ҚҰМАЛАҚ ҚҰТ АЛЫП КЕЛЕ МЕ?

Балгерлер бүй дейді, экстрасенстер елеңдетіп, құмалақшылар сөйлейді... Қазір  «жолым болмай қалды» дегендер дұға оқытып, дем салғызып, «бағым жанбады-ау» дейтіндер бал ашқызған заман. Соңғы уақыттарда болашақты болжау сәнге айналып бара жатқандай... Бір ғана мысал, еліміздің 2017 жылғы жағдайын «тап басқылары келіп»  әлек болғандар аз емес. Медицинадан күдер үзіп, емшілердің табалдырығын тоздырған жандар қаншама?! Балгер үшін бизнеске, барған жан үшін болжамды болашаққа айналған бұл іске біз де зер салып көрдік...

Ең алдымен, тақырып төңірегінде мақала әзірлеу мақсатында емші іздестіруіме тура келді.  Мақсатым – күн санап медицина саласы қарқынды дамып жатқанда, ақ халаттылардан алыстап, емші іздеп кезіп жүрген жандардың жан дүниесіне үңілу еді. Осы ретте көпшілікке есімі танымал Сабыр емшімен тілдесуге келістім. Емшінің қаланың шеткі аймағында орналасқан емдеу орнына барғанымда кезек күткен халықты көріп таңғалдым. Мұнда күніне кем дегенде жүзге жуық адам келеді екен. Алыс ауыл-аймақтан, өзге өңірлерден жеткендер апталап жатып дертіне дауа іздеуде. Ретсіз қабылдауға кіргенімде, наразы болған ұзын-сонар кезектегілердің: «Біздің алтын уақытымызды аласың-ау, тезірек кіруміз керек!»- деп ренжігендерінен-ақ халықтың қандай сеніммен, қандай ықыласпен келгендігін байқадым.

Сабыр Сыбанжанов Шығыс медицинасымен - инемен және шөп дәрілер арқылы емдейді. Тамыр ұстау арқылы диагноз қояды.

- Медицинаның атасы  халық емі болып есептеледі. Мен елімізде медицина саласында білім алып, әрі қарай аспан асты елінде білімімді жетілдірдім. 1995 жылы жол апатына түскен соң, қасиет қонып, тамырын ұстау арқылы алдыма келген жанның дертін дөп басып айтып, оны емдеу жолдарын білетін халге жеттім. Дарынымды дамыту үшін  халық емшілері орталығында танымал емшілерден тәжірибе алып, біліктілігімді арттырдым. Қолға алған ісімнің медицинадан ауылы алыс деп айта алмаймын. Себебі  емделушілеріме қаладағы медициналық орталықтардағы ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінуге кеңес берген кездерім де болған. Халық емін қолданғанға дейін және кейін заманауи медицинада сараптама жасап, салыстырамыз,- деген Сабыр Сейітханұлы заманауи медицинада созылмалы аурулар дәрі-дәрмек, екпе арқылы уақытша тоқтатылса, халық емінде толықтай емделетіндігін айтады.

Сабыр емшіге көбінесе буын ауруларымен ауырғандар, жүрек-қан тамыры дертіне шалдыққандар, шешек ауруына дауа іздеген науқастар келеді екен. Дертке байланысты емдеу мерзімі белгіленіп, емдеу құны да анықталады. Емші мен емделушілердің айтуынша, құнын халықтың қалтасы көтереді. Бәлкім, науқас сеніміне байланысты болар, сал болып келіп, бұл жерден қадам басып қайтқан адамдар да болған екен. 

Хош, қалай болғанда да халық емшінің алдына баруға әуес. Сабыр Сыбанжанов сынды медицинамен байланыса отырып қадам жасайтындар бар да, қасиеттен ада, емшілікті кәсіп көретін алдамшылар да толып жүр. Жаны қиналып, ауру меңдеген адамдар арбаушының сөзіне сеніп, «өзім әзірледім» деген «шипа» болатын жасанды дәрмектерін қабылдап, алданып қалмаса болғаны.

Жалпы, болашағын болжағысы келетіндер көп-ақ. Қазақ халқы ғана емес, күллі ғалам Ванга бұлай депті, Нострадамус осылай топшылаған деген жорамалдарға жүгінеді. Естеріңізде болса, 2012 жылы әлемді қара түнек басады, күн шықпай, түн болады деп, майшам алып жұрт сабылған еді. Биылғы жылы да ғаламторды сан түрлі ақпараттар «кезіп жүр». Сол «сәуегейлердің» сандырағына сенетіндер де бар... 

Біраз уақыт бұрын құрбым мұңын шаққан-ды. «Балгердің айтуы бойынша, саудаға шығып, ісімді дөңгелетіп, өткен жылы ақылына көркі сай жігітке тұрмысқа шығып алуым керек болатын. Бірақ соның бірі де жоқ. Жиған-тергенімді салып саудаға шықтым. Тауарыма тұтынушы табылмай, ақыры, құрдымға кетті. Жеке өмірімде де жоспарларым орындалмады. Жолым болмай-ақ қойды. Әй, мен ставкасы төмен балшыға бал ашқыздым емес пе?! Енді қаржы жиыстырып Алматыға Түймекүл апайға (Түймекүл деген - «Ақ босаға» газеті үнемі жарнамалайтын емші апа) бармасам ба, тұмар оқытып алғандар бақыттан бастары айналады дейді ғой. Әлде тым құрығанда жақын жердегі Алтынай апаның көмегіне жүгінемін бе, басым қатты...» - деген ол кеңес сұрады. Бір түсінгенім - құрбым  өз болашағын біліп алып, сол бойынша әрекет етпек. Пешенесіне жазылғанды анықтап алу керек. Аллаға аян ақпаратты баян ететін балгер деп біледі...

Тас атсаң, бақсы мен балгерге тиеді. Құмалақшылар да аз емес. Олардың көп болғанына орай, «клиенттері» де жетерлік.

Есімде, бала күнімізде қазіргідей ұялы телефон жоқ, байланыс орнату қиынырақ. Сондай сәттерде нағашы атам ақ орамалына құмалағын жайып жіберіп, оң босаға берік, маңдайы ашық деген тіркесті сөздерін айтып, балаларының хал-ахуалын біліп отыратын. Тіпті нағашылап жүрген маған: «Қазір сенің әке-шешең келеді, үйіңе қайтасың»,- деп тура айтқаны әлі санамнан өше қойған жоқ. Бір білетінім - атамның құмалағы түске дейін ғана «сөйлейтін». Түстен кейін күн ауысып кетті, сандырақ болады, таңда ғана ашқан дұрыс деп, кеш қарая құмалағын қолға алмайтын. Ол кісі үнемі көз, құлақ, рух, жан және тән тазалығы туралы айтып отырушы еді, тазалық бұзылғанда құмалақты қолға алу күнә дейтұғын.

Ал қазіргі күні базар айналасын торуылдаған балгерлерді көргенде, кешегі атам айтқан тазалық пен түстен кейінгі сандырақ ойыма келеді де тұрады...

Тілшілік тіршілігімді жасырып, кеш қарая құмалақшыға бардым. Қаланың орталық бөлігінде орналасқан балгердің үйіне келгендердің қарасы қалың. Ол жерден қазақты ғана емес, өзге ұлт өкілдерін де көргенде біраз таңырқағаным да рас. Кезекте тұрған сәтте Ольга есімді орта жастағы әйел затын сөзге тартқанымда, оның бұл жердің тұрақты «клиенті» екенін білдім. Өзін бақталастары дұғалап тастады деп сенетін ол бұл жолы (дұға жайлы осы балгер айтқан екен) дұғаны кері қайтармаққа келіпті. Байқағаным - мұнда келгендердің дені отбасылық қиыншылықтарға тап болғандар, кәсібі жүрмей жатқан жандар, тұрмысқа шықпай жүрген қыз-келіншектер мен жоғын жоқтағандар. Олар үшін кез келген ақпарат шынайылықпен пара-пар болатындығы да сөзсіз.

Менің де кезегім келіп, ішке енген сәтте құмалақшының маған айтқаны: «Ставканы білесің ғой, мына орамалдың астына қой, мен құмалақ ашамын! Күн сайын азық-түлік қымбаттап барады. Маған да отбасымды асырау керек. Бұрын халықтың бергенін алатынмын. Қазір кезекті көріп тұрсың (Тегін құмалақ ашып танылып алдым деген мағынада айтты-ау дедім ішімнен). Босқа отыра берсем, клиенттерімнен айырыламын»,- деді.

Әрі қарай не айтар екен деген оймен үнсіз тыңдап отырдым. Сіріңкенің үш талын жағып, басымнан айналдырып, аластады да, құмалақтарын жайып:

- Айналайын, маңдайың ашық екен, бақытты боласың. Бірақ нәзіксің, белің ауырады, асқазаның ба, бүйрегің бе, қан айналым жүйесі бұзылған ба, аурушаңдық байқалады. Айналайын, емдел. Саған көз тиген екен. Міндетті түрде үшкіруім керек. Ол үшін ертеңнен бастап 3 күн қатарынан келесің. Әр сеанс сайын 2 литр су мен 3 жұмыртқа алып кел. Екінші күннен бастап 10 пайыз скидка. Ал емделетін болсаң, жеңілдік көлемі артады,- дегенде, не ойларымды білмей қалдым. Тіпті денсаулығым сыр бермеуші еді, бір ай бұрын ғана әзірленген медициналық сараптамалардың қорытындысы өтірік болғаны ма, сау мүшем жоқ-ау деп ойлап қалғаным да жасырын емес. Қайта дұғаланбағаныма, менің басымды ешкім айналдырып алмағанына қуандым.  (Жұртқа айтылатын жаттанды сөздің жартысы маған айтылмаған сияқты, уақыт тапшы болды ма...) Ал менің орнымда өзге адам болса, жұмыртқасы мен суын алып ертеңінде жүгіріп келетіндігіне сенімдімін. Себебі балгердің тілі майда, сендіре біледі, түр-әлпетіңді сипаттап, «ниетің таза, бауырмал адамсың» деп мақтай жөнелгенде,  жаныңа майдай жағады. Құдды бір психолог дерсің. Осы ретте денсаулық жайлы жалған ақпарат жетегінде медицинадан қол үзіп, ақ халаттыларға деген сенімдерін жоғалтқандар қаншама! Жалған ақпаратқа алданып, өмірін өзгертпек болғандар да аз емес қой. Жаттанды дегенім - бұл балгердің мекенжайын алған танысым да дәл осылай айтатынын баяндап берген болатын. Құрбым оған 4 жыл бұрын барған. Біраз жыл өтсе де жаттанды ақпарат өзгермепті.

 «Құмалақшыға барған соң бірер ай уайым құшағында жүрдім. Балгер: «Жігітіңмен келер аптада қош айтысасың, ол сенің бақытың емес»,- деген болатын. Сол сөзінен кейін өзім бірінші болып қоштаспақ та болдым. Қалай қиналғанымды білсең ғой. Бірақ сол жігітпен тағдырымды байланыстырып, екі перзенттің анасы атанып отырмын. Мен енді бақсы, балгер атаулыға сенбеймін. Оларға барып, күнәға батқаным үшін өкінемін»,- деді танысым.

Көпке топырақ шашпаймын, аталарымыз ашқан құмалақтың қасиетін сезініп жүрген жандар да бар шығар. Десе де базар маңында арнайы баға қойып, ақша үшін жұртты алдап, қала берді жағымсыз ақпарат таратып отыратындарды көргенде, олардан  халықты арашалап алғың-ақ келеді. Алайда адам баласы «қадамым қате» деп оңайшылықпен райынан қайтпайды, оның үстіне күнкөріс көзіне айналған кәсіпті нәсіп етіп отырғандар да бұл істен бас тартпақ емес.

Болашақты болжау Аллаға серік қосумен тең. Тақырыпқа түйін жасау үшін Орталық мешіттің наиб имамы Делбек Қожамұратовпен де тілдестім. 

- Болашақ деген ғайып. Ғайып Аллаға ғана аян. Ал бақсы, балгерлер болжам ғана жасайды. Шариғатта болашақты болжауға тыйым салынады. Болашақпен алысқан адамға да, оған жалған ақпарат берген балшыға да күнә артылады,- деген имам біліп істеген күнә екі есе ауыр болатындығын айтады. Бірақ мейірімді Жаратушымыз шын ниетімен дұға еткен құлына әрдайым кеңпейілділік танытады екен.

Ғайып дегенде ойыма оралды, баяғыда Әз Жәнібек халықты жиып:

- Үш арсыз, үш ғайып, үш жетім болады, соны кім табады? – депті, жиылған халық көп дағдарып:

 - Үш арсыз: ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз. Үш ғайып: қонақ ғайып, несібе ғайып, ажал ғайып, – депті. Бірақ үш жетімді таба алмапты.

Сонда Әз Жәнібек хан:

 - Елде келмеген кім қалды? – деп сұрапты.

 - Келмеген Қарабас шешен қалды, – депті халық.

Әз Жәнібек Қарабасты шақыртып алып, әлгі сөздің шешуін сұрапты.

Сонда Қарабас:

 - Жетім үшеу емес, бесеу еді ғой!

Оты жоқ жер жетім,

Басшысы жоқ ел жетім,

Елінен ауған ер жетім,

Тыңдаушысы жоқ сөз жетім,

Жоқтаушысыз қыз жетім, – дейді.

Сонда Әз Жәнібек:

 - Сенің атыңды қоюшы адам ақылсыз екен, «Қарабас» дегенше, «Алтынбас» десе болмай ма! – деген екен.

«Неке ғайып» дейтін сөз де бар. Байқасаңыздар, үш ғайып та алдағы уақытта болатын нәрселерге байланысты. Қонақтың қашан келетінін, несібең қандай болатынын, ажалдың қашан, қай жерде келетінін білмейсің. Яғни, болашақ та ғайып. Кез келген ертеңгі күнің ғайыпқа жатады. Біз өзімізді «әлімсақтан мұсылманбыз» дейтін халық едік. Ғайыпқа иман келтіру - мұсылмандық. Біле тұра білместік жасап, күнә арқалап алмайық, ағайын!

Әйгерім СӘРCЕНҒАЛИ