған, кейбірі архивімде жатқан тосын да тарихи деректерді суырып), қысқасы, танымдық ұлағаты өзгеше жинақ құрастырдым. Қолжазбасын оқыған редколлегия сол жайт-тарды ұнатып, кітапты «Өнегелі өмір» топтамасынан гөрі басқаша жөнде шығаруға шешім қабылдапты және соны тездетіп басуға бұйрық берген-міс. Мен оны білмеймін, мәтінді және суреттерді тапсырып, мұқабасын ұнаттым да, Семейге қайтып кеттім. Бұл - наурыздың аяқ шені...

– Демек, университет баспасы кітапты бірден «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындаған ба? Бұл хабарды сіз қашан білдіңіз?

– Баспаның қызметкерлері - ерекше ұқыпты адамдар. Баспа директоры Асан Талғатбекұлы, бөлім меңгерушісі Назым Қопабаева және редакторлары, Нұрдәулет есімді суретшісі өз жұмыстарына ұқыпты. Тоқ етерін айтқанда, университет басшылары да «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатын болдық, соған апаратын кітаптарымызды ерекше көркемдеп шығаруға тиіспіз деген тапсырма берген. Көрмеге дайындаған кітаптарының бірі – менің туындым. Мен бұл жайтты сәуір айында білдім. Біліп қана қойғам жоқ, «Сәтбаев ұлағатын» даралап шығарып, «Маусымның 16-сы күні көрменің арнаулы залында Сіздің кітабыңызға тұсаукесер өткіземіз, Сізді соған арнайы шақырамыз» деген хабар берді. Содан, айтып-айтпай не керек, мау-сым туа жаңа туындымның сүйінші данасын алдым... Осылайша, қарағым, көп жылдық еңбегімнің бағасы төленіп, ерекше ризалық сезімде отырмын. Жазушы үшін жақсы көркемделген сүбелі кітап - перзент сүйгенмен бірдей қуаныш. Немерелерімді санамаймын, қазір-де менде, шүкір деймін, бес шөбе-ре бар, мына кі-тап маған алтыншы шөбере сүйгізгендей қуанышқа бөледі.

–  Осы кітабы-ңызға енген материалдар туралы не дейсіз? Оқырман үшін бұл да мәнді мәселе...

– Бұл енді ұзаққа созылар әңгіме. Құдай жөні, осы кітаптың бірнешеуін мен қаладағы кітапханаларға сыйламақпын, ділгер еткен жұрт «Сәтбаев ұлағатын» содан оқыр деген ойдамын. Ал қазірше айтарым: бұл кітапта мен Қаныш Имантайұлының өмірдеректерін бұрынғыдай жалпылама тізгем жоқ. Оның орнына бүгінгі қауымға сабақ болар оқиғалар баяндалған материалдарды келтірдім. Олар енді замандастары сыр ғып шерткен жайттар. Ең бастысы, ұлы ғалымның өмір жолындағы көлеңкелі жайттарды аштым, соларға  көзқарасын шерту арқылы Сәтбаев ұлағаты тарқатылды. Менің осы тақырыпқа кіріскеніме биыл елу жыл болды. Сол жылдарда басымнан кешкен бейнетім де аз емес. Солардың кейбірін айғақтар арқылы тарқаттым. Мысалы, осы кітапта жарияланған «Отыз жылға кешіккен жауап» оқиғасы. Немесе «Сәтбаевтың» мәскеулік редакторы В.Калугиннің маған 1980 жылы жолдаған хаты. Бұл хатты келтірген себебім - республикалық бір үлкен газет сол жылы менің осы еңбегімді төрт мәрте іске алғысыз етіп, «Мәскеу соның қолжазбасы әлсіздігіне қарамастан, қаһарманы Сәтбаев болған соң, амалсыз шығарыпты-мыс» деген өтірікті де ойдан шығарып, жөнсіз әжуа еткен-ді. Ал редактор жолдаған хатта мүлдем басқа жайт баяндалған... Шынтуайтын айтқанда, айналымға тұңғыш рет шығарып отырған осындай жайттар кітабымда сан алуан. Оны енді тап қазір түгендесем, қарағым, менің егде жасым көтерген мақтаныш болады. Сондықтан сол жайттарды білгісі келген жұртқа кітабымды оқуды өтінемін. Жинақтың екінші бөлімі менің «Сәтбаев» деген кітабыма жазылған пікірлер мен хаттардан тұрады. Қалалық архивте маған ашылған қор бар, онда «Сәтбаевқа» қатысты бірнеше бума хаттар бар, солардың кейбірін қостым. «Сәтбаев» кітабым жарық көрген кезде, маған жан-жақтан жүздеген хаттар келді. Қаныш Сәтбаевтің 100 жылдығынан кейін жарыққа шыққан «Через тернии» деген кітабымда «Сәтбаевты» қалай жаздым, кімдер бөгет жасады - барлығы айтылған. Сол туындым туған елімде 14 жыл бойы жарық көрмей жатты... 

– Байқауымша, Медеу аға, осы кітапта көп жылдар бойы ішіңізде сақталған көп жайт-тарды ашқансыз. Әсіресе жеке дараланған «Ақиқатты ашар уақыт туды» деп аталған үшінші бөлімде сіз Сәтбаев тақырыбына қалайша келгеніңізді, сол жолда кешкен бейнетіңіз бен зейнетіңізді, «Сәтбаев» кітабыңыздың Мәскеу баспасынан қалай шыққанын да түре ашыпсыз....  

–  Жә, қарағым, жаңа кітаптың күллі оқиғасын баяндауға жетелеп отырсың. Осымен жоралғы әңгімені доғарайық. Кітаптың Астанада жобаланған тұсаукесері өтсін. Кітаптың таралымы да Семейге келсін. Анығында, жарық дүниеге келген кітапты бүге-шігесін ашып, ұзақ сонар әңгімелеу қажет емес. Құдай жөні, оны оқып, оқырман пікірін тыңдау - ғанибет іс.

Менің Қаныш ағайдың өмір жолына деген ынтызарлығым қазақ халқына деген перзенттік парызымның өтеуі дер едім. Біздің ұлттан осындай ұлы ғалымның туғанын ардақтау арқылы мен өз ұлтымның рухани ділінің жоғарылығын көрсетіп отырмын. Мен осы істе қателескен жоқпын. Бейнет тарттым, зейнеттен де құралақан емеспін. Соның айқын төлеуі  «ЭКСПО-2017» көрмесіне «Сәтбаев ұлағатымен» қатысуым емес пе?!

Сұхбаттасқан  Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57