КЕМЕРОВОДАҒЫ ОҚИҒАДАН САБАҚ АЛСАҚ ИГІ

«Семей таңы» газетінің 30 наурыздағы №25 санында тілші ретінде өз тарапымыздан дербес рейд өткізуге қамданып жатқанымызды айтқан едік. Өткен аптаның соңында Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне, 215 балаға тәрбие беріп отырған «Балдырған» жекеменшік балабақшасына, тұрғындар көп жиылатын «Қазына» ойын – сауық және сауда орталығына арнайы барып, өрт қауіпсіздігі ережелерінің қаншалықты сақталып отырғанына көз жеткізуге мүмкіндік алдық.

Назарбаев Зияткерлік мектебіне бас сұғып, келген мәселемізді айтқанымызда, мектеп әкімшілігі бірден техникалық салаға жауапты маманмен жүздестірді. Өзін еңбекті қорғау және өрт қауіпсіздігі бойынша НЗМ инженерімін деп таныстырған Александр Халиков мұнда қауіпсіздік ережелері толығымен сақталғанын, ғимараттың барлық қабаттары мен жертөлесінде дыбысты дабыл белгілерінің орнатылғанын айтып, көрсетіп берд: 

-Білім ордасындағы өрт қауіпсіздігі ережелері толыққанды назарда. Әрбір кабинетте, дәлізде, барлық бөлмелерде тілсіз жауды ауыздықтауға арналған өрт сөндіргіштер, көмірқышқыл ұнтағы бар. 120 орындық интернатқа ішкі өртті сөндіру үшін су құбыры желісіне қосылған 6 өрт сөндіру краны орнатылған. Сонымен бірге, оқу бағдарламасына сәйкес, өрт қауіпсіздігі ережелері, антитеррорлық әрекет бойынша эвакуациялау жаттығулары жүргізіліп тұрады. Эвакуациялау жоспарына сәйкес, ғимараттан шығу тәртібі әрбір қабаттағы қабырғалардағы нұсқаулықтарда көрсетілген. Сол тәртіп бойынша оқытушылар сабақтарын тоқтатып, оқушыларды сапқа тұрғызып, ережелерге сай әрекет етуге әбден дағдыланған (оқу-жаттығу кездерінде).
Нысанда 14 тысқа шығу есігі болса, оның 11-і төтенше жағдайларға арналыпты. Барлығы дүрбелең туғызуға қарсы (антипаника), оқыс жағдайда іштен құлыпталып қалмайтын, жеңіл ашылатын есіктер. Сонымен бірге, дабыл іске қосылғанда, құлыптар автоматты түрде ашылатыны тағы бар. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», апатты жағдай орын ала қалса, дыбысты дабыл іске қосылып, қалай әрекет ету керектігі дауыстап хабарланады екен. Сонымен қоса мектепте 220 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бірінші қабаттағы күзет мамандары бақылап отырып, төтенше жағдайдың қай уақытта, қай жерде пайда болғанын бірден байқай алады. Мектептің еңбекті қорғау және өрт қауіпсіздігі бойынша инженерінің айтуынша, ғимараттағы оқушылар мен оқытушылар, жалпы, мұндағы адамдар шамамен 4 минутта толықтай тысқа шығуы керек, әрі жаттығулар кезінде осы аралықта тысқа шығып үлгерген.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің қауіпсіздік ережелерімен танысып, сауатты әрі мардымды жауап қайтарған маманмен тілдескен соң, жол - жөнекей Гагарин көшесінің бойындағы «Балдырған» балабақшасына аялдадық.
Балабақша меңгерушісі орнында болмады. Қауіпсіздік ережелері қаншалықты сақталғанын білгіміз келгенде, өзін әдіскермін деп таныстырған маман, басшысы келмейінше, еш ақпарат бере алмайтындарын жеткізді. «Оқыс жағдай орын алса, тілсіз жау тұтанса, балалар меңгерушіні тосып отыра ма?» деген сауалымыздан соң ғана тілшілік куәлігімізді қарап, балабақшаның құрылтайшысымен жолықтырды.
Дабыл тетігінің бар екенін кіреберістен байқаған біздер өрт жағдайында сыртқа шығу сызбасының бар-жоқтығына көз жеткізбек болдық. Ойымызға орай, балабақшаның құрылтайшысы Аян Бектұрұлы: «Сызбаға тапсырыс бердік. Бүгін - ертең дайын болуы керек. Бұрынғысын 15 күн бұрын Затон аудандық өрт сөндіру бөлімінің мамандары алып кеткен»,- деген пікір айтты. Бірақ түпнұсқасын тиісті мамандарға жіберсе де, көшірмені неге қалдырмағанына таңырқай қарағанымыз жасырын емес.
Жалпы, мұнда, негізгі есіктен бөлек, сыртқа шығуға арналған қосалқы екі есік бар. Мекеме әкімшілерінің айтуынша, олар таңнан кешке дейін кілттелмейді. Тәрбиешілер өрт қауіпсіздігі ережелерін еш бұзбайтынын айтқан Аян Бектұрұлы балалар мен ұжым 5 минут көлемінде тысқа толықтай шығып үлгереді дейді.
Хош, балабақшадан кейін «Қазына» ойын-сауық және сауда орталығына бет алдық. Алдымен қарапайым тұрғын, тұтынушы ретінде мұқият аралап, қауіпсіздік ережелерін бағамдаған соң тілшілік қызметімізге ауыстық. Орталықтың директоры Жұмағали Исабековті сөзге тартқанымызда:
- Ойын – сауық және сауда орталығы 2014 жылы барлық талаптарға сай ашылған. Өрт сөндіру жүйесі бар, оған жауапты арнайы маман да қарастырылған. Сауда нүктелерін жалға алып отырған 60-тан астам кәсіпкер қауіпсіздік ережелерімен етене таныс. Әрқайсысында өрт сөндіргіштер бар және ай сайын оқу - жаттығуларына қатысады. 3 күн бұрын ғана сондай жаттығу жасадық. Әр қабатта күзетші тыныштықты қадағаласа, бейнебақылау камералары кез келген жағдайды дер кезінде бақылауға мүмкіндік береді,- деді.
Ойын сауық орталығында сыртқа шығуға қосымша екі есік қарастырылған. Бұған қоса енді 4-ші қабатта балалар мен жастарға арналған 3 кинотеатр ашылмақ. Төртінші қабаттан тікелей далаға эвакуациялайтын есік болады деп жоспарлануда.
«Балаларға арналған, жастар көп топтасатын кинотеатр, ойын алаңдары неге алғашқы қабаттардан орын алмайды?» деген заңды сауал туындайтыны рас. Тек «Қазына» ғана емес, «Апрель», «Арғымақ», «SMALL» сынды өзге де ойын – сауық және сауда орталықтарында балаларға арналған алаңдар тек жоғарғы қабаттарда. Өкінішке орай, өрт қауіпсіздігі ережелерінде балаларға арналған алаңдар төменгі қабатта болуы керек деп көрсетілмеген екен. Бұл да болашақта назарға алатын мәселе сыңайлы...
Нысанда қауіпсіздік ережелері жіті қадағаланатынын айтқан Жұмағали Исабеков тұрғындарға кеңесін де айтты.
- Әрбір тұтынушы сауда үйіне немесе басқа да ғимаратқа енгенде қай есіктен кірді, қалай шығуы керек екенін мұқият бағдарлап алса деймін. Тұрғындар келіп, шығатын есікті таба алмай, адасып жүретін жағдайлар кездеседі. Мұндағы кәсіпкерлер, ғимараттың ішінде қызмет ететін жандар кіру - шығу жолдарын жақсы біледі. «Сақтансаң, сақтайды» демекші, тұрғындарға айтар осындай кеңесіміз бар, - дейді Жұмағали Исабеков.

Бұл - біз барып, жағдайымен танысқан 3 ғимараттағы жағдай. Осы үшеуіне қарап қаладағы ғимараттарда өрт қауіпсіздігі ережелері толықтай сақталып отыр деп кесіп айтудан аулақпыз. Қауіпсіздік ережелерін назарға алмайтын, тексеріс үшін бос өрт сөндіргіштер ілініп тұратын нысандардың бар екенін жасыруға болмайды...

Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ

БАС АМАН БОЛСА, БӨРІК ТАБЫЛАДЫ

Биылғы көктем шығысқа тосын мінезін ала келді. Наурыздың 9-нда Аягөзде басталған су тасқыны жол бойы Өскемен, Шемонайха, Зырян, Катонқарағай, Глубокое аудандарына да соғып, ылаңын салып, ай соңында Семейге келіп жеткен... Ең бастысы, қарғын судың құрсауында қалған өңірлерде адам шығыны жоқ.
Қазақстанның шығысындағы табиғат апаты кезінде тек өзіміздің аймақтың тұрғындары тарапынан ғана емес, республиканың түкпір-түкпірінен ел басына түскен ауыр жағдайды жеңілдетуге ниет танытқандар саны көп болды. Бұл жағдайдың халқымыздың бірлігі мен берекесін паш еткенін де айта кетуіміз керек.
Аймақ халқы облыс басшысы Даниал Ахметовтің елмен бірге етікпен су кешкенін көріп разы болды. Апат аймақтарында күн-түн демей халықпен бірге болған Даниал Кенжетайұлының табиғат апатынан зардап шеккен әр адамға жеке-жеке көңіл бөлуге уақыт тапқаны да көпшілік назарынан тыс қалған жоқ. Облыс әкімінің халыққа берген уәдесі жедел орындалып жатыр. Даниал Ахметов су тасқынының құрсауында қалған аягөздіктерге бір аптаға жетпейтін уақыт ішінде жаңа баспаналардың кілтін де арнайы барып өз қолымен тапсырды.

29 наурыз күні Семейде де төтенше жағдай жарияланды. 28 наурыз күні Шүлбі су электр станциясынан жіберілген судың үш есеге артуына байланысты қаланың Ертіс және Семипалатинка өзендерінде су мөлшері қауіпті деңгейден елу сантиметрге асып, бес жүз алты (506) сантиметрді құрады. Қаладағы қарғын су құрсауында қалған Полковничий аралы, Бобровка, Пристань, Мирный кенттеріндегі үйлер мен саяжайларды су басты. Шамамен үш жүздей үйді мекендеп жатқан төрт жүз алпыс тоғыз адам қауіпсіз аймаққа көшірілді. Оның үш жүз алпыс екісі арнайы дайындалған үш қонақ үйге орналастырылып, үш мерзім тамақтандыру мәселесі шешілді. Жағдай тәулік бойы бақылауға алынды.
Жергілікті билік, төтенше жағдайға Шүлбі су электр станциясынан су жіберуді реттеу республикалық Су ресурстары комитетіне және Ертіс бассейндік инспекциясының құзырына қарасты мәселе болғандықтан, аталған мекеме жергілікті билікпен келіспей, жіберілетін су мөлшерін бір күнде бес жүзден (500) мың сегіз жүзге дейін (1800) бір-ақ көтергендіктен, Семейге «артық» су келгендігі салдарынан болған жағдай деп түсіндірді. Мәселенің мән-жайын зерттеп, барлау мақсатында арнайы комиссия да құрылды. Қазір халықпен билік кездесіп, тұйықтан шығудың жолдары қарастырылып жатыр.
Сенбі күні Семейге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов арнайы сапармен келіп, су астында қалған үйлердің жағдайымен танысты. Даниал Кенжетайұлы алдымен Мирный кентіндегі Загородная көшесі тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар су тасқыны қаупінен хабарсыз, қамсыз болғандықтарын айтып, тасқын су зардабынан тұруға жарамсыз болып қалған баспаналары мен тұрмыстық заттарын орнына келтіруге көмек сұрады. Аймақ басшысы кент тұрғындарын сабырға шақырып, барлық шығынның өтелетінін, қолдан келген көмектің жасалатынын жеткізді. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 70 млн. теңге қаржы бөлінбек.
Облыс әкімі тікұшақпен апат аумағын айналып өтіп, жағдаймен танысты. Халыққа апаттың орын алу себебін түсіндірді. Аймақ басшысы су тасқынынан зардап шеккендерге төтенше жағдайдың орын алуына себепкер болғандардың жауапқа тартылатынын, бұл мәселемен прокуратура айналысып жатқанын да айтып өтті. Алайда аймақ басшысымен бірге Семейге келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев судың жіберіліп жатқаны туралы алдын ала ескерту жасалғанын айтты.
- Егер суды осылай жармағанда, Шүлбіден айырылып қалар едік. Ондай жағдайда Семейді ғана емес, Павлодарды да су басар еді. Қоймадан су асып кету қаупі төнгеннен кейін, мәжбүр болдық. Мұз кептелісіне байланысты су жағаға шықты. Қауіп туралы 25 наурыз күні ескертілген. Ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ, мұндай кезде қиыншылықтар болады,- деді Су ресурстары комитетінің төрағасы.
Ислам Әбішев осылай дегенімен, аймақ басшысы жоспарсыз жүргізілген мұзды жару жұмыстарынан зардап шеккен тұрғындардан кешірім сұрады. Ертіс өзенінде жасалған жарылыс салдарынан келген залалдың орны толтырылатыны, барлық шығынды, үйді жөндеу, жарамсыз болса, сатып алу мәселесін мемлекет өз мойнына алатынын жеткізіп, уәде берді. Жергілікті билікке үйлеріне оралған тұрғындарды тегін отын, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етуді тапсырды. Даниал Ахметов: «Халық қалаулылары бірінші кезекте халықпен бірге болулары керек»,- деп, біздер, депутаттарды сайлаушылар алдындағы жауапкершілікті ұмытпауға шақырды. Мирный, Лодочная, Затон аумақтарындағы топан судан зардап шеккен үйлерді облыс әкімі Даниал Ахметов үш сағат бойы аралады. Әрқайсысына жеке – жеке көңіл бөлді. «Шығын өтеледі, үй жөнделеді» деп жете түсіндірген аймақ басшысы зардап шеккен әр тұрғынның өтінішін тыңдаған соң, депутаттарға белсенді болу керектігін қайталай айтып, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовке қоғаммен бірге жұмыс істеуді тапсырды.
Зардап шеккен үйлерге отын-су, киім-кешек, азық-түлік жеткізу жұмыстары басталды. Жалпы шығынды өтеу үшін қаланың төтенше жағдай қорындағы қаражат пен облыстық бюджеттен бөлінетін 70 млн. теңге жұмсалады.
Апат аймақтарын аралап болғаннан кейін БАҚ өкілдерімен кездескен Даниал Ахметов Семейде 287 үйге зақым келгенін, 50 үйдің суда тұрғанын, ал облыс бойынша тасқын судан келген жалпы шығын көлемі 72 млрд. 205 млн. теңгені құрайтынын айтты. Бұл есептің ішіне Семей мен Зырян қаласына қатысты шығын кірген жоқ. Семейге апат салдарын жоюға және тұрғын үйлерді қалпына келтіруге тиісті қаржы бөлінетінін, өзінің қатаң бақылауындағы мәселені көзімен көріп қайтуға үш күннен кейін тағы да келетінін айтқан аймақ басшысы қала әкімі Ермак Сәлімовтің орын алған жағдайға байланысты тұрғындар басына түскен ауыртпалықтың түйінін шеше алатынына сенім білдірді.
Сөзіміздің басында айтып кеткендей, ел басына түскен қиындықты биліктің халықпен бірге көтеріп жатқаны көңілге қуат береді. Барға «шүкір» деп үйренген, жоқта жасымаған, талай қиындықта шыңдалған халық үшін бұл өтпелі жағдай екені де белгілі. Осындайда дана халқымыз айтатын «Бас аман болсын!» деген сөзден құдіретті не бар. «Бас аман болса, бөрік табылады», ағайын, аман болайық!

Риза МОЛДАШЕВА

 

ДАНИАЛ АХМЕТОВ: ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР ҚАМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Наурыз айының соңғы күндерінде Шүлбі су электр станциясынан келетін судың тәуліктік мөлшерінің үш есеге дейін ұлғаюына байланысты Ертіс өзенінің деңгейі күрт көтеріліп, салдарынан шаһардың Полковничий, Мирный, Затон, Бобровка аудандарындағы тұрғын үйлерге су кіріп, апатты жағдай орын алған еді. Осыған орай сенбі, 31 наурыз күні Семейге келген облыс әкімі Даниал Ахметов баспаналарды аралап, зардап шеккен халықпен жүздесіп, мұң - мұқтажын тыңдап қайтты.

Семейде орын алған төтенше жағдайға байланысты қала әкімі Ермак Сәлімовтің басшылығымен 29 наурыз күні «Востоквзрывпром» ЖШС қызметкерлері үш күн қатарынан мұз жару жұмыстарын жүргізген еді. Нәтижесінде Ертіс өзеніне жақын орналасқан бірнеше үйдің терезелері сынып, едәуір шығын келгені туралы ғаламтор мен әлеуметтік желілерде де кеңінен тарап үлгерді. Жергілікті басшылық бұл жағдайды басқа амалдың жоқтығымен түсіндіріп, барлық залалды өндіріп беретіндерін жеткізген болатын. Адами фактор салдарынан туындаған шаһардағы тосын жағдаймен кеңірек танысып, халықпен жүздесу үшін келген Даниал Ахметов алдымен тікұшақпен апат аумағын айналып өткеннен кейін Мирный кентіне ат басын бұрды. Аймақ басшысының келетінін күні бұрын естіп жиналған кент тұрғындары облыс әкіміне мұң-мұқтаждарын айтып жатты. Әрбіреуімен жеке-жеке тілдескен облыс әкімі қамкөңіл тұрғындарды жұбатып, ешкімнің қамқорлықсыз қалмайтынын жеткізді. 

- Су қайдан шықты? Шүлбі су қоймасынан ақырғы үш күннің ішінде секундына 1800 текше метрді құраған су келді. Анықталғандай, биылғы наурыз айында Шүлбі қоймасынан жіберілетін судың мөлшері өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым төмен болған. Қойма кенет тола бастаған соң, қалыпты мөлшерден үш есеге дейін артық көлемді құрайтын суды жіберген. Оның соңы Семейдегі төтенше жағдайға алып келді. Су ресурстары комитетінің басшысы қазір осында. Жағдайға кінәлі тарап анықталды. Осы мәселемен қазір прокуратура айналысып жатыр,- деді Даниал Кенжетайұлы тұрғындарға.
Пристань, Мирный, Затон аудандарын үш сағат бойы аралаған Даниал Ахметов халықпен жүздесуі барысында Ертіс өзені жағалауын бекіту жұмыстары басталатыны туралы жағымды жаңалықты жеткізді. Облыс басшысының сөзіне сүйенсек, биылғы жылдың тамыз айына дейін жобалық - сметалық құжаттамалары әзірленіп, Семейде жиырма жыл бойы қолға алынбаған Ертіс жағалауын бекіту жұмыстары жанданбақ. Семейдегі төтенше жағдайға орай Астанадан келген Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев аталған комитеттің де осы жобаны жүзеге асыруға серіктес болатынын жеткізді.
- Таяу арада Семейде арнайы топ құрылып, Түйемойнақ аралы, Мирный, Пристань, Бобровка аумақтарында орын алған апатты жағдайларға талдау жасалады. Тамыз айына дейін Ертіс өзені жағалауын бекіту туралы жобаның сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылады. Ал Семейде орын алған жағдайға келсек, су жіберудің қалыптасқан өз ережесі бар: мұздың астымен және үстімен жіберу. Су мұздың үстімен жіберілгенде, қаланың жартысы су астында қалатын еді. Өз кезегінде бұл Павлодарға да зиянын тигізбей қоймаушы еді. 200-ден астам үйге зақым келуі де оңай емес, әрине. Бірақ бәрі де заң аясында халықтың амандығы үшін жасалды. Мәселенің анық - қанығын заң органдары тексеріп, тиісті тарапты жауапқа тартатын болады,- деді Ислам Әбішев.
Мирный кентіндегі Загородная көшесі тұрғындарының бірі Серғазы Төлегетаев облыс әкіміне биылғы мұз жару жұмыстарының жылдағыдан кеш басталғанын, салдарынан ешкім ойламаған тосын жағдай орын алғанын айтып шағымданды. Осы орайда түсінгеніміз - халықтың көпшілігі су деңгейінің не себепті көтерілгенінен бейхабар сияқты. Көпшілігі тасқынды табиғи апатқа балап, жарылысты кешіктірді деп жергілікті билікке кінә артуда.
- Мен көп жылдан бері осы аумақта тұрып келе жатырмын. Жарылыс төменнен емес, жоғары жақтан бастап жасалды. Іштей қауіптенсек те, зардабы осындай болады деп ойламадық. Қазір № 42 орта мектепті паналап отырмыз,- деген СерғазыТөлегетаевке аймақ басшысы апаттың түпкі себебін тағы бір мәрте түсіндіріп, бағалау комиссиясы жұмысын бастағанын, шығындардың өтелетінін, төтенше жағдайлар қорына тағы 70 млн. теңге бөлінгенін айтты.
- Егер жөндеу керек болса – жөндейміз, қаражат қажет болса – бөлеміз. Тұруға жарамайтын баспаналарды жаңасымен ауыстырамыз. Бағалау комиссиясы жұмысын бастады. Үйлеріңіз аман болып, тек дүние - мүліктеріңізге зиян келсе де, комиссияға хабарлаңыздар. Барлығы есепке алынады. Қазіргі уақытта қаланың төтенше жағдайлар қорына қаражат бөлінген. Зардап шеккен отбасыларға көмір, отын, тамақ пен киім-кешек жеткізіледі. Дүйсенбі күні тағы 70 млн. теңге бөлеміз,- деді Даниал Ахметов.
Мирный кентінен соң Пристань ауданына аялдаған аймақ басшысын қаумалаған халық су толған үйлерін көрсетуге асықты. Краевая көшесін аралап шыққан Даниал Ахметов осы көше бойындағы 31-ші үйдің тұрғыны Сәуле Зайтекованың да баспанасына бас сұқты. Қабырғасы бүтін болса да, енді оның тұруға жарамайтынын айтқан отанасына жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
- Бастысы, үй құлаған жоқ. Барлық жөндеу жұмыстарына мемлекет қаржысынан көмек беріледі. Бірақ алдымен, комиссияны күтпей-ақ, өздеріңіз тазалау жұмыстарын жүргізулеріңіз керек. Қарап отырған жарамайды. Комиссия келмей үйге кірмеу керек деген - бос сөз. Мен үш күннен кейін Семейге қайта келемін. Зардап шеккен баспаналардың барлығын жөндейміз,- деген аймақ басшысы аталған көшедегі бүлінген тұрғын үйлерге кіріп, жағдаймен танысып шықты. Осы көшедегі 38 Б үйдің иесі № 18 орта мектеп мұғалімі Медет Тоқтаровтың құрылысы аяқталмаған баспанасына да тиісті жәрдем берілетін болды.
Осылай әр тұрғынның өтініш - тілегіне құлақ асқан аймақ басшысы қиын-қыстау жағдайда халық қалаулыларының да белсенділік танытулары қажет екенін баса айтты. Сол күні аймақ басшысымен бірге тұрғын үйлерді аралаған жалғыз депутат Әсемхан Досқожанов Сәтбаев көшесіндегі терезелері сынған үйлерді қалпына келтіруді және су басқан баспаналарға жөндеу жүргізуді жауапкершілігіне алды.
Сапар соңында журналистермен жүздескен Даниал Кенжетайұлы облыс бойынша жалпы шығынның 72 млрд. 205 млн. теңгені құрап отырғанын айтты. Семей қаласы мен Зырян ауданы әлі бұл тізімге енбепті.
- Қалалық әкімдік белсенді жұмыс істеуі тиіс. Мен жергілікті басшылыққа зардап шеккен тұрғындары бар үй-жайларда міндетті түрде кезекшілік тағайындалсын деген тапсырма бердім. Оқыс жағдайда жедел әрекет ету үшін, қажет болса, әкім орынбасарлары сол жерде түнесін. Екіншіден, халық эвакуацияланған қонақ үйлерде орын алған келеңсіздіктерді, жатын жайлардың тарлығын реттеуді тапсырамын. Қазір бір - екі сағаттың ішінде тұрғындарға отын, көмір және басқа да қажеттіліктер жеткізіледі. Осы орайда көпшілікті «енді не болады?» деген сауалдың мазалап отырғанын да жақсы білемін. Тағы да қайталап айтамын, алдағы 2-3 күннің ішінде комиссия жұмыс істеп, барлық шығындарды анықтайды. Осының негізінде құрылыс компаниясымен келісімшарт жасалып, жөндеу жұмыстары басталады. Егер комиссия үйді жөндеуге келмейді деп есептесе, сәйкесінше, орнына басқа баспана аламыз. Аягөзде 18 үй құлағаннан кейін 7 күн өткен соң, 12 отбасыға жаңа үйдің кілтін табыс еттік. Семейде де сондай жағдай болады,- деді Даниал Кенжетайұлы.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

ОЙЫН – САУЫҚ ОРТАЛЫҚТАРЫНА ТЕКСЕРІС ҚАЖЕТ

Кемеровода орын алған трагедия салдарынан, ресми деректер бойынша, 64 адамның өмірі қиылды. Бұл соңғы кездегі қоғамдағы ең көп талқыға түскен тақырыпқа айналды. Оның себебі - тап осындай трагедия әлемнің кез келген қаласында, кез келген сауда орталығында орын алуы әбден мүмкін. Бейкүнә жандар бейбіт күнде қаза болды.
28 наурыз күні семейліктер қайғылы оқиға кезінде қаза тапқандарды еске алу үшін өздерінің балаларымен бірге Ертіс жағалауына жиналып, ақ шар ұшырып, қайғыға ортақтастық білдірді. Біз бұдан сабақ алуға тиіспіз. Бізге де ойын–сауық нысандарын жіті тексеру керек екенін енді ұғынғандаймыз.

Сәрсенбі күні ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз парағын таратты. Онда қандай сауда орталықтары тексерілетіні анық көрсетілген. «Тәуекелдік деңгейі жоғары нысандар тексеру нысаны болып табылып, өрт қауіпсіздігі бойынша қадағаланады. Тәуекелдік деңгейін бағалау өлшемдері бойынша өрт қауіпсіздігі және тексеру парақтары аясында 1500 және одан да көп шаршы метрді алып жатқан сауда мен ойын - сауық кешендері жыл сайын тексерілетін болады. Кәсіпкер өзіне инспектордың қай уақытта келетінін алдын ала білуге мүмкіндік алады. Арнайы кесте құрылып, ол Бас прокуратураның сайтында жарты жылдыққа дейін жарияланып отырады. Тексеру жүргізілетіні туралы кәсіп иесі 30 күнтізбелік уақыт ішінде хабардар болады.
Егер тексеру кезінде өрт қауіпсіздігін сақтауға қатысты заң бұзушылық анықталмаса, онда ол нысан 1 жылға дейін тексеруден босатылады.
Сондай-ақ тексерілуші субъектіге сарапшы ұйымдар тарапынан өрт қауіпсіздігі бойынша аудиттің қорытындысы берілетін болса, онда тексеруден ерекше тәртіппен 1 жылға босатылады. Баспасөз парағында: «Қазіргі таңда облыс бойынша тәуекелдік деңгейі жоғары нысандар санатына 82 сауда нысаны жатқызылып отыр»,- деп көрсетілген. Дегенмен өрт сөндірушілер олардың саны бұдан да арта түсуі ықтимал екенін айтады. Мұның өзіндік себебі де бар. Мәселен, бір аумақты бірнеше меншік иелеріне бөліп жіберіп, ғимараттың көлемін кішірейтіп көрсетеді. Атап айтар болсақ, 1500 шаршы метрлік ғимарат, екі қожайынға бөлген шақта, құжатта әрқайсысы 750 шаршы метр болып шыға келеді де, тәуекелдік деңгейі жоғары нысандар санатына енбей қалады. Осының нәтижесінде өрт сөндіру инспекторының оларды тексеруге құқығы болмайды.
Өткен 2017 жыл мен 2018 жылдың осы мезгіліне дейінгі аралықта сауда саласындағы 50 нысанға тексеру жасалынды. Өкінішке орай, семейліктердің алаңдаушылық білдіретін себебі де жоқ емес. Қаламыздағы барлық ірі сауда орындарында өрт қауіпсіздігін сақтауға байланысты салғырттық бар.
- Тексеру жасаған шақта барлық сауда үйлерінде өрт сөндіру ережесін бұзу орын алды. Атап айтар болсақ, есіктер сыртқа шығатын жаққа қойылмаған, дабыл қағу жұмыс істемейді, эвакуациялық шығу жолдары жабылып қалған, электр құрал-жабдықтарының да проблемалары жетіп артылады,- деген Семей қаласындағы ШТӨК ТЖБ аға инженері Жанат Насымхан бірқатар мысалдарды тізбектеп өтті.
Кемероводағы трагедиядан кейін Қазақстанның бірқатар қалаларында тәуекелдік деңгейі жоғары нысандар болып табылатын сауда үйлерін тексерулер басталып кетті. Біздің Семей қаласында тексерулер жасауға министр тапсырмасы әлі беріле қойған жоқ. Бірақ қалалық ТЖБ ықтимал рейдтерді жүргізуге сақадай-сай. Оның үстіне Семейде тексеретін нысандар баршылық.
Қалада тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан азық-түлік дүкендері және ірі аумақты алып жатқан жүздеген сауда нысандары бар. Олардың барлығы өрт қауіпсізді жүйесімен қамтамасыз етілуі тиіс. Қадағалаушы органдардың пікірінше, тәуекелдік деңгейі жоғары нысандардың санатына аумағы 1500 шаршы метрден асатын сауда орталықтары жатады. Біздің қаламызда олардың саны 43. Олардың арасында үш сауда-ойын орталығы - «Апрель», «Қазына» және Кемероводағы жанып кеткен «Зимняя вишня» санатына жататын Әуезов даңғылы бойында орналасқан «Мереке» бар.
- Тәуекелдік деңгейі жоғары нысандарға тәуекелдікті бағалау өлшемі бойынша жылына бір рет жоспарлы тексеру жасалады. Ал аумағы 1500 шаршы метрден аспайтын сауда орындары тәуекелдігі шамалы деңгейдегі нысандар санатына жатқызылып, ерекше тәртіптегі тексеруді қажет етпейді. Тек оларды прокуратураның тапсырмасымен немесе келіп түскен шағымға орай тексеріміз,- деп түсіндірді Жанат Насымхан.
Оларға жүргізілген тексерулер барысында кәсіпкерлер тарапынан адамдар қауіпсіздігін қамтамасыз ету емес, үнемдеу жасау орын алып жатады. Мұның себебі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету қаражат шығынын да көп керек етеді.
- Өрт қауіпсіздігі ережесін өрескел бұзушылықтарды эвакуациялық шығу жолдарының бітеліп тасталуы, есіктердің дұрыс орналаспауы арқылы анықтаймыз. Шығар жолдағы есік өзіңе қарай емес, сыртқа қарай ашылуға ыңғайлануы керек. Олай болмаған жағдайда жұрт бір жерге ұйлығып қалады. 2009 жылғы Пермьдегі «Хромая лошадь» клубындағы өртті еске алар болсақ, тап осындай есік жұрттың сыртқа шыға алмай қалуын туғызып, арты өлімге әкеп соққызды. Тағы бір жиі кездесетін ереже бұзушылық терезеге орнатылатын торларға қатысты. Оларды орнатуға өрт қауіпсіздігі талабы бойынша тыйым салынған. Тек ерекше төрт жағдайда ғана торлы терезелер орнатылады. Оларға касса, қару-жарақ дүкендері, құпия бөлімдер мен қоймалар жатады,- деді Жанат Насымхан.
Ең маңыздысы, өртке қарсы күрес қызметкерлерінің салынып біткен нысандарды қабылдау комиссиясы құрамынан шеттетілуі осындай трагедиялық жағдайлардың орын алуына әсер етіп отыр. Заң бойынша, шағын және орта бизнес өкілдері өздері салған ғимараттарын пайдалануға беру кезінде өрт қауіпсіздігіне тексеруден босатылады. Бұдан келіп шығатыны - кәсіпкерлер тарапынан адамдар өмірінің қауіпсіздігі бір шетке ысырылып тасталады.
Өрт сөндіру инспекциясы қызметкерлерінің білім беру нысандарына еш өкпесі жоқ. Семей өңірінің барлық мектептері өрт дабылдарымен, қажетті құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған. Ал мектепке дейінгі білім беру нысандары жайында бұлай дей алмаймыз. Жекеменшік балабақша иелері көбіне өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамайтыны анықталып отыр.
«Семей таңы», «Вести Семей» газеттерінің тілшілері өз тарапынан дербес рейд өткізуге қам жасауда. Бұл жайында газетіміздің келесі нөмірінен оқитын боласыздар.

Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ

ЖАҒДАЙ ЖІТІ БАҚЫЛАУДА

 

Сейсенбі, 13 наурыз күні Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Аягөз қаласына арнайы келіп, тұрғындармен кездесті. Аудан орталығында болған апат салдарын саралап, күллі қазақстандықтарды толғандырған мәселеге нүкте қойды. Аймақ басшысы қызыл судан зардап шеккен аягөздіктердің ешбірі биліктің назарынан тыс қалмайтынын, барлығына тиісті деңгейде көмек көрсетілетінін жеткізді.

Осыдан 2 күн бұрын кіші Аягөз өзені арнасынан он есе асып, нәтижесінде аудан орталығындағы үш шағын көпірді қиратып, 148 үй су астында қалған еді. Ауданда табиғи апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланып, зардап шеккен үйлердің тұрғындары дереу қауіпсіз жерге көшірілген болатын. Қазіргі таңда олар арнайы мекемелерге орналастырылып, ыстық тамақ және төсек-орынмен толық қамтамасыз етілген.
Айта кету керек, суда қалған 148 үйдің бүгінде 8-і құлаған. 10 үй апатты жағдайда тұр. Алайда облыс әкімі бұл сан алдағы күндері еселенуі ықтимал, сондықтан соңғы көрсеткіш емес дейді. Қызыл судың құрсауында қалған әр үйді өзі аралап шыққан Даниал Ахметовке тұрғындар арыз - шағымдарын барынша жеткізді. Мәселен, қирап қалған үйлердің ішінде Желтоқсан көшесі, 72 мекенжайында орналасқан Ильмира Қайымбаеваның баспанасы бар. Кішкентайына аяғы ауыр отанасы Даниал Ахметовке: «Қабырғасы сөгіліп, іргесі қираған шаңырағымды кім қалпына келтіріп береді?»- деген сауалын қойды. Облыс әкіміне дәл осы сипатта жолданған жалғыз сұрақ бұл емес. Өз кезегінде жапа шеккен жандардың қабырғасын қайыстырған, қала берді күллі қазақстандықтарды алаңдатқан мәселеге Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
- Бірде-бір Аягөздің тұрғыны назардан тыс қалмайды. Баспанасы жарамсыз қалған отбасыларға осы қаладан үй сатып алып береміз. Қазіргі таңда маған Аягөзде 15 үй сатылады деген ақпарат берілді. Солардың бәрін сатып аламыз. Одан кейін орталықта 60 пәтерлі жаңа үй бой көтеріп жатыр. Сол жерден пәтер береміз. Ешкім баспанасыз қалмайды,- деп жауап берді.
Облыс әкімі мәлім еткен ресми жауапқа ризашылығын білдірген тұрғындар көз жастарын жасыра алмады.
- Үй береміз деп уәде берді. Алла бұйыртса, баспаналы боламыз. Мамырда балам дүниеге келеді. Облыс әкімі Даниал Ахметовке зор алғыс білдіремін. Бәріне рақметімді айтамын. Келіп, көріп, жағдайымызды сұрап жатыр. Қуаныштан жылап тұрмын,- дейді Ильмира Қайымбаева.
Даниал Ахметов сондай-ақ Аягөзге облыстық «Парыз» қорынан 50 миллион теңге аударылатынын жеткізді. Аталған қаражат күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді, атап айтқанда көмір, азық-түлік, киім-кешек сияқты тұрмыстық жағдайды шешуге жұмсалады.
Апат салдарын есептеуге құрылған арнайы комиссия жұмысын жалғастыруда. Бүгінде өзен деңгейі біршама төмендеген. Жергілікті билік көпірлерді қалпына келтіру жұмыстарын атқаруда. Ал қалада құрылған еріктілер қызыл су шайып өткен аумақтарды тазалау жұмысын жүргізуде. Сонымен қатар Даниал Ахметов Үржар, Күршім, Жарма сияқты жоғары қауіп төнген аудандар аумағындағы жағдайдың жіті назарға алынғанын, арнайы тікұшақпен бақылау басталғанын айтты.
Әлеуметтік желілерде аймақ басшысының осы бір сын сағаттарда елмен бірге болып, бұқараның қасынан табылғанына жылы лебіздер білдіріп жатқан желі қолданушылары көп. Оған әлеуметтік желілерде жарияланған видеолар дәлел.
Үш баласымен далада қалып, жанары жасқа толған анаға: «Балаларыңызға облыс әкімі Даниал Кенжетайұлымен кездестім деп айтыңыз. Барлық көмекті жасаймыз деп сөз берді деңіз»,- деген Даниал Ахметов қанша баласы барын білген соң қамкөңіл жанға: «Үш балаңыз бар болса, үш бөлмелі пәтер аласыз. Айналайын, өмір осымен тоқтамайды. Қасыңда демеу болар балаларың бар. Ел басына күн туған шақта, біз де аянып қалмаймыз. Бар көмекті береміз. Халық та сөзсіз көмектеседі. Керек болса, жиһазға да қаржы бөлеміз. Міне, айналайын, осылай болады»,- деп жанары жасқа малынған жанды жұбатты.
Облыс әкімі Өскеменге оралысымен қарғын судан келген зардапты жоюға қатысты арнайы брифинг өткізді. Сәрсенбі, 14 наурыз күні өткен брифингте Даниал Ахметов журналистерге қарғын су қыспағында қалған Аягөз ауданында қолға алынып жатқан іс-шаралар турасында баяндап берді.
- Ең қиын жағдай Аягөзде болған. Біз бұл мәселені шеше алдық. Қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындардың көпшілігі өз үйлеріне оралды. Қазір 73 адам мектеп–интернатта. Оларға жер - жерден қайырымдылық көмек келуде. Ауданда зардап шеккендерге көмек беру мақсатында «Аягөз-Болашақ» қоры жұмыс істеп тұр. Бүгін таңертең сол қордың есепшотына өзімнің бір айлық еңбекақымды аудардым, - деді Даниал Ахметов. Облыстың дін өкілдері тарапынан «Шығыстың асары» акциясы бастау алды. Қала мешіттерінде азық-түлік, қаражат, киім-кешек сынды қажет заттар қабылдана бастады. «Нұр Отан» партиясының ШҚО филиалы және «Жас Отан» жастар қанаты қайырымдылық көмекті жинайтын пункт ашты. Сондай-ақ былтырғы жылы қарғын судан зардап шеккендерге 10 тонна көлемінде көмек жинаған еліміздің қоғамдық ұйымдары мен кәсіподақтары «Тасқын көмек-2018» акциясын бастап кетті. ШҚО ТЖД дағдырыс орталығында шұғыл штабтың жұмысы ұйымдастырылған. Апаттан құтқару жұмыстарын жүргізу үшін барлық күштер тартылды. Оның құрамында қазір 1070 адам, 286 бірлік техника, 56 бірлік су құрылғылары бар, басқа да техникалар қазір кәсіпкерлерден алынып отыр. Қолайсыз ауа райы салдарынан 229 үйді су басты, оның ішінде Аягөзде – 186 үй, Өскеменде – 24, Ұланда - 5 үй. Жергілікті органдар, ТЖД қызметкерлері су басқан үйлерден 385 адамды эвакуациялады. Оның ішінде Аягөз ауданында 360 адам басқа жерге көшірілді. Қазіргі кезде 73 адам, оның ішінде 42 бала, №6 мектеп-интернатқа орналастырылған. Үш мезгіл ыстық тамақ беру жолға қойылды. Осы балалардың барлығы мектепке барып жүр. Аягөзге барғанымда ол жерде де болдым. Ал 70 жан уақытша туыстарына барса, 215 адам өз үйлеріне оралды,- деп атап өтті аймақ басшысы.
– Брифингте Даниал Кенжетайұлы 2 - 3 күннің ішінде міндетті түрде 8 үй сатылып алынатынын атап өтті. Содан кейін салынып жатқан 60 пәтерлік үй 3 – 4 айдан соң пайдалануға берілетінін жеткізді. - Сол себептен мен кеше тапсырма бердім. 18 үйді қосалқы нарықта тез арада сатып алу керек. Қалыптасқан жағдайға орай, Аягөздегі үйдің бағасы аспандап кетпейтініне сенімдімін. Бұған қаржы бөлінді. Ал енді қалған қаржы қайда жұмсалады дегенге келсек, біз күнделікті тұрмыстағы мәселелерді шешуіміз керек. Мәселен, отын – су, киім – кешек, құрылыс материалдарын алу жағы шешіледі. Мен үш күн бұрын тапсырма бердім. Қазір арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Олар аудандарды тікұшақпен аралай бастады. Бізге барлық жағдай белгілі,- деді облыс әкімі. - Күрт еріген қар суы, әдеттегідей, жерге сіңбей, жөңкіле ақты. Қазақ мұны «қызыл су» дейді. Мұндай оқиға соңғы 50 жылда Аягөзде қайталанды. Қазірге дейін аймағымыздың 6 өңірі қадағалауда,- деп толықтыра түсті.
Аягөз ауданының әкімі Бақытжан Байахметов төтенше жағдай кезінде жұртты ортақ іске жұмылдыра білді. Қазір онда жұмыс істеп жатқан комиссия 180 үйге қатысты қанша қаржы қажет екенін есептеу үстінде. Ал Өскемендегі суда қалған төрт үй қалпына келтірілді. Ұлан ауданында бұзылған Мамай көпірі жөнделді. Аудан әкімдігі су басқан кезде өзен жағасында орналасқан үш үйдің тұрғындарын дер кезінде қауіпсіз жерге көшіре білген. - Қазіргі таңда 6 тікұшақ жағдайды жіті бақылауда ұстауда. Әрі әр топ маған қалыптасқан жағдайды екі мезгіл тұрақты хабарлап отыр. Біз осы ұшулар барысында жасалынған болжамдар негізінде әрекет ететін боламыз,- деген Даниал Кенжетайұлы төтенше жағдайға байланысты қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, брифингті қорытындылады.

Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ.

 

 

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57