ҚАЙЫМНЫҢ ЖАРИЯЛАНБАҒАН ХАТТАРЫ

Замана көшінің көшелі тұлғаларына қатысты әрбір дерек көзіміздің қарашығындай қастерлі. Себебі солар арқылы адам әр қырынан танылып, беймәлім талай сырлар ашыла түседі. Біздің әулетімізде сақталған бір топ хаттардың ішінде көзге ыстық көрінетіні – әкем Мұрат Төлеуов пен ғұлама ғалым Қайым Мұхамедханов екеуінің арасындағы жазысқан хаттар.

Мұрат Төлеуов ұстаздық қызмет ете жүріп, өз әкесі Төлеу Көбдіковтің мол мұраларын жинастырып, «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» дегендей, ғалым Қайым Мұхамедхановпен туған інісіндей болып жақсы араласады. Семейге келіп-кетіп жүріп, Қайым ағаның үйіне барып, ол кісінің Алаш тақырыбына жинаған материалдарына өз үлесін қосады. Әкемізге асылдың сынығы ретінде ерекше ілтипат білдірген Қайым Мұхамедханов та үлкен ағалық қамқорлығын көрсетеді.

Қайым Мұхамедхановтың  2016 жылы өткен 100 жылдығы қарсаңында «Қайым Мұхамедханов: Хаттар сөйлейді. Каюм Мухамедханов: Письма говорят» кітабын дайындау барысында бұл хаттардың көшірмесі жіберілген еді. Алайда кітаптың негізін ғалымға жолданған хаттар құрағандықтан,  жеке архивіміздегі Қайым ағаның хаттары кіргізілмегені түсінікті жайт.

Жеке архивтегі бес хаттың төртеуі 1987 жылы, соңғысы 1992 жылы жолданған екен. Ғалым 5 қаңтарда, яғни өзінің туған күнінде жазылған алғашқы хатында Құрбанғали Халидтің «Тауарих-и-Хамса» («Бес тарих») кітабы үзінділерінің аударылуы туралы сөз қозғап, Нәби Оспанов жасаған бұл жұмысына оң баға береді.

Нәби ақсақалға келсек, ол - қазіргі Үржар ауданына қарасты Қарақол ауылының азаматы, арабша өте сауатты, зерделі адам болған. Ауылдастары ол кісіні құрметтеп «Нәби молда» деп атайтын. Хаттағы «Нәби менің құрдасым екен. Көп-көп сәлем айт...» деген Қайым ағаның жазбасынан белгілі болғандай, Нәби молда 1916 жылы туған.

Қ.Мұхамедханов өз хатында былай дейді: «Тауарих хамса», 396-бет «Семипалатдың мәшһүр ғалымларындан (?) бірі дамолла Ризалдин сани... (7 жол), 391-бет ... (мақала аты төте жазумен берілген. – Ш.М.) осы мақаланы қазақшаға аудару керек... Енді «Тауарих Хамсаның» 140-бетінен бастап  229-бетіне дейінгі: «...Қазақ халлары мен ханлары» деген мақаланы және 260-беттен бастап  266-бетке дейінгі «Асан атаның бір мақалының мағынасы бұдри. ... (мақала аты төте жазумен берілген. – Ш.М.) деп аталатын мақаланы көшіріп жазуын өтінер едім. Әзірге Нәби құрдасқа тапсырма осы».

«Қадірлі Мұрат інім!»- деп басталатын екінші хатта Қ.Мұхамедханов кітаптың аударатын келесі беттерін көрсете келіп, бұл жұмысты алдағы уақытта да Нәби молданың жалғастыруын сұрайды. Сонымен бірге Қайым Мұхамедханов Мұрат Төлеуұлынан Нәби ақсақалмен жүздесіп, кең әңгімелесуі керектігін, қай жерде, қай кезде кездесудің ретін ойластырып қоюын сұрайды.

Ғалымның 1987 жылдың 7 сәуірі күні жазған келесі хатында Нәби ақсақал жасаған аударманың  дұрыстығын айтып, өз пікірін білдіреді. «Егер мүмкіндігі болса, Нәби осы бастаған игілікті жұмысты тоқтатпаса екен! Енді 249-беттегі «Абылай хан» дегеннен бастап  254-бетке шейін, яғный: ... (төте жазу. - Ш.М.) - деген жерге шейін аударса (одан арғы жағы 259-бетке дейін аударылған), «Абылай хан» деп аталатын мақала толық аударылған болады. Бұл мақала аударылып болған соң, 229-беттегі: «Хандардың асылы - Шыңғыс хан» дегеннен бастап  249-бетке дейін, яғный «Абылай хан» деген жерге дейін аударса, хәмсәда (кітапта) жазылған қалпын сақтап (кітаптағы тақырыптары көрсетіліп отырса) аударылса дұрыс болар еді...».

 «Қайым Мұхамедханов: Хаттар сөйлейді» кітабында бұл хатқа жазған Мұрат Төлеуұлының жауабын көреміз: «...Ақсақалдың тексті аударуы жаман емес қой деймін. Жазуы да маған ұнады. ...Бұл аударған дүние – «Хамсаның өзіңіз көрсетіп берген 254-259- беттері. Енді қай беттерінде қандай мақала керектігін өзіңіз жазып жіберіңіз...».

Мұхтар Әуезовтің сенімді шәкірті болған Қайым Мұхамедхановтың ұлы ақын айналасындағы шәкірттерінің мол мұрасын зерттеуге саналы ғұмырын сарп етті, қажырлы еңбегінің арқасында халыққа танытты. Сәлем хат ішіндегі бір сөйлемнің өзі ғалымның Абай төңірегіндегі ақындардың туындыларын жарыққа шығару ісінің бір айғағындай. «Мен Алматыдан 20.ІІ.-да оралдым (29.І.87 кеткенмін). Уәйіс жинағын «Жазушы» баспасына өткіздім. Осы жылы жарық көреді...» - деген сөзінен болашақ қамын, әдебиет қамын, ел мен тарих мүддесін ойлайтын қайраткер азамат кейпін жазбай танығандаймыз.

Абай рухына адал болып өткен Қайым Мұхамедхановтың мұражай қорындағы хаттарының мазмұны осындай. Жазылғанына отыз жыл уақыт болған бүгінде өткен күннің ескерткішіндей көрінетін бұл хаттар Қайым Мұхамедхановтың өмірінен аз да болса көрініс беретін, абайтанушы ғалымның ерен еңбегінің бұлтартпас куәсі іспетті.

Иә, Қайым Мұхамедхановтың қазақ халқына жасаған, Алашына сіңірген ерекше еңбектері шаң басқан архивтерде емес, үйімізде, кітапханада тұруының өзі ғалымның ұшы-қиырсыз еңбектерінің қолтаңбасы дер едік...

Шынар Мұратқызы,

Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы ғылыми-зерттеу бөлімінің жетекшісі.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57