ТУҒАН ЖЕР - ТҰҒЫРЫҢ!

Өз Отаның - бұл дүниедегі жаннатың мен шуағың. Сондықтан білімдерің мен қайрат-жігерлеріңді өз елдеріңнің мүддесіне жұмсаңдар.

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы - тәуелсіз қазақ елінің дамуына, болашағына жасалған маңызды құжат. Президенттің аталған еңбегінде сананы жаңғырту, ұлттық болмысты сақтау, ұлттық кодтан айырылып қалмау, дәстүрдің озығын сақтап, тозығын тастау, қазақ руханиятының озық үлгілерін әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, ел игілігіне жарату жолындағы жоспар белгіленіп отыр. Мемлекет басшысы еліміз үшін жаңғырудың маңызды екі бағытына басымдық береді. Олар: саяси реформа және экономикалық жаңғыру. Қазақ елінің әлемдік өркениет көшінен қалмай, бәсекеге қабілетті ел болуы үшін ұлттық санаға серпіліс жасау қажеттігін айтқан Елбасы мақаласында әртүрлі бағыттарды көрсете отырып, өз көзқарастарын ортаға салады.

Мемлекет басшысы: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық - рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып жарастыра алатын құдіретімен маңызды»,- дейді.

Егемендігін алған еліміздің саяси, экономикалық реформаларда қол жеткізген жетістіктері аз емес екені баршаға мәлім. Президент білім мен ғылымға ұлттың алға ілгерілеуіне жылдам қарқынмен жылжытатын басты қозғаушы күш ретінде басымдық бере отырып, рухани тұрғыдан жетілген ұрпақ тәрбиелеудің қажеттігін алға қойып отыр. Бұл тәуелсіз еліміздің болашағына  алаңдаушылық екені белгілі. 

Біздің елімізде жастардың бойына адами құндылықтарды, рухани қазынаны,  патриоттық рухты сіңіру, қазақ елінің өскелең ұрпағының білімді болып өсуі жолында, алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттермен терезесі тең, бәсекеге қабілетті болуы тұрғысында жасалып жатқан оңды қадамдар аз емес. 

Нұрсұлтан Назарбаев жас-тарды тәуелсіз Қазақстанның болашағы, алтын қоры ретінде бағалап, олардың алдына биік мақсаттар мен зор міндеттер қоюда.

Сапалы білім – болашаққа салынатын инвестиция

Президенттің «Тәуелсіздіктаңындасепкендәндербүгіндебүршікатты, өркендеді. Бақ - дәулет, барша игілік адамның өз қолымен жасалады. Өз Отаның - бұл дүниедегі жаннатың мен шуағың. Сондықтан білімдерің мен қайрат - жігерлеріңді өз елдеріңнің мүддесіне жұмсаңдар» деген сөзі - жастар үшін үлгі-өсиет.

Еліміз бағындыратын асулар көп десек, сол биік мақсаттарға тек білімді ұрпақ арқылы ғана қол жеткізетініміз белгілі. Яғни сапалы білім - болашаққа салынатын         инвестиция.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назар-баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру тұрғысында атқарылып жатқан жұмыстар Шығыс Қазақстан облысында аз емес. Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында баса көңіл бөлінген мәселелердің бірі «Туған жер» бағдарламасын қолға алу болатын. «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алмайды туған елін» деген өлең жолдарын да Елбасы осы мақалада есімізге салады. Шығыс Қазақстан облысында өркен жайған «Туған ел - алтын бесігім», «Туған жерге тағзым» атты бастамалар бүкіл республика халқына үлгі болғаны бұрын да белгілі. Елбасының мақаласынан кейін бұрын басталған игі істер жалғасын тауып, аймағымызда «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру жұмысы қанатын кеңінен жая түсті.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында жалпы құны 21,5 млрд. теңгені құрайтын 1360 әлеуметтік жоба жүзеге асырылған екен. Оның ішінде құны 4,8 млрд. теңге тұратын ірі өнеркәсіп орындарының 12 жобасы «Парыз» қоры арқылы, 5,2 млрд. теңгенің 929 жобасы қала және аудандардағы шағын және орта бизнес өкілдері тарапынан жасалды. 2,8 млрд. теңге тұратын 277 жоба білім саласына қажетті құрал-жабдықтар алуға, 8,8 млрд. теңге тұратын 142 жоба алдағы уақытта қаржыландыруды қажет ететіндердің тізімінде тұр.

Жоғарыда атап өткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаладағы  туған жерді өркендету мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі елді мекендердің өсіп-өркендеуіне, көркейе түсуіне ықпалы зор өміршең бастама екеніне көпшілік куә. Мысалы, «Туған жер» жобасы аясында спортты дамытуға арналған құны 150,5 млн. теңге тұратын 63 жоба жүзеге асса, абаттандыру саласында құны 1247,7 млн. теңгелік 289 жоба, білім саласында құны 1614,3 млн. теңге тұратын 271 жобаның жұмысы атқарылған.

«Туған жерге туыңды тік». Қазақ халқы бұл қанатты сөзді тегін айтпаса керек. Отанды сүю кіндік қаның тамған жеріңе, туған аймағыңа, өсіп-өнген ауылыңа деген сүйіспеншіліктен басталады. Ұлт Көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы еліміздің түкпір-түкпірінде сәтті жүзеге асырылуда. Аталмыш бағдарламаның «Туған жер» аталуының себебін Мемлекет басшысы: «Туған жер - әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу - шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі»,- деп түсіндірген болатын.

Білім мен тәрбие - бір-бірімен тонның ішкі бауындай астасып жатқан ұғымдар. Бүгінгі заманға лайықты жан-жақты біліммен қаруланған өскелең ұрпақ әуелі туған жерді сүюді үйренуі керек. Ол үшін ең алдымен оқушылардың сапалы білім алуына жақсы жағдай жасалуы шарт.

Болашағын ойлаған елдің білім беру жүйесі заман талаптарына сай болуы керек. Еліміздегі білім  беру жүйесінің қызметі мен мектептердің сапасының әр отбасына, әр азаматқа қатысы бар екенін біз жақсы білеміз. Дамыған 30 елдің қатарына ену жөніндегі іргелі мақсатқа қол жеткізу жолында адам капиталының сапасын жақсартуға, соның ішінде білім беру сапасын арттыруға айрықша көңіл бөлініп отыр.

Аймағымызда білім беру мекемелерінің жұмысын жақсарту жолында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында мектепалды 805 мекеме жұмыс істейтін болса, оның 100-і - жекеменшік. Мектепке дейінгі ұйымдарда 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді орынмен қамту жағынан біздің облыс республика бойынша алдыңғы қатарда. Осы жылдың соңғы сегіз айында 346 орындық мектепалды тәрбие беретін 8 мекеме бой көтеріп үлгерді. Оның 6-уы - жекеменшік иелігіндегі балалар бақшасы, 2-45 балаға шақталып салынған шағын орталық.

2016-2017 оқу жылында аймақ бойынша 9047 бітіруші түлек мектепті тамамдады. Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде оқушылардың орташа білім сапасы  көрсеткіші жыл өткен сайын жақсара түсу үрдісі байқалады. Оның дәлелі - 2017 жылғы ҰБТ–да оқушылардың орташа балы Шығыс Қазақстан облысы бойынша 82,2 пайызды құрады, өткен жылмен салыстырғанда 0,2 балға жоғары.

Республика бойынша биік нәтижеге жеткен 8 түлектің ең жоғары - 138 және 140 балл жинаған екеуі біздің облыстан, бұл аймағымыздағы білім сапасының көрсеткіші болса керек. Сапалы білімдерімен дараланған екі оқушы - Аягөз ауданы мектептерінің түлектері Мәди Жүнісов және Аяулым Еркінова.

Ағымдағы жылы аймақта жергілікті бюджет есебінен сұранысқа ие мамандықтарға 200 білім гранттары бөлінді. Сапалы білім беру жолында жоспарлы түрде жұмыстар атқарылып, үш ауысымдағы оқуды жою мақсатында білім беру нысандары салынды, апатты жағдайдағы мектептер қалыпқа келтірілуде.

Биылғы оқу жылында 4 нысан пайдалануға берілді. Соның ішінде 2 мектеп апатты нысандар қатарында болатын. Олар Үржар ауданына қарасты Жаңа тілек, Шемонайха ауданының Верх-Уба ауылындағы және Семей қаласының Бобровка кентіндегі мектептер мен Риддер қаласындағы балабақша.

Облысымызда биылғы жылдың аяғына дейін Семей және Аягөз қалаларындағы мектептердің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Жаңа білім ордаларын пайдалануға беру арқылы үш ауысымдық оқыту мәселесінің де күн тәртібінен ысырылып  келе жатқаны белгілі.

2018 жылы Тарбағатай ауда-нындағы Ақжар ауылында апатты жағдайдағы мектеп жаңа нысанға көшіріліп, Аягөз қаласында үш ауысыммен оқытуды жою мәселесі шешіледі, сол сияқты Үржар ауданындағы Мақаншы ауылында 3 мектептің құрылысы аяқталып, орын жетіспеушілігі шешімін табады деп күтілуде.

Елбасының бәсекеге қабілет-тілікті арттыру тапсырмасын орындау мақсатында жасалған нақты қадамдардың бірі республикамызда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің  ашылуы болатын. Аталған мектептердің тәжірибесі бойынша оқытудың жаңартылған жүйесін енгізу шеңберінде облыста педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру шаралары жүргізілуде. 2016 жылы бұл бағытта 6429 педагог  біліктілігін арттыру курсынан өтсе, 2017 жылы 9914 мұғалім өтеді деп жоспарлануда. Жалпы жиыны екі жылдың ішінде 16343 ұстаз біліктіліктерін арттырмақ. Қазақстанның Тұңғыш Президенті атындағы мектептер әлемдік бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ тәрбиелеу ісінде көшбасшы білім ордаларының қатарында. Жыл сайын аталған мектептен білім алған оқушылар жақсы жетістіктерімен ел абыройын арттырып жүр десек, оның қатарында Семей және Өскемендегі Зияткерлік мектептердің түлектері де бар.

Аймағымызда мектептердегі оқулық қорын толықтыру жұмысы да маңызды мәселелердің санатында.  2017 жылы оқу әдебиеттерін алуға және мектептердің кітапхана қорын оқулықтармен толықтыруға 1 762,8 млн. теңге бөлініп, 791 361 дана кітап сатылып алынды. Соның ішінде 2, 5, 7 сыныптарға 736 112 дана кітап сатып алу үшін 1 667,3 млн. теңге қаражат бөлінген.

Сондай-ақ аймағымызда «Мектеп автобусы» атты кешенді жоспар қабылданды. Оның шеңберінде мектептері жоқ елді мекендерден балаларды тасымалдау үшін қосымша 20 мектеп автобусын алу жоспарланып отыр.

Ағымдағы жылы «Ақниет» мектеп-интернаты үшін арнайы адаптациялық автобус алуға 51,5 млн. теңге бөлінді.

Оқушылардың зияткерлік қабілеттерін дамыту үшін мақсатты түрде бағытталған жұмыстар атқарылуда. 2016 - 2017 оқу жылында облыстың 214 мың оқушысы түрлі зияткерлік олимпиадаларға, конкурстар мен ғылыми жобаларға қатысты. 104 871 оқушы, яғни 49 пайызы жүлделі орындарға ие болды. Өткен жылмен салыстырғанда қатысу көрсеткіші 8,8 пайызға өсті. Біздің олимпиадалық команда республика бойынша бірінші жалпыкомандалық орынды еншіледі және «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алды.

Оқушыларымыз ҚР ұлттық зияткерлік құрамасында халықаралық олимпиадаларға да қатысып, жүлдегер атанды. Атап айтсақ, Әділет Уәлиев, Шыңғыс Айтқазинов сынды оқушылар Женевада және Якутскіде физика пәні бойынша өткен «Туймаада-2016» халықаралық олимпиадасында жүлделі орындарға ие болса, Родион Иващенко есімді оқушы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен «INTEL ISTEFF» атты халықаралық ғылым және техника көрмесінде биология пәнінен жүлдегер атанды.

Балалардың шығармашылық әлеуетін ұйымдастыру, дамыту қосымша білім беру аясында жүргізіледі. Бұл бағыт бойынша біздің аймақ республикада көш бастап тұр. 128 қосымша білім беру мекемелерінде 86 580 бала бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,1 пайызға көп. 6-13 тамыз аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігі ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығы, Велосипед спортының қазақстандық федерациясы ШҚО білім басқармасымен бірлесіп «Қазақстан оқушысы» дәстүрлі көпкүндік велошеру ұйымдастырды. Жарыс жеңімпаздары дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Үштілділік – уақыт талабы

ШҚО-да үштілділікті енгізу бойынша мақсатты түрде жұмыстар атқарылуда. Осыған орай облыста 2015-2019 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 1,779 млрд. теңге, соның ішінде 2016 жылы 1,282 млрд., 2017 жылы 497 млн. теңге бөлінді. Ағылшын тілі пәні мұғалімдері алғаш рет халықаралық емтихан тапсырды. Емтихан нәтижесінде оқытушылардың 75 пайызының білімі базалық деңгейде екені анықталды. Осыған орай үш жыл бойы тіл пәндері мұғалімдерін оқыту ісі ұйымдастырылатын болады. Емтиханда жоғары нәтиже көрсеткен 21 ұстаздан тренерлер құрамы дайындалды. 10 мұғалім-тренер Celta сертификатын алу үшін халықаралық емтихан тапсыратын болады.

Жоспардың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен ұстаздар үшін сараланған материалдық ынталандыру жүйесі қарастырылған. 12 тіл пәні мұғалімдеріне 170-тен 800 мың теңгеге дейін сыйақы табысталды.

Ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап 2460 мұғалім біліктілікті арттыру курсынан өтуде. 1160 оқытушы ағылшын тілінен халықаралық сынақ тапсырмақ.

Инклюзивті оқытуды дамыту аясында облыста мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 100 орындық аралас үлгідегі «Ақниет» интернаты Өскемен қаласында ашылды. Бұл интернаттың ерекшелігі сол - мұнда тәрбиеленушілер қала мектептерінде білім алады, ал мекеме базасы негізінде 4 мамандық бойынша бастапқы кәсіби дағдыларын қалыптастырады. Бұл өз кезегінде инклюзивті оқытумен қамтамасыз ету көрсеткішін жоғарылатуға жол ашып отыр.

Облыстың 3 колледжінде 11 мамандық бойынша ерекше оқытуды қажет ететін 334 студент білім алуда. Биыл 101 түлектің 46-сы жұмысқа орналасты.

Өткен жылы облыс командасы мектеп және республика колледждері оқушыларының 8-ші қысқы олимпиадасында бірінші жалпыкомандалық орынды еншіледі.

Бүгінгі таңда елімізде стратегиялық бағыттар белгіленіп, 2020 жылға қарай білімді ел, саналы экономика және жоғары білікті жұмысшы күшін қалыптастыру межесі көзделіп отыр. Байқап  отырған боларсыздар, бұл бағытта аймағымызда атқарылып жатқан істер ауыз толтырып айтарлықтай.

Елбасымыз «ХХІ ғасыр - білім ғасыры» деген қағиданы жиі қайталайды. Олай болса, елімізді өркендету білімді жастардың қолында. Сондықтан жан-жақты біліммен және ғылыммен қаруланған ұрпақ өсіруге баса көңіл бөлінуде. Шығыс Қазақстан облысында аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлы Ахметовтің бастамасымен «Менің мектебім» жобасының қолға алына бастауы да осы мақсаттардан туындап отырғаны белгілі.

«Менің мектебім» идеясы Зайсан ауданындағы Қаратал мектебінде туды

Айтпақшы, осы жобаның дүниеге келуі де өмірдің өзінен алынып отыр. Облысымыздағы Зайсан ауданында мектептердің әр жылдардағы түлектері алтын ұяларында бас қосып, өз тараптарынан қаржы жинап, демеушілік көрсету дәстүрі қалыптасқан. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы осы өңірде кезекті іссапарда болып, аудандағы Қаратал орта мектебіндегі осындай дәстүрді естігенде, басқаларға да үлгі етіп ұсыну жайлы идея туындайды. Туған жер мен білім алған мектепке қамқорлық жасау перзенттік парызды өтеудің жақсы үлгісі екенін атап өткен аймақ басшысы осы жобаны қолдау қажеттігін айтып, облысымыздағы барлық мектеп түлектеріне үндеу тастады. Мектепте оқымаған жан жоқ екенін ескерсек, бұл - әр адамның борышы.

«Меніңмектебім» акциясы аясындағы қаражатты Шығыс Қазақстан облыстық «Парыз» қайырымдылық қоры есепшотына аударуға болады: БИН 100440015697; «ForteBank» АҚбанкбенефициары; БИК IRTYKZKA; ИИК KZ2596504F0007415141; кбе 18, кнп 119. Байланыс телефондары: 8/7232/617-988, +7 777 857 54 81, Өскемен қаласы, Өтепов көшесі, 27, 92-шікеңсе.

Жібек СЕРҒАЗЫ

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57