КЕЛЕШЕКТЕ ТЕГІН WIFI БАР ЖАҢА АВТОБУСТАР ЖҮРЕДІ

Өткен жылдың желтоқсан айында семейліктер қалаішілік жолға шыққан 20 жаңа автобусты көріп, көңілдері бір көтеріліп қалып еді. Әлбетте, жылдар бойы күткен жаңалықтың көптің көңілінен шыққаны анық. Естеріңізге сала кетсек, облыс әкімі Даниал Ахметов Шығыс Қазақстанның ірі екі қаласындағы қоғамдық көліктің сапасын бірнеше рет қатаң сынға алғаны белгілі. Оған себеп – жол ақысын көтеруді талап етуден жалықпайтын тасымалдаушылардың ондаған жылдар бойғы автобустарды жаңартуға деген құлықсыздығы. 

Семейде қоғамдық көлік қызметінің сапасын жақсартуға «BusReport» бағдарламасының көмегі зор болды. Енді қалалықтар барлық бағыттағы қоғамдық көліктердің қозғалысын «InfoBus» мобильді қосымшасы арқылы бақылай алады. Бүгінде GPS-мониторингі бар интерактивті картаны 43 мыңнан аса семейлік қолдануда.

«BusReport» бағдарламасы тасымалдаушылар тарапынан бірқатар олқылықтарды анықтағанын да айта өткен жөн. Мәселен, былтыр №№5, 8, 10, 22, 24, 37, 43 және 45 бағыттар бойынша 8 бағытта қызмет көрсеткен «Семавтопарк» ЖШС-мен сот арқылы келісімшарт бұзылды. Қазір бұл бағдарлар байқау өткенге дейін «Мусапиров» ЖК және «Таксомоторный парк» ЖШС еншісіне өтті.

Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов аймақ басшысы Даниал Ахметов айтқан сынның орынды екенін атап өтті. 

- Биылдан бастап облыс әкімінің тапсырмасымен автобус парктерін жаңарту мақсатында байқаулардың талаптары түбегейлі өзгертілді. Сең сөгілгенін айтып өтейік. Алдағы өтетін байқау қарсаңында тасымалдаушы кәсіпорындар жылжымалы құрамдарын жаңарта бастады. Мысалы, «Мусапиров» ЖК қала бойынша № 5, 8, 22 бағыттарда қызмет көрсететін орта санаттағы 20 жайлы автобусы бар паркті жаңалады. Оның үстіне орта санаттағы тағы 50 автобус алуды жоспарлап отыр,- деді сұхбат барысында қала басшысы Ермак Сәлімов.

Жақында Семейде электронды билет мәселесі шешімін таппақ. Сонымен қатар қаланың қоғамдық көліктерінде WIFI сымсыз интернет желісі де  орнатылмақ.

Ал Өскеменде жолаушы тасымалдаушылардың мәселесі ушығып тұр. Облыс басшысы Даниал Ахметов кәсіпкерлермен кездесіп, орын алған олқылықтарды заң шеңберінде шешуге көмектесетінін жеткізді. Десе де автобус паркін жаңарту талабы күн тәртібінен түспек емес. 

- Автобустарды жаңарту ісіне ұқыптылықпен қарап, мықтап қолға алуды тапсырамын. Семейде жаңа қоғамдық көліктер сатылып алынып жатыр. Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев пен тасымалдаушыларға жол картасын әзірлеуге 10 күн уақыт беремін,- деді тасымалдаушылармен кездескен Даниал Ахметов.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың қысында қалалық қоғамдық көлік жол ақысы 90 теңгеге көтерілген. Ол кездегі кәсіпкерлердің уәжі мен уәдесі тасымалдау жағдайын жақсарату еді.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57