ЖАҒДАЙ ЖІТІ БАҚЫЛАУДА

 

Сейсенбі, 13 наурыз күні Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Аягөз қаласына арнайы келіп, тұрғындармен кездесті. Аудан орталығында болған апат салдарын саралап, күллі қазақстандықтарды толғандырған мәселеге нүкте қойды. Аймақ басшысы қызыл судан зардап шеккен аягөздіктердің ешбірі биліктің назарынан тыс қалмайтынын, барлығына тиісті деңгейде көмек көрсетілетінін жеткізді.

Осыдан 2 күн бұрын кіші Аягөз өзені арнасынан он есе асып, нәтижесінде аудан орталығындағы үш шағын көпірді қиратып, 148 үй су астында қалған еді. Ауданда табиғи апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланып, зардап шеккен үйлердің тұрғындары дереу қауіпсіз жерге көшірілген болатын. Қазіргі таңда олар арнайы мекемелерге орналастырылып, ыстық тамақ және төсек-орынмен толық қамтамасыз етілген.
Айта кету керек, суда қалған 148 үйдің бүгінде 8-і құлаған. 10 үй апатты жағдайда тұр. Алайда облыс әкімі бұл сан алдағы күндері еселенуі ықтимал, сондықтан соңғы көрсеткіш емес дейді. Қызыл судың құрсауында қалған әр үйді өзі аралап шыққан Даниал Ахметовке тұрғындар арыз - шағымдарын барынша жеткізді. Мәселен, қирап қалған үйлердің ішінде Желтоқсан көшесі, 72 мекенжайында орналасқан Ильмира Қайымбаеваның баспанасы бар. Кішкентайына аяғы ауыр отанасы Даниал Ахметовке: «Қабырғасы сөгіліп, іргесі қираған шаңырағымды кім қалпына келтіріп береді?»- деген сауалын қойды. Облыс әкіміне дәл осы сипатта жолданған жалғыз сұрақ бұл емес. Өз кезегінде жапа шеккен жандардың қабырғасын қайыстырған, қала берді күллі қазақстандықтарды алаңдатқан мәселеге Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
- Бірде-бір Аягөздің тұрғыны назардан тыс қалмайды. Баспанасы жарамсыз қалған отбасыларға осы қаладан үй сатып алып береміз. Қазіргі таңда маған Аягөзде 15 үй сатылады деген ақпарат берілді. Солардың бәрін сатып аламыз. Одан кейін орталықта 60 пәтерлі жаңа үй бой көтеріп жатыр. Сол жерден пәтер береміз. Ешкім баспанасыз қалмайды,- деп жауап берді.
Облыс әкімі мәлім еткен ресми жауапқа ризашылығын білдірген тұрғындар көз жастарын жасыра алмады.
- Үй береміз деп уәде берді. Алла бұйыртса, баспаналы боламыз. Мамырда балам дүниеге келеді. Облыс әкімі Даниал Ахметовке зор алғыс білдіремін. Бәріне рақметімді айтамын. Келіп, көріп, жағдайымызды сұрап жатыр. Қуаныштан жылап тұрмын,- дейді Ильмира Қайымбаева.
Даниал Ахметов сондай-ақ Аягөзге облыстық «Парыз» қорынан 50 миллион теңге аударылатынын жеткізді. Аталған қаражат күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді, атап айтқанда көмір, азық-түлік, киім-кешек сияқты тұрмыстық жағдайды шешуге жұмсалады.
Апат салдарын есептеуге құрылған арнайы комиссия жұмысын жалғастыруда. Бүгінде өзен деңгейі біршама төмендеген. Жергілікті билік көпірлерді қалпына келтіру жұмыстарын атқаруда. Ал қалада құрылған еріктілер қызыл су шайып өткен аумақтарды тазалау жұмысын жүргізуде. Сонымен қатар Даниал Ахметов Үржар, Күршім, Жарма сияқты жоғары қауіп төнген аудандар аумағындағы жағдайдың жіті назарға алынғанын, арнайы тікұшақпен бақылау басталғанын айтты.
Әлеуметтік желілерде аймақ басшысының осы бір сын сағаттарда елмен бірге болып, бұқараның қасынан табылғанына жылы лебіздер білдіріп жатқан желі қолданушылары көп. Оған әлеуметтік желілерде жарияланған видеолар дәлел.
Үш баласымен далада қалып, жанары жасқа толған анаға: «Балаларыңызға облыс әкімі Даниал Кенжетайұлымен кездестім деп айтыңыз. Барлық көмекті жасаймыз деп сөз берді деңіз»,- деген Даниал Ахметов қанша баласы барын білген соң қамкөңіл жанға: «Үш балаңыз бар болса, үш бөлмелі пәтер аласыз. Айналайын, өмір осымен тоқтамайды. Қасыңда демеу болар балаларың бар. Ел басына күн туған шақта, біз де аянып қалмаймыз. Бар көмекті береміз. Халық та сөзсіз көмектеседі. Керек болса, жиһазға да қаржы бөлеміз. Міне, айналайын, осылай болады»,- деп жанары жасқа малынған жанды жұбатты.
Облыс әкімі Өскеменге оралысымен қарғын судан келген зардапты жоюға қатысты арнайы брифинг өткізді. Сәрсенбі, 14 наурыз күні өткен брифингте Даниал Ахметов журналистерге қарғын су қыспағында қалған Аягөз ауданында қолға алынып жатқан іс-шаралар турасында баяндап берді.
- Ең қиын жағдай Аягөзде болған. Біз бұл мәселені шеше алдық. Қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындардың көпшілігі өз үйлеріне оралды. Қазір 73 адам мектеп–интернатта. Оларға жер - жерден қайырымдылық көмек келуде. Ауданда зардап шеккендерге көмек беру мақсатында «Аягөз-Болашақ» қоры жұмыс істеп тұр. Бүгін таңертең сол қордың есепшотына өзімнің бір айлық еңбекақымды аудардым, - деді Даниал Ахметов. Облыстың дін өкілдері тарапынан «Шығыстың асары» акциясы бастау алды. Қала мешіттерінде азық-түлік, қаражат, киім-кешек сынды қажет заттар қабылдана бастады. «Нұр Отан» партиясының ШҚО филиалы және «Жас Отан» жастар қанаты қайырымдылық көмекті жинайтын пункт ашты. Сондай-ақ былтырғы жылы қарғын судан зардап шеккендерге 10 тонна көлемінде көмек жинаған еліміздің қоғамдық ұйымдары мен кәсіподақтары «Тасқын көмек-2018» акциясын бастап кетті. ШҚО ТЖД дағдырыс орталығында шұғыл штабтың жұмысы ұйымдастырылған. Апаттан құтқару жұмыстарын жүргізу үшін барлық күштер тартылды. Оның құрамында қазір 1070 адам, 286 бірлік техника, 56 бірлік су құрылғылары бар, басқа да техникалар қазір кәсіпкерлерден алынып отыр. Қолайсыз ауа райы салдарынан 229 үйді су басты, оның ішінде Аягөзде – 186 үй, Өскеменде – 24, Ұланда - 5 үй. Жергілікті органдар, ТЖД қызметкерлері су басқан үйлерден 385 адамды эвакуациялады. Оның ішінде Аягөз ауданында 360 адам басқа жерге көшірілді. Қазіргі кезде 73 адам, оның ішінде 42 бала, №6 мектеп-интернатқа орналастырылған. Үш мезгіл ыстық тамақ беру жолға қойылды. Осы балалардың барлығы мектепке барып жүр. Аягөзге барғанымда ол жерде де болдым. Ал 70 жан уақытша туыстарына барса, 215 адам өз үйлеріне оралды,- деп атап өтті аймақ басшысы.
– Брифингте Даниал Кенжетайұлы 2 - 3 күннің ішінде міндетті түрде 8 үй сатылып алынатынын атап өтті. Содан кейін салынып жатқан 60 пәтерлік үй 3 – 4 айдан соң пайдалануға берілетінін жеткізді. - Сол себептен мен кеше тапсырма бердім. 18 үйді қосалқы нарықта тез арада сатып алу керек. Қалыптасқан жағдайға орай, Аягөздегі үйдің бағасы аспандап кетпейтініне сенімдімін. Бұған қаржы бөлінді. Ал енді қалған қаржы қайда жұмсалады дегенге келсек, біз күнделікті тұрмыстағы мәселелерді шешуіміз керек. Мәселен, отын – су, киім – кешек, құрылыс материалдарын алу жағы шешіледі. Мен үш күн бұрын тапсырма бердім. Қазір арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Олар аудандарды тікұшақпен аралай бастады. Бізге барлық жағдай белгілі,- деді облыс әкімі. - Күрт еріген қар суы, әдеттегідей, жерге сіңбей, жөңкіле ақты. Қазақ мұны «қызыл су» дейді. Мұндай оқиға соңғы 50 жылда Аягөзде қайталанды. Қазірге дейін аймағымыздың 6 өңірі қадағалауда,- деп толықтыра түсті.
Аягөз ауданының әкімі Бақытжан Байахметов төтенше жағдай кезінде жұртты ортақ іске жұмылдыра білді. Қазір онда жұмыс істеп жатқан комиссия 180 үйге қатысты қанша қаржы қажет екенін есептеу үстінде. Ал Өскемендегі суда қалған төрт үй қалпына келтірілді. Ұлан ауданында бұзылған Мамай көпірі жөнделді. Аудан әкімдігі су басқан кезде өзен жағасында орналасқан үш үйдің тұрғындарын дер кезінде қауіпсіз жерге көшіре білген. - Қазіргі таңда 6 тікұшақ жағдайды жіті бақылауда ұстауда. Әрі әр топ маған қалыптасқан жағдайды екі мезгіл тұрақты хабарлап отыр. Біз осы ұшулар барысында жасалынған болжамдар негізінде әрекет ететін боламыз,- деген Даниал Кенжетайұлы төтенше жағдайға байланысты қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, брифингті қорытындылады.

Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ.

 

 

ЕЛМЕН БІРГЕ ЕТІКПЕН СУ КЕШКЕН КҮН

Биылғы көктем шырайлы шығысқа асау мінезін көрсете келді. Аруларға арналған мерекемен әдемі басталған наурыздың 11-і күні Шығыс Қазақстан облысының бас шаһары Өскемен мен Аягөздегі қарғын судың салдарынан болған төтенше жағдайды естіген алыстағы ағайын да ауыл жаққа алаңдаулы күй кешті... Көпшіліктің көңіліндегі үрейді әлеуметтік желіге ел жақтан бірінен соң бірі толассыз түсіп жатқан бейнекөріністер тіпті үдете түскен еді...
Облыс әкімі Даниал Ахметов қарғын судан зардап шеккен Өскеменнің барлық шағын аудандарын аралап шықты. Тұрғындармен кездесіп, келеңсіз жағдайдың қала басшылығы мен тиісті сала қызметкерлерінің өз істеріне жауапсыз қарауының салдарынан болғанын айтып, тиісті бағасын берді. Біздің жақта биыл қыста қар аз түскенімен, көктемнің басы төпеп жауған ақ ұлпасымен, қарлы жаңбырымен, төгіп – төгіп алатын нөсерімен халықты әбден әбігерге салды. Табиғаттың осындай құбылмалы мінезімен басталған наурыздың алғашқы аптасында-ақ әр өңірде су тасқынының қаупі байқала бастаған болатын. 10 – 11 наурыз күндері бір тәулікте түскен жауын - шашын мөлшері 48.2 мм-ді құрады. Бұл айлық деңгейден 72 пайызға артық. Биылғы қыстың аймаққа кеш келгені, қардың жұқа түскені себепті жер тоңы 1,5 метр тереңдікке дейін қатып қалғандықтан, еріген қар мен жаңбыр суының топыраққа сіңбегенінің де кері әсері жоқ емес. Өскемендегі Красин көшесіндегі және Аблакетка шағын ауданындағы бірнеше үйге су кіріп кетті. Табиғат апатынан зардап шеккен тұрғындармен кездескен Даниал Ахметов қалалық әкімдік пен ТЖ қызметі атқарған іске өз тарапынан бағасын берді: - Бұл жерде екі мәселе көзге анық көрініп тұр. Дер кезінде жұмыс істеуге кедергі болған - біліксіздік пен құлықсыздық. Осы салаға жауапты қызмет шұғыл жағдайға дайын емес болып шықты. Басқа себеп көріп тұрған жоқпын. Небары төрт үй. Айналдырған төрт үйден дер кезінде су сорып ала алмаған,- деген Даниал Ахметов тиісті сала басшыларының ісіне көңілі толмағанын жасыра алмады. – Бұл - қала әкімінің жұмысындағы салғырттық және ТЖ жөніндегі басқарма қызметіндегі үлкен олқылық. Тікелей міндетін атқаруға жауапкершіліктің жоқтығы,- деп ренішін білдірген облыс әкімі алдағы уақытта барлық тиісті сала басшылары жауапқа тартылатынын жеткізді.
Красин көшесіндегі арықтар дер кезінде дұрыс тазартылмаған. Ал мердігер мекеме қызметі үшін толық ақысын алған.
Бұл күндері Сәтбаев атындағы даңғыл бойымен өткен қарғын судың салдарынан Жібек маталар комбинаты жақтан көлік қозғалысы қиындай түсті. Жол бойына су бөгеліп, кептеліс орын алу салдарынан таңертең Жібек жолы көшесі қиылысына дейінгі аумақ жабылды. – Бүгінгідей жағдай орын алмау үшін күз кезінде дайындық шаралары жасалуы керек еді. Осы жерлерде алғашқы шұңқыр пайда болған уақыттан басталуға тиісті жұмыс болатын. Күзде жаңбыр болды. Сіздер көлденең қазылған ордың жатқанын білесіздер. Оның төмендейтіні айтпасақ та белгілі. Десе де тиісті сала ешбір қауіпсіздік шараларын қолға алмаған. Күзгі көрініс көз алдымда. Сол кезде қала әкіміне хабарласып, траншеяларды жабуды тапсырдым,- деді Даниал Ахметов, – 5 - 6 кезекші көлік қойып, 2-3 скрепер бекітіп, жағдайды қатаң бақылауға алу керек еді. Көлденең жатқан сызат отырғанда, қолға күрек алып, дереу көму керек болатын. Басқа себеп те, шешу жолдары да жоқ.
Ұзын сөздің қысқасы, облыс әкімі тарапынан бүгінгі орын алған жағдай - сауатсыз жұмыс пен іске деген салғырттықтың салдары деген баға берілді. Аймақ басшысы бұл жағдайды жеке өзінің бақылауына алды.
Сонымен, облыс әкімі орын алған кемшіліктерге облыстың бас шаһары әкімінің жауапсыздығы негізгі себеп екенін ашық айтты. Жауырды жаба тоқу артық болар, бұл - өскемендіктердің де басым көпшілігінің көңіліндегі пікір...
Өткен жылдың мамыр айының соңында Өскеменге жаңа әкім тағайындалды. Су басу қаупі сейіліп, жылу беру маусымы аяқталған мамыражай мамыр айында қызметке тағайындалған жаңа басшы әкімдік қызметтің жолы қиындықсыз, тақтайдай тегіс болады деп ойлады ма, кім білсін? Бұл қызметке дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып келген 36 жастағы Қуат Тұмабаев облыстың бас шаһарына басшылыққа тағайындалғанда, Өскемен жаңашылдық пен жастықтың, сұлулық пен тазалықтың қаласына айналады деген үміттің болғанын жасырмаймыз. Өскеменнің жаңа басшысы орда бұзар жастан асып, қырықтың табалдырығында тұрған азамат болғандықтан, «жас әкім» деген сөзді қолданудың өзі де артық болар.

Қуат Мұхитұлы қалаға басшылыққа тағайындалған бетте жұмысын тек дәстүрлі БАҚ-тарда ғана емес, әлеуметтік желілер арқылы да жарнамалайтын жаңашыл әкім ретінде көзге түсті. Ақпараттық белсенділігі жағынан үздік-тердің қатарындағы әкімдердің бірі Тұмабаевтың Өскемендегі басшылық қыз-меті жұмысқа велосипедпен қатынап жүр-генін баяндаудан басталған... Көп кешікпей мотоциклге әуестігін жарнамалап, кейін тіпті грейдердің тізгініне де өзі отырып қар тазалаған Қуат Мұхитұлы «Балалар әлемі» дүкеніндегі ойыншық машиналарды бірінен кейін бірін ұстап қызықтаған ерке баланың қылығын да еске салатынын жасырмаймыз... Бетке шіркеу, беделге көлеңке түсетін жағдайлар сыртқа шықпас па еді, кім білсін, тасқынға тосқын мезгілінде жасалса... Бүгін өскемендіктер өз әкімдерін көшедегі су сорғыш көліктердің тізгінінен іздейтіндей ме, қалай?...

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов резеңке етікпен қаланы аралап, жағдаймен жіті танысып шықты да, Аягөзге аттанды...

Риза МОЛДАШЕВА

ТЕГІН ІРІМШІК ТЕК ҚАҚПАНДА БОЛАДЫ

Бұл апта семейліктердің жадында «Нұр Қаржы Инвест» компаниясының айналасындағы дау-дамаймен сақталатын сыңайлы. Аталмыш компанияның клиенттері сәрсенбі күні, мемлекеттік құрылым өкілдерімен кездесуде жанайқайларын жеткізіп, алданып қалдық деп «аһ» ұрғандарын айтты. Қалалық әкімдікте өткен кездесуге қала әкімінің орынбасарлары Надежда Шарова мен Қайрат Ерембесов, қала прокуроры Марат Турубаев, Семей қалалық ІІБ басшысы Дулат Қазақпаев қатысты. 

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, мәселенің мәнісіне тоқталайық. Екі жарым жылдан астам уақыт бойы қаламызда жұмыс істеп келе жатқан «Нұр Қаржы» компаниясы осы аралықта «Қаржы Инвест-ЛТД», «Қаржы инвест» деп атауын бірнеше рет өзгертіп үлгерген. Атауымен бірге басшылығы да ауысқан, бірақ оның бағыт-бағдары, әрекеті еш өзгеріссіз қалыпты. Яғни кез келген азамат екінші деңгейдегі банктен өз атына несие рәсімдейді де, сол ақшамен «Нұр Қаржы Инвест» компаниясына барып, келісімшарт жасасады. Ол келісімшарт талаптары бойынша клиент қолындағы несиенің 40-45 пайызын компанияға береді, «Нұр Қаржы Инвест» өз кезегінде клиентінің несиесін кесте бойынша толықтай өтейтін болып келісіледі. Оңай олжаға кенелуді көздеген бірнеше мың адам, шама-шарқына қарамастан, миллиондап несие алып, аталмыш компанияның клиентіне айналған. Ол аздай, несиесін бәз-біреулер өтейді деген сеніммен алаңсыз кете барған. Жеңіл әрі лезде молшылыққа кенелуді көздегендер саны күн санап артып, бірнеше мыңнан асып жығылғанда, «Kaspi Bank» (қарыз алушылардың басым бөлігі осы банкке жүгінеді) алғашқы болып компания жайлы дабыл қағыпты. Банктің ресми түрде құқық қорғау органдарына жолдаған хатынан соң «Нұр Қаржы Инвест» жұмысы тоқтап, қаржы ұйымының басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Есепшоттары бұғатталған соң, клиенттерінің несиесін өтеу де тоқтаған. Ендігі жерде өз несиелерін өздері өтеуге міндеттелетін халық жанайқайын айтып, қала басшылығы мен құзырлы органдарға жүгінді.
21 ақпан күні қалалық әкімдікте өткен кездесуге келген халықтың сұрағы ортақ: қалған несиені кім өтейді және кешіктірілген үстемақыны қысқартудың жолы бар ма?
Әділетсіздікке тап болдық деп налыған тұрғындардың бірі қарыз алушылардың шама-шарқына қарамай миллиондап несие берді деп банктерді айыптаса, енді бірі оңай олжаға кенелгенімізді көре алмады деп «Kaspi Bank» басшылығына да кінә тақты. Үшінші біреуі банктерде несиеге қойылған үстемақының мөлшері тым көптігіне наразылық танытса, құзырлы органдар мәселені тездетіп шешпеді, халыққа араша түсе қоймады деп реніш білдіргендері де болды. Тіпті қаржы компаниясының жұмыс істеуіне мүмкіндік беруді сұрағандар да кездесті. Құзырлы органдар нақты статистикалық мәлімет бермегенімен, Семей өңірі бойынша шамамен 12 мыңнан астам адам «Нұр Қаржы Инвесттің» клиенті екен. Осы жолғы жағдай болмағанда, сенгіш халықтың саны бірнеше есеге өсер ме еді, кім білсін?!
Мамандардың айтуларынша, «Нұр Қаржы Инвест» шынымен де жалған қаржы ұйымы болса, ол көп ұзамай «құлаушы» еді. Себебі тез арада сенімге кіріп, қалталарын қампайтқан соң тайып тұру мұндай ұйымдардың әдеті ғой. Ал 40 пайызын алып, есесіне жүз пайыз несиені өтеу компанияны жетістікке жеткізеді дегенге сену қиын. Бірақ атүсті шешім шығарып, кесіп-пішуден аулақпыз. Тергеу амалдары аяқталған соң, ақиқаттың анығына көз жеткізетін боламыз.
- Тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Ол аяқталмайынша, біз қандай да бір шешім айта алмаймыз. Компанияның есепшотында белгілі бір сомада ақша бар. Басшысы сол ақшаны халыққа қайтарып беруден немесе несиелеріңізді өтеуден бас тартты. Шот бұғатталғандықтан, ол ақшаны өзі де жұмсай алмайды,- деді қала прокуроры Марат Турубаев.
Семей қалалық ІІБ басшысы Дулат Қазақпаевтың айтуынша, тергеу бірнеше айға созылуы мүмкін. Десе де құқық қорғау органдары оны жылдамдату үшін аянып қалмақ емес. Дау-дамайға ұласқан мәселеден қала басшылығы да тасада қалмайды. Қайрат Ерембесовтің айтуынша, енді шаһар басшылығы банк-терге аталмыш іске қатысы бар борышкерлердің несиелеріне жеңілдіктер жасау немесе төлемдерді уақытша тоқтату жөнінде өтініш білдірмек. Содан кейін қарызы бар тұрғындар тиісті өтініштерімен банкке барулары керек.
Әрине, қалай десек те, тиыннан теңге құрап аламын деп ұрынған әрбір тұрғынның үйінде отбасы, бала-шағасы бар екені анық. Бұл жағдай оңай олжаға кенелуді көздейтін өзге халыққа сабақ болса екен дейміз. Бір анығы - қаржы пирамидасы немесе күмәнға толы қаржы жүйесі ұшпаққа жеткізбейді.

Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ

 

АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ЖАҢА ФОРМАТҚА КӨШТІ

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің барлық өңірінде халыққа атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа форматы енгізіле бастады. Жаңа стандарттар бойынша көрсетілетін көмек әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін тиімді болмақ. Қоғамның әлжуаз топтары үшін тағайындалған қолдаудың бұл түрі халықтың тұрмысын жақсартуға, азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталып отыр.

Яғни, Үкімет тек әлеуметтік жәрдемақыны төлеп қана қоймай, жұмыссыздарға жұмысқа тұруға жәрдемдесетін болады. Мәселен, тұрақты жұмысы жоқ адамдар мемлекет есебінен оқуға жіберіледі, «Жастар тәжірибесі» арқылы әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылады немесе қоғамдық жұмыстарға тартылады. Тіпті өз кәсібін ашқысы келетіндерге шағын несие де беріледі. Халыққа әлеуметтік көмек көрсету талаптарына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар жөнінде 20 ақпан күні қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде өткен брифинг барысында айтылды.
Семей қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Құралай Жұмабаеваның айтуынша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан аспайтын отбасыларға шартты және шарт- сыз ақшалай көмек түрінде көрсетіледі екен. Шартты көмек деп отырғанымыз - отбасында кем дегенде еңбекке жарамды бір мүшесі бар жанұяларға берілетін жәрдемақы. Ал еңбек етуге қабілетті азаматы бар отбасыларға қарастырылған көмек шартсыз болып саналады. Алайда жәрдемақы алушылар міндетті түрде жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуы керек. Бұл мақсатта орталық пен қызмет алушы арасында 6 айға келісімшарт жасалады. Бұрын аз қамтылған тұрғындар, біріншіден, отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан төмен болған жағдайда, жанұяның әр мүшесіне берілетін атаулы әлеуметтік көмекті, екіншіден, табыс көзі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен болғанда, 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын жәрдемақыны, үшіншіден, кәмелеттік жасқа толмаған көп баласы бар отбасыларға табысына қарамастан берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақыны алып келді. Енді биылдан бастап аталған үш жәрдемақы біріктірілді. Бір пакетпен ұсынылатын көмектің мөлшері үш жәрдемақының жалпы сомасынан орташа есеппен 25 пайызға жоғары болады. Оңтайлы жүйе мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектің мөлшерін көбейтуге қатысты мәселелердің шешілуіне жол ашары сөзсіз.
Брифингте қозғалған тағы бір мәселе. Семейде тұрғындарға электронды форматта қызмет көрсету ісі жақсы жолға қойылып келеді. Бүгінгі күні қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі шаһар және ауылдық округтердің тұрғындарына мемлекеттік қызметтің 18 түрін ұсынып отыр.
Жаңа жылдан бастап, мемлекеттік қызметтер реестрі енгізген толықтырулар мен өзгертулерге сәйкес, 18 қызметтің алтауы, яғни мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, жергілікті органдардың шешімдеріне орай мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау, ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін әлеуметтік сала мамандарына отын сатып алу үшін әлеуметтік көмек тағайындау, Семей ядролық сынақ полигоны салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу және есепке алу, оларға бір жолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеп, куәлік беру, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға анықтама беру, жұмыс іздеушілерді тіркеу «Электронды үкіметтің» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
- Біз қала және ауыл халқын мемлекеттік қызметтерді мейлінше «Электрондық үкімет» порталы арқылы алуға шақырамыз. Кез келген азамат сандық электрондық қолтаңбасын жасатып алып, ғаламтор желісі арқылы қызмет алуға мүмкіндігі бар. Порталға кіру кезінде қандай да бір мәселе туындаса, қызмет алушы 1414 нөміріне хабарласып, қажетті ақпаратқа қол жеткізе алады. Сонымен қатар порталда электрондық қызметтерді алу бойынша оқыту роликтері де бар. Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстар да тиісті деңгейде жүргізілуде. Осы орайда шенеунік пен қызмет алушы арасында кездесетін сыбайлас жемқорлықты болдырмас үшін біз олардың басым көпшілігін Халыққа қызмет көрсету орталығына жібереміз. Себебі қазіргі күні мемлекеттік қызметті халыққа қызмет көрсету орындарынан да алу мүмкіндігі туып отыр. Мұның барлығы Қазақстанды цифрландыруға бір табан жақындатуға ықпалын тигізеді,- дейді Семей қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Құралай Жұмабаева.

Жібек СЕРҒАЗЫ

 

 

ЖАУРАҒАН ЖАНҒА ЫСТЫҚ ШАЙ

Қытымыр қыстың сарышұнақ аязында «Intellectual» білім беру орталығы апта бойы ерекше акция ұйымдастыру үстінде. Аязда бизнес орталықтың есігін айқара ашып, тоңған тұрғындар үшін тегін ыстық шай ұсынуы акцияның ерекшелігі десек болады. Ыстық шай ішіп, бойлары жылынған семейліктер әңгіме-дүкен құрып, ұялы телефондарынан мобильді қосымша арқылы қажетті қоғамдық көліктердің кес-тесін, бағытын бақылап отыруға мүмкіндік алды.  

- «Intellectual» бизнес орталығы орталық сау-да үйі (ЦУМ) алаңында орналасқан. Бұл акция жөнінде барлық семейліктер мен қала қонақтары құлағдар болуы үшін арнайы хабарландырулар жасадық, жақын арадағы аялдамалардағы адамдармен жүздесіп, оларды өзімізге шақырамыз. Бұл жерде ыстық шай бар, жайлы орында асықпай қажетті қоғамдық көлікті тосып, бойын жылытып алуы үшін, тұрғындарға жағдай жасап отырмыз,- дейді акцияны ұйымдастырушы, «Intellectual» білім беру орталығының директоры Еркебұлан Тұрсын.

Акцияны жүзеге асыру еш қиындық тудырмаған. Олар бұл ізгі шара өзге ұйымдар мен ұжымдарға үлгі болады деп есептейді. 

- Күннің суық болуына байланысты біз балалармен жұмыс жүргізіп жатқан жоқпыз. Сондықтан адамдарға көмектесуге уақытымыз жеткілікті. Оның үстіне шай мен тәттілер сатып алу да аса қиын емес қой. Қазіргі қоғамда әрбір адам өз жұмысымен әуре, өзгеге қол ұшын созуға құлықсыз. Бұл акция сәл де болса жағдайды өзгертіп, қаламыздағы өзге ұйымдардың да осы сияқты ізгі істерді қолға алуына себеп болады деген үмітіміз бар, - дейді жақсылыққа жаны құштар Еркебұлан.

Әйгерім СӘРСЕНҒАЛИ

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57