ЕМХАНАНЫҢ ӘУРЕСІ

Біздің елімізде бірқатар медициналық қызмет тегін. Шыны керек, ақысыз медициналық көмектің шырғалаңы көп болып тұр. Өзгелерді қайдам, әйтеуір, өз басым осы уақытқа дейін тіркелген емханамнан жарытып ем ала алмадым. Жүгінгені былай тұрсын, ақ халатты абзал жандардың алдына жетудің өзі күш.

Тұрақты мекенжайым бойынша, №1 қалалық емханаға тіркелгенмін. (Оның алдында медбикелер тұрақты жұмысыңыз жоқ деп тіркемеді). Медициналық картамның өзі сол кезде біраз қиындықпен ашылған. Бірде дәрігер еңбек демалысында, бірде медбикелер жұмыс орнынан табылмады. Хош, мұның бәрін кездейсоқтық деп айтуға да болар.

Кезек арқылы дәрігердің қабылдауына кіру мүмкін еместін түсінген соң учаскелік терапевт дәрігерге күні бұрын жазылып қойдым. Оның алдында талай рет тауым шағылып қайтқаным есімде. Дегенмен бұл жолы да жолым болмады. Жазылған уақытымда дәрігер басқа науқасты қабылдап отыр екен. Медбикелер «күт» деп бұйырған соң, амалсыз тағы біраз күтуге тура келді. Алайда әр минуты санаулы басқа науқастар мені күтіп отыра ма? Менен кейін жазылғандар да алдымды орап кете барды. Арасында медбикелердің «пәленбаевтың» тегін атап шақырып алатын әдеті тағы бар.

Сонымен, белгіленген уақытым-нан кешігіп, дәрігердің қабылдауына кірдім. Енді медициналық картам жоқ болып шықты. Медбикелер емделушінің құжатын алдын ала тауып, әкеліп қоюы тиіс еді. Кімнің салғырттығынан картамның жоғалып кеткенін білмедім, бірақ сол күні тегін медициналық ем алудың қиындығына тағы көз жеткіздім. Терапевтен көз дәрігеріне жолдама ала қояйын деген үмітім ақталмады. Карта ашу үшін де бірнеше кабинеттің есігін тоздыруға тура келеді. Үйде бос отырған адам болмаса, оның бәріне уақыт қайда? Амал жоқ, тағы да ақылы медициналық қызметтің көмегіне жүгінуге тура келді. Оның үстіне аталған ауруханада офтольмолог та тапшы болып шықты. Консультациялық кеңес алу үшін дәрігердің қабылдануына ай бұрын жазылу керек екен.  

Мұндай жағдайлардың бір емес, бірнеше рет қайталануы қолыма еріксіз қалам алдырып отыр. Студенттік жылдары да №5 емхананың талай әуре-сарсаңын көрген едік. Мен дәрігерлердің кәсіби қызметіне сын айтудан аулақпын. Тек олардың алдына жетудің біз үшін машақат екенін жеткізгім келеді. Ақ халатты абзал жандар мен медбикелер ем алушыларға дұрыс бағдар көрсетіп, өздерінің де, науқастардың да уақытын бағалауды үйренсе екен. Әркім өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, қызметтік этиканы сақтай білсе, кім біледі, алдағы уақытта дамыған 30 елдің қатарына қосылып қалармыз?!

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

ЕҢ ТӨМЕН ЖАЛАҚЫ ҚАНША КҮНГЕ ЖЕТЕДІ?

Елімізде биылғы жылдың қаңтар айынан бастап ең төменгі жалақы көлемі 28 284 теңгені құрапты. Осы қаражатқа күнелтіп отырған жанұя келесі айлыққа дейін қалай жетеді деген сауалға журналистік әуестікпен жауап іздеп, еңбекақымды қолға алғаннан кейін 28 284 теңгені бөлек алдым да, бір айлық күнкөріс жоспарын жасадым.

Ауылда анам мен әкеме еркелеп өскен қазақтың қызымын. Жасыратыны жоқ, не ішем, не киемін деген уайым менде болған емес. Бүгінде ата-анамнан жырақта жүрсем де, қаржы тапшылығын әлі күнге дейін сезінген кезім жоқ. Семейге оқуға келгенде де пәтер іздеп сабылмадым. Әлі күнге әжемнің үйінде аға – жеңгеммен бірге тұратындықтан, пәтерақы мен коммуналдық қызметтерге бас ауыртпаймын. Жұмыс орным үйіме жақын болғандықтан, жол ақысына кететін 160 теңгем де қалтамда қалады. Түскі асты да үйден әкелемін. Тек күнделікті ұсақ-түйек шығындарымды есептеп, екі аптаға күнделік жасап көрдім. Сонымен:

1 қаңтар. Жаңа жыл қарсаңында біздің үйдегілердің бәрі Астанаға жол тартты. Әзірше үйде жалғызбын. Мерекеден қалған тәтті-дәмділер тоңазытқышта толып тұр.  1550 теңгеге торт алдым да, құрбыма жол тарттым. Жол ақысына 160 теңгеге шығындалдым.

2 қаңтар. 90 теңгеге бір бөлке қара нан, 500 теңгеге жарты келі май алдым.

3 қаңтар. 180 теңгеге бір лимон өлшетіп алып, тұмаудан емделдім. 250 грамдық «Пиала» шайы 690 теңгеге түсті. 

4 қаңтар. Жұмысым компьютермен байланысты болғандықтан, көзім көптен бері мазалап жүр. Офтольмологиялық орталыққа бардым.  Дәрігердің қабылдауы 4000 теңге екен. Қосымша анализ үшін 350 теңге төледім. Көз қысымым қалпында. Дәрігер «аллергия» деген диагноз қойды. 1550 теңгеге комбинил-дуо, 910 теңгеге гидробаланс, 1890 теңгеге ирифрин дәрілерін алдым және жолға 160 теңге жараттым. 

5 қаңтар. Телефонымда бірлік таусылды. 790 теңгеге «Сұхбат +» тарифіне қосылдым. Бұл тариф те  190 теңгеге қымбаттапты.

6 қаңтар. 870 теңгеге томат пастасын, 355 теңгеге 2 келі макарон, 910 теңгеге 2 литр күнбағыс майын алып, тоңазытқышты қалтамдағы қаржыма сәйкес толтырып қойдым.

7 қаңтар. 1540 теңгені пияз, орамжапырақ және картоп алуға жұмсадым.

8 қаңтар. Бұл күні майлылығы 6 проценттік сүтті 350 теңгеге алсам, 60 теңге нанға кетті.

9 қаңтар. Ауылдағы анам мен әкемнің «қара қызыма» деп жіберген еті де таусылды. Амал жоқ, ай соңына дейін белокты диета ұстануға тура келеді. 260 теңгеге он жұмыртқа сатып алдым.

10 қаңтар. 195 теңге ботқа жармасына, 60 теңге нанға кетті.

11 қаңтар. 135 теңгеге 5 жұмыртқа, 255 теңгеге сушки деп аталатын қытырлақ нан алдым.

12 қаңтар. 345 теңгені айранға, 60 теңгені нанға, 500 теңгені түскі асқа төледім.

13 қаңтар. 650 теңгеге шаш жуатын сусабын (шампунь), 210 теңгеге сабын, 380 теңгеге крем алдым. (Мына түріммен сән салондарының есігінен де қарай алмайтын сияқтымын ғой.) 

14 қаңтар. Жексенбі күні бір нан мен сүт алдым да, үйде жатып демалдым. Қыдыратын шамам болмады.

15 қаңтар. Қырсық шалғанда, ескі етігімнің табаны қақ бөлінді. Ең аз жалақыға күнелтетіндер үшін бағасы тиімді «Жансая» базарын бетке алдым. Сатушы әпкеммен тәуір саудаласып, бір аяқ киім үшін 8 мың теңгеге шығындалдым. Жұқа бас киімімнен де суық өтіп барады. Алайда лимит шектеулі. Соңғы тиынымды санап автобусқа отырдым.

Енді дәмді тағам жегім келіп, тәбетім ашылып келеді. Құрығыр етігім бөлінбегенде, әлі бір апта тойып тамақ ішер ме едім? Майға қуырылған макароннан әбден мезі болсам да өзімді «шыдау керек» деп қамшылап, диванға қисая кеттім.

Бір кезде ойда жоқта әкем мен анам келіп, ауылдан әкелген қазы-қартасын, сары майы мен кілегейін, сары бауырсағын алдыма тосты. Қазы-қартаны көргенде анам мен әкемді сағынғаным да есімнен шығып кеткендей... Әйтеуір, қуанышымда шек жоқ...

Оянып кетсем, түсім екен.

Сонымен, экспериментке бөлген 28 мың 284 теңгем тек екі аптаға жетті. Аш адамның түсіне тамақтан басқа не кірсін?

P.S: 28 284 теңге менің бір ғана өзіме екі аптаға тақыл – тұқылмен жеткенін жоғарыдағы есебімнен-ақ аңғаруға болады. Ал осы қаражатқа күн көріп отырған қаншама жанұя бар екенін ескерсек, не ойларыңды да білмейді екенсің... Бір кем дүние...

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

БАҒА, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?

Азық-түлік бағасын қымбаттату үрдісі жыл санап артып келеді. Бұрындары мұндай көрініс тек маусымдық кезеңдерде белең алып жатса, бүгінгі күні оған да қарамайды. Қымбатшылықтың салқынын сезінгелі халық жабық инфляцияға да, ашық инфляциялық үдеріске де таңғалмайтын болды. Енді қайтсін, адам болғаннан кейін тіршілігін жасайды да. Қалталары қалыңдар қымбатшылықты пысқырмайды. Әлдекімдер болса әрең күнін көріп жүр. Адал еңбек, маңдай термен тапқан-таянғанын күнделікті тұтынатын азық-түлікке әупірімдеп жеткізіп, жан бағып жүрген жандар қаншама.

Сонымен, баға мен шама арасының алшақтауына не себеп? Бағаны тұрақтандырудың амалы қайсы? Көпшілік көңілін күпті еткен сауалдарға әркім әділ жауап іздейді. Ендеше, шама-шарқымызша біз де бұл мәселені бағамдап көрелік.

Бізде бағаны тұрақтандыру Үкіметтің бақылауында. Мемлекет тарапынан қолға алынған тиісті шаралар шеңберінде арнайы құрылған тұрақтандыру қорлары жұмыс істейтінін де жақсы білеміз. Бұл бағаның негізсіз шарықтап кетпеуіне әрі алыпсатарлыққа тосқауыл қоюға, маусымдық ауытқушылық кезінде орын алатын азық-түлік нарығын реттеуге ықпал етеді. Тұрақтандыру қорлары демекші, мұндай қор Семейде 2010 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Аталған қор жыл сайын билік бекіткен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын шаруа қожалықтарынан сатып алып, халыққа қолжетімді бағада ұсынуы тиіс. Десек те азық-түлік бағасын көріп, бұл жай ғана көзбояушылық па деген әсерде қаласың кей кездері. «Әлде бұл бағыттағы шаралар тиісті деңгейде атқарылып жатқан жоқ па?» деген ой да мазалайды.

Семей қаласының статистика басқармасының ресми мәліметтеріне сүйенсек, 2017 жылы әлеуметтік маңызы бар тауардың тек екеуінің ғана бағасы өскен. Қырыққабат 11,3 пайызға, тауық жұмыртқасы 2,1 пайызға қымбаттаған деседі. Бірінші сұрыпты ұн - 4,3, рожки - 2,1, қарақұмық - 3,4, күріш - 0,9, картоп - 8,8, пияз бен қырыққабат - 2, қант - 0,9, тауық еті - 1,8, пастерленген сүт - 2,1, сары май мен сүзбе 0,9 пайызға арзандаған, ал бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан, күнбағыс майы, сиыр еті, айран және тұздың бағасы тұрақты дейді ресми дерек.

- Базарда бәрі де қымбат. Ай сайын қолымызға тиетін еңбекақының басым бөлігі азық-түлікке жұмсалады. Оған қоса коммуналдық шығындарды да дер кезінде өтеп отыру керек. Тұрақтандыру қоры көкөністерінің сапасы кейде көңіл көншітпейді. Сондықтан жергілікті өнімді емес, өзге аймақтардан әкелінген көкөністерді ара-тұра тұтынуға тура келеді. Ал олардың бағасы әлдеқайда қымбат,-дейді Семей қаласының тұрғыны Маржан Құрмашева.

- Біз азық-түлік тауарларын көтерме бағамен сатып аламыз. Бағаның өсуінен бізге еш пайда жоқ. Қымбат тауарды ешкім де сатып алғысы келмейді,- деп ағынан жарылды саудагер Назигүл.

Сонымен, қымбатшылық-тың басты себептері қандай? Осы сұрақтың нақты жауабын алу үшін қалалық кәсіпкерлік бөлімге келдік. Бөлім басшысы міндетін атқарып отырған Бауыржан Юсупов бағаның сан құбылуын ұлттық валютаның әлсіреуі, табиғи монополиялар қызметіне тарифтердің өсуі, маусымаралық кезең, көлік-логистикалық инфрақұрылым сынды бірқатар факторлармен байланыстырады.

Қазақстан Республикасы-ның Статистика комитетінің мәліметі бойынша, Жаңа жылдың 3-9 қаңтары күндері күріштің 1,8, қарақұмықтың 2,1, тауық етінің 2,2, пастерленген сүт пен қанттың 0,9 пайызға төмендегенін байқауға болады. Ал сәбіз бен пияздың бағасы - 2, қырыққабат 6,4 пайызға көтеріліп үлгерген. Семейде, күнделікті мониторингке сәйкес, 1-16 қаңтар аралығында қарақұмық - 4,8, картоп - 3, сәбіз - 2,1 және қант 2,8 пайызға арзандаған.

- Маусымаралық кезеңде өсімдік өнімдерінің бағасы бірден қымбаттайды. Мысалы, қанттың бағасы жаз ортасында және соңында күрт өседі. Өткен жылы қант бағасының себепсіз өсуіне жол бермедік. Баға тұрақты болды. Ал жеміс – жидек, көкөніс өнімдері бағасының көтерілуі бірінші желтоқсаннан бастап көктем айларының аяғына шейін жалғасады,- деді Семей қаласы кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Юсупов.

Бауыржан Юсуповтың айтуынша, жоғарыда аталған әлеуметтік маңызы бар тауарларды жүзеге асыру бойынша сауда мекемелерімен меморандумдарға қол қойылған. Маусымдық ауытқу кезеңінде сүт және сүт өнімдері бағасын реттеу мақсатында 2018 жылдың 15 қаңтарында «Эмиль», «Багратион», «Восток Молоко» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен тауарды жеткізудегі бағаны тұрақтандыру жөнінде келісімшарт жасалған. Сүт өнімдері ең төменгі - 5-7 пайыздық үстеме бағамен сатылып алынатын болады.

Өткен жылдың 16 қарашасында бастау алған Семейдегі тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларын жүзеге асыру жұмысы ағымдағы жылдың 15 мамыр айына дейін жалғаспақ. 45 сауда нүктелерінде саудаланатын бұл өнімдердің бірыңғай бағасы бір келі үшін 83 теңге. Қала тұрғындары үшін 4200 тонна көкөніс өнімдері сатылып алынды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 1 мың тоннаға көп. 2018 жылғы 16 қаңтар күнгі мониторинг бойынша, тұрақтандыру қорында сақталған өнімнің 1492 тоннасы игерілген. Айтпақшы, бұған дейін әлеуметтік маңыздағы азық-түліктердің қатарында 33 түрлі тауар болған. Үкіметтің 2017 жылғы 27 наурыздағы №137 қаулысымен тізім жаңартылып, тауар түрлері 19-ға қысқарды: 

1. Бірінші сұрыпты ұн

2. нан (1-сұрып)

3. рожки

4. қарақұмық

5. күріш

6. картоп

7. сәбіз

8. пияз

9. қырыққабат

10. қант

11. күнбағыс майы

12. сиыр еті

13. тауық еті

14. пастерленген сүт (май-лылығы 2,5 пайыз)

15. айран (майлылығы 2,5 пайыз)

16. сары май

17. тауық жұмыртқасы (1-категория)

18. тұз («Экстрадан» басқасы)

19. сүзбе (майлылығы 5-9 пайыз)

Көріп отырғандарыңыздай, бұл тізімнен қой еті, шай, қызылша және басқа да қажетті азық – түлік түрлері алынып тасталған. Жо-жоқ, біздің елде шайға деген сұраныс жоқ емес. Тек қазіргі нарық заманында шайдың сан алуан түрі өндірілетіндіктен, оның бағасын бақылау оңайға соқпасы анық. Сондықтан да жоғарғы билік шай бағасын реттеп, бақылаудан бас тартып отырған көрінеді. Ал қой еті ең маңызды тауарлар қатарынан қазақстандықтардың көбінесе сиыр және тауық еттерін қолдануы себебінен түсіп қалған екен.

Халық ең көп тұтынатын әлеуметтік маңызға ие тауарлардың бағасын білу мақсатында базарға жол тарттым. Ең алдымен ет бағасын білуді жөн көріп, ет өнімдері саудаланатын жаққа қарай бет алдым. Сөрелерде сиыр, жылқы, қой еттері, қазы-қарта самсап тұрғанымен, саудагерлердің қабағы қатулы. Ерте барғаннан кейін бе, жоқ әлде қалтасы жұқарған ба, халықтың қарасы көп болмады мұнда. Сиыр етінің бағасы 1600-1800 теңге екен. Тауық еті 680, кей нүктелерде 690-700 теңге шамасында. Ет сататын нүктеден шығып, ары қарай азық-түлік тауарлары сатылатын бөлімге өттім. Мұндағы нан бағасының (60-65 теңге) тұрақтылығына көз жеткізген бойда жеміс, көкөністердің бағасын сұрастыра бастадым. Картоп, сәбіз, пияздардың бағасы 120-140 теңге көлемінде, ал жаңа жылдың алдында 85 теңгеге бағаланған қырыққабат едәуір қымбаттапты. Бағасы 100-110 теңге айналасында. Бірінші сұрыпты ұнның бір келісі 135 теңге болса, біздің өңірге Астанадан жеткізілетін жұмыртқаның он данасы категорияларына байланысты 210-240-270 теңгеден сатылып жатыр. Күнбағыс майы да түр-түріне қарай 380, 420 теңге шамасында. Жеміс-жидектер пісіп, тосап қайнататын нағыз қызған науқанда бірден шарықтап кететін қанттың бағасы 200 теңге. Бұл алдағы жылдармен салыстырғанда біршама арзан. Қалған тауарлардың құны қаз қалпында сақталыпты.

Экономистердің пайымдауынша, азық-түлік өнімдерінің ішінде ет, сүт өнімдері, шұжық, қаймақ, жұмыртқа, көкөністер мен жемістер бағасының көтерілуі 6-5% инфляция деңгейімен өлшенеді. Сонымен бірге бағаның өсуі электр энергиясын жеткізушілердің, тұқым, минералдық тыңайтқыштар-дың бағасының жоғары-лауымен байланыстырылады. Себебі олар алынған өнімнің өзіндік құнын арттырады.

 -  Еттің бағасы маусымға байланысты да құбылып отырады. Болашақта малды бордақылау, құс өсіру, сүт өнімдерін өндіру, жем-шөп дайындау және т.б. ауылшаруашылық кооперативтеріне біріктірілсе, мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайтады және сәйкесінше баға төмендейді. Монополияға қарсы орган азық-түлік өнімдеріне бағаның негізсіз өсуіне, сондай-ақ олардың тапшылығына жол бермейді. Дегенмен баға тербелісін тұрақтандыру үшін бірнеше шараларды жүзеге асыру қажет.

Біріншіден, бағамен салыстыра отырып, жеткізудің жаңа каналдарын іздестіру керек.

Екіншіден, бағаның маусымдық өсуі кезінде бұрынғыдай тұрақтандыру қорының жұмыстарын жаңғыртуды қолға алу керек.

Үшіншіден, барлық нарықтарға мониторинг жасау. Жергілікті өндірушілер ет пен көкөністердің бағасын негізсіз айтарлықтай жоғарылатады, сондықтан олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

Төртіншіден, тауар өндірушілердің бәсекелестігін қалыптастыру үшін әкімшілік тарапынан альтернативті нарықтарды ұйымдастырудың да септігі зор болмақ,- дейді экономика ғылымдарының кандидаты Майгүл Толымғожинова.

Байқаған боларсыздар, Жаңа жылдан кейін дүкен болсын, біз баратын базар болсын сауда орындарындағы көкөністердің бағасы шарықтайды. Бейресми ақпараттарға сүйенсек, көкөніс сақтауға арналған заманауи қоймалар жоқтың қасы екен. Сол себептен де шаруалар көкөністерін ұзақ сақтай алмай, көктемге дейін сатуға асығатын сыңайлы. Қар еріп, көктем шыға салысымен-ақ, көкөніс бағаларының шамаға қарамай шарықтап кететінінің бірден-бір себебі осы. Сондықтан басқа шауып, төске өрлеген бағаны бұғаулаймыз десек, ең әуелі тұрақтандыру қорларының жұмысын жандандыру қажет сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

Жібек СЕРҒАЗЫ

ҚАЛЫПТЫ ДАМУ БОЛАШАҚҚА ЖОЛ АШАДЫ

Семей қаласында 40 жылдан аса уақыттан бері ауқымы мен экономикалық маңыздылығы жағынан өндіріс флагманы болып табылатын бронетанк техникаларын жөндеу зауыты жұмыс істеп келеді. Жан-жақты деңгейде қайта жаңғыртылғаннан кейін зауыт Қазақстан әскерінің әскери қуатын арттыратын елеулі күшке айналды. Сонымен қатар бүгінде тек қана әскери-өндіріс саласында ғана емес, азаматтық салада да өз қызметін мінсіз атқаруда. Қаламыздағы ең байырғы зауыттардың бірінің қалай ашылғаны, оның дамуының басты кезеңдері, бүгінгі таңда «Семей инжиниринг» АҚ қандай бағдар ұстанып отырғаны турасында қойған сауалдарымызға іргелі кәсіпорынның бас директоры Талғат Тұрлыбаев жауап берді.

«Семей инжиниринг» АҚ тарихы 1976 жылдан бастау алады. Дәл осы кезде Семей атқару комитетінің  шешімімен бронетанк техникаларын жөндеу зауытын құру қолға алынды. Өзінің алғашқы өнімін шығарған күннен бастап ҚазКСР Қорғаныс министрлігінің қарауында болса, кейін келе Тәуелсіз Қазақстанның Қорғаныс министр-лігіне қарады. Ал өткен ғасырдың 90-шы жылдарының соңы мен 2000-шы жылдардың басында зауыт қайыра түлеп, ҚР Қорғаныс министрлігінің «Бронетанк жөндеу зауыты»  республикалық мемлекеттік кәсіпорны атанды. 2003 жылы шыққан Үкімет Қаулысымен «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ болып құрылған үлкен холдингтің бір құрамдас бөлігі ретінде «Семей инжиниринг» АҚ атауын иеленді.

- Зауыт бірнеше рет қайыра құрылды. Тіпті «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ құрамына алынған кезіміз-де, бастапқыда Өндіріс және сауда министрлігінің қарауында болдық. Кейіннен біз министрліктің қарауынан «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына ауыстырылдық. Өткен жылға дейін Қорғаныс министрлігінің сенімді басқаруында болып келсек, ендігі күні Қорғаныс министрлігі мен аэроғарыш өндірісінің қарамағындамыз,- дейді Талғат Тұрлыбаев.

Қаншама мәрте қайта құрулар орын алғанымен, зауыттың басты бағыт-бағдары бронетехниканың түрлі типтерін жөндеу болып өзгеріссіз қала береді. Алғашқыда зауыт Орта Азия әскери округіне жөндеу қызметінің түрлерін көрсетті. Ауған жерінде ұрыс қимылдары жүріп жатқан 80-ші жылдары қатардан шығып қалған техникалардың баршасы тап осы кәсіпорында жөнделді. Әуелі жол талғамайтын бронетранспортерлер,  БТР-60 пен БТР-70 жөнделіп шықса, кейін келе зауыт жаяу әскердің әскери машиналары  БМП-1 және БМП-2, сондай-ақ жаңа буын бронетранспортері БТР-80-ді жөндеуді жолға қоя білді. Бұл арада атап өтетін дүние - отандық ӘӨК-тің дамуына әрі әскерді жаңа қару-жарақ түрлерімен жарақтандыруға байланысты, семейлік зауыт уақыт талабына сай қайыра түледі. Осылайша, оның инженерлері мен шебер мамандары жыл өткен сайын әскери барлау-шолғын машиналарын, көп мақсаттық жеңіл бронды тартқыштарды, өздік қозғалыстағы артиллериялық САУ қондырғысын жөндеуді меңгере білді. Техникалық тұрғыдан жан-жақты жарақтандырылған зауыт соңғы бес жылдың шеңберінде арнайы құжаттандыруға да қол жеткізді. Нәтижесінде бұл жерде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің негізін құраушы әскери техниканың бірі болып табылатын Т-72 танкілерін жөндеу қолға алынды. Осының арқасында семейлік зауыт аймақтағы барша бронетанк техникасы түрлеріне жөндеу жасайтын бірден-бір кәсіпорынға айналды.

- 2012 жылы зауытта қосымша модернизация жүргізіліп, жаңа цехтар салынды. Бұл Т-72 танкін жөндеуді меңгеріп алуға мүмкіндік берді. Бұрынғы көтеру қондырғысы Т-72 сынды ауыр техникаларды көтере алмайтын. Бұл арада ескеретін бір мәселе - аталған танк ең алдыңғы қатарлы әскери техника болып табылмайды. Қазіргі еліміздің қару-жарағында бұдан өзге де заманауи ресейлік және батыстық техникалар бар. Дегенмен  бізде және Ресейде Т-72 ең басты техника саналып отырғандықтан, оны жөндеу жұмысын өзімізде кеңінен жолға қойып отырмыз,- дейді Т.Тұрлыбаев.

Бүгінгі күні зауыт мемлекеттік қорғаныс тапсырысы бойынша жұмыс істеп, өз цехтарында күш құрылымдарының, әскери бөлімдер және Қорғаныс министрлігі құрамаларының, Ұлттық ұлан, шекара әскерінің бронетанк техникаларын жөндеуді жүзеге асырады. Зауыт басшылығы Президентті қорғау қызметімен әріптестік орнату мәселелерін қарастыра бастауда. Бұл арада тағы бір атап өтетін нәрсе - кәсіпорын тек жөндеуді ғана жүзеге асырмайды, бронетехникаларды жаңғыртуды да қолға алып отыр. Бұл бағытта мол тәжірибе жинақталған. Бұл ретте «Семей инжиниринг» АҚ мамандары ресейлік «Уралвагонзавод» және қазақстандық компания «AselsanEngineering» инженерлерімен бірлесіп Т-72 танкісінің басқару жүйесін жаңғыртуды табысты жүзеге асыра білді.

- Егер қажеттілік бола қалса, модернизациялаудың қилы түрін қиындығына қарамай игере аламыз. Бұл үшін зауыт жанында тәжірибелі инженерлерден құрылған конструкторлық бюро қызмет етеді. Біз бұрыннан бері отандық және ресейлік ірі қару-жарақ шығарушылар, әскери-өндірістік корпорациямен берік те тығыз байланыс жасап келеміз. Осы таяуда Мәскеу маңындағы Кубинкада біз арнайы қатысқан «Армия - 2017» қару-жарақ көрмесі болып өтті. Барып қатысу нәтижесінде біздің еліміз тарапынан, ішінде ең ірі қару-жарақ экспортері болып саналатын «Рособоронэкспорт» бар, көптеген әскери өнім шығарушы компаниялармен түрлі келісімшарттарға қол қойылды. Зауытты одан ары қарай қайыра жарақтау үшін Ресейдің ірі өндіруші компанияларымен бірлесе отырып технологиялық аудит жасадық. Біздің көптеген мамандарымыз Ресей Федерациясының жөндеу кәсіпорындарында болып, қолға алынатын жұмысты ұйымдастырудың қыр-сырын меңгеруде. Сол бойынша әскери техниканы оңдаудың кең көлемді модернизациясын жүргізетін боламыз,- дейді зауыттың бас директоры.

Биылғы жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери-техникалық әріптестік комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша «Семей инжиниринг» АҚ басшылығы, жалпы алғанда, «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ кең көлемді жаңғырту жасауға бағдар ұстанып отыр. Бұл - болашақты ескеру. Өйткені жыл сайын еліміздің Қорғаныс Күштері заманауи жаңа техникамен толығып келеді. Әскери-техникалық парк жаңару үстінде. Бұрынғы ескірген техниканың орнын заман талабына жауап беретін жаңалары басуда, бұл орайда Т-90 ауыр танкісін айтуға болады.

- Жыл өткен сайын біздің Қарулы Күштер дамып келеді. Біз армиямен бірге адымдап қана қоймай, одан оқ бойы озық жүруіміз қа-жет. Өйткені біз дәл қазір әскери бөлімдер-дегі техникаға жөндеу қызметін көрсетіп қана қоймай, болашақта қолданылуға лайықталған техникаларды да игеруге дайын болуымыз керек. Бұл - қажеттілік, өйткені біздің әскеріміздің сақадай сай болуы үшін, кез келген жағдайда ел аумағында белгілі бір техниканы жөндей білуіміз керек,- дейді бұл ретте Талғат Тұрлыбаев.

Кәсіпорын директоры бұл сөздерді тегін айтып отырған жоқ. Ел аумағында техникаға жөндеу жасау соңғы жылдары өнеркәсіптің барлық бағытында қолға алынып жатыр. Осы орайда Қазақстанның өнеркәсіптік секторы отандық өнімнің басымдығына бағдар ұстанып отыр. Бұдан ӘӨК тысқары қала алмайды.  Зауытта жүргізіліп жатқан жаңғырту тап осы бағытта жүргізілуде. Бұл мәселені түбегейлі шешу  жөндеуде пайдаланылатын бронетехниканың қосалқы бөлшектерін зауыттың өзінде шығаруға, өзіміз шығаратын  өнім түрлерін молайтуға кеңінен мүмкіндік береді. Осылайша, «Семей инжиниринг» АҚ жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектердің 30%-ын өздерінде шығаруды жоспарлап отырған жайы бар.

- Біз бүгінгі күні көптеген өнім түрлерін шығарып, «Қазақстан инжиниринг» ұлттық  компаниясының құрамына енетін кәсіпорындар кооперациясымен бірлесе жұмыс істеп келеміз. Сонымен қатар кейінгі кезде өзіміздің аймақта қызмет етуші кәсіпорындармен әріптестік жасауға күш сала бастадық. Осы күзде қалалық кәсіпкерлік бөліммен бірлесіп Ашық есік күнін өткізіп, оған мүмкіндігіміз бен қажеттілігімізді көрсету үшін ықтимал әріптестерді шақырдық. Бұл шаралардың барлығы отандық өнімнің үлесін арттыруға бағытталып отыр. Осылайша, қаражаттың ел аумағында қалуын қамтамасыз етіп, салық түсімін арттырып, әлеуметтік саланы жақсартып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасай аламыз,- дейді өз сөзінде «Семей инжиниринг» АҚ бас директоры.

Жыл басында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында модернизацияның төртінші кезеңінің басталғаны туралы мәлім етіп, экономиканың өсу қарқынын орташа әлемдік деңгейде қамтамасыз етуге және алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына біртіндеп қосылуға шақыра отырып, басты бес бағытты белгілеп берді.

-             Жаңа индустрияны құрумен бірге, біз дәстүрлі базалық салалардың дамуына жаңа тыныс беруге тиіспіз. Бұл - өнеркәсіп, АӨК, көлік пен логистика, құрылыс секторы және басқалары. Ең бастысы - еңбек өнімділігін барынша арттыру. Бұл орайдағы басты фактор Төртінші өнеркәсіп төңкерісінің элементтерін бірлесе енгізу болып табылады. Президентіміз индустрияландыруды жалғастыруда экспорттық өндірістің басымдық берілген салаларында бәсекеге қабілеттілікті дамыту керектігін айтты.

- Қазір біздің штатымызда 450-ден аса маман бар. Олар инженерлік-техникалық құрам,  слесарь, токарь, фрезершілер. Біздің өз конструкторлық бөліміміз бар. Кәсіпорын жұмысшыларының орта жасы – 40, біз ұжымның жасаруы бағытында кең көлемді жұмыс жүргізіп келеміз. Олардың ішіндегі ең жасы, әлбетте, конструкторлық бөлімде істейтін ЖОО түлектері. Жыл сайын өз мамандығымыз бойынша өндірістік іс-тәжірибеге студенттерді тартып, оларды жұмыс ерекшелігімен және жаңашылдық жағынан етене таныс етеміз. Бұл - болашақты ойлағандық: қай кезде бос орын пайда бола қалса, дайын маманға бірден қол жеткіземіз. Оның үстіне әскери қорғаныс істері бөлімдерімен бірлесе отырып бронетехникамен жұмыс істеудің тікелей тәжірибесіне ие бронетанк әскерінде қызмет еткендер арасынан өзімізге қажет қызметкерлерді таңдап ала аламыз,- дейді Т.Тұрлыбаев.

Кәсіпорын көпшілік жағдайда мемлекеттік қорғаныстың тапсырысы бойынша жұмыс істейді. Бірақ та кең көлемде жүргізілген зауытты модернизациялау кадрлардың біліктілігін үнемі арттыра отырып, азаматтық мақсаттағы тапсырыстарды орындауға мүмкіндік береді. Мұндағы станок паркінде кез келген қиындықтағы металды өңдеуге және көлемді жүк тасушы техникаларды жөндеуге болады. Бұл бағытта сыннан өткен тәжірибе бар. Зауыт мамандары бірқатар трактор түрлері бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізді. Тағы бір атап өтерлігі, жаңа техника типтерін өмірге әкелу жолында «Семей инжиниринг» АҚ мамандары табиғи ресурстарды өндіруші және өңдеуші «Қазақмыс» отандық компаниясына тау-шахта жұмысы үшін брондалған барлау-шолғын машинасы базасында арнайы техника жасап берді. Жаңа типтегі техниканы жобалау мен жасап шығаруға конструкторлар бір жыл уақыт жұмсады. Тұтастай алғанда, жұмсалған қаржы мен іс-әрекет өзін ақтады. Тапсырыс беруші істелген жұмысқа дән риза болды. Өйткені жаңа типтегі техника тек көп салалы ғана емес, сонымен бірге жер астындағы экстремалды жағдайға да бейім, әрі өзіне дейінгі үлгіге қарағанда ұзақ қызмет ете алатынымен ерекшеленді.

- Тапсырыс берушілердің бізге айтулары бойынша, қолдарындағы тап осындай техника жарты жылдан кейін қатардан шығып қалады екен. Өйткені шахтада қашанда ылғал мол, әрі сілті көп. Біз жасаған техника 2003 жылы пайдалануға берілгенімен, әлі күнге дейін қатардан шықпай жұмыс істеп келеді. Қазір олар тау-шахта техникасын модификациялауға бізге өтініш жасады. Біз осы бағытта өзіміздің түрлі нұсқаларымызды ұсынып, жауабын күтудеміз. Бұл біздің азаматтық сектордағы алғашқы тәжірибелеріміз емес,- дейді Т.Тұрлыбаев.

Жалпы алғанда, зауыттың азаматтық секторды игерудегі мүмкіндігі аса зор. «Семей инжиниринг» АҚ мамандары өз базасында көп мақсаттық жеңіл бронды жүктартқыштарды, бронетранспортерлерді және ТЖ қызметі үшін БРДМ  арнайы техникасын жобалап шығуға қабілетті. Мұндай техникалардың түрлі модификациялары зауытта жасалынды. Олардың кейбірі халықаралық «KADEX» қару-жарақ және әскери техника көрмесінде жұрт назарына ұсынылды. Тағы бір атап өтерлігі, зауытта жасалған шынжыр табанды өрт сөндіру машинасы 2000-шы жылдары орын алған ірі орман өрттерін сөндіруге қатысты.

- Азаматтық секторға қатысты әңгімені одан ары өрістетер болсақ, онда біз қазір радиаторды саудаға шығару бойынша белгілі бір компанияның делдалы болып табыламыз. Қазір талдау жүргізіп жатырмыз. Егер нарықтық сұраныс болатын болса, онда біз делдалдықтан құтылып, радиатор шығаруды өзіміз де игеріп, сериялы өндірісті жолға қоюға көшеміз. Ал біздің  өнімімізді тұтынушылар жылы қабылдар болса, онда тек қана аймақтың емес, еліміздің қажетін өтеуші кәсіпорынға айналамыз. Мен бұған дейін айтып кеттім, тапсырыс берушінің талабы бойынша кез келген күрделі жұмыстарды орындап шыға аламыз. Бұл үшін бізде барлық қажетті жағдай бар,- деді Т.Тұрлыбаев.

Әлбетте, зауыт жұмысында азаматтық мақсаттағы тауарларға деген сұранысты өтеу зор маңызға ие. Бірақ әскери-өндірістік кешен қашанда басты орында тұрады. Бұл саланың өз басымдығы бар. Мәселен, қару-жарақты экспортқа шығару – бүгінгі таңда маңызды мәселе ретінде Қорғаныс министрлігі, еліміздің аэроғарыш өндірісі және «Қазақстан инжиниринг» холдингі тарапынан қарастырылып жатыр.

- Мемлекет басшысы Қазақстанға серпінді даму үшін халықаралық нарықты игеру қажет екендігін талай мәрте сөз етті. Біз өзімізде бар техниканы сыртқа шығаруды жөн көреміз. Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен бірлесе отырып осы мәселені қолға алып жатырмыз. 2018 жылы біздің ұжым ғана емес, бүкіл қаламыз да осы бағыттағы айшықты оқиғаның куәгері болатынына сенімдімін. Қазір холдинг басшылығы жақын жылдарға арналған даму стратегиясын жасап шықты. Бізді алда үлкен өзгерістер күтіп тұр,- деп сөзін түйіндеді Талғат Тұрлыбаев.  

Ерзат ЖАНАТҰЛЫ

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ САЯСИ ҚҰЖАТТЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

Жұма, 12 қаңтар күні «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалында қалалық мәслихат депутаттары Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын талқылады.

Алқалы жиынның шымылдығын ашқан «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Зульфия Жамалтдинова Елбасымыздың кезекті Жолдауындағы басты бағыттар мен міндеттеріне жан – жақты тоқталды. 

- Бірінші кезекте Президент еліміздің осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктерін атап өтті. Осы жетістіктер Мемлекет басшысының Жолдауына арқау болып отыр. Еліміз әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуды басты орынға қоюда. Міне, осы түпкі мақсатқа қол жеткізу үшін Н.Назарбаев қазақстандықтар алдына нақты міндеттерді ұсынды. Біздің депутаттарымыздың басым көпшілігі өндіріс орындарының басшылары болып табылатындықтан, Жолдаудағы міндеттерді қаламыз бойынша жүзеге асыру еш қиындық тудырмайды,- деді Зульфия Фазылжанқызы.

Жиында Жолдаудан туындаған тапсырмаларды жүзеге асыру жолында заманауи технологияларды өндіріске енгізіп, сол арқылы еңбек ресурстарын дамыту жағы, Елбасының халыққа арнауында айтылған адам капиталы туралы да сөз болды. Семей өңіріндегі кәсіпорындарға жаңа заманауи технологиялар мен өнім өндірудің жаңа әдістерін енгізуден бөлек, қаламыздағы көлік-логистика жүйесін жөнге келтіру мәселесі де айтылып, жүк көліктеріне арналған айналма жолдар, әуежайдың қайта жаңғыртылуы жайында сөз болды.

Семей өңірінде жүргізілген сауалнамалар бойынша халыққа қажетті тауарлар мен дәрі-дәрмектің қымбаттауы, сондай-ақ жұмыссыздық мәселесі де осы жиында айтылмай қалған жоқ. Ал сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты елдің пікіріне ден қойсақ, қатерлі дерт білім беру мен денсаулық сақтау саласын, сонымен қатар құқық қорғау органдарын жайлап отыр. Баланы балабақшаға беру, дәрігерлік және педагогтік қызметке кіруде бармақ басты, көз қысты әрекеттер жиі кездесетін құбылысқа айналып үлгерді.

- «Нұр Отанға» көмек іздеп келгендер денсаулық сақтау саласына қатысты шағымданады. Сол себепті биыл партиялық тыңдау өткізуді жоспарлап отырмыз. Әрі осы арқылы денсаулық сақтау саласы өкілдерінің сыбайлас жемқорлықпен қалай күресіп жатқандарына көз жеткізетін боламыз,- деді З. Жамалтдинова.

Жолдауды талқылау барысында халық қалаулылары Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыруда ортақ мақсатта жұмыла жұмыс жасау қажет деген ойда тарқасты.

Серік Әбілқасымұлы

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57