МЕН АСПАНШЫЛ АҚЫНМЫН

Мерей Қартовтың поэзиясының бір қыры

Поэзияның болмысы мен бітімін, өлеңдердің сыры мен сипатын, мағынасы мен мәнін байыптай алған оқырман көркем шығармашылықтың ерекшеліктеріне қатысты ақынның ақындық лабораториясына бағамдау жасайды. Оқырман әрі әдебиетші ретінде тамаша ақын Мерей Қартовтың өлеңдеріне шолу жасауды жөн көрдім. Негізі Мерейдің өлеңдерін бастапқыда «Осы қалай екен?..» -деген оймен оқығаным рас. Ақын поэзиясының тылсым бір таңғажайып күші мені жетелей жөнелді. Мерейдің керемет жырлары қолыма қалам алғызып, қанаттандырып жіберді десем де болатындай. Сонымен...

 Поэзияны сүймей қандай да болса әдеби құбылысты нәзік түсіну, шынайы сөз өнерінің шындық өмірге қарым-қатынасын білу, әдебиеттің өсіп - өрбуіндегі заңдылықты ұғу, сайып келгенде, күллі ілгерішіл адам баласының жалпы көркемдік дамуындағы сыр-сипатты тану мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда ақынның шығармашылығы терең талдауды, түсінуді, ең бастысы сезінуді қажет етеді. Жалпы, әдебиет сөзін А.Байтұрсынов «Асыл сөз» деп атаса, З.Қабдолов «Сөз өнері» дейді. Ахмет Байтұрсынов сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі, олар: 1. Ақылға. 2. Қиялға, 3. Көңілге. З.Қабдолов: біріншіден, сезімге; екіншіден, бақылауға; үшіншіден,қиялға; төртіншіден, интуицияға; бесіншіден, өмірбаянға; алтыншыдан, парасатқа; жетіншіден, шеберлікке; сегізіншіден, шабытқа негізделеді деп қарастырған. Бұл дәйектемелерді осы тұста мысалға алуымыз да тегін емес. Мерейдің поэзиясынан осы аталғандарды тануға болады.

Көтерілді Күн иегі,

тартылыстың дүр күшінен.

Көру керек Дүниені,

көкіректің дүрбісімен! – деп ақынның өзі айтқандай, өмірге бір сәт ақын көзімен, поэзиясымен үңіліп көрейік ендеше.

«Көңілімде – үр-тамыз» өлеңін ақын былайша бастайды:

Көңілімде – үр-тамыз.

Ал, Көгімде – қаз әні.

Күрсіне берсін бұлт-абыз.

Жан-дүнием – жаз әлі!

Өлең басынан –ақ  төгілген маржандай әсер береді. Қазақта Үр сөзі әдемілік пен нәзіктікті білдірсе, ақын тамызды осылай балауы лирикалық кейіпкердің көңілін бірден аңғартады. Оған көктегі қаз әні қосылып, ойды сабақтай түседі. Күзгі табиғаттың құбылысын бұлттың күрсінуі деп берген ақынның шеберлігіне тәнті боласың. Кейіптеу арқылы мезгілге тән құбылысты шолып шыққан ол келесі жолдарда осыған қарама –қарсы ойды алға тартады. «Жан-дүнием –жаз әлі!» Одан әрі :

Тамсандырды таңсәрім,

Қызыр демінен шөп терлеп.

Қиял ұзартты аңсарым,

Қия-құзға бөктерлеп. Яғни осы шумақтан ойға түйеріміз: мезгіл - таңсәрі. Кейіпкерге осы мезгіл қатты әсер еткенге ұқсайды. Ол тіптен, шөптің терлегенін де байқап қалады. Шөптің терлеуі - жансызды жандандыру. Әдемі сурет көз алдыңа келеді. Ақынның аңсарын қиял қия - құзға жетелей жөнелгенін де байқайсың.

Бесқасқам – бек серігім,

Қарсы да шабар қасқырға.

Желге айналар желігім,

Құлынжонның астында, - деген жолдарды оқығанда: «Е, бәсе... » дейсің тағы да.

Бұдан кейін жылқы шетіндегі кейіпкерді баяндаған ақын келесі шумақтарда әдемі суреттерді алдыңа тартады. Түнді қорған қылған ол:

Мендей ешкім кезбеген

Таулар ішін,

Ай үшін!

«Өлең» деген Сөзбенен,

Жұпарладым Ой ішін.

Мен – аспаншыл Ақынмын.

Тәңір тілін түсінем.

Жұлдыз түртіп отырмын,

Құрығымның ұшымен! - дейді. Шабыттанған ақынның жанын осы жерде танисың. Өлеңмен таулардың ішін аралап, айға да самғаған ақынның асқақ көңілі ғой бұл. Аспан - асқақ арман мен биіктіктің символы. Ендеше, ақынның өршіл сезімі заңғар биік. Соңғы тармағы тіптен ерекше. Құрығының ұшымен жұлдызды түртіп отырған жылқышы -ақынның бейнесі көлбеңдейді. Тамаша сурет бар. Жұлдыз - арман мен қиял символы. Әдебиеттегі шарттылық өте ұтымды көрініс тапқан.

Негізі поэзия сөздің дұрысын, таза, анық, дәл айтылуының үстінде талғампаздықтың болуын да керек қылады. Тіл көрнекі болу үшін дерексөз нәрсе деректі нәрседей, жансыз нәрсе жанды нәрседей суреттеліп, адамның сана - саңылауына келіп түсерлік дәрежеге жетуі керек. Қалыпты түріндегі сөз ондай дәрежеге жетуі үшін түрлі әдістер істеледі. Ол әдістер негізгі түріне қарай үш топқа бөлінеді: Көріктеу, Меңзеу, Әсерлеу. Бұл турасында З.Қабдолов «Әдеби тілдің әсемдігі ғана емес, әсерлігі үшін де орасан қажет тәсіл – құбылту, яки троп – сөздерді тура мағынасында емес, бұрма мағынасында қолдану, шындықты бейнелеп кейде тіпті перделеп таныту», - деген болатын. Осы орайда Мерейдің поэзиясында құбылтудың алуан үлгісін кездестіруге болады.

Тастан да тәлім тыңдаппын.

Тамшының үні – жұмбақ мұң,

Түйежапырақ бүркеніп,

Жапалақ сынды түн қаттым.

Даусымды естіп әр қырдан,

Жартас та жарқын жаңғырған.

Бұлақ та, шөп те жыр оқып,

Есімнен талай таңдырған, - деген жыр жолдарына әдеби көзбен қарайықшы.

Тамшының тырсылдаған үні деп әбден мезі болған тіркестен гөрі «Тамшының үні - жұмбақ мұң» деуі аз сөзге көп сыр сыйғызғандай. Лирикалық кейіпкердің сезім - танымын, әсерін, түйсінуін байқаймыз. Ақын неге өзін жапалаққа теңейді. Түнді өзіне серік еткен ақын өзін жапалаққа, жай жапалақ емес, түйежапырақ бүркенген жапалаққа теңеуі заңды. Эпитетті теңеу дейді мұндайды. Бұлақтың да, шөптің де есінен тандыра жыр оқуы жансызға жан бітірген керемет сурет.

Амал не…

Менің де жаным суыйды-ау,

Судың да қатып тоң майы, - дейді тағы да. Судың тоң майының қатуы –шарттылық десек те, ақынның құлазыған жабырқау көңілін білдіргендей.

Дуалап бұлтты көрсем бе,

Жындарымды шақырып!.. деген жолдар алдыңғы ойды дамыта түскендей.

Жан сырын жөндеп оқымай,

Адастым, сірә, апыр-ай!.

Ақылыңды айтшы сен маған,

Тәңірге, Күнге жақын Ай!. - деп  түйіндеуі де содан.

Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында» дамытуға мынадай анықтама береді: «Пікіріңді сөйлегенде, алдыңғы сөзіңнен артқы сөзіңнің қуаты асып отырса, дамыту болады». Демек, жоғарыда келтірген мысалымыз осыған сай десек қателеспейміз.

 Поэзияға әдеби талдау жасағанда әлеуметтік, қоғамдық мән - маңызын ашудан гөрі адамгершілік, эстетикалық әсемдік әуенін, көркемдігін талдауға көбірек көңіл бөлген дұрыс болар. Осы жазбамда Мерейдің тек бір-екі өлеңі қамтылды. Алдағы уақытта ақынның шығармашылығына кеңінен шолу жасау ойымда бар. Оны уақыт еншісіне қалдыра тұрып, сүзгіден өткен осы ойларымды қабыл алыңыздар.

Мерей інім! Ақындықтың асқар биігін, Хан Тәңірісін тіледім өзіңе!

 

Айгүл ЖҰМАХАН,

Маңғыстау облысы.

ҚАЙЫМНЫҢ ЖАРИЯЛАНБАҒАН ХАТТАРЫ

Замана көшінің көшелі тұлғаларына қатысты әрбір дерек көзіміздің қарашығындай қастерлі. Себебі солар арқылы адам әр қырынан танылып, беймәлім талай сырлар ашыла түседі. Біздің әулетімізде сақталған бір топ хаттардың ішінде көзге ыстық көрінетіні – әкем Мұрат Төлеуов пен ғұлама ғалым Қайым Мұхамедханов екеуінің арасындағы жазысқан хаттар.

Мұрат Төлеуов ұстаздық қызмет ете жүріп, өз әкесі Төлеу Көбдіковтің мол мұраларын жинастырып, «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» дегендей, ғалым Қайым Мұхамедхановпен туған інісіндей болып жақсы араласады. Семейге келіп-кетіп жүріп, Қайым ағаның үйіне барып, ол кісінің Алаш тақырыбына жинаған материалдарына өз үлесін қосады. Әкемізге асылдың сынығы ретінде ерекше ілтипат білдірген Қайым Мұхамедханов та үлкен ағалық қамқорлығын көрсетеді.

Қайым Мұхамедхановтың  2016 жылы өткен 100 жылдығы қарсаңында «Қайым Мұхамедханов: Хаттар сөйлейді. Каюм Мухамедханов: Письма говорят» кітабын дайындау барысында бұл хаттардың көшірмесі жіберілген еді. Алайда кітаптың негізін ғалымға жолданған хаттар құрағандықтан,  жеке архивіміздегі Қайым ағаның хаттары кіргізілмегені түсінікті жайт.

Жеке архивтегі бес хаттың төртеуі 1987 жылы, соңғысы 1992 жылы жолданған екен. Ғалым 5 қаңтарда, яғни өзінің туған күнінде жазылған алғашқы хатында Құрбанғали Халидтің «Тауарих-и-Хамса» («Бес тарих») кітабы үзінділерінің аударылуы туралы сөз қозғап, Нәби Оспанов жасаған бұл жұмысына оң баға береді.

Нәби ақсақалға келсек, ол - қазіргі Үржар ауданына қарасты Қарақол ауылының азаматы, арабша өте сауатты, зерделі адам болған. Ауылдастары ол кісіні құрметтеп «Нәби молда» деп атайтын. Хаттағы «Нәби менің құрдасым екен. Көп-көп сәлем айт...» деген Қайым ағаның жазбасынан белгілі болғандай, Нәби молда 1916 жылы туған.

Қ.Мұхамедханов өз хатында былай дейді: «Тауарих хамса», 396-бет «Семипалатдың мәшһүр ғалымларындан (?) бірі дамолла Ризалдин сани... (7 жол), 391-бет ... (мақала аты төте жазумен берілген. – Ш.М.) осы мақаланы қазақшаға аудару керек... Енді «Тауарих Хамсаның» 140-бетінен бастап  229-бетіне дейінгі: «...Қазақ халлары мен ханлары» деген мақаланы және 260-беттен бастап  266-бетке дейінгі «Асан атаның бір мақалының мағынасы бұдри. ... (мақала аты төте жазумен берілген. – Ш.М.) деп аталатын мақаланы көшіріп жазуын өтінер едім. Әзірге Нәби құрдасқа тапсырма осы».

«Қадірлі Мұрат інім!»- деп басталатын екінші хатта Қ.Мұхамедханов кітаптың аударатын келесі беттерін көрсете келіп, бұл жұмысты алдағы уақытта да Нәби молданың жалғастыруын сұрайды. Сонымен бірге Қайым Мұхамедханов Мұрат Төлеуұлынан Нәби ақсақалмен жүздесіп, кең әңгімелесуі керектігін, қай жерде, қай кезде кездесудің ретін ойластырып қоюын сұрайды.

Ғалымның 1987 жылдың 7 сәуірі күні жазған келесі хатында Нәби ақсақал жасаған аударманың  дұрыстығын айтып, өз пікірін білдіреді. «Егер мүмкіндігі болса, Нәби осы бастаған игілікті жұмысты тоқтатпаса екен! Енді 249-беттегі «Абылай хан» дегеннен бастап  254-бетке шейін, яғный: ... (төте жазу. - Ш.М.) - деген жерге шейін аударса (одан арғы жағы 259-бетке дейін аударылған), «Абылай хан» деп аталатын мақала толық аударылған болады. Бұл мақала аударылып болған соң, 229-беттегі: «Хандардың асылы - Шыңғыс хан» дегеннен бастап  249-бетке дейін, яғный «Абылай хан» деген жерге дейін аударса, хәмсәда (кітапта) жазылған қалпын сақтап (кітаптағы тақырыптары көрсетіліп отырса) аударылса дұрыс болар еді...».

 «Қайым Мұхамедханов: Хаттар сөйлейді» кітабында бұл хатқа жазған Мұрат Төлеуұлының жауабын көреміз: «...Ақсақалдың тексті аударуы жаман емес қой деймін. Жазуы да маған ұнады. ...Бұл аударған дүние – «Хамсаның өзіңіз көрсетіп берген 254-259- беттері. Енді қай беттерінде қандай мақала керектігін өзіңіз жазып жіберіңіз...».

Мұхтар Әуезовтің сенімді шәкірті болған Қайым Мұхамедхановтың ұлы ақын айналасындағы шәкірттерінің мол мұрасын зерттеуге саналы ғұмырын сарп етті, қажырлы еңбегінің арқасында халыққа танытты. Сәлем хат ішіндегі бір сөйлемнің өзі ғалымның Абай төңірегіндегі ақындардың туындыларын жарыққа шығару ісінің бір айғағындай. «Мен Алматыдан 20.ІІ.-да оралдым (29.І.87 кеткенмін). Уәйіс жинағын «Жазушы» баспасына өткіздім. Осы жылы жарық көреді...» - деген сөзінен болашақ қамын, әдебиет қамын, ел мен тарих мүддесін ойлайтын қайраткер азамат кейпін жазбай танығандаймыз.

Абай рухына адал болып өткен Қайым Мұхамедхановтың мұражай қорындағы хаттарының мазмұны осындай. Жазылғанына отыз жыл уақыт болған бүгінде өткен күннің ескерткішіндей көрінетін бұл хаттар Қайым Мұхамедхановтың өмірінен аз да болса көрініс беретін, абайтанушы ғалымның ерен еңбегінің бұлтартпас куәсі іспетті.

Иә, Қайым Мұхамедхановтың қазақ халқына жасаған, Алашына сіңірген ерекше еңбектері шаң басқан архивтерде емес, үйімізде, кітапханада тұруының өзі ғалымның ұшы-қиырсыз еңбектерінің қолтаңбасы дер едік...

Шынар Мұратқызы,

Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы ғылыми-зерттеу бөлімінің жетекшісі.

 

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57