Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

ТӨРТІНШІ ӨНЕРКӘСІПТІК РЕВОЛЮЦИЯ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ДАМУДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді.

Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде.

Біз жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігін ескеріп, «Қазақстан-2050» даму стратегиясын қабылдадық.

Алдымызға озық дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын қойдық.

100 нақты қадам – Ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Оның 60 қадамы қазірдің өзінде орындалып қойды. Қалғандары, негізінен, ұзақ мерзімге арналған және жоспарлы түрде іске асырылуда.  

Өткен жылы Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бастау алды.

Индустрияландыру бағдарламасы табысты іске асуда.

«Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданды.

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспары жасалды.

Біздің ұзақ мерзімді мақсаттарымыз өзгеріссіз қала береді.

Қажетті бағдарламалардың барлығы бар.

Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды.

Құрметті отандастар!

Біз әлем елдерінің сенімі мен құрметіне бөленіп, брендке айналған тәуелсіз Қазақстанды құрдық.

2017 жылы біздің ел БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды.

2018 жылдың қаңтар айында оған төрағалық етудеміз.

Біз дүниежүзілік ЭКСПО мамандандырылған көрмесін өткізу үшін әлемдік қоғамдастық таңдап алған ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасындағы бірінші мемлекет болдық.

Қазақстанда табысты жұмыс істеп келе жатқан нарықтық экономика моделі қалыптасты.

2017 жылы еліміз әлемдік дағдарыстың қолайсыз салдарын еңсеріп, сенімді өсу жолына қайта түсті.

Жыл қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсуі 4 процент болып, ал өнеркәсіптік өнімнің өсуі 7 проценттен асты.

Бұл орайда, өнеркәсіптің жалпы көлемінде өңдеуші сектордың үлесі 40 проценттен асып түсті.

Қазақстанның қолайлы дамуы орта таптың қалыптасуына мүмкіндік берді.

Кедейшілік 13 есе қысқарып, жұмыссыздық деңгейі 4,9 процентке дейін төмендеді.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарының негізі – біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала беретін азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім.

Дегенмен, Қазақстанның жетістіктері сенімді тірек саналады, бірақ ол ертеңгі табыстарымыздың кепілі емес екенін жақсы сезінуіміз керек.

«Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Елімізге дамудың жаңа сапасы қажет.

Жаһандық трендтер көрсетіп отырғандай, ол, бірінші кезекте, Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізуге негізделуі тиіс.

Мұның өзіндік сын-қатерлері де, мүмкіндіктері де бар.

Жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін Қазақстанда қажетті нәрсенің бәрі бар екеніне сенімдімін.

Бұл үшін мынадай міндеттерді шешуге жұмылуымыз керек.

БІРІНШІ. Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс.

Оның нәтижелері мұнай бағасы күрт төмендеген 2014-2015 жылдардағы дағдарыста негізгі тұрақтандырушы факторлардың бірі болды.

Сол себепті жоғары еңбек өнімділігі бар қайта өңдеу секторына деген бағдарымыз өзгерген жоқ.

Сонымен қатар индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуға тиіс.

Кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет.

Бұлар, бірінші кезекте, технологиялардың трансфертін ынталандыруға тиіс.

Еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек.

Цифрлық және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйесін дамытуы аса маңызды мәселеге айналып келеді.

Ол біздің Назарбаев Университеті, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, IT-стартаптардың халықаралық технопаркі сияқты инновациялық орталықтардың төңірегінде қалыптасуға тиіс.

«Алатау» инновациялық технологиялар паркінің қызметін ұйымдастыруды түбегейлі қайта қарау қажет.

Нақты сектордың жаңа технологияларға деген сұранысты ынталандыруы және венчурлық қаржыландырудың жеке нарығының қызметі инновациялық экожүйе жетістіктерінің негізгі факторлары болып саналады.

Бұл үшін тиісті заңнама қажет.

Бұдан бөлек, IT және инжинирингтік қызмет көрсетуді дамыту ерекше маңызға ие болып отыр.

Экономиканы цифрландыру табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін де тудырады.

Босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын ала тиянақтау керек.

Білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажет болады.

2018 жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керек.

ЕКІНШІ. Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту.

ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда. Олар болашақта жаһандық экономиканы және еліміздің экономикасын дамыту барысында ерекше маңызға ие болады.

Бірақ шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек.

Кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізу қажет.

Кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуге, сондай-ақ энергия өндірушілердің өз жұмыстарының экологиялық тазалығы мен тиімділігіне қойылатын талаптарды арттыру керек.

Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі баламалы, «таза» энергия саласындағы дамудың қаншалықты қарқынды екенін көрсетті.

Бүгінде әлем бойынша өндірілетін электр энергиясының төрттен бірі жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі.

Болжам бойынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 процентке жетеді.

Біз 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізу міндетін қойдық.  

Қазір бізде жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны жұмыс істейді. Соларда 2017 жылы 1,1 миллиард киловатт-сағат «жасыл» энергия өндірілді.

«Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды.

Өңірлердің әкімдері шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдау керек.

Осы және басқа да шаралар заңнамаға, соның ішінде Экологиялық кодекске өзгерістер енгізуді талап етеді.

ҮШІНШІ. «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі.

Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек.

Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік.

Оны мақтан тұтамыз. Алайда, қазір ол жеткіліксіз.

Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет.

Бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды.

Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс.

Ол ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысуы қажет.  

Осыған орай аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау керек.

Олар диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауға тиіс.

Бұл жоғары оқу орындарынан оқу бағдарламаларын жаңартып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибені тарататын орталықтарға айналу талап етіледі.

Мысалы, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға болады.

Жүргізушісі жоқ техника адами факторды азайтып, егіншіліктің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру шаруашылықтарды кооперациялау қажеттігін күшейтеді.

Ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керек.

Мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуге тиіс.

Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет.

Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керек.

Тиімсіз субсидияларды ауыл шаруашылығы кешені субъектілеріне арналған банк несиелерін арзандатуға қайта бағыттау қажет.

5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын.

ТӨРТІНШІ. Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру.

Бүгінде Қазақстан арқылы бірнеше трансконтиненталды коридор өтеді.

Бұл туралы көп айтылды.

Жалпы, Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті 2017 жылы 17 процентке өсіп, 17 миллион тоннаға жуықтады.

Транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр.

Бұл инфрақұрылымға жұмсалған мемлекет қаражатын тез арада қайтаруға мүмкіндік береді.

Жүк қозғалысын онлайн режімінде бақылап, олардың кедергісіз тасымалдануы үшін және кедендік операцияларды жеңілдету мақсатымен блокчейн сияқты цифрлық технологиялардың ауқымды түрде енгізілуін қамтамасыз ету қажет.

Заманауи шешімдер логистиканың барлық буынының өзара байланысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

«Үлкен деректерді» (Big data) пайдалану сапалы талдауды қамтамасыз етуге, өсімнің резервін анықтауға және артық шығынды азайтуға жағдай туғызады.

Осы мақсаттар үшін Интеллектуалды көлік жүйесін енгізу қажет.

Бұл жүйе көлік ағынын тиімді басқаруға және инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттігін анықтауға жол ашады.

Ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейту керек.

Осыған жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу қажет.

Бұл жұмысқа өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын қамтамасыз ету керек.

БЕСІНШІ. Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу.

Жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар арқасында Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі жылына 10 миллион шаршы метрден асты.

Тұрғын үйді көпшілікке қолжетімді еткен тұрғын үй жинақтау жүйесі тиімді жұмыс істеуде.

Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады.

Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек.

Осы міндетті орындау барысында құрылыс салудың жаңа әдістерін, заманауи материалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсілдерді қолдану керек.

Ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қою қажет.

Салынатын және салынған үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықтау керек.

Бұл тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, электр энергиясын, жылу мен суды тұтынуды қысқартып, табиғи монополистерді тиімді жұмысқа ынталандырады.

Заңнамаға, соның ішінде табиғи монополиялар саласын реттейтін заңдарға тиісті өзгерістер енгізу қажет.

Әкімдер тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру мәселесін мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде белсенді шешуі керек.

Ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет.

АЛТЫНШЫ. Қаржы секторын «қайта жаңғырту».

Банктік портфельдерді «нашар» несиеден арылту ісін аяқтау қажет.

Ол үшін банк иелері шығындарын мойындай отырып, экономикалық жауапкершілік алуға тиіс.

Акционерлердің аффилирленген компаниялар мен жеке адамдардың пайдасы үшін банктерден қаржы шығаруы ауыр қылмыс болып саналуға тиіс.

Ұлттық Банк мұндай істерге немқұрайлы қарамау керек.

Әйтпесе, мұндай мемлекеттік органның не керегі бар?

Ұлттық Банк тарапынан қаржы институттарының қызметін қадағалау қатаң, уақтылы әрі нәтижелі болуға тиіс.

Мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан әрі кепілдік береді.

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдауды тездету қажет.

Сонымен қатар 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін халыққа берілген валюталық ипотекалық займдар жөніндегі мәселені Ұлттық Банкке толығымен шешуді тапсырамын.

Сол күннен бастап аталған валюталық займдарды жеке тұлғаларға беруге заң жүзінде тыйым салынған болатын.

Ұлттық Банк пен Үкімет экономика салаларындағы нақты тиімділікті есепке алатын ставкалармен бизнеске ұзақ мерзімді несиелендіруді қамтамасыз ету мәселесін бірлесіп шешуге тиіс.

Инвестициялық ахуалдың одан әрі жақсаруы және қор нарығының дамуы маңызды болып саналады.

Бұл – жұмысын бастаған «Астана» халықаралық қаржы орталығының негізгі міндеттерінің бірі.

Ол халықаралық озық тәжірибені пайдаланып, ағылшын құқығы мен заманауи қаржы технологияларын қолданатын өңірлік хабқа айналуға тиіс.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» ұлттық компанияларының акцияларын IPO-ға табысты түрде шығару қор нарығын дамытуға септігін тигізеді.

ЖЕТІНШІ. Адами капитал – жаңғыру негізі.

Білім берудің жаңа сапасы.

Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет.

Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс.

2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет.

Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады.

Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар.

Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады.

Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет.

Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек.

Бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты.

Білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру енгізілетін болады.

Біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендету керек.

Барлық өңірлердегі Оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3Д-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керек.

Бұл жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге көмектеседі.

Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде.

Орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізілуде.

Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет.

Алайда, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған.

Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкіңді келтіреді.

Мысалы, «ғаламтор» (Интернет), «қолтырауын» (крокодил), «күйсандық» (фортепиано) және тағы сол сияқтылар толып жатыр.

Осындай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек.

Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді.

2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажет.

Орыс тілін білу маңызды болып қала береді.

2016 жылдан бері жаңартылған бағдарлама бойынша орыс тілі қазақ мектептерінде 1-сыныптан бастап оқытылып келеді.

2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады.

Нәтижесінде, біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады.

Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады.

Кез келген этникалық топтың өкілі кез келген жұмысты таңдай алады, тіпті Президент болып сайлануға да мүмкіндігі болады.

Қазақстандықтар біртұтас ұлтқа айналады.

Оқытудың мазмұндылығы заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үйлесімді түрде толықтырылуға тиіс.

Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты Интернетке қосу және мектептерімізді видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру қажет.

Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып,техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керек.

«Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет.

Мемлекет жастарға алғашқы мамандықты береді.

Үкімет бұл міндетті орындауға тиіс.

Орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеолекцияларын Интернетте орналастыру керек.

Бұл барлық қазақстандықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашады.

Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек.

Осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек.

Қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру талап етіледі.

Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет.

Жеке сектордың бірлескен қаржыландыруға атсалысуы барлық қолданбалы ғылыми-зерттеу әзірлемелері үшін міндетті талап болуға тиіс.

Жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізуіміз керек.

Білім беру саласына өзінің инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке саласы ретінде қарайтын кез келді.

Жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту керек.

Оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашу қажет.

Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек.

«Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында.

Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс.

Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт.

Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады.

Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс.

Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек.

Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керек.

Тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет.

Бұл тәжірибе әлемде бұрыннан бар.

Оны батыл әрі белсенді түрде енгізу керек.

Онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру қажет.

Халықаралық озық тәжірибе негізінде ауруды ерте диагностикалаудың және қатерлі ісікті емдеудің жоғары тиімділігі қамтамасыз етілуге тиіс.

Біз кардиология, босандыру және өкпе ауруымен күресу кезінде атқарған істеріміз сияқты жұмыстарды да жүргізуіміз керек.

Денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшетін болады.

Оны енгізудің қажеттілігі ешқандай күмән туғызбайды.

Алайда, Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі іске асырмаған дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүргізу талап етіледі.

Мемлекеттің міндеттерін нақты белгілей отырып, Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін әзірлеу қажет.

Халық мемлекет тарапынан кепілдік берілмеген қызметтерді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде немесе ерікті медициналық сақтандыру, сондай-ақ бірлесе төлеу арқылы ала алады.

Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет.

Медицинада ауруларды диагностикалау мен емдеудің тиімділігін айтарлықтай арттыратын генетикалық талдау мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге кірісуіміз керек.

Медициналық кадрлармен қамтамасыз ету және оларды сапалы даярлау маңызды мәселе болып саналады.

Бүгінде бізде Назарбаев Университетінің бірегей Медицина мектебі бар. Онда біріктірілген университет клиникасы жұмыс істейді.

Бұл тәжірибе барлық медициналық жоғары оқу орындарына таратылуға тиіс.

Осы және басқа да шараларды іске асыру үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа редакциясын әзірлеу қажет.

Сапалы жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесі.

Еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор.

Барлық негізгі мамандық бойынша  заманауи стандарттар әзірлеу қажет.

Бұл стандарттарда жұмыс берушілер мен бизнесмендер еңбеккерлердің білімі, қабілеті мен құзыретінің қандай болуы қажеттігін нақты белгілейді.

Кәсіби стандарттардың талаптарын ескеріп, білім берудің жаңа бағдарламаларын әзірлеу қажет немесе қазіргі бағдарламаларды жаңарту керек.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар экономикалық өсімнің резерві саналады.

Мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін қарастыру жөнінде бірнеше рет талап қойғанмын.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл іске жауапсыздық танытып, атүсті қарап отырды.

Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті үйрету жөніндегі жұмыстары қолдауға тұрарлық.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңінен тарту қажет.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет.

Қазақстандықтардың жаңа жұмыс орнын салыстырмалы түрде тезірек иеленуге, соның ішінде еліміздің басқа да елді мекендерінен жұмыс табуға мүмкіндігі болуға тиіс.

Бірыңғай электрондық еңбек биржасын кең ауқымда енгізу қажет. Онда бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы барлық ақпарат жинақталуға тиіс.

Азаматтар үйлерінен шықпай-ақ кәсіби бағдарлы тест тапсырып, оқу курстары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы біліп, өзін қызықтыратын жұмыс таба алатын болады.

Еңбек кітапшаларын да электрондық форматқа көшірген жөн.

Электрондық еңбек биржасы туралы заңды 2018 жылғы 1 сәуірге дейін қабылдау қажет.

Әлеуметтік саясат азаматтарды толыққанды экономикалық өмірге тарту арқылы жүзеге асырылатын болады.

Қазір зейнетақы жүйесі толықтай еңбек өтіліне байланыстырылған.

Кім көп жұмыс істесе, сол көп зейнетақы алатын болады.

Осыған орай, барша қазақстандықтар өздерінің атқаратын жұмыстарын заңдастыруға зор мән беруі керек.

Әлеуметтік сақтандыру жүйесінде де еңбек өтілі мен өтемақы мөлшері арасындағы өзара байланыс күшейтілетін болады.

Біз 2018 жылдан бастап халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібіне көштік.

Оның шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 процентінен 50 процентіне дейін көтерілді.

Еңбекке қабілетті әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар үшін берілетін қаржылай көмек олар жұмыспен қамту шараларына қатысқан жағдайда ғана қолжетімді болады.

Еңбекке қабілетсіз азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары күшейтіледі.

Қымбатты қазақстандықтар!

Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінің барлығын толықтай орындайды.

2016-2017 жылдары зейнетақы мен жәрдемақы үш рет көбейгенін еске салғым келеді.

Базалық зейнетақы, жалпы алғанда, 29 процентке, ынтымақты зейнетақы 32 процентке, бала тууға байланысты жәрдемақы 37 процентке, ал мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақының әрқайсысы 43 процентке өсті.

Денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің жалақысы 28 процентке дейін, білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы 29 процентке дейін, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің жалақысы 40 процентке дейін, «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 30 процентке, стипендиялар 25 процентке өсті.

Дағдарыс заманы. Әйтсе де, әлемнің санаулы ғана елдері әлеуметтік салаға жұмсайтын шығындарын осылай арттыра алды.

Республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлінген шығыны 2018 жылы 12 процентке өсіп, 4,1 триллион теңгеден асты.

Әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде зейнетақыны өсіру 3 миллионнан астам қазақстандықтың табыстарын көбейтеді.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8 процентке артты.

Мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған жәрдемақылар 16 процентке дейін өсті.

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе көбейетін болады.

Бұдан бөлек, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізуді тапсырамын.

Бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем емес мұндай жәрдемақыны шамамен 14 мың отбасы ай сайын алады.

2018 жылы осы мақсатқа 3 миллиард теңгеге дейін қаржы қажет болады.

Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 процентке көбейтуді тапсырамын.

Жаңартылған мазмұн дегеніміз – халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары.

Бұлар біздің балаларымызға қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытады.

Сонымен қатар 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізуді тапсырамын.

Категорияларды бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беру керек.

Бұл педагогтарды өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыратын болады.

Нәтижесінде, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 проценттен 50 процентке дейін өседі.

Бұл үшін биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу қажет.

СЕГІЗІНШІ. Тиімді мемлекеттік басқару.

Мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды жалғастыру қажет.

Осыған орай бизнесті реттеуге қатысуды әрі қарай азайтуға бағытталған заң қабылдауды жылдамдату керек.

«Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету қажет.

Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар табиғи монополия субъектілері көрсететін қызметтерінің сапасын арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыру керек.

Олар үшін және энергия өндірушілер үшін инвестициялық бағдарламаларын ескеріп, негізделген тарифтерді белгілеу маңызды.

Бизнес-климатты жақсарту үшін батыл іс-қимыл талап етіледі, әсіресе өңірлік деңгейде.

Үкімет бизнесті көлеңкеден шығарып, оны қолдауға бағытталған жүйелі шаралардың жаңа пакетін дайындауға тиіс.

Мемлекеттік органдарға бағынышты ұйымдардың санын қысқарту есебінен жекешелендіру жоспарын кеңейте отырып, оны іске асыруды жеделдету қажет.

Әкімшілік шығындарды азайту үшін  ведомствоға бағынышты нақты қажетті ұйымдарды мүмкіндігінше біріктіру керек.

Босаған қаражатты мемлекеттік қызметшілердің факторлық-балдық шкалаға негізделген жаңа еңбекақы жүйесін енгізуге бағыттау қажет.

Бұл орталықтағы және өңірлердегі мемлекеттік қызметшілер жалақысының диспропорциясын қысқартады, сондай-ақ жұмыстың сипаты мен тиімділігі ескерілетін болады.

Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, 2018 жылы орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда осы жүйені енгізудің пилоттық жобаларын іске асыруды тапсырамын. 

Өңірлердегі мемлекеттік қызметтің тиімділік әлеуетін олардың экономикалық дербестігі мен жауапкершілігін арттыру арқылы мейлінше толық ашу керек.

Жалпы алғанда, өңірлік саясат өңірлердің шығындарын теңестіруден жеке табыстарының өсімін ынталандыруға бағытталуға тиіс.

Атап айтқанда, бүгінде әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады.

Үкімет виза мәселелерін жеңілдетуді, инфрақұрылымды дамытуды және туризм саласындағы кедергілерді алып тастауды қамтитын кешенді шаралар қабылдауы керек.

Фискальды орталықсыздандыру аясында шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығын өңірлік бюджеттерге беру мәселесін шешу керек.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заң жүзінде белгіленген.

2020 жылдан бастап бұл нормалар барлық елді мекендерде күшіне енеді.

Салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрі, сондай-ақ шығындардың 19 бағыты ауыл бюджетіне берілді.

Бұл жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін халықты тартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мемлекеттік органдар нақты уақыт және жедел жауап беру режімінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдануға тиіс.

Мемлекет пен компаниялар жаңа технологияларды енгізе отырып, өз ақпараттық жүйелері мен құрылғыларының берік қорғалуын қамтамасыз етуі керек.  

Бүгінде киберқауіпсіздік ұғымы тек ақпаратты ғана емес, сонымен қатар өндірістік және инфрақұрылымдық нысандарды басқару тетігін қорғау дегенді де білдіреді.

Осы және өзге де шаралар Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында көрініс табуға тиіс.

ТОҒЫЗЫНШЫ. Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі.

Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса береді.

Көп жұмыс істеліп жатыр.

Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды.

Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді.

Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады.

Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс.

Сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда.

Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді.  

Адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейді.

Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалды.   

Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет.  

Қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керек. 

ОНЫНШЫ. «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін.

2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл.

Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз.

Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады.

«Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет.

Әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасты.

Олар елді емес, жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін қаланы таңдайды.

Сондықтан, Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керек. 

«Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады.

Міне, алдымызда тұрған 10 міндет осы. Бұлар – түсінікті әрі айқын.

Қымбатты қазақстандықтар!

Біз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртуға кірістік.

Технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамудың жаңа кезеңіне тың серпін берілді.

Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы балансты  нақтылай түсті.

Біз ұлттық сананы жаңарту үдерісін бастадық.

Бұл базалық үш бағыт Қазақстан жаңғыруының жүйелі үш тұғыры болып саналады.

Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек.

ТУҒАН ЖЕР - ТҰҒЫРЫҢ!

Өз Отаның - бұл дүниедегі жаннатың мен шуағың. Сондықтан білімдерің мен қайрат-жігерлеріңді өз елдеріңнің мүддесіне жұмсаңдар.

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы - тәуелсіз қазақ елінің дамуына, болашағына жасалған маңызды құжат. Президенттің аталған еңбегінде сананы жаңғырту, ұлттық болмысты сақтау, ұлттық кодтан айырылып қалмау, дәстүрдің озығын сақтап, тозығын тастау, қазақ руханиятының озық үлгілерін әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, ел игілігіне жарату жолындағы жоспар белгіленіп отыр. Мемлекет басшысы еліміз үшін жаңғырудың маңызды екі бағытына басымдық береді. Олар: саяси реформа және экономикалық жаңғыру. Қазақ елінің әлемдік өркениет көшінен қалмай, бәсекеге қабілетті ел болуы үшін ұлттық санаға серпіліс жасау қажеттігін айтқан Елбасы мақаласында әртүрлі бағыттарды көрсете отырып, өз көзқарастарын ортаға салады.

Мемлекет басшысы: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық - рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып жарастыра алатын құдіретімен маңызды»,- дейді.

Егемендігін алған еліміздің саяси, экономикалық реформаларда қол жеткізген жетістіктері аз емес екені баршаға мәлім. Президент білім мен ғылымға ұлттың алға ілгерілеуіне жылдам қарқынмен жылжытатын басты қозғаушы күш ретінде басымдық бере отырып, рухани тұрғыдан жетілген ұрпақ тәрбиелеудің қажеттігін алға қойып отыр. Бұл тәуелсіз еліміздің болашағына  алаңдаушылық екені белгілі. 

Біздің елімізде жастардың бойына адами құндылықтарды, рухани қазынаны,  патриоттық рухты сіңіру, қазақ елінің өскелең ұрпағының білімді болып өсуі жолында, алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттермен терезесі тең, бәсекеге қабілетті болуы тұрғысында жасалып жатқан оңды қадамдар аз емес. 

Нұрсұлтан Назарбаев жас-тарды тәуелсіз Қазақстанның болашағы, алтын қоры ретінде бағалап, олардың алдына биік мақсаттар мен зор міндеттер қоюда.

Сапалы білім – болашаққа салынатын инвестиция

Президенттің «Тәуелсіздіктаңындасепкендәндербүгіндебүршікатты, өркендеді. Бақ - дәулет, барша игілік адамның өз қолымен жасалады. Өз Отаның - бұл дүниедегі жаннатың мен шуағың. Сондықтан білімдерің мен қайрат - жігерлеріңді өз елдеріңнің мүддесіне жұмсаңдар» деген сөзі - жастар үшін үлгі-өсиет.

Еліміз бағындыратын асулар көп десек, сол биік мақсаттарға тек білімді ұрпақ арқылы ғана қол жеткізетініміз белгілі. Яғни сапалы білім - болашаққа салынатын         инвестиция.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назар-баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру тұрғысында атқарылып жатқан жұмыстар Шығыс Қазақстан облысында аз емес. Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында баса көңіл бөлінген мәселелердің бірі «Туған жер» бағдарламасын қолға алу болатын. «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алмайды туған елін» деген өлең жолдарын да Елбасы осы мақалада есімізге салады. Шығыс Қазақстан облысында өркен жайған «Туған ел - алтын бесігім», «Туған жерге тағзым» атты бастамалар бүкіл республика халқына үлгі болғаны бұрын да белгілі. Елбасының мақаласынан кейін бұрын басталған игі істер жалғасын тауып, аймағымызда «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру жұмысы қанатын кеңінен жая түсті.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында жалпы құны 21,5 млрд. теңгені құрайтын 1360 әлеуметтік жоба жүзеге асырылған екен. Оның ішінде құны 4,8 млрд. теңге тұратын ірі өнеркәсіп орындарының 12 жобасы «Парыз» қоры арқылы, 5,2 млрд. теңгенің 929 жобасы қала және аудандардағы шағын және орта бизнес өкілдері тарапынан жасалды. 2,8 млрд. теңге тұратын 277 жоба білім саласына қажетті құрал-жабдықтар алуға, 8,8 млрд. теңге тұратын 142 жоба алдағы уақытта қаржыландыруды қажет ететіндердің тізімінде тұр.

Жоғарыда атап өткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаладағы  туған жерді өркендету мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі елді мекендердің өсіп-өркендеуіне, көркейе түсуіне ықпалы зор өміршең бастама екеніне көпшілік куә. Мысалы, «Туған жер» жобасы аясында спортты дамытуға арналған құны 150,5 млн. теңге тұратын 63 жоба жүзеге асса, абаттандыру саласында құны 1247,7 млн. теңгелік 289 жоба, білім саласында құны 1614,3 млн. теңге тұратын 271 жобаның жұмысы атқарылған.

«Туған жерге туыңды тік». Қазақ халқы бұл қанатты сөзді тегін айтпаса керек. Отанды сүю кіндік қаның тамған жеріңе, туған аймағыңа, өсіп-өнген ауылыңа деген сүйіспеншіліктен басталады. Ұлт Көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы еліміздің түкпір-түкпірінде сәтті жүзеге асырылуда. Аталмыш бағдарламаның «Туған жер» аталуының себебін Мемлекет басшысы: «Туған жер - әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу - шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі»,- деп түсіндірген болатын.

Білім мен тәрбие - бір-бірімен тонның ішкі бауындай астасып жатқан ұғымдар. Бүгінгі заманға лайықты жан-жақты біліммен қаруланған өскелең ұрпақ әуелі туған жерді сүюді үйренуі керек. Ол үшін ең алдымен оқушылардың сапалы білім алуына жақсы жағдай жасалуы шарт.

Болашағын ойлаған елдің білім беру жүйесі заман талаптарына сай болуы керек. Еліміздегі білім  беру жүйесінің қызметі мен мектептердің сапасының әр отбасына, әр азаматқа қатысы бар екенін біз жақсы білеміз. Дамыған 30 елдің қатарына ену жөніндегі іргелі мақсатқа қол жеткізу жолында адам капиталының сапасын жақсартуға, соның ішінде білім беру сапасын арттыруға айрықша көңіл бөлініп отыр.

Аймағымызда білім беру мекемелерінің жұмысын жақсарту жолында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында мектепалды 805 мекеме жұмыс істейтін болса, оның 100-і - жекеменшік. Мектепке дейінгі ұйымдарда 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді орынмен қамту жағынан біздің облыс республика бойынша алдыңғы қатарда. Осы жылдың соңғы сегіз айында 346 орындық мектепалды тәрбие беретін 8 мекеме бой көтеріп үлгерді. Оның 6-уы - жекеменшік иелігіндегі балалар бақшасы, 2-45 балаға шақталып салынған шағын орталық.

2016-2017 оқу жылында аймақ бойынша 9047 бітіруші түлек мектепті тамамдады. Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде оқушылардың орташа білім сапасы  көрсеткіші жыл өткен сайын жақсара түсу үрдісі байқалады. Оның дәлелі - 2017 жылғы ҰБТ–да оқушылардың орташа балы Шығыс Қазақстан облысы бойынша 82,2 пайызды құрады, өткен жылмен салыстырғанда 0,2 балға жоғары.

Республика бойынша биік нәтижеге жеткен 8 түлектің ең жоғары - 138 және 140 балл жинаған екеуі біздің облыстан, бұл аймағымыздағы білім сапасының көрсеткіші болса керек. Сапалы білімдерімен дараланған екі оқушы - Аягөз ауданы мектептерінің түлектері Мәди Жүнісов және Аяулым Еркінова.

Ағымдағы жылы аймақта жергілікті бюджет есебінен сұранысқа ие мамандықтарға 200 білім гранттары бөлінді. Сапалы білім беру жолында жоспарлы түрде жұмыстар атқарылып, үш ауысымдағы оқуды жою мақсатында білім беру нысандары салынды, апатты жағдайдағы мектептер қалыпқа келтірілуде.

Биылғы оқу жылында 4 нысан пайдалануға берілді. Соның ішінде 2 мектеп апатты нысандар қатарында болатын. Олар Үржар ауданына қарасты Жаңа тілек, Шемонайха ауданының Верх-Уба ауылындағы және Семей қаласының Бобровка кентіндегі мектептер мен Риддер қаласындағы балабақша.

Облысымызда биылғы жылдың аяғына дейін Семей және Аягөз қалаларындағы мектептердің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Жаңа білім ордаларын пайдалануға беру арқылы үш ауысымдық оқыту мәселесінің де күн тәртібінен ысырылып  келе жатқаны белгілі.

2018 жылы Тарбағатай ауда-нындағы Ақжар ауылында апатты жағдайдағы мектеп жаңа нысанға көшіріліп, Аягөз қаласында үш ауысыммен оқытуды жою мәселесі шешіледі, сол сияқты Үржар ауданындағы Мақаншы ауылында 3 мектептің құрылысы аяқталып, орын жетіспеушілігі шешімін табады деп күтілуде.

Елбасының бәсекеге қабілет-тілікті арттыру тапсырмасын орындау мақсатында жасалған нақты қадамдардың бірі республикамызда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің  ашылуы болатын. Аталған мектептердің тәжірибесі бойынша оқытудың жаңартылған жүйесін енгізу шеңберінде облыста педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру шаралары жүргізілуде. 2016 жылы бұл бағытта 6429 педагог  біліктілігін арттыру курсынан өтсе, 2017 жылы 9914 мұғалім өтеді деп жоспарлануда. Жалпы жиыны екі жылдың ішінде 16343 ұстаз біліктіліктерін арттырмақ. Қазақстанның Тұңғыш Президенті атындағы мектептер әлемдік бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ тәрбиелеу ісінде көшбасшы білім ордаларының қатарында. Жыл сайын аталған мектептен білім алған оқушылар жақсы жетістіктерімен ел абыройын арттырып жүр десек, оның қатарында Семей және Өскемендегі Зияткерлік мектептердің түлектері де бар.

Аймағымызда мектептердегі оқулық қорын толықтыру жұмысы да маңызды мәселелердің санатында.  2017 жылы оқу әдебиеттерін алуға және мектептердің кітапхана қорын оқулықтармен толықтыруға 1 762,8 млн. теңге бөлініп, 791 361 дана кітап сатылып алынды. Соның ішінде 2, 5, 7 сыныптарға 736 112 дана кітап сатып алу үшін 1 667,3 млн. теңге қаражат бөлінген.

Сондай-ақ аймағымызда «Мектеп автобусы» атты кешенді жоспар қабылданды. Оның шеңберінде мектептері жоқ елді мекендерден балаларды тасымалдау үшін қосымша 20 мектеп автобусын алу жоспарланып отыр.

Ағымдағы жылы «Ақниет» мектеп-интернаты үшін арнайы адаптациялық автобус алуға 51,5 млн. теңге бөлінді.

Оқушылардың зияткерлік қабілеттерін дамыту үшін мақсатты түрде бағытталған жұмыстар атқарылуда. 2016 - 2017 оқу жылында облыстың 214 мың оқушысы түрлі зияткерлік олимпиадаларға, конкурстар мен ғылыми жобаларға қатысты. 104 871 оқушы, яғни 49 пайызы жүлделі орындарға ие болды. Өткен жылмен салыстырғанда қатысу көрсеткіші 8,8 пайызға өсті. Біздің олимпиадалық команда республика бойынша бірінші жалпыкомандалық орынды еншіледі және «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алды.

Оқушыларымыз ҚР ұлттық зияткерлік құрамасында халықаралық олимпиадаларға да қатысып, жүлдегер атанды. Атап айтсақ, Әділет Уәлиев, Шыңғыс Айтқазинов сынды оқушылар Женевада және Якутскіде физика пәні бойынша өткен «Туймаада-2016» халықаралық олимпиадасында жүлделі орындарға ие болса, Родион Иващенко есімді оқушы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен «INTEL ISTEFF» атты халықаралық ғылым және техника көрмесінде биология пәнінен жүлдегер атанды.

Балалардың шығармашылық әлеуетін ұйымдастыру, дамыту қосымша білім беру аясында жүргізіледі. Бұл бағыт бойынша біздің аймақ республикада көш бастап тұр. 128 қосымша білім беру мекемелерінде 86 580 бала бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,1 пайызға көп. 6-13 тамыз аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігі ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығы, Велосипед спортының қазақстандық федерациясы ШҚО білім басқармасымен бірлесіп «Қазақстан оқушысы» дәстүрлі көпкүндік велошеру ұйымдастырды. Жарыс жеңімпаздары дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Үштілділік – уақыт талабы

ШҚО-да үштілділікті енгізу бойынша мақсатты түрде жұмыстар атқарылуда. Осыған орай облыста 2015-2019 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 1,779 млрд. теңге, соның ішінде 2016 жылы 1,282 млрд., 2017 жылы 497 млн. теңге бөлінді. Ағылшын тілі пәні мұғалімдері алғаш рет халықаралық емтихан тапсырды. Емтихан нәтижесінде оқытушылардың 75 пайызының білімі базалық деңгейде екені анықталды. Осыған орай үш жыл бойы тіл пәндері мұғалімдерін оқыту ісі ұйымдастырылатын болады. Емтиханда жоғары нәтиже көрсеткен 21 ұстаздан тренерлер құрамы дайындалды. 10 мұғалім-тренер Celta сертификатын алу үшін халықаралық емтихан тапсыратын болады.

Жоспардың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен ұстаздар үшін сараланған материалдық ынталандыру жүйесі қарастырылған. 12 тіл пәні мұғалімдеріне 170-тен 800 мың теңгеге дейін сыйақы табысталды.

Ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап 2460 мұғалім біліктілікті арттыру курсынан өтуде. 1160 оқытушы ағылшын тілінен халықаралық сынақ тапсырмақ.

Инклюзивті оқытуды дамыту аясында облыста мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 100 орындық аралас үлгідегі «Ақниет» интернаты Өскемен қаласында ашылды. Бұл интернаттың ерекшелігі сол - мұнда тәрбиеленушілер қала мектептерінде білім алады, ал мекеме базасы негізінде 4 мамандық бойынша бастапқы кәсіби дағдыларын қалыптастырады. Бұл өз кезегінде инклюзивті оқытумен қамтамасыз ету көрсеткішін жоғарылатуға жол ашып отыр.

Облыстың 3 колледжінде 11 мамандық бойынша ерекше оқытуды қажет ететін 334 студент білім алуда. Биыл 101 түлектің 46-сы жұмысқа орналасты.

Өткен жылы облыс командасы мектеп және республика колледждері оқушыларының 8-ші қысқы олимпиадасында бірінші жалпыкомандалық орынды еншіледі.

Бүгінгі таңда елімізде стратегиялық бағыттар белгіленіп, 2020 жылға қарай білімді ел, саналы экономика және жоғары білікті жұмысшы күшін қалыптастыру межесі көзделіп отыр. Байқап  отырған боларсыздар, бұл бағытта аймағымызда атқарылып жатқан істер ауыз толтырып айтарлықтай.

Елбасымыз «ХХІ ғасыр - білім ғасыры» деген қағиданы жиі қайталайды. Олай болса, елімізді өркендету білімді жастардың қолында. Сондықтан жан-жақты біліммен және ғылыммен қаруланған ұрпақ өсіруге баса көңіл бөлінуде. Шығыс Қазақстан облысында аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлы Ахметовтің бастамасымен «Менің мектебім» жобасының қолға алына бастауы да осы мақсаттардан туындап отырғаны белгілі.

«Менің мектебім» идеясы Зайсан ауданындағы Қаратал мектебінде туды

Айтпақшы, осы жобаның дүниеге келуі де өмірдің өзінен алынып отыр. Облысымыздағы Зайсан ауданында мектептердің әр жылдардағы түлектері алтын ұяларында бас қосып, өз тараптарынан қаржы жинап, демеушілік көрсету дәстүрі қалыптасқан. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы осы өңірде кезекті іссапарда болып, аудандағы Қаратал орта мектебіндегі осындай дәстүрді естігенде, басқаларға да үлгі етіп ұсыну жайлы идея туындайды. Туған жер мен білім алған мектепке қамқорлық жасау перзенттік парызды өтеудің жақсы үлгісі екенін атап өткен аймақ басшысы осы жобаны қолдау қажеттігін айтып, облысымыздағы барлық мектеп түлектеріне үндеу тастады. Мектепте оқымаған жан жоқ екенін ескерсек, бұл - әр адамның борышы.

«Меніңмектебім» акциясы аясындағы қаражатты Шығыс Қазақстан облыстық «Парыз» қайырымдылық қоры есепшотына аударуға болады: БИН 100440015697; «ForteBank» АҚбанкбенефициары; БИК IRTYKZKA; ИИК KZ2596504F0007415141; кбе 18, кнп 119. Байланыс телефондары: 8/7232/617-988, +7 777 857 54 81, Өскемен қаласы, Өтепов көшесі, 27, 92-шікеңсе.

Жібек СЕРҒАЗЫ

ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТ КӨШІНЕ ІЛЕСУ

Латын әліпбиіне көшу - заман талабы. Себебі әлемнің 4 млрд. астам халқы бүгінде латын қаріптерін қолданады. Корей, Қытай, Жапон елдерінің иероглифтері мен біз қолданып жүрген кириллица ғана өзгелерден ерекше деуге болады. Мұхтар Әуезов «Абай жолын» төте жазумен бастап, латын графикасымен жалғастырып, кириллицамен аяқтаған екен. Иә, ағылшын әріптерін шемішкедей шағатын жас буын үшін латын графикасына көшу аса қиындық туғызбасы белгілі. Ағылшын тілін оқымаған аға буынның өзі неміс әріптерін жақсы біледі. Бір ғана мәселе бар. Ол - лайықты, ыңғайлы әліпбиді таңдап алу.

Жақында Шайсұлтан Шаяxметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық орталығы мен Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының латын әліпбиі жобасы ел назарына ұсынылды. Әліпбиді құрастырушылар «бір әріп - бір дыбыс», «бір әріп - екі дыбыс» және «бір дыбыс» принципін ұстанған. 25 таңбалы әліпбиде, қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толығымен қамту үшін 8 дыбысты таңбалайтын қосымша 8 диграф ұсынылған. (Диграф - бір дыбысты екі таңбамен жазу). Қазақ тілінде 28 дыбыс бар екенін ескерсек, біз қолданып жүрген қазіргі алфавиттегі әріптер саны бұдан әлдеқайда көп екені белгілі. Ал жиыны 33 таңбадан тұратын жаңа әліпби нұсқасында «ь», «ъ», «щ», «э», «ю», «я» дыбыстары атымен жоқ. Есесіне төл таңбаларымыз екі таңбамен берілген. Мәселен,  «ә» дыбысы «ae» диграфымен берілсе, «ө» - «oe», «ү» - «ue» деп таңбаланды. Бұдан бөлек, «ғ» - «gh», «ч» - «ch», «ш» - «sh» , «ң»- «ng,  және «ж»-»zh» болып белгіленеді. Қазақ тіліндегі Іі/Ии әріптеріне «Іі»,  Хх/Һһ әріптеріне «Нһ» деген бір ғана таңба ұсынылады. Сондай-ақ «бір дыбыс – бір әріп» принципін ұстанған деграфты әліпби жобалары да назарға ұсынылып жатыр. Осы сұрақтар төңірегінде М.Әуезов атындағы Семей  педагогикалық колледжінде алқалы отырыс өтіп, шаһарымыздағы белді оқытушылар өз ойларын ортаға салды. Отырысқа филология ғылымдарының докторы, профессор, ғалым Арап Еспенбетов, Амантай Исин, Төлеуғазы Мүрсәлімов, Ерзат Жетібаев, Арай Жүндібаева, Арафат Мамырбеков және  Семей қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Садырбаев қатысты.

Арап Сіләмұлының пікірінше, ғалымдар бұл істе асығыстыққа бой ұрмай, мың ойланып, мың толғанғаны жөн.

- Бәз біреулер қазақ тіліне сұранысы жоқ елде латын тіліне көшудің не керегі бар дейді. Латын әліпбиіне көшуге қарсылығын Мұзафар Әлімбаев, Амангелді Айталы, Шерияздан Елукенов, Мекемтас Мырзахметов, Мұхтар Шаханов, Қабдеш Жұмаділов сынды бір топ қайраткерлер 2013 жылғы 19 ақпанда Елбасына жазған хатында білдіріп еді. Екінші қарсылық хат 2017 жылдың 27 сәуірінде жарық көрді. Бұл хатта орыс баспасөзі неге латын қарпіне көшпейді деген ой айтылыпты. Мақала авторлары қазақ баспасөзі ғана латын әліпбиіне бейімделетін болса, қазақ редакциясы тез арада өз оқырмандарынан айырылып тынады дегенді желеу етеді. Меніңше, мұндай сары уайымға салынудың қажеті жоқ. Қазір қазақ халқының көзқарасы өзгерді. Латын әліпбиіне көшу - дүниежүзілік өркениетке енудің бір жолы. Біздің кері шегінетін жолымыз қалған жоқ. Себебі Елбасымыз мұны әлдеқашан белгілеп қойды. 2022 жылдан бастап төменгі сынып оқушыларын латын әліпбиінде оқытудың алғашқы бастамасы басталатыны айтылды, - деді.

-Барлықтарыңызға белгілі 1929 - 1940 жылдары аралығында қазақ елі латын әліпбиін қолданды. Бірақ сол кездің өзінде латын әліпбиіне көшу үлкен тартыспен өтті. 1924 жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов араб әліпбиін жүйелеп, реттеп, әбден ықшамдалған нұсқасын ұсынып еді. Осыған орай 1928 жылдың 22 мамырында «Еңбекші қазақ» газетінде мынандай өлең басылыпты:

Ардақты амансыз ба, білікті Ақа?

Бір өсек бізге биыл ілікті, Ақа.

Құйысқан көтеріңкі қобалжулы

Көңіл де көтерілмейді, күдікті, Ақа.

Болушы ед арғын - «азғын», балта – «бална»

Болушы еді қарғын – «қазғын», балға – «балма»,

Дәйекші «ән» дегеннен түсіп қалып,

Өлімнен ұят күшті салды таңба.

Өлең авторы  араб әріптерінің үстінен қойылатын ноқаттарға байланысты сөз мағынасының мүлде басқа арнаға өзгеріп кететінін меңзеп отыр. Жалпы, әліпби ауыстырудың өз қиыншылығы мен мақсаты бар. Қазақ халқын тілінен, тарихын айыру тым әріден басталды. Үш ғасыр Ресей қарамағында бодан болдық. Сол кездері араб әліпбиінің өзі әр түрлі оқылды. 1911 жылға дейін бір бөлек, 1911-1924 жылдар аралығында бір бөлек оқылды. 1924 жылдан бері қарай тағы өзгеше оқытылды. Сосын латын, одан әрі кириллица қаріптерін енгізіліп, қазақты түп-тамырынан ажыратуға күш салынды. Тек екі одақтас мемлекет – Грузия мен Армения ғана өз әліпбиін сақтап қалды. Жақында Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары Ерден Қажыбеков пен Әлімхан Жүнісбек және академик Өмірзақ Айтпайұлы бірігіп мақала жазып, көңілге қонымды ой-пікірлер айтты. Польшадағы Адам Мицкевич атындағы университеттің ғылым докторлары, қандасымыз Гүлайхан Ақтай мен жұбайы Генри Янковский да Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі туралы өз ұсыныстарын білдіріпті. Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық орталығының директоры Ербол Тілешов ұсынған жоба да көп сынға ұшырап жатыр. Қалай десек те, бұл тақырып төңірегіндегі соңғы сөзі сол саланың мамандары айтсын, - деп сөзін қорытты ғалым.

Өткенге көз салсақ. «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған ерте орта ғасыр кезеңінде ата-бабаларымыз руна жазуын қолданды. Бұл адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі ретінде белгілі. V-XV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлығының басым бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды. Халқымыз Ислам дінін қабылдаған сәттен бастап араб әліпбиі кең тарала бастады. Осылайша, Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, 900 жыл бойы  Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды. 1929 жылы қайта латынға көштік. Бұл қазақты ислам дінінен алыстатуға бағытталды деген пікірлер де айтылады.

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің философия кафедрасының оқытушысы Ерзат Жетібаевтың пікірінше, латын әліпбиіне көшудің қазақ елі үшін үш пайдалы тұсы бар. «Біріншіден, әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашырап жүрген қандас бауырларымызбен емін-еркін хат алмасуға мүмкіндік туады. Екіншіден, кітапхана сөрелерінде шаң басып қалған Алаш арыстарының мұраларымен қайта табысамыз. Үшіншіден, әлемдік кеңістіктегі тіліміздің қолданыс деңгейі өседі. Яғни қазақ тілін, әліпбиін білмейтін шетелдіктер қазақ сөздерін дұрыс оқитын деңгейге жетеді», - дейді ол.

- Бүгінде шамамен әлем халықтарының 10-15%-ы ғана кирилл қаріптерін қолданады. Көрші түрік, өзбек бауырларымыз латын қарпіне әлдеқашан өтіп кеткен. Ал кейбір отандастарымыз үлкен мәселеге айналдырған компьютерлік технологияға келсек, неміс пернетақталары қазақ әліпбиі үшін таптырмас құрал. Онда қазақтың төл таңбаларын бейнелейтін барлық әріптер бар, - дейді Ерзат Жетібаев.

Ал тарихшы ғалым Амантай Исин деграфты әліпби жобасын қолдамайтынын білдірді. Оның пікірінше, бұл жоба халықаралық стандарттарға сай емес. «Көрші түрік бауырларымыз деграфты әліпбиге компьютер қолданысқа түспей тұрғанда көшкен. Сондықтан жалпыға бірдей түсінікті диграфты әліпбиді қолданғанымыз жөн. Себебі біздің мақсатымыз – жаһандық ақпартқа кірігу»,- дейді ол.

- Өкінішке орай, біздің ұрпақ ата - бабаларымыз өткен тарихта қолданған әліпби жазуларын оқи алмайды. Жоғары сыныптарда, оқу орындарында араб жазуын, түркі жазуын оқыту керек еді. Бұл іс санаулы оқу орындарында шектеулі аудиторияға ғана қолға алынған. Әлем елдері бойынша «Орхон-Енисей» жазуларын тек бірнеше мың адам ғана оқи алады. Біздің елде де көне түрік жазуын жүйелі түрде оқыту ісі әлі күнге дейін қолға алынған жоқ. Тарихқа көз салсақ, ұлт болып қалыптасқанға дейін қыпшақ, сақ, қаңлы сияқты түркі тайпаларының 10-нан астам жазуы үлгілері болды. Ал ұлт болып қалыптасқан кезеңде ата-бабамыз араб графикасын қолданды. Араб графикасы халқымыздың дүниетанымын, мәдениетін қалыптастыруда аса зор рөл атқарды. Әсіресе, қадым жазуын ерекше атап өтуге болады. Менің пікірімше, бұл жазуға жетер жазу болған жоқ. Араб, парсы, түрік өркениетін кіріктіріп, байланыстырған да осы -  қадым жазуы. Кейіннен Ахмет Байтұрсынов халықтың сауатсыздығын тез арада жою үшін төте жазуды дүниеге әкелді. Шынымен де төте жазу арқылы аз уақыт ішінде халықтың сауаттылығы көтерілді. Дегенмен бұрынғы қадым жазуынан ажырап қалдық. Біз араб графикасынан алыстау арқылы араб-парсы мәдениетінен алшақтасақ, латын әліпбиі арқылы Еуропа мәдениетіне жақындадық. Шындығында, кирилл әліпбиі де бізге жат емес. Кирилл қаріптерін жасаған - болгарлар тілі славян болса да, түбі түркі. Әрине, кириллица да, төте жазу – таза фонетикалық заңдылықтарға негізделген әліпби. Кирилл әліпбиінің бізге берген пайдасы – қазақ дыбыстары мен лексикасын өте дәл бере алды. Нәтижесінде әлемдегі тілі таза халықтардың бірі ретінде мойындалдық. Ал латын әліпбиіне көшу арқылы орыс тілі арқылы қалыптасқан лексикадан алыстап, Еуропа елдері қалыптастырған терминдерді сол күйінде қабылдауға мәжбүр боламыз. Кейбір жағдайда халықаралық терминдер өзге тілде қалай жазылса солай жазып, сол қалпында оқуға мәжбүрміз. Қазіргі фонетикалық принциптен алшақтаймыз. Мысалы, Нью-Йорк деген сөзді ағылшындар қалай жазса, біз де солай жазатын боламыз. Мұндай терминдердің жүздеп, мыңдап саналатынын ескерсек, тілге тигізер зардабы мен салмағы ауыр екенін аңғаруға болады, - деген Амантай Исаұлы латын әліпбиінің ел назарына ұсынылып жатқан қазіргі жобасы туралы мынандай пікір білдірді:

- Түрлі таңбалар арқылы белгіленетін деграфты әліпбиді қабылдайтын болсақ, латын әліпбиіне көшудің қажеті шамалы деп ойлаймын. Бұл әліпби компьютерге дейінгі заманда шыққан, қазіргі заманда сын көтермейді. Көпшілік диграфты әліпбиге қарсылық білдіріп жатыр, меніңше, бұдан қорқатын ештеңе жоқ. Тіпті, мұндағы таңбалар санын қысқартуға да болады. Мәселен, «а» мен «ә» дыбысына бір таңба беруге болады. Қазақ тілін жақсы білетіндер мұны еш қиналмай-ақ оқиды. Өйткені, қасында қандай әріп тұрғанын көріп тұр ғой, - дейді ол.

Ал тіл маманы Төлеуғазы Мүрсәлімов болса қазақ тілінің фонетикасы мен лексикасы дұрыс сақталуы үшін әр дыбысқа бір таңба беру керектігін айтады.

ЛАТЫН ҚАРПІНДЕГІ ҚҰНДЫ ЕҢБЕКТЕР

Абай атындағы кітапхананың сирек қорында сақталған

1929-1940 жылдар аралығында қазақ халқы жазу таңбасы ретінде латын әліпбиін қолданғаны баршамызға тарихтан белгілі. Осы жылдар аралығында Семейде, жалпы ел көлемінде латын қарпінде басылған қандай басылымдар мен кітаптар жарық көрді, олардың авторлары кім болды деген сұраққа Абай атындағы әмбебап кітапханасының кітапханашысы Жаңылгүл Мажитова жауап берді.

Абай атындағы әмбебап кітапхана – еліміздегі ең көне мәдени ошақтардың бірі саналады. Көп жерде сақталмаған, ең құнды деген жәдігерлердің біразы осы кітапхананың сирек қорында тұр. 1930 жылдардың басы мен орта шенінде латын графикасында жарық көрген «Социалды шығыс» (1932 - 1935), «Социалистік майдан» (1939), «Екпінді Алтай» (1939), «Түрксіб» (1937) газеттерін, «Әдебиет майданы» (1940) журналдарын кітапхана қорынан кездестіре аласыз. Сирек қорда 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиінде жарық көрген 200-ден аса кітап сақталыпты. Партиялық әдебиет, марксизм, ленинизм тақырыптарынан бастап тіл білімі, жаратылыстану, тарих, әдебиет, ауыл шаруашылығы, сауаттылық сынды сан алуан тақырыптарды қамтиды.

Кітапханада «Социалды шығыс» газетінің 1932 - 1934 жылғы сандары сақталған екен.  Әр нөмірі ұқыптап қатталған басылымдармен танысу барысында газеттің 1932 жылғы редакторы Жұмағали Сәрсеков екенін білдік. Облыстық газет күн сайын шығып тұрған. Күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге, ауыл шаруашылығы мен жиын-терін науқанына баса мән берген газетте сыни мақалалар да жоқ емес. Газеттің алғашқы бетінде «Шығыс Қазақстан облыстық партия кеңес комитеті мен кәсіподағының Семей қаласы партия кеңес комитетінің газеті» деп жазылған. Ал соңғы бетінде «Семипалатинск Типография «Прииртышской Правды» Уполномеченный Казглавлите 21» деп көрсетілген. Театр қойылымдарының афишалары да соңғы бетте жарнамаланып тұрыпты.

- Газеттің бас редакторы Жұмағали Сәрсеков - Қазақстанның әр түкпірінде еңбек еткен адам. Қазақстанның Ресеймен шекаралас солтүстік аудандарының бірінде дүниеге келген. 1932 жылы «Социалды шығыс» газетінің редакторлығында келмей тұрып Көкпекті ауданында қызмет етіпті. Жалпы, қазақ оқығандарының арасында Жұмағали деген бірнеше адам болған. Өкініштісі, сол кездегі авторлар шығармаларын  тек есімімен жариялаған. Бұл - шығарма авторын анықтауда көп қиындық туғызады. Аттас адамдар болады, сондықтан біреудің еңбегін басқа біреуге телу - үлкен қателік. Мәселен, Жұмағали Тілеулиннің латын қарпінде жазылған «Жұқпалы науқастар» деген кітабы бар. Ал кітап мұқабасында Жұмағали деген есім ғана жазылған. Бұл кітап авторын ұзақ жылдар бойы іздедім. 2007 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Мағжан Жұмабаев жайлы мақаланы оқып отырып, Жұмағали Тілеулинге қатысты жолдарды көзім шалып қалды. Мақалада «Мағжан Жұмабаев дос болған, өлең арнаған қазақ зиялысы -  Жұмағали Тілеулин» деген жолдар жазылған екен. «Жұқпалы науқастар» кітабы туралы да айтылыпты, салыстырсам кітаптың шыққан жылдары да сәйкес келеді екен. Осылайша кітап авторы Жұмағали Тілеулин екенін білдім. Ол кісі - Қызылжардың тумасы. 1937 жылы репрессияға ұшырап, 1938 жылы атылып кеткен. Ұзақ жылдар денсаулық сақтау саласында жемісті қызмет етті. Араб қарпінде жазылған «Гигиена» атты кітабы да бар. Жақында Солтүстік Қазақстаннан мәдениет басқармасының басшысы келіп, екі кітаптың электронды нұсқасын көшіріп алып кетті. Туған жерінде көзі тірісінде жарияланған шығармалары сақталмапты. Жұмағали Тілеулиннің өмірбаянын кейінірек Қайролла Мұқанов деген кісі зерттеп, өмірі мен шығармашылығы жайлы кітап жазып шығарды, - дейді Жаңылгүл Әділбекқызы.

Газеттің бірнеше санына арқау болған мақалалардың бірі - Жұмағали Сәрсековтің Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» пьесасына жазған сыни пікірі. Тілшілердің кәсіби біліктілігін көтеруге байланысты «Екпінді болмаған тілші болмасын!» деген ұранмен бас мақала да жариялапты. Газет беттерін парақтай отырып «Социалды шығыс» газетін шығарушылардың негізгі мақсаттарының бірі - халықты еңбекке жұмылдыру болғанын байқауға болады. Қаланың тыныс-тіршілігі, шаруашылық саласындағы  жетістіктер мен кемшіліктер газет бетінде жиі айтылады.

Семейдегі облыстық денсаулық сақтау басқармасында қызмет еткен білікті маман, Алаш қайраткері Асылбек Сейітұлының жазба еңбектері, Барлыбайұлымен (есімі белгісіз) бірлесіп аударған латын әліпбиіндегі «Адам анатомиясы мен физиологиясы орта мектептер үшін» кітабы да кітапхананың сирек қорынан орын алған. Омбы қаласының тумасы Асылбек Сейітұлы – қазақ тарихындағы өзіндік орны бар ірі қайраткер тұлғалардың бірі. Қылышынан қан тамған сұрапыл «қызыл террор» жылдары үш бірдей ағасы қуғын - сүргінге айдалып, опат болады. Қазақстандағы, соның ішінде Алматы қаласындағы денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысын жолға қоюға бір кісідей атсалысқан Асылбек Сейітұлы Ауыл станциясында орналасқан «Ауыл» курортының негізін қалаған екен. Бұл курорт сол уақытта одақ көлемінде өкпе ауруларын емдеуге арналған белді мекемелердің бірі болған көрінеді.

Тұрлыхан Қасенұлы, Сәду Машақов, Сәкен Сейфуллин, Меңдеш Оралдиевтардың шығармалары да газет бетінде оқтын-оқтын жарияланып тұрыпты. Жоғарыда аты аталған Тұрлыхан Қасенұлы - қазақтың әйгілі балуаны Дәулет Тұрлыхановтың атасы, Қажымұқан, М.Әуезов сынды ұлылармен таныс болған, Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс облыстарындағы бөлімшесін басқарған көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың зиялысы. Газет бетінде «Орман» өлеңі, Қазан төңкерісінің 15 жылдық мерейтойына арнаған «Алтай» поэмасы жарық көріпті. «Еңбек» журналының бас редакторы, ақын, ұстаз әрі балуан болған ол Көкпекті ауданындағы білім беру басқармасында қызмет еткен. Тұрлыхан Қасенұлының көзі тірісінде шығармалар жинағы жарық көргенмен, бізге жетпеген көрінеді. Кейіннен репрессияға ұшырап, 1942 жылы Төменгі Тагильге жер аударылады. 

Ғасыр құрылысы атанған - Түрксіб темір жолы үшін арнайы шығарылған Түрксіб газеті де латын қарпімен жарық көріпті. Газет оқырманды теміржол құрылысына қатысты тың мәліметтер мен жаңалықтардан құлағдар етіп отырған. Редакторы – Бектемісов деп беріліпті. Есімі жазылмаған. Облыс пен ауданның тұрмыс-тіршілігіне Ұлан аудандық «Социалистік майдан» газеті мен Қатонқарағай аудандық «Екпінді» газеттері де үн қосып отырған.

Тіл білімі саласындағы сүбелі еңбектері үшін есімдері Ахмет Байтұрсыновпен қатар аталатын көрнекті тұлғалар -  Қасым Басымұлы мен Телжан Шонанұлының «Қазақ тілінің грамматикасы», «Әріп пен жаңа емле және дыбыстардың жіктері», «Самоучитель казахского языка для русских» атты құнды еңбектері сақталыпты. Қуғын-сүргін құрбаны, ұлт зиялысы Телжан Шонанұлының «Самоучитель казахского языка для русских» кітабының ІV басылымы араб графикасында жарық көрсе, латын қарпіндегі V басылымы 1931 жылы жарық көрген екен. Құдайберген Жұбанұлының тіл білімі саласындағы  осы тақырыптас зерттеу еңбектері, Ғабит Мүсіреповтың «Қызыл әскер» әліппесі, Бейімбет Майлиннің «Азамат Азаматович» шығармасы мен «Романовтардың соңғы күндері» аудармасының латын қарпіндегі нұсқалары сақтаулы.

- Латын қарпінде жарық көрген «Сауатсыздар әліппесі» еңбегін - Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов және Әмірхан Сыдықов бірлесе отырып жазған. Әліппе оқушы үшін өте ыңғайлы жазылған. Латын әріптерінің жазылуы, баспа түріндегі үлгісі көрсетіліп, суреттермен безендірілген. Кітап авторларының бірі, өзіміздің жерлесіміз Әмірхан Сыдықов - Толстоймен хат жазысқан ұстаз Рахметолла Елкібаевтың тәрбиесінде болған, кейіннен Қазақ ССР білім министрлігінде қызмет еткен адам. Әмірхан - Мұхтар Әуезовпен бірге оқып, тай құлындай тебісіп бірге өскен, «Ярыш» футбол командасында бірге ойнаған, тығыз қарым-қатынаста болған жолдастарының бірі, - дейді Жаңылгүл Әділбекқызы.             

Қазақтан шыққан тұңғыш биолог Жұмахан Күдериннің «Өсімдіктану» кітабы  да кітапхананың сирек қорларына енген. Оқушы үшін кітап ішіндегі барлық суреттерді өз қолымен салыпты. Аягөз өңірінің тумасы Жұмахан Күдерин тек биолог қана емес, ақын да болған екен. Оның дәлелі  - Сәкен Сейфуллиннің қазақтың 17 ақын жазушыларының ішіне Жұмахан Күдеринді қосуы. Ғылымның әр саласына қызығушылық танытқан Жұмахан Күдерин 50-ден аса ғылыми зерттеу еңбек жазып қалдырған. Өсімдіктер мен жан-жануарларды, қазақ тілінің грамматикасын, қазақ әдебиеті мен тарихын да зерделеген. Ташкентте де біраз уақыт тұрақтап, дәріс берген. Тіпті, Ташкентте тұрған кезінде жыландарға да арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген. Алайда сол кезде қамауға алынып, зерттеу еңбектерін жазып жүрген қара дәптері жоғалып кеткен екен. Қазақ тілі мен грамматикаға қатысты еңбектері де қолды болыпты. Кейін қамауда отырған кезінде қара дәптердің ішіндегі зерттеу жұмыстарының басқа автордың атымен басылым беттерінде жарияланғанын көреді. Көрнекті Алаш қайраткері де 1938 жылы репрессия құрбаны болды.

- Жұмахан Күдериннің зерттеу жүргізген тақырыптары сан алуан. Қапалдағы ауыл шаруашылығы мектебін бітіріп, бірнеше жыл ұстаздық қызмет атқарады. Ол кісінің көп еңбектері жарыққа шықпай жатып, жоғалып кеткен. Ұлы Сарым Жұмаханұлы Күдерин  - қазақтың тұңғыш кәсіби альпинисі, 1962 жылы 25 жасында альпинизм саласы бойынша СССР чемпионы атанған. Өкінішке орай, келер жылы Кавказ тауының Сванетия шыңдарының бағындыру үстінде Лев Мышляевтің командасының құрамында қаза табады. Сарымның есімін мәңгі қалдыру мақсатында Алматы аңғарындағы шыңға Күдериннің есімі берілген. Қызы Лариса 1992 жылдардың басында әкесінің Өсімдіктану кітабын кирилл қаріптерімен жарыққа  шығарып, сол жылы біздің кітапханаға сыйға тартты, - дейді кітапханашы.

«Таңқыбай» атты бүркеншік есім иесінің «Құқ фельетондар жинағы» кітабы да латын қаріптерімен басылыпты. Ал бүркеншік есімнің иесі – қазақ поэзияның дүлділі Ілияс Жансүгіров болып шықты.

- Бұл кітап авторын да бірнеше жыл іздедім. 1930 жылдардың ортасында қазақ әдебиетінде сын жанры жақсы дамыды. Ілияс Жансүгіров те сол кездері фельетон жанрында сүбелі еңбек жазған екен. Көпшілік Ілияс Жансүгіровты тек ақын ретінде таныса, бұл шығармасы оның жақсы сықақшы әрі сыншы болғанын айғақтайды, - дейді  кітапханашы.

Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың әкесі Ахмет Мамытұлының денсаулық сақтау саласында қызмет етіп, «Денсаулық жолында» атты кітап жазып қалдырғанын екінің бірі біле бермейтін болар. Ал қазақтан шыққан тұңғыш математик Әлімхан Ермеков жазған «Ұлы математика курсының» ел бойынша екі-ақ данасы сақталған болуы мүмкін дейді кітапханашы. Оның бірі Алматыдағы ұлттық кітапханада болса, біреуі осы Абай кітапханасының сирек қорында. Ұлы Абайдың 1936 жылы Алматыдағы «Көркем әдебиет» баспасынан латын қарпімен жарық көрген өлеңдер жинағы да кітапхана төрінен орын алған. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Ресей тарихшы ғалымдарын Қазақстанға эвакуациялағаны тарихтан мәлім. Сол кезде оларға Орталық партия комитетінен Қазақстанның тарихын жазу туралы тапсырма берілген еді. Топты басқарып, ұйымдастыру ісі Ермұқан Бекмахановқа жүктелді. Тапсырысқа сай 1943 жылы «Қазақ КСР тарихы» жазылып, дайын болған кезде бір топ ғалымдар кітапты Сталиндік сыйлыққа да ұсынады. Алайда келесі жылы кітаптағы «Қазақстанның Ресейге қосылуы туралы» тараудың авторы ретінде Ермұқан Бекмаханов әділетсіз сынға ұшырайды. Ал «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» (1947 жылы) атты кітабында Кенесары Қасымұлының көтерілісін қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы ретінде бағалағаны үшін саяси қуғын-сүргінге душар болғаны да оқырманға жақсы таныс. Жойылып кеткен кітаптар қатарына енетін автордың бұл еңбегінің бір данасы да Абай кітапханасының құнды қазынасы деуге болады.

-Кітапхананың сирек қоры туралы ақпарат тіпті шетелге жайылды десем артық айтқаным емес. Жуырда ғана Швейцарияның Санкт-Галлен қаласынан, Санкт-Галлен университетінен Карина Ғабдуллина атты оқырман келіп, кітапхананың сирек қорымен жұмыс істеді. Былтыр да бір аптадай уақыт біздің сирек қорымызды зерттеген болатын. Мейман поляк ұлтының саяси жер аударылған тұлғаларын зерттеп жүр. Былтыр Гросс туралы мәлімет жинаса, биыл Адольф Янушкевич туралы кітапхана қорындағы мәліметтермен танысып шықты. Біздің қаламыздың тұрғыны, кітапхананың тұрақты оқырманы Шаймардан Ақмарұлы Қалиақпаров 2003 жылы Янушкевичтің жүріп өткен жолын зерттеп, саяхат жасаған. 2008 жылы «Янушкевич ізімен» кітабы да жарық көрді. Карина Ғабдуллина биыл өзінің студентін ертіп келіпті. Жуырда ғана Шаймардан Қалиақпаров, екі мейман және мен Адольф Янушкевичтің ізімен үшінші рет саяхат жасап,  Семей - Өскемен тас жолы бойынан оң бағытта орналасқан Қақ жайлауына бардық. Виктор Янушкевич пен Адольф Янушкевич оңтүстікке, ұлы жүзге сапарында осында тоқтап, болыстыққа таласқан Қойшыбай мен Бейсеке дейтін кісілердің дауын шешкен екен. Одан әрі Алматы - Семей тас жолы бойынан оңтүстікке қарай орналасқан Торғай болыстық ауылына барып, біраз мәлімет жинап қайттық, - дейді кітапхана қызметкері.

Осылайша бір кезде Алаш зиялыларының көзі тірісінде латын қаріптерімен жарық көрген кітаптарын ұстап, көріп шықтық. Әрине, ол кездегі латын әліпбиінің өз ерекшеліктері болды. Дегенмен ден қойған адамға сол кездің тыныс-тіршілігімен танысып шығу аса қиындық туғызбайды. Рымғали Нұрғалиевтің сөзімен айтсақ, «1930 жылдары тарих сахнасына шыққан қазақ зиялылары қазақ мәдениетінің алтын ғасырын құрады».  Олар қазақи тал бесікте тербетіліп, ата-бабасының қиса дастандарын тыңдап өсті. Абай өсиетіне көкірегіне құйып өсті. Кейінен Қазақстанның, Еуропаның ірі қалаларында білім алып, қалың қазақты ұйқысынан ояуға күш салды. Сол үшін қуғындауға түсіп, өмірдің ащысы мен тұщысын көрді, ату жазасына кесілді. Қазақ тарихындағы ең алғашқы дәрігер де, заңгер де, экономист де, математик те, биолог та – осы ХХ ғасыр басында тарих сахнасына шыққан ұлт зиялыларының арасынан шықты. Ендеше, Алаш арыстарының сол еңбектерін қастерлей білу – баршамыздың азаматтық парызымыз.

ЛАТЫН ҚАРПІНЕ КӨШУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтып өткен мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі көпшілік арасында талқыға түсуде.  Жұма, 15 қыркүйек күні Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тілдің графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізуді жалпыхалықтық қолдаудың бірыңғай республикалық күнін атап өтті. Осыған орай еліміздегі барлық Достық үйлерінде бір мезетте Ассамблея кеңесінің отырыстары, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Семейдің де зиялы қауым өкілдері, оқу орындардың оқытушылары мен студенттері бас қосты. Отырыста жалпыұлттық талқылау шеңберінде мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі сөз болды. 

Қаладағы Достық үйінде өткен дөңгелек үстелде сөз алған спикерлер мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын бүкілхалықтық талқылаудың маңыздылығын атап өтті. Республикада латын әліпбиіне көшу жұмыстары, негізі, 2006 жылы басталған екен. Сол жылдан бері Үкімет мүшелері, депутаттар мен ғалымдардан құралған ұлттық комиссия әліпбидің жүз бағыттағы жобаларын әзірлеген. Тек оның маңызды деп танылғандары ғана Парламентке ұсынылды. Қалай дегенмен латын қарпіне көшу мәселесі, ең алдымен, елдің әр аймағында талқылануы тиіс. Оны Мемлекет басшысы да айтып өткен болатын. Осыған орай бір ай көлемінде республикада жалпыұлттық талдау-талқылау жұмыстары жүргізілмек.

Басқосуда алғашқы болып сөз тізгіндеген Достық үйінің директоры Берік Көпбаевтың айтуынша, латын әліпбиіне ауысу ресми тілге еш әсері болмайды. Әліпби жобалары пісіп-жетіліп, бүкілхалықтық талқылаудан өткеннен кейін ғана 2022 - 2025 жылдар аралығында мектептерге енгізіле бастайды.

Латын әрпіне көшудің ұтымды тұстары талқыланған жиында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Шығыс, Солтүстік өңірлері бойынша вице-президенті Орал Шәріпбаев латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашатынын тілге тиек етті.

- Біз «Мәңгілік ел» идеясын ұстанған халықпыз. Бұл идеяны жүзеге асырып, өркениетті елдер қатарына латын қарпіне көшу арқылы да бір табан жақындай түсеміз. Латын қарпіне көшуге байланысты қоғам арасында үрей бар. Сол қорқыныштан қайтсек те арылуымыз қажет. Латынға көшу арқылы қазақ тілінің табиғи, таза қалпын сақтай аламыз. Жаңа жаңғыруға қоғам да, заман да дайын. Сондықтан кері тартпауымыз керек. Әйтпесе біздің жастар заман ағымынан қалып қоюы ықтимал. Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы бірыңғай стандарты жарқын болашақ кепілінің кілті екенін уақыттың өзі дәлелдеп береді, - деді Орал Шәріпбаев.

Жалпы, алты құрлықтағы өркениеті дамыған мемлекеттер латын таңбаларын ертеден пайдаланады. Төрткүл дүниенің жүзден астам елінде латын әліпбиі қолданылады екен. Алысқа бармай-ақ, бауырлас Түркия елін алып қарасақ, тілі мен діні бір туысқан ел латын әліпбиіне 1929 жылы көшкен. Ал Әзірбайжан 1992 жылы, Өзбекстан 1993 жылы латынша жаза бастады. Қазақстан жиырмасыншы ғасырда үш мәрте әліпби ауыстырыпты. Орта ғасырлардан бастап 1929 жылға дейін араб графикасын, 1929-1940 жылдар аралығында латын графикасын қолданған, 1940 жылдан бүгінгі күнге шейін кирилл әліпбиі арқылы жазып-сызып жүрміз.

Келесі кезекте сөз алған «Аналар кеңесінің» төрайымы Нағима Мойынбаева латын әліпбиіне ауысу – маңызды қадам екенін айтады.

- Бұл модернизация болашаққа бастар жол. Біз Кеңес дәуірінде тәрбие көрдік. Бірақ ана тілімізді естен шығарған емеспіз. Жаңа заманның жастары әлемнің бес тілін жатқа біледі. Мұнымен тоқтап қалмай, латын тілін меңгеріп, заман көшіне ілесіп отыруымыз керек. Латын әрпіне көшу – игі бастама. Тарих беттерінде жазылған ақын-жазушылардың еңбектері ұмытылып қалады деген қорқынышты сейілтуіміз қажет. Нақты қадам жасауға ұлт болып талпынуға тиіспіз, - деді Нағима Мойынбаева.

Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің оқытушысы Нұршат Мусина латын графикасына бірден көшу оңай болмасын ескере отырып, алдымен бұл ретте мұғалімдерді оқыту керек дегенді алға тартты. «Нені оқыту керек? Кімді оқыту керек? Қалай оқыту керек? дегенде, «оқытатын кім» деген мәселеге жіті көңіл бөлу керек»,- деді ол.

Иә, Қазақ елі латын графикасына көшу мәселесін егжей-тегжейлі талқылауға кірісіп кетті. Бүкілхалықтық талқылауларда латын әліпбиіне көшуге қатысты түрлі ой-пікірлер, ұсыныстар айтылатыны заңдылық. Жиынға қатысушылар латын әліпбиіне көшуді ортақ міндет санайды. Өйткені бұл – уақыт талабы. Ең біріншіден, ол үштілділікті қалыптастыруды жеңілдете түспек. Екіншіден, латын графикасы цифрлық техникаларды енгізуге жол ашады. Осылайша еліміз озық технологиясы бар көшбасшы мемлекеттермен терезесі теңеседі. Үшіншіден, халықаралық тілге көшу бүгінде әлемдік үрдіске айналып отыр.     

25 таңбадан тұратын жаңа әліпбидің нұсқасы дөңгелек үстелге қатысушылар назарына ұсынылды. Барлығы бірауыздан қолдаған әліпбиге бүгінгі заман жастары тұрмақ, жасы үлкен аға буын өкілдерінің де көзі үйреніп кеткені белгілі. Ал жазу дағдысын қалыптастыруды алдағы күннің еншісіне қалдырайық. 

Жібек СЕРҒАЗЫ

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57