БАС АМАН БОЛСА, БӨРІК ТАБЫЛАДЫ

Биылғы көктем шығысқа тосын мінезін ала келді. Наурыздың 9-нда Аягөзде басталған су тасқыны жол бойы Өскемен, Шемонайха, Зырян, Катонқарағай, Глубокое аудандарына да соғып, ылаңын салып, ай соңында Семейге келіп жеткен... Ең бастысы, қарғын судың құрсауында қалған өңірлерде адам шығыны жоқ.
Қазақстанның шығысындағы табиғат апаты кезінде тек өзіміздің аймақтың тұрғындары тарапынан ғана емес, республиканың түкпір-түкпірінен ел басына түскен ауыр жағдайды жеңілдетуге ниет танытқандар саны көп болды. Бұл жағдайдың халқымыздың бірлігі мен берекесін паш еткенін де айта кетуіміз керек.
Аймақ халқы облыс басшысы Даниал Ахметовтің елмен бірге етікпен су кешкенін көріп разы болды. Апат аймақтарында күн-түн демей халықпен бірге болған Даниал Кенжетайұлының табиғат апатынан зардап шеккен әр адамға жеке-жеке көңіл бөлуге уақыт тапқаны да көпшілік назарынан тыс қалған жоқ. Облыс әкімінің халыққа берген уәдесі жедел орындалып жатыр. Даниал Ахметов су тасқынының құрсауында қалған аягөздіктерге бір аптаға жетпейтін уақыт ішінде жаңа баспаналардың кілтін де арнайы барып өз қолымен тапсырды.

29 наурыз күні Семейде де төтенше жағдай жарияланды. 28 наурыз күні Шүлбі су электр станциясынан жіберілген судың үш есеге артуына байланысты қаланың Ертіс және Семипалатинка өзендерінде су мөлшері қауіпті деңгейден елу сантиметрге асып, бес жүз алты (506) сантиметрді құрады. Қаладағы қарғын су құрсауында қалған Полковничий аралы, Бобровка, Пристань, Мирный кенттеріндегі үйлер мен саяжайларды су басты. Шамамен үш жүздей үйді мекендеп жатқан төрт жүз алпыс тоғыз адам қауіпсіз аймаққа көшірілді. Оның үш жүз алпыс екісі арнайы дайындалған үш қонақ үйге орналастырылып, үш мерзім тамақтандыру мәселесі шешілді. Жағдай тәулік бойы бақылауға алынды.
Жергілікті билік, төтенше жағдайға Шүлбі су электр станциясынан су жіберуді реттеу республикалық Су ресурстары комитетіне және Ертіс бассейндік инспекциясының құзырына қарасты мәселе болғандықтан, аталған мекеме жергілікті билікпен келіспей, жіберілетін су мөлшерін бір күнде бес жүзден (500) мың сегіз жүзге дейін (1800) бір-ақ көтергендіктен, Семейге «артық» су келгендігі салдарынан болған жағдай деп түсіндірді. Мәселенің мән-жайын зерттеп, барлау мақсатында арнайы комиссия да құрылды. Қазір халықпен билік кездесіп, тұйықтан шығудың жолдары қарастырылып жатыр.
Сенбі күні Семейге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов арнайы сапармен келіп, су астында қалған үйлердің жағдайымен танысты. Даниал Кенжетайұлы алдымен Мирный кентіндегі Загородная көшесі тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар су тасқыны қаупінен хабарсыз, қамсыз болғандықтарын айтып, тасқын су зардабынан тұруға жарамсыз болып қалған баспаналары мен тұрмыстық заттарын орнына келтіруге көмек сұрады. Аймақ басшысы кент тұрғындарын сабырға шақырып, барлық шығынның өтелетінін, қолдан келген көмектің жасалатынын жеткізді. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 70 млн. теңге қаржы бөлінбек.
Облыс әкімі тікұшақпен апат аумағын айналып өтіп, жағдаймен танысты. Халыққа апаттың орын алу себебін түсіндірді. Аймақ басшысы су тасқынынан зардап шеккендерге төтенше жағдайдың орын алуына себепкер болғандардың жауапқа тартылатынын, бұл мәселемен прокуратура айналысып жатқанын да айтып өтті. Алайда аймақ басшысымен бірге Семейге келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев судың жіберіліп жатқаны туралы алдын ала ескерту жасалғанын айтты.
- Егер суды осылай жармағанда, Шүлбіден айырылып қалар едік. Ондай жағдайда Семейді ғана емес, Павлодарды да су басар еді. Қоймадан су асып кету қаупі төнгеннен кейін, мәжбүр болдық. Мұз кептелісіне байланысты су жағаға шықты. Қауіп туралы 25 наурыз күні ескертілген. Ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ, мұндай кезде қиыншылықтар болады,- деді Су ресурстары комитетінің төрағасы.
Ислам Әбішев осылай дегенімен, аймақ басшысы жоспарсыз жүргізілген мұзды жару жұмыстарынан зардап шеккен тұрғындардан кешірім сұрады. Ертіс өзенінде жасалған жарылыс салдарынан келген залалдың орны толтырылатыны, барлық шығынды, үйді жөндеу, жарамсыз болса, сатып алу мәселесін мемлекет өз мойнына алатынын жеткізіп, уәде берді. Жергілікті билікке үйлеріне оралған тұрғындарды тегін отын, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етуді тапсырды. Даниал Ахметов: «Халық қалаулылары бірінші кезекте халықпен бірге болулары керек»,- деп, біздер, депутаттарды сайлаушылар алдындағы жауапкершілікті ұмытпауға шақырды. Мирный, Лодочная, Затон аумақтарындағы топан судан зардап шеккен үйлерді облыс әкімі Даниал Ахметов үш сағат бойы аралады. Әрқайсысына жеке – жеке көңіл бөлді. «Шығын өтеледі, үй жөнделеді» деп жете түсіндірген аймақ басшысы зардап шеккен әр тұрғынның өтінішін тыңдаған соң, депутаттарға белсенді болу керектігін қайталай айтып, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовке қоғаммен бірге жұмыс істеуді тапсырды.
Зардап шеккен үйлерге отын-су, киім-кешек, азық-түлік жеткізу жұмыстары басталды. Жалпы шығынды өтеу үшін қаланың төтенше жағдай қорындағы қаражат пен облыстық бюджеттен бөлінетін 70 млн. теңге жұмсалады.
Апат аймақтарын аралап болғаннан кейін БАҚ өкілдерімен кездескен Даниал Ахметов Семейде 287 үйге зақым келгенін, 50 үйдің суда тұрғанын, ал облыс бойынша тасқын судан келген жалпы шығын көлемі 72 млрд. 205 млн. теңгені құрайтынын айтты. Бұл есептің ішіне Семей мен Зырян қаласына қатысты шығын кірген жоқ. Семейге апат салдарын жоюға және тұрғын үйлерді қалпына келтіруге тиісті қаржы бөлінетінін, өзінің қатаң бақылауындағы мәселені көзімен көріп қайтуға үш күннен кейін тағы да келетінін айтқан аймақ басшысы қала әкімі Ермак Сәлімовтің орын алған жағдайға байланысты тұрғындар басына түскен ауыртпалықтың түйінін шеше алатынына сенім білдірді.
Сөзіміздің басында айтып кеткендей, ел басына түскен қиындықты биліктің халықпен бірге көтеріп жатқаны көңілге қуат береді. Барға «шүкір» деп үйренген, жоқта жасымаған, талай қиындықта шыңдалған халық үшін бұл өтпелі жағдай екені де белгілі. Осындайда дана халқымыз айтатын «Бас аман болсын!» деген сөзден құдіретті не бар. «Бас аман болса, бөрік табылады», ағайын, аман болайық!

Риза МОЛДАШЕВА