ЖЕР АСТЫ ӨТКЕЛДЕРІ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛМАСЫН

Жаһандану дәуірі шаһар тұрғындарын жүргінші мен жүргізуші деп екі үлкен топқа бөліп тастады. Соңғы жылдары қай шаһарда болмасын жол құрылысы кезінде жер асты өткелдері назардан тыс қалып, қаржы бөлу жағы мүлдем тоқтап тұр. Бұл мәселеден біздің Семей де тысқары қалып тұрған жоқ.

Осы қазіргі қалыптасып отырған жағдай семейлік жаяу жүргіншілердің орынды наразылығын туғызып отыр. Бұл наразылық Семей қаласының жолдарын жөндеуге бөлінген 2 млрд. 400 млн. теңгеден жер асты жолдарын жөндеуге бір тиынның да бөлінбеуінен туындап, қала тірлігіне бейжай қарамайтын жандар орынды дабыл көтерді. 

Бүгінгі таңда Семей қаласында 8 жер асты өткелі және бір жер үсті өткелі бар, бірақ солардың төртеуі ғана замана талабына жауап береді.
«Семей таңы» газеті журналистерінің жүргізген зерттеуі нәтижесінде шаһарымыздағы жер асты өткелдерінің басым көпшілігі КСРО құрдымға кеткеннен бері еш күрделі жөндеу көрмеген екен. Солай болғанымен де қала әкімшілігі осы мәселені шешуге зор ынта танытып отыр. Дегенмен осы өткелдерден жаяу жүргіншілердің, аз жүруіне және көп жүруіне қатысты, шағын және орта бизнес өкілдері аталған объектілердің жартысында өз істерін ашуға құлық танытып отырған жоқ. Билік пен бизнес арасындағы әріптестіктің қаламыздағы 4 жер асты өткелін тиімді игеруге мүмкіндік бергенін ашық айтуға тиіспіз.
- Шәкәрім даңғылындағы жер асты өткелі көп жылдан бері апатты жағдайда. Басшылықтағылар бұл жағдайдың орын алуын жөндеуге бөлінетін ақшаның жоқтығына апарып тірейді. Шындығында, бұл жерде жарық атымен жоқ. Кішкентайы барлардың сәби арбасы өткел баспалдағымен әзер жоғары көтеріледі. Қыста жылтыр мұздан тайып жығыла жаздайсың. Ал мынау қаланың қақ ортасындағы өткел. Кей өткелдерді көптен бері түнгі мезгілде қаңғыбастар мекен етіп жүр. Осыны жергілікті билік қаперіне алса екен,- дейді Семей қаласының тұрғыны Анна Сергеевна.
Қаладағы 4 жер асты жолы сауда-саттық пен шағын кәсіпкерлікті жүргізуге қолайлы болып отыр. Ал бір сағатта автобустан 3-4 адам ғана түсетін Достоевский аялдамасы жанындағы жер асты өткелі туралы бұлай дей алмаймыз. Біз осы жер асты жолдарында саудасын қыздырып жатқан бизнес өкілдерінің жұмысына разы болдық. Тып-тинақтай тазалық көңілімізді көктем етті.
Осы журналистік зерттеу барысында қаламыздағы жер асты өткелдерін екі топқа бөлу керек деген тоқтамға келдік. Бірінші топқа жататындарға орта және шағын бизнес құлық танытып, белгілі бір деңгейде оған жұмсалатын шығынның жартысын көтеріп алып, іші-сыртын күтіп ұстауды өз мойнына алса, екінші топқа жататындар тікелей тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы басқаруында қала береді. Міне, осы тікелей қала билігі қарауында қалған жер асты өткелдері жұрт алаңдаушылығын орынды туғызып отыр.
Осы мәселеге қатысты Семей қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серікқали Жұмановқа жолығып, пікірін білдік.
- Жұрттың арасына тараған Семейдегі жол жөндеуге бөлінген қаржы жер асты өткелдеріне де жұмсалуға тиіс деген қате пікірді біз де естіп жатырмыз. Бұл ақшаның жер асты өткелдерін жөндеуге еш қатысы жоқ. Жалпы, Семей қаласында 8 жер асты өткелі бар. Барлығы біздің есебімізде тұр. Қолданыстағы заң бойынша осы жер асты өткелдерінде өз кәсібін ашамын дегендердің қолын қаққан жоқпыз. Қайта Семей қаласының қаржы бөлімімен бірлесіп, қолымыздан келген бар жағдайды оларға жасап жатырмыз. Бұл әріптестік 1998 жылдан бері жалғасып келеді. Осы жерлерді жалға алғандар күтіп ұстау мен тазалығын қолға алады. Осылайша, Әуезов даңғылындағы, Базар маңындағы және Қабанбай батыр мен Қайым Мұхамедханов көшелеріндегі жеке кәсіп иелері өз шаруаларын дөңгелетіп жатыр. Қалған 4 нысанды «Зеленстрой» мекемесі арқылы өзіміз күтіп ұстаудамыз. Бір қынжылтары - өткелдердің ішін жарықтандыру үшін біз қойған электр шамдарын мәдениеті төмен кейбір тұрғындар бұрап алып кетеді. Қайта-қайта қоя бергенге бізге бөлінген бюджет қаржысы көтермейді. Оның үстіне біздегі әр тиын есептеулі. Бір өкініштісі, соңғы 5 жылдан бері күрделі жөндеуге мүлдем ақша бөлінбей келеді. Биыл мен осы жер асты өткелдеріне су кірмесін, жауын іші мен маңын көлкітпесін деп қаржы бөлуді сұрадым. Екі өткелдің төбесіне жөндеу жасау үшін сметалық-құжаттамалық есептеуді дайындап, 16 миллион қаржы алдық. Осы бөлінген қаржыға екі өткелдің төбесін жабамыз. Жөндеу жұмысы басталып та кетті. Аманшылық болса, маусым айының соңында бітіреміз. Қазір Қабанбай батыр көшесіндегі өткелдің төбесі жабылып бітті. Бұл жұмыстарды мердігер компания «Металлист» ЖШС атқаруда,- деді бөлім басшысы.
Қаламыздағы биылғы тағы бір жағымды жаңалық Орталық алаңдағы жер үсті өткелінің пайдалануға берілуі болды. Серікқали Жұмановтың сөзіне сүйенсек, жер үсті өткелі 2014 жылы құны 74 миллион теңгеге бағаланып жоспарлаған екен. Құрылысы 4 жылға созылып, биыл көктемде аяқталып, халық игілігіне пайдалануға берілді.
- Осы сияқты өткелді халық көп жүретін Медицина университеті және №21 мектептің жанынан салуды ойға алған болатынбыз. Бірақ қазір оның құны 100 миллион теңгеден асып кететін болып тұр. Әрі салынған өткелде түсіп-шығуы қиын мүгедектерге жағдай жасалмай қалды. Бұл біздің кінәміз емес. Игерілмеген қаржыға құрылысты салып бітіретін мердігерді зорға таптық. Қала әкімі Ермак Сәлімов ШҚО әкіміне шығып, сақалды құрылысқа нүкте қойып, шаһар тұрғындарына сыйлық жасады. Жеңіс мерекесі қарсаңында ашып, жұртты бір қуантты,- дейді Серікқали Жұманов.

Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ

АЙМАУЫТОВТЫҢ «АҚБІЛЕГІ» ЖАЗЫЛҒАН ЖЕР

 


Халқымыздың көрнекті жазушысы, қазақтың жазба әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытовтың әйгілі «Ақбілек» романы Күршім мен Марқакөл аудандарын жалғастырған Қалғұты бойында жазылғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Романның басында: «Өскеменнің ар жағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, күз күзеткен Күршім бар...»- деген жолдар сол сапар әсерінен туған екен. Қазақ әдебиетіндегі алғашқы эпикалық «Ақбілек» романында бейнеленген осы әйгілі Алтай жаққа, Ертіс пен Күршім, Марқакөл өңіріне таяуда тағы да жолымыз түсті.
Өзендер арнасынан асып, арық пен атыздарға сыймай атқақтаған тілсіз жау – қызыл судың елді мекендер мен жолдарды басып қалу оқиғасы көп болған биылғы көктем біздің аймақ үшін мазасыз басталды. Елді мекендерді есеңгіреткен осы тасқын қаупі толастай бастаған мамырдың мамыражай күндерінің бірінде, екі мереке ортасында, біз де жолға шықтық. Қазақстанның шығысындағы шет жатқан аудандардың бірі Күршім өңірінде өткен жылдан бері біздің «Семей таңы» газетінің оқырмандары көбейе бастаған еді. Бұл сапардағы мақсатымыз да маңғаз мамырдың мереке күндерін пайдаланып, оқырмандарымызбен жүздесіп, аудан халқының бүгінгі тыныс - тіршілігін көріп, мақала дайындап қайту.

Сонымен, Семейден таңғы жетіде жолға шыққан біз түс мезгілінде Бұқтырмаға келіп, «Күршім» паромына отырдық. Екі жағалауды жалғап жатқан бұл паром - қысы алты айға созылатын Алтай бауырындағы ауданның халқын бергі жағалаумен байланыстырып тұрған екі көліктің бірі. Сәуір айында мұз көбесі сөгіле екі жағалаудағы тасымал қызметін бастайтын «Күршім» және «Ертіс» атты екі паром су қатқанша ел игілігіне қызмет көрсетеді.
Дизельді отынмен жүретін осы «Күршім» паромы 1964 жылы Ресейдің Түмен қаласында жасалған екен. 1968 жылы Бұқтырма су қоймасындағы өткелді қамтамасыз ету мақсатында Шығыс өңіріне жеткізілген көрінеді. Міне, тура жарты ғасыр уақыттан бері осы пароммен әрі-бері талай адам қатынады ғой... Әрине, нақты есебін ешкім білмейді. Көпшілікке аяны - екі жағалаудан бос қайтқан уақыттары болған емес...
Екі жағалау арасында су үстінде өткізген жарты сағат уақыт ішінде жолаушылардың бірқатары көліктерінен шығып, айдынды тамашаласа, енді бірі паромның жоғарғы қабатына көтеріліп, дәмханадан шай ішуге бет алды. Табиғаттың тамаша көрінісін ұялы телефондарына суретке түсіріп жатқандар қарасы да аз емес сияқты... Паромды жағалай ұшып балапандарына тамақ тасыған қарлығаштар мен шағалалардың шаңқылдаған дауысы да көпшілік назарын өздеріне аударып, паром үстіндегі жолаушылар бір сәтке күнделікті күйкі тірліктің мазасыз шақтарын да естен шығарып, теңіз тереңіне оймен сүңгіп кеткендей көрінді. Табиғаттың осындай құбылыстарын тамашалап тұрып, арғы бетке қалай келіп қалғанымызды байқамай қалдық.
Бізді аудан орталығы Күршім ауылының кіреберіс қақпасында, қас батыр Көкжал Барақтың ескерткіші жанында, аудан әкімінің орынбасары Мамырбек Жәлімханұлы Қалелов және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арайлым Сейітқамзақызы Қасымбаева қарсы алды. 2016 жылы Күршімде Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық туын көтерген Көкжал Барақ батырға ескерткіш ашылғаны көпшілікке белгілі. Қазіргі Күршім ауданында дүниеге келген. Көкжал Барақ деген атпен үш жүзге мәшһүр болған тарихи тұлға XVІІІ ғасырда Қазақ елін қанымен, жанымен қорғаған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Наурызбай, Ер Жәнібек батырлармен тізе қосып жоңғар-қалмақ басқыншыларына қарсы ерлік көрсеткен, Қабанбай қолының бір қанатын басқарып, Ертістің оң жағалауынан Алтай тауларына қарай кететін кең алқапты жаудан азат ету ұрыстарында ерлік көрсеткен халқының даңқты батыры. Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған бұл ескерткішті ашу бастамасы әу баста бұрынғы аудан әкімі марқұм Алтайбек Сейітов тарапынан туғанымен, іс жүзіне асырып үлгермеген екен... Алтайбек Сейітұлының орындалмаған арманын, елінің еркіндігі үшін жоңғардың жонын тіліп, қабырғасын қаусатқан батыр бабалардың рухын жас ұрпақтың жадында жаңғырту жолындағы игі бастаманы іске асырған азамат - бүгінгі аудан әкімі Сейсенғазы Чукаев.
Газет оқырмандарына түсінікті болу үшін сәл шегініс жасап, Күршім ауданы жайлы анықтама бере кетейік. Шығыс Қазақстан облысындағы 19 аумақтық бірліктердің бірі, облыстың шығыс бөлігінде орналасқан Күршім ауданы 1927 жылы құрылған. 1997 жылдан бастап бұрынғы Марқакөл және Күршім аудандары біріктіріліп, әкімшілік орталығы болып Күршім ауылы белгіленген. Аудан солтүстігінде Катонқарағаймен, батысында Көкпектімен, оңтүстік-батысында Тарбағатаймен, оңтүстігінде Зайсан ауданымен, шығысында Қытай Халық Республикасымен шектеседі.
Ауданның әкімшілік - территориялық құрылымы 12 ауылдық округ, немесе 49 ауылдық елді мекеннен тұрады. Аудан халқы 25 мың адамды құрайды. 2017 жылдың басына жасалған деректерге сәйкес, этникалық құрамы: қазақтар - 91,3%, орыстар - 8,0%, басқа ұлттар - 0,7%.
Шығыс Қазақстан облысындағы әдемі көлдердің бірі - Марқакөл. Соңғы жылдары осы өңірде туризмді дамыту жұмысы да қолға алынып жатқанынан хабардармыз. «Туризмді дамыту жұмысына Марқакөлдің әсем табиғаты сұранып-ақ тұр»,- дейді жергілікті халық. Ел аузында Марқакөл атауы туралы да аңыздар аз емес. Олардың бірінде: «Ерте кезде көлдің орнында кең жазық дала болыпты. Бұл жерде алуан түрлі әсем жасыл шөптер өскен екен. Оны жайлаған бір байдың жүйрік аты бір орнында тұра алмай, қатты мазасызданыпты. Бір кезде су атқылап шығады. Атқылаған су шөптерді, ағаштарды басып, жоғары көтеріліп, тау баурайына дейін жетеді. Ауыл көшіп үлгере алмай, байдың бір көген қозы - марқалары су астында қалып қойыпты. Осыдан барып пайда болған көл «Марқакөл» деп аталыпты»,- делінсе, енді бір аңызда: «Таулардың арасындағы жазықта кішкентай ғана таза бұлақ сылдырап ағып жататын. Әкесі мен ұлы бағатын қойлар осында су ішуге келетін. Олардың отарында бір кішкентай марқа қозы болушы еді. Бір күні сол қозы бұлақтан су ішуді ойлайды. Кенет оны су тарта бастайды. Мұны көрген бала марқаны құтқаруға жүгіреді. Бірақ, қанша тырысқанымен, шамасы келмейді. Содан соң көмекке әкесін шақырады. Олар екеулеп тартып жүріп, ақыры қозыны құтқарады. Сол кезде бұлақтан су атқылап кетеді де, бүкіл жайылымды басады. Сөйтіп, көл пайда болады. Содан бері бұл көл «Марқакөл» аталып кетті»,- деседі.
Күршімде аудан әкімінің жүлдесі үшін 4 - 5 мамырда 20-шы рет өткізілген дәстүрлі ұлттық ойындар спартакиадасы биыл Астананың 20 жылдығына, ауданның 90 жылдығына арналды. Спорттың 22 түрінен сайысқа түскен күршімдік спортшылар ауданның 12 ауылдық округінен жиналды. Спартакиада қорытындысы бойынша ауданның құрама командасы жасақталып, облыстық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады. Спартакиада өтетін ауыл шетіндегі жазықта әр ауылдық округтен келген киіз үйлер қалашығы бой көтеріп, мереке көрігін қыздыра түскен еді.
Күршім ауданы - спорттан облыс, тіпті республика бойынша алдыңғы қатардан көрініп жүрген аудан. Әртүрлі спорт түрлерінен ұлттық құрамада ел намысын қорғап жүрген күршімдіктер де бар. Жалпы, ауданды мекендеп жатқан 25 мың тұрғынның 30 пайызы спортпен айналысады екен.
Біз Күршімге барған күні Астананың 20 жылдығы мен ауданның 90 жылдығына арналған аудан әкімінің жүлдесі үшін ауылдық округтер арасында өтетін спорттық ойындар жарысының ашылу салтанаты болып өтті. Осы қат-қабат жұмыстар арасында аудан әкімі Сейсенғазы Жұмағалиұлы Чукаевқа жолығып, өңірдің тыныс - тіршілігі жайлы қысқаша сұхбаттасқан едік:

- Сейсенғазы Жұмағалиұлы, бүгінгі Күршімнің жағдайын айтып өтсеңіз?

- Мені алаңдататын мәселелердің бірі - қалаға қоныс аударушылардың көбейіп тұрғаны. 2017 жылдың қаңтар айында ауданды мекендеп жатқан халық саны 27 мың болса, бүгін 25 мың болып отыр. Жас мамандар келіп, халық санын толықтырып жатыр десек те, 2 мыңға жуық адамның бір жыл ішінде көшіп кетуі ойландыратыны анық. Бір жыл ішінде 30 жас маман келген екен.
Ауданда саяси және діни ахуал қалыпты. Ұлтаралық татулықтың тұрақтылығы қуантады. Біздің ауданда гендерлік саясат жақсы жолға қойылған. Аудандық мәслихаттың 13 депутатының алтауы, 12 ауылдық округ әкімдерінің үшеуі, аудан әкімінің бір орынбасары, салалық мекеме басшыларының бірқатары әйел адамдар екені осының дәлелі болса керек. Аудандық мәслихат құрамында «Нұр Отан» және «Ауыл» партиясының өкілдері бар.
Әлеуметтік - экономикалық жағдайларға келер болсақ, аудан бойынша ең үлкен жоба - жаңа көпір құрылысы. Құны 31 млрд. болатын көпір құрылысының жобалық құжаттары дайын. Мемлекеттік сараптамадан өтті. Енді жобаны жүзеге асыратын инвесторларға конкурс жарияланады. Ниет білдірушілер аз емес. Көпшілігі - шетелдік фирмалар. Атап айтқанда, Оңтүстік Корея, Ресей, қытайлық кәсіпкерлер екен. Ұзындығы 1 шақырым 300 метр болады деп жоспарлаған көпір жобасы мезгілінде жүзеге асады деп ойлаймыз.
Аймақтың әлеуметтік – экономикалық даму рейтингісінің қорытындысында 19 қала мен аудандар арасында біздің Күршім екінші орынға шықты.
Үдемелі индустриялық – инновациялық даму бағдарламасы бойынша межелеген жоспарларымыз аз емес. Ауданымыздың бір үлкен жобасы аймақтың қаржылық даму жоспарына енгізілді. Ол - мыс қоспасын өндіретін «Қарашығын» тау-кен өндіру кәсіпорыны. Аталған жобаны өткен жылдан бері жүзеге асыра алмай келген едік. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тікелей қолдауымен инвесторлар тауып, жұмысты бастауға мүмкіндік алдық. Бұл - құны 17,4 млрд. теңге инвестицияны қажет ететін өте қымбат жоба. Жобаны жүзеге асыратын кәсіпорын жетекшісімен өткен жылдан бері бірнеше мәрте кездесіп, көптеген мәселелер шешілді. Алдағы қараша айында бұл жұмыс басталады.

- Кәсіпорын жергілікті салық төлеушілер санатында бар ма?

- Жоқ. Кейбір жергілікті салық қана төленеді. Ол да болса жергілікті бюджетке көмек. Сондай-ақ жергілікті халық үшін қосымша жұмыс орындары ашылып жатыр. Бүгінгі таңда аталған кәсіпорында 100-ден артық адам жұмыспен қамтылса, келешекте 400 жұмыс орны болады деген жоспар бар. Сондай-ақ ауданымызда алтын кенін шығаратын «ГРК ВИЗОЛ» ЖШС жұмысын бастады. «Кэмп-Восток» деп аталатын тағы бір кәсіпорын Аягөзден біздің ауданда қызметін жалғастырмақ. Аталған кәсіпорын Маралды ауылында алтын кенін өңдейтін фабрика ашуды жоспарлауда. Ауданда жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың жергілікті салық төлеушілер санатына тіркелуі барысында жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Күршімдегі ірі кәсіпорындардың бірі - балық өңдеумен айналысатын «Төре-Тоғам» ЖШС. Жергілікті бюджетке қомақты салық түсімін айтпағанның өзінде, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аудандағы іс-шараларға атсалысып жүрген кәсіпорындардың бірі де осы «Төре - Тоғам». Аталған кәсіпорынның өнімдерін тек өз елімізде ғана тұтынып қоймайды. Қытай, Ресей, Литва, Латвия, тіпті Германия мен Франция сияқты шетелдерге де экспортталады. Кәсіпорынды қосымша инвестиция тарту жолымен ірілендіру жұмысы да қолға алынуда. Айтпақшы, «Бұқтырма балық шабақтарын өсіру» ЖШС құнды балық тұқымдарын көбейту жұмысымен айналысады. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің ауданға келген жұмыс сапарында аталған кәсіпорынды көрсетіп, жұмысымен таныстырған едік. Ол кезде «Ертіс» ӘКК құрамындағы кәсіпорынның қарызы көп те, жұмысын дамытуға қаржылық мүмкіндігі шектеулі еді. Аймақ басшысының қолдауымен инвесторлар тартып, жұмысты дұрыс жолға қою мүмкіндігіне қол жеткіздік. Шабақтарды басқа жақтан тасымай, өзімізде өндіру талай мүмкіндіктерге жол ашты. Ең бастысы, өзіміздің ауа райына бейімделген балық өсірудің тиімді жақтары көп.

- Сейсенғазы Жұмағалиұлы, аудандағы ауыл шаруашылығы жетістіктеріне тоқтала кетсеңіз...

- Бүгінгі ел билеген басшыдан бастап, ғалым да, жазушы да жөргегінде жатып-ақ ауылдың саумал ауасымен ауызданған, тәй-тәй басқан сәтінен ата кәсіптің қыры мен сырына қаныққан кешегі қара домалақтар. Жасыратыны жоқ, «бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деген қағидамен өскен халықтың бүгінгі ұрпағының санасында бұл кәсіптің қасиеті көмескі тарта бастағанын байқаймыз. Көмескіленгені сол емес пе, қазақ жастары ата кәсіптен қол үзіп барады. Әрине, Мемлекет басшысы тарапынан соңғы жылдары ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқан жұмыстардың нәтижесін жоққа шығаруға болмас. Ауданымыздың негізгі бағыты - ауыл шаруашылығы. Бізде мүйізді ірі қара өсірумен айналысатын үш үлкен шаруа қожалығы, 11 ара шаруашылығы бар. Өкінішке орай, қой етіне сұраныс нашарлап кеткені себепті, бұл түліктің басы да азайып барады. Ұлттық кәсіптің көзі, қазақ даласының көркі болған ақтылы қойдың азаймауы жолында мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Тіпті қойдың жүні мен терісін өңдеу жұмысы да қолға алынуда. Ендеше, алдағы уақытта қой еті де өз тұтынушыларын қайта табар деген үміттеміз.

- Күршімдіктерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қалай жүргізілуде?

- Тұрғын үй кезегінде тұрғандар жоқ емес, бар. Алайда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспана жағдайын жақсартуға тілек білдіргендер көп емес. Ауылдық округтерге осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында жер телімдері бөлінеді. Әрине, бұл орайда үй салуға қажетті су, жылу, жарық сияқты инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету, жол салу қажет. Ол жұмыстар да қолға алынуда. Елімізде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасымен» қолға алынған жаңа «7-20-25» тұрғын үйді несиелендіру бағдарламасы аясында келесі жылы 60 пәтерлік үй салуды жоспарлаудамыз. Жобаға сметалық құжаттар жасауға конкурс жарияланды.

- Ауданда жұмыссыздар саны көп пе?

- Аудан бойынша 4 500 адам өзін - өзі жұмыспен қамтығандар мәртебесіне ие. Осы санды азайту мақсатында үстіміздегі жылы 1 500 адамды жұмысқа орналастыру жоспарда бар. Ауданда «Ақниет», «Серпін», «Кәсіпкерлік» деп аталатын мемлекеттік бағдарламалардың жұмыссыздықты азайтуға ықпалы көп. Аталған бағдарламаларға қатысушы «Бастау» атты курстан өтуі керек. Осы баспалдақтардан өткен соң, ниет білдірушінің бизнес жоспарымен тиісті орындар танысып, несие алу мүмкіндігіне ие болады.

Тілші түйіні:
ЖЕРІМІЗГЕ ЖАТ КӨЗІН САЛМАСЫН ДЕСЕК,
шекаралық ауылдардың жағдайына жіті көңіл бөлу қажет

Аудан әкімінің де, халықтың да ауылдан қалаға ағылған көшті тоқтатуға ықпалы болар деген тағы бір үміті Бұқтырманың үстінен салынатын болашақ көпірде. Мәселе шешілуге таяу қалды. Егер көпір пайдалануға берілсе, стратегиялық маңызы мен экономикалық тиімділігі зор нысан күйі кете бастаған шекара маңындағы ауылдарға жан бітірер еді.
Мемлекет басшысы мен облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының шекаралық өңірлерге жіті көңіл бөліп отырғанын жоққа шығаруға болмас. Дегенмен, шекаралық аймақтарға арнайы мәртебе берілуі қажет деп есептейміз.
Шекараға таяу орналасқан ауылдар мен елді мекендерге, халықтың көптеп қоныстануына мән беруіміз керек. Өйткені әлемде геосаяси жағдайлар күрделеніп барады.
Бүгінгі таңда шекаралық ауылдардың жағдайы жіті көңіл бөлуді талап етеді. Халықты тұрақтандыру мен шоғырландыру мәселелерін мемлекеттік деңгейде шұғыл қолға алу қажет. Егер халық осылай көше берсе, шекара бойында орналасқан аудандар мен тұтастай ауылдардың бос қалу қаупі бар. Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі экономикалық жағдайы шекаралық аудандардың ахуалын жақсартуға мүмкіндік бере алады.
Сейсенғазы Жұмағалиұлымен әңгіме барысында: «Ауылдағы ағайынның орталықтарға қоныс аударуы азаймаса, шекарамыз бос қалайын деп тұр»,- дегенінен аудандағы халық саны жыл сайын азайып бара жатқанына алаңдаушылықты байқадық.
Ол орынды да. Ел іргесінің берік болуы шекара маңындағы елді мекендерге де байланысты ғой. Шекараға таяу орналасқан ауылдардың еңсесін көтерсек, ел шетіне де көп алаңдамас едік. Атамекенге оралған қандастарымызды аймақтарға бөлгенде шекаралық ауылдарға да орналастыру мәселесін ойластыру керек сияқты. Шекара бойын қалың ел жайлап, тірлік қайнап, өмір жайнап жатса, сынай қараған сырт көз алдында еңсеміз жоғары, дәрежеміз бұрынғыдан да биік болар ма еді. Жерімізге жаттың көз салуға батылы да жетпес еді. Осы орайда жергілікті шаруаларға шекаралық аймақта отырғаны ескеріліп, нарықтан алыс аймақ ретінде жеңілдікпен субсидиялар берілсе де ұтарымыз көп боларына дау жоқ.
Марқакөлге жыл сайын көрші Ресейден туристер келіп демалып қайтады екен. Табиғатымен тамсандырған өңірге демалушылардың ағыла түсуі үшін, туризмді дамыту қолға алынса, өлкені өркендетуге ықпалы зор болары белгілі. Әрине, ол үшін инвесторларды тартып, кәсіпкерлерді қызықтыру қажет-ақ.
Тағы бір айтарымыз - табиғаты көркем жердің үлкен мүмкіндіктерін ұмытпауымыз қажет. Шекаралық ауылдарда мақсатты түрде жұмыс орындарын көптеп ашу - кезек күттірмес іс. Жабылып қалған мекемелер мен мектептердің ашылуы, бюджеттік қызметкерлер жалақысына 50-60 пайыздық үстеме төлеу, кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік жасау, жас мамандардың қияндағы алыс ауылдарға барып, тұрақтап қалуы үшін қажет.

Үш тілді меңгеру - уақыт талабы

Еліміз үшін бүгінгі таңда тілдерді дамыту мемлекеттік саясаттың ең маңызды мәселесіне айналып отыр. Үш тілде білім беру келешекте бәсекеге қабілетті мемлекеттің тұтқасын ұстар тұлға қалыптастыру үшін қажет.
«Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа Жолдауында Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі - жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі»,- деген болатын.
Елбасының білімді ұрпақ тәрбиелеу ісіне аса маңыз беріп отырғаны баршаңызға белгілі. Күршімдегі іссапарымызда аудандық білім бөліміне соқпай кете алмадық. Аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Қанағат Сіләмовамен сөйлескен едік:
- Қазақстанда үш тілде білім беру жұмысы қолға алынғаннан кейін-ақ біздің мектептердегі ұстаздарымыз үш тілді еркін меңгерген, өз білімін түрлі саладағы қарым-қатынас жағдайында пайдалана алатын ұрпақ тәрбиелеу ісіне кірісіп те кетті. Қазіргі ақпараттық технологиялардың дамыған заманында үш тілді меңгеру қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Оқушылар ағылшын тілін тек қана сабақ барысында емес, ғаламтордың көмегімен де еркін меңгеруге талпыныс жасауда. Көп тілді үйрету арқылы біз болашақта көкірегі ояу, көзі ашық, әлемдік мәдениетке көзқарасы қалыптасқан азамат тәрбиелейміз деген ойдамын.
Біздің ауданымызда 2016 - 2019 жылдарға арналған үштілділікті меңгеру мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жоспары жасалған. Ауданның орыс және қазақ мектептеріне сабақ беретін 97 мұғалімі білімін көтеру курстарынан өтті. Тағы да төрт пән бойынша ағылшын тілін меңгеруге ұстаздар дайындық үстінде. Бұл орайда 32 мұғалім дайындық курстарынан өтіп қойса, 14 ұстазымыз үш айлық, 4 ұстазымыз 10 айлық білімін жетілдіру курстарынан өтуге әзірленуде. Бұл - бір күннің немесе бір жылдың жұмысы емес, алдағы уақытта жалғаса беретін ауқымды іс. Үштілділік мемлекеттік бағдарламасына аудандағы екі гимназияның бір–бір сыныбын алып, тәжірибе жасамақпыз. Әрине, бұл жұмыс ата-аналардың және оқушылардың өздерінің келісімі негізінде ғана жүргізіледі. Биылғы жылы, оқушылардың қалауы бойынша, ҰБТ-ны үш тілде де тапсыруға болады. Ағылшын тілінің баланың болашағына жол ашатын қажеттілік екенін барлық ата-ана түсінеді және қолдап отырғандарын байқаймыз. Әлбетте, 10 айдың ішінде ағылшын тілінде білім беруді меңгеру ұстаздарға да оңай емес. Дегенмен, күн талабы болғандықтан, үйренеміз.

«Қазақ деген - ең мейірбан халық»

Күршім аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Серік Алтынбекұлы Ақсартов ауданда осы салада атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Аталған бөлім тарапынан жалғыз басты қарттарға көмек көрсету жағы да жақсы жолға қойылған екен. Біз солардың бірінің шаңырағында да болған едік.
Шынын айту керек, әлеуметтік көмекті қажет ететін қарттар үйінде, әдетте, алдымыздан шығатын дәрінің иісі мен қажыған көңіл – күй бұл жолы біз барған шаңырақтан байқалмады. Үй иесі Зоя Семеновна Молодцева ұзақ жылдар бойы дәрігер – терапевт болып қызмет атқарған, ауылдастары арасында абыройлы жан екен.
Бізге жарқын жүзбен есік ашқан Зоя Семеновнаның үйі де, киген киімі де тап-таза, ұқыптылық пен тазалық бірден сезіліп тұр. Ресейдің Новосібір қаласында туған Зоя Семеновна күршімдік жігітпен медицина университетінде танысқан.
Новосібір медицина институтынан бірі хирург, екіншісі терапевт мамандығын алған екі жастың достық сезімдері махаббатқа ұласып, бірге шаңырақ құруға бел байлайды. Әрине, институтты жаңа бітірген қос дәрігерге Зояның туыстары жағынан Ресейге, тіпті Молдавияға қызметке орналастыруға ұсыныс жасағандар болғанын да апамыз жасырған жоқ. Алайда Шығыс Қазақстанның Күршім ауданына қарасты Шердіаяқ ауылында туып - өскен жігіт барлық ұсыныстан бас тартып, қалыңдығымен туған жерге оралған.
Қалада өскен қалыңдық та нағыз қазақ келіндеріне тән тәрбиелік танытып, азаматының шешіміне қарсылық білдірмеген. Кейін аудан орталығына көшіп келген олар 45 жыл бойы Күршім өңірінде тұрып, жергілікті халықпен етене жақын болып кеткен.
Зоя Семеновнаның өзі: «Қазақтардай бауырмал, мейірбан, қонақжай халықты көрген емеспін. Ұзақ жыл дәрігерлік қызметімде талай жағдайға куә болдым. Туған - туыстарынан айырылып, жалғыз қалған науқас адамды көршілері қарттар үйіне жібермей, өздерінің қамқорлығына алып, бағып-қаққанын көргенде таң қалғаным есімде. Содан бері талай осы сияқты жағдаймен бетпе-бет келдім. Қазақ жерінде тұрған жарты ғасырға жуық уақытта бұл халықтың шексіз мейірбандығына таң қалмайтын болдым»,- дейді.
Осыдан үш жыл бұрын ақсақалы дүниеден өткен екен. Жалғыз ұлы Мәскеуде тұратын көрінеді. Баласы зейнеткер анасын бірге тұруға қанша шақырғанымен, Қазақстанға деген қимастық сезімі Зоя Семеновнаның көшу уақытын күнде ертеңге қалдырып келе жатқан сыңайлы.
Міне, қазақ халқы жайлы Күршімді мекендеп жатқан 8 пайыз өзге ұлт өкілдерінің бірінің пікірі осындай.

«Бізде әскердегі әлімжеттікке жол жоқ»

Күршім ауданы шекаралық аймақ екені баршаға аян. Бұл өңірге біздің жолымыз Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңында түскендіктен, әскери бөлімге соғып, ел шекарасын күзетіп жатқан сарбаздармен кездесіп, мерекелерімен құттықтай кетуді борышымыз деп санадық. Әскери бөлімшенің тәрбие, әлеуметтік құқық және идеология жұмыстары жөніндегі орынбасары, майор Қожахмет Даңғұлбековке жолығып, әңгімелескен едік:

- Биылғы көктемде біздің бөлімшеге 500 жаңа сарбаз азаматтық борышын өтеуге келді. Бір байқағаным - жас жауынгерлердің бәрінің патриоттық сезімдері жоғары. Алғашқы күннен бастап олармен әскери психолог жұмыс жүргізеді. Еліміз егемендігін алған 27 жыл ішінде туған жер, Отан, Тәуелсіздік деген ұғымдар жас ұрпақтың санасына сіңісті болып қалғанын аңғарамыз.
Біздің бөлімге Отан алдындағы борышын өтеуге жастар еліміздің 7- 8 аймағынан келеді. Олар әртүрлі: ауқатты немесе тұрмыс жағдайлары жұпыны жанұяда өскен, қала мен ауыл балалары, психологиялық және спорттық дайындықтары бар немесе жоқ, білімдері жоғары немесе орта деген сияқты. Әскери борыштарын өтеп қайтқаннан кейін полицияға, әскери немесе Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі академиясына, тағы басқа органдарда қызмет етуді мақсат еткендер көп. Біздің бөлімнің 1500 жауынгері 600 шақырым қашықтыққа созылып жатқан шекараны қорғайды. Әскери бөлімдегі қызметкерлердің 60-65 пайызы - күршімдіктер.
2535 әскери бөлімінің психологі, майор Нұрлан Темірғалиевқа көкейдегі басты сауалды қойдық:
- Соңғы кезде сарбаздардың Отан алдындағы азаматтық борышын өткеруге шабытпен аттанып, табытпен оралу оқиғасы жиі кездесіп жүр ғой... Аңыраған ата – ананың зары жиі естіледі. Әскерге жаңадан алынған жауынгерлерге бұрынырақ келгендердің әлімжеттік жасаулары індетке айналған сияқты.
- Жоқ. Бізде әлімжеттік оқиғасына жол берілмейді. Әр шақырылымда 450 - 500 сарбаз міндетті әскери борышын өтеуге келеді. Бұрынғы шақырылғандар мен жаңа келгендердің тұратын және борышын өтейтін жерлері бөлек орналасқандықтан, бір-бірін көрмейді. Сондықтан әлімжеттік жасау оқиғасына жол жоқ деп сенімді айта аламын.

- Міндетті әскери борышын өтеуге келген сарбаздар арасында қиындыққа шыдай алмай, бас тарту оқиғасы болды ма?
- Әскер қатарына шақырылған сарбаздармен алғашқы күннен әңгіме жүргізіледі. Психолог мамандар да көңіл - күйлерін үнемі бақылауға алып отырады. Әр шақырылымда бір әлсіз жауынгер кездесіп қалады. 500 сарбаздың арасынан біреу шықса, аса көп емес деп ойлаймын. Олармен біз әңгіме жүргізіп, денсаулық жағдайын тексеріп, жүйкесіне салмақ түсірмей тұйықтан шығу жолдарын қарастырамыз. Әскери қызметте жүрген 15 жыл ішінде Отан алдындағы борышын өтеуден қашу оқиғасы болған жоқ.

- Бүгінгі сарбаздардың бойындағы патриоттық сезім қандай деңгейде?

- Шынын айту керек, осыдан бес немесе он жыл бұрынғы жастарға қарағанда бүгінгі сарбаздардың бойындағы отансүйгіштік сезімдері жоғары екенін байқаймыз. Естеріңізде болса, Одақ тұсында Отан алдындағы әскери борышын орындаудан бас тартып, денсаулығынан әлдеқандай кінәрат табылып жатса, әскерден аман қалғандарын олжа көретін ұрпақты көрдік. Ал бүгін Отанның тыныштығы мен елдегі тұрақтылықтың қадірін білетін ұрпақ өсіп келе жатқаны қуантады.
Қазір 1998, 1999, 2000 жылдары туғандар Отан алдындағы борыштарын өтеп жүр. Салыстырмалы түрде алар болсақ, 2012 – 2016 жылдардағы шақырылған сарбаздар қазіргілерге қарағанда психологиялық тұрғыдан әлдеқайда әлсіз болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дүниеге келген, қиын кезді бастан кешірген ұрпақ пен бүгінгі ұрпақтың арасындағы айырмашылық байқалады.

«Үйленуім үшін үш сағат жеткілікті болды», -
дейді әскери бөлімінің аға сержанты Азамат Манарбекұлы

«Мен қалыңдығыммен автобуста таныстым. Бізге үйлену үшін үш сағат жеткілікті болды,- дейді Азамат. - Павлодарда жолдасымыз үйленіп, бір топ жігіт тойға бардық. Өзім музыка мектебін, саз колледжін тамамдаған маманмын. Ол кезде жасым 25-те. Тойдан қайтқанда, автобуста менің жанымдағы орын бос тұрды. Достарыма: «Қазір осы жерге қыз келіп отырса, соған үйленемін»,- деп қалжыңдап отырғанмын. Мұндай ғажап болар ма!? Жаныма ай десе аузы, күн десе көзі бар ару келіп отырды. Өзіме сол сәт солай көрінді, әлі де одан сұлу қызды көрген емеспін. Қыздың аты Айдана екен, жасы 18-де. Семей қаласынан. Қыз кішкентай кезінен бокспен айналысатын көрінеді. Павлодардан Семейге жеткенше, жол бойы үш сағаттай уақытта танысып, бір – бірімізді көзбен сынап отырдық. Тойға барған біздің қайтар жолдағы билетіміз Өскеменге дейін болатын. Айданаға: «Сен маған ұнадың. Қарсы болмасаң, өзіңді өмірлік жар етуге Күршімге алып қашсам...»- деп бірден сөз салдым. Қыз: «Ойланайын...» - деді.
Автобус Семейге түнде келіп тоқтады. Тойға бірге барған достарым ары қарай кетті де, мен Айдананың жауабын тосып, Семейден түсіп қалдым. Таңертең қыз келісімін берді де, мен қалыңдығымды алып Күршімге тарттым.
Ата-анама келін алып келгенімді айттым. Сөйтіп, үлкендер қазақтың жолымен құдалықтың рәсімін жасап, Айдананың ата-анасының алдынан өтті. Той жасалды. Одан бері де жеті жыл уақыт өтіпті. Үш жыл менің ата-анаммен бірге тұрдық. Екі кішкентайымыз - бір ұл, бір қызымыз бар. Жеті жыл ішінде Айдана екеуіміз бір-бірімізге қарап бір қатты сөз айтпаппыз. Келіндері ата–анамды да ренжітіп көрген емес. Қалада өскен қыз ауылға үйрене алмай ма деген күдік те сейілді. «Жанұяда азамат қалай айтса, солай болады» деген тәрбиемен өскен бойжеткен кейбіреулер сияқты қалаға кетейік деп те мазаламады. Балаларым қараулы, тамағым дайын, тап–таза шаңырағымда өзімді есіктен жарқылдап қарсы алатын, бар дәмдісін алдыма тосатын жарымның күтіп отырғанын білгендіктен жұмыстан кейін үйіме асығып тұрамын. Жанұя бақыты деген осы шығар...»- деп Азамат өзінің махаббат хикаясын аяқтаған еді.
Бұл оқиғаны біз кей жастарға ой салар деген мақсатпен баяндай кетуді жөн көрдік.

***


Келесі күні ауыл шетінде қаз-қатар тігілген кигіз үйлер қалашығында болдық. Күршімге бұл біздің екінші рет келуіміз. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қасиетті өлкенің халқы да қонақжай екенін байқадық. Өткен жылдың күзінде барған сапарымызда біздің жанымызда жүріп елі мен жерін таныстырған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің меңгерушісі Бақытхан Өлмесеков ағамыздың бүгінгі іс-шараның ойдағыдай өтуіне ықпалы зор екенін аңғардық. Айтпақшы, үнемі жақсы істердің басынан табылатын Бақытхан ағамыз - терең білімді шәкәрімтанушы және ақынның шығармаларын орындаушы, насихаттаушы әнші болған марқұм Келденбай Өлмесековтің туған бауыры. Тереңнен тартқан тектілік ағамызды да айналып өтпеген екен. Бақытхан ағамыз домбыраға қосыла әуелете салған әсем әнді киіз үйдің сыртынан тыңдасақ, Келденбай ағам тіріліп келген бе деп таңғалуымыз да ғажап емес еді...

Бәйгетөбеде ат спорты ойындарынан өткен жарысты тамашалап, түс ауа жолға шықтық. Ертеңгілік шуағын төгіп тұрған күн, біз жолға шыққанда, аяқ астынан мінез көрсете бастады. Бұқтырманың жағасына жеткенде кезек күтіп, қаз-қатар тізілген көліктердің артынан біз де сап түзедік. Қатты жел толқынын күшейте түскендіктен, рақым күтіп үш сағаттай теңізге қарап телміріп отыруға тура келді. Қос жағалаудағы қатынасты жалғап тұратын «Күршім» және «Ертіс» атты паромдардың әрқайсына бір тасымалда 70-ке жуық көлік сыяды екен. 200 тоннаға дейін жүк көтере алатын екі паромның палубасы, жел толастаған сәтте, кезек күтіп қалған көліктерді түгелге жуық тиеп алды. Қос кеме желкенін көтеріп, бірінен кейін бірі келесі жағалауға бет алды.

Риза МОЛДАШЕВА

 

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНЫҢ НЕГІЗГІ ҚЫЗМЕТТЕРІН ҮЙДЕН ШЫҚПАЙ ПАЙДАЛАНАДЫ

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылар мен алушылар үшін көрсететін қызметтерінің жартысынан астамын электрондық форматқа ауыстырды. Қазір электрондық қызметтердің үлес салмағы Қордың жалпы қызметтерінің 52 пайызын құрап отыр. Осылайша, отандастарымыз өздеріне қажетті негізгі қызметтерді үйден шықпай алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл оларға уақытты үнемдеуге жол ашты. Ал электрондық қызметтерді пайдалану бар болғаны бірер минутты ғана алады.
Осы ретте Қорда электрондық қызметтердің үлес салмағын 2021 жылға дейін 55 пайызға жеткізу жоспарланғанын айта кеткен жөн.
Еске сала кетсек, Зейнетақы қоры салымшылар мен алушыларға ыңғайлы да сапалы және заманауи қызмет көрсету мақсатында 2017 жылдың маусым айында Қордың enpf.kz сайты арқылы бірқатар маңызды электрондық қызметтерді іске қосқан еді. Содан бері, 2018 жылдың 1 сәуіріне қарай, бұл қызметтерді 20 мыңға жуық адам пайдаланып үлгерді.
Атап айтқанда, 2298 салымшы Қор сайтының «Жеке кабинет» бөлімі арқылы (логин және құпия сөз (пароль) немесе Халыққа қызмет көрсету орталығы беретін электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен) онлайн тәртібінде жеке зейнетақы шотын ашса, 987 алушы (зейнет жасына толған азаматтар мен 1-ші және 2-ші топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар) зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш берген. Ал 11754 адам жеке деректемелеріне өзгерістер енгізсе, 4155 салымшы зейнетақы шоты бойынша ақпарат алу тәсілін интернет байланысы арқылы алуға ауыстырған.
Зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты жылына бір рет конверт арқылы алатындар саны біртіндеп азайып келеді. Оның орнына электрондық тәсілмен алатындар саны артуда. Өйткені өте ыңғайлы: шотқа зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыстың қалай түсіп жатқанын қалаған уақытта, кез келген жерде қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Осылайша, 2018 жылдың 1 қаңтарына қарай зейнетақы шотының жай-күйін электрондық жолмен біліп отыратындар саны 4 миллион 700 адамға жетті. Олардың ішінде шамамен 800 мың адамға шоттан үзінді-көшірме электрондық поштасына келсе, 3 млн. 900 мың адам ақпаратты қалта телефондарына жүктеген «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы алады.
Логин мен құпия сөзді қолданар кезде логиннің орнына жеке куәліктегі жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) енгізіледі. Ал құпия сөзді өзіңіз ойластырасыз. Сонымен қатар отандастарымызға кез келген уақытта Қор сайтындағы «Жеке кабинет» арқылы зейнетақы шотының жай-күйі туралы үзінді-көшірме мен зейнетақы шотының бар-жоғы туралы анықтама алу мүмкіндігі берілген.
Айтпақшы, деректемелерге жеке басты куәландыратын құжаттың деректері (түрі, нөмірі, күні мен осы құжатты берген орган), пошталық немесе электрондық мекенжай, телефон нөмірлері жатады.
Қор сайты арқылы өтініш жолдағандардың қалта телефондарына сол өтініштің орындалу барысы жөнінде СМС хабарлама жіберіліп тұрады.
2017 жылдың соңында Қордың барлық 18 филиалында өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары орнатылды. Енді салымшылар мен алушылар осы заманауи технология арқылы зейнетақы шотын ашудан бастап зейнетақы төлемдерін тағайындауға дейінгі барлық дерлік электрондық қызметтерді пайдаланады, Қор маманына кезек күтіп отырмайды.
2018 жылдың 28 ақпанынан бастап Қор сайтында кезекті жаңа электрондық сервис іске қосылды. Ол: «ЖЗШ ашу жөніндегі өтінішті/зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жаңа редакцияда алу» (немесе «Көшірме нұсқалар») деп аталады. Бұл қызмет қазіргі кезде Қор салымшылары арасында ерекше танымалдыққа ие. Мысалы, 2016 және 2017 жылдары БЖЗҚ бөлімшелерінде келушілердің сұрауы бойынша оларға шарттардың 2,9 миллионнан астам көшірме нұсқасы берілді.
2018 жылдың алғашқы жартысында Қор сайтында ЭЦҚ арқылы ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы (өз пайдасына) шарт жасасу қызметін іске қосу көзделуде.
Әрине, зейнетақы Қоры сайтты жаңарту және цифрлық қызметтерді дамытумен шектеліп қалмайды. Бүгінде ұялы байланыс операторларымен тығыз байланыс орнатылып жатыр. Ондағы мақсат – абоненттерге «ENPF» ұялы қосымшасын трафикті есепке алмай пайдалануға мүмкіндік беру. Қазірдің өзінде Tele 2 және Altel бірлескен компаниясының абоненттері, өздерінің шоттарында теңгерімнің бар-жоғына қарамастан, Қордың ұялы қосымшасын пайдалана алады. БЖЗҚ жақын болашақта басқа да операторлармен осындай келісім жасасуды көздеп отыр.
Сонымен қатар зейнетақы Қоры тарапынан халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына, оның ішінде әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөлініп жатқанын айта кеткен жөн. Мысалы, 2017 жылы Қордың «Мобильдік агент» жобасы аясында 2016 жылға қарағанда 6,5 есе көп операция орындалды. Яғни Қор мамандары өткен жылы тұтынушылардың үйлеріне барып қызмет көрсету бойынша 7,1 мың көшпелі шара өткізіп, 189,5 мың операция жасады. Салыстырып қарасақ, 2016 жылы 1,1 мың ғана көшпелі шара өткізіліп, 29 мың операция жүзеге асырылған.
БЖЗҚ салымшылары мен алушыларын зейнетақы шотындағы жинақтардың құнсызданып кетуі мазалайтыны сөзсіз. Бұл тұрғыда 2017 жыл табысты жыл болды. Салымшылар мен алушылардың жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 550,6 млрд. теңгені құрап, Қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы 7,92 пайызға жетті. Ал бұл кезеңде инфляция деңгейінің 7,1 пайыз болғанын еске саламыз.
2018 жылдың алғашқы үш айы ішінде таза инвестициялық табыс 66 млрд. теңгені құрады. Қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы 2017 жылдың наурызы мен 2018 жылдың наурызы аралығында 7,99 пайызға жетті.
Ал бұл кезеңде инфляция деңгейі 6,6 пайызға жетіп, табыстылық инфляция деңгейінен жоғары болды.
Сондай-ақ Қорда зейнетақы активтерінен алынатын комиссиялық сыйақының шамасы 2018 жылға айына 33 пайызға азайтылып, 0,015 пайызды құрады. Бұған дейін ол 0,0225 пайыз болатын.
Биыл наурыз айында TÜV Thüringen e.V (ТЮФ Тюринген, Германия) халықаралық компаниясының аудиторлары Қордың Сапа Менеджменті Жүйесіне сертификациялық аудит жүргізді. Мақсат – оның халықаралық ISO 9001:2015 стандартына сәйкестігін растау. Сертификациялық аудит сәтті өтіп, Қор ТЮФ Тюринген компаниясынан халықаралық сертификат алды. Бұл Қор тарапынан көрсетілетін қызметтердің жоғары сапаға ие екендігін білдіреді.
2018 жылдың 8 сәуіріне қарай зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 8 триллион теңгеге жетіп, былтырғы жылдың сәуір айынан бері 1,1 трлн. теңгеге көбейді. Яғни бір жыл ішіндегі өсім 16,6 пайызды құрады.
Ал шарттардың барлық түрлері бойынша жеке зейнетақы шоттарының саны 2018 жылдың 1 сәуіріне қарай 10 миллионнан асты. Нақты: 10 114 904 шот. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70 979 бірлікке артық. Яғни, өсім 0,7 пайызды құрады.
Осылайша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатынасқан бүкіл кезеңі – жеке зейнетақы шотын ашқаннан бастап зейнетақы төлемдерін алғанға дейін оған онлайн тәртібінде қызмет көрсетуге дайын екенін дәлелдеді.

Айбота ЖАППАРБЕРГЕН.

БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН КӘСІПОРЫН бастамасымен Әуезов кентінде сенбілік ұйымдастырылды

 

Бақыршық тау - кен өндіру кәсіпорны, жұмысын Жарма ауданында бастағанына көп уақыт болмаса да, облыс пен ауданның экономикалық - әлеуметтік дамуына өз үлесін қосып келе жатқан бірден – бір кәсіпорын. Біз сенбі, 21 сәуір күні Жарма ауданының әкімі Нұрлан Бәтташұлы Сыдықовтың бастамасымен өңірдегі екі айлық сенбіліктің басталуы аясында Әуезов кентінде өткен іс - шараға қатысуға әрі осында орналасқан кен өндіру кәсіпорнының тыныс - тіршілігімен танысуға мүмкіндік алдық. Айта кетейік, Әуезов кентіндегі кез келген істің ұйытқысына айналған кәсіпорын басшылығы бұл жолғы сенбілікке де бастамашы болды.

Елімізде алтын қоры 500 тоннадан асатын екі ірі кен орны бар. Олар Бақыршық (ШҚО) пен Васильевское (Ақмола облысы). Осы кен орындарының арқасында біз алтын өндірісін жылына 70-100 тоннаға дейін жеткізу керек деген Мемлекет басшысының талабын орындай аламыз. Бүгінде Қазақстанда барлығы 80-ге жуық зерттелген алтын кен орны бар. Егер біз жылына осы ірі екі кен орнынан 60 тоннаға жуық алтын өндіру мақсатына жетсек, қалған 40 тоннасының орнын шағын кен орындары жабар еді.
Барланған қорының көлемі жағынан ірі кен орындарының біріне жататын Шығыс Қазақстан облысындағы Жарма ауданы Әуезов кентінде орналасқан «Бақыршық тау – кен өндіру кәсіпорны» ЖШС 1953 жылы ашылған болатын. Онда 1956 - 1996 жылдар аралығында 20 тоннадан астам алтын өндірілді. Бұл қойнауы алтынға толы аймақтың даңқы, республикамызбен қатар, шетелдерге де танылды. Үлкен кен орны ретінде ертеден белгілі. Сондықтан болар, құтты һәм берекелі өңір.
- 2011 жылдың 26 қарашасы күні Әуезов кентінде, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында, «Туған елге тағзым» акциясы аясында орталық саябақта Бақыршық атамызға тас мүсін орнатылды,- дейді кент әкімі Ержан Аманбайұлы Сасенов.
Амал не, 1997 жылы кен орны мүлдем жабылып қалды. Келген инвесторлардың бәрі тұрақтамай, жұмыс басталмай жатып тұралап қалады. Бақыршықтың екінші тынысын ашу тым ұзаққа созылып, сеңнің қозғалуы 2014 жылы ғана мүмкін болды. Ресейдің алтын өндіруші компаниялары арасында екінші орынды иеленетін «Полиметалл» компаниясы 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында орналасқан екі кен орны – Бақыршық және Большевикте жұмыс бастады. Компания алғашқы күннен бастап жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті. Алғашқы жылдың өзінде, өндірістің әлі толық жұмыс істемей әрі кәсіпорын ешқандай пайда келтірмей тұрғанына қарамастан, Бақыршық тау - кен өндіру кәсіпорны облыстық және аудандық әкімдіктермен әлеуметтік - экономикалық ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Қол қойылған құжаттарға сәйкес, әлеуметтік саланы белсенді түрде дамытуды, соның ішінде 180 орынға арналған балабақшаның ғимаратын қайта қалпына келтіріп беруді өз мойнына алды. Құрылыс жұмыстары бір жарым жылда аяқталып, компания бұл мақсатқа 240 миллион теңге жұмсады. 2016 жылдың қараша айында толықтай жөндеуден өткізілген, заман талабына сай жабдықталған «Аққу» балабақшасы мемлекет қарамағына берілді. 2014 жылдан бастап 2017 жылға дейінгі аралықта Шығыс Қазақстан облыстық және Жарма аудандық әкімдіктерімен жасалған меморандумдардың аясында әлеуметтік салаға 1 млрд. 890 миллион теңгеден астам инвестиция салды. 2018 жылдың ақпан айының соңында Жарма ауданының әкімдігімен құны 101 миллион теңгеден астам меморандумға қол қойды. Сонымен қатар Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны 2015 - 2017 жылдар аралығында Жарма ауданының инфрақұрылымына 2 миллиард теңгеден астам инвестиция салғанын да атап өту керек. Кәсіпорын кентті дамытуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына әрдайым ерекше назар аударып келеді.
Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны бас директорының коммуникация және қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары Зухра Сұлтанова өз кезегінде:
- Біздің кәсіпорын жергілікті халықпен әрдайым тығыз байланыста. Кәсіпорын жергілікті елді мекендердің инфрақұрылымы мен әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға өз үлесін қосуда,- деп атап өтті.
Одан әрі Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнының қоғаммен байланыс жөніндегі маманы: - Кенттің халық саны арта түсетінін үнемі есте ұстаймыз. Бұған дейін балалар шағын орталыққа барып жүрді. Ол жерде жағдай жөнді жасалмағандықтан, жас аналардың көбі үйде бала тәрбиесімен отырды. Біз осыны ескеріп, 240 млн. теңге қаржы жұмсап, балабақшаны қалпына келтірдік. Қазір бұл балабақша Жарма ауданы әкімдігінің балансына берілді,- деп сөзін жалғастырды.
Спорт десе ішкен асын жерге қоятын балалар келген қонақтарға жаңа күрес залын қысылмай көрсетеді. Бұл залда Алпамыс жүрек, Қобыланды білек жас балуандар күрестің үш түрімен айналысады. Бұл нысан кеңестік кезеңде, 1973 жылы салынған екен. Күрделі жөндеуіне жобалық-сметалық құжат қажет болды. Мектеп ұстаздарының білім ордасын жөндеуге деген өтініштерін де Бақыршық тау- кен өндіру кәсіпорны қаперіне алыпты. Кеншілер өз тарапынан дарынды және дамуында өзгешелік бар балаларды да естен шығармайды. Бұрын мұндай балаларға арналған жеке ғимарат болмаса, енді олар, «Арман» Мәдениет үйі жөндеуден өткеннен кейін, осы жерде өздерінің сүйікті істерімен айналыса алады.
– Қазір бұл жерде 10-нан аса мүгедек бала бар,– дейді кент әкімі Ержан Аманбайұлы Сасенов. – «Полиметалл» компаниясы жаңғырту жұмыстарына 6 млн. теңгеден астам қаражат жұмсады. Компания осы балалардың облысымыздың түрлі қалаларында өтетін конкурстар мен жарыстарға қатысуы үшін барып-қайту жолын төлеуді дағдыға айналдырды. Бұдан бөлек осы ғимаратта түрлі үйірмелер мен көркемөнерпаздар секциясы жұмыс жасайды,- деп өрелі істерді алға тартты.
Біз Әуезов кентіндегі екі айлық сенбіліктің басталуында жергілікті тұрғындардың ауыз біршілігіне куә бола алдық. Арнайы өткен салтанатты жиында кент әкімі Ержан Аманбайұлы Сасенов, «Бақыршық кен өндіру кәсіпорны» ЖШС бас директоры Юрий Овчинников және кент белсенділері жалынды сөздер сөйлеп, өңір тазалығы ел тазалығы екенін баса айтып, жұртты кентті абаттандырып, жасыл-желекке бөлеуге үндеді. Өскемен қаласынан арнайы шақырылған әртістер бригадасы кент жұртын сенбілікке шақырып, әннен шашу шашты. Түске дейін кент тұрғындары тайлы-таяғы қалмай көшелерді, алаңдарды және өз үйлері маңын жинап, қалған қоқыстардан арылтып үлгерді. Осы берекелі іске Шығыс Қазақстан облысындағы БАҚ өкілдері арнайы шақырылып, журналистер қауымы жұрт жұмылған істі өз көздерімен көрді.
Әуезов кентінде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, екі ай мерзімге созылатын тазалық айы тұрғындар үшін де қажет. Себебі сенбілікке қатысушылар мен кент тұрғындары, тазалық айы басталғалы бері, кентімізге тазалық орнағанына куәміз дейді.
Ортақ істен қалыс қалмай сенбілікке барлық кент тұрғындары біріге атсалысты. Бұл сенбілікте жергілікті тұрғындардың өз үйлерін қалай таза ұстаса, ортақ үйлері - кенттерін де шын көңілмен тазартып жатқаны қуантты. Сенбілікке қатысушы Хамит ақсақал:
- Сенбілік - халықты игілікті іске шақыру. Көктем келіп, тұрғындар үйлерін ақтап, тазалап жатыр. Соның өзі неге тұрады?! Әр адам өз үйін әдемі, ауласын таза ұстаса, кентіміздің тазалығы мен көркіне көрік қосар еді. Кез келген адам өз ауласының, тұрғылықты жерінің таза да әдемі болғанын қалайды. Өз бетінше ағаш отырғызып, кентті тазартайын, көркейтейін дейтіндер қатары қазір өсіп келеді. Сол себепті біздің ауданымыз бойынша көктем мезгілінде арнайы «Тазалық айы» жарияланған. Оған барша кент тұрғындары жұмылдырылуда. Біз бұған өте қуаныштымыз. Себебі сенбілік арқылы біз өзіміз тұратын М.Әуезов кентін таза кентке айналдырдық,- дейді ақсақал.
Ал Роза есімді апайымыз:
- Тазалық айының жарияланғанына қуаныштымын. Себебі «Көп түкірсе, көл болады» демекші, кент тұрғындарының, үлкен-кіші демей, жаппай сенбілік жұмысына қатысуы көңіл қуантады. Барлығы жиналып кентімізді тазартуда,- десе, Асан есімді азамат:
- Бүгінгі сенбілікке шыққандар қатары өте көп. Барлығы бірігіп кент тазалығына үлес қосуда. Әр адам сенбілікке аз да болса атсалысып, үлесін қосса, тазалыққа деген жауапкершілігі де арта түседі. Кенттің гүлденуіне үлес қосу туған өңіріңе деген қамқорлығың болып табылады,- деген пікірлерін білдірді.
Біз сөзге тартқан «Бақыршық кен өндіру кәсіпорны» ЖШС бас директоры Юрий Овчинников:
- Бүгінде Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнында мыңға тарта жұмысшы мен инженерлер еңбек етіп жатыр. Олардың 70 пайызынан астамы - жергілікті тұрғындар,– дейді. – Кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуінің арқасында Әуезов кентінде тұрғындар саны да артып келе жатқанын атап өтуге болады. Кентте кәсіпкерлік қызмет жандана бастады. Карьерде кен өндіру жұмыстары 2017 жылдың екінші жарты жылдығында басталды. Жоба бойынша, кен орнында құрамында алтыны бар кен он жыл көлемінде ашық әдіспен өндірілетін болады, ал содан соң жер асты өңдеуге көшеді. Кен жақын жылдары іске қосылатын кен байыту фабрикасында флотациялық байыту әдісімен өңделмек. 2018 жылға дейін кен өндірісінің күрделі жұмыстарына 69 миллион доллар қаражат салдық. Ал бірінші кезеңде жобаның дамуына 322 миллион доллар инвестиция салу жоспарланып отыр. Фабрика толық жұмыс істеуге 2019 жылы көшеді және карьерді пайдаланудың бүкіл кезеңі ішінде орташа алғанда 10 тоннадан, ал жер асты кенішін пайдалану кезінде 8 тоннадан астам алтынды концентрат түрінде өндіретін болады. Осы уақытқа қарай кәсіпорындағы қызметкерлердің саны жеті жүз адамнан асатын болады.
Біз бірыңғай өндірістің соңында кетпей, миллиардтаған теңгенің инвестициясын әлеуметтік салаға салып жатырмыз. Өйткені кентте біздің жұмысшыларымыздың балалары тұрады. Мектептер мен балабақшаға үнемі демеушілік жасап отырамыз,- деп атқарылып жатқан жұмыстарынан кәсіпорынның бас директоры хабардар етті.
Қазіргі кезде кен байыту кәсіпорнының өндірістік кешенінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Әртүрлі қуаттылықтағы, жоғары вольтті желілерден бастап өндірістік ғимараттарға дейін, елуден астам нысандар салынуда. Мердігерлерге арналған жатақхана ғимаратын мамыр айында іске қосу жоспарланған.
Кен байыту фабрикасының құрылысы мен қосу-реттеу кезеңі 2018 жылдың екінші жарты жылдығына есептелген. 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында карьерде өндірілген кенаралық (ортақтастырылған) қоймада жинақталатын болады.
Карьер жылына 2 000 мың тонна кен шығару қуаттылығына 2019 жылы шығатын болады. Кен карьердің бүкіл аумағында деңгей жиек бойынша өндірілетін болады және осылайша кен кемерлерін өңдеу, жұмыс істейтін деңгей жиектерді пайдалану тәжірибесін есепке ала отырып, дайын кен қорларымен қамтамасыз ету нормативтерінің шарттарына сәйкес орындалады.
Кен өндіру жұмыстары 2018 жылы басталды және осы жылғы карьердің кенді пайдалану жөніндегі өнімділігі 500 мың тонна болады. Сәйкесінше, айлық өнімділік 42 мың тоннаны құрайды. «Полиметалл» компаниясы Бақыршыққа келісімен, кен өндіру тәсілін түбегейлі өзгертті. Бұрын жер асты әдісімен алтын алынып келсе, енді ашық әдіспен өндіріледі. Кен орнында алтын құрамы аса жоғары 1 тонна рудадан 7,7 грамм құнды металл алынады.
Кешен жылына 2 млн. тонна руданы өңдеуге арналған. Фабрикада байытылған рудалардың құрамында бойында алтыны бар концентраттың екі түрі алынады. Көміртегі жоғары концентратты «Полиметалл» өздері шартқа отырған қытайлық кәсіпорындарға сатуды көздесе, ал көміртегі төмен концентратты Ресейдің Хабаров өлкесіндегі Амур гидрометаллургиялық комбинатына жөнелтеді. Амур гидрометаллургиялық комбинаты өздеріне түскен концентраттан Доре қоспасын алып, оны Астанадағы «Тау-Кен Алтын» аффинажды зауытына жібереді.
Қазіргі уақытта карьерде 49 тау техникасы жұмыс істеуде. Бірінші жарты жылдықтың соңына қарай 5 тау техникасының құрау жұмыстары аяқталып, іске қосылады.
Біз сенбілік аясында кәсіпорынның осы салада жасап жатқан игілікті істеріне қанықтық. Юрий Овчинников, «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС бас директоры:
- «Полиметалл» компаниясының Қазақстан нарығына инвестиция құюы - үлкен жаңалық. Кәсіпорын бұған дейін Ресей мен Арменияда өндіріс орындарын аяққа тұрғызған. Ең бастысы, компания жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірісті дамытуға жол ашты. 2017 жылы біздің кәсіпорын 777 миллион теңгедей салық төледі. Жоба іске қосылғасын бұл көрсеткіш өседі деп болжанып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз. Мектеп пен мектепке дейінгі оқытуды дамытсақ, білімді буынды өсіріп шығарамыз әрі өзімізге қажетті жұмысшыларды дайындаймыз. Бір кездері иесіз қалған алтын кәсіпорны қазір қайта жанданған. Осыдан үш жыл бұрын қожайыны өзгеріп, Бақыршық пен Большевик кеніштерін қамтитын «Қызыл» жобасын «Полиметалл» компаниясы қолға алды. Қайта өңдеу кәсіпорнының құрылысы аяқталуға жақын, биыл алғашқы алтынын өндіреді,- деп сөз етті.
Бақыршықта қызу құрылыс жүріп жатыр. Қазір, кен байыту комбинатын салумен қатар, лаборатория, жөндеу - механикалық шеберханасы, фабриканың өз ішіндегі айналысты қамтамасыз ететін тұрмыстық - қалдық суды тазарту стансасы, ауыз сумен қамтамасыз ететін станса, өрт қауіпсіздігі құдықшасы, жұмысшылар жатақханасы сынды қосымша нысандар бой көтергелі жатыр. Кәсіпорынға арналған жылу қазандығы салынып біткен. Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны тек өз қызметкерлері үшін ғана емес, әлеуметтік салаға қатысты жобаларға да атсалысып келеді. Бірқатар әлеуметтік нысандарды қаржыландырғанын мысалға келтіруге болады. 1984 жылы пайдаланылуға берілген ашық су жинаушы, су таратқыш толықтай алмастырылды. Кент тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету үшін жеке қазандық салынды. Электр желісі заманға сай жаңғыртылып, жаңа электр бекеті іске қосылды. Айналма жол кент тұрғындары пайдалануына беріліп отыр.
– «Полиметалл» компаниясы тарапынан әлеуметтік салаға зор көңіл бөлінуі - қалыпты дүние,- дейді бұл ретте «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС бас директоры Юрий Овчинников. – Біз жұмысшы санын мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Кентте тұратын 2700 тұрғынның 600-ден астамы бізде істейді. Мұндағы әр отбасының ең кемі бір мүшесінің бізбен байланысы бар. Сондықтан біз өз үмітімізді жергілікті тұрғындардың үмітімен байланыстырамыз. Біз тұрғындарға ауыз су жеткізіп бердік. Электр желісін жөндеуден өткіздік. Кентке айналма жол салдық.
Жергілікті тұрғындар да кенттің көз алдында жайнап, құлпырғанына куә болып отыр. Міне, осындай жерде өмір сүріп, еңбек еткің келеді. Ал бұдан сәл бұрын кент тұрғындары үйлерін тастап, басқа жаққа қоныс аударатын еді. Енді ешкімнің де түтін түтеткен жерін қиып кеткісі келмейді. Қайта өмірін осы жермен байланыстыруды жөн көреді. Қазіргі күні жақын маңдағы ауылдар мен елді мекендердің жастары осында ағылуда.
Біз сөзге тартқан Әуезов кентінің тұрғыны, ТВС жұмысшысы Ерлан Садуақасов:
– Бұл жерде көптен тұрамын. «Полиметалл» компаниясы келгенге дейін, бәрі бүлініп, кентіміздің әрі де, көркі де кетіп қалған еді. Үйлердің ұсқыны қашып, кешкісін көшелерде жарық болмайтын. Балабақша жабылып қалды. Қазір ауыл іргесінде құрылыс қызу қарқынмен жүріп жатыр. Кент көз алдымызда өзгеріп сала берді. Жұрт өзінің болашағына сеніммен қарайтын болды. Кешкісін сыртқа шыға қалсаң, баласын жетектеп қыдырыстап жүрген отбасыларды көп көресің. Бұл көп нәрседен хабар береді,- деп өз ойымен бөлісті.
Компания мұнда бір күнге емес, тамырын тереңге жайып, жер қойнауын 2039 жылға дейін игеру үшін қам қылып жатыр.
Әуеліде Қостанай облысындағы Варварин кен орнын сатып алған «Полиметалл» компаниясы елі-мізде 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Айтары жоқ, Бақыршық кен орны ондаған жылдар бойы аймағымыздың экономикалық бас ауруына айналып, өзінің жұлдызды сәтін күткен болатын. Тек «Полиметалл» компаниясы осы қысылтаяң жағдаяттан жол тауып, баламалы технологиясы арқылы күрмеуі қиын мәселенің шешуін таба білді.

Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ӘЛІ ДЕ ТОЛЫҚТЫРУДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

13 сәуір күні Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде «Латын әліпбиіне көшу - заман талабы» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Семинарға Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Жантас Жақыпов, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің доценті Гүлназ Кәріпжанова, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Айгүл Әлімхан қатысып, баяндама жасады.

Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшірудің маңыздылығы және оның қазақ тілінің ұлттық ерекшелігін сақтап қалудағы ықпалы аталған жиынның негізгі тақырыбына айналды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жантас Жақыпов қазақ жазуының өткен тарихына тоқталып, соңғы қабылданған нұсқадағы олқылықтарға кеңірек тоқталып өтті.

- «Жазу» деген ұғымға қазақ ежелден басқаша қараған. Кейін материализмнің кесірінен «жазу» дегенді «таңба» деп қана түсініп кеттік. Шындығында, қазақ ұғымында «жазу» деген «пешене», «жазмыш», «тағдыр» деген ұғымдарды білдірген. Сол кездегі «жазу» мен қазір қолданып жүрген «жазу» сөзінің алғашқы түбірі бір. Түркі кезеңінде әріптің орнына «бітік» деген сөз қолданылды. Қарап отырсақ, ол да рухани мәні бар мәселе. «Бітік» - маңдайына біткен, бітім сөздерімен синонимдес. Кейіннен «бітікті» орыстар «письмо», «пись» деген сөздерге өзгертіп алды да, «жазу» болып кетті. Кеңес өкіметі тарағаннан кейін, ғылымның алуан түрлі көзқарастары шыққан кезде, әлем ғалымдары тілдер феноменологиясын зерттей бастады. Сондай ғалымдардың бірі поляк Миловатскийдің зерттеуі бойынша, жазу көктен түскен. Ол осыған байланысты бірнеше дәйектер келтіреді. Ғалым сөзіне сүйенсек, латын қарпі католиктерге, Кирилл қарпі православтарға, ал араб қарпі, әрине, мұсылмандарға түскен. Түріктердің де төл әліпбиі бар. Ол - көне түркі, сына жазуы. Бірақ ол заманда үлкен рухани апат болды. Түркілердің ұлтқа бөлініп тарап кетулеріне де сол себеп болды деп ойлаймын. Осы көне түркі жазуын бірегейлеп, қайта қолдану туралы ұсыныс та айтқан болатынмын. Одан кейін қазақ халқы 900 жылдай араб жазуын пайдаланды. Бұл жазудың да өз кереметі бар екен. Біз латын мен Кирилл жазуын жазғанда қолымызды табиғаттың жаратылысына қарсы айналдырады екенбіз. Ал араб жазуын жазғанда табиғат қозғалысының бойымен қозғаламыз. Сағат тілі де, қан тамырымыз да солай айналады. Жел де осы бағытпен соғады. Мұны педагогикалық тұрғыда сезе қоймасақ та, ішкі түйсігімізге әсер етеді. Ахмет Байтұрсынұлының араб қарпі арқылы төте жазуды енгізуінің де өз мәні болды. Өздеріңіз білесіздер, ол заманда қазақтарды діннен алыстату саясаты жүрді. Осы орайда жазу ұлттың рухын, дінін сақтап қалудың бірден-бір жолы екенін түсінген Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуын енгізіп, сол үшін күресті. 1926 жылы өткен конференцияда татарлардан Ғалымжан Ибрагимов, ал қазақтардан Ахмет Байтұрсынұлы араб қарпін қолдады. Кейіннен екеуіне де панисламист деген атақ тағылғаны мәлім. 1930 жылы қабылданған латын әліпбиі де кемшіліксіз болмады. Мәселен, «ы» әрпі кириллицаның «ь» таңбасымен жазылды. Осыған байланысты көптеген келіспеушіліктер орын алған. Кейін отаршыл өкімет дауды қойып, кириллицаға ауысыңдар деген бұйрық беріп, небәрі үш айдың ішінде қазақ халқының әліпбиі өзгеріп шыға келді,- деді Ж.Жақыпов. Сондай-ақ ол латын әліпбиінің соңғы қабылданған нұсқасына байланысты да өз пікірін білдіріп, диграфтық нұсқаның да, апостроф белгілері қойылған әліпбидің де қолайсыз болғанын айтты.
- 11 қыркүйекте Парламентте тыңдалып, талқыланған диграфтық нұсқаға байланысты қатты дау болды. Қазір, мәтінді ықшамдауға баса мән беріліп жатқан тұста, жұрт Толстойдың «Война и мир» кітабын оқымайды. Сол тұрғыдан келгенде, бұл көпшілікке ұнамады. Ал 2017 жылдың 9 қазанында апострофтары бар нұсқа белгіленгенімен, ол компьютерге жарамайтын болды және әр үтір бір әріптің орнын алды. Әліпби нұсқасына қатысты біз де өз пікірімізді арнайы комиссияға жеткізген едік. Нәтижесінде 2018 жылдың ақпанында жаңа нұсқа қабылданды. Бұл нұсқада ілгерілеу бар екенін көпшілік көрді. Артықшылығы - үтірлері алынып тасталып, орнына акут деген таңба қойылды. Акут - орыс тіліндегі екпіннің таңбасы. Бұл диакретикалық, яғни әріп үсті белгісіне жатқандықтан, артық орын алмайды. Аталған белгі, негізінен, екпін мағына жасайтын тілдерде қолданылады. Бірақ бұл нұсқаға қатысты да әлі ұсыныстарымыз бар. Өйткені, Президенттің айтуынша, алдағы екі жылдың ішінде ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуі қажет. Және бұл жөнінде республикада орфографиялық комиссия құрылды. Енді емле ережесі мен сөздігі тезірек құрастырылуы қажет. Менің ұсынып отырған қағидам - төлтума сөздер морфологиялық, кірме сөздер фонетикалық қағидаға сүйеніп жазылса екен,- деген филолог Жантас Алтайұлы әліпбиден «в», «ф» әріптерін алып тастауды және «ш» қарпін «s» таңбасымен белгілеуді ұсынды. Сондай-ақ ол «ш» әрпінің орнына ұсынылып отырған «sh» таңбасының оқылуына қатысты екі ұшты жайлардың орын алып отырғанын айтып, ashana, dárishana, Shyńgyshan, Doshan, Áýeshan сияқты бірнеше сөздерді мысалға келтірді.
Латын әліпбиіне көшудің тиімділігі жайлы басқа баяндамашылар да пікірлерін білдірді.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57